Бәйгесін шаппай алған бір жүйрік бар. Жалына ешкімді жармастырып көрмеген ол жүйріктің аты – уақыт. Уақыттың тағы бір қасиеті – емшілігі. Есі бүтін елдің бәрі әлдеқашан мойындап қойған осы қағиданы Сарқыт әлі күнге мойындай алмай жүр. Сол уақыт-емшінің өзі жаза алмай жүрген ауру – Сарқыттың тәнін де, жанын да жаулап алған сырқат.
«Жазылмайтын ауру болмайды, емделмейтін науқас болады. Науқастың емделуге ниеті мен емнің қонатынына қалтқысыз сенімінің болуы басты шарт» деген тұжырым осыдан дәлірек айтылмайтын сөз.
...Жол апшысын бірде қуырып, бірде қуыра алмай, көрінген бекетке бір тоқтап, асай-мүсейлерін тексертіп, ыдыс-аяғын суға толтырған күйелеш пойыз шойын жолдың рельстеріне доңғалақтарының жігінен тайып кетпеуін бір аманаттап қойып, күнбатысты бетке алып заулап келе жатқанына бүгін үшінші күн.
Сарқыт өз ойымен өзі. Желісі үзілмеген ой шіркіннің бұл көзі ұйқыға кеткенше кірпігін күзетісіп, әр таңда мұның ұйқыдан оянуын күтіп қасында екі елі тапжылмай келе жатқан айнымас серігіне айналғалы да үшінші күн.
...Сәлімі емге де, емшіге де, дәстүрлі медицинаға да ден қоймап еді. Сенбеді. Ақыры аңдыған жау алмай қоймайдының кері келген. Кім білсін? Кім білсін, қу тірлік шаршатты ма, жүйкелетіп?
Адам атын алып өмірге келгелі пешенесіне бірыңғай міндеттілік қана жазылып қойған Сәлімі бұл пәниден діңкелеп өтіп еді-ау. Әбден титығына жетіп шаршады. «Өмір сүру – қанаушылыққа көну, мойынсұну» дейтін өзі кейде.
Тірлігінде ешкімнің ала жібін аттамаған ақеділ жанның ала жібін ерсілі-қарсылы сабылған аяқтардың астында қалдырған пендешілікке не дерсің?! Сәлімінің еңбегі еш, тұзы сор болып өте шыққан өмірін ойласа, жанын қоярға жер таба алмайды Сарқыт! Қолындағы биліктің делебесін әлдінің шоқпарына айналдырған есіріктерге есесін кетірген қу тірліктен өстіп өш алғаны ма екен, әлде, байғұс шіркіннің?.. Әйтеуір, Сәлім өз өмірінің соңғы жылдарында бойындағы кеселден айығуға зауықсыз тірлік кешкені Сарқытқа аян...
Екеуінің қол ұстасып ерлі-зайыпты өмір сүріп, қатар кешкен күндері Сарқыттың жадында жаңғырады да тұрады. Мұның онсыз да күйіктен зардап шегіп жүрген көкірегін тырналайды да жатады. Көмескі тартты-ау деген бір сәті болсайшы. Япыр-ау, жер бетінде басынан бағы ұшқан жесірлердің бәріне тән дағды ма екен бұл?
«Сәлімді де шаршатқан қу дүние-ау, кімге опа бергендейсің» деп таусылады кейде Сарқыт! «Сәлімді де...» Сәлім... сонда ол, шаршамайтындай, кім еді. Ол да ет пен сүйектен жаратылмап па еді? Жаратылды ғой. Дегенмен, бұл білетін Сәлімнің адамға да, құдайға да, жерге де, көкке де көзқарасы түзу, бағдары әрдайым айқын еді ғой. Бір сөзбен айтқанда, дүниетанымы қалтқысыз еді. Әр нәрсені өз атымен атайтын, әр құбылысқа саралап барып баға беретін шектен тыс сабырлы да салқынқанды Сәлімін қайыспас қара нарға балап жүргенінде бұған өмірдің ащысы тұщырақ, тәттісі тәттірек көрініпті. Әлде, бәріне кінәлі сол түзу көзқарасы болды ма?
