Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА: «Кек» (әңгіме)

Қаһарын төккен қыс та келіп жетті. Айнала аппақ қар. Көк мұздан сырға тағып алған терек бұталары жел тұрса сыңғырлай түседі. Кейде көкжиектен күн сәулесі көрініп,қардың бетін жібіткендей болса, кейде аяз бетіңді шымшып, көзіңнен жас ағызып мінезін көрсетіп қояды. Тіпті құрғақ желдің өзі қарды орап әкетіп, есік, терезе біткенді көміп, жолдарды жауып тастап жатыр.

               Түс мезгілі еді. Жылқыбайдың үйі ауылдағы ағайын-тума, көрші-көлемді жинап соғым сойып, ас беруде. Әйелі Айғаным да дәл қазір қазан-ошақтың басында зыр жүгіріп жүр. Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы Руслан мен Алмагүл, Кенжегүл есімді екі қызының тілеуін тілеп, жұрт қатарлы өмір сүріп отырған отбасы. Отағасы - талай жылдар жылқы бағумен айналысқан кәнігі жылқышы. Айғаным болса, жолдасының қас-қабағына қарап, ертелі-кеш үй тірлігімен ғана айналысады.
                -«Ас адамның арқауы» деген, ұялмай, қысылмай тамақ ала отырыңдар,- деп Айғаным дастарханға жиылған жамағатқа табақ-табақ ет ұсынды. Кейбіреулер құсап дүкендегі дайын жайманы сатып ала салмай, қолдан қамыр илепті. Кішкене тостағанға сорпаны қалқыған майымен қоса құйып алып, үстіне жуа турап,бұрыш себелеп дайындалған тұздық астың дәмін келтіріп-ақ тұр. «Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» деген бір мысықтың сөзін айтып, Жылқыбай жиылған жұртты бір күлдіріп қойды.
                    Майлы жілік, қазы-қарта, жал-жаяға өздері тойса да көздері тоймай отырған қонақтардың бірі:
                  -Шіркін, жылқыға жететін мал бар ма, мінсең көлік, жесең ет, ішсең қымыз,- деп тамсанып отырса, енді біреулері:

                  -Осыларға келіп қалған не деген байлық-ей, үсті-үстіне соғым соймақ түгілі өзіміз етті базардан килограмдап азар аламыз,-деп күндеуге кірісті.
                  -Соны айтам-ей, бір жерден дүкен ашып қоятындай саудамен де айналыспайды. Соңғы сән үлгілерімен тігілген киімдерді де бірінші болып осылар киіп жатады әйтеуір,-деп көрші әйел қосыла кетті.
                 -Әй, бері қараңдар, сендердің сөздеріңнің жаны бар, мен білсем, осы байлықтың бәрі адал термен келген жоқ, бұлар жұрттың малын жеп, әркімді  бір пайдаланып жүрген көрінеді. Әбден әккі болып алған өздері. Түнеугүні біреулер құлыптаулы есігін аша алмай тарсылдатып ұрып-ұрып, ақыр соңында: «есігің ашылусыз қалсын, жегенің желкеңнен шыққыр» деп қарғап кеткенін өз құлағыммен  естідім» деген жарлас көршісі Жаңылдың мына сөзінен кейін жұрт шошып, еріндерін тістеп жатты.
                 Ас та жетті, дуылдасып-дуылдасып қонақтар да үйлеріне кетті.
                «Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды» деген. Кейде өсек-сөздің шынға айналып жататынына да қайран қаласың.
                 Қарахан – осы ауылдағы «берсе қолынан, бермесе жолынан» дейтін мінезі тентектеу, екіге келмейтін, қатігез адам. Түрмеден шыққанымен, шаруасын шырқ айналдырып отыратын еңбекқор болатын. Агенттерге ау тоқып беріп, балықты да тегін жейтін. Егіншілерге шәй-суын жеткізіп беріп, күзде көкөністі де керегінше жинап алатын. Қырдағы қойшы біткеннің үйіне қона жатып, аң аулайтыны да бар. Малшыларға спирттік ішімдік, қасқырдан қорғанатын қару, қапшық-қапшық ұндарын апарып беріп, ірі -қараларын бағымға қосып қойып, керегінде алып отырады.
                   Міне, ол осындай шаруасымен Жылқыбайға келіп отыр. Осыдан біраз жыл бұрын бұл да Жылқыбайға мал қосып қойған еді.
                   -Өкінішке орай, жылқың көтерем болып, қыстан шыға алмай, арам өліп еді,-деп қайтарып бере алмайтындығын айтып, Жәкең Қарахан досын шығарып салды.
                    Үйден шыққан Қарахан ызадан булығып барады. Жол бойы өз-өзіне күбірлеп сөйлеп келеді. Құлағына аяғының астындағы қардың  сықыры мен өзінің күбірі ғана естіледі.

                 -Тұра тұр,бәлем! Мені кімге санайсың өзің...
                    Арада он күн өтті. Жылқыбай ойында дәнеңе жоқ, аз-мұз тынығып алайын деп көрпесіне көсіле кеткені сол еді, телефон шыр ете қалды.
                  Қарахан екен. Қонаққа шақырып жатыр.
                  -Жәке, бір-екі жартым бар еді. Бөліп ішсек деп едім, қалай қарайсың?
                  -Ой, Қареке-ай, оның не әңгімесі бар, кешке сіздің үйде боламын.
            Жылқыбай сол кеткеннен қайтып оралмады.
            Іздеп барған Айғанымға Қараханның берген бар  жауабы:

                 -Біздің үйден сол түні шығып кетті, біз ештеңе білмейміз, бәлкім адасып кеткен шығар, - болды.
              Бармаған жер, баспаған тау қалмады, ішкі істер бөлімі де іздеу салып көрді, бәрібір табылмады. Күні бүгінге дейін ешкім оның не тірі, не өлі екенін білмейді.  Ізім-қайым жоқ.
              Кербез сұлу көктем де керіліп-созылып ояна бастады. Көзін ашқан бойда-ақ қыстың ақ көрпесі сөгіліп, Жайықтың беті буланып ұшып, қайтадан жаңбыр боп төгіліп жатты. Көктемнің алғашқы хабаршысы көкек те сүйіншілеп жер-көкті  айналып ұшып шиқылдап жүр. Әр жүрекке қуаныш ұялап, мәре-сәре  болған сәт. Тек мұны Айғаным ғана сезіне алмады. Жылқыбай жоғалғаннан бергі оныншы көктем еді бұл. «Тірі болса     алпысқа толар  еді. Мүмкін тірі де шығар. Кім біліпті. Тым болмаса,сүйегінің де табылмады" деп ойлағанда, осы ойдың бәрі күйік боп өзегін өртеп барады. Сарылып күтуде. Келіп қалатын сияқты болады да тұрады оған. Көзі көрмеген соң біреуден қайтіп көрсін. Дегенмен, «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде», не де болса, Қараханнан келген қастандық» деген күдігі сейілмеді. Иә, тірі адам тірлігін жасайды екен. Әкесінің орнын жоғалтпай Руслан да егін егіп, өзінше мал таппаққа кірісті. «Жайықтың бойы құнарлы» деп жағаға таяу бір жерді әдейі  таңдап алды. Ерте тұрып, егін жыртатын тракторды  іске қосып, достарымен бірге алқапқа кетті. Жаңа ғана гүрілдеп тұрған трактор әп-сәтте бұзылды да қалды.
               -Қап, қолым кесілді-ау! - ашулы күйде орнынан қарғып түсті. Түсе салысымен, әлденені көзі шалып қалды.
              -Бөрік, бөрік! Бұл - әкемнің бөркі!-деп айқайлап жіберді. Енді оған «әкемді өлтіріп осы жерге көміп тастаған шығар, әлде су бетіне сүйегі шықпайтындай етіп мойнына тас байлап Жайыққа лақтырып жіберді ме екен» деген неше түрлі ойлар келе бастады. Тұла бойын ыза кернеп, еңкілдеп жылап та алды.
             Келесі күні кешкісін Руслан күзгі балл болады дегенді естіп, достарымен бірге  мектепке барған еді. Бойындағы  күйікті шегілген наша мен арақ қана басып тұр. Күзгі балл біткен бойда, дискотека басталып кетті. Жанып - сөнген неше түрлі жарық музыкадан сау адамның басы айналғандай. Ол билеп жүр. Осы кезде оған достарының «намысың қайда,не әкеңді, не өлтірген адамды таппайсың ба?!» деген сөздері есіне түсіп, ақыры ол сол түнді қан төгумен аяқтады...
              Таң да атты. Күн бүгін түнеріп тұр. Аспанды қара бұлт торлап алған. Неге екені белгісіз, Айғаным жүрегі соғып түні бойы  көз ілмей шықты. Күйеуінің бөркін қойнына қысып алып,тағы да мұңға батып кетіпті.
              Кенет, біреулер есік қақты.
              Айғаным бөрікті кеудесіне қысып алған күйі «бәлкім Жылқыбайдың өзі шығар» деген үмітпен есікке қарай жүгіре жөнелді.
              Бұлар баланы алып кетуге келген екі полиция қызметкерлері еді.
              -Не жазып едім сонша ?..  Жесір қалғаным аздай, енді жалғызымнан да айрыламын ба?.. Ұлым, жалғызым... не бүлдіріп қойып еді ол, не жазығы бар, қоя беріңдер, балам!!!
                Байғұс ана шырылдап құлап жатыр. Әйел бейшараның қолынан бұдан басқа не келеді дейсің. Көтере алмасаң қосып арқала дегендей бұл оған қатты соққы болды.
            - Апа, апатай,кешір, кешіре гөр мені. Мен әкем үшін кек алдым.
             Таңертеңнен түйіліп тұрған аспан да көз жасын төгіп-төгіп жіберді.  

 

 

Ескерту: сурет интернеттен алынды.