Бүгінде тарих қойнауына енген 2016 жылы Исатай ауданында халық батыры Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толу мерейтойы жоғары дәрежеде аталып өтті. Осыған орай Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай сонау Сарыарқадан елге қарай ат басын бұрған болатын. Сол сапарында «Исатай-Махамбет тарихы» атты зерттеу кітабын жазған жазушыдан сұхбат алудың сәті түскен еді. Бүгінде сол бір кездесуді сағына еске аламыз. Кең жүректі абзал ағадан алған соңғы сұхбатты «Сарайшықтың» оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік.
- «Исатай-Махамбет тарихы» зерттеу кітабы - 1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің арғы-бергі тарихы жөнінде тереңнен толғап, жүйелі әңгімеленген туынды. Кейінгі кездері көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы туралы көп айтылмай кеткен сияқты. «Ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алған», елі үшін еңіреген қос батырдың ерлігі болашаққа мирас боп жете ме? Ұрпақ тәрбиесінде қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?
- Еліміз егемендігін алғаннан бері көптеген ұлт-азаттық көтерілістің басшылары туралы айтуды қойдық. Көбінесе хандардың тарихымен шұғылдандық. Мұның да өзіндік мемлекеттік мәні бар. Жаңа мемлекет құрып жатқандықтан, осынау тәуелсіз мемлекетіміздің орнында да кезінде күшпен жойылған хандық, яғни, мемлекет болғанын, мына егеменді еліміздің сол топырақта қайта құрылып отырған мемлекет екенін ел құлағына жеткізіп, ұрпақ санасына сіңіру үшін көбірек жаздық.
Қазіргі таңда ұлт-азаттық көтеріліс тарихы, оның басшылары мен соңынан ерген батырлар туралы айтпаса болмайтынына тағы көзіміз жетті. Себебі, халқымыздың патриоттық сезімін ояту үшін батырлардың елді сүюі, отаншылдыққа тәрбиелеудегі әсерінің күшті болатынына көзіміз жетті. Көтеріліс басшыларының халқы үшін жасаған жан пидалық істері анық көрінеді. Бұлардың бәрі жалаң қылышпен қаптаған әскерге қарсы шығуы, жанын бәйгеге тігуі — нағыз патриоттық тәрбиенің көрнекті құралы. Сондықтан, олардың ерлігі ұмытылмайды, ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып қала береді.
- Аталған кітапта бұрын-соңды тарихта көп айтылмайтын Есенғұл Бабат, көн садақты Құдайберген, Шығанақ батырлар, олардың Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына жасаған жақсылықтары, берген көмегі туралы кеңінен тоқталыпсыз. Олар туралы деректі қайдан алдыңыз? Бұл шынында да дәл тарихи дерек пе? Тарихшылардың оны зерттеу жұмыстарына пайдалануына болады ма?
- Кітапқа енгізілген деректердің бәрі де ауыз әдебиетінде бар. Кезінде тарихшылар қазақ фольклорында айтылған сөздерді тарихи дерек ретінде пайдалануға қарсы болды. Сол дерттен әлі арыла алмай келеміз. Ол ауызекі дерек болғандықтан, әрі деректің өзін жырлап отырған адам өз көзімен көрмегендіктен, сол оқиғаны көрген, оған қатысы бар, немесе естіген адамдардың айтқанын жырға қосып отыр. Сондықтан, фольклорлық деректердің даталық уақыт жағынан әлсіздігі рас. Бұл жерде шатысушылық болады. Ал, болған оқиғаны баяндау жағынан ол — шындық. Уақыт жөніндегі қателіктерді басқа деректермен салыстыра отырып түзетіп, ұлттың мұрасына айналдыруға болады, құндылығында сөз жоқ. Кітаптағы көн садақты Құдайберген, Есенғұл Бабат, Шығанақ батырлар фольклорда бар. Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанында бар адамдар. Соның негізінде датаны қою, нақтылау арқылы жан кіргізіп, кітапқа енгіздік. Тарихи дерек ретінде оқиғаға әсер етіп тұр.
