Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың 2021 жылы 25 қазанда жарияланған ««Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» № 456 Жарлығына байланысты құрылған өңірлік комиссияның құрамында зерттеу жұмыстарын жүргізген кезімізде бұрын-соңды естімеген, білмеген жайттарға тап болдық. Ол жайттардың бірқатары 1928 жылы қазақтың ірі байларын кәмпескелеуге байланысты облыс тұрғындарының ауызынан жазылып алынып, «Халық Жады» жинағына енгізілді. Қазіргі жастар түгіл, аға ұрпақтың өзінің санасы бұрынғы кеңестік дәуірде таптық көзқарасқа негізделген коммунистік идеолологияның ықпалында болғандықтан, халықтың басым көпшілігі қазақтың байларын әлі күнге дейін ата жауындай көретіні ешкімге де жасырын емес. Бұл, әрине, үлкен әділетсіздік. Ал, шындығында, қазақтың байларының өздері өмір сүрген қоғамдағы ең сыйлы, ең қайырымды, ең біріктіргіш прогрессивті күш болғанын кезінде ұлт көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов атап көрсеткен болатын. «Халық Жады» кітабына материалдар жинақтау кезінде бізге Исатай ауданының тұрғыны Ғилымғали Омардан сұхбат алудың сәті түскен еді. Ол кісі әулетінің 20-40 жылдары басынан өткерген ауыр тағдыры, есімдері архив қорларында сақталмаған көптеген ірі байлардың өміріне ұқсас болғандықтан, осы сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
- Құрметті Ғилымғали Қаһарманұлы, Сіздің біздің Кеңсеге келуіңіздің себебі неде, әулетіңізде саяси қуғын-сүргіндерге ұшырағандар бар ма, егер болса, қандай өтінішіңіз бар?
- Мен Сізге өзімнің әулетімнің тарихын әңгімелеп берейін, ол сайып келгенде, жалғыз менің әулетімнің ғана тарихы емес, оны 20-40 жылдары қазақ байлары отбасыларының барлығының басына түскен нәубет деп қарастыруға болады.
Мен, Омар Ғилымғали Қаhарманұлы, 30 желтоқсан 1961 жылы қазіргі Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық советінде туғанмын. Біздің әулетіміз Беріш руының Құлкеш атасынан, Құлкештің Байгөл атасы, Байгөлдің Айтуған атасынан тарайды.
Айтуған атамыз – шамамен, 1770 жылдары туған, ескіше арабша сауатты, ірі денелі, тұлғалы Бөкей ханның батыры, әскер басы болған адам. 1801-1802 жылдары Бөкей хан Ресей патшасының рұқсатымен Жайықтың арғы бетіндегі қазақ елін құнарлы, шырайлы, малға жайлы екі өзен - Жайық пен Еділ өзені арасына көшірген кезде, ол кісі бүкіл құлкеш руының халқын, елін ұйымдастырып, оларды бастап Бөкей ханмен бірге Жайықтың бергі бетіне өткізген. Атамыз 1840 жылдары, шамамен, жетпіс жасында өмірден өтеді.
Айтуған атамыздың баласы Жапақ атамыз 1790 жылдары туған. Бұл Жапақ атамыз - ірі денелі, тұлғалы, арабша оқыған, сауатты, бай-ауқатты, елге белгілі, танымал Бөкей ханның биі болған кісі. Сол уақыттағы хандар мен билер барынша әділ болған, қара қылды қақ жарған, елдің, халықтың мұң-мұқтажын, дау-дамайын, жер дауы, жесір дауын алаламай, дұрыс шешіп отырған.
Қазіргі Исатай ауданының аумағында, №14 разъезд тұсында құмға қарай жиекте Жапақ деген жер аймағы бар, осы жер Жапақ би атамыздың атымен әлі күнге дейін аталады, атамыздың бейіті осы жерде, ол кісі, шамамен, 1880 жылдары тоқсан жасында өмірден өткен.
Жапақ би атамыздың баласы Жапақов Аманжол 1815 жылы дүниеге келген. Жапақ би атамыз осы баласын, яғни, Аманжол атамызды Омбы мен Орынборда орысша оқытады. Жапақов Аманжол атамыз - орысша сауатты, білімді, ірі денелі, тұлғалы, сол кездегі қазақ интеллигенциясы өкілдерінің бірі. Атамыз 1830 жылдардың басында, шамамен, 20-22 жасында Жәңгір ханның тұсында, Ресей патшалығы үкіметінің жергілікті жердегі өкілі немесе қызметкері «старшина» шеніндегі ресми өкілі болған.
Оның Патша үкіметінің ресми өкілі болған уақыты Исатай Тайманұлының Жәңгір ханға, Патша үкіметінің жарлықтарына қарсы 1836-38 жылдардағы көтерілісімен тұспа-тұс келеді. Осы көтеріліс жылдары Исатай Тайманұлы аз ғана шағын әскерімен Патша үкіметі әскерінен қашып келе жатып, орта жолда орналасқан атамыздың билігіндегі аймағына келіп, Старшина Жапақов Аманжол атамыздан Жайықтан өткізіп жіберуіне көмек сұрайды. Атамыз елдің тұрғындарын жинап, (ішінде Құлкеш руының елге белгілі азаматы Маябасов Құрақ бар) Исатай мен оның адамдарын киім-кешекпен, азық-түлікпен, қару-жарақпен, мініс ат-көлікпен қамтамасыз етіп, оларды Жайықтан өткізіп жіберген. Исатай ірі денелі адам болғандықтан, оған шақ келетін өзінің киімдерін қоса беріпті.
Кейіннен Хан ордасы мен Патша үкіметінің билігі оның Исатай Тайманұлы жағында болғанын біліп қалып, шамамен, 1846-47 жылдары Аманжол атамызды өлтірген екен. Сол уақытта атамыз отыз бес жас шамасында болған, өмірден жастай кеткен.
Жапақов Аманжол атамыздың баласы Аманжолов Омар атамыз 1845 жылдары дүниеге келген. Аманжолов Омар атамыз - қажылыққа барған, ірі бай-ауқатты, танымал, беделді, ықпалды адамдар санатына жататын адам. Өзі туыстарымен бір ел, бір ауыл болып отырған. Орпа (Урпа) құмында тастан бірнеше бөлмелі қыстау тұрғызып, мешіт салдырған, сол мешітте өзі бас имам болған. Құранмен адамдарды емдеген. Аманжолов Омар қажы 1926-27 жылдары соттың шешімімен сайлау құқынан айырылады. Ол уақытта жасы сексеннен асқан. Омар қажы атамыз жасы ұлғайған шағында ең кенже ұлы, 1910 жылы туған Омаров Нағымның қолында болған. Ал, сексен бес жасында 1928 жылдың күз айында ауыр науқастан қайтыс болады. Сол кездегі елдегі билік өкілдері Омар қажы атамыздың көзінің тірісінде ол кісіні кәмпескілеуге, репрессия жасауға бата алмаған.
Омар қажы атамыз қайтыс болған соң, он алты күн өткен соң, 1928 жылдың күз айында, Орпа (Урпа) ауылында, Гурьев уезі, Урал губерниясы атамыздың қырқы өтпей жатып, үйге бір топ елдегі билік өкілдері, мылтық асынған әскери киімдегі адамдар келіп, Омар қажы атамыздың заңды мұрагері ретінде ірі бай-ауқатты адамдар санатына жатқызып, Омаров Нағым атамызды ұстап, кісендеп, барлық малды, бірнеше бөлмелі тас қыстауды, қос шаңырақты он екі қанат киіз үйді дүние-мүлкімен қоса тәркілеп, кәмпескілеп, Нағым атаның өзін айдап әкетеді.
Сол уақытта Омаров Нағым атамыз 18-19 жастарда болған. Атамыздың отбасында өзі, туған шешесі Омар қажы атамыздың кемпірі Аманжолова Камила әжеміз, Нағым атамыздың жолдасы, әйелі Омарова Мәрия және баласы 1928 жылы туған менің әкем Омаров Қаhарман болған. Мен - 1910 жылы туған Омаров Нағым атамның, 1910 жылы туған Омарова Мәрия әжемнің тұңғыш немересімін.
