Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ: «Келесі кім?»

Буллинг - жасқа қарамай жүргізілетін  зәбір түрі. Зәбір көрушіге топ болып жабылуды моббинг дейді. Буллингтің  негізгі төрт түрі белгілі. Атап айтқанда, сөзбен қорқыту, күшпен қорқыту, реляцион түрі және кибернетикалық буллинг. Бұл төрттіктің бірі – кибербуллинг, яғни, онлайн күш-көрсету. Енді қараңыз, Қазақстан да әрбір бесінші бала буллингтің құрбаны. Ал, одан жоғары оқу, жұмыс, ұжым статистикасы белгісіз.

  Егер буллинг анықталып, ол тергелсе жақсы. Бірақ,  осыдан екі-үш жыл бұрын Талдықорғанда бір оқушыны үш қыз аяусыз ұрған видеоны блогер қыз желіге таратқаннан кейін, буллингтің бірнеше видеолары дайректте жалғасын тапты. Көп жас жеткіншектер  құтқарушысын тапқандай қуанып, үш-төрт жыл бұрын өтіп кеткен оқиғалар мен кінәлілер туралы ақпаратты таласа берген еді. Бірінен кейін бірі: «ақ қояным, атып шық!» деп жасырынып шыққан видеолардан  қан -жоса болған қыздардың неше түрі бар. Кей бейнежазбада қыздарды түсіріп отырған ер балалар концерт тамашалағандай отыр. Концертте зәбірленушінің даусы шықса: «Шыңғыртпашы!» деп ескерту жасап қояды. Демек, бұл дегеніңіз - бұған дейін жәбірленушілер қорғау органдары мен ұйымдарының бірде-біреуіне сенім артпаған деген сөз. Оқу орнында жүргізілетін анонимдік сауалнамалар буллингтің оннан бірін ғана шешетінін көрсетеді. Өйткені, таныс арқылы шешу, айыппұл, 15-20 тәулік қамаумен ғана мәселе шешілуі мүмкін. Жер жаратын оқиға орын алған кезде ғана жауаптылар «қарастырылып жатыр» деумен ғана, жабулы қазан жабылуымен қалды. Жазаланған бұзақылар еркіндікке шыққан соң, ойран салмауына кім жауап бере алады?


  Ендігі мәселе - бұл қайдан шыққан ауру? Дені сау адам мұндай әрекетке бармайды. Психологиясы бұзылған тіршілік иесі десем, ауыр сөз болмас. Хайуанның жаратылысы жыртқыш болғасын, қан шығарады, бірақ азық қылады. Ал, адамға не жетпейді? Буллинг жасаушы басқаларды көре алмайды, басқаларға ұнағысы келеді, өзінің басқаларға қарағанда жоғары екенін сезінгісі келеді, оны барлығы тындағанын қалайды, өзі де өзгелердің қорлауынан зардап шеккен болуы әбден мүмкін. Қорлау басқаларға қасірет тудыратынын түсінбейді. Бұл ата-ананың балаға толық махаббат бермеуінен де туындауы мүмкін. Мән берсек, келеңсіз орын алған жағдайларда айыпталушы толық отбасынан болмайды, немесе ата-аналардың көзқарасы мүлде екі түрлі болып шығады. Оған «қасқырдың аузы - жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, КТК арнасының атышулы «Астарлы Ақиқат» бағдарламасының кейіпкерлері дәлел секілді. Буллинг жасаушылардың  психологиясын түземесе, олардан кәдуілгі қылмыскерлер шығуы да ықтимал.
   Күш көрсету үстемдігі балабақшадан бастап, ересектерге дейін орын ала бастады. Мысалы, 2021 жылы Алматыда №58 балабақшада балалар өзге баланы ұрып тастаған. Бейнематериалдағы кадрларда тәрбиешінің балаларды ұрғаны көрсетілген қылмыстық істер де жетерлік. 2022 жылы Түркістан облысында екі ауданның полицейлері басшылықтан қысым көріп отырғанын айтып, шағымданған. Ал, әскердегі қоқаң-лоқылар жайлы тіс жармай-ақ қояйын. Адамның сыртқы дене мүшесін жарақаттамай ғана, ішкі жан дүниесін қиратып кететін азаптың заты да бірнеше топқа жіктеледі. Адамды мүгедек болуына байланысты қорлау және оған тіл тигізу, басқа елден келгендіктен қысым көрсету, дініне немесе нанымына байланысты әдепсіздік таныту, адамның жынысына қатысты басқаша көзқараспен қарау және басқалары. Бұл бәлекеттің көзін құрту үшін психологтардан құрылған топтардың кәдімгідей кәсіби жұмысы керек. Жәй баннер қағаздар, мекеменің қызметкерін шақыртып үгіт-насихат жүргізу, психологардың қарапайым түсіндерме слайдтары тек тақырыптың бетіне су шашумен тең. Үлкен толқын керек. Ата-аналар балалармен қарым-қатынасын реттегені дұрыс. «Сенің қолыңнан не келеді?», «Өзің нашар болғасын, сені ешкім жақтырмайды!», «Сол баладан таяқ жеп қалдың ба?» деген  сынды сөздермен баланың өзіне, әке-шешесіне, «111»жедел қоңырауына, қоғамға сенімділігін жоюға болмайды. Балаға өзін қорғауды, құқығын білуді үйрету қажет.
  Ұлыбританияда «Дербес және әлеуметтік білім беру» сабақтарында ұжымдағы проблемалар талқыланады. Әдетте, оқушылар белгілі бір оқушының мәселесін бірге шешуге тырысады. Бұл ұйымшылдық пен командалық рух сезімін тудырады және қорқыту қаупін азайтады. Сонымен қатар, кибербуллингке қарсы арнайы сабақтар бар. Жәбірленуші мен қорлаушы арасында диалог құру, яғни, «Жалпы алаңдаушылық тудыратын әдіс» (Method of Shared Concern)  үйретіледі. (Buddy Benches) — бұл бастауыш сынып оқушыларына арналған арнайы орындықтар. Балалар дос тапқысы келген кезде арнайы орындыққа отыра алады. Мұғалімдер бұл орындықтарды қадағалап, басқа балаларға қосылуға көмектеседі. Ал, Канадада Relationships and Eliminating Violence Network (PREVNet) атты 62 оқытушыдан, 27 канадалық университеттерден, 52 ұлттық топтардан тұратын күрес ұйымы бар. Бізге де оқу ордасының барлық санатына бүлдіршіндердің,  жасөспірімдердің, студенттердің өзін қорғау әдіс-тәсілдерін үйрететін психология пәнін  қосу қажет. Ғалымдар психологияны жалпы білім беру пәні ретінде керек деп тұжырымдайды. Жан ғылымы баланың біртұтас дүниетанымын қалыптастырып, қоршаған ортамен байланысты үйретеді. «Егер біз жастар өсімдіктердің, тастардың табиғатын білуі қажет деп санасақ, онда неге оларға адамның, дос-жолдастарының, өзінің ішкі әлемін білу міндетті емес? Неліктен есте сақтау, зейін, қиял, эффект дегеннің не екенін ғылыми білу - сыртқы құбылыстарды білу сияқты құнды емес?» деген екен орыстың ғалымы, психолог  Г.И. Челпанов. Яғни, баланың эмоцияны  тануын, жан сезімін басқаруының қажет екенін талап еткен. Мысалы, Ресей мемлекетінде 1947 жылдан 1958 жылға дейін психология негіздерін жоғары сыныптарда ғалым Б. М. Тепловтың оқулығымен оқытқан.
   Сөзімізге тұздық ретінде, жылдан-жылға жалғасқан оқиғалар тізбегіне тоқтала кетейік. Мәселен, 2019 жылы сәуірде Алматыда мүмкіндігі шектеулі студентті ұрған. Ал, 2022 жылдың сәуірінде Атырауда №36 мектепте зардап шеккен оқушыға жарақаттар ауыр болған соң кәсіби дәрігерлердің көмегі қажет болғаны есімізде. Тағы бір өкінішті жағдай балалардың демалыс-сауықтыру орнында орын алды. Атап айтар болсақ, 2023 жылдың 11-ші қаңтарында Бурабай лагерінде: «мама, мені шақырып жатыр, телефонды алып қояйын деп жатыр» деген соңғы сөзін айтып үлгерген 14 жасар ажсөспірімнің телефоны сөніп қалған. Өкінішке қарай, сол уақытта жасөспірімнің өзінің де өмірінің шырағы сөніп үлгеріпті. Осы бір жұмбақ жағдай әлі күнге анықталмағаны жанымызды аяздай қаритыны жасырын емес. Осы жылы 13-ші мамырда Атыраудан әскерге кеткен 19 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжан туралы Жетісу облысындағы Сарыөзек горнизонынан қаралы хабар келді. 1-ші мамыр күні қатты таяқ жеп,  екі өкпесі істен шыққан, диализбен жатып, өкпеге, жүрекке, бауырға, асқазанына су толып кеткен. Бұл - адам қолынан болған жарақат. Жауыңа да мұндайды тілемейсің. Аядай ғана Қазақстанға келтірілген мысалдар аздық етеді ме? Әлде құзырлы органдар сөзбен ғана шектелмей, әр мектепте, әр оқу орнында, әр гарнизонда арнайы психологиялық топтар құрып, аталған мәселенің шешілуіне ұйытқы болар ма екен?
Буллингтің келесі құрбаны кім..?