Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Заря ЖҰМАНОВА: «ЕҢ ҚЫМБАТ ҮЙ» (Әңгіме)

Көне шаһардың шет жағындағы қараусыз қалған саябақтың тап қасында, сырты піл сүйегі түсті жұқа кірпішпен қапталған, шипыр шатырлы, іргесі құмға жартылай көміліп, жерге шөге бастаған зәулім үйдің иесі - ұзақ жылдар жауапты қызметте майлы жіліктің басын ұстаған адам еді. Оның Құдай қосқан қосағына  еңселі үйі мен бақытты жылдар естелігін қалдырып, о дүниеге аттанғанына да біраз уақыт болды. Қазір  бұл шаңырақта кер маралдай керілген кербез бәйбішесі қанша жылдан бері жалғыз өзі тұрып жатыр. Қошқардай қос ұлы мен еліктің лағындай егіз қызы өмірден өз жолдарын іздеп, шетел асқалы қашан! 
 Уақыт тозаңы басқан алтын бұйымға ұқсас, заманында болған-толған Фатима ханым, күндердің бір күнінде олардың елге ораларына бек сенімді. Әр түн сайын  ол қос-қос келін түсіріп, қыздарын ұзатып, ойдағы-қырдағы ағайын-туыс, сыйлас көршілерінің басын қосып, ұлан-асыр той жасар күнді көз алдына елестетіп, соның өзінен жаны ләззат табатын. Ол ат шаптырым аула мен қымбат жиһаздарға толы кең үйдің  іші кішкене сәбилердің сыңғырлаған күлкісіне  кенелер күнді асыға тосумен  жүрген. Тіпті, сол бақытты сәт тезірек болса екен деп жиі армандайтын. Алайда, жылдар жылжыған сайын аңсаған күні алыстай шегініп,  көз ұшында сағымдай бұлдырап, бұлаң құйрығын ұстатар түрі жоқ.
Сабырлы бәйбіше бір сарынды күйбең тіршілік, күңгірт өмірінде аяқ астынан күрт өзгеріс болуын іштей күтіп жүр еді. Бір күні бейтаныс біреу  бұның сыртқы қақпасының қоңырауын басты. Үстіне құрылыс фирмасының арнайы киімін киген, жасы отызды орталап қалған, ширақ денелі, шошқа танау, безеу бет, жіпсік көз, сары жігіт босағадан аттап, ішке кірер-кірместен:
-    Мен қаладағы ең үлкен құрылыс компаниясының жауапты қызметкерімін. Таяуда осы маңнан мынадай көп қабатты заманауи үйлер тұрғызғалы жатырмыз,-деп, қолтығындағы папкасын ашып, бұрқыраған көп қағазын шығарып, шиыршақтаулы шым-шытырық сызбаларын көрсете бастады. Фатима ханым оның сілекейі шұбырып айтқан ерекше жаңалығына елп етіп қуана қойған жоқ. Әлгі «жауапты қызметкер» самайынан аққан ащы терін көлдей қол орамалымен сүрткіштеп тұрып:
-    Сіз осы үйіңіздің тұрған жерін қаншаға бағалайсыз?-деп дүңк еткізгені. Жарық күнде төбесінен найзағай түскендей болған байсалды бәйбіше:
-    Қарағым, бұл үй - менің жанымның бір бөлшегі. Сондықтан ол ешқашан сатылмайды, - деп, әңгімені шорт кесті. Шынымен де, бұл үй оның кірпіш пен ағаштан тұрғызылған жай баспанасы емес, қабырғаларына бастан өткерген қуаныштары мен қасіреттері өшпестей із-таңба қалдырған  қорған-қамалы іспетті еді.
-    Асықпай, ойланыңыз. Біз сізге қомақты ақша төлейміз,-деді бейтаныс жігіт қоштасарда.
Қысы-жазы күтімсіз жатқан  саябақ маңында құрылыс жұмыстары күннен-күнге қарқын ала бастады. Көп ұзамай, байырғы көршілер бір-бірін «айырылысу көжеге» шақырып, төсек-орын, ескі-құсқы дүние-мүліктерін жүк көліктеріне артып, қаланың әр түкпіріне қоныс аударып жатты. Жаңбырдан соңғы көктей қаулап, бірінен соң бірі едел-жедел бой көтерген көп қабатты заманауи жаңа үйлер жатаған ескі тамдарды қала тұрғындарының жадынан тезірек шығаруға жанталасты.  
Жалғызбасты егде әйелдің қайсарлығына ілтипатпен қараған компания басшылары оған бастапқыда жүз миллион теңге ұсынды. Кейін оған тағы елу миллион қосты. Алайда, Фатима бәйбіше өз үйінің құны одан әлдеқайда қымбат екенін айтты. Көп ұзамай, компания басшылары тағы елу миллион қосты. «Не деген есуас, қырсық әйел!», «Бас пайдасын білмейтін нағыз ақымақ екен!» деп, сыртынан сан-саққа жүгіртіп, сөгіп жатқан жұрттың сөзіне пысқырмай, Фатима ханым алақандай жері мен құтты қонысына тіс-тырнағымен жабысты да қалды. 
Тәтті айтса да, қатты айтса да көнбей қойған керітартпа кемпірге құрылыс басшылары енді ақша ұсынуды кілт доғарды. Олар босқа уақыт жоғалтпай, құрылысты одан әрі жылжыта беруге бел буды. Оның үй-жайын қыспаққа алу үшін, тек жалғыз аяқ сүрлеу жол қалдырып, айналдыра қоршап тастады. Іргеге тақап тұрып орнатқан биік-биік қаңылтыр қабырғалардан онсыз да көңілсіздік жайлаған күңгірт үйдің ішіне енді күндіз де күн түспейтін еді. 
Фатима ханым жанталаса әділдік іздеп, жан-жаққа сабылды. Белді, беделді депутаттарға хат жолдады. Газеттер мен телеарналардың табалдырығын тоздырды. Бірақ күллі шаһарда оның жан айғайына селт еткен бір жан болған жоқ. Шойынқұлақ басшылардың бәрі оның жүрегін сыздатқан уайымына бей-жай қарады. Тіпті жайлы өмір іздеп, төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған ұл-қыздары да қолдау көрсетуге жарамады. «Иттің балдары-ай, ең болмаса, біреуі қазір қасымда болғанда ғой!»-деп ойлағанда, өкініштен өзегі өртенді. Оларға деген өкпесі қара қазандай болса да, «Ой, иттер-ай!»-деуге ауызы бармады, тек «иттің балдары» деумен ғана шектелді. «Ит - тойған жерінде, ер туған жерінде жүредіні» бала жастан ұлдарының құлағына сіңірмеген өзін кінәлай берді. Байғұс ана  безбүйрек, тасжүрек балаларын күн сайын ақтаумен әлек болды. «Адам - өз елінде екі аяғымен, кісі елінде бір аяғымен жүреді» деген сөз бекер емес-ау! Олардың да жат жерде шекелері шылқып жүрмеген шығар!» -деп... 
Біртіндеп әйгілі «күрес алаңына» айналған үйі – түрме, ал өзі сол түрменің жалғыз адамдық камерасында өмір сүріп жатқан тұтқын сияқты сезіне бастады. Күннен күнге күш-қуаты сарқыла бастады. Көзінде үнемі шаршау мен дәрменсіздіктің әлсіз сәулесі тұратын егде әйел ас-су дайындап, мезгілінде тамақ ішуден қалды. 
Бірде қызыл іңірден төсегіне құлаған ол шеті мен шегі жоқ, ауыр да мұңды ойлардың ұйығына батып, малтығып шыға алмай жатқан. Ой дейтін ой сиқы жоқ, жауабы жоқ бірдеңелер кілең: 
«Ертең мен о дүниеге кеткен соң, мына үйдің тағдыры не болар екен?!» «Әлгілер мол ақшаларын тықпалап жүрген кезде, бергендерін тып-тыныш қана алып, жұрт құсап, жайлы, жаңа пәтерге көшуім керек пе еді?» 
«Ақшам болса, асымды пісіріп, үйімді жинап, өзімнің бабымды жасайтын күтушілер жалдауға да болатын еді-ау!» деген сипатты.  
Кенет біреу ақырын сыртқы есікті қақты. Ілкіде ол өз құлағына өзі сенбеді. Қаншама уақыттан бері өзін ешкім іздеп келмейтініне ептеп еті үйрене бастаған еді.  
 «Келген кім екен? Балалар болмаса? Әрине, солар! Тоғыз ай он күн көтеріп, тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді иіткен ұл-қыздарымнан басқа мен кімге керекпін? Солардан басқа мені кім  іздеп келуші еді? Түн ұйқымды төрт бөле оянып, мұздай бесік таянып, ақ сүтімді беріп баққан балапандарым ақыры ыстық ұяларына оралған екен ғой! 
Мол ақшаға қызығып, үйді бере салмағаным қандай жақсы болды! Әйтпесе, балалар мені қаланың қай түкпірінен іздеп табар еді?  Өз қанамнан шыққан ұл-қыздарым тұрғанда, маған қайдағы бір жалдамалы аспаздың, үй тазалаушының, күтуші медбикенің не қажеті бар еді?! 
Қартайғанда мені балаларымның қараусыз қалдырмасын ішім сезген! Жандарым! Жапырақтарым! Құлыншақтарым! Ботақандарым!» кейуана көлбеңдеген ұзын көйлегінің етегіне сүрініп-қабынып, еті қашып, құр терісіне ілінген сүйектері сықырлап, шидиген жіп-жіңішке сирақтары бір-біріне соғыла есікке ұмтылды.  Табалдырықта сақал-шашы қудай, аппақ шапаны жерге шұбатылған, ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, еңселі біреу тұр екен. Жел ұшырған қағаздай қалбаң қағып, дереу оның қасына жетіп барған кәрі әйел: 
- Сіз кімсіз? Танымадым ғой, -деді аң-таң болып. 
- Мен бе, мен, Әзірейілмін,-деді ол ақырын күбірлеп. 
- Ә-зі-рей-іл?Жан алғыш періште? Бұл сіз бе едіңіз?
- Ия. Мен... Жер бетінде сен қимайтын енді ештеңе қалған жоқ, Фатима! Саған келдім! Жүр кеттік! - Оның үні бәсең болса да жүзі тым суық еді. Ақ күмістей селдір шашы арқасын жапқан, арық кемпір туғалы өзі көрмеген алыс бір әлемге ақ періштемен бірге  аттанар сәттің келгенін түсінді. Жұдырықтай жүрегіне аңсау мен сағынышы шүпілдеп симай, нұры сөне бастаған шүңірек көзінен төгілгелі  тұрған шүйкедей кейуана  тыныштық тұнған тұнжыр үйде, тырс еткен дыбысқа құлақ түріп, түн баласы қу тізесін құшақтап, кірпік ілмей отырудан қажыған еді. Ол ажал періштесіне қуана құшақ жайды. 
Қанша уақыттан бері көзінің қарашығындай қорғаштап, жан баласын табалдырығынан аттатпаған «тас қамалының» үстінен ұшып бара жатқан ол соңғы рет соңына бұрылып қарады. Расымен-ақ, бұ дүниеде, ол қимайтындай қызық ештеңе жоқ екен.