Омарова Мәрия әжем сол 1928 жылдағы оқиғаларды көзімен көрген, басынан кешірген бірден-бір тірі куәгер болды. Мен үлкен немересі ретінде осы кісінің бауырында, оны мама деп өстім. Бала кезімде осы мамамнан, онымен әңгімелескен қариялардан көп нәрселерді естіген едім. Омарова Мәрия мамамның айтуынша, Нағым атамызды айдап әкеткен соң, отбасы мүшелерін кәрі кемпір Камила әжемізді, он тоғыз жастағы жас келіншек Мәрия мамамды, бір жастағы бала Омаров Қаhарман әкемді ештеңе берместен, үйлерінен қуып шығыпты. Бұлар үйсіз-күйсіз, киімсіз, азық-түліксіз айдалада қалған. Содан Мәрия мамам ауыл шетіне, айдалаға барып жерден шұңқыр қазып, оны шөптермен көлегейлеп күрке жасап, соны паналайды. Жаны ашыған ауыл адамдары, ағайындар, түнде, таңда көрінбей ұрланып келіп тамақ, азық-түлік, киім-кешек, керек жарақтарын әкеліп отырған.
Оны біліп, сезіп қойған жергілікті билік өкілдері, көмектескен, қол-ұшын берген адамдарды да қудалауға алған. Елге сиғызбайтынын білген Мәрия мамам бір жастағы жас баласын кеудесіне байлап, кәрі кемпір енесін бірде жетектеп, бірде арқалап, жаяулап, алыс ауылдағы ағайын таныстарын сағалайды.
Мамамның айтуынша, совет үкіметі кәмпескелегенге дейін Нағым атамыздың иелігінде, әр түліктің түрінен: бірнеше мың бас жылқы, бірнеше мың бас түйе, бірнеше мың бас сиыр, бірнеше мың бас қой-ешкі малы болған. Нағым атамызды ірі бай-ауқатты адамдар санатына жатқызған. Сол кездерде адамдардың әлеуметтік жағдайы, беделі, танымалдығы оның иелігіндегі мал басының санымен анықталған. Ең тақыр кедей деген қазақтың өзінде, кем дегенде жүзге тарта қой-ешкісі, отыз-қырық сиыры, он шақты түйесі, жиырма шақты жылқысы, ал кедей қазақтың өзінде әр түліктің түрінен жүзге тарта мал басы болған. Орташа байларда әр түліктің түрінен бірнеше жүз бас малдан, ірі байларда әр түліктің түрінен мыңға тарта мал басы болған екен. Аса ірі бай-ауқатты адамдарда әр түліктің түрінен он мыңға тарта мал басы болыпты деседі. Осы бай-ауқатты адамдардың барлық мал-мүлкін тәркілеп, оларды колхоздарға бөлген, өздерін репрессияға ұшыратып, соттап айдаған, отбасы мүшелерін қудалауға ұшыратып, елден қуған. Ал, кедей, тақыр кедей деген адамдардың малдарын колхозға өткізіп, өздерін, отбасы мүшелерін колхоздың жұмысына жеккен. Омаров Нағым атамыз тұрған аталық жеріміз Орпа ауылында екі колхоз, Ворошилов колхозы және Қызыл Қазақстан колхоздары құрылып, Нағым атамыздың малдары осы колхоздарға бөлінген. Әжемнің айтуынша, бұлардың қолдарына бір бет « акт изьятия» деген қағаз берген көрінеді. 1928-30 жылдардағы бұл репрессия Омаров Нағым атамыздың бұл бірінші рет ірі бай-ауқатты адам ретінде репрессияға ұшырауы болды. Орпа ауылындағы атамыздың бірнеше бөлмелі тас қыстауын «Папанин» атындағы мектепке алған. Бұл мектеп алпысыншы жылдарға дейін балаларды оқытты. Осы мектепте оқыған адамдардан үлкен білімді адамдар, бірнеше академик, елге танымал мемлекет қайраткерлері шықты, атақты Закаш Камалиденов осы мектепте оқыған.
