Қарғаның миын қайнатардай шіліңгір шілденің күні күйіп тұр. Тіпті 45-50 градус ыстық дегенге де құлақ үйрене бастады. Қаладағылар өзенге аунап, тұзға түссе, қырдағы жұрт құмға құман қайнатып, топыраққа малынып, қыздырынатын мезгіл. Қырық күн шілде - ем айы дейтін. Бұл күні күнқағарын баса киіп, Қайыр шалдың да үйіне келіп жатқаны сол-ақ еді, газет таратушы қыз да бір құшақ газетін алып жетті.
- Сәлеметсіз бе, ата?- деді.
- Аманбысың, айналайын?
- Папка ұстап қайдан келесіз? Сіз де тыным таппайды екенсіз!
- Ә-ә-ә, райсәбезге барып келемін. Ана жылдары мына немеремнің әкесі жол апатынан қаза болған. Есіме түссе, жүрегім ауырады. Ол барда жақсы еді, айналайын. Соған қайғырамын. Енді мына мемлекеттің жетімдерге беретін жәрдемақысы бар екен. Соған құжат тапсырғанмын, – деді газетті алып жатып.
- Немереңіз неге жетім, ата? Атасы бар бала қалай жетім болады екен? - деп таңдайы тақ ете түскен әлгі қыз газетін арқалап, келесі үйді бетке алып кете барды.
Ғұмыры совет үкіметіне қызмет етіп «партком», «аткомдардың» белді мүшесі болып, сол идеологияға атандай жегіліп, құлы болып жорғалады. Одан тапқан пайдасы осы –«Коммунист шал» деген атағы ғана. Ортадан жоғары бойлы, қыр мұрын, жазық маңдайлы, ақсары кісі Қайыр қапелімде бұл сөздің төркініне назар аудармаған еді. Алайда әлгі қаршадай қыздың сөзі осыдан жетпіс жылдай бұрынғы әкесінің: «Жетімін жылатпаған ел, тіпті, «жетім» деген сөзді сүйекке таңба болады деп айттырмаған, балам» деп біраз тағылымды әңгіме айтқанын есіне түсірді. Сондықтан да әлгі сөз кеудесіне шаншу болып қадалып, төбесінен мұздай су құйып жібергендей дір ете түсті. Көлеңкеде отырып терледі.
-Ата, шайға...,– деген келіні Сағиманың даусы ғана оны ұйқыдан оятқандай орнынан тұрғызды. Бестің шайына жайғасты.
- Иә, кәнтор жағыңда не жаңалық? Әлгі құжаттарды тапсырдың ба, – деді бәйбішесі Фатима орамалын жөндеп тартып жатып.
-Ертең бітетін түрі бар...
- Сол көмексіз-ақ балаларды өзіміз де асыраймыз ғой. Үкіметтің де ...,– дей беріп еді:
– Положено болса алған дұрыс емес пе? Балалардың керек-жарағы бар алатын, – деді жұлып алғандай келіні Сағима. Шытынаған мінез. Шыны ыдыстағы шай у тәрізді көрінді. Бестің шайының берекеті болмады. Расында да Жарқын өмірге жарық болып келіп, жалт етіп сөнді. Ол кеткелі келіннің де көңілі бірде - көл, бірде - шөл. Оны да түсінуге болады. Қосағынан айырылғасын іштей көңілі алай-дүлей. Жамандығын көргені жоқ, иіліп сәлем береді. Ақ босағасына адал. Алды сегізінші сыныпқа қадам басып қалған үш бірдей немере ата-әжелеріне әбден бауыр басып алған. Үлкені Серік - атасына кәдімгідей қолғанат. Сондықтан да келіннің жанын түсіну, оның қабағына қарайлаудың ар жағында отбасы тұтастығы жатыр.
- Пішен түсіретін уақыт та таяу, кемпір. Ауласын ретке келтіріп қояйын. Бақшам да бар қарайтын, деп күндегіден бір-екі тостаған шай кем ішіп асын қайырды.
Әуелден шайшыл еді. Келіннің сөзіне бола.., - деп Фатима іштей сөйлеп, шалының бұл әрекетін біртүрлі көрді. Шынында да, күнделікті жұмыстан гөрі отағасын әлгі пошташы қыздың сөзі тыным таптырар емес. Отыра қалса болды бырш-бырш терлеп, өзін кінәлай бастайды.
-Апырым-ай, әлгі қыздың айтуының жаны бар. Зіл батпан газет емес, әр үйге руханият тасып жүр ғой, қанша дегенмен. Ақылы бар. Дұрыс айтады. Ата-әжесі тұрғанда немере қалай жетім болмақ. Ай, Алла-ай! Жетпіс жыл бұрынғы әкемнің айтқаны жетпіс жыл бойы кеңестік идеологияның астында қалыпты. Соны мына қыз жұлып алып, қолыма ұстатты. Атасы немересін «жетім» деу –өлімнің қара басы. Дәстүр кешірмейді мұны,- деп ешкімге жасаған қиянаты болмаса да өзін іштей жейді.
Таң атып алса, бақшасын қарап, сонымен уақыт өткізеді. Бірақ, бұрынғыдай газет таратушыны күтпейді. Келе қалса, өзінен-өзі қуыстанады. «Сөз сүйектен өтеді» деген осы. Аңдамай сөйлеген бір ауыз сөз отағасын қайғыға батырды. Бау-бақшасын баптай жүріп, пісіп қалған қияр, қызанақтарын алып үйге кірді.
Әй, Қайыр, саған не болған... Анда-санда демалатының бар еді, оны да қойдың, - деген бәйбішесінің сөзіне құлақ аспағандай терін сүртіп, уфлеп жата кетті.
Түн. Бір нәрсе түртіп оятқандай сыртқа шықты. Көкжиекке көз тастап еді жарқырап жаңа ай оңынан туыпты. Әкесінен көргені есіне түсіп: «Ай көрдім, аман көрдім, баяғыдай заман көрдім. Ескі айым, есірке! Жаңа айым, жарылқа!» деп бетін сипады. Сәкіде отырып, өзімен-өзі біраз сөйлесті. Атадан жалғыз өскен соң оның әуелгі әдеті осы еді.
- Саған осы не көрініп жүр. Түн ортасы болғанда гүбір-гүбір сөйлеп. Алжиын деп жүргеннен саумысың? -деп дөңбекшіді кемпірі.
Бір күні үйге Қайыр шалмен бірге жұмыстас болған азаматтар келді. Дастархан жайылды. Мезгілінде талай-талай құты қағыстырылып, қызықты күндер өткен. Әлгі қонақтар соны еске түсіреді. Өздерін де соның желі жетектеп келгенге ұқсайды.
- Коммунист! Сен не, адам болайын дегенсің бе? Құймайсың ба?- деді шараптың әмірі тынышына отырғызбай бірі.
- Ал, енді ... , - дей беріп еді екіншісі:
- Иә, өздерің молаға бет сипамаңдар деп «ал, давайдың» алдында жүргендерің есіңде ме? - деп шектен шыға сөйледі. Іріген ауыз, шіріген сөз.
- Әй, сендердікі не бөсу?! Қартайғанда өткенді қазып, қазымыр болайын дедіңдер ме? Алдарыңда келін шай құйып отыр. Ұяттарың қайда? - деп Фатима баса сөйледі.
- Ай, жеңеше қалжың ғой... - деп еді:
- Қалжыңның жөні бір басқа, дәмнен алып отырыңдар, - деп қонақжайлылық танытты. Әрі қарай әңгімені Қайыр қозғап, басқа арнаға бұрып кетті.
Соңғы кездері оған бір тылсым күш жөн сілтегендей болып көрінеді. Бүгінгі түсі де - соған дәлел. Басына сәлде ораған данышпан бұған бұрылып, күллі әлемді жаратушы Алланың әрдайым кешірімді екенін, өзінің құлдарына мейірім шапағатын төгетінін айтып назарын аударып әкетті. Ұйқысы қашып, сыртқа шықты. Әлгі түсін өзінше жорып, мешітке бару керек екен деген байламға келді.
Үлкен жұма. Фатима кемпір келіннен бұрын тұрып, майдың иісін шығарып, шелпек пісірді. Бірақ шалының бүгін мешітке бару жоспары барын ол білмейді. Дегенмен, жұма күні өлі аруақтарды еске алып, нан пісіру дәстүрі әр шаңырақта сол қалпы сақталған. Рас «ағузуды» ағызып оқып жөнелетін діни сауат жоқ. Кеңестік идеология оны мүлдем ұмыттырған. Дастархан басына жайғасқан соң ғана мешітке баратыны жөнінде айтты.
- Дұрыс болған екен. Мен де осыны ойлап жүруші едім. Бірақ мына беті-аузын жүн басқандар қаптап кеткен. Соларды көргенде кәдімгідей қорқасың. Бала кезімізде «Орыс алып кетеді», «Әне, Иван келе жатыр» деп қорқытатын. Енді мынау. Әлгі көршінің баласы ақыры әке-шешесін тыңдамай осындайларға ілесіп кетіпті. Ай, құдай сақтасын енді. Барғаның жөн ғой,– деді бәйбішесі.
Қайыр шал жиындарға барғанда алып келіп жүрген діни танымдық ақпараттарды бір шолып шықты. Әшейінде көп қызығушылығы жоқ еді. Сөйтсе, дәрет алу дегеннің өзін жұрт қате түсініп жүргенін, осыған қарағанда діни шарттардан мүлдем ажырағанын біліп, жағасын ұстады. Ақ жейдесі мен тақиясын киді.
– Білмегенімізді құдай кешірсін!– деп бөлмеге Фатима кірді де шетіне садақасы түюлі ақ орамалды қолына ұстатты.
Үнемі костюм мен галстукті тастамай, әдетке айналдырған Қайырдың бүгін киім кию мәдениеті өзгеріп, жейде мен тақия өзіне жарасып-ақ кетті. Мұны бәйбішесі де байқап:
- Қайыр, мынау саған кәдімгідей жарасады екен, – деп шын көңілін білдірді.
Біреу-міреу көрсе: «М-ә-ә, мына коммунист шалды қара!» дейтіндей алғашында өзін ыңғайсыздау сезінгенмен, бар назарын мешіт үйіне аударып жүре берді. Жолшыбай танып, апарып тастауды өтінгендерге алғысын айтып, жаяу жүргенін тәуір көрді. Сөйтіп, мешіт ауласына да келіп жетті. «Биссмиллә» деп, оң қолымен мешіт үйінің тұтқасынан ұстап, әрі кіре бергенде, мешіттің бас имамы да қарсы кезіге қалды.
- Мәссаған! Жезде, адасып жүрен жоқсыз ба? – деді күлімдеп. Бұл өзі қабасақал қорқынышты біреу кезіксе қайтем деп қобалжулы келе жатқан Қайыр шалға демеу бола кетті.
- Шүкір, жақсымыз, – деді көңілі бірленіп.
- Жүріңіз, жүріңіз, – деді Есалы қажы жездесінің қобалжулы екенін сезе қалып. Оның үстіне тергеушінің алдына келгендей қысылмасын деп аман-саулық сұрасып, арқаны кеңге салып отыратындай, көңіл кілтін тауып жіберді. Сонда да әңгімеге онша зауқы жоқ Қайыр негізгі шаруасын, ата-бабаға арнап құран бағыштау қажеттігін, сондай-ақ, әлгі пошташы қызбен арадағы аузынан аңдамай шыққан сөзге өкінетінін айтып, ой үстінде қалды.
- Оның несіне қысылып сөз қылып отырсыз? Жетім, жартылай жетімдерге мемлекеттің беретін көмегі ғой, – деді молда.
- Сол көмекті алмай-ақ қойсақ қайтеді. Ата-әжесі отырып ұят емес пе?!
- Қазір жағдай қиын. Жетім демек түгілі, немерелерін бөліп жаздырып, тіпті отбасынан әдейі айырылып, үй алып жатқандар бар. Ар-ұят жоқ. Қу дүниенің жолы болып тұр. Сіздің мына әрекетіңіз - соларға шынында да үлгі! Мен мұны мысал ретінде айтып жүретін боламын. Сізді жұрт тәртіптің адамы дейді. Өзіңізді босқа кінәламаңыз. Ал, ендеше, құран оқып жіберейік, – деді. Оқылып болған соң:
- Садақаңызды мына жәшікке саларсыз, – деп жөн сілтеді. Қайыр жанынан ақ түйілген шүберекті шығарып еді, балдызы және әзілдеп:
- Жезде, апамның орамалын алып кеткен жоқсыз ба? Енді түйіндіні шешіп салыңыз,– деді де, өзі де көмектесіп жіберді. Қайыр шал жанқалтасындағы әмиянынан 10 мың теңге алып және салды. Бұл жерде де жезделеп, әзілдейтін реті болғанмен, оның ішкі жан дүниесін түсініп:
- Садақаңыз қабыл болсын!– деп шығарып салды.
- Адасқан шалды тәртіптің адамы дей ме? Мешітің де ақша санайтын орын болып жүрмесін, – деп өзін-өзі кінәлай сөйлеуді қояр емес. Көше бойлап келе жатып, неше түрлі ойға түсті. Ол жәрдемақыдан бас тартайын десе, бәйбіше байбалам салып, келін күңкілдейді. Олай болмағанда не істемек?! Бір амалы табылар. Ең бастысы, мешітке бас иіп ата-бабаларына құран оқытып келе жатқанына разы. Жадына бала кезде қарттардан тыңдап қалған есті әңгімелер түсе бастады. Бұл енді иман ұйыған үйдің әсері болса керек. Оның үстіне ата-бабасына арнап құран оқытып шықты.
- Алла қандай кешірімді?! Сәвет өкіметінің санамызды улағаны соншалық дінімізді ұмытыппыз. Сонда да Жаратқан құшағына алып тұр-, деп өзімен-өзі сөйлеп келеді екі қолын артына айқастыра ұстаған күйі. Бұл Қайыр үшін ерекше күн болды. Базарға соғып, немерелеріне тәтті тағамдар алды. Олар да «аталап» алдынан жүгіреді. Әйтеуір, бүгін әулет нұрға толы.
– Кемпір, бүгін қазан көтерсейші. Ана балаларға хабар жібер. Дастархан толсын, – деді де бақшасына барып, алма ағашын саялады. Бау-бақша күтімімен зейнеткерлік жасқа шыққан соң айналыса бастаған еді. Терең тыныстап, ойға шомды. Әкесі Әбдірахман Сталинград түбіндегі шайқаста 1942 жылдың қысында опат болған. Майданға кетерінде ес біліп қалған Қайырға:
Азамат болдың, есіңді жи ұлым. Өкіметке қарсы шығамын деп ойлама. Ата-бабаңды қырған залымдарға сен түк емессің. Аман қалуды ойла. Тегіңе бекем бол. Мына шешең мен қарындасың - енді еркек кіндік саған аманат. Ал, көріскенше,– деп маңдайынан бір иіскеп, аттанып кеткен. Содан марқұм шешесі Қалима колхоздың бар жұмысына жегіліп, дәм-тұзы таусылғанша Әбішім келіп қалар деумен өткен. Қос құлыны Қайыр мен Қатираны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай адамасыл етіп тәрбиелеген. Міне, осының бәрі Қайырдың жүрек түбінде сайрап жатыр. Маңдайдағы иіс есіне түссе, әне-міне, әкесі келіп қалардай көрініп, өксік алқымынан алып, жанарын жас қысатын. Көз алды тұманданып кетеді. Өкіметке қарсы келмеді. Айтқанымен жүрді. Сондағы жанына жара болып жабысқаны - «Коммунист шал» деген атақ. Бірақ ол ешкімнің ала жібін аттамады.
«Шүкірмін, әке. Аманатыңызды қабілетімнің жеткенінше орындадым. Құдайға шүкір, ұрпағыңыз өсіп жатыр. Енді міне, жас та ұлғайды» деп тұруға оқталып еді көзі қарауытып, жүрегі кілт еткендей болды.
- Е-е-е, жетпіс сес көрсетіп тұр, – деп күмілжіді де сәл тыныс алып барып, қозғалып кетті. Саулықтың сыр беріп қалып жүргенін өзі де байқайтын. Пошта жәшігіне салынған газеттерін алып үйіне кірді. Бұрынғыдай газет оқитын қарқын жоқ. Сонда да көзілдірігін киіп, шолып өтеді. Сол сәтте үйдегі телефон шыр ете түсті. Ұялы қондырғы орнатылғаннан кейін бұл телефонның көп қажеті болмай қалып еді. Қашаннан бері байғұстың дауысы шығып тұр.
– Алло, сәлеметсіз бе? Қайыр ағайдың үйі ме екен?
- Иә, солай. Өзі тыңдап тұр.
- Ағай, мен әкімшіліктен соғым тұрмын. Ертең сағат: 10:00-де әкім шақырып жатыр. Соны айтайын деп...
- Қандай мәселе?
-Оны білмедім.
- Жақсы.
Ертесіне шақырылған уақыт бойынша сол жерде болды. Бірақ тез қайтты.
- Барғаныңнан келгенің шапшаң болды ғой. Не жиналыс? Тыныш па?– деді Фатима сәкіде отырған күйі.
- Тыныш болғанда, оншақты өзіміз құрбылас, кіші де азаматтар болды. Қоғамдық кеңес деп аталатын тағы бір ұйым құрылмақшы. Қоғамдық келісім деген және бар. Соған мүше болу, төраға сайлау - деген сияқты мәселелер. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген, осындай ұйым көп қазір. Мүмкін пайдасы бар шығар.
- Біраз өмірімізді арнадық. Ендігі қалған ғұмырымызды құдайға құлшылық ету жолына арнап, ағайын-туыс ортасында болайық,- деп алғысымды айтып, рұхсат сұрап шығып кеттім.
- Е-е-е, оның да жөн шығар. Балалар - жан-жақта. Қолдағы баламыздың қайғысы батқанмен, немерелеріміз де өсіп, ат ізін тай басар жасқа жетті. Шүкірміз ғой. Ағайын-туыс, құда-жекжатқа барыс-келістің өзі - біраз шаруа, – деді Фатима соңғы кездері шалының мінез-құлқынан өзгеріс байқайтынын аңғартпай.
...«Қыс шанаңды жаз сайла» деген, таңның суығы байқалып, енді су суитын сүмбіле де таяп қалды. Азын-шоғын малға пішен қажет. Соңғы кездердегі қуаңшылық елге қатты әсер етті. Қатқыл тері сүйрегендей, құм етектің де құлпырып тұрғаны шамалы. Сайып келгенде пішен бағасы аспандап тұр. Бір буманың құны бір қапшық астықтың бағасымен пара-пар – 9000 теңгеге дейін жетеді. Дегенмен, ол жылдағы тапсырыс беріп жүрген пішеншілерге айтып қойған еді. Міне, сол уәде бойынша бір машина пішен келіп те қалды. Қапелімде көмектесе қоятын ешкім жоқ. Балалар жұмыста. Ер жеткен немересін алып, өзі кірісіп кетті.
- Әй, Қайыр, саған ауыр болады-ау. Ақшасын беріп, біреулерге неге түсіртіп алмайсың? – деген кемпірінің сөзіне құлақ аспады. Пішеншілердің көлігін босату қажет. Олардың уақыты - санаулы. Алғашында орай домалата түсіру әдісімен өндіріп алды да, кейін өзі көліктің үстіне шығып тастап тұрды. Ара-арасында сәл дем алады.
Немересі Серік:
- Ата, сіз шаршадыңыз ғой. Қалғанын ертең түсірсек қайтеді,– деп еді:
- Бүгінгі істі ертеңге қалдыруды әдетке айналдырмау керек. Ол - еріншектіктің белгісі,– деді.
«Көз қорқақ, қол батыр» демекші, көп ұзамай пішен аулаға түскен соң ендігі айналасын өзім реттеймін деп атасы немересін үйге қоя берді. Буыны қатпаған жас қой әлі деп аяйды. Өзі пішен аулаға арқасын тақап отырғаны сол еді, айнала мұнарланып кете барды. Сөйлеуге әлі жетпей, көзі жұмыла берді. Тек әкесінің соғысқа аттанып бара жатқандағы маңдайынан иіскеген бейнесі ғана көз алдына келді. Бүкіл ғұмыры қол бұлғап қалып бара жатты. Шайға шақыруға келген келіні ғана атасының аянышты халін көріп, жедел жәрдем шақырды. Бәрі кеш еді.
Он жыл өткен соң
Бұл кезде Нәзира да оқу бітіріп, жастар тәжірибесі бағдағдарламасымен жұмысқа кіріскен. Үйге асығып келіп, үлкен жақтағы әжесіне барды.
- Әже,– деді алқынысын баса алмай.
- Ай, не болып қалды? Не дейсің, жаным, – деді орамалының құлақ тұсын түріп.
- Газетке атамыз жайлы мақала шығыпты.
- Газетке мақала шығыпты деймісің. Иә, не деп жазыпты?
- «Қайыр шалдың қайғысы» деп аталады.
- Апырым-ай, қайғысы несі? Оқып бер-дағы.
Нәзира мақаланы түгелімен оқып берді де:
- Әже, атамыз бізге төленетін ақшаны қайырымдылық қорына аударып келген бе? Сонда бізге қайдан тауып келді екен?
- Бара ғой, жаным, бара ғой. Е-е-е, жарықтық. «Жетім» деген - ауыр сөз. Соны көзінің тірісінде білдіртпейін, жәутеңдетіп үкіметке қаратпайын деп зейнетақысын беріп отырған. Анда-санда балдызыма көмектесіп келейін деп қырға кетіп қалатыны бар еді. Соның бәрінде білдірмей табыс тауып келетіні ғой, жарықтық. Бүгін түсіме еніп еді. Маған қарап жымияды. Бір қуғын-сүргіннен ақтағандай болды-ау, – деп көзінің жасын сықты.
Бір күні аудандық мәдениет үйінен хабарласып, Фатима ананы тәуелсіздік күніне орай өтетін салтанатты шараға шақыратынын айтыпты. Онда аудандағы халық театры газетке шыққан мақала желісімен «Қайыр шалдың қайғысы» атты қойылым қоймақшы екен. Оны Сағима қуанғаннан енесіне айтты.
- Ай, айналайын-ай. Алла разы болсын. Аталарың сияқты қанша адам қиындықпен күн кешті. Олардың бәрінің өмірі - бір-бір қойылым ғой. Кеше тағы түсіме енді. Аппақ болып киініп алған. Ақтығы ғой. Маған бірдеңе дегісі келе ме... Мезгіл таяды-ау осы..., - деп Сағимаға қолтығынан демеп, сыртқа шығаруды өтінді. Жарық дүниені бір көріп қалайын деген болуы керек... Сөйтіп жақсының жары да дәм-тұзы таусылған күні Алланың ақ жолына аттанды.
Кейін қойылымды тамашалауға Сағима балаларымен барды. Келген халық қайта-қайта көздеріне жас алып, өзектері өртеніп отырды. «Біз қазақ бір-бірімізді жамандаудан басқа не білеміз. Біреудің қайғысын да түсінбейміз. Қарашы, қандай үлгілі іс жасаған, а?» деп тарасып бара жатты.
Ата мен ене де бақилық болды. Ошақ басында Сағиманың өзі жүр. Үлкен жұма. Өлі аруақтарға арнап шелпек пісірмек. Отын қалап, қазанға май құйып еді, пырс-пырс етіп, өзіне шашырады. Аруақ разы еместей тұла бойы біртүрлі болып кетті. Шапшаң үйге кірді де, енесінің орамалын тартты. Биссмилләсін айтып, бауырсағын былғалай бастады. «Өмір дегенің осы қайнаған қазан тәрізді екен ғой. Көп нәрсені түсінбеппіз де» деп біраз ойға шомды. Өткен күндер көз алдынан өтіп жатты. Бір кездері ата-енесінің айтқандарын жүре тыңдағаны есіне түссе, өзінен өзі қуыстанады. «Келін - ене топырағынан» деген, енді міне, үлкендік жеңіп, өзі отанасы болып отыр. Балаларын дастархан басына шақырып, өлі аруақтарға дұға бағыштай бастады. Аталарының өсиетін айтып отыруды әдетке айналдырды.