Сүзге ханым тұла бойын зіл басқандай – еңсесін жанышқан азапты күйден ұзақты күнге еш серпіле алмай қойғаны.
Ойы мен қиялы да арқандаулы аттай – бір орында шиырлай тұсалып, діңкесін құртып отырғаны. Сарай іші жым-жырт. Күллі әлем демін ішіне тартып, тына қалғандай. Нөкер қыздары мен ханымның көңілін айтқызбай табатын күтуші сақа келіншектердің сыңғырлаған күлкілері мен жарқылдаған жүздері екен ғой мына атшаптырым сарайды шуаққа толтырып тұратын. Абажадай сарай іші, міне, тапа-тал түсте күңгірт тартып, зілмауыр ауа ұйып қалғандай.
Бұның қабағына кірбің ілінгелі нөкерлері де, қызметшілері де тайсақтап, бетіне тіке қарамай, жанарларын алып қаша береді. Ойын-сауықтан сап тиылған. Кейінгі күндері, тіпті кіруді қойды. Есіктің сыртында ары-бері жүрген кезі олардың көлбеңдеген ұзын етек жібек көйлектерінің сусылы құлаққа анық шалынушы еді. Ол да естілмейді. Түгесі қайда кетті екен? Бәрі де бұдан бір сыр бүгетін тәрізді...
...Үлкен ордадан хабар алмағалы неше күн? Оның ойын – онға, санасын – санға бөліп, дағдартып отырған да осы – орданың үнсіздігі. Ол жақтағылар қандай күйде, не болып, не қойып жатыр? Хан иесі ненің күйін кешіп жүр? «Япыр-ай, осы уақытқа дейін хан иемнен бір дерек болса керек еді. Үн-түнсіз ұзақ кеткені қалай? Әлде қосындарын ертіп, жер шетінде, қидаласқан майдан шебінде жүр ме екен? Солай шығар... Алтын басы аман болса игі еді...»
Бір ауыз жақсы хабарға ділгір болып отырғаны-ай! Осыдан өткен азап, сірә да жоқ шығар. Еңсесін де тіктетпей, көңіліне де байыз таптырмай діңкелеткен бір күй. Сарай күзетіндегі жасауылдардан сыр тартып, әлдене деп жақауратып сұрауды ханым басына лайықсыз санайды. Бұл білмеген жайды олар қайдан білсін?! Өзінің дәрменсіздігін сездіріп, сыр алдырудан да жүрексінеді. Әлдекімдердің табасынан да жасқанатындай. Қайткен күнде де сыр білдірмегені ләзім. Күту, тек қана күту! Одан басқа лажы да жоқ.
...Айдалада күллі әлемнен бөлініп-жарылып қойғандай жалғызсырады.
...Е-е-е, бәсе! Енді тапты. Көңілінің осыншама құлазып, жігерінің құм болып, мүжіліп отырғаны – жалғыздығынан екен-ау. «Жалғыздық!» Бұл оның осыған дейін сезінбей жүрген нәрсесі ме екен? Жоқ. Жалғыздық жанына серік болғалы қаша-а-ан! Шалғай жатқан елінен-жерінен ұзатылып келген тұста-ақ жанының ең бір терең түкпіріне ұя салып алып, анда-санда көкірегін сыздатып, бас көтеріп қоятын. Жалғыздықтан асқан азап жоғын сонда ұғынған.
Уақыт өте келе ханымға лайық құрмет пен қошемет, бұл дегенде шығарға жандары басқа нөкер қыздарының әспеттеуі, ең бастысы, хан иесінің ерекше ілтипаты мен бүгінгі салтанаты оны көмескілендіріп жібергендей еді. Жаңа шаһарға көшкелі тіпті ұмытқандай болатын. Бүгін өзін қапысыз қайта іздеп тапқанын қарамайсың ба? Жалғыздығы бұрынғыдан да қатты бата түскендей.
...Осыдан бірнеше күн бұрын үлкен ордадан шапқыншы келіп, ел шетіне жау тигенін, ханның қосындарды бастап, шұғыл аттанып кеткенін, қысылтаяңда кіші ханымға жолығуға мұрсаты болмағанын хабарлаған. Хан иесі аттанарында бұның жайын айтып, тапсырып кетсе керек, содан бері шаһар биік дуалмен қоршалып, айналдыра ор қазылып, қорғаныс үшін қарбалас, қым-қуыт тірлік басталып кеткен.
Терезеден сыртқа телміріп қарай-қарай көзі талып, сілесі қатқан шақта төсегіне барып қисайған. Көзі ілініп бара жатыр екен, әлдебір шудан, үздіксіз дүрсілден шошып оянғаны. «Қалың нөпір ат ойнатып, қалаға басып кіргеннен құдайым сақтағай! Бұл неғылған шу, не деген тарсыл?» Қатты шошынған ол ызы-қызы шудан тұнған құлағын екі алақанымен баса қойды. Алайда, толастар емес. Сөйтсе, шулаған өз құлағы да, дүрсіл – кеудесінен шығып кетердей, атқақтай тепкен өз жүрегінің соғысы екен. «Қорыққанға қос көрінеді» деген осы да. «Бисмилләһи» деп үш қайталап, білетін дұғаларын оқып, суылдаған көңілін әрең тоқтатқаны.
Бейуақытта мызғығанына өкініп, түрегеліп, бойын түзеп отырды. Меңіреу тыныштық.
Есік ақырын қағылғандай. Жанарын жерден көтеріп қарағанда қартаң аспазшысы сыбдырсыз кіріп, кешкі асты қойып, мұрты бұзылмастан суып қалған түстікті алып, иілген бойы артымен шегіншектей, лыпып шығып бара жатқанын көрді.
Ол мең-зең халден әлі айыға алмай отыр. «Бұл, сірә да, маған келген жаза ма екен? Жеке шаһарда, алтынды сарайда көрген түстей өткізген аз уақыт ханымдық дәуренінің өтеуін қайтарар мезгілдің осылайша тым тез жеткені ме? Шамасы, солай шығар...»
Осылайша ойлауы мұң екен, бұрқ етіп бұршақтай төгілген көз жасы жүзін жуып кетті. Мөлдір тамшылар жұмыр иегіне қарай бірін-бірі асығыс қуалай сырғанап жатыр, сырғанап жатыр. Ол солқылдап, біраз жылап алған соң бойының жеңілденіп қалғанын сезді. Күн ұзаққа кеудесін буып тұрған тылсым күш көз жасымен шайылып кеткендей. Тынысы да кеңейіп қалғандай.
«Қой, бейуақытта жылап, жаман ырым бастамайын», - деп, - өзінен-өзі көңілінің босағанына жайсызданып, қамқа бешпентінің ішкі қалтасынан торғын қол орамал алып, көзін, жас жуған бетін сүртті. Орнынан баяу тұрып, сіресіп қалған аяқтарын жазып, төрдегі айнаға қарай қадам басты. Көптен айнаға да қарамапты-ау. Аппақ жүзі – қан-сөлсіз бозғылт, құп-қу. Қиығы түзу, жәудірей қараған аялы үлкен қара көзінің тұңғиығына шүпілдеп мұң тұна қалғандай тұнжыр, көз алды көгілжім тартқан. Қиғаштай серпілген, арасы алшақтау керме қасы жазық маңдайына ерекше көрік беріп тұрғандай. Қыр мұрны, албырай піскен шиедей бұртиған томпақ ерні, жұп-жұмыр балғын иегі, аққудай иілген ашаң мойны мен үлбіреген тамағы бүгін көңіліне еш қуаныш құймады. «Баққа біткен көрік пе, талайсызға біткен көрік пе?» Осыны ойлағанда алқымына тағы өксік тығылғандай. Босай бастаған көңілін бекіту үшін өзін-өзі күштеп, айна алдынан кілт бұрылып, кең бөлменің ішін кезіп кетті. Бойын тік, басын шалқақ ұстаған қалпы тап бір бұрыштан бұрышқа жүріп шығуды мұрат тұтқандай-ақ, адымдайды. Жібек көйлектің желбіршекті етегі жер сызып, бейне ауада қалқып бара жатқандай. Тал шыбықтай белі бұралған, құлын мүсінді ерекше тұрпатты бұл балғын жас келіншек – кең байтақ Ібір-Сібір өлкесін билеуші Көшім ханның кіші ханымы еді. Бір бүйірден жау тиіп, ел іргесі шайқалып тұрған шақ. Сүзгенің жанына тыншу бермей, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырған кеп – осы еді. «Түбі қайыр болғай! Хан ием аман болса етті».
Сүзге қаншама жақсылық ойлайын десе де – алды күңгірт. Ертеңін анық елестете алмайды. Содан да болар, санасы алға қарап емес, өткен күндердің көңілде қалған ыстық шоғын қаузай беруге пейіл.
«...Осы сарайды хан иесі өзіне арнап салдырып еді. Тек Тәңірі осының игілігін ұзағынан көруге жазғай» деп тілейді.
«Асауды ауыздықтайтын – бұғалық, алысты ағайындастыратын – құдалық» дегендей, ежелгі дала салты бойынша Көшім хан Сарыарқаның айтулы ақсүйегі, жеті атасынан бермен қолынан билігі үзілмеген сұлтандарының бірі Сүйіндіктің кіші қызы – Сүзге сұлтанымды айттырып алған-ды. Әрине, хан әулетіне қыз беру де, қыз алу да – құрмет. Ол кезде көңілін әрі үрей, әрі қобалжу билеген бұл еш нәрсенің байыбына да бара алмаған. Қызға әке үйінен абыройымен ұзатылып кету мұрат болғанымен, қайда, кімге бара жатқанын да жете ұғынбағандай. Хан иесінің жүзін некесі қиылғаннан кейін көрді. Онда да көп уақытқа дейін бетіне тура қарауға дәті жетпейтін еді. Бұған бір сәт мерейлене көз тастар қос жанары ғана көңіліне жылылық құйып, көрер жақсылығынан үміт үздірмейтін.
Есіл бойындағы ен даланы еркін жайлаған, мыңдап жылқы айдаған атақты байға басқалардан әлі де иық асыру үшін Ібір-Сібір жұртының ханына қайын жұрт болу қандай мерейлі болса, ұланғайыр ұлы далаға арқа сүйеу үшін ханға да бұл туысқандық соншалықты ұтымды болған секілді. Ұзатылуын да жеделдетіп жібергендей. Қымбат жасау-жабдығын бірнеше түйеге артып, ел-жұрты ырғалтып-жырғалтып, ұзатып салған. Оның астарында қандай сыр жатқанын Сүзге хан ордасына әбден үйреніп, биліктің тәтті, күндестіктің ащы дәмін татқанда барып ұққандай.
Жаз жайлауда, күз күздеуде, кең сахарада желмен жарысып, сәйгүлік үстінде өскен бұла бойжеткенге хан сарайы іш пыстыратындай тымырсық көрінген. Көшпей-қонбай, қысы-жазы там үйде отырады екен. Ханның ордадағы өзге жамағаттарымен тонның ішкі бауындай әмпей-жәмпей үйлесіп кете алмасын басында-ақ іші сезді. Хан ордасының бұған беймәлім қырық қатпарлы қитұрқы ығы мен жығы көп-ақ екен. Оның байыбына барып, қырын-сырын ұғамын дегенше тұтас бір ғұмыр керек шығар. Міншіл көз де көп. Әр қадамы – бағулы, әрбір сөзі – аңдулы. Сәл әбес қылығын сан-саққа жүгіртер сөз де көп. Жастық аңғалдықпен жалт етіп, біреуге жылы шыраймен қарағанына дейін тасада қалмақ емес екен. Өңі әлдеқайда өзгертіліп, алдынан шығып отырғаны. Аттап басса, сын көз мұның тек жаңсақ қадамын аңдып, бетіне басуға әзір. Ордадағылардың осы пиғылын сезгенде: «О, Тәңірім, мені абыройсыздықтан, бетіме шіркеу болар әлдебір өрескелдіктен, әмсе, хан иемнің атына кір келтірер жаманаттан өзің сақтағайсың», – деп, жебеуші иесіне жалбарынумен болды. Әлі де жалбарынып келеді.
Көп әйелдің бірі болғанның күні құрысын дейді кейде. Олай десе де, еліндегі сұлтандардың да төрт әйелден кем алғандары бар ма? Мына хан ордасында мұсылмандық тіпті қатты сақталады екен.
Хан Сүзгені некелі алты жамағатының үстіне алған. Ханымдары кілең сұлу – қазақ, ноғай, қалмақ, өзбек, ханты, башқұрт қыздарынан еді. Олар ханды бір-бірінен қатты қызғанып, өзара дүрдараз болатын. Сүзгенің елінде әжелері айтатын «ауыл иті қанша ала болса да, бөрі көргенде бірігіп кетеді» деген мақал бар-ды. Соның кебі келгендей. Сүзге түскен соң олардың бастары бірігіп, жараса қалды. Бәрі жабыла ханды кіші ханымнан қызғанатын болды. Бұл ұлыста әйелдің жүзін ашып жүруі – өрескел әдепсіздік екен. Елінде ондай дағдыға үйренбеген басы жаңылыса берген... Әуелгі қиындық осы болды.
Көшім хан дініне берік – тақуа еді. Хан ордасы орныққан Ескер қаласына Самарқан, Бұхарадан шеберлер алдырып, мешіт салдырып, мүфти шақыртыпты. Мешітте бес уақ намаз оқылып, уағыз айтылады екен. Жұма күні хан барлық жамағаттарымен құдай үйіне кіріп, ұзақ мінәжат ететін көрінеді. Басқа күндері Сүзгеге үйден аттап шығу жоқ. Атқа мініп жүріп-тұрмақ түгілі бөтен адаммен сөйлеспейсің... Сөйлеспек түгілі ешкімді көрмейсің де. Сыртқа шыққанда ханымдар – паранжы, үйде – беттерін жаулықпен жауып, жүздерін төмен салып отырғаны. Сүзге алғашында осыған көндіге алмаған.
Ер жеткен, ертеңгі хан тағына мұрагерлікке лайық әлекедей жаланған ұлдары бар үлкен ханымдар – хан алдында қашанда ықпалға ие көрінеді. Балаларына арқаланған олар бүкіл ордаға өктемдік жүргізіп, айбындарын асырып отырғандай. Сүзгеге кейде, тіпті ханның өзі мұның отауына сырт көзден имене кіретіндей көрінетін. Хан иенің ықыласы мен салтанатын осы күнге дейін өздері иемденіп, емін-еркін билеп-төстеп қалған қақсал ханымдардың кіші ханымды басынан ықтырып, тұқыртып алмақ ниеттері анық байқалатын. Оңтайы келсе, хан екеуінің арасына жік салып, ханның көңілін суытып, бұны көп қарашаның біріне айналдырып жіберу де көкейлерінде жоқ емес-ті. Қараша да бір, есіктегі күң де бір... Осыны ойлағанда «Жаратушы ием, өзің жар бола гөр» деп, Тәңірден медет тілеуден басқа амалы қалмайтын.
...Осының бәрін бірде ұғынып, бірде ұғына алмай басы дал боп жүрген кезінде, бұған орда табалдырығын аттап ханым болып түскен күнінен қызметшілікке келген мосқал әйел ашып айтпаса да, тұспалмен, ишарамен ұғындыратын. Жастық албырттықпен шоқ басудан сақтандыратын. Бір аймақты тұтас билеген қаһарлы ханға лайық ханым болудың, үлкен ханымдармен тіл табыса білудің қыр-сырын ұғындыратын. Тіл табыса алмаса, өзінің соры. Ол өзі қаршадай қыз күнінде қыпшақ даласында бір жаугершілікте қолға түсіп, хан ордасына әкелінген көрінеді. Содан қызметшілікке қалдырылып, ханның сарай күтушісі міндетін атқарып келген. Сүзге келген күннен бұған пейілінің түскені. Әлдебір жамағайынындай іш тартып, жабыққанда жанынан табылып, шашынан сипап, аялап бағатын. Сонда артында қалған ел-жұрты, анасы есіне түсіп, оның кеудесіне басын қойып, егіліп тұрып жылап алушы еді. Кейуана кейде: «Ей, бейкүнә жан, ендігі күнің не болар екен?» дегендей, бұған елжірегені белгісіз, мүсіркегені белгісіз, екіұштылау жымиыспен үнсіз қарап қалатын.
Хан ордасындағы өз орны үшін өзі ширақ қам-қаракет жасамаса, көп күндестерінің құрған зымиян торына шырмаларын әйелдік әлдебір құпия тылсым түйсікпен сезіп білгендей. Көкірегінде намыс оты маздап, әр түрлі ойға жетелейтін. Ханның келер әрбір күнін тағатсыздана күтетін болды. Кейде хан да мұның төзімін тоздырып, үзілер шегіне жеткенше ат ізін салмай кететін. Қайткенде де, ол хан иесінің өзіне деген ыстық пейіліне шек келтірген емес. Мейлі, аса сиректеу болса да, осы бір егде жанның бұған мейірлене қарайтын шақтары бар. Сол сәтте оның жанарында тек өзіне ғана арналғандай қастерлі қимас сезім жататындай. Адамның көзі мен шынайы сезімі алдамақ емес. Сүзге оны сезбейді емес. Көңіліне сол демеу. Мұның уылжыған жастығы мен балғын көркін көре алмаған көп күндестің тарататын қаңқу сөздерінен хан иесінің бауырына тығылып алып, қорғанғысы келетін...
Бірде ханның рұқсатымен, ордадағы ішқұсалықтан көңіл сергіту үшін, нөкер қыздарымен шаһар сыртына шығып, бой жазып қайтқаны бар. Сыртқа шығысымен саф ауада көкірегі ашылып, бойы ширап сала берді. Еркіндікке не жетсін?! Көңілі құстай қалықтап, ұшуға талпынады. Әттең, қанаты жоқ. Өзі өскен сайын даласын еске салатын кең жазира, сулы, нулы алқап көзіне ыстық көрініп, көңілі сүйінді. Сол күні армансыз-ақ сейіл құрып еді. Атпен орман, тоғай аралады. Керімсал самалға бетін төсей, Ертісті бойлап кемемен жүзді.
Шымырлап астынан қайнап шыққандай шым-шым майда толқындары жағалауды ұрған, ағысы білінбейтін, жалпағынан жайылған мол сулы Ертісті көріп, баладай шаттанды. Өзі жағасында асыр салған Есілін есіне алды. Кіші ханымның көңілін қимай, кемеші шал бірталай жерге апарып, ұзағырақ қыдыртты. Көрікті жер көңілге желік беріп, әр қилы ой салады екен. Адам сондайда нені аңсамайды дейсіз?! Сүзгенің де алып ұшқан қиял құсы сан тарапқа самғайды.
Өзен арнасының кілт бұрылған бір орамында жағалаудан көш жердегі биік шоқыны көзі шалған. Сонда, шіркін, ана шоқының баурайында тұрар ма еді?! Бұл бір – көк майса, жасыл шалғынды тау бөктері мен өзен аралығындағы жұмақтай жер екен. Шоқыға шығып алып, атқан таңның арайлы шапағы мен батқан күннің қызыл жалқынының Ертіс суымен астасқандағы ерекше реңіне қарап отырғанға жетер не бар екен деп тамсанған. Сондай күн болар ма еді, шіркін, деп қиялдаған. Жотаға арқасын тірей, есілген Ертіске қарай созыла салынған сарайым болсашы деп армандаған...
Ол, тіпті, ерекше сән-салтанат құруға еліккен емес еді. Бұл өңірдің жұрты ақыры көшіп-қонбай бір жерде – там үйде отырады екен, ендеше, менің де өзімнің жеке тұрағым болса ғой деп, жастық албырттықпен қиялына ерік берген. Ол қиял өзімен-өзі болар еркіндікті аңсағаннан туып еді. Ешкімге жалтақтамай, үлкен ханымдардан да, бөгде көздерден де қысылып-қымтырылмай, жайраңдап жүретін оңашалықты қалаған. Сол күнгі сейілден осындай ой түйіп қайтып еді.
Сейілден ол көзі нұр жайнап, өңі бал-бұл жанып, көркіне ерекше көрік қосылғандай құлпырып, қанаттанып оралды. Осындай жақсылықты көруге жазған Тәңіріне, қыдыруға мұрсат берген хан иесіне – мың алғыс.
Кешкісін хан иесі серуен қалай өтті екен дегендей бетіне ұзағырақ қарап қалған сәтінде күндізгі өз ойларынан өзі қысылып, басын төмен иіп, екі қолын қайда қоярын білмей сасқалақтаған. Далаға шығып бой жазғаны ханымға соншалықты әсер еткенін онсыз да бал-бұл жанған жүзінен көріп отырған сұңғыла жан оның байыз таппаған екі қолын алақанына салып, аялай сипап өтті. Қуаныштан, бақыттан басы айналғандай болған ол көргендерін әдібін жатқызып айтып та бере алмаған...
...Ертіс бойлап жүрген күні көкірегіне түйіп қайтқан ойын орайлы сәтінде хан иесіне бәрібір білдірмекке көп толғанды. Қалай айтпақ? Хан иесі қалай қабылдар екен? Ордадағылар айқай-шу көтерері хақ. Оны тіпті ойламасқа бекінді. Хан оң қабақ танытып жатса, оны көрер. Қабыл алмаса, не шара?! Көңілге алғанын қалайда айтуға бекінді. Даланың еркін өскен ерке аруы түз маралы секілді еркіндікті аңсайтынын сезінбесе, оның несі хан?.. Ханда қырық кісінің ақылы болады дегені қайда?..
Ханмен бір оңаша қалған сәтінде, көңіл ауанын аңдап, бар батылдығын жиып, даусында діріл аралас, қобалжи сөз бастады. Басында әр нәрсені бір айтып, абдырап, берекесі қашты. Сәл тыныстап алып, ары қарай айтсам ба, айтпасам ба дегендей көзінің қиығымен барлай қарағанда хан иесінің жүзінен ашу табы білінбеген соң қысылудан арылып, ширап, қайта назданып еркелеген райда айтарын еркін жеткізіп еді.
Сәл үнсіздіктен кейін хан иесі әдетінше бұның жұп-жұмыр балғын иегін көтеріп, көзіне тіке қарап еді, бұл жүзі шыдамай назарын төмен салды. Айтарын ашып айтып алды, енді не болса да мейлі. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Алайда хан иесі оны аялай иығына қолын тигізіп:
- Қалауың болсын! – дегені, жып-жылы үнмен. Бұл жанарын жерден көтеріп қараған, қатал жанның сұсты жүзінен өзіне ғана қанық анда-санда қылаң беретін мерейлі шуақ пен жұп-жұмсақ нұр төгіліп тұрғандай көрінді. Өзінің де жүрегі шымырлап осы бір көпті көрген, көкірегі ізгі егде жанға хан деп емес, жарым деп құрмет пен ризашылыққа толы жанарымен риясыз жалт ете қарағанын оның қырағы көзі көрмей қалған жоқ... «Сізді Тәңірі жарылқасын!»...
Сүзгенің қалауы қайтарылмады. Хан бір жазда-ақ бүкіл ұлыстан ұсталар мен шеберлерді, тас қалаушылар мен қалыптаушыларды алдырып, Ертістің бір иініне Сүзгеге арнап сарай-қамал салдырып берді. Өзінің жасау-жабдығымен, өзіне лайық қоңсысы бар, қосыны бар, күтушілері мен нөкер қыздары бар сол сарайға көшіріп кіргізді. Қамалдың күзетіне жасақ бөліп, оның басына өзінің жастайынан от пен судан бірге өткен, ұзақ уақыттан бергі сенімді серігі, көпті көрген егде сарбазды қойды. Желкенді кеме жасатып, жиырма ескекші отырғызды. Мінуіне таңдаулы тұлпарлары мен атбегін берді.
Хан иесі Сүзгенің бар қалауын орындауында өзіндік құпиялау сыр да жоқ емес-ті. Ол Сүзгенің бойынан ажар-көріктен басқа нәзік қайрат барын таныған. Намыс отын аңғарған. Намысшыл жанда опа бар. Басқа ханымдар балаларына арқаланып ханның өзіне сес көрсетер шақ туса, Сүзге алаңсыз тек хан иесінің жайын жасарын арыдан болжап білгендей. Әрі қыздарын ханымға лайық салтанатта ұстау арқылы оның артындағы байтақ, айбынды еліне, Сарыарқаның бар ақсүйек сұлтандарына пейілінің түзулігін таныту да бар еді.
Кіші ханымның сарайының даңқы Тағыл, Тара, Ертіс, Тобыл, Обдария өзендерінің арасын кең жайлаған өлкеге тез тарады. Ұлыстың әр шетінен Сүзгеге қызметке келгісі келетіндер көбейді. Ібір-Сібір хандығы көптеген тайпалардың басын құрайтын. Әр тайпа әр тілде сөйлейтін. Сүзгенің сарайын әрқайсысы өз тілінде атады. Сүзге қамал, Сүзгін, Сүзге – тұра, Яулы-тұра. Соның бәрінде кіші ханымға деген ықылас-құрметтері жатушы еді. Сол шаһар халқы, міне, неше күн, неше түн жаттан қорғану үшін бекініс жасауда. Ханымның басына төнген қауіпке мұнымен бірге қабырғалары қайысуда...
Осыны ойлағанда әлгінде демдеген көңілі бұзылып, күдік пен күмән қайта оралды. Үлкен ордадан шет отырайын дегені, әлде астамшылық болғаны ма? Алланың бергеніне қанағат тұтпай, асылық келтіргені ме? «Астафиралла, астафиралла, астафиралла! Астамшылығым болса, күнәһар пендеңді, Тәңірі, өзің кеше гөр! Өз ұлылығыңа сыйындым».
Сүзге бар зейінін тіктеп, көңілінің түкпір-түкпірін ақтарып, әлгі ойын теріске шығарарлық дәйек іздеді. Ақыры тапқандай, жіптің ұштығын қолдан шығарып алмайын дегендей ақырын, саумалдай тарқата берді...
...Әуелде, елден ерек сән-салтанатымды асырайын, үлкен ханымдармен бақ таластырайын демеп еді ғой. Бұл түскен күннен-ақ оның жастығын, ханның бұған ықыласы ауғанын, ажар-көркін қызғанғандардың басқан ізін аңдыған тіміскі көздері мен сыпсың қаққан қаңқу сөздерінен шалғай отырсам деген ниеттен ғана туып еді ғой. Бар болғаны, үлкен ханымдардың айбынынан жасқанып, оңашалықты қалағаны. Иелігіндегі алақандай қамалға бөгде көздер қадалмас, жат сөздер таралмас дегені. Әйтсе де, көңіл түкпіріндегі ең қастерлі тілегі – хан иесімен сиректеу болса да оңаша қалатын сәттерін әуес көзден тасада, құпия ұстағысы келмеп пе еді?!
...Жастық өзінің дегенін істетпей қойған ба? Өз сарайына көшкен соң Сүзге оны жұтындырып жасандыруға құлшына кірісті. Ханның өзінің қызметіне бекіткен бас сарбазы арқылы ұлыстардан небір бұлғын, сусар, қара түлкі сияқты бағалы аң терілерін, Бұхарадан келетін керуеннен асыл текті мата, қымбат жиһаздарды ерекше сұрыппен таңдап алдыртты. Өз басының сәнін былай қойғанда, нөкерлері мен қызметшілеріне дейін үлде мен бүлдеге орап, сарайға лайық ізетке, ибалы жүріс-тұрысқа, сынық мінез, қапысыз қызметке ден қойғызды. Үлкен ханым бұрынғы қамқор көңілді күтушісін алып қалып, жастау біреуін жіберген. Отауының есігін күзетуді осыған тапсырғандай. Сүзге оның үлкен орданың «мұндағы көзі, құлағы» екенін зерек зердемен сезіп білді. «Мейлі, есігімді күзетсе, күзетсін!» Ол қайта бұрынғыдан ширай түсті.
Кіші ханым сарайы әп сәтте-ақ жұтынып шыға келді. Іші кірсе, шыққысыз. Әр жиһаз өз орнын тауып, бір-бірімен жарасымды үйлескен. Үлкен ордадағы ас та төк мол байлық пен асқан салтанаттың ауыр салмағынан қайысқан тәкаппар менмендігі жоқ, қайта жастықтың өзгеше жұпар лебі есетіндей жеңілдік бар. Сүзге өзі сабыр тауып, байыпты ханымдық кейіпке көшкен. Сарай билігі өзінде.
Әр жердегі шағын хауыздар әуеге су моншақ бүркіп, билей жөнелгенде аспаннан күміс теңге жауғандай, жақұт тамшылар күн сәулесіне ойнап, алуан түсте құлпырып, жамырай құлап жатар еді. Сылдыр қағып, құлдыраңдай аққан бұлақ та ұйықтаған көңілді түрткілеп, қытықшыл әуез қосқандай. Тыңдаудан адам жалықпас.
Сүзге айналасына кіл өндірдей өрендер мен жас биші қыздарды жинады. Сарайға жастыққа тән сипат пен көрік қосқан да осылар. Хан иесі ұлан-байтақ ұлыстағы, одан қалды ордадағы таусылмас текетірестен қажып келгенде хор қызындай өңшең қылаң ұрған бишілер мың бұралып, бір уақ көңілін сергітіп, жас тәннің сұлулығы мен жарасымды қылықтарына еліктіріп, ұшан-теңіз ләззатқа кенелтер еді.
Сүзге хан түсетін отауына ешкімді қия бастырмады, пенде баласы түгіл шыбын ұшырмай, әуес көзден жасырын ұстады. Оның бойына табиғаттың өзі берген қасиеті шығар, отауына құс ұясындай жылылық дарыта білді.
Хан иесі бұның сарайында аз-кем аялдаса да тояттаған қырандай дүр сілкініп, қанаттанып, құр аттай қунақ аттанатынын әйелдік зерек көңілмен алдын ала топшылай білгендей. Хан иесіне жасаған айрықша күтімі мен құрметі олардың арасын бұрынғыдан да жақындастыра түскендей. Бұл тарапта өзінің қателеспегенін хан да бағамдады. Сүзгенің сарайына хан иесі зайыптық міндетін өтеу үшін ғана емес, қайта бұл жалғандағы теңдессіз жан шуағым осында екен ғой дегендей, бар ынты-шынтымен жапырақтай жанына сая, көңіліне демеу, көкірегіне жұбаныш іздеп, аңсары ауып келетіндей. Ханның ат ізін салуы жиіледі... Сүзгенің күннен күнге жүзі ашылып, ажары толысып, нағыз ханымдық тұрпаты айшықтала түскендей.
Сүзгенің түрленіп түлеуі сарайының да көркеюіне ұласты. Сарайы – қамалға, қамалы – шаһарға айналды. Шағын шаһар өз тіршілігімен қызықты күн кешіп жатты. Үлкен ордадағы қаңқу сөздер бұның сарайына жете бермейтін. Жетсе де, бәлкім, жеті құлаш дуалдан өте алмай, айдалаға лағып кететін шығар. Арагідік дуал асып келгендері болса, Сүзге оны құлағына да ілмейтін. Бұрынғы қорғаншақтығынан арылып, қысылып-қымтырылмай, өз патша көңілінің жетегінде емін-еркін күн кешіп келіп еді. Көңілі қаласа бір уақ шаһар сыртына шығып, нөкерлерімен Ертіс бойлап, кемемен қыдырады. Атпен орман-тоғай аралайды. Табиғатты тамашалайды. Қарағайдан қарағайға секірген құйрығы күлтеленген, құлақ ұшы қызыл жалқын кіп-кішкентай сұр жәндік – тиіннің қылығын қызықтағанды ұнатады. Тиінмен таласа, қарағай жаңғағын жинайды... Сүзгенің өзгеге ұқсамайтын өзіндік қызығы бар еді...
...Енді ғой, көңіліне күдік шауып отырғаны. Бұған дейін дұрыс санап келгендегісі бұрысқа шыққаны ма? «Үлкен ордадан сырттап кеткенім күпіршілік болды ма екен?» деген ойға шиырлап келіп, тіреле береді.
Жалма-жан жан-жағын қарманып, көңіліне сүйеу, дәтке қуат боларлықтай тағы да сенімді дәйек іздейтіндей. Бірақ, ойы тиянақ таппайды... Ақыры тапқандай. Неғып есіне келмеген? Осынау жарық дүниедегі жалғыз сүйеніші – хан иесі бар емес пе? Алыста жүрсе де, көңіліне медет. Хан иесі бұны ұмытпақ емес. Тек елге келген шырғалаңнан шыға алмай жүрген ғой...
Ол орнынан ширақ тұрып, жайнамазын жайып, құбылаға қарап тізерлей отыра қалып, бүгіндікке нешінші рет екені есінде жоқ, Жаратқанға жалбарынуын бастады. Елдің-жердің иесі, панасы – ханның бас амандығын тілеп, дұға оқыды. Үлкен орданың шайқалмауын тіледі. Үлкен ханымдардың өзіне жасаған озбырлықтары көз жасымен жуылып-шайылып кеткендей, көңілінде қазір еш жәбір жоқ. Жасаған иеден оларға рақымшылық сұрады. Өз көкірегіндегі күндестіктің отын өшіріп, тұңғыш рет ханның барша жамағат-жұрағаттарының, бала-шағасының тілеуін тіледі. Кімнің ісі ақ, кімнің ісі қара, оның ақ-қарасын Жасаған ие өзі ажырата жатар. Тәңірінің әркімге лайық бұйырған үкімі бар шығар. Оның тезінен ешкім құтылмақ емес... Ол өзінің жіберген пендешіліктері, астамшылығы, көңіліне күпірлік енген кездері болса, Хақ тағаладан жарылқау тілеп, ұзақ мінәжат етті...
Осыдан кейін бойының жеңілдегенін сезіп, отырған орнынан тұрып, төсегіне қисайған.
Таң алдында түс көріпті. Баяғыда сейілге шыққандағы көз ұшында армандай бұлдыраған шоқысының биігінде жүр екен дейді. Ай толған шақ көрінеді. Шартабақтай толықсып дәл төбеде, қол созым жерде тұрғандай-ақ. Айдың күміс сәулесі төгілген төңірек сүттей ақ нұрға малынып тұрғандай. Ай астында ағараңдап аппақ арлан ұшырасады. Бұның алдына келіп, алысырақ шоқиып отырып, ұзақ қарайды. Көзі – тура адамның көзіндей. Бұрын бір жерден көрген елес сияқты. Сүзге қорқудың орнына, жақындағысы келеді. Сол екі арада, қайдан тап болғаны белгісіз, қап-қара көкжал бөрі бұған тұра ұмтылғаны. Сонда арлан атылып келіп, әлгі тажалмен тістесе кеткені. Ырылдасып, ырсылдасып, алысып жүр. Бірі қашып, бірі қуып, ақ пен қара айқасқан алапат шайқас басталды.
Сүзге оларды үш күн, үш түн айқасқан екен дейді. Әбден әлсіреп қансыраған шақта жан дәрменмен ақ арланның азуы көкжалдың алқымына қадалып, сілкігенде созалаңдай барып, оның өлі денесі сылқ құлайды. Қаны судай аққан ақ арлан да шойнаңдай басып көзден ғайып болады. «Е-е-е, жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деуші еді. Мынау да соның кебін танытып барады ғой деп ойлайды. Әлгінде ғана төбеде тұрған ай сары жез табақтай балқып, одан шоқтай қызарып, өзгеше батып барады екен. Сол уақытта Сүзгенің үстіне сұп-суық әлдене құлап түскендей. Тажалдың жансыз денесі басып қалған екен деп, шыңғыра шошып оянғанда, өңі-түсі екенін айыра алмай, жүрегі аттай тулап, өзіне-өзі келе алмады. Көкірегінде сұп-суық әлдене әлі де жатқандай. Сипалап еді – бас жағында жарда ілулі тұрған хан иесінің қынаптағы алтын сапты алмас қанжары төсінде жатыр. Өзі қара терге түсіп, алқынып қалыпты. Шамасы, көрген түсінің ішінде өзі бірге жүргендей, дөңбекшіп шықса керек. Ілулі тұрған қанжарға сонда өзінің қолы тиіп кеткен-ау, шамасы.
Әлгіндегінің бәрі түсі екенін анық білсе-дағы көпке дейін оның әсерінен айыға алмады. Ертеңгісін егде әйелдердің біріне айтып, жорытуға көңілі дауаламады. Жайсыз әңгіме естіп қалудан қорыққан. «Итті жеті қазынаның бірі» деуші еді ғой. Алапат айқаста ақ арланның жеңгенін, әйтеуір, жақсылыққа жорыды. «Иә, Жаратқан ием, көрген түсім жаманшылыққа көрінер болса, одан өз ұлылығыңа сыйындым».
Ақырын есік қағылғандай. Есік күзетіндегі әйел бас сардардың сарайға келіп тұрғанын айтты. Бір жақсылық еститіндей жүрегі өрекпи соғып, қуана орнынан ширақ түрегелді.
– Қонақжайда күте тұрсын, – деп өзі үсті-басын түзеп, жаулығын дұрыстады. Бойын әбден тәртіпке келтіріп, сергек басып, отауынан шықты. Қонақжайдың бүйіріндегі есігінен кіріп, жібек шымылдық артындағы жұмсақ орынтағына келіп, тізе бүкті. Үлбіреген пердеден сардардың өңі анық көрініп тұр: жүзі қарауытып қара қошқыл тартқан, қабағы қату; бұрынғысынан әлдеқайда қартайып кеткендей, тіпті бойы да шөге түскендей. Ханым сардардың түріне қарап, не айтпағын болжай алмады. Бірақ әлдеқандай жайсыздықты сезгендей.
Одан әрі отыра беруге дәті жетпей, тамағын кенеп өзінің осында екенін білдірді.
Бас сардар орнынан тұрып, шымылдық тұсына келіп, тізерлей отырып, басын иіп ханымға тәжім ишарасын жасады.
– Алла жар болсын, ханым, сізге!
– Армысыз, мырза!
– Ханым, бейуақытта мазаңызды алғаныма ғафу өтінемін. Хан ордасынан жайсыз хабар алдық, – деп, сәл бөгеліңкіреді. Сүзгенің жүрегі зырқ ете түсті. Басына: «Хан ием аман болса игі еді» деген ой сап етіп келе қалды.
– Ескерді хан жасағы неше күн, неше түн қорғап, ұстап қала алмапты. Хан үлкен ордасын алып, ішкері аймақтарға қарай көшуге мәжбүр болыпты. Қорғана отырып, ордасын жат аяғы баспаған жаққа апарып орнықтырмақшы. Сол жақтан күш жинап, әскер алып келмекші көрінеді...
Мұны естіген Сүзге «Біз ше? Біздің күніміз не болмақ?» деп ойласа да, тілі байланғандай тіс жармады. Сыр білдірмей, сардардың сөзін аяқтауын күтті. Бірақ, ол: «мен айтарымды айтып болдым» дегендей, басын иген қалпы иінін жазбай, үнсіз қалды. Япырай-ай, хан иесінің Сүзге жайлы бір нәрсе айтпағаны ма? Сардардың «ләм» демегеніне қарағанда солай болғаны ғой...
Үнсіздік біразға созылды. Сүзге өз ойымен әуре... «Бұл қалай болғаны?» Қапелімде не дерін де, не ойларын да білмеді. Тіпті, әлдене ойлайтын да халде емес.
Бұның дағдарған пұшайман халін ұққандай бас сардардың үні батыл, сенімді шықты:
– Абыржымаңыз, ханым. Ханымыздың ішкі аймақтардан күш жинап, айналып келері сөзсіз. Ордасының орнын кәпірлердің қолына беріп, тайраңдатып қоя алмайды. Қайткен күнде де Ескерге қайтып келеді. Сіз көп қамықпаңыз. Бізге қорғанысты күшейтіп, шыдай тұрсын депті. Озбыр жауға керегі хан ордасы болса, оны алып, масайрап тойлап жатқан көрінеді. Біздің кішкене қамалымызға келе қоймас. Келе қалған күнде, Тәңірі жар болса, төтеп береміз. Оған дейін ханнан да жәрдемге жасақ келіп қалар. Күдер үзбейік.
– Ылайым, айтқаныңыз келгей, мырза! Хан ием біздей қорғансыз жанды жат қолында қалдыра қоймас. Әйтеуір, өз басының амандығы рас қой?..
– Әлбетте, ханым, әлбетте. – Сардар осыны айтып, ширақ тұрып, артымен шегіншектей шығып кетті.
Сүзге ханым тапжылмастан отырып қалды. Үстіне үйдей салмақ құлағандай. Хан иесінің бұл ісін неге жорырын да, не ойларын да білмей, амалы таусылып тұр. Ханның бұған адам салмастан, үлкен ордасын алып көше жөнелгеніне әуелгіде сенгісі де келмегендей. Сенбейін десе, өз құлағымен естіді. Қалай сенбесін? Бұл тосын хабарға қатты қапаланды, күйінді, жылады...
Көкірегіндегі сөне бастаған күндестік оты қайта тұтанып, майсыз табаға салып қуырғандай, жанын шыжғыра бастады. Ханды қарайлатпаған үлкен ханымдардың ісі ме екен деп топшылайды. Олар бұған: «Қап, бәлем! Жат қолында қал осылай, шоқ, шоқ, шоқ!» деп кетіп бара жатқандай көрінеді. Жүрегі сыздап, бойын бір әлсіздік жеңіп бара жатты. Орнынан үш ұмтылып, шаққа тұрды. Құр сүлдесін сүйретіп, отауына әрең жетті. Келе төсегіне құлап, тапжылмастан ұзақ жатты. Көңілі алай-дүлей. Бір ойы жөндем ойлап, көңілін орнықтырайын десе, бір ойы лезде оны теріске шығара қояды. Қым-қиғаш, қымғуыт ойлар басында шатасып кеткендей. Өзінің жалғыздығын енді әбден түсінгендей.
Бауырынан ақар-шақар әлденеше ұл-қыз өсіріп-өрбітіп отырған үлкен ханымдардың қасында бұл дәрменсіз екен ғой. Қауырсындай қауқары болсашы? Хан иесінен жаман-жәутік болса да бір бала сүйгенде, бұл үшін болмаса да, өз қанынан жаралған ұрпағын аждаһаның аузында қалдырмауға келері хақ еді ғой...
Сүзгенің есіне не түспеді дейсіз?.. Баласының жоқтығы бүгін анық батқандай. Ханның жыл сайын бала тауып беріп отырған ханымдарының бағы айрықша екен-ау. Бүгін соны ұқты. Олардың мәртебелерінің жоғары болатын жөні бар. Солардың ішінде, басқаларына қарағанда Сүзгемен тату болғылары келетіндері де бар болатын. Үлкен ханымның көзін ала беріп, бұған үйіріліп, бүйректері бұрып тұратын. Солардың бірінің Алтынай атты қыз баласына мұның пейілі түсіп, өлердей жақсы көрген. Бауырына салып алғысы келіп, қиылып қанша сұрағанымен, анасы үлкен ханымнан аса алмаған. Үлкен ханым илікпей-ақ қойғаны. Сәбиді бермек түгіл, бұған жақындатпауға тырысатын... Басы бүтін бермегенмен, тым құрығанда анда-санда алып келіп, ойнатып, алданыш етуге қимады ғой. Өз маңдайына бермеген соң кісіден бала сұрау бекер...
Сүзге бордай үгілді. Оған өзінің ажар-көркінің, жастығының, хан иесіне арнаған қылаусыз сезімінің тығыз-таяң шақта бір мысқалдай салмағы жоқ, бос алдамшы алданыштай көрініп кетті. Хан алдында қадірі болмағаны ма? Бұл хан үшін, бөбектің қызықтап ойнайтын, ойнап-ойнап жалыққан кезде лақтырып тастай салатын әдемі қуыршағы есебі екен-ау. Анда-санда келіп, құмарынан шығып кетер қуыршағы ғана. Иә, иә! Бұл өзі екен-ау албырттықпен ханның бір сәттік мейірім-мерейін шынайы кәусар сезімге балап жүрген. Ханның бір сарайы мен санаулы түндеріне ғана уақытша құны бар жас иіс қана екен. Одан артық еш нәрсеге ұмтылма, ештеңеге дәмең болмасын... Көшкен жұртында жападан-жалғыз қалуы – соның дәлелі емес не? Бұл ғой соны ұқпай жүрген, соншама көзсіз болар ма?..
Екіталай күн туғанда бұны ойлайтын жан баласының табылмағаны ма? «Астафиралла! Мен не ойлап кеттім? Хан иемнің өзінен бір дәйекті жауап болмай, мұнша неге түңілемін? Хан жасақ жинап, қайта оралады деді емес пе? Ханның үлкен орданы құтты орнынан қозғағанына қарағанда келген жаудың қаһары осал болмағаны ғой. Елге жау шауып, хандығына қауіп төнген қысыл-таяң шақта осылай ойлауға қалай дәті барады? Ордасы ойсырап, жеңіліп бара жатқан тұста оны құтқару орнына кіші ханымым, нақ сүйерім қалып барады деп қалай қайырылсын?! Оған мұрсаты да болмаған ғой». Хан иесін еш жамандыққа қимады. Үлкен ордасын жат аяғы баспаған, қауіп-қатерден ада жерге жайғастырған соң айналып келері хақ. «Жасағанның өзі жар болғай».
Осы ойдан көңілі сәл де болса, байыз тапқандай. Ол енді күндіз-түні хан иесінің үлкен орданы шып-шырғасын шығармай, жайлы қонысқа қондыруын тәңірінен шын тіледі. Басқа амалы да қалмағандай. Хан иесінің алтын басы аман болса, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір іздеп келері шүбәсіз. Оған көңілі кәміл сенгендей. Оған дейін тек мына іргеге келіп алып, масайрап жатқан кәпірдің зобалаңынан құдіреті күшті Тәңірдің өзі сақтасын...
Осы байламмен Сүзге ханымның неше күн, неше түн өткізгені есінде жоқ. Есебінен жаңылғандай. Бір-біріне айна қатесіз ұқсас күндердің әрқайсысы бір жылға татырлық ой азабына толы. Ханнан хабар болмады. Ханнан күдер үзбегенімен, кей-кейде көңілінің нілдей бұзылатыны бар. Сондайда ойына нелер келіп, нелер кетпейді, шіркін! Қасында бір уақ сыр ашып, емін-еркін шер тарқататын сырлас жанның жоқтығы батып отыр. Кімге барып, ханым басымен жайын айтып, шағынбақ? Жалғызсыраған бір күй де өтіп болмайды. Жалғыздық, жалғыздық, сірә да мұның емі жоқ шығар...
...Бұл уақытта Ескер шаһарын басып алып, мұраттарына жеткендей өңшең жендеттер хан ордасында емін-еркін тайраңдап, ұлан-асыр той жасап жатқан-ды. Даңғаза айқай-шуы мен дабыры алысқа жеткен той ұзаққа созылды. Аз күннің ішінде Көшім ханның жұртында қалған бар байлығы аяусыз талауға түсіп, тоналғаны тоналып, шашылғаны шашылып, жоғалғаны жоғалып, тоз-тозы шықты. Құмарларынан шыққанша бүлік салып, меймілдеп ішуге бас қойды. Күнді күнге қосып, түнді түнге қосып, апталап ішті. Атаман Жармақ бір күні қаһарына мініп, қырқай мас жасақтарын ес жиюға шақырды. Шаһарды алғанымен, ханның орнын сипап қалғанына әлі ашулы, ұрынарға қара таппай жүрген ол:
– Немене, Көшім ханды жеңгендей-ақ масайрап жатқандарың?! Осы ішкендерің де жетер! Естеріңе келіңдер! Өңкей басбұзарлар! Сендерді тек ішіп-жеуге қоя берсе... Атаман Гроза, жасақтарыңды жина. Ертістің бойында ханның кіші ордасы бар дейді. Сол қамалды шабасың. Ханның жұрт көзінен тасада, перде ішінде ұстап отырған Сүзге деген теңдессіз сұлу, жас ханымы бар көрінеді. Сол сұлуды осында алып келесің. Патша ағзамға бұдан өткен сыйлық болмас! Мен өзім қалған қолды бастап, әккі көкжал Көшімнің соңынан қуамын. Енді менен қашып құтылмас, айласын асыра алмас, – деп кіжініп, жасақтарына шүйліге тиісті. Аты шулы қанқұйлы атаман Гроза Сүзгінге жиналды.
Тағдыр талайлары сырттарынан осылайша кесіліп-пішіліп жатқанынан қорғансыз Сүзге ханым да, оның бейбіт жұрты да беймәлім еді. Әйтеуір, қапы қалмастың қамымен бекініс жасап, күзетті күшейткен. Сүзгінді қорғамақ сарбаздар саны атаман Грозаның жасақтарынан анағұрлым аз еді. Қамалдың тұрған жерінің жауға оңайшылықпен алдыра қоймайтындай қорғануға оңтайлы орналасуы ғана көңілдеріне көп демеу.
Бұл өзі әу баста-ақ қамалды салушылардың берік ойлаған нәрсесі секілді. Ертістің кілт иініндегі биік жарқабақтың тұсындағы көтеріңкі дөңестеу жерге салынған. Өзеннің суы осы қылтада арнасы тарылып, толқындана үйіріліп, көбік атып жатады. Шаһарды екі қапталынан осылайша ағысы қатты Ертіс орай ағатын. Арынды судан өтіп, оның құз жарқабағынан көтеріліп келу – қиын іс. Шаһардың алдыңғы беті – түйетайлы, жайдақтау. Ол биік дуалмен қоршалып, іргесінен атты адам қарғып өте алмайтындай терең ор қазылған. Ордан өлермендікпен өткенде де тиянақсыз тік дуалға тіреліп, сырғанап түбіне құлайтын. Қамалға кірер жалғыз қақпа – жабық. Іштен де, сырттан да бекініс жасалған. Қорғанның әр тұсындағы қарауыл мұнараларынан күзет үзілмейді.
...Сүзге ханым қазір тіптен оңашаланып алған. Ауық-ауық сарай аралап, хауызды тамашалап, сергуді де қойған. Қызметшілерін де, нөкерлерін де көп шақыртпайды. Шақырта қалса, олардың бұның аузына телміре қарайтындары жанына батады. Олар әлдебір жылы лебіз, жағымды жаңалық естігілері келетін болар. Ал, бұл не дей қойсын? Оның үстіне өзінің дәрменсіз күйін әлдекімдердің көргенін де қаламайды. Ханның мұны жұртында қалдырып кеткенінен онсыз да бәрі хабардар. Сарай жұртының алдында өзі кінәлідей жасқаншақ, төменшік күйге түскен.
Күні бойы қарасын көрсетпеген есік күтуші әйел кіріп:
– Қасында Мұхамедқұл ханзада бар, бас сардар келіп тұр, – деді.
Мұхамедқұлдың атын естігенде жүрегі оқыс шоршып, солқ ете түскендей. «Неге келді екен?» Ол орнынан ебелектей ұшып тұрды. Ханымға тән байсалдылығынан айырылып, жеңіл етек әлдекімдердей шошаң ете қалғанына өзінен-өзі қуыстанып, қысылып қалды. Бұның ордасына ол баса-көктеп келуге тиіс емес еді ғой. Ондай оспадар қылыққа бұл қашан рай танытыпты? Былайғы күнде: «Бұл қай басынғаны?» деп шамырқанып, шамданып қалар еді. Сырттан бір хабар алуға ділгір болып отырған шақта оның келгені, ойлап қараса, оғаш та емес сияқты. Тіпті қуанып қалғандай. Әлде хан иесі жіберді ме екен? Неге басқаны емес, тап Мұхамедқұлды жіберген? Ордадағылардың мұны сынамаққа тағы бір ойлап тапқан амалы ма екен? Хан иесі бір жағдайға ұшырамаса жарар еді... Осы ой келуі мұң екен, жүрегі құрғыр тағы атқақтай жөнелгені.
Қызметші әйел тамағын кенеп, әлдене дегендей. Оның жауап тосып әлі тұрғанын сонда байқады.
– Қонақжайға түсіріп, күтіп алыңдар.
Хабаршы ернін жымқыра, басын тұқшитып шегіне берді. Оның езуіндегі жымысқы күлкіні көзі шалғандай. «Сырың белгілі болды» деп миығынан күліп бара жатқандай. «Баяғы қаңқу сөздің үзілмегені ме? Сасқалақтағанымды әккі әйел байқап қалды-ау» деп бір, Мұхамедқұлдың атын естігенде көкірегінде алақұйын бір сезімнің жүгіріп өткенінен екі тосылды. Көңілінің неге алабұрта, өрекпи қалғанына таңы бар.
Жүгіріп айна алдына барды. Киімін ауыстырды, таранды, сыланды. Неше күннен бері қарамай кеткен үсті-басын түзей бастады. Неге бұлай істеп жүргенін өзі де ойлап жатпағандай. Айна алдында әдеттегісінен ұзағырақ бөгеліңкіреді. Бойын әбден сәніне келтіріп, шашау шығып тұрған жоқ па дегендей самай шашын жаулығының жиегімен көмкеріп, өз келбетінің көңілдегідей екенін көргенде барып, есікке қарай беттеді. Қобалжудан арылып, байсал тартып, белгісіз қуаныш ұшқыны тамыр-тамырын қуалап, алақайлап жүгіргендей. «Бұл ненің нышаны? Япыр-ай, жақсылыққа көрінсе етті...»
Ол бүйірдегі есіктен кіріп, қонақжайдағы перде артындағы өз орнына жайғасты. Үлбіреген жібек шілтерден Мұхамедқұлдың жүзі қырынан анық көрініп тұр еді. Бұл жылдары ол қатты өзгергендей. Сүзге ханым мұнда көшкелі оны көріп отырғаны осы. Е-е-е! Сүзге оны бұрын да көп көріп пе екен десеңізші! Оның есіне Мұхамедқұлды алғаш көргені оралды.
...Бұл хан иесіне жар болып түскеннен кейін үлкен ордада бір керемет той өткені есінде. Ондай тойға ханның барлық жамағаттары, бала-шағалары тегіс қатынасады екен. Үлкен ханымдар рет-ретімен төрге жайғасқан соң ғана кіші ханымға кезек келді. Оған төменіректен әрі үлкен ханымдарға қиғаштай, бір қырын отыратын жерден орын тиген. Сүзге оған пәлендей мән бермеген. Ордадағы алқалы жиында ханымдарды отырғызудың өз салты бар шығар, оны кім білген? Ол отырғызудың кілтипанын артынан барып ұқты ғой.
Үлкен ханымдармен иық тірестіре қатар отырарлықтай бұл кім екен сонша деген мұқату, сенің орның қарашалардың қасында дегендей төмендету жатқан еді. Ең әзәзілдігі, бұның отырған жері әр қимылын қалт жібермей аңдып, бақылауға үлкен ханымдарға өте қолайлы болыпты ғой.
Кіші ханымның қылығынан мін табуға, хан алдында абыройын төгуге құрылған алғашқы қақпан еді. Оған жастық албырттықпен қалай оп-оңай түсіп қалғанын өзі де білмеді.
Сол тойда ханның жас сарбаздары ат үстінде ойын көрсеткен. Жүзіктің көзінен өткендей кілең сырбаз жігіттер аттың бауырынан өтіп те, тұрып та, отырып та, жатып та қылыштасып, найзаласып күш сынасты. Бүгіліп, жазылғанда бұлшық еттері білеулене бұлтылдап, өздері де, астарындағы аттары да шиыршық атады. Сол сайыскерлердің арасында сүлік қара ат мінген бір жігіт бәрінен де оқ бойы озық көрінген. Ер жігітке лайық кең жауырынды тұлғасы, солқылдаған майысқақ талдай серіппелі тұрпаты, ат үстіндегі әбжілдігі жастығымен жарастық тауып, көз сүйсінткендей. Сүзге оның өнеріне таң-тамаша қарады да отырды. Шапшаң, шалт қимылына көз ілеспейді. Ол ойынның қай түрінен де бәйгенің алдын бермеді. Сүзге ризашылықпен кей тұста тіпті алақанын да шапалақтап алды.
Сүзге өзінің үлбіреген жамылғы астынан болса да көзін сүлік қара мінген сүйріктей сарбаздан айыра алмай отырғанын басында өзі аңғармаған екен. Ол біреудің қадалған назарын сезіп, көзін аударып, үлкен ханымдар жаққа қарап еді, бұған тесірейіп отырған бәйбішенің кәрлі ызбарлы жүзін жұқа пердеден анық көрді. Сонда-ақ, өзінің бір әбестік жіберіп алғанын сезгендей – іші қылп ете түсіп еді.
Қарағанда тұрған не бар екен? Ойын осылар үшін көрсетіліп жатқан жоқ па? Жоқ... Ханым басымен бөтен еркекке соншама сүзіле қарағаны хан абыройына дақ түсіреді екен. Ол аз болғандай, ойын соңында сарбаздар сап түзеп, қастарынан өткенде Сүзге бүгінгі өнері үшін оған риза көңілден, өз еркінен тыс жылы шыраймен жалт қарағаны бар емес пе? Тұсынан өте беріп, кіші ханымның жанкүйер болып отырғанын байқаған болар, жігіт те басын иіп, ізет білдіргенін қайтерсің?! Қас-қағым сәтте өте шыққан бір құйын. Соған дейін ескерусіз қалмапты...
...Оның осы бір жастық аңғалдығын ордадағы көп көз жамырай сан-саққа жүгіртсе керек. Осы қылығы үшін-ақ қара есекке теріс мінгізіп жібермегеніне шүкір...
Күтушілігінде жүрген ақ пейілді, абзал жүректі кейуана осының бәрін жаны күйіне жеткізіп еді. Сырт көзден өте сақ болуды қамыға отырып ұғындырған. Бұның жаңсақ баспауын қатты уайым қылушы еді... «Ғазиз жан, жаның жаннатта болсын».
Ордадағы жиын-тойларда оны одан кейін де көрген. Оның «Көшім ханның қара семсері» атанған атақты батыр, Ібір-Сібір жұртына ғана емес ойдағы ойратқа, қырдағы қазаққа тегіс танымал, ханның немере інісі Мұхамедқұл ханзада екенін естіп білген. Бірақ, алдыңғы ащы сабақтан жүрегінің шайлыққаны сонша – қайтіп оған көзін көтеріп қарауға дәті бармаған.
Үлкен ханымдармен әлдеқалай басы қосыла қалған жерде ретті-ретсіз Мұхамедқұл ханзаданың атын әдейі бір айтып қалатындар көпке дейін табылып жүрді. Ондай іліп-шалған сөздер шаншудай қадалып, қарадай жаны күйетін. Жалқы рет жалт қарағанына жазықты болыпты. Кіші ханымды мұқатып, қыжырта беру үшін қасақана айтатындай. Ал, сыртынан не деп күстаналайтындарын бір құдай білсін! Ол қаңқу ханның құлағына жетті ме, жетпеді ме, оны Сүзге анық білген емес. Хан иесінің «ләм-мим» демегеніне қарағанда күндестерінің өсегі жел күйі қалса керек. Хан басымен пыш-пыш сөзді қаперіне алса, кім болғаны...
Бұның үлкен ханымдардан жазықсыз жапа шегуінің себепкері болған сол ханзада – міне, сарайына келіп отыр. Қадірлі қонағы ретінде қуана қарсы аларын да, оспадар қылық санап, қапаланарын да білмеді. Мұхамедқұлдың іздеп келуі – бұл күтпеген тосын жайт болып тұр.
Оның бас сардармен әңгімелесіп отырған түрін көргенде бойын жеңіл діріл билеп, қалтырап кеткендей. «Қуанған да бір, қорыққан да бір». Неден қорқып, неге қуанады? Өзіне де түсініксіз.
Содан бері қаншама жыл өтті, қаншама су ақты. Әйтсе де, оны ат ойыны үстінде алғаш көргендегі жылы әсері әлі суымаған қалпы көңілінің ең бір елеусіз түкпірінен қаз-қалпы лықсып шыға келгені.
Ханзаданың бүгінгі тұрпатына қарап, ат үстінде шырқ үйірілген солқылдаған жас мырзаны іздегендей. Ол тұлғасы бұрынғыдан сомдалып, көріктене түскендей. Биік қабағы, отты жанары, айбынды, сұсты келбеті – ер жігіттің кемел шағына келгенін айқын білдіргендей...
Әйтсе де, Сүзге ханым оған ұзақ көз тоқтатпай, жанарын алып қаша берді. «Бұл – сен көруге тиіс емес келбет пен дидар, көрік. Пиғылыңа ие бол», деп, бұның абыройын шыр-пыр қорғаушы баяғы кейуана келіп құлағына сыбырлап тұрғандай, сескеніп қалды.
...Ат ойыны оқиғасынан кейін ол жас та болса, тез ширады. Ордадағы қақсал ханымдар мен олардың нөкерлеріне әжуа болғаны көкірегін тызылдатып, намысын шабақтап, жігерін жанығандай. Ордадағы жиындарда хан жамағаттарымен бастары қосыла қалса, орауышын мейлінше төмен түсіре тұмшалап тартып, көзін жерден көтермеген бойы тапжылмай отыруға да дағдыланды. Оны бұған үйреткен – хан ордасындағы қатал ойын. Паранжа кимеді, алайда жүзін көлегейлеудің небір жарасымды түрін тауып алды. Оған қалай киінсе де, жаулығын қалай тартса да жарасым таба кететін. Жастығымен, кербез келбетімен үйлесіп, ерекшелендіре түсті. Хан иесіне де бұл сәні ұнайтын секілді. Бетінен қақпады. Маңдайын жауып, одан төмен жеңіл перде тағып жүретін де кезі бар-ды. Ордадағы низам оны ешкімнің жүзіне тіке қарамауға, дидарын ашып, ешкімге көрінбеуге үйреткені соншалық – қазір Мұхамедқұл ханзадаға ұзағырақ қарағанына өзі қарадай қысылғандай.
Сөйтсе-дағы Сүзге ханым жеке сарайға шыққалы іште жүзін ашып жүретін болған. Қызметіндегі ер жігіттермен перде артында отырып тілдесетін. Бұл бір жағы, өзіне қызметіндегілерді тым жақын жібермей, алшақ ұстауға оңтайлы еді. Сарай ішінде қыдырғанда, шаһар сыртына атпен, қайықпен сейілге шыққанда еуропалық үлгідегі етегі жалпақ, әрі оның алдыңғы жағына жұқа тар шілтер ұсталған сәнді қалпақ киетін. Нөкерлерімен оңаша қалған сәтінде шілтерді қайырып қойып, ер қарасы көрінсе, төмен түсіріп алатын.
Сарай ісінің қам-қаракетімен өзімен сөйлескісі келген кісіні перде артында отырып, әбден көріп, ішкі пиғылын танып алғанша тіл қатпайтын.
Қазір де сырттан көз тастап, ханзада мен бас сарбаздың күбір-күбір әңгімесіне құлақ салды. Мұхамедқұл ханзада жат жұрттықтар жайын айтып отырса керек. Күнқақты қараторы өңінде абыржу бар, қабағы қатулы сияқты. Алыс жолдан қажып келгені танылды. Ханзаданың осы бір түрінің өзі Сүзге ханымға хан иесінің жай-күйінің бұл ойлағандай еместігін сездіргендей еді. Ханзаданың бұл келісінің өзіне бір жайсыздығы барын болжады, жүрек тұсы оқыс шаншып кетті.
Бұдан әрі үнсіз отыра беруге қолайсызданып, тамағын кенеп, жеңіл жөткірінді.
Екі сардар да орындарынан лып көтеріліп, шымылдық тұсына келіп, оң тізелерін бүгіп, бастарын иіп, ханымға тәжім ишаратын білдірді.
– Алла жар болғай, ханым, сізге!
– Алла жар, ханым!
– Біздің жар басында жалғыз қалған күркемізге хош келіпсіз, ханзада мырза! – Тамағына өксік тығылғандай даусы біртүрлі әрі толқи, әрі мұңын шаққандай жаси, құмығып шықты. Алайда, үнінде кіналаудан гөрі наздануы басым. Осы бір ауыз сөзде хан иесіне деген өкпелі райы да, замандасқа айтылар назы да, өз басының мүшкіл халіне наласы да сыйып жатқандай еді. Ханзада да оны бек жақсы түсінгендей, одан арғы сөзін айта алмай, тосылып қалды.
– Базынаңыз орынды, ханым, – дей берді, басын одан сайын иіп.
Сүзге ханым бойын тез жиып алды. Боркемік әлдекімдей босағанын сездірмей, елжіреуік сезімге ерік бермей, келесі кезекте хан иесінің есендігін сұрауы керектігін ұқты.
– Бәріміздің қорғанымыз, жұрты үшін жанын шүберекке түйіп жүрген айбынды, асылзада ханымыз сау-саламат болар?
– Иә, ханым! Осыдан бірер күн бұрын мен жау бетін барлауға аттанғанда хан иеміз, Тәңірінің жар болуының арқасында, ордасы мен қосындарын бастап тағы да ішкері аймаққа қарай жылжи көшкен.
«Ойпыр-ай, хан иесі әлі бір жерге табан тіреп орныға алмаған екен-ау. Жасаған, өзің жар бола гөр-ай!»
– Хан иеміз сізге қайырылмайын деп жүрген жоқ-ау. Мына алағай да толағай заман мәулет беретін емес.
Ханзада бұдан әрі сөзді қалай сабақтап, қайтіп өрбітерін білмей дағдарғандай. Көпті көрген бас сардар оның аузына сөз салып:
– Ханым, мәртебелі ханзадамыз қауіп-қатері мол ұзақ жол жүріп, өзіңізге арнайы келген кебі бар екен, – деп әлденені тұспалдап, ұзын сөздің ұштығын шығарды. – Көңіл қойсаңыз деп отырмыз.
– Ондай ұзақ-сонар әңгімелеріңіз болса, жайғасып отырып айтқандарыңыз жөн шығар.
Ханым қолын шапалақтап, қызметшілерін шақырып, меймандарды жайғастырып отырғызуды тапсырды.
Бас сардар бірқалыпты ырғақпен ұзақ әңгімеге көшкен. Сүзге ханымның одан бір ұққаны – мына сүргіннің бет алысы қиын. Хан иесі ордасымен қайда барса да, атаман Жармақтың жендеттері өкшелей қуып, иісшіл иттердей ізінен қалмай жүргенге ұқсайды. Содан да бір ұлыстан бір ұлысқа қоныс аударуға мәжбүр екен.
Иә, бұл Сүзге ханым естиін деген кеп пе еді? Ханның аймақтардан қосын құрап, күш біріктіруіне мұрсат берер емес дейді. Қол жинаймын дегенше де бірқауым уақыт кетер дейді. Ескерді алған қандықол ертең Сүзге-тұраға келмесіне кім кепіл? – дейді. «Астафиралла». Бас сардардың сөз ауанының қалай ойысарын еш бағамдай алмай отырғаны.
– Ханым, біз сіздің көңіліңізге үрей салып, тыныштығыңызды бұзайық деп отырғамыз жоқ. – Мұхамедқұл осы арада сыпайылап сөзге араласты. – Бас сардарыңызбен кеңесіп, осыны сіздің қаперіңізге салсақ деп едік. Хандықтың қазіргі жай-күйінен хабардар болғаныңыз оң. Ханым, бұл сіз бен біз білетін Ібір-Сібір тайпалары мен ұлыстары, рулары арасындағы қақтығыс емес. Бұл бізге бұған дейінгі белгілі қалмақ, жоңғар да емес, еліңді-жеріңді түпкілікті алуды алыстан көздеп, сайланып келген пиғылы бұзық жұрт, қолдарында ашық күнде жасын ойнататын от қарулары бар. Біздің сарбаздарды қылыштасар, найзаласар жерге жеткізбей алдан тосып, от қаруларын атып, жай түскендей жайпап тастап жатыр.
-Алла, өзің сақтай гөр! – Сүзге ханым шошып, мұның бәрін маған неге айтып отырсыңдар дегендей үрейлі жүзбен екеуіне қараған.
-Хан иеміздің Ертіс-Тобыл бойына таяу арада қайрылып келу-келмеуі екіталай бола ма деп қауіп ойлап отырмыз. Ханның қазір сергелдеңге түскен жайы бар... Қосынында да шығын көп.
Ханым арқасын аяз қарығандай бойы мұздап, қалтырап қоя берді.
-Ханым, «Торғай күн жауса – балапанын, бұршақ жауса – өз басын қорғайды» деген. Қапы қалмаңыз.
«Қапы қалмаңыз». «Қапы қалмаңыз». Бұл не дегендері? Ауыр тыныштық орнады. Сүзге ханым екі сардардың сонда басты айтпағы не екенін жете ұғына алмай отырғаны. Бәрі буалдыр, тұманды дүние. Бұған дейін жау шабады дегенді Сүзге естіп, біліп пе? Оның көкейіне бір күмәнді сауал оралды.
-Мұхамедқұл ханзада, – Сүзге оның есімін тұңғыш рет дауыстап атады. – Сізді біздей әлсіз жанға хан ием жұмсады ма?
Сұрақ жауапсыз қалды. Ханзаданың тура жауаптан тайсақтаған түрі бар, үнсіздігі содан. Хан жіберді дейін десе, ол жалған. Өз ықтиярыммен келдім дейін десе, ол да хан ағасына жасаған опасыздығындай. Екі жауаптың да Сүзге ханымға оңай тимесі аян.
Ханым бірден түсінді. Алдияр хан иесі жұмсамаған. Өз патша көңілінің жетегінде келген. Оның аяғы неге апарып соқтырарын тағы ойлап отырмағандай. Батыр – аңғал деген осы. Сүзгенің ойы – астаң-кестең. Хан иесінің үнсіз кетуі қалай деп жүрсе, өзі сергелдеңге түскен жайы бар екен ғой. Алла, жазған-ай!
Едәуір үнсіздіктен кейін ханзада үзілген әңгіме ауанын басқаша сабақтады. Үні нық. Өзіне-өзі сенімді адамның түрі.
-Ханым, бұлай беймарал отыра беруіңіз қауіпсіз емес. Ендігі нысана сіздің сарай болар ма екен деп аңдаймыз. Жат пиғылдылар аяғы мұнда жетпей тұрғанда, сізді де ішкі ұлыстарға көшіру керек пе деп ойласып отырмыз. Үлкен ордаға барып қосыламын дейсіз бе, басқа ұлыстан қоныс тебесіз бе, өз ықтиярыңызда. Біз сіздің қызметіңізге әзірміз. Жат қолында қалмаудың қаракетін жасаңыз.
Ханым тіл қата алмай қалды. Ордасына төніп келе жатқан аждаһаның беті мына бірі егде, бірі жас сарбаздың айтқанындай соншалықты жойқын екені рас па? Бәлкім, олай емес, бұлардікі қауіп ойлағандікі шығар. Оның санасында әр қилы ойлар мидай араласып, тез қажытып жіберді.
Хан иесі қан жұтып, шайқасып жатқанда оның қасынан табылмай, бас батырының бұл жүрісі, қай жүріс? Ә... Әлгінде елді-жерді шолып, жаудың бет алысын бағдарлауға келдім демеді ме? Хош...
Бүгінге осы естіген кептері де жетер.
– Мырзалар, біздің жай-күйімізді ойлап, қамқор көңіл танытқандарыңызға Алла разы болсын. Ойлануға мұрсат беріңіздер.
– Әлбетте, ханым!
Мұхамедқұл ханзадаға атын тынықтырып, аялдай тұруға пәрмен болса...
– Жауабымды ертеңге дейін тосыңыздар. Одан көп созбаспын.
Бұл – ханзадаға сарайда ертеңге дейін ғана қалуға рұқсат дегені еді. Оны екі сардар да анық ұғынды.
Олар қайыр-хош айтысып, орындарынан көтерілді.
Мұхамедқұлдың алып келген хабары ханымды басқа ұрғандай есеңгіретіп тастап еді. Ол қонақжайда орнынан тапжыла алмай, отырып қалды. Буын-буынының әлі кетіп, күтушілерінің сүйемелдеуімен шаққа тұрып, отауына сүйретіліп, әрең жеткен. Дүние төңкеріліп, асты-үстіне түскендей. Ханымдық өрлігі де, пендешілік тәкаппарлығы да, күллі сән-салтанатымен хан иесі екеуінің жұмаққа балайтын сарайының да күл-талқаны шыққандай. Алдан күткен жақсылықтары мен аңсарлы арманы ше?
Әлгінде естіген зұлматтарын ой сорабынан әлденеше өткізгенде де, келер күнін анық-қанық елестете алмаса да жаны қарадай шошынды. Төңірегі – тұман, ертеңі – күмән. Алаңсыз өткізген ханымдық қызық дәурені бұдан ақырын-ақырын шегініп, алыстап бара жатқандай. Кімге ақыл салмақ? Кімге арқа сүйемек? Көкірегі толы жамыраған жетім сауал, жауабы таптырмайды.
Мұхамедқұл сарай табалдырығын аттағанға шейін хан иесін таудай медет тұтып келіп еді ғой. Алланың жазуын-ай! Хан иесінің өзінің әзіз басы зор зобалаңда жүр екен ғой. Япыр-ай, бағы – баянсыз, дәулеті – тұрлаусыз болғаны ма?
Сүзге ханым үлкен ордадан үдере көшіп, бөлек қоныс тепкені – орны толмас өкінішке қалдырғанын бар жан-жүрегі, жұлын-жүйкесімен түйсінгендей. Бәлсінбей-ақ, ордада көп ханыммен бірге отырса, қысылтаяңда тым болмаса, хан иесінің қасында жүрер ме еді? Кешегі өзі жатырқап, жатсынып кеткен үлкен орда бүгін қол жетпес арманға айналған жайы бар...
Хан иесінің айбары асып, төрт құбылаға әмірі түгел жүріп тұрған бақуатты шағында сәнін түзеп, салтанатын асырып, үрлеп ішіп, шайқап төгіп келген кіші ханымға хандықтың басына шырғалаң түскенде жанына медет боларлыққа қасына жете алмай отырғаны қатты батып еді. Бұдан өткен дәрменсіздік, бұдан асқан талайсыздық болсашы! Ол өзін хан алдында айыбы кешірілмес күнәһардай сезінді. Жанын күйдіріп отырған да осы...
Кейінгі уақытта санасының бір түкпірінен бас көтеріп, мысықтабандап жатқан мысқыл ой кенет жотасы күдірейе ұлғайып, көкірегін аяусыз осып- осып өткендей. Демде әлгі әзәзіл елеске айналып, дәл алдына келіп:
– Бұл саған келген жаза, жаза, – деп сақ-сақ күлетіндей.
«Жаза болса, жаза шығар. Тәңірі ісіне не шара?»
Хан иесіне өкпе артқандай келесі бір кінәмшіл ой да қылаң береді. Ханым жалма-жан әлгі ой ұштығына жармасты.
– Сенің қандай кінәң бар? Көшке ертпей кеткен өздері емес пе? – деп уәж айтатындай. – Үлкен ордада отырсаң, сені бөле-жара тастап кетпес еді ғой?
– Үлкен ордада отыруға қақсал ханымдардың әрбіреуі бір түртпектеп, шыдас бермеді.
Әр ойы өзінің әділеттілігін дәлелдеп, қызыл кеңірдек айтысып жатқандай. Тура әзәзіл мен періште айқасқандай. Өліспей берісетін түрлері жоқ.
– Сен – сүйегінен ақсүйектік үзілмеген сұлтанның қызы, туғаннан бетіңе ешкім жел болып тимеген соң, Сүзге сұлтанаймын деп, орда низамына мойынсұнғың келмеді. Әке үйіндегідей еркіндікті аңсадың, – деп әзәзіл тап-тап береді.
– Тіпті де олай емес. Мен ордадағы хан иесінің шығарған көпке ортақ низамына емес, өзіме жасалған күндестердің әділетсіз қысымына шыдай алмадым, – деп ақталады бейкүнә, періште ой.
– Беу, шіркін! Әділетсіз деші? Ендеше айтшы, жаңа ғой сен, иә сен, Мұхамедқұл ханзаданың сарайыңа келіп тұрғанын естігенде қуандың ғой? Иә, қуандың... Мен білемін, сенің неге қуанғаныңды. Сен оған іштартасың, алғаш көргеннен-ақ сенің оған көңілің құлаған... Жас ханзадада көңілің бар... Әлі ұмыта алмай жүргенің содан...
– О, тоба-ай! Сен, найсап, не деп кеттің? Мені өз көкірегімде пісіп-жетілген сен де кінәлайын дедің бе? Сені баяғыда-ақ аяусыз жұлып тастауым керек еді...
– Енді мені жұлып тастай алмайсың. Мені алдай да алмайсың. Сен ордадағы қысымнан қашқан жоқсың... Сен өзіңе сенімсіздігіңнен қаштың... Иә, иә! Тұлданбай-ақ қой. Дәл солай...
– Ол не қылған сенімсіздік? Не айтып тұрсың өзің?
– Үлкен ордада отырсаң, күндердің күнінде Мұхамедқұлға деген көңілің сыр беріп алуы мүмкін еді ғой... Ханзадамен жүздеспес үшін қамалға қамалдың...
– Далбасаламай, тоқтат енді. Менің хан иесіне адал екеніме күмәнің бар ма? Сандалмай жайыңа жүр...
– Ә, шамданайын дедің ғой?! Шымбайыңа батып кетті ме? Шындық қашан да солай.
– Менің хан иеме адал қосақ екенім, әуелі – құдайға, сосын – үлкен ханымдар мен олардың әлекедей жаланған ұлдарына дейін анық. Әйтпегенде, мені әлдеқашан жарып тастар еді.
– Иә, оның рас. Дегенмен, ханзадаға көңілің түскенін бүркемелеу үшін бөлініп көштің. Оны мойында... Міне, соның аяғы осыған әкеліп отыр.
– Ханзадамен осыған шейін жүздесіп, тілдеспесем оған қалай көңілім түсіп, іштартпақпын?
– Жүздесіп, тілдеспесең, бұған дейін кезі келмеген еді. Кезі енді келді. Әне, Мұхамедқұл ханзада алып кетем деп келіп отыр. Дүние бүлініп, әркім өз басын қорғайтын заман туған секілді. Ең оңтайлы тұс осы, еріп кет. Бар, бар! Қапы қалма!
Сүзге ханым әзәзіл елестің айтқанын тыңдай беруден шошынып, екі құлағын алақанымен жауып алды.
«Мен осы ақылымнан адаса бастаған жоқпын ба?» деп, күбірлеген бойы ол орнынан тұрып, терезе алдына келді. Аулаға самарқау көз тастады. Иранбақтай гүл жайнап, көздің жауын алып тұратын ат шаптырым гүлзар ажары қашқан, солғын, жүдеу көрінді. Ары-бері өтіп жатқан да тірі пенде байқалмайды. Иесінің басынан бағы тайып, адыра қалған дүниедей. Ол сыртқа мәнсіз, мағынасыз көз тастаған қалпы тұра берді. Орнына отырса болды, әзәзіл ой қайта тарпа бас салатындай. Ол өзінің аз тұрғанын да, көп тұрғанын да біліп жатқан жоқ. Бір уақыттар болғанда іңір үйірілгенін шамалады. Қызметшісі кіріп, иіліп-бүгіліп тағзым жасап, шырағдан жақты. Бөлмеге әлсіз сарғыш сәуле төгілді. Ханымға алакөлеңкеде бұрыш-бұрыштың бәрі, толған қыбыр-жыбыр елестей көрініп кетті. Ол әр тұстағы үлкен шамдардың бәрін өзі жағып шықты. Айнала әп-сәтте самаладай жарқырап, сәл де болса, көңілін сергітті. Хан иесі келген, тойға бергісіз кештерде осылай жарқырап тұратын. Хан иесі бұның сарайдағы қам-қарекеті жайлы ақтарыла айтатын әңгімесін мейірлене отырып тыңдайтын.
Хан иесі есіне түсуі мұң екен, Сүзге қалай «уһ» деп қалғанын байқамады. Көңілі байыз таппай, ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Бағанадан бері сап болған әзәзіл елес жымысқы жүріспен қайта жеткендей.
– «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» деген осы. Қапы қалма, қапы қалма...
– Тыңдама оның сөзін. Сені адал жолдан тайдыру үшін ол әзәзіл әдейі айтады. Әйтпесе, әзәзіл бола ма? Хан иең жер басып жүргенде сен әлі ханымсың. Алыста болса, қайтер дейсің? Бұйрық болған күні қайта табысасың... Кімнің жеңіп, кімнің жеңілері бір Аллаға ғана аян. Тәубаңнан жаңылма! Жарылқау тіле, – деп, періште елес ана жағынан бір, мына жағынан бір шығып, алдын орап, шыр-көбелек айналуда.
«О, Тәңірім! Өзіңнен екі дүниенің нығметінен үміт еттім. Мені бір сәтке де өз-өзіме тастай көрме. Мені жаза бастыра көрме...»
– Иә, осылай тәубаңа кел. Жаратқанға жалын. Алланың рахымы шексіз.
Сүзге ханым отыра қалып, бір дұғаны ұзақ оқыды. Жаратқанға жалынып, мінәжат етті. Әзәзіл елес зым-зия жоғалды.
Ойы орнында. Ақыл-есі айқын. «Не істеуге болады?» деген ойға ғана тіреліп, түйіліп, көп отырды. Көкірегі шерге толып кеткендей, таңдайына ащы запыран дәм келгендей.
Сүзге ханым алыста қан майданда жүрген хан иесінің жай-күйін жеткізуге Мұхамедқұл емес, басқа біреудің келмегені-ай деп те өкінді. Оған кіші ханым ордасына келудің, хан ағасының тұйыққа тірелген хал-ахуалын ашық айтудың оңайға түспегенін жан жүрегімен танып, білгендей. Оның бойындағы ханзадаға тән бұрынғы асқақтығы сынып, иіні түскендей. Батыры осындай күйге келсе, хан иесінің күні қандай екен десеңізші?! Ханымның ет-жүрегі елжіреді.
Хабарға қаймана қазақ келсе, «Ағатайлап» барып бас салып, көрісер еді. Кеудесіне басын сүйеп, емін-еркін, ағыл-тегіл жылап алар еді. Сонда түйілген жүйке-жүйесінің бәрі бода-бода босар еді-ау. Сүзге ханымның түйілгені сонша – жылай алмай отыр. Көкірегіне зіл қара тас қатып қалғандай. Көзінен шықпаған ащы жасы бойын буып тастағандай, сірескен бір күй...
Ал, Мұхамедқұлға қалай кіріп бармақ? Қалай шерін тарқатпақ? Қайткенде бұл күйден арылмақ? Тым болмаса, осыған шекті ашылып бір тіл қатысқан адам емес. Оның көңілінде не барын бұл анық білмек түгіл, сезген де жоқ. Бұл келісі қай келіс екенін де нақ біле алмай, дал болып отыр.
Жүрегі құрғыр ғана дегбір таппай, бар болмысымен ханзадаға қарай талпынатындай. Жалғыз құтқарушың осы деп, алып ұшатындай. Мұхамедқұл түскен жайға құстай ұшып барғысы келіп кетеді. Барып, баршасын неге анықтап алмасқа? Бір мәрте, бар болғаны, бір мәрте оңаша тілдескісі бар. Әзәзіл масайрады...
Әлденеше орнынан атып тұрып, әлденеше рет есік табалдырығынан қайтты. Барып, ханзаданың аяғын құшып ебіл-дебіл жылап, мына азапты күйінің, жалғызсыраған жанының мұңын сыр ғып ағытып, ауыр ойдан арылсам дейді. Үлкен ордадағы өзіне қияс көрінгенмен, бүгінде қол жетпес арманға айналған бейбіт күндерді, жас сардарлардың ойынын еске алысып, көңілі сейілер ме еді?! Ханымға қазір кіммен болса да ашылып, ағынан жарылып сөйлесу керек-ақ болып тұр. Ханзададан басқа кім бар?! Ар жағында не болса да көріп алмақ...
– Бар, бар, – дейді әзәзіл елес тағы келіп, түрткілеп.
Дәл құлағының түбінен әлдекімнің демін сезгендей селк ете қалды. Тұлабойы дір етіп, бұрылып қарауға жүрексінгендей. Өз ойы екенін де, елес екенін де айыра алмай тұр.
– Ханым, сабырға кел! – Сондай жылы үн.
– Көңіліңді бас.
Баяғыда хан ордасына алғаш түскендегі күтушісі болған кейуананың даусын анық естіп отырғандай. Бар болмысымен бұған қамқор ғазиз жан қиналған сәтінде тағы қасынан табылғандай. Сүзге ханым оның айтқандарына қарсы келіп көрмеп еді. Қазір де ден қойғандай.
Ой-елес:
– Ханым, сен бұдан әлдеқайда жас кезіңде албырт сезіміңді жеңіп едің ғой. Енді неге елжірей қалдың? Білем, білем, жалғыздықтан жас жаның егіліп, серік іздер. Бұған хан иең кінәлі емес. Ел басына екіталай күн туды, ханым. Әзәзілдің жетегіне ерсең, асау сезімнің жарға жығарын ойла!
Ханым анық естіп отырғандай.
– Есіңде ме? Сені үлкен ханымдардың тәлкегінен алып шыққан жастық жігерің мен намысың еді ғой. Сол намысың қайда кеткен? Ханым, сезімге ерік берген солқылдақтықтың аяғы сор болмасын десең, намысыңды ойла. Жігерлен! Намыс болғанда да қара тасқа қайралған өткір намыстың сыналар тұсы..., – деп сыбырлайтындай.
Ханым бірте-бірте босай бастады. Бұрынғысынша кейуанаға мұңын шаға, жас баладай өксіп-өксіп жылады.
– Осы түн отауыңның табалдырығынан аттап шықсаң, ақ болсаң да ажырамас жаманат жапсырасың. Сөйтіп, арылмас күнәға батасың. Сабыр, ханым, сабыр! Жала болғанда да, күнә болғанда да сүйекке түскен таңбадай, ұрпақтан ұрпаққа кетер абыройсыздық. Айбынды хан иеңнің абыройына дақ салып қана коймай, артыңдағы өзіңнің қалың еліңді де жерге қаратқаның. Екі елдің осыдан жауласып кетуі бек мүмкін. Әйелдің аярлығынан басталған қантөгістер аз болмаған...
Ханым ұяттан өртеніп барады. Кейуана әлі сөйлеп тұрғандай. Оның айтқандары өз көңілінің де ұятты пернелерін дөп басып, үндесіп жатқандай.
– Тәңірінің ерекше жаратқан, сүйген құлы болады, ханым. Оның маңдайына елден ерек тағдыр жазылмақ. Сен сондай ерекше бітімде жаралған жансың. Саған сын да көп. Оны хан иең баяғыда-ақ білген. Сені әспеттеп, бөлек ұстауы содан. Сол қадірді біл! Қазір алыста жүрсе, ол – тағдыр ісі. Өзің тағдыр талайыңды қарсы алуға дайындал...
Ханым шошиын деді.
– Көркем ханым, – дейтіндей кейуана мұны жас кезіндегідей еркелетіп. – Сені шошытайын деп айтып тұрғаным жоқ. Сен таза періштең бар жансың, періштеңді қорлатпа...
Сүзге ханымға құлақ түбін желпи әлдене ұшқандай. Ол кейуананың рухының ұшып кеткені деп түйді. Мұның екі оттың ортасында қалғандай жаны қиналғанын біліп жеткен екен ғой. Кейуананың көп сөздері өз көңіліне жылы, жатық келгенімен «Тағдыр талайыңды қарсы алуға дайындал» дегенін ұғына алмай қойды.
Анасындай қамқор болған ғазиз жанның аруағына бағыштап құран оқыды. Жаратқанға жалбарынып, ұстараның жүзінде тұрғандай осынау аумалы-төкпелі, толқулы заманда оң жолға бастауын тілеп, мінәжат етті. Түпсіз тұңғиықтай шыңырауға батып кетпей, жаманат жапсырмай, абыроймен шығардай қайрат тіледі... Медет бола гөр деп жалбарынды...
Бұл – Сүзге ханымның көз ілместен өткізген, жанын азаптап, әр қиырға тартқан мың сан ойларымен алысқан, әзәзіл әйелдік нәпсісіне ерік бермей қарсыласқан, сөйте тұра, аңсарлы арманын іздеп, аласұрған ауыр түні болды.
Бірте-бірте сабасына түскендей, бойына да қуат дарығандай. Көкірегіндегі торығу, қамығу секілді әлдекімнен жұбаныш іздеген күйрек сезімі ыдырап, еңсесі көтерілді. Ойлары да түзелді. Неше күн, неше түнгі күмәнға толы уайым мен үрейдің орнына батыл, жігерлі күш орныққандай. Хан иесінің бақ талайы қайтып ораларына сенгендей.
Ол қазір бір нәрсені ғана анық білді. Мұхамедқұл ханзадаға еріп кете алмақ емес. Өзі салдырған сарайын, ханым деп қадірлейтін қорғансыз ел-жұртын зобалаңға қалдыра алмайды екен...
Ертеңгісін қызметшісінен бас сардарды оңаша шақыртты. Ханзаданы шақыртпады. Мұхамедқұлды көрсе, қатайған көңілі қайта босарын сезгендей. Әлсіздік танытып, бордай үгіліп кетуден қорықты. Оның үстіне ханзада да көңілін бұзардай әлдеқандай гәп айтуы ықтимал. Ойлап қараса, осы мырзамен әр ұшырасуы оған тек жанын азаптар қасірет әкелгендей. Неге?.. Неге?.. Неге?.. Әлде жұлдыздары қарсы ма екен?.. Әлде Сүзге өзі өз басына қайғы жасап алып жүр ме екен? Сірә, солай шығар! Ханзаданың ойында не бары бұған беймәлім ғой...
Бас сардар көп күттірген жоқ.
– Алла жар болсын, ханым!
– Жоғары өрлеңіз, мырза, – деп, шымылдық тұсына келуін күтті.
– Мен сізді оңаша алдырған себебім, – деп одан ары қалай жалғастырарын білмегендей, аузына жөндем сөз де түспей, абдырап қалды. Түндегі батыл шешімі қазір қайда кеткені белгісіз. Ойлары қожырап барады.
Бас сардар мұның абыржуын басқаша ұққан сыңайы бар.
– Айта беріңіз, ханым. Сіз қандай шешімге келсеңіз де біз сізді қуаттаймыз. Кінәлаудан аулақпыз, – деп қалды.
«Сенің көмейің белгілі болды». Ханымның жұқа қабағы шытыла қарады. Бұның сыртынан бәрін кесіп-пішіп қойғандай. Мұхамедқұл ханзадамен еріп кететініне сенімді секілді.
– Сардар мырза, – Сүзгенің дауысы қатқыл, нық естілді. – Келіп жатқан ханзадаға менің атымнан мың алғыс айтыңыз. Басын қатерге тігіп, от пен оқтың арасынан өтіп, арнайы келісіне Алла разы болсын! Мен хан иемнің өз атынан бір ауыз пәрмен күтемін. Ханның ұйғарымынсыз орнымнан қозғала алмайды екенмін.
– Ханым, сіз осыны әбден ойланып барып айтып отырсыз ба?
– Иә, ойланғанда қандай! Менің осы жалғыз ауыз тілегімді ханзаданың хан ағасына жеткізуін ғана өтінемін. Хан иемнің алдынан өтіп, келіп көшіріп әкетсін, сөзім жоқ...
– Ханым, бәрінің жөн-жосығын ойлап отыратын кең уақыт емес бұл. Қысылтаяң шақ қой. Жау болса, іргеде тұр. Біз сізді хан ордасына аттандыруды жөн көріп едік.
– Мырза, ниеттеріңізге, қамқор көңілдеріңізге мен разымын. Бірақ, менің олай жасай алмайтынымды ойлап көрдіңіз бе? Мұхамедқұл ханзадаға еріп, үлкен орданың соңынан қуып баруымды кім қалай ұғады? Өз бетіммен барған мені қабыл ала қояр ма екен? Әлдеқандай себептермен үлкен ордаға жете алмай жолда қалсам, ханзадаға ілесіп қашқан қашқын атанбаймын ба? Ондай күнде не жаудың оғынан, не хан жасақтарының қолынан ажал табарым сөзсіз. Мені ондай абыройсыз іске итермелемеңіздер. Тура келе жатқан ажал болса, өз отырған орнымда тапсын. Мен қайткенде де хан иемнің жауабын тосамын. Алла жар болса, хан ием бізді қорғансыз тастамас. Ханзаданың үлкен ордаға есен-сау жетуін жатпай-тұрмай тілермін.
Бас сардар иығына мың батпан жүк түскендей, орнынан ауыр көтеріліп, басын ие тағзым жасап, шығып кетті. Сүзге әлгі сөздердің бәрін, сырттай сыр білдірмегенмен, іші қан жылап отырып айтып еді. Неге екенін кім білсін, Мұхамедқұл ханзадамен қайтып көрісуге жазбасын жүрегі құрғыр сезгендей, дегбірсіз күйге түсті. Көкірегіндегі бейкүнә арман, тәтті қиял жылап қалды...
Ханзада аттанып кеткен күннің ертесіне-ақ бас сардар мен қарауыл басы ханымға жау жасақтарының шаһар қақпасының алдында тұрғанын сасқалақтай баян етті. Сүзге ханым жат жұрттықтарды мұншалықты тез келер деп ойламапты.
– Мені сарай алдында тосыңыздар, – деп, өзі ықшам киініп, жедел шықты.
Сардарға еріп, қарауыл мұнарасына көтерілді. Шаһар сыртына көз тастап еді, қарақұрым түрлері сұсты, жау-жарағын асынған өзгеше тұрпатты жат жұрттықтарды көріп, бойы тітіркенді. Қауіп-қатердің шын таянғанын сонда білді. Олар орды бойлай одыраңдап, әры-бері шапқылауда. Өткел іздейтін сияқты. Қаруларын шошаңдатып, әлсін-әлсін от бүркеді. Ханымның тізесінен әл кетіп, құлап түсуге шақ қалды. Кәпірлердің түрі тым үрейлі екен, құдайым олардың қолына түсудің бетін ары қылсын.
Ол мұнарадан түсіп, бас сардарға оларды тек алыстан бақылауды тапсырды. Босқа оққа ұшудан сақтасын. Ханнан бір көмек келер деген Сүзге ханымның әлі де үміті бар. Бар сенгені сол...
Қамалды айнала қарап шыққан атаман Гроза шаһарға шабуыл жасаудың қолайсыздығын бірден аңғарды. Шабуыл жасаудың қажеті де шамалы деп ойлаған. Шаһардың алдын қоршай шеп құрып алып, жасақтарын соның бойына жайғастырды. Қамал үстіне шошаң етіп біреу шықса, қағып тастай бермек.
«Қашанғы шыдайды екенсіңдер?» дегендей жат жұрттық жендеттер көрінеу қыр көрсетіп, масайрап жүрді. Ара-тұра дүңкілдетіп, от қаруларын атып, шаһар жұртының зәре-құтын қашырып қояды.
Сүзге-тұра демде қоршауға алынып, тұрғындары тұтқынға айналды. Бір адам сыртқа шыға алмайды, бір адам ішке кіру жоқ. Үлкен ордамен байланыс үзілгелі қашан...
Атаман Гроза шаһарды қорғайтын жасақтың аз екенін де, жұртының көбі қыз-қырқын, қатын-қалаш екенін де дәл болжағандай. Шабуылға сондықтан асықпады. Кіші ханым енді ешқайда қашып құтыла алмайды, қолымызға өзі-ақ келіп түседі деген ойда еді. Оқ шығындап керегі не, өздері берілгенше тек тоса тұру керек. Ұзақ жолдан, алдыңғы ұрыстардан қажып шыққан жасағын тынықтырып алмақ.
Алайда, шаһардан жанына сауға сұрап шыққан да адам болмады. Аңдысумен көп күндер өтті. Екі жақтың да төзімдері тозайын дегендей. Бірін-бірі сырттан аңдып, оқ жететін жерге жуықтамайды. Тек алыстан дүрдиіседі.
Сүзге ханым шаһар қоршауда қалғалы дегбірі кетіп, отауында отыруын қойған. Елеусіз киініп, бетіне бүркеніш жауып, қалың жұрттың арасына барады. Базар аралайды. Көптің көңіл ауанын байқайды. Сөзге тартады. Шаһар жұртының жай-күйін анық білгісі келеді. Нөкер қыздарын әр тарапқа жіберіп отырады. Олар: «Кәпір қауымына лағнет жаудырған жұрт. Бәрі де ханымымызды қайтсек те қорғаймыз» десіп отыр деп оралады. «Бұған да тәуба».
Әйтсе де, шаһар жұртының төзімі сыр бере бастағандай. Ауру-сырқау көбейген. Көбінің өңдері күлгін тартып, үмітсіздік табы айқын білінетіндей. Сүзге ханым соны көргенде шаһар жұртының ашыға бастағанын бірден аңғарып, жанын қоярға жер таппағандай бұрын-соңды болмаған қынжылыс күйге түсті. Қоршауда отырғандарына жиырма бір күн болыпты. Әлі қаншаға созыларын кім біліпті? Оны мына әлсіреген елі көтерер ме екен? Сонда бұл жазықсыз жұрты кім үшін, не үшін осыншама азапты көріп келеді. Оның өтеуі бар ма? Болса, кімнен? Әлде Тәңірден бе? Сүзгені дәрменсіздік биледі. Шаһар жұртының алдында өзін кінәлідей сезінді. Ханнан құтқарушы жасақ келер деген үміті де күннен күнге әлсіреп, үзілер шаққа таяу тұр.
Оның үстіне, базарға жансыз етіп жіберген нөкер қыздарының бірі екі әйелдің хан мен ханымды жерден алып, жерге салып, сөгіп тұрғанын естіпті. Айтқысы келмегеніне қарамай, естігенін түгел ақтартты.
«...Осы сүргіннің бәрі Көшім ханның өз басына да, хандығына да опа бермеген байлығы мен сұлу ханымдарына сырт жұрттың қызығуынан болған депті. Хан жат елдіктер келгенше бар байлығын, алтыны мен күмістерін бір жерге көміп, өзі көшіп кеткен екен депті. Оның байлығын таппай, өзінің орнын сипап қалған дүлей кәпірлер, міне, елді сорлатып жатыр дейтін көрінеді. Кіші ханымды қолдарына түсірмей тынбайды. Қанша қан төгілер екен?» депті.
Сүзге ханым ашу-ызасы қайнап, қалшылдап кетті. Хан иесіне тілдері тиген әйелдер қолына түссе, жазаларын берердей. Жат жұрттықтардың қандай пиғылы барын олар қайдан біліпті? Ханды ауызға алуларын қарашы. Ханның өзі түгіл, басқан ізінен садаға кеткірлер. Айтып жүрген сөздерін қарай гөр өздерінің...
Ханым бірте-бірте сабасына түсті. Ашынған адам не демейді? Олардың сөздерінде шындық та жоқ еместігін іші сезеді. Елдің ішіп-жемі таусылғанын ұқты. Ашыққан жұрты ашынған. Сүзге ханым соны анық білді. Енді ол көңіліне ауыр тиер жайсыз гәп естіп қалудан сескеніп, сыртқа шығып, шаһар аралаудан мүлде тиылды, өз сарайында өз ойының тұтқынына айналды.
Әр нәрсені ойлай-ойлай, ой түбіне жетпей, өзін-өзі іштей мүжіп отырған бір кеште қызметшісі бас сардардың келіп тұрғанын білдірді. Бұрындары бас сардары келсе, әлдебір жақсылық еститіндей елпілдей қалушы еді, енді жаманат жеткізердей – көруден тайсақтайтын болған. Әйтсе де, зордың күшімен қонақжайға келген. Бас сардардың қолындағы басына орамал байланған сүр жебені көзі шалды. Сардар ханымның тұсына келіп, орамалды шешіп, шетінің түйілген орауын жазып еді, арасынан хат шықты. Ханымның жүрегі лүпілдеп, көзіне жас үйірілді. Бұл, көптен күткен, үміті үзіліп, жаны шығарда жеткен ақжолтай хабар болса, игі еді. Ханым хатты алып, асығыс оқи бастады. Оқыған сайын өңі өзгеріп барады. Қолы дірілдейді.
«...Ханның қосыны жаудың қолымен айқаста жеңіліп, үлкен күйзеліске түсті. Хан қалған жасақтарымен Обдарияға қарай шегінуге мәжбүр болды. Мұхамедқұл ханзада ауыр жараланып, жат қолында тұтқында қалды...»
Хат қолынан түсіп кеткен ханым «Аһ» деп ышқына бетін басып, отырып қалды. Осының бәрі өңі емес түсі болса етті. Ия, иә, түсі... Мұның шындық екенін көтерер ханымда күш жоқ еді...
Бас сардар ханым қазір дауыс салып ебіл-дебіл жылап, беймаза күйге түсер ме екен деп қауіп қылып еді. Ханым жыламады да, тілге де келмеген қалпы тас мүсіндей қатып, қан-сөлсіз отырды да қойды. Сардарға мұнысы тіпті қиын болды. Бір нәрсе деуге де, басу айтуға да, көңіл білдіруге де батылы жетпегендей. Қоқайып үнсіз тұра беруге одан әрі дәті жетпей, кетуге ыңғайланғанда ханым тілге келіп:
– Таңертеңгісін қазынабасы екеуіңіз келіп кетіңіз, – деді даусы зорға шығып.
Бүгін де Сүзге ханым азапты ой шырмауында өткізер тағы бір түнін қарсы алды. Қара түннің соншалықты ұзақтығын кім білген? Ойы қаңғырып, әр тарапты кезеді. Хан иесінің, жаппар Алланың жазуымен, бұдан шалғай, келмеске бет түзегені аян болды. Көрісерміз деген үміті аз. Мұхамедқұл ханзада кәпірлерге тұтылыпты. Асыл туған есіл ер жат қолында кіріптарлыққа қалай төзер екен? Төзе алмас, шарт сынар...
Абзал жүректі күтушісінің өткендегі құлағына сыбырлағанындай, Сүзгенің Алланың сүйген құлы екені рас болса, қашанғы сынай бермек. Бұның жанына жақын ардақтыларының бәрі айдалада баз кешіп жүр. Алтын тәжді басы қайда қаларын Тәңірі өзі білмесе, бұл шамалай алар емес. «Жасаған ие-ай, өзің жар бола гөр арыстаныма».
Аштыққа ұрынған шаһар жұрты мынау. «Бұлардың обалы кімге?» деген ой шыр айналып келіп, өзін табады. Есінен еш кетпей қойды...
Сырттан келер көмектің жоғы енді айдан анық. Не көрсе де өздері көреді. Шаһарды әлі неше күн ұстап тұра алар екен. Оған күштері жете ме? Сол күш дегеннің өзі бұларда бар ма екен десеңші?
Сүзге ханым бар жігер-қайратын бойына жиып, көңілін тастүйін бекітті. Дәрменсіз отыра беруге болмас. Бір амал боларлық лаж табуы керек. Оның жолы бірте-бірте оған айқындала түскендей. Ертең бас сардармен кеңеспек...
Осы ойға тоқтаған соң аз да болса көз шырымын алуға қисайған. Көзі ілінісімен шатасып, небір түстер кіргені. Кәпірлер қорғанға от қойған екен дейді. Балқарағайдан қиып тұрғызған дуал шытырлап, жанып жатқандай. Ешкімді шығармай, тірідей өртейтін түрлері бар. Тіпті мұрынына шыжғырылған, өртенген заттың иісі келгендей. Шаһар жұрты ащы түтінге қақалып-шашалуда. Өзі де тұншығып барады. Жан дәрменмен жан-жағын қармануда. Қолы бір нәрсеге іліксеші. Орнынан тұрайын десе, қозғалуға мұршасы келсеші. Шыңырауға тартып бара жатқандай. Басын әзер көтеріп, әрең дегенде түрегеліп отырды. Сөйтсе, бастырылығып қалыпты. Есін зорға жиды. Шырағдан түбіне дейін жанып, таусылып, күйген ыдыстың қоңырсыған иісі екен бөлмені алып кеткен. Осы бір жағымсыз түстер-ақ шаршатып барады. Тым құрығанда, түсіне жақсы нәрсе еніп, бір уақ қуанып жүрсе етті. «Түс оңалмай, іс оңалмайды» деуші еді кәрі әжесі. Сірә, мұның ісі оңалмасқа кеткен де.
Көрген түсі күндіз ойлауға дәті бармаған көкейіндегі ең бір қыжылды қозғап кеткендей. «Кәпірлер маған қандай жаза қолданар екен?» Жұртымен бірге жанын қиса, өкініші не? Сүзге ханымның жүрегі басқа бір сұмдықты сезгендей...
Ұзақ түнге сарылып, ой кешкен жанның есіне не келмейді? Ханым өзінің соңғы уақытта ашқан шындығына таңғалды. Дүниеде көрген қызығыңның, татқан ләззатыңның бәрінің екі дүниеде сұрауы бар екен. Сұраусыз дүние жоқ. Ерте ме, кеш пе, кезі келгенде өтеуін қайтаратын шақ туады. Өтеусіз ештеңе де болмақ емес. Соны о баста білсе етті. Білмепті. Бұған да тіршілігінде көрген қызығының өтеуін қайтарар шақ келіп еді, оған дайын болмай шықты. Тәңірінің бұйыртқан барлық жақсылығының өтеуін немен өтері дүдәмал... Өтеуге тиіс... Немен?..
Ертесіне қонақжайда бас сардар мен қазынабасын тосып алды. Олардың тәжімі мен сәлемін қабыл алған соң анықтап жүздеріне көз тоқтатқан. Байқаса, екеуі де анағұрлым еңселері түсіп, өңдері жүдеген. Шаһар жұрты қанша ашыққанмен, бұлар мұншалықты жүдемесе керек еді. Соған қарағанда бәрі де тақырға отырған сыңайлы. Сүзгенің жаны күйзеліп, алқымына келгендей.
– Қазынабасы мырза, айтыңызшы, бізде азық-түлік қалды ма?
– Ханым, өте аз, – аздығына өзі кінәлідей иіле түсті. – «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, қиын күн туса керек бола ма деп азырақ іркіп отырмыз.
– Мырза! Бұдан ауыр, бұдан киын қандай күн болмақшы? Қолдағы барын, ас болуға жарайтын дәнді тегіс шығарып, түтін басына теңдей бөліп беріңіз.
– Жетпейді ғой.
– Тым болмаса, науқасы, жас балалары, қарттары барларға үлестіріңіз. Шаһардың әр жеріне ортақ қазан астырыңыз. Сол арадан бүгін ыстық ас үзілмесін. Қалаған жанның бәрі сол арадан ауқат ішсін. Кешке қарай бір келіп, айтып кетерсіз. Бара беруіңізге болады.
– Бас сардар мырза, сіз кідіре тұрыңыз. Менің қандай ойға келгенімді білесіз бе? Мына келген алапат кәпірмен біз ұзақ тіресе алмайды екенбіз. Басып кірсе, қарсы тұрарлық шамамыз жоқ. Шаһар жұртына обал болды, мұндай қиянат көретіндей олардың не жазығы бар? Мен сізді атаман Грозаға жұмсасам деп отырмын. Атаманға қоятын үш шартым бар, соны орындаса, шаһарды береміз,- Сүзге мұны ширығып айтқан. Қатерлі іске оның тас түйінген түрін байқаған қарт сардардың жүрегі мұздады.
– Ханым-ай! Мұның аяғы қалай болар екен? Әлі де ойлансаңыз етті.
– Ойлана-ойлана осындай тоқтамға келдім. Шартымды атаманға барып, түгел жеткізіңіз. Арғы жағын оның жауабына қарай көріп аламыз.
Бас сардар қатты қиналды. Атаман Грозаға келіссөзге жүретіндей басқа жанның реті де жоқ-ты.
Шаһар қақпасы сарт ашылып, ішінен қолына ақ орамал ұстаған егде сарбаз шыққанын көрген жау жасақтары елеңдесіп қалды. Оны атаман Грозаның шатырына ертіп апарған. Атаман бар ашуын жиып, көзінен айбарын танытып, бітімге баяғыда келулерің керек еді дегендей ойқастап, ары-бері жүріп алды. Өзі бұрқырап, сөйлеп жүр. Арасында бұған төніп-төніп кетеді. Оның даусынан ызғар лебі тарайын дегенде:
– Атаман мырза, еліңді, жеріңді, үй-жайыңды тастап, сен де біреудің пәрменін орындап жүрсің. Осы жасымда мен де ханымның аманатын арқалап келіп отырмын. Екеуміздің де міндетіміз ауыр. Тыңдауыңыз қажет. Әйтпесе, менің басым кетеді, – деп қолының қырымен желкесін орып көрсетті.
Қаншама ашуы қысып тұрса да атаманның жүзі жылиын деді:
– Ханымыңның сәлемін айт!
– Айтсам, Сүзге ханым атаман Гроза ер жігіт емес пе? Ханымның өтінішін қабыл алар деп отыр.
– Ол қандай шарт?
– Ханым сізден үш нәрсе өтінеді. Әуелі шаһар жұртына бостандық сұрайды. Соларды ұлысқа қайтаруға бір кеме әзірлеп берсін дейді. Шаһардың қарапайым тұрғындарына қаһарын төкпесе екен. Мейірбан жүрегіңізбен кеңшілік жасауыңызды сізге лайық санайды.
Атаман Гроза ойланып қалды, тіпті қуанып кеткендей жүзінде масаттанған рай ойнап шыға келді.
– Дұры-ы-с! Сіздің жақты тыңдадық. Олай болса, біздің де қояр талап бар.
– Айтыңыз. Ханымға жеткізіп барайын.
– Егер біздің айтқанымызды қабыл алса, ханымыңыздың қойып отырған үш шарты да орындалады. Оның есесіне біз бір-ақ нәрсе талап етеміз – Сүзге ханым өз сарайында қалсын!
Мұны естігенде қарт сардар ыршып кетті.
– Бұл бола қоймас... Ханымымызды қалдырып, өзіміз қалай кете бермекпіз?.. Не көрсек те – бірге көреміз...
– Әй, татар, тыңда! Мұны сен шешпейсің, ханымың шешеді. Барып айт! Бізге үш бірдей шарт қойғанда, қарымтасына біздің не сұрарымызды ойламады дейсің бе? Айтып жеткіз. Келіссе, бүгін кештен қалдырмай жауабын берсін. Келіспесеңдер, өз обалдарың өздеріңе. Ертең шаһарды атқылаймыз, бір адамды сыртқа шығармай от қойып, өртейміз...
Қарт сарбаздың өңінің күлдей қуарып, еңсесі түсіп келгенінен-ақ ханым келіссөздің оған жайсыз тигенін түсінді. Бас сардар қинала-қинала атаманның бұларға қойған талабын әрең жеткізген. Сүзге ханым өзінің ой сорабының дұрыс шыққанын болжады. Еш қиналыссыз:
– Абыржымаңыз, мырзам! Атаман айтқанында тұрып, шаһар жұртын тегіс шығара алсақ, болғаны. Мен атышулы Грозаның тілін табатын сияқтымын, – деді де қойды. – Тек елдің көңілін бұзбас үшін атаманның қойған шартын тісіңізден шығармаңыз.
Сүзге ханым атаманның шартын қабыл алғанын білдіріп, шапқыншы жіберді...
...Бұл уақытта шаһарда көптен болмаған көңілділік орнап еді. Әр жерде үлкен қазандар көтеріліп, алқа-қотан әңгімелесіп отырған жұрт. Ажарлары да кірген.
Бас сардарға ілесіп келген қазына ұстаушы, тікесінен тік тұрып, істеген істерін ризашылықпен баян еткен.
– Мырзалар, неше күннен бері үреймен күн кешкен мұңдықтар бүгін көңілдерін көтерсін, ішсін-жесін. Тәңірі жазса, ертең жолға шығатындарын ескертіңдер. Түнімен қапы қалмай жиналсын.
– Айтқаныңыз түгел орындалады, ханым! Сіздің айтуыңызбен қазына қорында ештеңе де қалмады, тегіс таратылды. Жұртыңыз разы...
– Бас сардар, сіз қазына пұлын ұстаушыны тауып, қазынада бар пұлды қарауыл жасақтарға, шаһар, сарай қызметіндегілерге тегіс үлестіріңіз... Ешкім ескерілмей қалмасын...
– Құп болады, ханым.
Ханым өзі кешке қарай сарайында нөкерлері мен қызметшілерін, әнші-биші қыздарын жинады. Бәріне де жылы сөзін арнап, қамқор пейілін танытты. Еш уайымы жоқ жандай арқа-жарқа күлісіп, жадырасып қалған. Сарай қоймасындағы тең-тең матадан әрқайсысына қалауларынша көйлектік, жаулықтық кездеме алуларына рұқсат берді.
Өзі ертеңге хан иесі келгенде ғана үстіне ілетін біркиер сәнді көйлегін әзірлеп қойды. Қалған көйлек-көншегін, әшекей бұйымдарын түгелімен неше жыл қас-қабағына қарап, бауыр басып кеткен нөкер қыздарына: «Менің көзімдей көріп жүріңдер» деп тартуға таратып жіберді.
Сол кешті ханым нөкерлері мен өнерлі өрендерінің ортасында баяғы сауықшыл дәуреніндей көңілді өткізген...
Түс те көрмей жақсы ұйықтапты...
...Таңертең ерте оянып, нөкерлерін шақыртып, ұзақ таранып, сыланды, жұпар иіс су сеуіп, шашын өргізді. Көйлегін, бешпентін киіп, жаулығын салып, қынама беліне зерлі белдігін тағып, сыртынан жеңіл сулығын желбегей жамылып сарай алдына шықты. Сүзге ханымның сол шақтағы тұрпаты ерекше көз тартарлықтай аса салтанатты еді. Хан әулетіне түскеннен бергі әдетінен жаңылып, жүзін тұтас ашып қойды. Нөкерлері де бірінен-бірі өте құлпырып, қылаң ұрады. Оның жөні, бақ-дәулеті шалқып тұрған кезіндегідей тобымен сейілге шыққанынан бір кем емес. Қараша қаздар арасындағы жалғыз аққудай сарайдағы жұртын бастап, шаһар қақпасына қарай бағыт түзеді. Мына тозақтан шын құтыламыз ба, жоқ па деген қуаныштан алабұртқан, әлі де сенер-сенбесін білмей қобалжыған, үміт пен үрей аралас толқулы жұрт шұбыруда. Барған сайын жан-жақтан ағылған лек көбеюде. Осы алабажақ топтың арасынан елеусіз сытылып шыққан ханым қарауыл мұнарасына бет алды.
Мұнараға баяу көтерілді. Төңірекке тегіс көз тастады. Шаһар қаңырап бос қалғандай. Қақпа алды – қара нөпір адам. Әлі де келіп жатыр, келіп жатыр. Түгел жиналмай, қақпа ашылуға тиіс емес.
Шаһардан шығар жолдың екі жағы – қаз-қатар қарулы жасақ. Оны көргенде ханымның денесі мүздап, жүрегі тітіркенді. Қазір арасынан өткен бейбіт елді жусатып салса қайтпек?! Тәңірі өзі сақтағай! Ондай болған күнде, осыншама жұрттың қаны мен обалы өз мойнында қалмай ма? Япыр-ай, көптің көз жасына қалудан ауыр жаза жоқ шығар. Ханым осыдан қорқып еді ғой. Шешілер шақ таяу. Көзі шаһар сыртын шолып өтіп, айдыны шалқыған Ертіске тірелді. Жағалауға жақын тұрған үлкен кемені анық көрді. Тынысы кеңіп, суылдаған көңілі орнына түскендей. Иә, құдайым, абырой бере гөр. Атаман Гроза уәдесінде тұрса болғаны.
Қақпа да ашылды. Жұрттың алды қаз-қатар жендеттер арасымен аман-есен өтіп, түйетайлы жарқабаққа қарай жөңкілуде. Міне, кемеге де таяды, соңы қақпадан жаңа шығып жатыр. Жапыр-жұпыр кемеге отыру басталғандай. Шамалы уақытта елдің бәрі тегіс жайғасып, кеме жағалаудан жылжып бара жатты.
Сүзге ханым осы уақытта мұнарадан төмен түсе бастаған. Қолқа-жүрегі суырылып, шаһар жұртымен бірге кетіп, кеудесі бос қалғандай. Табаны да жерді сезінбейді, салмақсыздық билеген. Былқ-сылқ етіп, әрең келе жатыр. Қалайда анау оқшау тұрған нысаналы бәйтеректің қасына жетуі керек. Бір қадам, екі, үш... Жетуі керек. Сәл қалды... Қазір жетеді...
Жан дәрменмен сарай алдындағы алып самырсын қарағайдың жанына жетті-ау. Қожыр-қожыр қалың қабығын аялай алақанымен сипап өтті. Хан иесі осы жүз жылдық, бәлкім, мың жылдық самырсынның көлеңкесінде бір уақ саялап отырғанды қатты ұнатушы еді.
Жүз жылдық, бәлкім, мың жылдық алып бәйтеректің бойы тіп-тік, басына қараған жанның шалқайғанда тақиясы түсетіндей зәулім, діңі бір адамның құшағы жетпестей жуан. Тарам-тарам болып, жан-жаққа тараған бұтақтарының өзі сала-сала, әрі сом білектей жұмыр. Одан қаншама бұтақшалар тарап жатыр. Тамыры тереңге тартқан, тіпті жер бетіне теуіп, қолдың саласындай білеуленіп, білініп тұрғанын айтпайсың ба?
Хан иесін Сүзге ханым небір дауылдарды басынан өткерсе де уақыт сынына төтеп беріп, қасқайып тұрған осы алып самырсынға ұқсатпаушы ма еді? Ана сом білектей бұтақтары мен одан тараған бұтақшаларын сансыз балалары мен өрен-жарандарына балайтын. Хан иесін тосып, өзі осының саясында әр қилы ойға беріліп, қиял құшағында қаншама аңсарлы күндерін өткізді екен? Бәрі бекер. Бәрі алдамшы дүние... Дүние – жалған деген осы да... Жалған... Жалған...
Ол самырсынға жотасын тірей, біраз тұрды. Ерні күбірлеп, ұзақ дұға қайырды. Шаһарды дүрсілге толтыра топырлаған ат тұяғының дүбірі естілді. Сүзге ханым жасаураған жанарымен көк жүзіне қарап:
– Тәңірім, өзің кеше гөр күнәмді. Аузы түкті кәпірлерге тәнімді қорлата көрме! Өзің аманатқа берген жаныңды өзіңе тапсырамын, – деп, желбегей жамылған сулығының ішіндегі белдікке қыстырылған, өткенде түсінде төсіне құлаған хан иесінің алмас қанжарын қолына алып, көзін жұма берді.
Үміт шіркін ең ақырында үзіледі дейтіні қайда? Бекер айтылар сөз. Сүзге ханымның үміті сұр жебе қорған асып келген күні-ақ үзілген. Одан бері сүйретіліп жүрген құр сүлдері ғой. Ол жат жұрттықтардан да, өлімнен де қорқудан қалған. Қайта, құлдықтан, ар-ұятын қорлаудан, мазақтан, жанын азаптан құтқарар жалғыз жол – өлім ғана екеніне мойынсұнған. Азат өлім, шейіт болмақ... Ол алғаш рет перзентсіздігіне өкінбеді. Қайта, артында алаңдар баласы қалып бара жатпағанына қуанғандай.
...Әне, әне, сұр жебе ұшып келеді, ұшып келеді. Жақындады... Міне, қақ жүрегінің басына қадалды... – Аһ... – Ханымның тізесі бүгіліп, отыра кетті. Ақ жібек жаулығы сусып келіп, бетін бүркей жауып қалды...
...Жат жұрттық жендет жасақтар қорғансыз қалған жалғыз ханымды шабуға сарайға топырласып жеткен. Іштен де, сырттан да әйел қарасы көрінбеді. Жасақтары дағдарып тұрғанда атаманның көзі ағаш түбіндегі ағараңдаған адамды аңғарып, шауып келді. Отырған ханым екенін біліп, көзі күлмің қақты. Көшім ханның ең жас, ең сұлу ханымын қолына түсіру бақыты өзіне бұйырарына мейманасы тасығандай.
– Атаманды осылай қарсы ала ма екен?
Атынан түсіп жақындады. Ханымда дыбыс жоқ. Секем алған Гроза жақын келіп, жаулығын ашқанда Сүзге ханым оты өшкен жанарымен жарық дүниеге соңғы рет қарап, мәңгіге көзін жұмды.
– Аһ, ханым! Не істегенсің, не істегенсің?.. – Атаман Гроза «аһ» ұрды. Оның өкінішінде шек болмады...
...Жүз жылдық, бәлкім, мың жылдық алып самырсын міз бақпай тұра берді. Тек ұшар биіктегі бұтақтары мен жапырағын жел шайқап, аза күйін шерткендей...
* * *
Күздің сылбырай жауған жаңбырлы күні. Төңіректі түгел сұрғылт тұман басқан. Жол таңертең қатқан еді, енді былжырап жатыр. Лайсаңы шығып, езілген иір-қиыр қара жолмен керуен келе жатқалы әлденеше күн. Су толған шұқанаққа дөңгелегі түсіп кетіп, күйме бір жағына жантая шойнаң ете қалғанда тығыз отырған жандардың бастары түйісіп қалады. Ары-бері шайқатылған жүрістен мезі болған түрлері бар. Күздің қара суығы да қақай бастағандай. Күйме терезесінің жақтауынан жел азынайды. Сырттағы суықтан, іштегі беймаза үрейден бойлары қалтыраған жолаушылардың өңдері тым жадау. Керуеннің алдында да, соңында да, екі қапталында да мұздай қару асынған, қабақтары түксиген сұсты жасақтар. Бірнеше күймеге бөлініп отырған отыз шақты жүздері жабырқау, көңілдері қаяу бұл мүскіндер – орыс жұртының патшасына алып бара жатқан тұтқын пақырлар. Пұшайман халге түскендеріне қарап, оларды кең-байтақ Ібір-Сібір өлкесінің әміршісі Көшім ханның жамағат-жұрағаттары деп айта алмастай. Жасыған, қорланған, қажыған, қалжыраған. Көкіректе– шер, көзде – жас, үміт аз...
Қырық жылдық хандық ғұмырының жартысына жуығын Русияның жаулаушы жендеттерімен шайқаста, қуғын-сүргінде, ат үстінде өткерген ханның әулеті. Ол ең соңғы табан тіреген жері – Обдария жағасындағы ақтық ұрыста жеңіліс тауып еді. Өзі үш ұлымен, санаулы сарбаздарымен әрең сытылып шыққан. Үлкен орданың үпір-шүпір жандары тегіс жат қолына тұтылған. Көшім ханның жиырма шақты ұлы болған деседі. Солардың арасынан осы сүргін жылдары қару асынып, жаумен қарсыласқанының қаншасы оқтан опат болды. Інісі Мұхамедқұл мен үлкен ұлы Әбілқайырдан бастап, бірнешеуі қолға түсіп, бұрын да тұтқынға жөнелтілген. Олардың қайда екендерінен бұлар хабарсыз. Қалың жыныс орман-тоғай ішін паналап, көшіп-қонып жүргенде аурудан ажал тапқандары қаншама? Бұл келе жатқандары ханның әулет-жұрағатының ұзақ жылғы сүргіннен аман қалғандары еді. Соңғы тұтқындар керуені. Олар – қартаң тартып, ажары тайған ханымдары, екі жастың біріне келмей, көздерінің нұры сөніп, өңдері уайымнан сарытап болған келіндері, жүздері сынық қыздары мен бұғанасы қатпаған жас балалары, немерелері.
Ішінде үлкен ханымдары Салтан, Сүйдімжан, Шапшаң, Ақтұлым бар, естияр ұл-қыздарынан Ханзада, Асманақ, Берді-Мұрат, Көбей-Мұрат, Бибатша, Алтынай, Күміс, Шәйім, Гүлсипат, Дерпатша, Қаражан, Мөлдір, Тұлымбек, Хансүйер, тағы біраз қызыл қарын жас балалар бар...