- Осы еңбегіңізде Исатай Тайманұлын тек ел қамын жеген батыр ғана емес, қара қылды қақ жарған әділ би, ақылман саясаткер ретінде суреттеген едіңіз. Адай-кете руларының арасындағы өшпенділікке нүкте қоюдағы батырдың еңбегін жеріне жеткізіп айттыңыз. Сол жөнінде түсінік бере кетсеңіз?
- Исатайдың адайлар мен кетелер арасындағы қантөгісті тоқтатқаны — айтылмай жүрген әңгіме еді. Тарих оны біледі. Бұл әңгіме адайдың жырауларының жырларында кездеседі. Шежіре арқылы ғана айтылып жүрді. «Былқылдақ» деген жердегі соғысы туралы да көп адам біле бермейді. Бұл тарихи оқиғаны Исатайдың рөлін жоғарылату үшін жаздым. Ертедегі шалдардан естіген әңгімем еді. «Қаратон» маңында болған оқиғалар. Ол жерлерде кісі өлімі болған, бәрі де жалаң қылышты батырлар ғой. Ол шындықты айтқаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Алты-жеті жылға созылған дау-дамайды Исатай шешіп берген. Исатайдың саяси санасының жоғарылығын да осыдан көруімізге болады.
-Соңғы «Ақбұлақ» соғысында Исатай Тайманұлы қаза тапты. Осыған дейін Исатай мен Махамбетке қол жинап беруге уәде еткен Қайыпқали сұлтан серттен тайды. Осы сұлтан төңірегінде әңгіме көп. Сіз Қайыпқали сұлтан туралы не ойлайсыз? Егер ол аталмыш соғыста көтерілісшілермен бірге болса, көтерілісшілер жеңер ме еді? Әлде зеңбірегі бар, мұздай қаруланған патша әскеріне шамалары жетпес пе еді?
-Тарихта жамандалған адамның бірі — Қайыпқали сұлтан. Ол негізі тарихшылар айтып жүргендей өте жаман адам емес. Ресей отаршыларына қарсы күрескен, Ресей патшасының қара тізіміне енген адамның бірі. Патшаға қарсы 1829 жылы ұлт-азаттық күрес ұйымдастырған. Сөйтіп, 1831 жылы Калмыково, Орал түрмесінде отырып шыққан. Одан қашып шығып Хиуа хандығына кетті. Оның бірден-бір елге тигізген зияны- Жәңгірдің қол астындағы 2-3 мың отбасын Хиуа хандығына алып кетуі. Жәңгірді әлсіретем деген әрекеті бұл. Хиуа бойында қазіргі таңда сол отбасылардан қалған алаша, байбақты, адайлардың ұрпақтары әлі де бар. Халық батыры Сырым Датұлының үлкен ұлы Жүсіп, Науша батыр да Қайыпқалиға ілесіп, елден кеткен. Ұлт-азаттық қозғалысына қал-қадірінше үлес қосты.
«Ақбұлақ» маңындағы шешуші шайқасқа кірмей, аңысын аңдып қалып қойды, 2500 адамдық әскерін соғысқа салмады. Қулығы, бас пайдасын ойлайтыны, саясатпен әрекет етем деп жанталасқаны салдарынан тарихта жақсы аты қалмады. Батырлығы жоқ еді. Әрине, ол соғысқа кірсе, көтерілісшілер жеңетін еді.
-Әлі күнге дейін елден бағасын ала алмай жүрген көтеріліс батырлары бар ма? Оларды қалай насихаттаймыз?