1928 жылдың күз айында Омаров Нағымды айдап әкеткенде қазіргі Новобогат ауылының тұрғындары Айтбаев Жұмағали, Исақұлов Маннан, Шакесов Қаббас деген үлкен қариялардың айтуынша, Нағым атам 5-6 жылға сотталып, Индерборда борат кенішінде ауыр жұмыста болған. Бұл қариялар сол уақытта он төрт, он бес жастағы баламыз дейді.
Омаров Нағым 1934-1935 жылдары келіп жанұясымен қауышып, қазіргі Исатай ауданы, Аққыстау селосы Таскран жеріне үйлерін тігіп отырады. Нағым атам Мәрия мамама Индерде өзіндей сотталған, айдалған адамдардың өте көп болғанын, жұмыстың өте ауыр таңның атысынан күннің батысына дейін күніге 14-16 сағат, жартылай аш, жартылай жалаңаш ауыр жұмыста болғандарын, оған шыдай алмай көбінің өліп кеткенін, тек қана өзіндей азғантай жастардың ғана аман қалғанын айтыпты. Атам тек жастығының арқасында аман қалған. 1937-38 жылы Омаров Нағым атамды тағы да соттап, айдап әкетеді. Меніңше, бұл жолы қажы, имам-молда баласы ретінде репрессия жасаған тәрізді. Содан ол 1937-1938 жылдан 1940 жылдың аяғына дейін Мақат, Доссор, Мұқырдағы теміржол құрылысында, қара жұмыста болыпты. Ал, енді елде қалған жанұясы, шешесі Камила әжеміз, әйелі Омарова Мәрия мамам, баласы Қаhарман және кішкене қызы Мәзікура тағы қудалауға түскен. Содан Мәрия мамам кәрі енесі Аманжолова Камиланы үлкен абысыны, Нағым атамның үлкен ағасы Ихдан атамыздың кемпірі Шамшиденова Сағира әжемізге апарып беріп, аманаттап, өзі екі баласымен елден безіп, Гурьев қаласына кетеді. «Халық жауының әйелі» мамамды еш жерге жұмысқа алмағаннан кейін базарға шығып сауда жасап күндерін көріпті. 1940 жылдың аяғында Нағым атамыз аман-есен Мұқырдағы қара жұмысынан босап шығады да, отбасымен кездеседі. Осыдан кейін 1940 жылдан 1942 жылдың ортасына дейін Гурьев қаласындағы балық заводында жұмысшы болып жұмыс жасайды. Маманың айтуы бойынша, 1928 жылы Аманжолов Омар қажы атамыз ауырып жатып, қолындағы кенже баласы, менің атам Омаров Нағымға үйдегі барлық алтын, күміс заттарды, алтын, күміс ақша (рубль), үлкен бармақ басындай алтын құймаларды, тай тұяғындай күміс құймаларды, тағы да басқа бұйымдарды жинап барлығының көзін жою, жасырып тығу қажеттігін айтыпты. Сосын бұларды қай жерге жасыруға, тығуға болатынын айтқан. Осыдан кейін, Омаров Нағым атам үйдегі барлық алтын, күмістерді жинап алып, қасына зайыбын ертіп, екеуі екі атпен түнделетіп, айдың жарығымен, атпен бірде шауып, бірде желіп, біраз жер жүріп отырып бір ескі қыстауға келіпті. Осы қыстаудың іргесіне әкелген құнды бұйымдарын алтын, күмістерін көміпті.
Бұл жердің қай жер екенін, не қыстау екенін тек қана менің атам Омаров Нағым ғана білген, басқа ешкім білмеген. Ол бұл туралы көзінің тірісінде өмірден өткенге дейін ешкімге тіс жарып айтпаған. Мамам оның қай жер, не қыстау, кімнің қыстауы екенін, тіпті бұның қай бағытта екенін білмейтінін, тек қана күйеуінің қасында ес болып жүргенін айтқан болатын. Енді 1980 жылдардың бірінші жартысында, Новобогат ауданы қазіргі Исатай ауданы аймағында бір жерден біраз алтын табылыпты. Біреулер «бұл кімнің алтындары екен?» деп сол кездегі көзі тірі, жасы үлкен қариялардан сұрастырғанда оның ірі бай Аманжолов Омар қажыныкі болуы мүмкін деген әңгімелер айтылған. Бұл әңгімелерді мен естідім, ол кезде 20-21 жастамын, студенттік кезім болатын. Бұл кезде мамам (әжем) өмірден өтіп кеткен болатын. Сол естіген әңгімемді өз әкем Омаров Қаһарманға айтқанымда «Қолыңда дәлелдейтін дәлелің жоқ, жайыңа қарап, тыныш жүр» деді, осымен бұл әңгіме бітті.
- Құрметті Ғилымғали Қаһарманұлы, Сіздің аталарыңыздың совет үкіметі тарапынан көрген азабы мен қорлықтары кез келген кеудесінде жаны мен жүрегі бар адамдарды бей- жай күйде қалдырмайтыны анық. Енді сол жазықсыз жазаланған бабаларыңызды есте қалдыру үшін қандай ұсыныс берер едіңіз?
- Қазақтың бай-ауқатты адамдары 1920 жылдарға дейін өздерінің байлығын тек малды өсіріп, көбейтумен шектелмеген, сонымен қатар, өзінің байлығын, капиталын құнды заттармен алтын, күміс түрінде жинақтаған. Сол кездердегі экономикалық ахуалға байланысты алтын мен күміс ақшалар, құймалар, бұйымдар өзінің құнын жоймайтын, өтімді, ликвидті бірден-бір үлкен сұранысқа ие сауда-саттық айналымындағы қаржы құралы ретінде жүрді.1920 жылдарға дейін қазақтың бай-ауқатты адамдарында, ақсүйектерінде, дала аристократтарында атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жинақталып жеткен мал басымен қатар, құнды капитал алтын мен күміс көлемі де жеткілікті болған. 1920-30 жылдары жаңадан құрылған жас советтік кеңеске, жаңа экономикалық саясатты жүргізу үшін қомақты қаржы көзі, инвестиция көзі ауадай қажет болды. Бұндай қаржы, инвестиция көзінің, сол кезде жас советтік кеңесте өте тапшылығы сезілді. Бұндай қаржы, инвестиция көзін қайдан алуға болады? Бұның тек қана бір-ақ жолы болды, ол - қарапайым халықтан алу. Қарапайым халықтың ішінен кімдерден алу қажет болды, капиталистерден, орта, ұсақ буржуазиядан, кулактардан, қазақтың бай-ауқатты адамдарынан, қазақ ақсүйектерінен, қазақтың дала аристократтарынан алу қажет болды, оның тек қана бір-ақ жолы болды, күштеп, зорлық-зомбылықпен ғана алуға болатын еді. Осы мақсатта қазақ мемлекетінде, елінде, жерінде, даласында 1928-30 жылдардағы жаппай саяси қуғын-cүргін, нәубет басталып кетті.
Бала кезімде Омарова Мәрия мамаммен әңгімелескен көнекөз қариялардан естігенім, 1928-30 жылдары, репрессия, кәмпескілеу, тәркілеу үйлерді тінту кезінде бірінші кезекте құнды капитал ретінде алтын мен күміс іздеген, сосын құнды тарихи жәдігерлерді іздеген екен. Тәркілеу, тінту кезінде үйден алтын мен күміс, тарихи жәдігерлер табылса, олардың барлық алтын мен күмісін, тарихи жәдігерлерін, барлық мал-мүлкін тәркілеп, өздерін барлық түгел отбасы мүшелерін ату жазасына кескен көрінеді. Тәркілеу, тінту кезінде үйден алтын мен күміс, тарихи жәдігерлер табылмаған жағдайда, бұл екінші кезекте, барлық мал, мүлкін тәркілеп, бай-ауқатты адамның өзін ұстап, кісендеп бірнеше жылға соттап, ауыр қара жұмысқа, еңбек колониясына айдаған көрінеді. Ал, қалған отбасы мүшелерін үйлерінен қуып шығарып, қудалауға ұшыратқан.
