Пролог:
Бұл драмалық поэзияның арқауы - репрессия құрбандарының тағдырына куә
болған «КАРЛАГ» тұтқыны, молда-қарттың жан күйзелісі, көшкен ғасыр
керуенінің қомын шылаған көз жасы, тамырдан тамған жүрек жасы ...
(«Ғасыр жасы» поэма-реквиемімнің негізінде жазылды).
Автор
Мәңгiлiк ақиқаттар өздерiнiң мәңгiлiк екендiгiне
қарамастан үнемi еске түсiрiп отыруды қажет етедi.
Махатма
Оқиға:
- бас кейіпкердің сезім мен қайғы-қасіретке толы монологынан;
- қабірге жаңа ғана жерленген «халық жауы» баласымен санасы құрған
диологынан;
- азапты күндерге ойша барлау жасауы арқылы;
- жадында сақталған кейбір эпизодтардың жарқылы жағаласып, бүгінгі өмір
бояуымен араласа өрбиді.
Сюжет өзегі:
Репрессия құрбандарының тағдыры.
Авторлық ремарка:
- кейіпкер даусы сахна сыртынан естілетін диолог арқылы да беріледі.
Реквизит заттары, бутафориялық бұйымдар:
- топырағы кеппеген жас қабір;
- айдаладағы ши қоршаудың жұрнағы қалған ескі бейіт;
- «Құлжұмыр-Қасқатөбе» (бұл төбе 1710 жылы қазақтың Үш жүзінің би-
батырлары жиналып алғашқы «Құрылтай» өткізген биік құмды төбе), құба
жонды боз дала;
- оқиға кейіпкерлері – «қуғын-сүргін құрбандарының» суреттері (реквизит).
Мизансцена (екі көрініс) :
- бірінші көріністе топырағы кеппеген жас қабірдің басы, сақалын жас жуып еңкілдеп жылаған қарт;
- екінші көріністе жиhазды үйдің ішкі бөлмесі, төрдегі диван үстінде қарт пен «халық жауы» немересі әңгімелесіп отырады.
Персонаж:
- «НКВД» агенті болған 80-нен асқан ақ сақалды қарт;
- «халық жауы» немересі, елу жасқа жақындаған әйел адам.
Нақты іс-әрекеттер арқылы баяндалмай, көңіл күй кейіпкердің аузымен, әрқилы дыбыс ырғақтарының әсерімен жеткізіледі.
Инсталляция: сахна экранында көрсетілетін ақпараттық фрагменттер, пейзаж, бейне шағылысу проекциялары, пъесаның мәнін ашатын, мәтініне қатысты картиналар, декарация режиссер құзырында.
Актер (екеу).
Пьесаның атрибуты есебінде сахнаның ыңғайлы жерінде:
«Мәңгiлiк ақиқаттар өздерiнiң мәңгiлiк екендiгiне қарамастан үнемi еске түсiрiп отыруды қажет етедi» - , деген афоризм лозунг есебінде жазылып тұрады.
Бірінші көрініс:
Сахна төріндегі үлкен экранда:
ГУЛАГ тұтқындарының бейнелері, тікен темірлі аулалар, казарма, барақтар, Соловкидегі қақаған түрме, Тайгада ағаш құлатып жатырғандар, Колымада алтын қазғандар, Бутыгычагтағы уран рудниктерінің ауыр жұмыстары, детдомдағы балалар және т.б. репрессия азабымен байланысты көріністер өтіп жатады (ақпараттық фрагменттер-құрастыру үрдісімен).
Азалы музыка баяулап, сахна қаракөлеңкеленеді.
Сахнаның бір шетінде жаңа ғана жерленген адамның ылғал топырақ үйілген қабірі. Күңгірт жарық , жайлап айқындана бастағанда, қабір жанында тізеден жоғары кесілген ақсақ аяғы топыраққа кіріп, екінші аяғымен жүрелеп, аппақ
сақалды сексеннен асқан қарт еңкілдеп жылап отырады. Екі балдақ екі жағында. Беторамалымен көзін сүртеді.
Қарт:
(тебіреніп отыр, алдындағы қабірдің үйілген топырағынан көзін алмайды) сәлден соң, жас топырақты қатты уыстап жайлап босатады да:
- Ой, дүние-ай, жалғаннан сен де көштің.Тектінің тұяғы едің... Әлдебіреулер: «НКВД агентісің»,-деп кінәлап, қол шошайтқанда әділ әңгіме айтып, сүйеу болған бекзаттығыңды қалай ұмытам (тағы да еңкілдеп беторамалымен көзін сүртеді) ... Тірі жанға ашпаған сырымды саған ашып едім, КАРЛАГ-тағы азабымды да сен білесің, қайран Нәкем... Өйткені, сен «қуғын-сүргін» азабын есітіп, немесе оқып білген жоқсың, басыңнан өткердің, қиямет-қайымда шырағың өшпеген періштесің. Сен изафетсің, иә, анаңның жұрнағы-изафетісің ... Ата-анаң қандай еді, жарықтықтар-ай, ғасыр құрбандары-ай... Әкең 67 жыл ғұмырының 22 жылын ОГПУ, НКВД, соғыстағы «штрафной батальон» еншісіне қалдырды... Анаң ше? «халық жауының» зайыбы болғаны үшін айдалада тоба қазығына таянды... Уақытша паналауға келісілген Торғай өңіріне жете алмай нәрестесін елсіз далада дүниеге әкелді... Көз жасы мен уыз сүті бауырын жуғанда боз дала боздады, бұлт жылады, құба жон күңіренді... Арқа жағыңдағы «Құлжұмыр-Қасқатөбе» теңселді ...
Дүниеге келген шаранасымен мәңгі қалды, сол жерде... (беторамалымен көзін сүртеді). Ой, жалған-ай ... Олар 9 жыл бір перзентке зарығып жүрді, әулие-
әнбие жағалады, Ташкенттен де сол үшін қайтып оралды ... Алғашқысы сәбиі шетінеп кетті... Анаң көз жұмғанда сен қасында болдың, 3 жаста едің ... Үшіншісі сәбиі - бауырың бақиға анаңмен бірге кетті... Сонда, 28 (жиырма сегіз) жаста екен-ау ... Жай отына жанып кеткен қыршын ғұмыр-ай (күрсінеді) ...
Азалы музыка. Баяу. Қарт үнсіз қатып қалған.
Сахна қараңғыланады, күңгірт жарықпен айдалада «халық жауы» зайыбына қойылған ескерткіш көрсетіледі (декарация түрінде), ар жағынан актер даусы төмендегі өлең жолдарын оқиды:
Кезегімен күн шығып, айлар батқан,
Жылдар жылжып, елесі мұнар тартқан.
Ескі қорым, елсізде бір мола бар,
Ши қоршауы желге ұшып, жусан жапқан.
Жәй төмпешік емес ол, ей, жолаушы,
Кідіріп, құран оқы, түсіп аттан.
Басыңды ійіп, тағзым ет - сол «бесікке»,
Бейкүнә сәбиімен ана жатқан.
«Халық жауы» жары еді, қайран ару,
Боз далада беймезгіл «дамыл» тапқан.
Киесі бар, абайла, бұл төбенің,
Аласұрып арумен бір толғатқан.
Шаранасы іңгәлап, ақ төсі иіп,
Боз далаға тамшылап уызы аққан.
Тағдырына не дерсің ... , елсізге әкеп,
Тоба қазық таятып, таң айыртқан.
Демі үзілген – ала таң , ақ сапарда,
Мына дала тұншығып жылап жатқан.
«Қырық шілтен» қаңтарып қара желді,
Бұлт егіліп, періште шырақ жаққан.
«Ғайып ерен» құндақтап нәрестесін,
Нұр пәктеген денені, боз құм жапқан.
Қолдан келер шара жоқ, жанашырлар,
Шимен қоршап, басына қада қаққан.
Жарық түсіру айқындалғанда әлі бүкшиіп отырған қарт тебірене топырақты уыстап сөзін жалғайды.
Қарт:
Үh..., (терең күрсінгеннен кейін) сол күні періштелер де жылаған... Әттең, дүние-ай...
Сахнадағы экраннан боздала, көшкен бұлттар, аласұрған ана, жылаған нәресте, құпия көш, киіз үйдің тор керегесі көрсетіледі, нөсер, соған қатысты көріністер өтіп жатады ... (ақпараттық фрагменттер-құрастыру үрдісімен).
Сахна төрінен төмендегі өлең жолдары оқылады:
Жаралы жаз. Қою түн ... ...
Босағаға таң таянды ... ... ,
Сезіп жатты,азалы үн ... ... .
Жаратқанға жан таянды,
Біліп жатты, көрмейді енді жарық күн.
Жүрегіне сенім салды ... ...
есіне алды ... ...
жарықтық , соңғы аянды:
-«Алла-сақта, періште- қорға»,-деді,
Аякөзім - артымда –Қалдыаянды.
Құлақ тұнды,
үдеп барад азалы үн ... ...
қонақтанды,
керегеде тұмша-мұң.
Жарақтанды,
арсыз ажал - хабаршысы қазаның.
Керуен-мұндар:бұйда тартты –
көшін артты,
тарихатқа наланың.
Жанып кеткен ғұмыр еді,
жай отына жаланың.
Сөне алмады ... ...
ұшқындаған от-жанар,
ала алмады .. ... ,
асыл жардан бір хабар,
«жар бол, оған - Жаратқан,
сүйеу бол,- деп - пірадар»,
ақыл-сана қайталады ... ...
сыздаса да, жүректегі жаралар.
Тәңіріне айта алады ... ...
қайталады:«халық жауы» емес - ол,
Соңғы сөз бұл, иманымен пара-пар.
Сабыры көтерсе де қарасынды,
Жан кеудені қия алмай аласұрды.
Көбесін қайғы сөккен ала таңның,
Алқымында егіліп дала тұрды.
Жаутаңдаған сәбиге дәрмен таппай,
Тебіреніп періште, ауа тұнды.
Аялап шара-көзі балапанын,
Арудың демі үзіліп, жүрек тынды.
Сахна экранынан «Құлжұмыр-Қасқа төбе» («халық жауы» зайыбының демі үзілген жерден алыс емес, мұнартып көрініп тұрады) суреті көрсетіледі. Шимен қоршалған қабірге жақын жерден құралайын ерткен мама киік, алыстау жағынан даланың боз жыланы солай қарай қадалып ұзақ қарап тұрады (жыланның бауыры едәуір көтерілген), бозторғай шырылдамай қалықтап тұрады, қабір үстінде (ақпараттық фрагменттер-құрастыру үрдісімен).
Сахна шетінен төмендегі өлең оқылады:
Желіккен желін іркіп сұр даланың,
Ой-жүйемді суырып, жұлмаладың.
«Құлжұмыр - Қасқатөбе» күрсінеді,
Ізі қалған кешегі «мың дананың» .
Ши лаhат, бір төмпешік даладағы,
Саясаттың қара мөр, қара дағы,
Түйіледі топырақ, тылсым тартып,
Елестерді қопарып санадағы.
- Мәссаған...
Боз жылан қайдан келдің боз бу артып,
Бауырыңды бір жазып, бірде тартып,
«Сезіміңде шың бар ма?»,- деп сынайсың,
Иіріміңнің қуаты бойды қарпып.
Арқадан қарап тұрды мама киік,
Жіпсіз тұсау желдірмей, желіні иіп.
Құралайын жоғалтқан мұңлық еді,
Қапияда мергеннің оғы тиіп.
Айналайын, боз торғай қылығыңнан,
Мына мезет көрінер артық мыңнан.
Төбе-құйқам шымырлап, сыз өткендей,
Кәріпті, қақ жарылған табанымнан.
Топырақта кие бар уыз кепкен,
Жыл жылыстап, бұл жерді ай күзеткен,
Тал бесік бұйырмаған шаранаңды,
Боз торғайдың үнімен жел тербеткен.
Құбылаға қаратып нұр жүзіңді,
Құпия көш бұйдасы жолда үзілді.
Сандықтаудан Торғайға жете алмадың,
Боз далада тауысып дәм-тұзыңды.
Жүзі ауды жылатқан ғасырыңның,
Ақиқат бетін ашты жасырынның.
Өмір жолы өнеге ұрпақтарға,
«Халық жауы» атанған асылыңның.
Қаракөлеңке сахнаға жарық жайлап түсіріледі, азалы музыка.
Қарт: (қозғалмастан әлі отыр).
- Тапсырып кеткен адамдар сені тастап кетті. Әкеңнің қарындастары «сенімді қолда»,- деп есептеді, тағдырыңды біле алмады.Қаңғырып қалдың (тағы да жас тамшылаған көзін сүртті). Әкеңнің үзеңгілестері іздеп, тауып балалар үйіне тапсырды. Алматыдан Сайрамға көшкен балалар үйінде мектепке бардың. Анаңның жалғыз белгісі – шілтерін де сонда жоғалттың, жер бауырлап жылағаныңды айтып сай-сүйегімді сырқыраттың-ау... Ой, жалған-ай!? (Тағы үнсіздік... Жылап отыр... Көзін сүртіп отыр...)
(Сахнадағы экраннан қолдан тоқылған шілтерлер көрсетіледі).
Сахнаның ар жағынан төмендегі өлең жолдары оқылады:
Әсемдеп тоқып шілтермен,
Жиегін көктеп көмкерген,
Көпшіктің тысын ұстатып,
Көз жасын төкті «көзкөрген».
- «Анаңнан қалған бір белгі,
Нағашы жұртың берген-ді,
Кеудеңе басып, иіскеп,
Мауқыңды ботам, бас енді.
Анаң бекзат-көргенді,
Отызға жетпей жерге енді,
«Сарғасқа-жомарт» атанған,
Сөзге де шешен-мерген-ді.
Күттіріп жылдар перзентті,
Әулие кезіп-сенделтті.
Аянмен берген баланың,
Қызығын Тәңірі бермепті.
«ОГПУ»-дің таққан айыбы,
«Халық жауының» зайыбы.
Ақыры жұтып тынды оны,
Заманның жойқын «жайыны».
Тартып тұр тағдыр жетегін,
Қош айтып туған мекенім.
«Бас сауға еткен» жандармен,
Ілесіп менде кетемін.
Өскейсің болып азамат,
Тұлпардан қалған қазанат,
Анаңа туыс, апаңмын
Тапсырған шілтер-аманат».
... Айқастырып кірпігін,
Іздеді ізін күлкінің,
Бетіне басып қуанды,
Бедеріндегі бүртігін.
Маңдайын сүйіп күптінің,
Жанынан бір сәт үкті мұң.
Сол ару сәби жүректің,
Мекендеп қалды түкпірін.
Жадында қалды:
-Ғайып Ерен-Қырық Шілтендер,
«Жебейді жаным»,- дегені,
-Анаңның исі – шілтер-зер,
«Қорғайды жаным»,- дегені,
Күрсінген демнің – тереңі,
Болмыстың бөлек – ерені,
Үйірілген ымыртта,
Жаққаны жүдеу білтені.
Еді ол - … 32-нің қара күзі,
Қоштасқан жетім қозы, нала жүзі.
Амалы жоқ, жетектеп кете алмады,
Қуғында өзі, арқада - азап жүгі.
Ұлттың қамын ойлаған асыл жары,
Азаматы Алаштың ғасырдағы.
«Жау» болып айдалғанда шетінеді,
Жалғыз тұяқ, үміті қасындағы.
Тәркіленген үйінде қара құлып,
Жан ауырды тәнінен таспа сылып.
«Кіріптарда» үзілген жар түймесін,
Алып кетіп барады тұмар қылып.
Басы ауып, ілесті бір қараға,
Сауға сұрап жатпады жан-дауаға.
Айлап жүріп ілінді құр сүлдері,
Адамы жат, көрмеген, бір қалаға.
Қарт: Топырақты алақанымен уыстап қайта-қайта төгеді де, қос балдаққа сүйеніп тұрады, бүкшиіп жас қабірден көзін алмастан:
- Өміріңнің соңғы кезеңіне куә болдым, сырластым, тектілігіңді таныдым. Әкең - Бакең марқұм: «анасынан аумайды, көзіндегі қалы, жанары қандай», - деуші еді, жарықтық. Сен әкеңді өз қолыңнан арулап жерлеп, топырақ салдың ғой ... Ал, әкең ше? Анаңа топырақ та сала алмады, басына барып тағзым еткені үшін «КГБ»-нің қырына тағы ілінді ... Оны мен ғана білетін едім ... Мені де сол ғой ... , сол, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тырп еткізбеген ... Ешкімге тіс жара алмадым ... Сондағы жүрегімнің қан жылағанын кім білсін ... Анаң екеуі бір-бірін сүйген бекзат жандар еді-ау ...
(Азалы үн тоқтап, актер төмендегі өлең жолдарын оқиды).
)
Анаңнан қал қалыпты, көз шетінде,
Әкеңнің парасаты - келбетіңде.
«Халық жауы» баласы – асылым-ай,
Жылдар өтіп жетілдің жел өтінде.
«Детдомдағы» сәби шақ санасында,
Балалығы Әму, Сыр сағасында,
Жастық шақты қалдырып, елге оралдың
Пермьдегі Каманың жағасында.
Сақтамадың сарқытын ыза, кектің,
Еңбек етіп бақытқа қолың жеттің.
Өзіндей «халық жауының» жалғыз қызын,
Қырық бес жыл аялап, жарың еттің.
Жетпіс бір ғұмыр кештің, өсіп-өніп,
Шаңырақтың қалмады оты сөніп.
Шілтер берген жанкешті, аяулы ару,
Айтушы едің, тұрад, деп түсіме еніп.
Қайран апаң, дариға-ай, тіні текті,
Ел бұйырмай, сүйегі жатта кетті.
Өлерінде: «өзіммен жерле», - депті,
Бір уыс топырақ пен иткөйлекті.
Қарт:
- Менің осы өмірде байқағаным (күбірлеп, балдағына сүйеніп қабірге қараған күйі), «НКВД» балалары» негізінен, балалық шақтарының азарлы - азапты, кедергілі-қыспақты болғанына қарамастан мейрімді, көнбіс, жанашыр, адал болып ер жетті ... Иә, сыр сақтағыштықтарын қайтерсің ... Олар,тағдыр шыңдағандар, қанатын заман күйдіргендер ... Сен, жетім-жесірге көп көмектестің, оған өмір сүрген ортаң куә. «Жерде жетім жыласа, көкте періште тебіренеді»,- деген сөзіңді өміріңнің соңына дейін көкірегіңе серік қылдың.
Сахнадан төмендегі өлең жолдар оқылады:
Ұмытпадың,
Ұялас, дос-құрбыңды,
Тағдыры тарақтаған тас бұрымды.
Таңдайдан сүті кеппей үйірінен,
Бөлініп, тентіреген боз құлынды.
Ұмытпадың,
Еденде жыбырлаған,
Періштені «бір айдар - қос тұлымды».
Ұмытпадың,
Қыл көпір - кезеңіңді,
Бөліп жеген қара нан, бір үзімді.
Ұмытпадың,
Ағайлар-апайларды,
Қамқорлап, жақындатқан сол күніңді.
Есейсең де ескеріп, еске алушы ең,
Сауғаңа жетелеген сол күзіңді ...
... Иә, әкеңмен қауышқан сол күзіңді, 37-нің қара күзін есіңнен шығарған емессің ...
Екінші көрініс:
Сахна торіне орналасқан үйдің іші, қарт пен «халық жауы» немересі диванда әңгімелесіп отыр, қасында қос балдақ, алдарында дөңгелек стол. Мұңды жанарлар тоғыспай әркім өз бағытына қадалғанда сәл үнсіздік орнайды. Төрде үш адамның портреті ілінген (біріншісі «халық жауының», екіншісі зайыбының, үшіншісі баласының).
Қарт:
Кенеттен, жеңіл күртешесінің төс қалтасын қаймалай бастайды ...
- Туh, ұмытып барады екем, «мынау саған»,-деп, кішкентай ғана, қағаздан үшбұрыштап бүктелген затты ұстатты.
Сұхбаттасы (халық жауы немересі): түсінген кейіппен басын изеп:
- Е, өткендегі, кітап (Құран Кәрім) ашқан кезде жазып коямын дегеніңіз бе?
Қарт:
- Иә, иә, сол... Бұл қасиетті дұға, айналайын ... Қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды.Үйіңде сақта, есік маңдайшасының тасалау жеріне қағып қойсаң да да болады.
Сұхбаттасы (халық жауы немересі):
- Жарайды, түсіндім, Елағам, атам да жазып беруші еді, осындай нәрселерді. ... Арабшадан аударып, шығыстың небір хикаяттарын, классиктерді оқып беретін, шайырлардың өлеңдерін жаттататын. Елге оралып, ғұмыр кешкен 10(он) жылындағы уақытының біршама бөлігін «Құран Кәрім аударумен» өткізді, жарықтық ...
Бала кезімде: «оның ішінде мен де бармын ба»?- десем, нұрлы жүзі жымиып қана: «әлбетте, шүкірәнам, сен, Якуб пайғамбармен жұлдыздассың ғой», - дейтін еді, асыл атам ... «Ғылымның негізі Құран Кәрімде» екенін ұмытпа дегені жадымнан кетпейді.
Қарт:
- О-ой (созылықы), ол кісі көп оқыған, ғұлама адам ғой ... Кезінде, ұмытпасам ..., соғыс аяқталған кез болуы керек, әйтеуір, соңғы сотталарының алдында, бір-екі тарихшы ғалым ағаларымыз (аттарын өзің де білесің ғой, олардың да бастарына бұлт үйрілді): Кенесары ханның ұлу жылының (1844 ж., Қырғыз сапары алдында) көктемінде «Қарақұм» өңірін жайлап кеткендігі, «Бопай қазған», «Кілем жайған» және басқа деректер туралы жазып алған екен, атаңнан ... Мәлике қыздың «Мың бір сауалын» арабшадан аударып, төте жазумен жазып кеткен, Бәкең ...
