...Түн ортасы. Көше бойымен аяңдап келемін. Айналада тірі жан жоқ, тым-тырыс. Құдды бәрін де жер жұтып қойғандай. Міне, өз үйіме де жеттім. Бес қабатты үйдің бесінші қатарында – бір бөлмелі өз пәтерім, «кең сарайлы боз пәтерім». Баспалдақпен жоғары көтерілдім. Даңғарадай ғимараттан бір сыбыс шықпайды. Үйдің де есігін ешкім ашпады. Жұмыр жүрек жиілеп соғуда... Көрші есіктерді де мазаладым, олар да жым-жырт. Дереу тысқа шығып, көше кезе бастадым. Қаңыраған қалада бейне бір өзім қалғандаймын. Бірде қара жерге жан бітіп, сізге өтірік, маған шын – төмен қарай құлдилай жөнелдім! ...О, тоба! Көргенімнің бәрі түс екен. Шошып оянған күйі жылы төсектен атып тұрдым.
Мұндай да түс болады екен-ау? Ас бөлмеге барсам, әке-шешем таңғы астарын ішіп отыр. Оларға түсімді баяндап бергем, «ондай түсті мен де көремін, кенеттен құдыққа түсіп кеткендей болып ояна кетесің» деді анам. – Иә, ал, өміріңде аттап баспаған жер кейде саған таныс көрінеді. Ол жерде сен бұрын болғандай-ақ, ә?.. - десті әкем.
Ертемен асқазанға ас батпайтын әдеті емес пе, бір аяқ шәймен ғана оразамды аштым. Анам болса, бір түйір нан жегізбестен мені жұмысқа жібермейтін. Бірақ бүгін оның: - Қалағаныңша іш те, бара бер, - дегені. Аққудай сыланып, тауыстай таранып алған соң, үйден шыға бере күндегідей «түстенуге келгенде дүкеннен не ала келейін?» деп сұрадым. «Ештеңе де алма, өзім-ақ әкелемін ғой». Анамның сөзі бүгінгі күннің басты жаңалығы болғандай.
Дәлізден шығып, айналаға көз жүгіртсем, төменгі үйде тұратын көршіміз қоқысқа толы қара пәкетін қоқыс жәшігіне салып жатыр. Қалдығын бірінші қабатта тастап жүре беретін бұл көршіге не көрінген десейші? Сосын аялдамаға барып, «он екіні» күттім. Сағат емес, қаланың о шеті мен бұ шетін жалғаған кең сарайлы автобус. Ауа болса жұтындырар емес. «Мұнайлы астана» дегенімізбен, қаламыздың сырты бүтін де, іші түтін. Айтқым келгені, сырты – жұмақ: таза ауа, іші – тозақ: пайдаланылған газдар...
Тұсауын жаңа кескен баладай тәй-тәй басқан «екіні» баса озып, «он екінші» темір тұлпар «тектілігін» танытты. Көлік ішінде бос орындар болса да, жастар тұрегеліп тұр екен. Мен біреуіне отыра кеттім. Әріден соң шыдай алмай: - Орын бар ғой, отырсаңшы, - дедім өзімдей бір жігітке. «Үлкендер келсе отырады, ештеңе етпес» деді ол. Әдетте анасындай адамға орын бермей, жалпиған күйі жайғаса кететін бұларға бірдеңе көрінген ғой, сірә!..
Жұмысқа келгенімде тағы бір қызыққа куә болдым. Қабырғада үлкен әріптермен хабарландыру ілініпті: «Есеп бөлімі қызметкерлердің табысын аударғандығын хабарлайды! Мерекелік күнге орай 10 000 теңге көлемінде қосылған үстеме ақысы бар!» Бұл не, ақырзаман ба? Әлде есепшілер бізді мазақ етіп тұр ма? Аң-таң болып тұрғанымда қарсы алдымнан бастығымның шыға келмесі бар ма!
- Несіне қарап тұрсың, адал еңбегіңнің ақысын алмайсың ба? Айтпақшы, кейін уақытың болып жатса «дереу» маған келіп кетерсің. Саған айтар әңгімем бар, – деді бәкең.
- Жұмыстан шығарасыздар ма? Қызметтен қысқарту болып жатқан соң, төленіп жатқан өтемақы емес пе?!
- Жоқ, неге олай дейсің? (күліп) Өзіңе жүктер аса жауапты тапсырмам бар, сенің ғана қолыңнан келеді.
– Осынау алып ұжымның алтынбас академиктерінің қолынан келмейтін қандай шаруа ол?..
– Мұны менің емес, мемлекеттің тапсырысы деп ұқ. Бүгін барлығыңды жұмыстан ерте жіберемін, ынта-жігерлерің қандай құрметке де лайық!
Не дейді мынау??? Бүгін осы қай күн? Сәрсенбінің сәті. Жұмыс бөлмемде таң ағара дауласып, күн қызара жауласып жүретін әріптесім отыр екен.
- Не үшін келдің, жайшылық па? - дедім баяғы көңілмен.
- Қал-жағдайыңды білейін деп келгем. Бастық сенің қызметіңді өсірмек екен, шын жүрегімнен құттықтаймын. Бұған сенің ұйымдастырушылық қабілетің де, білім-білігің де жетеді. Мені дұшпаның емес, досың деп білгейсің.
Мұнысы несі, жын қаққан ба өзін? Әлде, о дүниеден бір шықтым ба екен? Санамды сан ой шарлап, жүрегімді жұмбақ жалын шарпыды.
Бастықтың айтқанындай, үйімізге ерте қайттық. Үйге келсем, дәліз алдында балалар асық ойнап жатыр... Е-е, азаннан кешке шейін интернетпен итәлек болған ойынқұмарлар асықты қайдан тапқан? Компьютерлері өртеніп кетті ме? Болмаса, жасыма жетпей алжығаным ба? Қой, бұлай болмайды, шапшаң үйге кіріп, анамды құшағыма алдым... Қорқып кеткенім соншалық, самайдан салқын тер сорғалады.
- Саған не болған?
- Менің денім сау емес, көзіме небір жайлар елестей бастады. Бүгін көршіміз қоқыс шығарды, бастығым қызметімді өсірді, уақытында әрі үстемесімен қоса жалақы алдық...
- Оның несіне қорқасың? – деп анам көңілімді жұбатты. - Өзің де мені ержеткелі құшағыңа көп алмайтынсың. Ал бүгін – аймалап, құшып жатқаның. Керісінше, менің қорқуым керек шығар?..
- Кешір, мама... Иә, кеше саған асылып еркеледім, енді сені келеді еркелеткім!
Расымен де солай. Анамыз бізді тоғыз айда дүниеге әкеліп, қырық күнде бесікке бөледі. Кейін жер басып жүруді, қолға қасық ұстап ас ішу, қалам ұстап сурет салу, оқып-жазуды үйретті... Ал, жасымыз жеткенде не көрінді? Құшағымызға алмақ түгілі, «шеше, сені жақсы көремін» деудің өзін ұмыттық. Ал, аналар ұмытпайды, тіпті, перзентінен алыстаған күнде де, аналық мейірім шуағы мен махаббат шапағаты ана жүрегін бір сәтке де тастамайды...
Мен бәрін де түсіндім. Жүрек соғысы мен қан айналым жүйесі ағзаға қалай оттегі бөлсе, кіршіксіз көңіл мен сұлу сезім де адам жанына сондай жылу бөледі екен. Бұған енді көзім жетті. Өмірде әр нәрсенің екі жағы – оңы мен солы болатыны секілді адамның да екінші жаны бар. Қалаған сәтінде оның да билік құрғысы келеді. Ендеше, жасырынған жұмбақ жаныңызға құлақ түріңіз, ол не дейді екен?..