Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Мейрамгүл ЛЕСҚЫЗЫ: Боямасыз өмір немесе тіршілік түйткілдері (қаз-қалпында)

Бұл осыдан оншақты жыл бұрын болған оқиға еді. Күздің жаймашуақ бір күнінде қаладағы «Мектеп» аялдамасынан «Балықшы-Темір жол вокзалы» бағытына қатынайтын автобусқа отырдым. Пенде шіркіннің басы қашан ойсыз жүрген, түрлі ойлар жетегінде отырғанмын. Ойымды, оң жақ құлағымның түбінен естілген:  «Алло, Айгүл апа, қалайсыз?» деген жарықшақ дауыс бөліп жіберді. Байқауымша, артымда  отырған жолаушы менің орындығымның арқалығына  шынтағын  тіреп, ұялы телефонымен сөйлесіп отырған сыңайлы. Әлгінің дауысы маған ғана емес, бүкіл автобуста отырған жолаушыларға анық естіле бастады. 
-    Апа, мен ғой, алдында сізге үш мың теңге апарып тастаған бауырыңыз. 086 справкі дайын ба, любой уақытта барып алып кете алам ғо... солай емес пе... иә...
Телефонның ар жағындағы адам мұның кім екенін есіне түсіре алмай жатырған сияқты. Әлгі дауысын бұрынғыдан да қаттырақ шығарып:
-    Ей, апа, сіз өзіңіз қызық адам екенсіз... пашти ай болды го үш мың теңге бергеніме... не қиындық, ренгінім бәрі бар емес пе?
Ақыры екеуі түсіністі-ау деймін, мынау тыныштық тапты. Сол сәтте автобус жолсерігі  жігітке жақындап:
-    Сіз жолақысын төлеген жоқсыз ғой,- деді.
-    Бауырым, ақша бар, қазір төлеймін. Ешқайда қашпаймын, қазір бір проблемаларымды шешіп алайын дағы,- демесі бар ма!
Мені күлкі қысты. Өз-өзіме келіп, терезеге қарап отырдым. Басқа біреудің номерін терген әлгі жігіт тағы сөйлесе бастады.
-    Қалайсың, братан, жақсысың ба? 
-    Нормально. Братан, өткендегі апа 086-ны әлі жасамаған сияқты. Әйтуір алдап кететін адам емес қо... А-то сөздері біртүрлі... Бүгін ақша алдым. Отыз мың шығыпты, пойдет, алдындағы екі мыңды ұстап қалыпты, жарайды, барының қайыры...
Телефонның аржағындағы да көкезу біреу-ау деймін. Біздің жігіт біраз уақыт үнсіз тыңдады, тек арасында «неғылдид», «жынды ма» деп қояды.
-    Менде бәрі окей. Зарплат алдым. Қазір базарға кетіп баратырм, «Динаға», шаш қидыруға, анда арзан ғо. Сосын базардан балдарға бірдеме алып, таксимен ауылға кетем. Келем кешікпей, 086 дайын болса, кетем го анда. Ә, сен айтып қойшиш, апашкіге, кұрсын, үш мың теңге бергеніме пашти бір ай болды ғо... 
Жолсерік екінші рет жақындады. Жігіт: «бауырым, келе бердің ғо, мә, алшы деп», ақша ұсынды. Жолсерік: «Басқа ақшаңыз жоқ па, мынаған сдача жоқ» деді.
-    Бауырым, менде кілең крупный, сұрасайшы, біреулерде болар уақ ақша...
Жігітім бүгін еңбекақысын алған, ірі сөйлеп отыр. Сөйлеген сөзін, дауысын тыңдап отырып, менде қызығушылық пайда болды. Мынаның түрі қандай екен?
    Жайлап артыма бұрылдым. Беті күнге әбден қақталған, шашы өсіңкіреп кеткен, осы өміріне әбден риза жігіт маған қарап:
-    Апашкі, бес мың уақтайсыз ба, менде ірі болып тұр, мына бауырымнан ұят болды,- деді өзінің ақшалы адам екенін сездіргісі келгендей көтеріңкі дауыспен.  
Автобустағы жолаушылардың ешқайсысы әлгі бес мыңдықты майдалап бере алмады. Амалы таусылған жолсерік ақшаны иесіне әкеліп берді.
-  Ойбай, бауырым, ұят болды ғо, қазір базарға барғасын уақтап ақшаңды берем, бұлай болмайды, ақшам жоқ болса екен, шүкір ақшам бар, жетед,- деді жігіт. 
-    Керек емес
-    Жоқ болмайды, сен де ерігіп жүрген жоқсың. Мен кісі хақын жейтін адам емеспін, бауырым. Бәріміз де қазақпыз... Берем дедім бе, берем.
Мен «Рахат» аялдамасынан түсіп қалдым. Жаяу жүріп келе жатып жаңағы жігітті ойлап келемін. Ол ауылдан қалаға кәсіп іздеп келген. Жалдамалы жұмысқа тұрған-ау, шамасы. Отыз мың теңге еңбекақысын алған. Бай баласының бірер сағатта мейрамханаға немесе түнгі клубқа шашып жіберетін ақшасын ол күнге қақталып, кем дегенде, он бес күн жүріп, біреудің гаражын салып, не болмаса, сылағын соғып беріп тапқаны анық. Өзі сондай риза. Біреуге медициналық анықтама жасап беру үшін үш мың теңге беріп, алданып жүрсе де, екі мың теңгені қожайын ұстап қалса да, өкініп отырған ол жоқ. Барының қайыры дейді. Бәрі жетеді дейді, арзан шаштаразға шаш алдырады. Тағы ауылдағы қарасирақ ұл-қыздарына бірдеңелер алады, ауылына апаратын таксиге төлейтіні тағы бар. Қалаға кері қайтуы және бар. Автобусқа жолақыны берем деп, айтқан сөзінен қайтпай отыр. Намысшыл өзі. Бәріміз де қазақпыз деп қояды. Байқауымша, ұлтшыл да сияқты. Жұрттың бәрін бауыр, ағасындай  көреді. Бұл жігіт - бүгінде бала-шағасын асырау үшін шалғай ауылдан қалаға келген, өз нәпақасын табан ақы, маңдай термен тауып жүрген көп қазақ жігіттерінің жиынтық бейнесі. Иә, шынайы тірліктің боямасыз кейіпкері.