Сұхбаттасы (халық жауы немересі):
- Кешіріңіз сөзіңізді бөлейін, бірде, қолыма сырты жасыл, жұп-жұқа «Мәлике қыздың мың бір сауалы, (әлде «Мың бір сауал)» деген кітап түсті, атамның бізге оқып, жаттатқанына ұқсайды. Бірақ, айырмашылығы бар, ол кітапта патша қызы - «Мәлике қыз бен Әбдіманаптың» сұрақ - жауабы, ал, атамның бізге оқығаны, сол желілес, бірақ, сұрақ-жауаптар патша қызы - Мәлике қыз бен оқымысты жігіт Бахия арасында өрбитін.
Қарт:
- Ол қолжазба атаңның Қарақалпақстан, Түрікменстандағы аталас туыстарында, Хожелідегі молда-қари Омар атаңда сақталғанын еститінмін. Қазір, қайдан білейін, қолды болмаса ... Ол кісіні ойласам, оның бұлты төбемде тұрғандай сескенемін ... Аруақты кісі ғой, «қиямет-қайымға» үш барып, аман келген ...
Сұхбаттасы (халық жауы немересі):
- Маған, отбасыма, біздің әулетке деген ниетіңізе, тілегіңізге рахмет, Алла разы болсын ...
Қарт:
- Е, қарағым, амандықтарыңды тілеп, дұға оқығаннан басқа не келеді қолымнан (күрсініс). Бұл әулетке деген тілектестік ниетімді, құрметімді ешқашан жоғалтқан емеспін ... Кие туралы ұғымдардан хабарың болғасын саған осы дұғаны арнайы жаздым, Якуб пайғамбардың жұлдыздасы, Бәкеңнің шүкірәна - немересі ...
Бұл менің соңғы қолтаңбам (бір нүктеге қадалып қалады) ...
Үнсіздік ...
Сұхбаттасы (халық жауы немересі):
- Иә, бәрін де түсінемін, Елаға ... (ол, берген «үш бұрышты» дұғаны алақанына қысып, жүрегіне тақады да сөзін жалғады):
«Ядролық физиканың атасы Эрнест Резерфорд өзінің институты жаңа ғимаратқа көшкенде, кіреберіс есікке таға қағып жатса, бір шәкірті: «Сіз осынша біліміңізбен соған сенесіз бе?»,-деп сұрапты. Сонда ғұлама: «Шырағым, ол менің сенген-сенбегеніме қарамайды, өзінің ісін істей береді»,- деген екен…
Елаға, ғұламалар «Құран хақ»,- деді, оның қасиетін, киенің құдіретін айтудан жалыққан емес ... Бернард Шоу, Лев Толстой ше, ислам ілімінің ақиқаттығын, Мұхамбет пайғамбардың ұлылығы туралы ұрпаққа тағлымды рухани дүниелер қалдырды ...
Экранда:
«24 желтоқсан 1999 жыл» және «Ғасырдың соңғы күндерінің үзілген диологы, үздіккен сыры еді, бұл ...», - деген көрнекті ірі әріптермен жазылған жазулар шығып тұрады. (Қарт күрсініп қояды).
Қарт:
Қайран, Нәкем, әкеңнің туған топырығына келіп өмірден озғанына шүкіршілік қылдың, қуандың ... Ақталғанын сен көрдің, елің, ұрпағың көрді... Жан-дүниең тектілікті түлеткен жұрнағым-ай ?!
Сахнадан төмендегі өлең жолдар оқылады:
Йіріміне іліккен дүлей-кердің,
Жатта қалды сүйегі талай ердің.
Жастық жалын өткенмен ГУЛАГ-тарда,
Топырағы бұйырды туған жердің.
Бұршақ салды мойнына сенің анаң,
Қақыратып қамалын қайғы-шердің.
Тоба қазық таянып айдалада,
Тіні үзілді, беймезгіл алтын-зердің.
Тілегі оның әкеңді елге оралтқан –
Арасынан қасірет, қан мен тердің.
Іздегенде жүрегің сол бейнені,
Жанарыңнан сағыныш, мұңды өрдің.
Ұқсатып жан-жарына немересін,
Жан-дүниесі толқитын есіл ердің.
Ерні тиген алғашқы балапанын,
Еркелетіп, деуші еді: «назар кердім».
Иткөйлегі тігілген жейдесіне,
Пәкизаты, үрметі Шілтендердің .
Қатепті қара нардай, қайран Бәке,
Нелер жүкті кеудеңмен көтермедің?!
Пролетарлық жүйенің қолшоқпары,
«Ат айырып, алдынан ағаш кердің».
Ерік болса басыңда аяулыңа,
Бір ескерткіш қоя алмай өтер ме едің?
Сабырың болмағанда күлге айналып,
Өкініштен өртеніп кетер ме едің?!
Қарт: ойлы, үнсіз жылап отыр.
- Иә, қарағым, қамшы үйіріп, ешкімнің қанын шашқаным жоқ, бірақ ауқаттыларды, молдаларды, елге сыйлы азаматтарды, бидің тұқымдарын НКВД-нің тапсырмасы бойынша тізімдедім, бердім ... Оның ішінде, Лекеров Көбеген, Тұрымбетов Өтепберген, Жарылғапов Досжан т.б. бар еді ... Өйткені, ауылдық кеңестің хатшысы ретінде адамдар есебі мен оған қатысты жағдаяттар қызметтік міндетім болатын. Кеңес үкіметі Нұрымбет қаридың, Өтеп ишанның мешіттерін жойып, шығыстың діни-іліми кітаптарын, Меккеден әкелінген Құран Кәрімді, хадистерді өртеуді бұйырғанда құпиялап көмдік, жанды шүбірекке түйдік... Кітаптың саны - 399 болатын. Киізге оралмай кейінірек, асығыс көмілгендерін НКВД агенттері біліп қойып істік ағашқа түйреп, далаға шашты ... (отты жанарын мұң басты, шарасынан мөлдіреп жас тамды). Торғай қақпасынан бастап «Атанбас ақ ирекке», «Дегенеге» («Сандықтау») дейін көмусіз сүйектер жатты ... Үстіне қазан төңкеріп кеткен мүрдені кейін жерлеген кездер де болды ... Сарыарқаның кіндігін азаптың оты (ГУЛАГ-тар) шарпыса, оның батысындағы бізді ұшқыны күйдірді ... БКП(б) (Бүкілодақтық коммунистік партия) ОК (орталық комитетінің) Саяси бюро мүшесі, ОК (орталық комитет) секретары Сергей Мирович Кировтың Қазақстанға (Риддерге) сапарында, онымен кездесіп, көмегі болар деген үмітпен халқым шеккен қасіретті жеткізіп едім... Ол: «мәселені қарастырармыз» дегенмен де, ештеңе жасай алмады, Ленинградқа барғасын өзі де оққа ұшыпты ... Біраз үнсіздікті оның терең күрсінген даусы бұзды:
«Е, қарағым, бұл ғасыр жасы ..., тамырдан тамған жүрек жасы» ...
Сахна қаракөлеңкеленіп, музыка баяу ойнап, экраннан репрессия жылдарындағы көріністер өтіп жатады (ақпараттық фрагменттер-құрастыру үрдісімен).
Төмендегі өлең жолдары кезек-кезек оқылады:
«Халық жауының» немересі (әйел адам):
- Білемін оны, Елағам,
Жаныңда барын сүр қайғы.
Құпия сырлы бір адам -
Жүрегің үнсіз жылайды.
Жарасы сыздап сол жылдар,
Санадан сауға сұрайды.
«Әр түрлі айтып әр адам,
Қаңқудың басын құрайды».
Қарт:
-Қарағым, дұрыс сауалың,
Ардың тарттым азабын.
НКВД берген тапсырма,
Себебі талай жазаның.
Сегіз жастан тұл жетім,
«Рамберліде» оқып, қонамын,
Бір аяқ , екі балдақпен,
Күндіз ағаш жонамын,
Түнделетіп шырақпен,
Ілімді оқып, жазамын.
Тәуелді болған сол өмір-
Арқалатты, қайтейін ...
Тас-ауыр жүгін наланың.
Қынабы қалың қасірет,
Шертеді күйін азаның.
Тар жолда тайғақ кешкендер -
Жазықсыз жапа шеккендер -
Моласыз өліп кеткендер –
Бітеу жара - соры болды мазаның...
- Шер, үрей, аза жалында,
Тілінген таспа жонында,
Қан теңделген қомында,
Керуені мынау ғасырдың,
Қайтпас сапар жолында.
Барады көшіп жылыстап,
Ақиқат арды жаныштап.
Қара өрім - қара бұрымды,
Тарих жатыр уыстап.
Сабырлы - сабу ұлтымды,
Рухтар қорғап, тұр ұстап.
Жүрекке салмақ бәрі де,
Қаламын кейде құрыстап...
- Сөгілген ғасыр сеңінен,
Жылдар да жылайды менімен.
Тәңірден талай сұрадым,
Таусылғанда шыдамым:
«Айыр»,- деп жанды тәнімнен.
Ғасырға сауын айтамын,
«Құтқар»,- деп пақыр күнімнен.
Өзіңде туып, күн кештім,
Тағдырыңа міңгестім,
Ажалым жетпей мұңды естім,
Қураған сүйек кей кезде,
Түсіме кіріп, тілдестім.
Ынта жоқ өмір сүруге,
Ескегін есем келместің,
Кемесін тастап өлместің,
Қайта айналып келмеспін...
- Сырымды үктім, қарағым,
Тырнатып аузын жараның.
Адамзат, ұрпақ бәріңнен,
Кешірім сұрап барамын.
Таң асып тұрған ғасырдың,
Таңында мәңгі қаламын...
«Халық жауының» немересі: (әйел адам):
-Бір сұрағым, Елаға , «Қаратаздан» ,
Қарақұрым тағдырын қанмен жазған.
«Қызыл террор» кезінде елің босып,
Қараүңгірге қан сіңіп, сүйек толған.
Ұрпақтарын білемін кейбірінің,
«Үлкен террор» «үштігі» көзін жойған.
Қарт:
- «Қаратаз» дейсің бе? Е, ол Өмірдің күйеу баласы. Өмір, руы Кіші жүздің Шөмекейі, кеңес үкіметіне қарсы қырғын шайқастарда қызылдармен атысқан мәрт мерген, берілмей өлген хас батыр. «Қаратаз» НКВД қызметкері,екпінді больщевик болатын ... Қызыл үкіметтің тапсырмасын орындап, талай адамның қанын жүктеді ғой, мойнына. Ол кезең - біздің өңірдің (Арал ауданы,1938 жылға дейін) Ақтөбе облысына қараған кезеңі еді. «Қаратаз»,оның келбетіне қарап халықтың қойған аты,шын есімін есіме түсіре алмай отырғаным ...Өзі ұзын сирақты, сұсты, тақыр бас, қап-қара,арық жігіт. Қаратаз десе, Қаратаз еді ... Ауылдың арқа-батысында Өмір мергеннің атымен аталатын «Өмір бөгеті» деген жер бар.Қаратаздың да сүйегі сол маңайда қалған ...
Сахна сыртындағы дауыс:
- Оны айтсам, қарағым, дала боздар,
Күңіреніп қоңыр бел, шерін қозғар.
Тажалдың отауында тон пішкен-ді,
«Оқтау жұтқан қара сарт» , қаратаздар.
58-ші бап деген айдаhардың,
Көмейіне жұтылды дарабоздар.
Жоқтау айтып ұшатын сол маңайдан,
Жылы жаққа қайтқанда қоңыр қаздар...
Сахна сыртындағы дауыс:
... Ақселеу селдір сақалын,
Жабырқап қалған жамалын,
Жас жуып, сөгіп барады,
Таусылған төзім-амалын...
Қарт:
- Ей, ғасыр-мұндар ,
сен тұлдаған,
тұяқсыз тұлдар,
өтеусіз құндар,
Жиырма бірге етпеші қардар,
Ұмытсын мені өкпесі барлар.
Қарамды батыр, өтінем,
Өзіңмен жазған пешенем,
Өзіңмен бітсін соңғы дем...
«Халық жауының» немересі: (әйел адам):
- Қиямет-қайым, сорды да, көпті көрдің,
Мән-жайын, айтшы Елаға, мешіттердің,
«Молданы айда, Құранды өрте»,-деген,
Бұйрығына не дейсіз жендеттердің?
Қарт:
-Мезгіл еді керігіп, кер кептеген,
Дінді апиын, хадисті індет деген,
Нұрымбет, Өтеп ишан мешіттерін,
Қиратуды «қызылдар» міндеттеген.
Меккеден әкелінген кітаптарды,
Көзін жойып, тезірек өртет деген.
Іліми жазбаны да, құранды да,
Құнсыз заттай лақтырды жендет деген.
Қызыл жалау желпінтіп, жел көтерді,
Құл-құтанды қадірсіз дедектеген.
- Қарағым, айла ойладық, амал нешік,
Түнделетіп үзіктің шетін кесіп,
Төрт қанардың жігіттер жібін есіп,
Орамдалып буылған кітаптарды,
Құмға көмдік таң ата, кебір кешіп.
399 кітапты атанға артып,
Аузына кергі салып, белін тартып,
Сыбыс-дыбыс білдірмей қараңғыда,
Жүріп кеттік үш жігіт түнді қарпып.
Топыраққа көмгенде аяттарды,
Түн түйілді, жұлдыздар қайыр айтып.
-Антұрғандар...
Иман жоқтар...
Біліксіз жалтабандар...
Ертеңіне есітіп, біліп қойды,
Қамшы үйіріп тәніме, тірі сойды.
Істікпен түйреп алған Нұрнаманы,
Шімірікпей шеңгелге іліп қойды.
Құраным - көз нұрымды қия алмадым,
Қалтырап, ызғар қарып өне бойды.
Қопарылған парақтар күбірлейді,
Құбылаға қаратып қара ойды.
Найзағайға тілініп бұлт жылады,
Буын босап тұяқты тұралады,
Тылсым дүние тінденіп кетті ме екен...
Боздай алмай боз інген бошалады,
Боз даланың жұлынын жел жұлқылап,
Құм суырып құба жон қақалады.
Сахна сыртындағы дауыс:
Жылдар өтті...
Сұмдық кетті...
Адамзат мойындады:
- рух кезеді, өлмейді, оралады.
Көктен түскен құдірет – Құран-Кәрім,
Қасиетіңді зұлымдық жоя алмады.
... Жауапсыз тағы сұрақ тұр,
Елағаң үнсіз жылап тұр.
Саралап қойған санасын,
Ой-жадысы тұсап тұр.
Бұлт басқан құндақ кеудені,
Былғары бүрку шылап тұр.
Ғасыр тартқан тартпада ,
Аяңның ақыры - үзік тұр.
... Айтылмай жауап, тоқтады сұрақ,
Жаутаңдап жанар, ұқтырды бірақ :
- сыздағанын сыналы сүйек,
- қырқылғанын қыналы жүрек.
Қайтарып сауал қоя алмадым,
Тұрғанын көріп жанының жүдеп ...
...Күн тұтылып, аспанда ай,
Ғасырды жасқап тас маңдай,
Көшін артып, керуенін,
Ұзатып салып жатқандай.
Торығып кешкен бір ғұмыр,
Ғасырмен перде жапқандай.
«Кешірші халкым»,- деп тұрды,
Бүлкілдеп тіл-жақ, сор-таңдай ,
Елағаң жасы жиырманың ,
Көбесін сөгіп аққандай...
Қарт:
... Ей, адамдар:
Шындық - шыңда, ақиқат - шынарында,
Көк аспаны бұйырмай, азап торда,
Қайырлады қыран да, құладын да.
Жоғалғандар ...
Арулар, Ағажандар ...
Арғымақ ақ армандар ...
Өксіген сәби жандар -
Елес-бейне замана мұнарында.
Сарыарқадан сарнаған аза дауысы -
Күңіренген қобыздың шанағында.
Жазғырмаңдар :
Ар өртеген тағдырлар бар,
Қым-қуыт, қуғын-сүргін сонарында.
Ақталмаған боздақтар бар,
Тұмшаланған тарих тұманында.
Ақтаңдақтар -
Қатқан дақ бар -
Кешегі өткен жиырманың ғасырында.
Біл, ұрпақтар ...
Бақыт деген - Тәуелсіз ел барында.
Қасірет жасы, қайғы-мұң қайта айналып,
Іркілмесін әлемнің жанарында ?!
