Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

ҚАСАЙ МЕН ЖЕКЕЙ

Заря Жұманова 1959 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,"Сүйіндік" кеңшарында дүниеге келген.

Жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. «Түнгі оттар», «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Сіз іздеген әлем» прозалық жинақтарының авторы. Халықаралық, республикалық прозалық шығармаларға арналған байқаулардың жүлдегері. Халықаралық «Сорос - Қазақстан» қоры ұйымдастырған әдеби байқаудың жеңімпазы. Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты,"Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері.

Шежіре

Қазақ батырларына ана болған қалмақ арулары жайлы бірер сөз

Менің қайын атам мінезі салмақты, көп сөзге жоқ, кім көрінгенмен ашылып, сөйлесе қоймайтын біртоға жан еді. Жылына бір рет жазғы демалысымызда сонау Сарыарқадан артынып-тартынып, балаларымызды сүйретіп, Сыр бойындағы қара шаңыраққа келетінбіз.  Жылма-жыл есік алдына киіз үй тігіп қоятын. Атадан балаға жеткен шаңырақ пен керегеге, көнерсе де бояуы көшпеген басқұр-бауларға қарап отырып, сан түрлі ойларға берілетінмін. Бір сәт сонау заманда өмір сүрген   көшпелі халықтың ұрпағы екеніміз есіме түсетін. Өзім ақ босағасын аттаған байырғы әулеттің өткен тарихын білгім келетін. 

Шәй құйып отырған келіні емес, кәдімгі журналист ретінде көкемді әңгімеге тартамын. Кең маңдайынан шып-шып шыққан терін түкті сүлгімен сүртіп, «Қазалы кірпіш зауыты» жасаған, жалбыз дәмі татитын, ақшыл сары түсті, жабысқақтау ұзынша мұз кәмпитті шекер қайшымен бырт-бырт сындырып, көк шәй құйылған кесесіне тастап қойып, әңгімесін бастайды...Сексеуілге қайнатылған шоқ самаурын суып, ішіндегі суы сарқылғанша отырамыз. Көкем екеуміз. Сыртта асығыс шаруасы барлар шөлдерін басқасын дастархан басында көп аялдамайды. 

Әңгіме қызығына берілген көкем көп ешкімге көрсете бермейтін шежіре-дәптерін көрсетеді. Зәулім ағаштың тамыры мен бұтақтарындай тармақталып жатқан сызба суреттерге үңілемін. Әңгіменің кей тұсын қағаз-қалам алып, түртіп қоятынмын. Сөйткен көкем де өтті өмірден. Ол кісіден қалған шежіре менің қолымда. Айтқан әңгімелері жадымда жүр. Бүгін солардың бірін оқырманмен бөліспекпін.

***
Көкемнің айтуынша, Қаракесек бай (Байсары, Əлім жəне Шөменңің əкесі) қартайған кезінде жас əйел алып, балалары Əлім мен Шөменнен бөлек отырыпты. Бірақ бұл əйелінен бала болмайды да, Қаракесек атамыз Əлімнің тоқалы Күлтебикеден туған немересі Ұланақты қолына алып, еркелетіп өсіріпті. Атамыз балпанақтай немересін құйрық-жалына қызылды-жасылды күлтелеп тұмар таққан, күміспен шегеленген ер салып, ою-өрнекті жабу жапқан құнанға мінгізіп қояды екен де, "Осы күлтелі балам бай болады, сасық бай болады", - дейді екен.  Сонан Ұланақ бала  "Күлтелі Сасық", кейінірек "Сасықбай" атанып кетіпті. Ал сол Сасықбай өз əкесі Əлімді мойындамай: "Мен Қаракесектің баласымын", - деп, еркелеп өсіпті. Ер жеткен соң Ұланақты Қаракесек бай үйлендіріп, соның келіншегін жұмсайды. Өмірден өткенде  сүйегі сол үйден шығыпты. Содан, Ұланақ атасы - Қаракесек байдың шаңырағына ие боп, кейін Ұланақтың ұрпағы атасының атымен "Қаракесек" руы атаныпты.  