***           ***             ***

2016 жылдың шілде айы. Бұрын әрлі-берлі өтіп жүргенде «Насиха» пассажының жанында бес қабатты тұрғын  үйдің көлеңесінде бес-алты адам балық сатып отыратынын көретін едім. Еңбек демалысында жүргендіктен, асығыс жоқ, балық ала кетейінші деген оймен әлгі адамдарға жақындадым. Қатарласа отырған саудагерлердің ең шетінде бір орта жастағы жігіт пен 4 -5 жасар шамасында кішкене қыз отыр екен. Әлгі жігіт алдында балық жоқ. Сыртында «Лидер» деген жазуы бар пакеттен  1 литрлік өсімдік майы мен бір қорап қалташадағы «Липтон» шайын шығарып қойды да, басын көтеріп маған қарады:
- Апа, шай алыңыз, арзан, барлық жерде бұл шай қымбат,- деді. Аздап қызулау екенін байқадым. Мән бермеген күйі қатар отырған әйелден балық алдым да, ақшамды төледім.
- Апа, алыңызшиш, өкінбейсіз,- деді тағы да.
Мен жандарынан бұрылып бара жатып, сөмкемнің аузын жаппақшы болып кішкене кідірдім. Сол сәтте әлгі кішкентай қыздың: «Папа, егер мыналарды сатсаң, маған үлкееен балмұздақ әпересің ғой» дегенін құлағым шалып қалды. Жігіт не дер екен деген қызығушылық пайда болды менде. Кідіре түстім. Әлгі жігіт: 
- Егер сен менің мыналарды үйден алып шыққанымды мамаңа айтпасаң, міндетті түрде әперемін,- деді. 
Кішкентай қыз болса:
-Иә, айтпаймын, уәде берем,- деді.
    Жағдай белгілі болды. Шамасы, мына жігіт ішкен арағы жетіңкіремей, басы ауырғасын май мен шайды өз үйінен ұрлап алып шыққан.  Сұмдық-ай, мұндай масқараны кім көрген? Өз құлқынын ойлап, отбасының күнделікті жейтін тамағын сатқаны қай сасқаны? Қасында шашы желпілдеп еріп жүрген анау бүлдіршін қыз қандай тәрбие алады? Отбасын асырауы тиіс азамат (азамат деуге аузым бармаса да) жаңағыдай азғындық әрекетке барып жүр. Бүгінде қалада жасаймын деген адамға жұмыс көп. Қарғыс атқыр арақтың шырмауынан шыға алмай, қаншама тепсе темір үзетін жігіттер осылай азып-тозып жүргені жасырын емес... Бұл жағдай қашан түзелмек? «Заман азып неғылсын, мұның бәрі адамнан» деп қайран Мұрат Мөңкеұлы бабам қалай дәл тауып айтқан? Осындай сансыз сұрақтар жетегінде үйге қалай жеткенімді де білмей қалыппын.
2015 жыл
*** *** ***
Бұл осыдан бес-алты жыл бұрын болған оқиға еді. Автобуста тұрмыз. «Агенттік» аялдамасынан аяғы ауыр бір келіншек автобусқа мінді. Қолында жетектеп алған кішкене қызы бар. Автобустың алдыңғы орындығында бет-жүзін қара орамалмен тұмшалап алған бір қыз отыр. Қоғамдық көлікте кісі көп. Әлгі кішкене қыз қыңқылдап жылай бастады. Анасына жабыса береді. Қызын жұбатпақшы болып, әлденелерді айтып еді, оған көнер сәби болмады. Даусы үдей түсті. Байғұс әйелдің әбден мазасы кетті. Жан-жағы толған адам, артық қимыл жасау мүмкін емес. Менің қасымда тұрған бір үлкен әйел әлгі «мұсылман кейпіндегі» қызға:
-    Қарағым, ана кісіге  тұрып орын берсеңші, баласын алдына алып жұбатсын,- деді.
Ана қыз естімеген адамдай отыра берді. Жаңағы апай тағы да орын беруін өтініп, екінші рет қайталады. Міз бақпады. Апайды ашу қысты білем, даусын көтеріп:
-    Әй шырағым, сенің мұсылман болғаның қайсы, аяғы ауыр әйелге, жылаған балаға көмектеспесең, негылған көргенсіз  адамсың? 
Осы сәтте автобус та кезекті аялдамаға тоқтады. Әлгі қыз орнынан жұлқына атып тұрды да, апайга қарап айтуға ауыз бармайтын боқтық сөзді айтты да, жүгіріп автобустан түсіп кетті.
    Мен осы оқиғаны біразға дейін ұмыта алмай жүрдім. Біз өзі не болып кеткенбіз?