Осындай сұмдық жағдайларды естіген оңтүстік Қазақстан, орталық Қазақстанның бай-ауқатты адамдары елінен, жерінен безіп, барлығын тастап, бастарының амандығын сақтап қалу мақсатында, шетелге Тәжікстан арқылы Ауғанстанға, Түркіменстан арқылы Иранға өтіп кеткен.
1928 жылдың күз айында біздің әулетіміздің үлкен отбасын, Омаров Нағым атамның отбасын кәмпескілеу, тәркілеу кезінде үйімізден атамыздың қомақты капиталы, алтын мен күміс ақшалары, құймалары, бұйымдары, құндылықтары және құнды тарихи жәдігерлері қолдарына түскен жағдайда, Омаров Нағым атамыздың өзін және бүкіл түгел отбасы мүшелерінің, Николай Романовтың отбасы тәрізді, түгел ату жазасына кесілуі толық ықтимал еді. Құдай сақтап, біріншіден, ауырып жатса да Омар қажы атамыздың көрегендігінің арқасында үйдегі барлық алтын мен күмістерді ескертіп, айтып, тыққызып, көмгізген, екіншіден, Мәрия мамамның ақылдылығы мен тапқырлығының арқасында үйдегі барлық құнды тарихи жәдігерлерді тәркілеуден бұрын жасырып тығып үлгерген, осы екі адамның арқасында барлық отбасы мүшелері ату жазасынан аман қалған.
1942 жылдың ортасында Омаров Нағым атамыз Гурьев қаласынан соғысқа кеткен. Соғыста Сталинград шайқасына түсіп, 1942 жылдың аяғында ерлікпен қаза тапқан. Жерленген жері -қазіргі Волгоград облысы Дубов ауданы Лозное селосындағы, Спартак хуторында бауырластар зираты. Омарова Мәрия 72 жасында 1982 жылы, әкем Омаров Қаhарман 65 жасында 1992 жылы өмірден өтті.
1928-1930 және 1937-1938 нәубет жылдардағы, репрессия құрбандары болған қазақ ақсүйектерін, олардың ұрпақтарын, қазақ интеллигенциясын ақтап алу мақсатында, сол кезеңдердегі болған оқиғаларға әділ бағасын беру мақсатында ұсынамын:
- Қазақстан Республикасында «Ақсүйек» республикалық қоғамдық ұйымын құру. Қоғамдық ұйымның басты мақсаты, репрессия құрбандарын ақтап алу, олар туралы әлі де деректер мен құжаттар іздестіру, сол нәубет жылдары қайтыс болған құрбандардың жерленген, көмілген жерлерін іздестіріп, сол жерлерге қорған салып, ескерткіш мемориал орнату. Мемориалға қаза болғандар мен хабарсыз кеткен боздақтардың есімдерін алтын әріптермен қашап жазу.
- Алдағы уақытта, болашақта қазақ жерінде, қазақ мемлекетінде бұндай нәубет, репрессия болмас үшін, Қазақстан Республикасында адами құндылықты, адами қасиетті насихаттау, азаматтық қоғам қалыптастыру мақсатында « Ақсүйек» қоғамдық қорын құру.
- «Ақсүйек» республикалық қоғамдық ұйымының облыстарда бөлімшелерін ашу, қоғамдық ұйымның жұмысын жүргізу үшін, қаржы көздерін қарастыру. «Ақсүйек» республикалық қоғамдық ұйымының, қазақ елі үшін, қазақ мемлекеті үшін атқарған маңызды жұмыстарын нақты іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Парламентіне, Президентіне нақты ұсыныстар дайындау.
- Ғилымғали Қаһармаұлы мәнді әңгімеңіз бен бағалы ұсыныстарыңыз үшін көп көп рахмет!