- Нағыз батырдың бірі — Құрақ Маябасов. Сол бір аласапыран жылдары, желтоқсанның көз түрткісіз ала боран қараңғы түнінде ол өз басын, шаңырағының тағдырын Исатай үшін қатерге тігіп, жол бастаған. Олар Жаманқаладан 5-6 шақырым жердегі Сарытоғайдың жырасына түсіріп, жершілдігінің арқасында Жайық аңғарына аңдып тұрған әскерге көрсетпей жеткізеді. Суы қайтып, арнасы азайған өзеннің шаппа жарлы жағасынан киіз төсеп, алдымен Исатайдың отбасын өткізеді. Осыдан-ақ халықтың батырға деген махаббаты көрініп тұр. Тағы бір батыр — Есенгұл Үбі Үсеұлы. Оның батырлығы туралы ел аузында аңыз көп. Көтеріліске бастан-аяқ қатысқан. «Ақбұлақ» шайқасында батырдың атына оқ тиіп, жаяу қалатынын бәріміз білеміз. Сол кезде Махамбеттің інісі Қожахмет Өтемісұлы мен Үбі батыр кезек-кезек аттарын батырға көлденең тартады. «Исекелеп» боздап жылаған Үбіні батыр қуып жібереді. Міне, көзсіз батырлар. Оларды насихаттау қиын да емес. Мектеп мұғалімдері көтеріліс туралы өткен кезде жас ұрпақтың санасына құйып отырса, міне, насихаттау!
- Көтеріліс туралы айтқан кезде бұрынғы қариялар да, қазіргі батырға тілеулес ел-жұрт та «Исатай хан ордасын бекер шаппады» деп отыратыны жасырын емес. Әрине, бұл эмоцияға берілгендік, Сіз қалай ойлайсыз, батыр хан ордасын шабуы керек пе еді?
- Менің ойымша Исатайдың хан ордасын шаппағаны дұрыс болған. Одан келіп кетер пайда жоқ еді. Жәңгір өлсе, орнына тағы бір хан келеді. Исатай Жәңгірді өлтіруді әуелден мақсат етпеген. Оны өзінің қойған талабына көндіруге, хан билігін шектеуге ғана әрекет етті. Бұл орайда батырдың шешімі - гумандық, адамгершілік, имандылық, саяси жағынан алып қарағанда дұрыс шешім. Сырым Есім ханды өлтірді, Есімнің орнына інісі отырды. Ешнәрсе өзгерген жоқ. Исатай хан билігін тежеуді ойлады. Соңынан ерген елдің қонысын алып бергісі келді. Оған Жәңгір құлақ аспады. Патша әскерін шақырып, қанды қырғын жасады.
- «Жұлдыз» журналынан «Туған ауыл түтіні» деген туындыңызды оқыдық. Өзіңіз өскен ортаға ойша оралған сыңайлысыз?
-Иә, «Туған ауыл түтіні» деген әңгімелер жинағын жазып бітірдім. Әдетте ақындар 20-40 жасында танымал болып қалыптасады да, прозаиктер сәл кенжелеу қалады. Кейін қалыптасады. Біздің жазушылардың көбі өздері көрмеген, білмейтін тарихи оқиғаларды зерттеп, солар туралы повесть, роман жазады. Негізінен жазушы өз шығармашылығын ақылмен басқарып, ақыл шешімімен жасайды.
Ал, кей туынды ұзақ уақыт бойы миыңда қатталып, жазылмай жатады. Ол жүрек сүзгісінен өтеді. Солай болған сайын жас кезде өз көргеніңді көркем шығармаға қалай аудару жолдарын жақсы сезінетінің бар. Соның бір сәті түсті. Бұл әңгімелер жинағы екі-үш том кітапқа жүк болады. Әдебиетке қосқан үлесімді айтқанда, менің осы әңгімелерім түптің түбінде дұрыс болып қалуы мүмкін. Өйткені ол - жүректен шыққан.
- Аталмыш туындыдағы «әже» образы оқырманды ойландырмай қоймасы анық. Қазақ әдебиетіндегі Айғаным, Зере, Ұлжан, Ұлпан сияқты ана бейнелеріне тағы бір ғажап кейіпкердің қосылғаны бізді қуантады...
- Әже бейнесі — қазақ баласына өте жақын. Өйткені қазақ баласының бәрі әже қойнында өседі. Шешеміз колхоз жұмысында жүрді. Сондықтан әжеміздің образы, берген тәрбиесі жүректе қалып қойды. Сол кездің шындығы, аштан өлген адамдар, бәрі көз алдымнан өтті. «Бірінші инсультты мен алты жасымда алған шығармын» деп ойлаймын. Бізге қарсы тұрған ауылды «Жаңа ауыл» дейтінбіз. Сонда Сәрсенбай деген кісі болды. Оның әйелін елдің бәрі «Айғай» атайтын. Сол Сәрсенбайдың анасы болды. Шүйкедей ғана кемпір. Әжеммен сырлас, мұңдас еді. Бір боранды күні екі кештің ортасында келді. Келесі ауылда қызы бар еді, соған бара жатыр екен. «Кеш болып қалды. Барма, осында қон. Адасып кетерсің, байғұс»,-деген әжеме көнбей кетіп қалды.
Таңертең мектепке бару үшін оянып, есікті ашып қалып едім, үстіме бірнәрсенің құлап кеткені. Сөйтсек, аяздан тоңып қалған жаңағы кемпір есік қағуға әлі келмей, сүйеніп тұрып қалыпты. Сол кезде жүрегіме ақау түскен шығар...
- Қазіргі прозаиктерден кімдердің шығармашылығы жаныңызға жақын? Кімдердің әдебиетте есімі қалады деп ойлайсыз?
-Қуаныш Жиенбай, Жамбылда бір прозаик жігіт бар, есімін ұмыттым. Солардың туындыларынан үміт күтемін. Ал, әдебиетте қалатын есім- Рахымжан Отарбаев. Ол қалыптасқан, алыс-жақын шетел мойындаған мықты жазушы.
- Қазіргі сынның жағдайы қандай? Кезінде Зейнолла Серікқалиев сынды біртуар сыншылар өрге сүйреген қазақ әдеби сынының қазіргі халіне көңіліңіз тола ма?
-Әдеби сынның қазіргі ахуалы мәз емес. Жылт еткен сыни мақалалар көрсек жібермей оқуға тырысамыз. Жақында Қажығали Мұхамбетқали «Қазақ әдебиеті» газетінде қазіргі әдебиеттің жағдайы, оны қайтсек көтереміз деп мәселе қойды. Сол сыни мақала ұнады.
Кезінде «қазақ әдебиетінің күміс шашты герцогы» атанған Зейнолла Серікқалиев туралы ой менің өзегімді өртейді. Өзінен бала болмады, елінде де жоқтаушысы жоқ. «Жоқтаушысы жоқ ер жетім» деген сөз қалай дәл айтылған? Жиырма бес жасында филология ғылымдарының кандидаты атанған, ғажап білімді эстет еді. Туған жері Құрманғазы ауданынан да ол туралы бір ауыз сөз естімейміз. Мерей жасын да атап өтпеді. Негізі сондай ұлы тұлғалар ұмытылмаса екен. Оның қазақ әдеби сынына қосқан еңбегі — өлшеусіз. Қоғамда резонанс туғызған адам. Енді ондай сыншы туары неғайбіл.
-Болашақтағы жоспарларыңыз?
-Келешекте «балапан санайтын кез» де келе жатыр. Соған дейін бүкіл жазғанымды қайта қарап, 30 томның шамасында 600 баспа табақ болатын кітаптарымды дайындап қойдым. Екіншіден, мен соңғы кезде қазақ тайпаларының тарихын жазып жүрмін. Ұлы жүз, орта жүздің тарихы жазылды. Енді батыс тайпалары жазсам деген ойым бар. Ғұмыр жетсе...
-Жоспарларыңыз орындалғай! Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА