Тағдырмен келіп бетпе-бет...
Он екі мүшесі сау болса да бала-шағасын асырай алмай, жұмыс жоқтықты сылтау етіп, үйінде жататын тепсе темір үзетін жігіттер бар. «Ас ішіп, аяқ босатып» дегендей, балаларымен бірге әйелінің болмашы жалақысына күнелтіп отырғандар аз ба? Өмірден өгейлік көргенін айтып, ащы судың жетегінде кетіп жатқандар қаншама?! Олардың бәрі де - бір қарағанда сап-сау, қол-аяқтары балғадай, денсаулықтары мықты жандар. Сонда олардың толыққанды өмір сүруі үшін, біреуге, мемлекетке масыл болмауы үшін не керек?! Әрине, еңбекқорлық! Тынымсыз ізденіс пен талмай еңбектену арқасында талай жанның тағдырдың темір құрсауының быт-шытын шығарғанына куә болып жүргеніміз де рас. Ондайда, адам мүмкіндігіне таңырқап, сүйсініп, алға қарай мотивация алатынымызды қалай жасырамыз?! Сонымен, мүгедектер арбасына таңылмай, өз өмірін өз қолымен жасауға талаптанып жүрген қайсар замандастарымыз жайлы әңгімені бастайықшы.
Мықты Маркиза
Қызылқоға ауданындағы елге белгілі Базарбаевтар отбасында туған Маркизаның өзгелерден ерекшелігі жоқ, қарапайым ғана сәби еді. Алты жасында абайсызда құлап, беломыртқасына зақым келтіріп алды. Дәрігерлер бірден облыс орталығы Гурьев қаласындағы облыстық ауруханаға аттандырды. Айлар бойы кереуетке таңылған бейкүнә қыз баланы жан түршіктірер диагноз күтіп тұрған. Күтінбесе, мәңгілік мүгедектер арбасына таңылу қаупі зор еді. Әлбетте, сәби сана ол кезде дәрігерлердің өзі туралы шығарған үкімдерін толық сезіне қойған жоқ. Өйткені, бірнеше ай бойы ауруханада, ата-анадан жырақта өткізген күндерден кейін үйге оралу ол үшін ең басты бақыт болғаны сөзсіз. Бірақ, бір кеткен денсаулық қайта-қайта сыр бере берді. Оның үйде болуынан аурухана төсегінен табылуы жиіледі. Сол бір жалғыздық, ата-анаға деген сағыныш оны жетелеп тылсым бір әлемге енгізіп жіберді. Ол – өлең өлкесі, поэзия патшалығы. Дәрігерлердің қарауында, кереуетте шоқиып отыратын қыз бала баспасөз бетін жібермейтін, жаңа шыққан өлең-жырларды құныға оқитын. Сөйтіп жүріп, өлең жазғанын да өзі сезбей қалды.
Мектепті бітірер кезде әкесі аурушаң қызын алысқа жібермейтінін, көз алдында ұстайтынын айтқан. Бірақ, асқақ арман алды-артына қаратпаған Маркиза Базарбайқызы әкесінен ұрланып шығып, Алматыға бет алған жүрдек пойызға Сағыз стансасынан отырып, өзіне беймәлім әлемге аттанып кете барды. Талапты жас Абай атындағы Қазақ мемлекеттік институтының филология факультетіне оқуға түсіп кетті. Денсаулығына байланысты жиі ауруханада жатуға мәжбүр болған ол институтты жақсы бітіріп шығып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі деген мәртебелі атқа ие болды. Иә, ол - тағдырдың темір тегеурініне бой бермей, күрескен адам. Бірінші топ мүгедегі болғандықтан, оған дәрігерлер тұрмысқа шықса да, нәрестелі болуға үзілді-кесілді тиым салған еді. Маркиза өзіне біткен қайсарлықпен ол кедергіні де бұзып-жарып өтті. Мүмкіндігі шектеулі Маркиза өзімен мұңдас Бірінші топ мүгедегі Қалыбай есімді жігітке тұрмысқа шығып, Дәурен атты шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелді. Өзінің денсаулығының нашарлығына, мүгедектігіне қарамастан, ұлын спортқа құштар етіп өсіруді мақсат етті. Сөйтіп, бассейнге үнемі таситын. Сол Дәурені жүзу спортынан Сеул олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ал, өзі - бүгінде есімі елге танымал балалар жазушысы. Балаларға арнаған өлеңдері мен әңгімелері мемлекеттік тапсырыспен шығуда.
Табанды Тілекжан
Қос балдақты қолтығына қысқан осы бір жігітке бір көрген адамның мүсіркей қарайтыны рас. Алайда, оған аяй қарауға асықпаңыз. Ол - бір қарағанда дәрменсіз әрі мұқтаж болып көрінгенімен, тағдырдың басқа салған талқысын жеңіп келе жатқан табанды жан. Иә, ауылға аты мәлім, қасиеті ауған түйені тұрғызғандай Қарабала ата әулетінің тұяғы Тілекжан туғаннан мүгедек болып дүние есігін ашты. Сауатты ата-ана жалғыз ұлдың болашағына алаңдап, Астрахан қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын мектепке берді. Осында ол сегізінші сыныпқа дейін оқыды. Иә, ойлап отырса, тағдыр оған келгенде қабағын ашпай-ақ қойған екен. Олай дейтін себебі де аз емес. Бірінші мүшелден аса бергенде анасы бақилық сапарға аттанды. Әлі мектеп қабырғасында оқитын екі қыз, бір ұлмен тағдыр желінің өтінде қалған әке Тілекжанды Астрахандағы мектептен шығарып алуға мәжбүр болды. Тілекжан ауылға келгеннен кейін қарап отырмады. Қос балдақты қолтығына қысып алып, бірінші топ мүгедегі болса да, әжесінің жанына еріп, мал қарауға шығатын, әжесінің сауған сүтін үйге алып келетін. Сөйтіп жүргенде әжесі, оның артынан әкесі о дүниелік болды.
Ендігі жерде сүйенетін етжақындарынан айырылған Тілекжанның жағдайы тым қиын еді. Бірақ, әкесінің жақын інісі қамқорлыққа алды. Дегенмен, үйде жан бағып отыру - біздің кейіпкерімізге жат қылық. Қолынан келгенше, үй қызметіне көмектесіп, мал бағысып дегендей, еңбектеніп бақты. Сөйтіп жүргенде, мүмкіндігі шектеулі үшінші топтың мүгедегі Айгүл есімді арумен танысты. Екеуі өздерін сынға салған тағдырдың бетіне тіке қарап тұрып, бір-біріне сенімді серік боламыз деп серт берді. Бүгінде Атырау қаласында үй жалдап жүрген осы бір мүмкіндігі шектеулі делінетін адамдарды көргенде, сап-сау болса да арақ пен темекіге азып, нашаға арбалып, кемді күнгі қызыққа алданып жүргендерді еріксіз ойға оралтатынымыз рас. Шіркін, дәулетті, меценат жігіттер табылып, осы жандарға бір бөлмелі пәтер кілтін сыйласа ғой...
Алғыр Арынғали
Шағын ғана мақаламызды Арынғалидың тағдырымен түйіндеуді жөн көрдік. Туғаннан сал ауруына шалдыққан Арынғали да - өз тағдырына мойымай, ағынғақарсы жүзіп жүрген жанның бірі. Ол колледждің ақпараттық технология мамандығын бітіріп, бүгінде компьютердің құлағында ойнайды. Үйден-ақ күрделі қызметтерді тындыра береді. Оның ойлы жүзін, ақылға толы көздерін көргенде Аллаға сан мәрте шүкірлік ететінің шындық. Осыншама бойына талант беріп, бірінші топ мүгедегі еткен Жаратушының әміріне қандай шара бар?! Арынғали өзінің жер бетіне адам болып келгеніне, жарық дүниені көргеніне Аллаға шексіз алғысын айтады.
P. S. Ойлап қарасақ, адамға Жаратқанның берген мүмкіндігі шексіз екен. Ол үшін талап қылып, еңбек етіп, алға ұмтылсаң болғаны. «Аллаға қарай бір қадам бассаң, Алла пендесіне қарай екі қадам жасайды. Аллаға қарай жүрсең, ол пендесіне құшағын аша жүгіреді» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Ал, біз өмір сүріп отырған қоғам шектеулі екені жасырын емес. Әңгімемізге арқау болған адамдардың өмірі – осы сөздің дәлелі.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Республикалық электронды "Сарайшық" әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы