Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Ақша бұлтты Ақтан баба жебеген...

Өмірде адам басынан не өтпейді дейсіз?! Сүріну де, құлау да, өкініштен жер бауырлап күйзелу де, жеңіліс пен жеңіс те болатыны хақ! Біздің кейіпкеріміздің де тағдыры оңай болмады.

Ерте үзілген әндей балалық шағын еске алғанда, ғұмыры тым қысқа болған әкесінің аялы алақанын сағынып кетеді. Әкесі онкологиялық аурудан, сырқатына дауа табылмай, 1972 жылы арманда кетті. Жұбайы Қалабай Жұмахметов өмірден өткенде аяулы анасы небәрі жиырма бестің о жақ, бұ жағында екен-ау! Ерінің қайтыс болатынын көрген түсінен сезіпті. Түсінде әрағымен ел аузында қалған ақ бұлтты Ақтан бабасы киім ілгіште ілулі тұрған ер адамның ішігінің етегін қолындағы қылпып тұрған қылышымен орып әкетіпті. Ояна келе, түсі екенін білген ол ерінің көп ұзаққа бармайтынын іші сезген. Баланың бас көтергені Серік Қалабайұлы ол кезде жеті жасқа аяқ басқан еді. Әкесінен айырылған соң өзінен кейінгі іні-қарындастарын қамқорлап, анасының жанына жалау болуды ғана ойлады. Сондықтан да мектепте жақсы оқи тұра, 1979 жылы орта мектепті бітіріп, жаны қалаған мамандығын алу үшін басқалардай жоғары оқу орнына емес, Алматы қаласындағы  электрмен темір пісірушілерді дайындайтын кәсіптік-техникалық училищеге құжат тапсырды. 
     Училищені жақсы тәмамдаған ол Алматыда жұмыс жасады. Сол аралықта, яғни, 1980 жылы әскерге жасы жетіп қалғандықтан, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Әскерде де өзіне артылған жауапкершілік жүгін тым ерте сезінген бозбала тәртібімен де, әскери жаттығуларға жақсы машықтануымен де алдыңғы сапта болды. Анасына бірнеше рет әскери командирінің атынан Алғыс хат келіп, қуантқан. Екі жылдан кейін ауылға оралған Серік Қалабайұлы талантты суретшілігімен де ауызға іліккен. Шаштараздық қабілеті де кәдеге асқан. Электрмен темір пісіруші болып жұмысқа қабылданды. Үй салып, есік-терезе орнатып, пеш салып ауылдастарына құрметті болды. Өзінің құрдастарынан қалмай, көрші ауылдың бір қызына үйленді. Сөйтіп, анасының екі қолын жылы суға малуды армандаған оның ойы жүзеге асып келе жатыр еді. Бірақ жас келіншегінің жиі-жиі ауырып қалуы көңілін алаңдатты. Дәрігерлер «бүйрек жеткіліксіздігі» деген диагноз қойғандықтан, зайыбын Алматыдағы республикалық клиникаға да апарып қаратты. Жасалған ем-домнан еш көмек болмай, көп уақыт өтпестен жар қосағынан айырылып қалды. 
     Осының бәрі түсім болса екен деп ойлайтын ол оңашада көз жасын ішіне жұтып жатып. Сөйтіп жүргенде, «ауыр десең, қосып арқала» дегендей, екі көзі көрмей, суқараңғы соқыр болып қалды. Айналасында ақыл айтар, қамқорлық жасар еш адам жоқ. Анасы болса, өзінен кейінгі іні-қарындастарын адам ету қамында күні-түні бел шешпестен еңбек етуде. Ал, өзінен кейінгі іні-қарындастары әлі жас. Болашағын ойласа, көңілі жабырқайды. Келешекті армандау түгіл, сыртқа өздігінен шығып, кіре алмайтын зағип жанның тірлігі белгілі ғой! 
      Осындай күндердің бірінде айналасына әппақ нұр шашыраған, үстіне шапан, басына тақия киген бір қария Серік Қалабайұлының жанына келіп, онымен сырласатын болды. Жарық дүниені, ешбір адамды көрмейтін зағип жан бұған іштей таңырқағанымен, әлгі үлкен кісімен кәдімгідей сөйлесетін болды. Бір күні әлгі ақсақал: «Тұр, Серік балам, Түркістанға барамыз. Поезға кеш қалып қоймайық» деп, жүрмесіне қоймай, жетектеп әкеліп, Алматы бағытына жүріп бара жатқан жүрдек поездардың біріне мінгізеді. Поезға мінгеннен кейін, плацкарт вагонға, терезенің алдына жайғасып алып, екеуі әңгіме айтып отырған кезде, жолсеріктің «Түркістанға жақындадық» деген сөзінен кейін әлгі ақсақал: «Мен қазір келем, балам» деп кетіп қалады. Елдің бәрі сапырылысып, түсуге әрекет жасауда. Серік Қалабайұлы өзін жетектеп жүрген үлкен кісіні әрі-бері күтіп, болмаған соң айналасындағылардан: «Менің қасымдағы қария қай жаққа кетті, көрмедіңіздер ме?» деп сұрайды. Жанында отырған бір жас жігіт: «Сіздің жаныңызда ешкім болған жоқ. Сіз ешкімнің жетегінсіз вагонға өзіңіз мініп, осы орынға отырдыңыз» деп жауап береді. Сол арада кейіпкеріміздің қиналып қалғанын сезген әлгі жігіт Түркістаннан түсуіне көмектесіп, Құл Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің есігінің алдына отырғызып кеткен. Кесенеден әрлі-берлі өткен адамдардың ішінен бір молда қария келіп жөнін сұрайды. Бұның тегін адам еместігін төбесінде жарқырап жанып тұрған шырақтан білгенін айтып, үйіне әкеледі. Осыдан бастап, емші, адам жанының рухани сауықтырушысы Серік Қалабайұлының өзгеше өмірі басталады. Жанында жол бастап, Түркістанға бағыттап жіберген ақсақалдың ақша бұлтты Ақтан бабасы екенін де содан бастап түсіне бастайды. 
     Тәні ауырғанды науқасынан айықтырып, жаны ауырғанды рухтандырған оның көзі де бірте-бірте көре бастайды. Ең алғаш Кентау қаласында 1994 жылы елдің алдына шығып, емдік-сауықтыру шарасын жүргізген кезде 17 жасар Айнұр Түлкібаева деген қыз балаға көзі түседі. Осыдан бір жыл бұрын өзінен үлкен әпкесі өзін-өзі буындырып, қайтыс болған екен. Бір жылдан кейін сол жағдай Айнұрда да байқала бастайды. Ата-анасы, ағайын-туыстарының көзін ала бере өзіне-өзі қол салуға ұмтылуы жақындарын да, өзін де әбден титықтатып бітіпті. Сол қыздың алдындағы дәптеріне: «Айналайын, қарындасым! Аса қамқор, ерекше мейірімді бір Алла қуат бергей! Кедергінің кесірінен сақтағай! Ақ Әулие Халық батасы, Ақтан баба жебеген» деп қолтаңба қалдырады. Сол түні Айнұр өзін-өзі қылғындырмай, қолына қалам алып, өлең жаза бастайды. Қазір Шымкентте, басылымның редакторы. Өзін де, ата-анасын да әбден қажытқан сырқатынан айыққаннан кейін Серік Қалабайұлына жүрекжарды алғысын өлеңмен айтқан екен:
Домбырадай күй тұнған шанағына,
Жалын кеудем күмбірлеп барады ма?!
Маржан жыр боп көз жасым төгілді де,
Қасіретім құйылды қаламыма.

Белгісіз бір шаттықтан дүрсіл қағып, 
Кернеп кетті кеудемді тылсым шабыт.
Еріксізден көиейім бүлкілдейді,
Ақтарғысы келгендей мұң-сырды анық.

Ақ тілегің жырыма жалғасып кеп,
Жібергендей жарық нұр жолға сілтеп.
Мейірімі мол бір Алла қуат беріп,
Ақтан баба, Ақ Әулие қолдасын деп.

Пәк періште осынау тілек сөзің,
Тұнығымен шайғандай жүрек көзін.
Шабыт құсым аңсатқан оралды да,
Желпіп өтті жанымды жібек сезім.

Қасиетің киелі, кемел, нұрлы,
Қозғағандай мендегі шемен мұңды.
Ақ тілегің тұндырды жүрегіме,
Тағдырыма балаған өлең-жырды.

Ақыл жетпес тұңғиық тереңіне,
Дарыныңды жырлаймын мен егіле.
Жан дертімнің дауасы табылған соң,
Өзге емнің тәніме керегі не?!

Өмір атты өткінші бұл егесте,
Алданбайық, ағайын, құр елеске!
Көктен іздеп сарсылған құтқарушың,
Көз алдыңда, мінекей, тұр емес пе?!

Ақ әулие, бейкүнә баладай бір,
Пәктігіңнен әлемге тарағай нұр.
Басыңды иіп, ағайын, құрмет тұт та,
Асылыңды қолдағы бағалай біл,- бұл өлеңде бүкіл халықтың ақ тілегі, алғысы тұнып тұр емес пе?! Емделушілердің алғыс-баталары жазылған дәптерде қаншама сырқаттың мұңы мен сыры, қуанышы мен жұбанышы тұнып тұр десеңізші!
     Мәселен, 1982 жылы туған, Шымкент қаласының тұрғыны Әсия 2010 жылы тұрмыс құрған. 2013 жылға дейін бала көтере алмай жүрген соң, дәрігерге қаралады. Дәрігерлер сараптамалар мен талдаулардан кейін Әсияның бала көтере алмайтынын ашып айтады. Көз жасы көл болған Әсия бір таныстары арқылы Серік Қалабайұлының алдына келген. Үш ай ем шараларын алғаннан кейін өзінің аяғы ауыр екенін білген Әсия жүрегі жарыла қуанып, өңі ме, түсі ме, өтірік пе, шын ба дегендей күй кешеді. Сөйтіп, 2014 жылы өмірге ұл баланы, бір жылдан кейін қыз баланы дүниеге әкеліп, перзент сүю бақытына ие болған. 2019 жылы көктемде омырауына сүт қатып қалу нәтижесінде бездері өсіп, ісік пайда болған. «Фиброзно-кистозная мастопадия» деген диагноз қояды дәрігерлер. Сол кезде де күйеуі Данияр Әсияны Серік Қалабайұлының алдына алып келеді. Қабылдаған емнен кейін тексерілген кезде, кеудесінде ешбір ісіктің ізі де қалмағаны анықталған. 
      Ал, 1991 жылы туған, Шымкент қаласының тұрғыны Бағжан 2010 жылы жол апатына ұшырайды. Екі жамбасы сынып, жеті рет ауыр ота жасалады. Зәр шығатын тамырлар үзіліп, кататор пайдалануға мәжбүр болады. Сол жол апатының салдарынан оң жақтағы ұрық безінің езіліп кеткені анықталып, сылып алып тастаған. Өздігінен дәретке отыра алмай, денсаулықтың қадірін білген Бағжанның жағдайы күннен-күнге төмендей берген. Қуығының астынан ісік пайда болған. Оны жою үшін бірнеше рет лазер, радиоактивті сәуле қабылдаған. Бір жыл бойы онкологиялық ауруханада емделген. 2012 жылы ақпан айында туыстары Серік Қалабайұлына алып келеді. «Айтқанымды бұлжытпай орындай алсаң болғаны! Бұл ештеңе емес, әлі-ақ үйленіп, сәбилі боласың! Жазылып кетесің! Көр де тұр, бір жыл, жеті айда сәбилі боласың!» деп рух береді ол кісі. Бағжан оны жігерлендіру үшін айтқан шығар деп ойлайды. Айтқан кеңестерін бұлжытпай орындап, емін толық төрт ай алғаннан кейін дәрігерге барып, толық сараптама, талдаудан өтуге кеңес береді. Онколог-дәрігері төрт айдан соң алдына барған Бағжанға: «Сен бұл уақытта қайда болдың? Қайда емделдің? Мен таң қалып отырмын, қуығыңның астындағы шәй кеседей ісік қалай жоғалған?! Бұлай болуы мүмкін емес қой!» дегенде, ол қуанғаннан көзіне жас алыпты. Сауығып, қатарға қосылған жас жігіт үйленіп, сәбилі болған. 
    Біржан деген жігіт 2014 жылы Серік Қалабайұлымен поезда танысыпты. Жолаушылар ұзақ жолда әңгіме айтып отырған кезде, Біржан да өзінің жағдайын айтады. 2004 жылы шаңырақ көтерген екен. Балалары болмағаннан кейін 2008 жылы ажырасып кетіпті. Одан кейін 2012 жылы қайтадан отау құрған. Бірақ әлі күнге дейін бір перзентке зар екенін жүрегі қанжылап отырып жеткізеді. Сол кезде: «Біржан, Тәңірінің тылсымына шек келтіруге болмайды. Өмір – адам баласына деген Тәңірінің сүйіспеншілігі. Ақ пен қара, қуаныш пен қайғы, махаббат пен қызғаныш қатар жүргендей, өмірге де сенім шырағы керек. Сен қазір өмір сүріп жүргенмен, сол өмір шырағыңды-үміт отыңды өшіріп алғансың. Әуелі Тәңіріге деген тілегің мен ықыласыңды жолға қой. Жақсы тілек – жарым ырыс! Шын ықыласты Құдай ғана естіп, көре алады екен. Сен әлі сәбилі боласың, көр де тұр» деген Серік Қалабайұлының сөзінен кейін денесіне ыстық беймәлім бір нәрсе құйылғандай күйге түседі. Өзі түсетін Қармақшы стансасына жақындаған кезде: «Аға, тегін адам емессіз ғой, маған ақ батаңызды беріп кетіңіз» деп, көңілі босап, көзіне еріксіз жас алады. «Түркістанда – құл Қожа Ахмет, 
Мединеде – Мұхаммед! 
Әулие-әмбие қолдасын!
 Мұхаммедтей нұрлы қыл! 
Ер-дәулетті ұлды қыл! 
Ұлдарың оншақты болсын,
 қыздарың моншақты болсын! 
Ақ үйің киізді болсын, 
ірі қараң мүйізді болсын! 
Құдайым-ау, менің берген ақ батам
ағарып атар таң болсын!» дегенде, жан сарайына сәуле жүгіріп, ішіне қуаныш енеді. Содан кейін 2016 жылы 1 шілдеде, Қадір түнінде ұлды болып, ұлын Мейіржан деп атайды. Біржанның келіншегінің аяғы тағы да ауыр екен. 
      Біздің бұл жазғанымыз Серік Қалабайұлының алдынан тән дертінен сауығып, жан дертінен айыққан бірлі-жарым жандардың шын жүрегінен шыққан алғысы ғана! Ақтан баба жебеген, халық қадірлеп Ақ Әулие атаған ағамыз халқының бағына аман жүргей!
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
«Сарайшық» журналы