Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Журналист Сағат БАТЫРХАНОВА: «Ол жылдар ізсіз кеткен жоқ...»

      «Азаттық» радиосының 1995-2012 жылдар аралығындағы тілшісі, журналист Сағат Батырханованың Атырау қаласына келген сапарында сұхбаттасудың сәті түскен еді. «Сарайшық» журналының оқырмандарының назарына аталған сұхбатты ұсынуды жөн көрдік.

-    Сағат апай, бізді де, оқырмандарды да қызықтыратын жағдай – Сіздің «Азаттық» радиосының тілшісі екеніңіз. Атышулы «Азаттыққа» қалай тілші болып орналастыңыз? Олар Сізді қалай таңдады? Қазір жиі айтатындай «кастинг» қалай жүргізілді? Қарапайым тележурналист «Азаттықтың» назарына қалай ілікті?
-    Мен 1978 жылы ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірдім. Ол кезде жас мамандарды жолдамамен жібереді ғой. Қарағанды облыстық теле-радио комитетіне қызметке қабылдандым. Мен – радиода, жолдасым – телевидениеде қызмет етіп жаттық. 1995 жылға дейін он жылдың үстінде теле-радиожурналист ретінде әбден қалыптасқан болуым керек. Өйткені, «Қазақ радиосының» да назары түсіп, Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі ретінде есімім ауызға ілігіп жүрген кез еді. Ол кезде меншікті тілшілердің жағдайы жақсы, өзіңнің көлігің, өз офисің бар, жергілікті ресми орындарға тәуелді емессің, айтайын дегеніңді батыл айтуға мүмкіндік те болды. Таңдаған мамандығымды жақсы көргеннен кейін оның ыстығы мен суығына бірдей төзіп, талмай ізденіп, жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болуға тырысқанымыз рас. Сол тұста қазақтың журналист қыздары саусақпен санарлықтай еді, «Қазақ радиосының» Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі – мен, Павлодарда - Ғалия Балтабаева, Оралда – Айсұлу Қадырбаева. Меншікті тілші ретінде кез-келген оқиғадан тыс қалмауға тырысатынбыз. Қалайда жаңалықты бірінші болып эфирге шығаруға асығатынбыз. Кеудемізді намыс кернеп тұратын. Оның себебі, университетке біз оқуға тапсырған кезде сол жылғы топта қыздар мен жігіттер тең түсті. Бізден бұрын журналистикаға қыздар аз келеді екен. Ұстазымыз Тауман Амандосов бірінші сабақта-ақ: «Сіздер бәрің журналист боламыз деп ойлайсыңдар ма? Болмайсыңдар. Қазан-ошақтың басында қаласыңдар. Босқа біреудің орнын алып отырсыңдар. Сендердің орындарыңа басқа біреу түсетін еді. Жігіттер, Сіздер журналист қыздарға үйленбеңдер. Одан да мединститутты жағалаңдар. Дәрігер – өте қажетті мамандық. Ауырып-сырқай қалсаңдар да дәрігерге қараласыңдар. Одан қалса, пединститутта оқитын қыздарды алыңдар. Балаларыңды тәрбиелеу жеңіл болады. Журналист қызды алсаңдар, бұлар ертең «ұры қалталарыңда» жүретін гонорарларыңды біліп қояды» деген болатын. Мен сол кезде ішімнен: «Құдай-ай, Сізге ерегескенде журналист болмасам ба?!» деп ойлаған едім. Ол кісі өте парасатты, білімді адам ғой. Бізді қайрап, жігерлендірген, намысты қамшылаған болуы керек. Әйтеуір, оқу бітіргеннен кейін намысқа тырысып, қызметке жауапкершілікпен қарадық. Қазір Тауман ағайға Алғысымды айтамын. 
        Мен «Қазақ радиосының» тілшісі болып жүргенде облыста орын алған келеңсіз жағдайларды да жалтақтамай, «соңы не болар екен?» деп ойламай, батыл әрі жедел жеткізуге барымды салатынмын. Сондай күндердің бірінде «Қазақ радиосындағы» әріптестеріміз: «Азаттыққа» материал жіберіп тұрсаңшы, оларға штаттан тыс тілші керек» дейді. «Қандай жаңалықтар керек оларға? Қиын емес пе маған?» десем, «Түк те қиындығы жоқ. Оларға өндірістен, экономика саласынан жаңалықтар керек. Басқасы оларда бар» дейді. Қарағанды – өндіріс ошағы, көмір бассейні бар. Өнеркәсіп саласы жаңалықтарын жеткізіп отыру маған қиындық туғызбайды, сондықтан келістім. «Азаттықтан» Хасан Оралтай ертең хабарласады, үйге телефонмен қоңырау шалады деді. Келісілген уақытта телефон қоңырауы «шыр» етті. Тұтқаны көтердім, ар жағындағы ер адамның даусы: 
-    Сәлеметсіз бе? - деп амандасты. 
-    Сәлеметсіз бе? - деп, мен де амандастым. 
-    Сағатсың ба?
-    Иә, Сағатпын. 
-    Радиода жұмыс жасайсың ба?
-    Иә, радиода жұмыс жасаймын. 
-    Темекі, шылым шекпейсің бе?- деген сұрақ маған тосын болды. Ішімнен: «Ойпырмай, бұл жұмысқа темекі мен шылымның қандай қатысы бар?» деп ойласам да, сыпайы жауап бердім:
-    Жоқ, шекпеймін. 
-    Онда «Азаттықта» жұмыс істеуге келісесің ғой? Материалды оқып бересің бе, жазып жібересің бе? Дәл қазір дайындаған материалың бар ма? Оқып берші,-деді.
     Мен қысқа-қысқа екі-үш жаңалықтардан материал дайындап қойғам. Оқып бердім. 
-    Жазып алдым. Даусың жақсы екен. Интонацияң жақсы. Дұрыс. Хабарласам, - деп тұтқаны қойды.
     Бұл 1995 жылдың сәуір айының аяғы, мамырдың басы болатын. Сол кезде «Азаттық» радиосы Мюнхеннен Прагаға көшіп келген екен. Хасан Оралтай редакциямен бірге Мюнхеннен Прагаға келіп, орналастырып, редакцияның керек-жарағын түгендеп, өзі зейнетке шығып, Мюнхенге қайтып кетіпті. «Азаттықтың» қазақ редакциясында алты адам екен, бұрыннан қызмет жасағандар Мюнхенде қалыпты да, қайтадан редакция құрамын жаңалауға тура келіпті. Ол кезде қазақ редакциясында Қазақстаннан барған алты адам жұмыс жасайды екен. Олар – Смағұл Елубай, Нұрлытай Үркімбай, Мерхат Шәрімжан, Едіге Мағауин және Ардақ Нұрғали. 
-    Осылайша, көп журналистің қолы жете бермейтін «Азаттықтың» тілшісі атандыңыз. Қиындық болған жоқ па? Кеңес журналистикасы принциптерімен тәрбиеленген адамға «Азаттықтың» қойған талаптары оңай болмаған шығар?
-    Иә, сөйтіп, жұмыс басталып та кетті. Алматыда «Азаттықтың» бюросы бар екен. Батырхан Дәрімбет, Саясат Бейісбай сол бюрода жұмыс жасайды екен. Саясат Бейісбай - әрі «Егеменде» тілші, әрі «Азаттықтың» Алматыдағы бюросының жетекшісі. Ол кісілер мені сырттай ғана біледі. Бірақ өздері ұсыныс жасап, менің кандидатурамды айтқан көрінеді. Мен Қарағандыдан өндірістегі жаңалықтарды беріп тұрдым. Бірақ ол кезде кейіннен Прагаға барып «Азаттық» радиосында қызмет етемін деген ой - үш ұйықтасам, түсіме енбеген жағдай. Бұл мамыр айында болды. Маусымда Американың «Юсайт» деген бағдарламасы бойынша жекешелендіру, монополияландыру тақырыбын көтеріп жатты. Сол бағдарлама бойынша экономика тақырыбына мақаламды беріп, конкурсқа қатыстым. Сөйтіп, Қазақстан журналистері үшін Америкада ұйымдастырылған семинарға бардым. Бауыржан Омаров, Амантай Шәріп, Серік Байхонов сияқты журналистер бар. Біраз жерлерді араладық. Келгеннен кейін «Азаттықтан» хабарласып: «Қайда жоғалып кеттің?» дейді. Мен жаңалығымды айтып жатырмын. Олар да қуанып: «Америка сапары жайлы хабар ұйымдастырайық, сен көрген-білгеніңді қағазға түсір» деді. Мен қуана-қуана материалдарды дайындадым. Өйткені, біз үшін осының бәрі өзгеріс, үлкен жаңалық еді. Сөйтіп, қызметімді жалғастырдым. «Азаттық» радиосынан едәуір қаламақы алатынмын. 
-    Сізді қызметке алған Хасан Оралтаймен кездесудің сәті түсті ме? Әлде бет-жүзін көрместен, даусын ғана естумен шектелдіңіз бе?
-    Ол кісімен жүздесудің сәті аяқ астынан түсті. 1995 жылы Семейде Абайдың 150 жылдығы өтті ғой. Семейге іссапармен жіберілдім. Мен «қазақ радиосының» тілшісі болғанымен, облыстық теле-радио комитетінде де қызмет жасайтын едім. Осы мерейтойдан радиоға, телевидениеге тақырыптық хабар дайындау туралы тапсырма алған болатынмын. Семейде, Ұлы Абайдың мерейтойында хабар түсіріп, мұрныма су жетпей жүрсем,  «Хасан Оралтай жүр» дейді біреулер. Дереу Хасан Оралтайды іздеп, тауып алдым. Ол кісімен амандасып, өзімді таныстырдым. Хасан Оралтай туралы үлкен хабар дайындадым. Өте үлкен әсер қалдырды. Білімді, парасатты, өте сауатты жан екен.
-    «Азаттыққа» Қазақстан экономикасы жаңалықтарын беріп тұрдыңыз. Осы кезеңде атышулы радио редакциясы орналасқан Бас кеңсеге барудың сәті түсті ме?  
-    Түскенде қандай! Қазақстандағы өндіріс саласындағы жылт еткен жаңалықтарды тез әрі жедел беріп, редакциядан мақтау естіп жүрдім. Сөйтіп жүргенде «Азаттықтан» телефон шалып, үш айға Прагаға стажировкаға шақырды. «Қазақ радиосының» бас директоры Қуаныш Ермановтан кезекті еңбек демалысын алып, соңын ақысыз күнмен жалғастырып, Прагаға тарттым. Барсам, олар кириллицаны қолданбайды екен. Латын әріптерін қолданатын көрінеді. «Мынаны қалай үйренем?» деп ойладым. Бірінші күні Едіге екеуіміз шықтық. Материалды Едіге дайындады. Мен екі-үш рет оқып, дайындалған болдым. Бірақ жақсы шықтық. Біз микрофонға сөйлеуге дағдыланып қалғанбыз ғой. Үйреніп те кеттім. Менің әңгімемнің бәрі ел жақ, қарағанды туралы болса керек, қазақ радиосы ашық кабинетте отырады, «Қайырлы кеш! Әуе толқынында - «Азаттық» радиосы. Қазір Алматы уақыты бойынша сағат алты» дейміз ғой. Олар маған: «Сағат, сен жаңа «Қарағанды уақыты сағат алты» дедің деп әзілдейді. Осылайша үш ай көзді ашып-жұмғанша өте шықты. «Келісім-шартпен тағы да қал. Уақытша контракт берейік» дейді. Елді сағынғаным сондай, мен оған келіспей, елге қайттым. Ойладым: «бұлар енді маған телефон соқпайтын шығар. Қалмай, кетіп қалдым» деп ойлап жүрсем, «Сағат, сен бізге материал жібере бер» дейді. Қызметім жалғаса берді.
     1999 жылы тағы да үш айға шақырды. Мен ол кезде облыстық телерадио комитетінде Төрағаның орынбасары едім. Тақырыптық хабарлардың редакторымын. «Хабар» арнасының тілшісімін. Әзер дегенде демалыс алдым. Бұл жолы үш айға қалдырмай, екі ай дегенде қайта шақырып алды. Бірақ осы Прагаға іссапарлардың қызметіме де, рухани жағынан өсуіме деп үлкен көмегі болды. 
-    Ал, «Азаттық» радиосының Прагадағы Бас кеңсесіне қалай бардыңыз? Кез-келген журналистің арманы болғанымен, қолы жетпейтін, қызмет қой. Өзіңіз сонда барып қызмет жасауға талпындыңыз ба?     
-    Егер Прагаға, Бас кеңсеге бауды ойласаң, ол орындала ма, орындалмай ма, белгісіз ғой. Менің ондай ойым болған да жоқ. 2000 жылы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімінің жетекшісі Мерхат Шәрімжан: «Апай, Астанадан бюро ашылатын болды. Сол бюроның жетекшісі болыңыз» деген ұсыныс айтты. Мен ойлана келе келістім. Осылайша, «Азаттықтың» Астанадағы бюросында жұмыс жасап жүрдім. Конгресс Холдың жанында орналасқан. Біздің бюро, Интерфакс және басқалары сол жерде. Өзімнің ойымша, бір жылғы еңбек демалысын алғаннан кейін Қарағандыға, үйренген ортама қайтамын деп жүрдім. «Пенде ойлайды, бірақ Алла бәрін жүзеге асырады» дегендей, әріптесім Ержан Қарабек айтқандай «Біз – Бен Ладеннің балаларымыз» деп, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін «Азаттық» радиосының Орта Азия редакциялары 1 сағат хабар тарататын болса, оны 2 сағатқа ұлғайтып, терроризмге қарсы идеологиялық күрес мақсатында хабарлар қосылды. Ендігі жерде штат та ұлғайды, сөйтіп Алматыдағы Ержан Қарабек пен Астанадағы мені Прагаға алдырды. Осылайша, Прагадағы өмір басталып кетті. Бір жылға деп барған адам 2013 жылға дейін сол жерде қызмет жасадық. 
   Жұмыс та жақсы, өз ісіңді білсең, көтерілесің де. Бірақ, әрине, ел тартып тұрады ғой. Еңбек демалысын алғанда елге асығатынбыз. Күніне екі сағаттық хабар жүргізіп, тікелей эфирге шығамыз. Астана мен Алматыдағы бюроларымыздан тілшілер хабарын беріп тұрады. Оларды монтаждап қосып отырамыз. Компьюторда бәрін жинақтап отырамыз, бір журналист, бір оператор. Ол музыкасын қосып отырады. Кейде өзің студияны қосып, өзің монтаждап, өзің хабарды жүргізіп, өзің музыкасын қосып отыратын кездер де болды.
     Мен Прагаға кеткенде алдыма үш мақсат қойған едім. Біріншісі – ағылшын тілін үйрену, екіншісі – автокөлік жүргізуді үйрену, үшіншісі – суда жүзуді үйрену. Соның екеуін орындап, біреуін жүзеге асыра алмадым. Ол – автокөлік жүргізу. Өйткені Прагада автокөлік жүргізуді үйренуге қажеттілік жоқ. Қоғамдық көлік секундтық дәлдікпен жүреді. Аялдамаға шығып бара жатып, компьютерге қарайсың, автобус бес минутта келеді деп көрініп тұрады. Дәл уақытында келеді. Ешқандай ауытқу жоқ. Аялдамадағы кестемен сәйкес жүреді. Метрода да сондай жағдай. Үш минут сайын зулап жатады. Онда жеке көлікпен жүрудің қажеттігі жоқ.
-    «Азаттық» радиосы туралы әртүрлі айтылады. Біреулер «Азаттық» радиосының журналистері – Американың шпиондары» десе, енді біреулері: «оппозиционерлік көзқарастағы адамдар» дейді. Сол рас па? Қазір «Азаттық» радиосы хабарларын әуе толқынынан естімейміз. Шынымен, жұмысы тоқтатылды ма? «Азаттықта» көкбөрі тектес қазақтың рухы бар сияқты көрінетін. Радио жұмысының тоқтағаны өкінішті, әрине... Сіз «Азаттықты» жабудың басы-қасында болдыңыз ба? Неге жұмысы тоқтатылды? 
-    Екі сағаттық хабарды Қазақстан жаңалықтарынан бастап, әлем жаңалықтарын беретінбіз. Ауғанстан, Иран, Ирак және саяси ахуалы тұрақсыз елдерде болып жатырған әртүрлі жағдайларды тез, жедел тарату – ең басты мақсат. Көп адамдар «Азаттықты» Америка Конгресінің ақшасына қызмет ететін Америка радиосы дейді. Шпион дейтіндерін деп естиміз. 1953 жылы «Азаттық» радиосы ашылған кезде шынында да таза Кеңес Одағына қарсы құрылды. Ол өз миссиясын орындады, Кеңес Одағы тарап кетті. Қазақ редакциясын қалыптастырған Хасан Оралтай - Қытайдан Түркия арқылы Мюнхенге келген, аштық, азамат соғысы салдарынан Қазақ жерінен ауып кеткенжандардың ұрпағы. Кеңес өкіметі кезінде шетелге кеткен Әбдіуақап Қара деген кісілер де осы «Азаттықта» жұмыс істеген. Олар зейнетке шығып, Мюнхенде қалған. «Азаттық» радиосы «мынаны айт» деп шектеу қоймайды. Жаңалықтар бөлімінде бәленбай тіл білетін адамдар отырады, бүкіл әлемнен түскен жаңалықтарды алып, бізге лайықтап, қысқартып береді. Құрылтайшысы Америка Конгресі болғандықтан да сондай түсінік қалыптасқан. Қазақстанның тәуелсіздік алуына, еліміздің өркендеуіне «Азаттық» радиосының қосқан үлесі зор. 
     Әлемнің түкпір-түкпірінен хабарларды тез де жедел алып таратудан «Азаттық» радиосы алдына жан салмайтын. Мәселен, Қарағанды шахталарындағы жарылыс, ондағы шахтерлердің қаза тапқаны туралы хабарды тыңдаған Қарағандылық әріптестеріміз «Біз әлі ештеңе білмейміз. Сен бұл деректерді қайдан алып қойдың?» деп телефон шалатын. Алматы, Астанадағы тілшілер де бар жан-тәнімен жұмыс жасайтын. Журналистік дәлдік, журналистік шапшаңдық, журналистік этика талаптары қатаң сақталатын. 2008 жылы қысқа толқынды эфирлерді қысқарту қолға алынды. Сол кезде орыс тілінде сайт ашу жұмысы қолға алынды. Осылайша, радио мен сайтты бірге алып жүрді. Орта Азия редакцияларының журналистері бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасады. Бес мемлекеттің журналистері қоян-қолтық араластық. Өзбекстандағы жаңалықтар, Қырғызстан президенттерінің жиі алмасуы, халықтан қашып, Ресейге бассауғалауы жайлы, Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың қаза табуы туралы деректерді редакция басшылары бір-бірімен ақылдасып, әбден келісіп алып, эфирге шығаратынбыз. 2010 жылы қазақ редакциясының басшысы болып Ғалым Боқаш келді. Смағұл Елубаев, Ардақ Нұрғали және басқалары Қазақстанға кетті. Жаңа адамдар келді. Сөйтіп, редакцияда қозғалыс, адам түсінбейтін жағдайлар орын алды. Ортамызға Өзбекстандағы қазақ диаспорасынан Саида деген бір келіншек  алынды. «Реформа жасаймыз, өзгеріс енгіземіз», сайт пен интернет-радио жұмысқа қосылады деп, 2012 жылы желтоқсанда радионы жабу туралы шешім қабылданды. Одан үш-төрт жыл өткеннен кейін Едіге Мағауин кетті жұмыстан. Қазір «Азаттық» радиосы деген жоқ, тек сайты ғана жұмыс жасап тұр. Редакцияда қайта құру жасаймыз, реформалаймыз деген желеумен бір-ақ күнде жабылды. Кейін адамдардан алты-жеті айға дейін радионың жұмыс жасап тұрғанын естідік. Архивтегі материалдарды пайдаланған ғой.
      Әрине, «Азаттық» радиосының қоғамдық пікір қалыптастыруда орны бөлек еді. Кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде бұрынғы «Азаттық» радиосы жұмыс жасап тұрған болса, бүкіл әлемге болған оқиға туралы хабар таратылатын еді деп ойлайсың...
-    «Азаттық» радиосында қызмет жасаған кезеңдеріңізде нені көңілге түйдіңіз, не үйрендіңіз? Рухани әлеміңіз өзгерді ме?
-    «Азаттықтан» үйренгенім өте көп. Ол жылдар ізсіз кеткен жоқ. Батыс журналистикасының принциптерін үйрендім. Мәселен, біз бұрын сала құлаш очерктерді жазатынбыз. Қойшы болса, ол таңертең қойын жайып далаға шығады, ойланып, өткеніне көз жібереді. Сөйтсе, бала кезінен шопан таяғын ұстауды армандаған екен... Осының бәрінің шындыққа жанаспайтынын біле тұра, осылай басталушы еді ғой. Ал, «Азаттықта» кез-келген оқиғаны қысқа да нұсқа беруді үйрендім, біреуге ақыл айтудың қажеті жоқ, оқырман да, тыңдарман да, көрермен де тура сен сияқты адам, оның да сен сияқты ақыл-ойы бар. Тек болған оқиғаны фактімен айту керек, әрі қарай оны қалай қабылдайды, өзі біледі. Беретін дерегіңді бір бұлақ көзінен емес, кемінде екі-үш бұлақ көзінен тексерген абзал. Журналист өз көзқарасын таңуға болмайды. Журналист бейтарап қалу керек. Болып жатқан оқиғаларды жұртшылыққа айта отырып, өзі сыртта қалған дұрыс. Белгілі бір тұлғаны мақтау, мадақтаудан аулақ болған абзал. 
-    Қазіргі журналистика туралы көзқарасыңыз қандай?
-    Қазір әлеуметтік желі деген ақпарат таратудың көзі ретінде қабылданып отыр. Блогерлер деген бар. Менің көзіме олар есік алдында отырып, шемішкесін шағып қойып, өсек соғып отыратын кемпірлерді елестетеді. Кей адамдар блогерлер де журналистер деп жатады. Менің айтатыным, журналист блогер бола алады, ал блогер журналист бола алмайды. 
    Журналистика факультеттері ашылып жатыр. Мамандар көп тәрбиеленуде. Алайда, нағыз журналист - қабілетті, талантты адам. Оқытып журналист қыла алмайсың, таланты бар адам оқымай-ақ  журналист болады. Оған мысалдар көп. Бірақ оқу керек. Оқу арқылы қабілетін шыңдайды, жетілдіреді. Журналист ізденімпаз болғаны дұрыс.
Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, «Сарайшық» журналы