Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ: "ӨНЕГЕ МЕН ТӘРБИЕНІҢ СӘУЛЕСІ"

Білімі мен біліктілігі мол кадрлардың көбісі кешегі кеңестік жүйе кезінде қалыптасып, Тәуелсіздік алған жылдардың басында, яғни, 1991-21 жылдар арасында жаңа, жас мемлекеттің нығаюына зор пайдаларын тигізді. Сол жылдары қызметке жаңадан кірген, қабылданған жастарға ағалық, азаматтық қамқорлықтарын көрсетті. Сондай елге абыройлы, халыққа қадірлі жандардың бірі - «Құрмет» орденінің иегері, Созақ ауданының «Құрметті азаматы» Еденбаева Сәуле Дөненбекқызы. 

Сәуле апайдың есімін сонау 1992 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жылы есіткен едім. «Сызған» совхозының Қайнар бөлімшесінде №2 ферманың зоотехнигі қызметін атқарып жүргенде совхоз басшыларының бірді-екілі әңгімелері арасында «Сәуле мықты экономист», «Сәуле Жартытөбенің қызы», «Сәуле ауданның білікті, іскер басшыларының бірегейі» деген сөздері мені ол кісіні «живой» көруге ынтықтыра түсті. 1993 жылы жаз айының ішінде Ордабасыда үш жүздің басын қосқан билердің асында үш елдің басшылары бас қосқан тарихи оқиға болып еді ғой. Сол үлкен сүбелі шараға Созақ ауданынан барып, қатысып, өз үлесімді қосу бақыты маған да бұйырған еді. Бұл менің халықаралық дәрежедегі шараға бірінші мәрте қатысуым еді. Кейін С.Қожановтың 100 жылдығына арналған республикалық шараға екінші қатысуым болды. Бұл шаралардың барлығы менің дүниетанымымды кеңейтіп, өремнің өріле түсуіне зор көмегін тигізген еді. Сол үш бидің рухына арналған шараға «Сызған» совхозының №2 фермасынан жұмысшы ретінде қатысуға бардық. Алғашқы күні мені жоңғар әскерлері сапына қосып, қолымызға найза беріп, жоңғар нөкерінің қатарына қосты. Кейін лагерьде қалып аспаз болдым. Түс әлетінде жігіттер демалып отырған сәтте «Жатақ үйлерді Сәуле Еденбаева аралап жүр екен!» деген хабар жетті. Дереу жатқан киіз үйіміздің ішін апыр-топыр ретке келтірдік. Артынша бізге де жетті. Басында ақ шәлі, көзінде күнге арналған қоңыр көз әйнек, әдеміше келген қоңырқай жылы жүзді кісіні көрдім.
Әңгімесінің басы «айналайыннан» басталады екен. 
-Айналайындар, бәрің жас жігіттер екенсіңдер. Тазалық сақтаңдар. Сойған малдарыңның, жеген тамақтарыңның қалдықтарын арнайы көрсетілген орынға апарып тастаңдар. Сіздер үшін арнайы контейнерлер қойылған. Тазалық болса шыбын үймелемейді,-деді. Сәуле апаймен осылайша алғаш рет бетпе-бет жүздескен едім. Сол жолы мен «Болашақта Сәуле апаймен қоян-қолтық қызметтес болып, қарамағында бірнеше жылдар қызмет етеді екенмін» деп ойламаған едім. Араға екі жыл салып аудан әкімшілігіне қызметке келдім. Аудандық ет комбинатында жұмыс істеп жүріп, 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған аудандық айтыс өтті. Сол айтысқа қатысып, бас жүлдеге ие болдым. Содан мені аудан әкімінің орынбасары міндетін атқарушы ретінде бүгінде өмірден озып кеткен марқұм Қалжеков Бауыржан ағамыз аудан әкімшілігіне қызметке шақырды. Ол уақытта Сәуле апай декреттік демалыста екен. Сәуле апаймен қызметтес болған жылдар ішінде ол кісіден көптеген тәлім-тәрбие алдым. Әйел емес, нағыз ер адамға лайықты мінезі бар еді. Тіпті ондай «характер» кейбір ер азаматтарда жоқ десем жаңылыспас едім. Қай уақыт, қай кезең, қай заман болсын өз уақтысының Қожасы, Жантасы болады екен. Сөз тасу, жағыну, сыртыңнан әңгіме айту, жамандап бару дегендей. Рас, мен жеті бірдей аудан әкімімен, оннан астам орынбасарларымен қызметтес болдым. Сондағы байқағаным - кейбір басшылардың ең осал жері, яғни, «сөзге ергіштігі». Бір Жантас сені жамандап барса соған құдайдай сеніп, содан ала көзін атып жүргені. Ал, Сәуле апай болса сол секунд, сол минутта сені шақырып сөйлесіп, ақ-қарасын ажыратып, іске нүкте қоятын. Осыдан кейін әлгі Жантастардың аузына құм құйылып, екінші мәрте біреуді «сорлатуына» жол берілмейтін. Тура осы қасиеті үшін сол уақытта қызметтес болған кісілердің барлығы Сәуле апайды құрмет тұтты. Әлі де тұтып келеді. 


Сәуле апай бас мамандарға тапсырма бергенде үйіп-төгіп бере салмайтын. Жүйелеп, ол маманның қарым-қабілетіне, жауаптылығы мен тындырымдылығына, керек болса тегіне қарап тапсырма беретін. Тектілік - үлкен қасиет. Жауапкершілік деген балаға әкеден, әкеге атадан келеді. Біреу оқуын Америкадан бітіріп келуі мүмкін. Бірақ жұртпен байланысы жоқ. Тіл табыса алмай, тік мінез көрсетуі мүмкін.
Ал, екінші біреу іргеміз Шымкенттегі оқу орнын бітіріп келуі мүмкін. Бірақ оның адами қасиеті зор, рухани дүниесі бай, кез келген кісімен тіл табысып, өз жұмысын жолға қоя алатын жақсы қызметкер болып шығады. Сәуле апай осындай критерилері бойынша әрбір қызметкерге шынайы да әділетті баға беретін. Сәуле апайдың тағы бір қыры - ақылын ашумен араластырмайтын. Сабырға жеңдіріп, байыпты да байсалды мінезімен баурап алатын. Әлде бір ісіңде кемшілік болып, соның себебімен қабылдауында болғаныңда «айналайын» деген сәтте, одан да неге ұрып жібермейді екен деп, қатты ұялып шығатынбыз. Осыдан кейін қалайша жұмысыңа жауапкершілікпен қарамайсың? Өзі айтқандай, 1986 жылы аудандық партия комитетіне Сәуле болып кіріп, 2016 жылы аудан әкімдігінен абыроймен зейнеткерлікке Сәуле болып шыққан азамат. Осы отыз жыл аралықта қаншама жауапкершілік, адалдық, абырой, қызығы мен қуанышы, қиын сәттері мен әттең-айы бар күндер өтті. Менің қызметте жүріп байқағаным, Сәуле апай әсіресе қыз баласына қаталдау болды. Ол сіңілісі болсын, ауылдасы болсын, ауданның қызы болсын жүріс-тұрысын, киім киісін, мінез-құлқы дегендей олардың қазақ қызы деген атқа лайықты болуына мән берді. Ол кісіні ол кездерде түсінбей жүрген қыздар да болған шығар. Кейін олардың өздері ана, ене болған соң түсінген болуы керек. Жаны ашымайтын болса, қатал талап қоймас та еді. Сәуле апайдың халыққа бір табан жақын болуының басы -ол кісінің әлеуметтік салаларды басқаруы еді. Бұл сала сол уақытта аудандағы ең қиын сала еді. Жүрекке де жүйкеге де салмақ салатын. Қабылдауына жылап кіріп, күліп шыққан талай адамды көрдім. Солардың қайғысы мен қиындығы сүзгідей болып, Сәуле апайдың кабинетінде қалып кететін. Еңсесін басқан уайыммен кіріп, ертеңіне деген зор үмітпен шығатын. Сәуле апай сол бір қалыпты бір тоға мінезімен жүріп-ақ жұртшылық үшін көп іс тындырды. Өткен жолы Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдық мерейлі шарасына келгенде жұртшылықтың Сәуле апайды сағынып қалғанын байқадым. Менің де ойыма өткен жылдар ішіндегі Сәуле апаймен қызметте болған уақыттың жарқын сәттері оралып қолыма қаламымды алдым.
Кейде аудан әкімінің орынбасарларына кіргенде байқап жатамын. Айтылған өзекті мәселең шешілмей жатады. Сәуле апай сенің мәселеңе қатысты мекеме, бөлім басшыларын, керек болып қалады-ау деген қызметкерлерді түгел қатыстырып отырып мәселеңді қарайтын. Сонда екі мәрте келіп әуре болмайсың. Басшылар да бір бас қосып бәрін шешіп тастайтын. Сәуле апай қырық жылға жуық қызмет істесе де Қ.Айтахановтай басшыны өзіне үлгі тұтты. Ұстаз тұтты. Сонда байқағаным отыз бес қырық жылдық тәжірибесі болса да адамға ұстаз керек деген қағиданы бізге ұқтырғандай болды.
1974 жылы мектеп бітіргеннен кейін, екі жыл қатарынан оқуға түсе алмайды. Мектеп қабырғасынан есепке жүйрік болады. Әкесі «менің қызым бухгалтер» болады деп айтып отырады екен. Оқуға түсе алмай елге қайтып келген соң мектепте, мектеп-интернатта тәрбиеші болады. Негізгі мамандығы-экономист. 1980 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп елге келіп, мал қабылдау пунктінде бас бухгалтер болып жұмыс істейді. Іскер де білімді қыз аудан басшыларының көзіне түседі. Сөйтіп партия қатарына өтеді. Кейін аудандағы «Сбербанкке» бастық болып ауысады. Облыс орталығына есеп беруге барады. Басқа аудандағы банктің бастықтары - үлкен ер кісілер. «Созақ ауданындағы банктің бастығы кім?» деп сұрайды екен. Сонда Созақ ауданынан барған жап-жас қызды көріп бірі таңданса, бірі сенбегендей өзгеше көзбен қарайды. Бірнеше бөлімдерге есеп тапсырады екен. Бір жолы бастық «отчетіңді жасап кел» деп қасына бір немісті қосып жібереді. Күні-түні ұйықтамай, әлгі отчетті өзі қолымен жасап, тапсырып болған соң бастықтың алдына барады. Әлгі немістен Сәуле апай туралы сұрайды. Сонда ол азамат «Мынадай кіп-кішкентай қыздың пысықтығына таң қалдым. Нағыз жұмыс істейтін қыз» дейді. Осылайша жастайынан ауданда «сауатты қыз» деген атағы шығады.
«Мен еш жерге жұмыс іздеп барған емеспін. Жұмыстың өзі мені іздейтін. Тіпті мен аудан әкімінің орынбасары болғанымды соңынан естігенмін. Сыртымнан тағайындап жіберген болатын»- дейді Сәуле апай өзінің тілшілерге бір сұқбатында. Әйел жүрген жерде жылылық, тазалық, тиянақтылық бар. Сәуле апайдың әр кезеңдердегі еңбегі лайықты еленіп, бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Әлеуметтік сала деген ең үлкен сала, қыр сыры көп, күнделікті өзгеріс пен жаңашылдық, әр түрлі реформалар, заң өзгерістері, түрлі бағдарламалар жүйелі жұмысты талап етеді. Десекте, қоғамда үлкен жауапкершілік пен қамқорлықты талап ететін ана, бала тағдыры, күнделікті күн тәртібінен түспейтін мәселе екенін жоққа шығаруға болмас. 1995-1996 жылдар аудан үшін қиын кезең болды. Халықта ақша жоқ. Айлық жоқ. Зейнеткерлер зейнетақысын айлар бойы алмайды. Айлықтың орнына ұн беретін. Кітапхананы, балабақшаны жабыңдар деген бұйрық келді. Сол кезде біздің ауданда Қуаныш Айтаханов басшы еді. Комиссияның төрағасы етіп Сәуле Дөненбекқызын сайлады. Кейін Сәуле апай аудан орталығындағы «Ертөстік» балабақшасын жапқызбай алып қалды. Жиырма үш балабақшаны жабылды. Сонда «Бір ауданға бір балабақша керек» деп, табандап тұрып алады. Интернаттардың барлығы жабылғанда Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп-интернатын жапқызбай алып қалды. Өйткені шалғайдағы малшылардың балалары оқусыз қалмауы керек. Ауданның бюджетіне түскен ақшаны бірінші сол интернат пен балабақшаға уақтылы бөліп отырды. Кітапханаларды жапқанда барлық кітаптарды балабақшаның жертөлесіне апарып сақтады. Бар кітаптың шашауын шығармай күтті. 2000 жылдары халықтың әлеуеті біршама көтерілгенде ауданда он екі кітапхана қайта ашылды. Кітаптарды кітапханаларға қайтадан өткізді. Зейнетақы қорында ақша жоқ. Сонда рудниктің басшыларымен жүйелі жұмыс жүргізді. Барлық есепшоттарын бұғаттап, «бірінші зейнетақы қорына ақша аударасыз» деп күштеген кез де болды. Халыққа ақша тарататын кезде, ең алдымен, жағдайы мұқтаж отбасыларға бергізетін.
2002 жылы ата-анасы туберкулезбен ауыратын отбасылар анықталды. Бірақ балалары сау. Сол балаларға балабақшаның жанынан изоляторлық арнайы бөлме ашылды. Онда ата-анасы туберкулезбен ауыратын балалар тәрбиеленді. Әкімнің алдына мәселе етіп қойып, есептеп қаржысын шығарып, шырылдап жүріп ашқызады. Қаншама баланы аман алып қалды деп айта аламын. Бала тәулік бойына сол жерде болады. Сонымен қатар шалғай ауылдардан аралап жүріп, адамдардың өкпесін түсіретін флюромашинаны да облыстан алдырды. Ана мен бала өлімі көбейген жылдары алдымен сол өлімнің себебін анықтау үшін облыстағы мамандардың алдына мәселе етіп қойды. Білікті мамандарын жіберіп, себебін анықтап, шаралар өткізілді. Нәтижесінде ана мен бала өлімі азайды. Мұның барлығы қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ бұл адам тағдыры мен тығыз байланыстағы Сәуле Еденбаевның атқарған жұмыстарының бір парасы ғана еді.
Сәуле Дөненбекқызы бүгінгі таңда өмірлік серігі, жары Серік ағамыз екеуі елге жасаған еңбектерінің зейнетін көріп, қариялылыққа бет бұрып, бала шағаның, немерелердің қуанышына бөленіп, қызықшылықтарына сүйсініп отырған бақытта шаңырақ иелері. Алланың берген бір қыз, үш ұлына парасатты тәлім-тәрбие беріп, елге адал еңбек етуге бағыттаған. Барлығы бір-бір шаңырақ иесі. Қыздары-білікті мұғалім. Үлкен ұлдары да - мықты педагог. Үшінші ұлдары - өндіріс саласында білікті маман. Төртінші ұлдары - кенжетай Нұрдаулеттері Қазақстанның маңдай алды университетін тәмамдап, бүгінгі таңда келіншегі екеуі де мұхит асып, Канадада білімдерін жетілдіріп, магистратурада дәріс алуда.
Біз, созақтықтар, талай жандарға саналы сәулесін түсірген Сәуле апайдың даңқты жолы кейінгі келер ұрпақ үшін тәрбие мен өнегенің мектебі болып қала бермектігін жақсы түсінеміз.