Өмірзақ Қажымғалиев - жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. ҚР гуманитарлық ғылымдар акедемиясының академигі, Қазақстанға еңбек сіңірген қызметкер. «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» төс белгісінің иегері. Атырау облысының және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.
Бақталастыққа бой алдырған Ноғайлы билері мен мырзалары билікке ұмтылып елдің жайын, халықтың қамын ойлауды қойып, әрқайсысы қарақан басын күйттеудің шеңберінен аса алмады. Ресей патшалығының қолдауымен қалмақтар 1619 жылы Ноғайлы Ордасын талқандап, 1633 жылы қалмақ хандығын құрды. Бұрынғы уыздай ұйып отырған елдің быт-шыты шықты, жерін қорғауға бас көтергендері қырғынға ұшырады. Қалың Ноғайлы күңіренді, күйзелді, өлгендерінің бетін жабуға мұршалары келмей қашты, босқынға ұшырады. Ноғай ордасының соңғы тұрақтаған Еділ Жайық арасы азалы да қаралы болды. Өндіршектеп, өкіреңдеп келген қалмақтардың мейманасы асып елге ашкөзденіп озбырлық жасады. Қойға тиген қасқырдай қорғаушысы қалмаған халықты қырғынға ұшыратты. Зауал шақ туып, тұрымтай тұсына дегендей берекеттері кетіп, естен айырылып басы ауған жаққа жөнелді. Сол тұста Үлкен Ноғайлы халқының негізгі құрамы, мемлекеттігі, яғни хандығы беркіп, тайпалық басқару жүйесі қалыптасқан Қазақ еліне, өздерінің қандастарына қосылды. Маңғыттар, Қоңыраттағы Ноғайлар, Мырзалар, арқадағы Ноғайлылар және басқалары күні бүгінде бастапқы атауларын сақтап келеді. Біраз тобы өздерінің аталас топтарына сіңісіп кетті. Қайсы біреулері барып қосылған руға бірігіп солардың атауларын алды. Ол жайды Профессор Ғарифолла Есіммен кездескенде біздің тамырымыз Ноғайлы аталарымыз Уақ руын қалыптастыруға қатысып, өздері сол атауды иемденген деуі сөзіміздің айқын дәлелі.Тарихи деректер Уақтын бір атасын Ноғайлыдан таратады. Үлкен Ноғайлыдан ығыстағандардың белді тайпалары Бұқара жеріне өткен. Бұқара құлағанға дейін әмірлік лауазымды атқарып, билік жүргізген. Ұзап көшуге қайраты да, жағдайы да келмегендердің өзіндік тарихы . орыстардың билігіне мойынсұнып паналаса, кейбіреулер шарасыздан Қалмақ билігіне көніп, қол астына кіреді. Кіші Ноғайлы Қырым хандығының иелігіне өтсе, жергілікті Қап тауларын мекендегендері өз ұлтын, ұлысын сақтап, тау қойнауында тұрақтады. Азаудың сар даласында еркін жайлаған елдің билер иелігіндегі халқымен Қалмақ хандығының билігін танып өз ұлыстарын басқарғандығы бізге жеткен жырлардан анық көрінеді.
Алаң да - алаң, алаң жұрт,
Ақала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жүрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт,–деп жырлаған Қазтуған жырау батырдың Алшағырдан тарайтын Дінбайдың Абдолласының баласы Сүйініштің ұлы екені айқын. Серікбол Хасанның Ресей мемлекеттік архивінің көне актілер жөніндегі бөлімнің «Ноғай істері» қорында ( 8. 127 Оп 1. Д 1. 1648 ж) Сүйініштің (Сюнча Абдулов) Ноғайдың жетісан (едисан) руының билеушісі екені көрсетіледі. Қалмақтың хандығының құрамында олардың мүддесін қорғап талай жорықтарға шыққан. Дон казактарымен жүргізілген келісімшартта Сүйініштің қалмақтар жағында белсенділік танытып жүргендігі қамтылған. Қалмақ ханы Дайчидың інісі Лаузанның қызы Бозтуғанды Сүйінішке әйелдікке бергендігін көрсетеді.