Қаракесек руы Есіл, Тобыл боп екіге бөлінеді. Жұрт Тобылды — "Қазантебер" немесе "Тепер" деп те атайды. Оның мəнісі: Тобыл əпербақан, ұрдажық, мінезі шатақ, бірбеткей өте тентек бала болып өсіпті дейді. Бірде әкесі Есіл мен Тобылға еншілерін бөліп, елге ас бергелі жатқанда, Тобыл өзіне бөлінген еншіге риза болмай, өкпелеп, ет асылып жатқан қазанды теуіп, төңкеріп кеткен көрінеді. Сонан бастап ол "Қазантебер", кейін "Тепер" атанып кетіпті, ал оның ұрпақтары кейіннен "Тепер Қаракесек" руы атанған дейді. Тобылдың ("Тепер" Қаракесектің) ұрпақтары Астрахань жағында тұрады деп естимін. Кейбір шежірешілер Арқадағы Арғын ішіндегі Каракесектерді соларға жатқызады.

Ұланақұлы Есілден - Үңгіт, Жолай туған. Үңгіттің бəйбішесі Табаншы, Естек деген екі баладан кейін қайтыс болады да, Үңгіт екінші рет Қара қыпшақ Қобыланды батырдың қарындасына үйленіпті, содан Жақау батыр туыпты. Жақау батыр нағашысыҚарақыпшақ Қобыланды батырға тартып, нағыз батыр жігіт болып өсіпті. Жау шапқанда қырғидай тиіп, жаудың бетін қайтаратын көрінеді. Жақау он алты жасқа толғанда, əдейілеп іздеп нағашысы Қобыландының аулына барады. Онан ешкім «Кімсің? Неғып жүрген баласың? Қайдан келдің?» деп жөн сұрамағасын, ол да ешкімге ештеңе айтпай, көптің бірі болып елеусіз жүре беріпті. Қыс өтіп, қар еріп, көктем шығады. 

Жақау жылқышыларға қосып қойған атын алдырып, ерттеп мініп,  еліне қайтқалы жатқанда Қобыланды шал: "Сен бала, былтыр келдің, биыл кетейін деп тұрсың, неғып жүрген жансың?" - деп сұрапты. Сонда Жақау: "Мен сіздің жиеніңізбін. Қарындасыңыздан туған баламын. Әдейі нағашымды  іздеп, сіздің ауылға былтыр келгем, менен ешкім жөн сұрамады. Енді еліме қайтқалы тұрмын", - деп жауап беріпті. Оның жиендігіне сеніңкіремей тұрған Қобыланды шал ойланып тұрьш: "Онда, мал алып қайта ғой!" - депті. Осы кезде Жақау атына мініп, үндемей кете беріпті. Сонда Қобыланды қасындағыларға қарап: "Мына баланың артынан қарап бақыландар, байқаңдар! Кетіп бара жатқанда, атын тебінбес, атын қамшыламас, артына қайырылып қарамас. Осы айтқаным тура келсе, кері шақырып əкеліңдер", - депті. 

Айтқанындай солай болады да, баланы кері шақырып Қобыландыға алып келеді. Қобыланды сонда: "Жиен болсаң боларсың, мына сауытты киіп кет, саған сыйға бергенім", - деп өзінің сауытын берген екен. Кейін Жақау батыр сол сауытты киіп, бірнеше рет жауға шапса керек. Өлерінде сауытын ұлы Қасаболатқа қалдырыпты, ал қазір қайда, кімде екені белгісіз.
 
Жақау батыр бірнеше əйел алған көрінеді. Бəйбішеден Əтеке деген баласы болыпты, онан Аталық, онан Тінібек туыпты. Жақау батыр қалмақтармен соғыста жүргенде бəйбішесі қайтыс болыпты. Ағайындары Жақауға сыртынан үйінде қызметші болып жүрген Нəбира деген қызды əйелдікке ұйғарады. Соғыстан қайтып оралған соң, сол қызды əйелдікке алыпты. Сол Нəбира тоқалдан Аман мен Түмен деген екі балалы болыпты. Қайтыс болған бұрынғы бəйбішесінің төркіндері Нəбираны Жақауға қосыпты деген сөзді естіп, келіп: "Қызымның ақ төсегін есікте жүрген күңге бастырмаймыз", - деп, үйіндегі екінші қызды (балдызын) Жақауға беріпті. Осы əйелінен Жақсылық деген ұл туыпты. Онан кейін Жақау төртінші əйел алған көрінеді. Бұл əйелінен Ноғай, Шоңай деген екі ұлды болыпты.

     Қазақ пен қалмақ соғысқан бір шайқаста күймелі арбасымен қалмақ ханының Қос-Ай (Қасай), Жеке-Ай (Жекей) деген екі қызы қазақ сарбаздарының қолына түседі. Ол заманда тұтқынға түскен сұлу қыздарға жар таңдауға мүмкіндік беріледі. Қос-Ай қыздың көзі – Жақау батырға түседі. Жақау батыр оны тоқалдыққа алады. Қалмақ ханының аяулы қызы, ақ бетіне шаң қонбай, еркін өскен  Қос-Ай ару Жақау батырдың қазақ  әйелдерімен бірге тезек тере шыққанда, басқалар құсап зілдей қапты арқасына салып, бүкшимей,  қапты жермен сүйреп, қаққан қазықтай тіп-тік  жүрсе керек. Оған ыза болған күндес әйелдер: «Әй, сен неге әлдеқандай боласың?! Бізді батыр малын беріп алған, сен сұрауы жоқ, тегін келген  жаман күң екеніңді ұмытпа!»-деп тиіседі. 

Сонда Қос-Ай анамыз: «Сендерді малын беріп алса, мені жанын беріп алды!»-деп ұтымды жауап беріп, әйелдердің ауызына қақпақ қойған екен. Жан алып-жан берген ауыр шайқаста қолға түссе де, Қос-Ай анамыз келген жеріне судай сіңіп, балдай батуға тырысады. Жақау атамыз Қасаболатқа ештеңе деместен,  тек қазақ әйелдерінен туған ұлдарын ілестіріп, қалмақтармен кезекті бір соғысқа  аттанғалы жатады. Мұңайып, бір шетте тұрған ұлын  көзі шалған Қос-Ай ана құлын күнінен өзі бағып-баптаған тұлпарының тізгінін Қасаболаттың қолына ұстатып: «Балам, ағаларыңнан қалма! Әкеңмен бірге барып, атажауыңды жеңіп қайт!»-деп, алақанын жайып, ақ батасын береді. Сол шайқаста Қасаболат «Қасай! Қасай» деп, анасының атын ұран ғып, тайсалмай жауға шауып, елден-ерек ерлігімен әкесінің көзіне түседі.
 
Жақау батыр шайқас жеңіспен біткен соң, оқшырайып ешкімге қосылмай, бір шетте тұрған Қасаболатты қуанып қасына шақырады. Ол:   «Балам, батырлығыңа көңілім толды. Бірақ әкесіз бала құсап, шешеңнің атын ұран ғып шапқаның дұрыс болмады!»-дейді. Сонда Қасаболат: «Әке, мен бұл шайқасқа сіздің емес, анамның батасымен аттанғам!»-деп ойындағы сөзді бүкпей, өкпесін айтып салады. Сол күннен бастап, Қасаболатты Жақау батыр қасынан қалдырмайды. «Қасай ана болмаса, Қасаболат тумас еді» деген сөз ел ішінде содан қалса керек.  
     
Осы қалмақ əйелінен Жақау атамыз Қасаболат, Малайсары жəне Шой деген үш ұлды болыпты. Сол үш ұлдан тараған ұрпақты жұрт "Қасай Қаракесектер" атап кеткен екен,-деп көкем баяғыда  суып қалған кеседегі шәйін қағып салды.
-    Көке, ал анау, қалмақ ханының кіші қызы – Жеке-Ай сұлудың тағдыры не бопты? Одан хабарыңыз бар ма? –деймін, әсерлі әңгіменің аяғын соза түскім келіп.
-    Жеке-Ай болашақ жарын таңдағанда,  үйленбеген бір жігітті қалайды. Ауылы аралас, қойы қоралас қатар жатқан қазақ, қалмақ ауылдарының жиын-тойларында көріп, сірә сол жігітті өзі де сырттай ұнатып жүрсе керек. Бірақ бағзы қазақтың салты бойынша үйленбеген жігітке басқа ұлттың қызын бәйбіше етіп алуға шалдар рұқсат етпейді. Қыз да айтқанынан қайтпай табандап тұрып алады. 

Көпті көрген бір қария: «Көңілсізден к...ті жоқ бала туады» деген сөз бар. Қыздың көңілі осы жігітті қалап, соған ықыласы қатты құлап тұрса, бетін қайтармайық, ұрпағы дұрыс болады!»-дейді. Ақыры ақсақалдар ұзақ ақылдаса келе, «Ең әуелі қазақтың қызымен некесін қиып, сосын қалмақ қызына үйленсін»,-деп бәтуа қылады.  Сөйтіп ауызы дуалы ақсақалдар әлгі жігітке бірден екі әйел әперіпті. Екеуінің отауын бір-бірінен алыс тігеді, екі әйел екі бөлек ауыл болып отырады. Жеке-Айдың қолының ісмерлігі болады. Ол өзінің қызметші қыздары мен малшы жігіттерінің бәріне өзіне тән ою-өрнекпен біркелкі киім тігіп береді. Сырттай көрген ел-жұрт тұмақ, шапан, камзолдарына қарап, Жекей ауылының адамдары екенін жазбай танитын болған,-деді көкем. 

-    Е, қазіргі тілмен айтқанда, Жекейдің өзінің «авторлық дизайны» болды десеңізші,-деп таңдандым. Үй шаруасымен ішке бір кіріп, бір шығып   жүргенде, шалының әңгімесін  құлағы шалған  апамыз да:
-    Иә. «Жекей тымақ» дегендер әлі де ел ішінде бар ғой, -деп сөзге араласты. 
-    Сонда Жекей де осы Сыр өңірінің келін болған ба?-деймін қызыға сұрап.
-    Жоқ, одан туған ұрпақтар Ақтөбе  жағында тұрады деп естимін,-деді көкем әңгімеге нүкте қоя, ас қайырып, бетін сипады да, сыртқа шығып кетті... Өкінішке орай, ол тақырыпқа біз қайта оралмадық. Жекей сұлудың қай рудың жігітіне күйеуге шыққанын, одан қанша ұрпақ сүйгенін біле алмадым. 
(Бәлкім оқырмандар арасынан білетін адамдар шығып қалса, онда көктен іздегенім жерден табылар еді!)
***
Көкем Жамал Алғазыұлынан естіген сол әңгіменің әсерімен, біраз жылдан бері там-тұм тарихи деректерді іздеп, Қос-Ай (Қасай)  әжеміздің қай соғыста Жақау атымызбен жолыққанын зерттей бастадым. Бұл өзі сонау бір алмағайып  заманда болған оқиға екен. 2011 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ энциклопедиясының»  880-бетінде былай деп жазылған екен:
«Еділ бойын жайлаған хашауыт қалмақтарының бір шоғыры,   талай қырғын шайқасты бастан кеше жүріп, қазақтың кең даласын көктей өтіп шығыста Қытаймен іргелес ұланғайыр жерді тұтас  алып жатқан  Жоңғария мемлекетіне -  өз атамекендеріне жетуге ұмтылады.
      
«Шаңды жорық» - қазақ-қалмақ соғысындағы соңғы шайқастардың бірі. Қазақ әскерлерінің Еділден Жоңғарияға үдере көшкен Еділ қалмақтарын өкшелей қуған жорығы халық арасында осылай аталған. Қытайдағы Цинь империясы Жоңғар хандығын талқандап, халқын қырып-жойғаннан кейін Еділ қалмақтарына ата-бабаларының жері қаңырап, иесіз қалды деген лақап тарады. Осыған байланысты халықтың көшбасшылары Ұбашы хан және Церен тайшылар тайпаластарын атамекендері Жоңғарияға қайтару үшін ұлы көш жасауға үгіт жүргізді. 

Шапқыншылықтардан қажыған, Ресей өкіметінің қысымына шыдамаған қалмақ халқы 1771 жылы қаңтарда көшуді бастады. Қалмақтардың негізгі бөлігін құрайтын торғауыттар Еділдің сол жағасын, яғни оның шығыс жағын; дүрбіт пен хошауыттар оң жағасын алып жатқан еді. Көш 5-қаңтарда басталып, 11198 отбасы өзенінен өте алмай Ресей шегінде қалуға мәжбүр болды. 30909 отбасы немесе шамамен 170— 180 мың адам қазақ жері арқылы өтуге бет алды. Олардың қарулы күштері - 40 мың жауынгер еді. 

Еділ қалмақтарының көшкені туралы хабар алған Ресей үкіметі оларды күшпен кері қайтаруға тырысты. Бірақ олар қуғыншы ұйымдастырғанша, қалмақтар қазақ иеліктеріне тереңдеп еніп үлгерді. Қалмақтар бірнеше қазақ ауылдарын таптап өтіп, Жем өзенінің жағасында аз уақыт аялдады. Олардың келгенін білген Кіші жүз ханы Нұралы тез арада әскер жинап, қарсы аттанды. Жем өзенінің бойында алғашқы шайқас өтті. Ұбашы жеңіліс тапты және Нұралыға уақытша бітім туралы хат жолдады. Бірақ ол нәтижесіз болды. Қалмақ көштері Мұғалжарды айналып өтіп, одан әрі жылжыды. Көктемгі су тасуы кезінде қамыстан сал жасап, Торғайдан қиындықпен өтті. Көштің артында қалған қаза тапқан адамдардың мәйіттері, әлсіреген адамдар күн сайын көбейе берді. 

Қазақтар көштің жүрісін қадағалап отырды және толассыз шабуылдар ұйымдастырып, мол олжаға кенелді. Наурыз айынан бастап жаздың ортасына дейін төрт айдай уақыт бойы қалмақтар қазақ жасақтарын қиындықпен тойтарып, аялдамастан ілгері жылжыды. Маусымның аяғына қарай олар Сарыарқаны толығымен Балқашқа дейін қиялай кесіп өтіп, Мойынты өзені жағасында аялдады. Осы жерде оларды Абылай хан бастаған қазақтардың біріккен әскері қоршауға алды. 
Қазақ жауынгерлерінің жалпы саны елу мың болды, жекелеген жасақтарды Нұралы хан, Әділ сұлтан, Орыс сұлтан басқарды. Өлім қатерін сезген қалмақ басшылары Абылай ханға бодандыққа қабылдауды ұсынып, елші жіберді. Қалмақ елшілерінің ұсыныстарын талқылау үшін Абылай әскери кеңес шақырады. Абылай олардың ұсынысын қабыл алып, шығыстан төнген қытайлардың қаупіне қарсы қалқан ретінде пайдалануды көздеді. 

Бірақ тоғыз ұрпақ бойы осы жаумен соғысып келген халық өкілдері оларды біржолата жойып жіберу керек деп мәлімдеді. Кеңес созылып кетіп, үш күндік бітім жарияланды, оның соңғы күнінде тұтқындар алмасып, мәселе түпкілікті шешілетін болып белгіленді. Бірақ үшінші тәулікке қараған түнде қалмақтар аса күшті соққы жасап, қоршау шеңберін бұзып өтті. Таң алдында қазақтар жауынгерлік қатарын қайтадан тәртіпке келтірді. Қазақ жасақтары жауды күндіз-түні өкшелей қуып, әскери күшін біртіндеп жоя берді. Қалмақтар Балқаштың тұщы сулы батыс жағынан айналып, Іле өзенінің бойымен жоғары өрлеп Жоңғарияға өтуді жоспарлады. Алайда қазақтар оларды суға жеткізбей, шөл даламен басуға мәжбүр етті. 

Шөл мен сансыз шайқастардан қалжыраған қалмақтар қырылып, тірі қалғандары тұтқынға түсумен болды. Тек ең табанды, жақсы қаруланған аз ғана тобы Қастек, Қаскелең, Кеген және Нарынқол арқылы зор қиындықпен Жоңғарияға жетті. Мойынтыдағы түнгі шайқаста қалмақтардың бір тобы бөлініп шықты. Танжу тайшы басқарған бұл топ Балқаштың солтүстік жағалауын жағалай жүрді. Біраз уақытқа дейін оларды ешкім байқамай бұл көш жағдайларын жақсартып алады. Алайда көп ұзамай қазақтар бұларды да қыспаққа алды.
     
Бұл кезде олар Аягөз, Қаратал өзендерінен өтіп, Ілеге жеткен еді. Соған қарамастан қазақтардың шабуылынан олардың да 1/10-і ғана қашып құтылды. Олар Іленің жоғарғы жағына қарай қашып, Қытай шептеріне жеткен еді. 

Жайықтан Жоңғарияға дейінгі аралықты алты айда азаппен өтіп, тірі жеткен 10-15 мыңдай қалмақтар Қытайға барып, құлдық қамытын киді. Цин әкімшілігі оларды жекелеген ұсақ ауылдарға бөлшектеп, өзінің боданы деп жариялады. Қалмақтардың Еділден Жоңғарияға үдере көшуі Еділ-Жайық бойында үлкен дүрбелең туғызды. Көп ұзамай бұл маңда Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі басталды. Жайықтан өте алмай Ресейде кідірген 50-60 мың адам аман қалды».

 ***
Қазақ батырларының ішінде Қасаболат сияқты қалмақ аналардан туған әйгілі адамдар аз емес. Салқам Жәңгірдің бесінші ұрпағы  -Абылай ханның 12 әйелінің 7-еуі қалмақ қыздары екен.  Бұл туралы Абылайға арнаған жырында Бұхар жырау былай депті:
Қалмақтан алдың бір зайып,
Сүйегіңді жоғалтпас.
Абылайымсың алқатқан,
Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан,
Қосының болсын қазақтан.
 
Тәуке ханның да, Қабанбай батырдың да аналары – қалмақ қыздары болған. Шығай ханның анасы Абайхан-бегім жас кезінде қалмақтың асқан сұлу аруы болса керек. Абылайдың әйгілі батыры Малайсарының да анасы қалмақ қызы деген дерек бар.  Кенесары секілді жүрек жұтқан батыр  Қасым сұлтанды қазаққа сыйлаған Топыш ханым да - қалмақ қызы. 
«Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған заң жинақтарын шығарумен тарихта аты қалған  Есім хан мен Қасым хан есімін естімеген қазақ жоқ шығар. Сол Қасым хан - Есім ханның Дилхаш деген қалмақ әйелінен туған. Ал Дилхаш қалмақтың тұңғыш ру басы Хо-Урліктің (Қойырлық) қызы екен. Қойырлық 1628-1632 жылдары бірнеше қалмақ руларын бастап барып, Ноғай ордасын жермен-жексен етіп, соның орнына Еділ өзенінен төмен жерден Қалмақ хандығын құрыпты. Қойырлықтың қызы Дилхаш ханымды қазақтардың құда түсіп алуы – сол замандағы қазақ пен қалмақ арасындағы бірліктің, бір-біріне  өзара көмек берудің дәлелі іспетті.

Қойырлық туралы сөз болғанда, Қазтуған жырау туралы айтпай кетуге болмайды. Өйткені Қойырлық әулеті Қазтуған жырауға нағашы жұрт боп келеді.  Ресей Ғылым академиясына қарасты Қалмикия тарихи орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты, Владимир Тепкеевтің айтуынша, әйгілі Қазтуған жыраудың анасы – Бозтуған қалмақ ру басының қызы екен. Өзінің жыр толғауында Қазтуған жырау – анасы Бозтуғанды алуға әкесінің күйеу боп барғаны туралы былай депті:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ақ ала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұл Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт.

Кіші жүздің ханы Әбілхайыр ханның немересі Қаратай сұлтанның да анасы қалмақ қызы болды. Қаратайдың әкесі  Нұралы сұлтан да Рыс есімді қалмақ қызына үйленген. Тіпті сол Әбілхайыр ханның да Баян деген қалмақ әйелі болған, одан Шыңғыс сұлтан туған. Бұл туралы А.И.Тевкелев өзінің «Поколенная роспись династий казахских ханов и султанов и описание родоплеменного состава трех жузов» деген еңбегінде атап көрсетіпті.

Діні бөлек болғанымен, тұрмыс-салты ұқсас, киіз туырлықты қазақ пен қалмақ  арасына «алтын көпір» салған, есімдері қазақ руларына ұран болған  қалмақ арулары жайлы осынау шағын мақалада түгел қамтуды алдыма мақсат етіп қойғаным жоқ. Оған менің шамам да жетпес еді.  Тамыры тарих қойнауына кеткен қазақ-қалмақ қарым-қатынасындағы ақтаңдақ  тұстарды зерттеу енді тарихшы ғалымдарымыздың еншісінде. Біз талай заманнан бері қалмақтарды жете бағаламай жүрген сияқтымыз. Киногерлеріміз тарихи фильм түсірсе, тек қазақ пен қалмақ арасындағы   қырғын шайқастарды арқау етеді. Алайда, тамаша тарихи тұлғаларымызға аяулы ана болған қалмақ қыздары - тасада қалып жүрген таптырмас тақырыптардың бірі деп ойлаймын.