P. S. Осы келтірілген мәліметтерден біз, өлкемізде бұдан жүз жылға жуық уақыт бұрын бір әулеттің қандай қасіретті жағдайды бастан кешкенін біліп отырмыз. Осындай ауыр қиыншылықты бастарынан кешкен қаншама отбасылар болды десеңізші! Совет үкіметі орнағанға дейін Орпа өңірінің ірі байы Омаров Нағымның әулеті жеті атасынан бері қарай шалқып өмір сүріп, өздерінің ақ адал еңбегімен бүкіл үрім-бұтағына жететіндей байлық жинаған екен. Әулеттің арғы аталары Айтуған мен Жапақ билер Бөкей сұлтанның қарауында халыққа адал қызмет еткені үшін ақ патшадан шен мен шекпен алып, айналасындағы халқын жарылқаған жандар ретінде жұртшылықтың есінде мәңгі қалыпты. Ал, осындай, Мұрат ақын жырлағандай «шынжыры жеті атадан арылмаған, қашаннан Алла өздерін жарылқаған» әулетті бір күнде сорлатып, жинаған ақ адал дүние мүлкі мен малын тартып алып, асыраушы азаматын бір емес бірнеше рет қуғын сүргінге ұшыратқан, ен байлықтан үстеріне ең құрығанда паналайтын күркешік те тастамай, айдалада апан қазып алып, сонда тұруға мәжбүр еткен совет үкіметінің қатыгездігіне не айтуға болады?! Бұндай жауыздықты Адам ата мен Хауа ана жаратылғаннан бері ешкім де, асылы, көрмеген шығар. Сөйткен совет үкіметінің тағдыры бізге белгілі, ақыры аяғы аспаннан келді. Ендігі міндет: төл тарихымыздың қайғылы беттерін ешқашан да ұмытпай, өткеннен сабақ алып, дұрыс қорытынды жасау болып табылады.
Бұл жерде бір ескерілуге тиісті бір мәселеге тоқталғым келеді. Ол-қазақ әйелдерінің қайтпас қайсарлығы мен қажырлығының арқасында өздерінің бастарына түскен қандай да болмасын адам айтқысыз қиындықты жеңе отырып, ұрпағын сақтап қалуы үшін күресі деп айтар едім. Біз қазақ әйелдерінің осындай теңдесі жоқ қажырлылығының жарқын үлгісін Ғилымғали Қаһарманұлының әжесі, репрессия құрбаны Омаров Нағымның әйелі Мария есімді Ананың өмір жолынан танып білдік.1928 жылы совет үкіметінің жандайшаптары Ғилымғалидың атасы Омаров Нағымды бір күнде тұтқындап, алдарына салып айдап алып кеткендері аздай, ол кісінің әйелі Мария апай бастаған жанұясын отырған үйлерінен қуып шығып, тыр жалаңаш, ассыз-сусыз қалдырғанда, өлместің қамын жасау үшін әуелі шағылдың ішінен апан қазып, қарт енесі мен бойы өсіп, буыны қатпаған жалғыз ұлы Қаһарманды сонда паналатып, аман-есен алып қалып, ел қатарына қосқан анаға ескеркіш орнатса да артық емес!
Біздің өңірде малдарынан айырылып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жалғыз Орпа өңірінің ірі байы Омаров Нағым емес, олардың саны 30-дан асып жығылады. Олардың бәрінің де есімдері архивтерде сақталмаған. Бірақ құдайға шүкір, біздің қазақ халқының бір жақсы жері-әрбір отбасында балаларынан өздерінің шежіресін білуді талап етуінің нәтижесінде, кезінде жазықсыздан жазықсыз репрессияға ұшыраған жандардың Ғилымғали сияқты ұрпақтары аталарын ақтау үшін өздерінің өтініштерін жоғары ұйымдарға беріп, қазір солардың нәтижелерін күту үстіндеміз.
Әңгімелескен Шахман НАҒИМОВ, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Атырау өңірлік комиссиясының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері
Ғилымғали Омардың әжесі Мария ана