Жетісан (едисан) ноғайлары Кубан (Қобан) даласын жайлап, Қалмақтың мүддесін қорғап, талай сынға түссе де түпкілікті қоныстанып отыра алмады. Сүйініш мырза мекендері Бозан, Қиғаш бойын тастап бөле-жарылып қазақтарға қосылуға жылжи көшкен. Ұлы Қазтуғаннан көрген немересі Манаш атасымен бірге жүріп, дәм таусылып, Жайыққа жақындап қоныстанған жерде қайтыс болады. Сүйегі қалған жер Манаш аталып ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Қазтуғанның өмірге келген уақытын дәл айта алмаймыз. Оның «Мадақ» жырында:
Билер атты би соңы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып дінді ашқан
Сүйінішұлы Қазтуған!!!-дегеніне қарағанда әкесінің кенжесі, яғни Сүйініштің кенже баласы. Қалмақтың зерттеушісі Митиров А. Г.. «Ойраты-Калмыки: века и поколения» 1645 –1647 годы (Элиста Калм. Кн. Издателство 1998 г) кітабында «Калмыки, Кумыкский владитель Казаналы и князья Малый Кабарды напали на Кабарду» деген дерек бар. Сондағы Казаналы біздің Қазтуған емес пе?
Уақыт деректерінде бір-біріне қайшылық баршылық анығын дәлелдеуді зерттеуші ғалымдардың еншісіне қалдырамыз. Қазтуған Еділ бойында дүниеге келген. Қай шайқасқа араласты, анық айту қиын.
Еділ қоныс етпеңіз,
Жағалай қалмақ алады.
Жайықты қоныс етпеңіз,
Сыдыра біткен көкжиек,
Кәпірлер қала салады.
Аштарханды қоныс етпеңіз,
Шәһәрін оның алады,-деп толғауынан ата қонысын қимай, тастап көшкендігін байқаймыз. Бұл сапарында әкесі мен баласынан іргесі аулақ кетуінің себебіне зердеміз жетпейді.Сол жайды ескерсек, Қазтуған қазақ даласына қай қиырдан көшпті деп есептеуге болады. Жырын бізге қалдырса да өзі қайда? Ешкімге қосылмай ата жұртында қалғандығы жөнінде қолымызда басқа дерек жоқ. Сондықтан да жоғарыдағы зерттеушілердің пікірімен тоқталамыз. Ол кісінің тағдыры жөнінде анық мәлімет келтіре алмаймыз.
Ел қияға қонғай-ма,
Еділ, Жайық арасы
Кеңшілік қоныс болғай ма?!
Ебей басты құла үлек
Ернімен шырпы шалғай ма?!
Бұл қоныста отырып,
Біздің мұсылман баласы
Жағасы босап тынғай ма?!
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім
Аузы түкті кәпірдің
Күшті болған салдары-ай!
Кәпірден теңдік алуға
Қайта келер деймісің?
Мұсылманның баяғы
Шыңғыстан туған хандары-ай?! - деген жырларына сүйеніп Қазтуғанның Ислам дінін еш алаңсыз қабылдап мұсылмандық жолдағы қалпын айқындаймыз. Туып – өскен жерін:
Салп-салпыншақ анау үш өзен
Салуалы менің ордам қонған жер.
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер.
Жатып қалып бір тоқты,
Жайылып мың қой болған жер.
Жарлысы мен байы тең,
Жабағысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түнде ұйқысын таптырмас.
Қайран, менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!- деп қайғы жұтып, зарлана қимай қоштасқанда қай тарапқа ауды деген ой шырмауынан шыға алмаймыз. Христиан дінді орыстарға немесе Будда дініндегі қалмақтар арасында қалмағаны сөзсіз.
Баратын бір бағыт Қырым хандығына қарай ауысты ма, әлде сол сапарда Кубан даласы Ставрополье аймағы Кавказ тауын қоныстанған халықтың арасында сіңісіп кетті ме, қалай десек те сол бойында Қазтуғанның қаны бар ұрпақтар табылар. Немесе өзі қолбасшылық жасаған құмықтар арасына тұрақтап қалды ма, ол жайды дөп басып айту қиындау. Бір болжамда Оқ- Балқан арқылы Шам аспақ болды деген де бар. ҰлыМанаштың кіндігінен тараған Тұяқбайдың ұрпақтары арамызда болар, оны зерделеп іздеуші болса бір жерден қылаң берер. Ешкімге қосылмай ата жұртында қалғандар.Еділ бойлық Ноғайлы аталады. Олардың құрамында қазіргі Астраханьдағы ноғайлар, Бозан бойында орман тоғайды паналап, қарағаштар атанған Қобан ноғайлары бар. Олар Кубан даласын жайлаған жетісан ноғайларының Сүйініш мырзаға ілесіп келгендері болуы мүмкін деп болжаймыз. Еділдің теңізге құяр Қиғаш саласының түстігін қоныстанған Қондырауын (Кундуровские татарий). Бұл қандастарымыз Дон бойы терістік Донца, Кундрючая өзегін паналағандар. Жан-жақты қысыммен ығыстап келіп теңіз жағасындағы қалың жынысты алқапты паналағандар. Қалмақтардың ойранынан бас сауғалаған құрамы Ноғайлының әр тайпасынан тұратын бір шөкім ауылы Астрахань қаласының іргесіне қоныстанып, орыстардың қарауына еніп, қорғанына сүйеніп, Еділдің саласын сағалап «Тымақ» деген жерде отырды. Күндер өте ел болып, етегін жинады. Бірақ қас жауы санаған Орданың сілеміндей аз ғана ауылдың адамдарына сенімсіздікпен қараған орыс чиновниктері қудалап жүріп, зорлықпен өздерінен қашықтатып Сақмарға көшіреді.
Туған жерін, өскен елін сағынған халық күзетіп қараумен, қысымнан жылыстап шығып, қазақ хандығына қосылуға әрекет етуін тоқтатпайды. Ақыл мен айлалы істерінің әсерінен Сақмардағы ноғайлылар патша әкімшілігінің қарауынан сытылып шығып қандас, туыс қазақ ауылдарына көшіп келіп сіңіседі. Көш басшысы болған Дойнаш атамыз жөнінде бізге жеткен шындық негізге сүйенген хикая әңгіме бар. Ноғайлының ауқымды көшін кері қайтару үшін орыс қамалынан әскерлер шығып әрекет жасайды. Қуғыншыларды қайтару үшін Дойнаш бастаған ер азаматтар қарсы шығып арада қақтығыс болады. Кісі өлімінен де құр болмаса керек, әскердің алдын алып көшті ұзатып салады. Өздері ұрыс сала жүріп шегініп, қуғыншыларды бұрыс бағытқа, елсіз далалыққа қарай шығарады. Көш қуғыншы жете алмайтындай ұзағанда, іңір қараңғылығын пайдаланып, орыс жасақтарын адастырып құтылады. Орыстар қақтығыс кезінде Дойнаштың әйелі мен баласын қолға түсіріп, өздерімен бірге қамалға әкеледі. Оларды құтқаруға әрекет жасаған тұста қолға түсіруге есеп жасайды. Әйелі азаматын қолға түсіру үшін жасаған қулықты біледі. Қолдан келетін айла жоқ, өйткені Сақмар өзенінің биік шаппа жар жағасына тұрғызылған жан-жағы қоршалған қамал, олардың әрбір қалтарысында қарулы күзетшілер, араларынан қыл өтпестей беркіткен. Кіруге де, шығарға да жол жоқ.Үміт ететін жалғыз саңылау тік жармен ернектей салынған қорғанның етегіндегі ағынды дария өзек. Атамыз осы жолға тәуекел етіп өздері білетін ноғайлының тәсілімен атын жалдап өзен арқылы қамалға жақын келіп, дыбыс беріп, жарынан хабар күтеді. Әйелі де әрбір қимыл қозғалыс пен белгі болатындай қыбырды қалт жібермей тыңдап жатса керек, күйеуінің келгенін сезеді. Тыныштықты бұзбай жедел жиналып, қамалдың биігіне шығып күйеуіне «Маңдайыма жазылған азаматымсың, өзіңнің адал жарың едім, мынандай алмағайып заманда сезімге бой алдырып, бір кемістік жасамайық. Өзіңе әйел табылар, мен жарылған жұмыртқа болайын. Балаңды алып кәпірлерден құтыл. Еліңнің маңдайына біткен ерісің, халқыңды бостандыққа бастап, қандастарыңа қосылып, мұраттарың орындалсын. Мен жадыңда сақталсам жарайды. Дәм қосса табысармыз. Жаратқан иеден тілерім балам да, өзің де аман болыңдар. Арман мақсаттарыңа- жетіңдер,»-деп баланы дария ортасында атымен қалқып жүзіп тұрған жарына лақтырады. Күзетші казактар да келіп, үлгеріп, әйелді ұстайды. Түн қараңғылығында жинақталып қуғын ұйымдастыруға өнікті шара ала алмай қалады. Дойнаш та жауының капылуын пайдаланып, баласын қағып алып, өзеннің қарсы жағасына шығып кетеді.
Бұл, Сақмар өзенінің бойында Озерный қамалының 1725 жылы тұрғызылғаннан кейін болған оқиға. Қазақ елінде 1680 – 1718 жылдары Тәуке ханның басқару жүйесін қалыптастырып, орныққан тұсы. Халықтардың қоныстану аумағына сай үш жүзге бірігу аяқталған. Алаш атауы Қазақ хандығының тұрғындарына танылды. Алаш-қазақ егіз ұғым болып қабылданған-ды. Кіші жүз халқы, Алты ата әлім, Он екі ата байұлы, Жеті Ру бәрі 25 рулы ел болып Алшын тобын құрады.
Аталықтарын беріп, атау тағылып аяқталғаннан кейін қазақ болып қосылған қандастар өздерінің тайпалық құрылымы: үйсін, қояс, қостаңба, қазанқұлақ атауларын сақтап, Ноғай -қазақ руына біріктірілді. Сөзіміздің тарихи шындыққа сай келетіні ауыздан-ауызға берілген әңгімелер мен жырлардан көрініс тапса деректі құжаттарда анық таңбаланған. Жәңгір хан тағына отырғаннан кейін 1828 жылы ханның жанынан құралған сенаттың 12 мүшесінің бірі Шомбал би. Ол жөнінде Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанында:
Беріш, Шомбал Ноғайлы,
Хан қасына бақ қонған.
Беріш болып сіңісті,
Атасы келіп Сақмардан.
Жалған емес бұл сөзім
Қарттардан алып жатталған»- десе, ханға ықпалды биді мұқату үшін жел ауызды билердің біреуі «Мына отырған Шомбал ғой, елінен қашқан домбал ғой. Асылы оның Ораулы, Ораулыдан қашқан он ауыл. Арбасының ізі жосылған, Байұлына келіп қосылған. Құдай бақ берген соң ханның он тізесінен орын болды оған»- деп айтқан. Шомбал би Ноғай-қазақ руының қояс бөлімінен, Оразақайдың Нияз баласының ұлы. (Мұхамбетқалиев С, Ахметов Қ. Ғ, Габуллин Х. А. Байұлы мен жеті ру және Төре, Төлеңгіт, Ноғай-қазақ шежіресі. Орал қаласы. 2002 ж.) Патша чиновниктері уысынан шығып кеткен Ноғайлыларға өшпенді әрекетінен бас тартпады. Сол тұстағы қазақтың ханы Әбілқайырға босқын ноғайлыларды кері қайтару жөнінде сұрау салып, ұсыныс жасаған. Әбілқайыр хан патшаның тағайындаған генерал-губернаторы Неплюевтің сұранысына құлақ аспай өз қарамағына келген елді беруден үзілді-кесілді бас тартады. Одан кейін Нұралы хан түрлі сылтаулармен жергілікті орыс билеушілерінің уәжін орындамады.
Айтылған жайлар мен тарихи оқиғалардың негізінде Ноғай-қазақ руының қалыптасуы 1730 –1740 жылдар аралығы деп топшылаймыз. Еділ бойы ноғайлылардың бір тармағы зорлықпен қоныс аударып, үлкен қасіретпен азапты сапарды бастарынан өткізіп, ноғай-қазақ руы болып кері оралды. Жүрген жерлерінде түрлі жағдайлармен көшке ілесе алмай шашырап қалғандары басқа жұртқа сіңісіп кеткендердің де қарасы аз болмаған. Олардың қозғалысына үңіле қарасақ, негізгі құрамы Жайық өтіп, Еділ бойына Бөкей сұлтанмен бірге көшкен. Бөкейдің Жайықтан Нарынға келуі ресми түрде 1801 жыл десек те, олар 1797 жылдан бастап қоныстанғандығы анықталды. Сол тұста ноғай қазақтар ата жұртына жетіп орналасуында Әбілқайыр, Нұралы хандардың өздеріне жасаған жақсылығын ұмытпады. Ұзақ жол, елдің ауа көшкен тұсында Бөкейдің сенімді тайпасы болды. Хан өздері таңдаған жерлерді берді. Олар Сары өзен бойын Жақсыбай, Қара оба, Кожей өңірін, Жасқұс құмын жайлаған. Бөкей сұлтанға шын беріліп адал қызмет жасаған Құрманқожа атамыз қосшылық жасап теңіз өресіне бірге келіп, жақын қоныстанып отырған. Ғылыми тұрғыда жазба деректермен дәлелденген құжаттар болмаса да, үлкендердің шежіре әңгімесі, жерге орналасуы мен тарихи істерді салыстырып, сондай қорытынды жасай аламыз. Бөкей хан Кішкене аралды қыстап, жаз жайлауға Найза өңірін иеленген. Сол жердің тіке шығысында 15 шақырымдай жерде ноғай қазақтардың қауымы болғанын көрген кісілер айтады. Оның қате еместігіне сенімдіміз. Өйткені сол көрсетілген жерден 10 шақырымдай жерде қазіргі Ганюшкин бекетінің арқа тұсында үш шақырымдай орналасқан ЛПУ-дың өндірістік зонасының тіке батысында Құрманқожаның баласы Кенжәлінің бейіті жатыр. Құлпысын көрген кісілердің айтуымен анықталып, қоршалды. Сол бейіттің бесіндігінде екі шақырымдай жерде кең айдынды Ақкөл көлінің жағасында Мұқыш атамыз 1925 жылы үлкен ұлы Қажымғалиды үйлендірген. Яғни, менің анам Самиян сол жерге келін болып түскен. Оны өзінің көзі тірісінде талай айтқан. Қажымғалидың өзіне тете қарындасы Маруар апай баласы Амангелді сиыр бақташысы кезінде жайлап отырған.Біздер барғанда: - Шіркін-ай, осы жерде Самиян жеңешемді той жасап алып едік. Мынау үлкен айдынның шетіне көз жетпейтін көкжиегі көлмен көмкеріліп тұратын. Көгалда бойжеткен болып сауық-сайран салып едік,-деп өткен шағын есіне түсіріп, көкірек түбіндегі қимас та тәтті сәттерін аңсап көзіне үйірілген жасты ұстай алмай төгіп жіберетін. Біз де сол сәтте көз алдымызға қаймағы бұзылмаған бұла табиғаттың сұлулығын елестетіп тәтті қиялға бөленетінбіз. Сол Ақкөлден Ганюшкин бекеті тиіп тұр. Оның түстігіндегі қазір сор болып жатқан Қаракөлдің түстік етегіндегі биік қара төбе басында Мұқыш атам бейіті мен өзінің көзі тірісінде анасының басына орнатқан құлпытас белгісі бар. Оны алғаш 1957 жылы көрген едім. Басқа еш белгі де, қауым да болмаған. Сол бойлықпен түстікте «Жар аралы» арқалы Дәшін, онда ұйымдасқан «Жаңа талап» колхозы түгел дерлік Ноғайқазақтар болатын. Мен Құрманқожа бабаның алтыншы буын ұрпағымын. Осы өңірдегі біздер аталас туыстық қатынастамыз. Жеті аталық жіктеу жүйесінде: бала, немере, нементай, немене, ағайындас, аталас, қандас,сегізіншісі рулас болады. Баз біреулер бұл жіктеуде жекжат, жат деген сөздері қолданады. Онысы қате, еш саясатқа сыймайды. Жеті ата емес он ата, тіпті неше атадан қосылатындығын білмесе де бір рудың адамдары руласпыз деп жақын тұтады.Салыстыра айтқанда жеті атаға дейін жат сөзі аталық айыруда күнә десек артық емес. Қыз жағынан жақындықты анықтауға жат сөзі қолданылады. Мысалы жиен, жиеншар, дегеншар жекжат, тұражат, туажат, жат, қаймана болып таралады. Бұл орайда Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» жырында Исатай кіші жүзде жүріп Кетенің Құдайберген батырымен кездесіп танысқанда:
- Ата жауым – төре!- деп,
Ханнан келген жәбірге
Қатты жаман нәлетті
Құдайберген шешесі
Жаңбыршы беріш қызы екен -
Сұрай келе батырлар
Жекжат болып қалысты, - дегені қыздан туғанның қиығы жоқ деп туысқан тартқаны.
Бүгінгі тұста бабамыздың 9-10 буын ұрпақтары дүниеге келуде, олар бір-бірімен рулас қатынастағы туыстар. Бір кісіден тараған бес атамыздың кенжесі Кенжәлі алғыр, пысық, қолы шебер кісі болған. Бізге жеткен әңгімеде старшын болды деген бар. 1862 жылға дейінгі аралықта старшындық лауазымда болғаны архив құжаттарымен айқындалады. Дерек бойынша Ішкі Қырғыз Ордадағы бес қисым (часть) 2 округте179 старшин болған. Оның басшыларына жылына 100 рубль жалақы төленген. Экономикалық жағынан тиімді болмағандықтан 1862 жылы Орынбор генерал-губернаторының бұйрығымен оның санын 85- ке дейін қысқартқан. Ол кісілердің және көмекшілерінің тізімі жарияланған. (Внутренная Киргизская Орда, краткий статистический очерк, 1 приложение. 1891 год. 6 стр). Әрбір волосной старшиналарда 2-3 -тен ауылдық староста болған. 1844 жылы Кіші жүз қазақтарын билеуге заң шықты. Бұрынғы рулық жүйеге негізделген басқаруды жою қарастырылды. Рулық пен туыстық сезімді бәсеңдету үшін әкімшілік бөліністе адамдардың рулық құрамына емес, отырған жерлеріне қарай қисымға (частке), сардарлыққа (дистанция), местілікке, кейіннен ояз, округ, болыс ретінде басқару жүйесін қалыптастырды.
Еліміздегі рухани жаңғыру жобасы аясында тарихымызға үңіліп жақсыларымызды іздеген сәтте мұрағаттан Құрманқожаұлы Кенжәлі жөнінде біраз деректерге кездестік.
Бірінші құжат: 12 мамыр 1804 жылғы Ресей империясының ішкі істер министрі граф В.П.Кочубейге Астраханьның казак полкінің командирі П.С.Поповтың «Бөкей Ордасының қазақтарының кері Орал даласына көшуінің себептері» - жөнінде жазған хатында Ноғай руының старшиндары Мамбетқазы және Кенжеәлі Құрманқожаевтардың қазақтардың Орал өзенінен кері өтуінің басты себебі Завилшиннің қысымынан 1000 түтіннен басқалары кері көшіп кетті деп нақты мәлімет айтқан. (РТИА Ф 1263 ОП1. Д. 2947 Л.101)
Екінші құжат: 1829 жылдың 26 ақпанында Сарай кеңесшісі А.Т.Ларионовқа Орал әскерінің атаманы Д.М.Бородинмен сұлтан Қайрғали Ижимов және старшин Қарауылқожа Бабажановтың құпия келісімдер жасағандығын кінәлап старшин Кенжеәлі Құрманқожаев мәлімдеме түсірген. (ЦГА РК ФИ-4 оп.1.Д.1685.Л 99-100)
Үшінші құжат: Кенжеәлі бабамыз иелікке алған жерінің шеңберін кеңейтіп, басқалардың ( кондрауын ноғайлары, қалмақтар мен орыс шаруаларының) көз алартуынан сақтау үшін межелеп картаға түсіру үшін табандылықпен еңбектенген, Бөкейліктердің арасынан суырылып шыққан алғашқы старшын. Оны мұрағаттық деректер анықтайды.
«1825 жылы 20 шілдеде Ішкі Орданың жер мәселесі жөнінде Орынбордың әскери губернаторы П.К.Эссенге, Орынбор шекара комиссиясының асессоры А.Д.Кузнецовтың Рапортында»: «...Утверждение помянутой межи было производимо генеральным землемером титулярным советником Петуховым при мне, при поверенном от кундровских татар, при дворянском заседателе Красноярского земского суда Булыгине, при депутате, отряженном от Астраханского гражданского губернатора, губернском уголовных дел стряпчем, надворном советнике Маркове и при депутатах, назначенных от высокостепенного хана Джангера, султане Хан Шигаеве и старшинах Кенжали Курманкожаеве и Токмане Тлявове, на основании взаимного споривших сторон согласия и по изъявленному мне предложению Астраханского гражданского губернатора, что спорный участок с колодцами, по причине претерпеваемой кундровскими татарами нужде в худуках, разделить пополам. .» «...Почтеннейше представляю вашему высокопревосходительству и свидетельствую о трудах и усердии находившихся при мне у межевания депутатов киргизских, султана Хан Шигаева и ногайского рода старшины Кенжалия Курманкожаева. Они по причине медленности кундровских татар осенью прошлого года и нынешнею весною два раза собирались с рабочими людьми и всегда подолгу ожидали начатия дела.» (ЦГА РК. Ф. И-4. Оп. 1. Д. 284. Л. 2 -22об.)
1834 жылы 19 сәуірде Жәңгір ханның, князь Б.Н.Юсупов пен графина А.И. Безбародканың имениясының басқарушылар мен жергілікті билік иелердің, «Бөкей» қазақтарының теңіз жағалығына қыстаған кезде әділетсіздіктері жөнінде, Орынбор шекара комиссиясының коллеждік асессоры А.Д.Кузнецовке мәлімдемесінде «.. сіздің сұрауыңыз бойынша сұлтан Тугым Шигаевпен старшына Кенжәлі Құрманқожаевтың жазбаша пікірін келтіремін», делінген. ( ЦТА РК. Ф.И-78. Оп.1. Д. 60. Л. 35-45)
Төртінші құжат: 1 – Николайдың императорлыққа келуіне арналған ұлықтау салтанатына шақырылған Жәңгір хан Жоғарғы дәрежелі патша ағзамды таңдандыратындай сәні артқан ерекше киіз үй сыйламақшы болады. Елдегі ауызға ілігіп жүрген ісмер, ағаштан түйін түйген Құрманқожаұлы Кенжеәліге көркімен адамның көзін суаратын киіз үй даярлауды және Петерборға апарып құруды тапсырды.
Императорға сыйға берілген киіз үй жөнінде Мереке Құлкенов пен Рақымжан Отарбаевтың 1992 жылы «Өлке» баспасынан шыққан. «Жәңгір хан, Даңқ пен Дақпырт» кітабында 1903 жылы 15 мамырда «Тургайская газетада» П. Столпянскийдің жариялаған «Қазақ үйі жоғарғы мәртебелі Николай 1 ағзам сарайында» деген мақаласын келтірген. Онда «Император ағзамға арнап Жәңгір хан жасатқан киіз үйдің аумағы 34 аршын, биіктігі 5 аршын еді. Керегесі қызыл сырмен сырланып, сүйектелген. Керегенің сүйекті әшекейіне шыны мен жұқа фольгадан бейнелер оймышталған. Керегенің сырт жағы дөңгеленіп келеді де, жоғары жағына уықтарды тартып бекітетін әр түсті уық баулар байланған. Уықтар да сырланып, бел ортасына дейін әшекейленген. Саны 135. Есіктің сырт жағы қызыл мауытымен, қара барқытпен, әртүрлі ою – өрнектермен өрнектелген. Киіз үйдің шаңырағы да сүйек, шыны, фольгамен ақталған, шеңберінің көлемі 13/14 аршын. Үйдің сүйегіне жабылған киізі ішкі жағынан қызғылт және көкшіл түстегі туырлық, үзік және түндік баулап, балақ, иық, жел бауларымен уықтарға байланыпты. Алтын шашақты, жалпақ үш жібек бау шаңырақтан төмен түсіп, үйдің ішкі жасауымен үйлесім тауып тұр. Үйдің еденіне ауғанның тоғыз қалы кілемі төселген».
Император 1827 жылы 9 қыркүйекте қазақ даласынан келген тартуды көріп ерекше риза болады. Киіз үйді әспеттеп қызмет жасап жүрген Кенжеәліге мейірі түсіп Анненский лентасындағы алтын медаль және 50 сом ақшамен марапаттайды. Басқа керек жарақтарын жеткілікті мөлшерде беруді Азия департаментіне тапсырады. Хан да канцлер Нессельродпен келісіп жүк тиеп келген арбасына мол етіп, фарфордан жасаған тас – аяқ тиетіп жібереді. Жомарттығымен аты шыққан Кенжеәлі сыйға алып келген ыдысын бір екі қайнатым шайын қосып халқына үлестіреді. Ел старшындарының мырзалығына ризашылықпен «Тасаяқ Кенжеәлі» атаған. Екі ғасыр бұрын тағылған атауы әлі ұмытылмай ұрпақтан- ұрпаққа беріліп келеді. Жоғарыдағы авторлардың дерегінде орыс императоры киіз үйді 1873 жылы неміс королі Вильгельм Фридтихқа сыйлаған. Қазір Майндағы Франкфурт қаласындағы орталық музейде сақтаулы. Әлем халқы қазақ деген халықты, ағаштан түйін түйген Құрманқожаев Кенжеәлі бабамыздың соққан киіз үй арқылы тануда.
Кенжәлінің немерелері Бадрақ пен Смағұл деген атамыз ит терісіне карта сыздырып жер алды деген сөз бар. Ондай жағдай Кеңес үкіметі орнауының бастауында жер шаруаларға, зауыттар жұмысшыларға деп ұрандаған 1918 –1919 жылдарға келеді.Бірақ ол шаруа ұзаққа бармай 1922 жылдары жер мемлекет иелігіне алынып, әкімшілік басқару бөлімдеріне беркіту басталған-ды. Мәселе карта сыздырып алуда емес, жерде өмір сүріп, күндерін көріп тұратын халықта. Солардың бірі болып, Ноғай ордасының соңғы жұрнағы Ноғай қазақ руына бірігіп, қазақ елінің әр қиырында ел игілігі үшін еңбек атқарып жүр. Солардың бір тамшысындай Құрманқожа бабамыздың бес баласынан тараған ұрпақтары Құрманғазы ауданында тұрады. Жазылған деректерде( «Список волостнах и ауылных правлений Внутренных Киргизский орды» 228-238 беттер 1888 жыл.) Ноғай қазақтардың ІІ Теңіз маңы округінің 10- старшинында тұрақтаған ауылы аралас, малы қоралас болып жаппас, табын, қожа(мәмбетәлі) сырлыбай беріштерімен қоныстас отырған. Волостной старшинасы Зәги Баймұқанов, кандидаты Әбілғазы Теміртасов, ауылдық старостылар Есейіт Бегейсанов, Сержан Кенжин деген азаматтар болғандығы жазылған. Төрт ғасырға тарта аңсаған еркіндікке жетіп, тәуелсіздіктің баянды болып, еліміздің гүлденуіне үлес қосуды бар мұраты санаған Ноғайлының осы заманға жеткен ұрпақтары. Бірлік кеткен жерде тірлік те сақталмайтынын өз тарихымызда анық көрген елміз. Бабалардың жіберген қателігін қайталамай ынтымағы жарасқан халықпыз. Өркеніміз өсе берсін деп қорытындылаймын.
Қосымшалар:
1.Ноғайлардың ағысты ірі дария өзендерден өтуі жөнінде көптеген зерттеуші ғалымдардың жазбаларында бар. Жинақтап айтсақ судан қара жерде жүргендей өтуге ауа жібермейтін екі мес пайдаланады, біріне ауыр қару-жарақ киімдерін салып ат құйрығына байлайды, екіншісіне ауа толтырып аттың төс айылына байлайды. Суға түскенде мес су бетінде қалқып шығады, жауынгер меске шынтақтап жатып жүзе жүріп садақпен оқ атып, жауын жайпай береді. Әнес Сарайдың «Ноғайлы» кітабында Ноғай әскерінің Византия билеушісі Палеологпен шайқасу сәтін баян еткен. Қарсылас жаулары Жалпақ Дунай өзені адам өте алмайтындай кедергі деп есептеп қаптап келе жатқан қалың қол суға тіреліп опырылып тұрар деген ойда болады. Іс бұлар күткендей болмай Ноғай бастаған әскерлер еш кідірместен суға қойып кетеді де, одан қара жерде жүргендей су үстінде садақ тартып оқ жаудырған күйі өте шығады. Жағаға шыққан сәтте киімдерін құрғатуға әрекеттеніп кідіріс жасамай, тікелей аң қуған жыртқыштай қиқулап тарпа бас салады. Өздерінің әскери құрамының саны артық, күші басым болса да, шабуылдаушылардың тегеурініне шыдай алмай шегініп қашқан. 2.Жәңгір ханның тұсында Бөкей ордасындағы Билер кеңесінің құрамы (сенат): шеркеш руынан Мүсреп Айдаболов; беріш руынан Балкы Кудайбергенов;Ноғай руынан Шомбал Ниязов; байбақты руынан Кунажан Сапаков; алаша руынан Алтай Досмухамбетов; жаббас руынан Құшатыр Мунаков; ысық руынан Жантуар Абтанов; қызылқұрт руынан Татан Секенбаев; адай руынан Байтоқ Түменов; таз руынан Құдайшүкір Бозаев; жетіру руынан Кендірбай Рысбаев; кете руынан Боз Боздақов.
(Бөкей Ордасы тарихи музейінің қорынан).