Қарғыс атқан ОГПУ, НКВД ,
Кездеспесін тіршілік сапарында ?!
Сахна сыртындағы дауыс:
- Ей, дүние - тақсыр,
Нақақты санадың ба?
Жатыр олар мәңгілік танабыңда,
Өзіңнен оздырғандар:
-жазықты, жазықсыз бар,
-опалы, опасыздар,
Бір бақидың бәрі де «шаhарында»,
Жас тамызып, қан төккен қасапшылар,
Кәләм шәріп, бір Хақтың каhарында,
Шырғалаңдар шырмауы шешілмеген,
Сұрақ-жауап ғалламның назарында.
Қарт:
Маза бермей елесі кешегінің,
Тұла-бойдан тұншыққан еседі мұң.
Арқалаумен ғасырдың тауқыметін,
Жуырда қоштасамын, көшеді күн.
Жалына жармастырып қан ғасырдың,
Елес беріп жел-қайық еседі түн.
Ар алдында ақталмай, айтып кеттім,
Ақиқатын, азабын еселінің.
Сахна сыртындағы дауыс:
-Ей, құлын ғасыр,
Болмашы басыр ,
Береке, бірлік болсын заманыңда,
Арымасын адамзат жаhаныңда ?!
Қарт:
Ей, айар ғасыр,
Көшкенің бе «жауырды жаба тоқып»?
Қарғыс айттым, қайтейін, жылап жатып.
Арыстардың аруағы ара-шөлден,
Арып-ашып жеткендей жел оятып.
Соловкиде талайдың мүрделері,
Көмілмей суда ықты, мұзда қатып.
Кесілген бас сүйектер домалайды,
Бутугычаг дірілдеп, қарғыс атып.
Колыманы үрейлі елес кезіп,
Қақалады аруақтар алтын жұтып.
АЛЖИРдегі сәбидің жан-даусына,
Періштелер жылаған аза тұтып.
Магаданда соғылса зар-қоңырау,
Рухтар жол кезеді, сүйек тасып.
Адамдар, Бостандықтың қадірін біл,
Тарихыңды зерделе, окы-танып.
Азаттық деп еңіреп өткен ерлер,
Ұрпақтардың шырағы тұрған жанып.
Сахна сыртындағы дауыс:
Сор татыған сормаңдай ғасырым-ай.
Жолың қатты қиямет асуындай,
Шынжырыңа шырматып жетектедің,
Бір ғұмырды иненің жасуындай.
Қарт:
Азамзат, замандасым, Ұлы далам,
Бәріңнен де кешірім сұрап барам.
Жүрек жылап, жады еріп, кешігемін,
Ғасырымнан қырық күн, қырық қадам.
Жай отына заманның күйдім десем,
«Не дейді екен», дүние-ай, жаббар Аллам ...
Пауза.
Эпилог:
Сахна жарықтанып, қақ ортаға актер шығады (шеттен аяғын баяу басып, екі қолын артына ұстап, басып тіктеп):
- Бұл, сегіз жастан қос балдаққа сүйенген, «КарЛаг» тұтқыны болған, НКВД мәжбүрлеген, арабша, орысша, парсыша сауатты, көзіқарақты Елубай (кейін молдалық құрған) қарттың көз жасы – ғасыр жасы еді ...
Өзі айтқандай, сол кездесуден кейін қырық күнге таяу уақыт өткенде, 2000 жылдың 30 қаңтарында Елағаң да ғасырмен бірге ахиретке аттанып кете барды ... ХХ –шы ғасыр, талайдың тағдырын тізбектеген қасірет шынжырын өзі сүйретіп кетті ...
Оның қан бүркілген тартпасы да үзілді ... Оны жылдар бойы созғылап келген азаның бүркуі (аза бүрку) үзді ... Қаралы керуені көшті ... Қанды жас тамшылаған ізі қалды...
Арыңа арыз айтып ақталмадың, есесіне құрбандарға құран-хатым арнап өттің. Адамзаттан кешірім сұрап кеттің. Өзің өмір сүрген ғасырдың соңғы жасын төктің де, жалына жармасып кете бардың ...
Ар алдындағы есебіңді артыңа тастадың, Елаға ...
Иә, бұл екі «халық жауының» (екі атасы да) немересімен соңғы кездесуің, «үзілген диолог, үздіккен сырың еді» ...
АҚИҚАТ айнымайды, қош ..., алдыңнан жарылқасын - «азапты тұтқын», «мәжбүрлі агент», қайран Елаға ...
«Қорқынышың пен қайғың» рухыңды тазалап кетті ... Аристотельше айтсақ – «КАТАРСИС».
Шымылдық жабылады.
P.S.
Оқиға желісін өрбіткен қабірге «халық жауы» баласы
1999 жылдың 17 қырқүйегінде жерленді. Қарт-молда өзі иманын үйіріп,
жаназасын шығарды.Оның қабір басында еңкілдеп жылап ұзақ отырғанына
аяулы азаматты ақтық сапарға шығарып салған жұртшылық куә болған.
Ал, онымен соңғы сұхбатым 1999 жылдың 24 желтоқсанда әкем «халық жауы»
баласы отбасында, оның 100 күндік қадесінен кейін болған еді ...
Бұл ерекше оқиғаға да ширек ғасырға жуықтапты ...
Ойдан шығарылған мешіт иелері
(«Рамберлі», «Нұрымбет ишан», «Өтеп ишан»),
жер-су атаулары, адам аттары жоқ.
Шынайы берілген.
Балапан Даража Нәбиқызы,
заңгер, Халықаралық ақпараттандыру
академиясының академигі,
Т. Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың иегері