Е-е-ей, дүние-ай десейші, думанды да нулы қала астанада думан-додамен өте шыққан жастық шақ-ай! Бейнеттің жүгін ауырсынбай көтерткен қайран күндері айықпас ой тұманынан шығарғысы жоқ мұны. Өзі де шыққысы келмейтін тәрізді ме...
Сүт кенжесі – кіші қызы қайта-қайта қақсап жүріп, дәрігердің қабылдауына жаздырған анасын. Дәрігер әйел иманы жүрегіне ұялаған жылы жүзді адам екен. Қазіргі кезде қабылдауға кезекте екі сағат уақытыңды өткізіп, Аллалап әзер кіргеніңде бетіңе тура қарауға мұршасы келмей (әлде дәті бармай) өзі де әбден титықтаған терапевтер тап бір ауру сенің күнделікті атқарып жүрген міндетті жұмысыңдай, дағдылы әдетпен тапсырма берген қожайынша қолыңа топ дәрі алатын нұсқама қағазды ұстата беріп, «келесі кім, кіріңіз!» деп, басын көтеріп қарамаған күйі сыртына сенің аты-жөнің, мекен-тұрағың ұқыптап жазылған кәртішкеңнің беттерін сойдақтата толтырып отыра беретін. Тіпті сенің «сау болыңыз» деген ілтипатың өз аузыңнан шығып, өз құлағыңнан басқа дыбыс қабылдайтын тетіктің жоқтығына «көзі жеткен соң» дәрігердің кабинетінен өзіңмен қабаттаса сытылып шығады. Осы тойғаныңмен дәріхана орналасқан түкпірге қарай жылыстайсың...Сарқыттың сол дәрі-дәрмекті де уақтылы қабылдап қарық қылғаны шамалы-ау. Балаларының көңілін аулаған болып, сатып алатын әйтеуір...
...Ал, мына қабылдау Сарқытқа қатты әсер етті. Әдеттегіше «кезектің соңы кім» деп сұрағанынан кейін көп уақыт өтпей кабинетке кірді. Өз көзіне өзі сенер-сенбесін білмей дағдарып қалды. Орта жастағы дәрігердің Сарқыттың жүзіне тіке қараған жанарынан бір жылылық ұшқынын сезді. «Отырыңыз» деді бұған сыпайы да жұмсақ дауыспен. Стол үсті жып-жинақы, қабырғадағы сөре-шкафтан Сарқыттың кәртішкесін аса ұқыптылықпен алып, ықшам қимылдап орнына отыруға ыңғайланған дәрігер науқастан әлдебір жақсы лебіз еститіндей жылы жымиып, жүзіне зер сала қарап қарсы алды.
Кіші-гірім романның көлеміндей мұның кәртішкесін әр жеріне үңіле бір шолып шығуға көп уақыт жұмсамады. Зертханадан келген қорытындыларды дауыстап оқып, әлденені жылдамдата жазып отырды, бар ынтасы өзі берген сұрақтарға Сарқыттың аузынан шыққан мардымсыз жауапта.
«Ішкі ағзаларыңыз қабыныңқырап тұр екен, жүйкеңіз әлсіреп, титықтаған. Бауырдың жұмысы нашарлапты. Үйіңізде кикілжің немесе ұрыс-керіс жиі болып тұра ма? Немесе балаларыңыз тілазар ма? Әлде жұмысбасты болып, демалуды мүлдем ұмытқансыз ба? Тұла-бойыңыз жүйкеге түскен салмақтан сіресіп-ақ тұр екен. Иммунитетті көтеру қажет. Әйтпесе, дәрі-дәрмектің күшімен емдеп жазу қиынға соғады.». Бұл – дәрігердің айтқандары.
...Иә, бәрі дұрыс. Ағзаларының әлсірегені рас. Отырған жерінде ұйықтап қалатын әдет тапты. Жүйкесінің титықтағаны да белгілі. Бетіне қарағанның бәрін шаншу көреді. Толассыз ой топанын кешуге жаратылған жанға айналғалы дүниені өз бояуымен қабылдауды ұмытты емес пе?!..
Үйде кикілжің немесе ұрыс-керіс дегенің, Алла сақтасын, атымен жоқ. Балалар өсіп-өніп, өз алдына күндерін өздері көріп жүр. Жүйкені босаңсыту қолдан келмей жүргені рас-ақ енді.
Көңіл-күйін балаларына сездірмеуге-ақ тырысады. Дегенмен, бір күн, бір ай болса бір сәрі. Жылдар өтті арада. Ойдан айығу оңай болса, бір жағына шығатын кезі болды емес пе? Өткен күннің елесінен екі елі ажырамайды. Мұның санасын жаулап алған қайдағы бір түйдек-түйдек қара қошқыл бұлттай зілдей ауыр ой тізбектерімен селбесіп күн кешу дағдысына айналып алды. Оған да көндігіп кеткен Сарқыт өзінің күннен күнге төңірегіндегі әлеміш тірліктің түс-өңін де, ыстық-суығын да сезініп селт етпейтін көнтеріленіп бара жатқанын сезді.
...Ал, сол күні дәрігердің қабылдауынан кейін Сарқыт үйге тұңғыш рет жеңілденіп оралған. Бөлме терезесінен түскен күннің өткір шуағы шыжғырып, шыдатпай бара жатқанын сезіп, түрулі тұрған ысырмалы жабындыны түсірген. Кітап жиналған шеткі бөлмеде құмыраларда шала-жансар өсіп тұрған гүлдердің топырағын ауыстырып, жаңа өскіндерін қайта отырғызды. Кейбіреуін балконға шығарып қойды. Қамқор қолдың ұшын тигізуін күтіп тұрғандай, сұрғылт тартқан үй іші әп-сәтте әрленіп шыға келді.
Сәлім жиі тыңдайтын Аманқостың орындауындағы терме жазылған күйтабақты ойнатып, әуеннің жетегінде тағы да ой бодауына кетіп бара жатқанын сезген Сарқыт өзін-өзі дереу қолға алды. Көптен көңіл аудармай, айшықты да бедерлі суреті бар өзінің бір кездегі ең аяулы мүлкі саналған сервизін үстел үстіне түгел шығарып, бір-бірлеп жуып-шайды. Осы сәт мұның ойына балаларының кішкене кезіндегі тәтті қылықтары оралып, ыңылдап ән айта бастағанын сезбей де қалды...
Жұмысынан келісімен шешесінің күнделікті не тындырғанын тәптіштеп жүретін кенже қызы мұның сол күнгі әрекетіне есі кете қуанды... Анасының алыс ауылдағы жиен сіңлісінің ұзатылу тойына барып-қайтуын қолқалап, жолға өзі шығарып салды. Жол билетін әдейі пойызға алған. Ондағы ойы жол бойы зеріккен жолаушылар бір-бірімен шүйіркелеседі. Анасының көңілі бөлінер деген үміті... еді.
... Белі буылған екі жуан папкіге сықастыра толтырып, соңғы нүктесіне дейін мұқият тексерілген кандидаттық жұмысының дап-дайын жобасын Сәлім үйге көтеріп әкелген күнгі жағдайын тілмен айтқызбай-ақ өңінен ұққан.
Кешкі әңгіме үстінде мән-жайды қысқа ғана түсіндірді... «Ет комбинатындағы таныстармен сөйлестім. Өндіріске барып, мамандығым бойынша жұмыс істеймін» деген. Сонда да болса Сарқыт Сәлімнің сегіз жылын биохимия кафедрасының адам мүрдесінен жасалған препаратпен жұмыс істейтін сасық зертханасында өткізген ғылыми еңбегіне іші удай ашып, шыбын жаны шырқырап еді. «Алдарына барып, ақылдасқан болсайшы. Мүмкін әңгіменің ашығын айтар. Ғылыммен дәл бұлай ат-құйрығын үзіскеннен кімнің несі кетер дейсің??» дегенінде, бұған «Мен өтірік көлгірси алмаймын. Өздері де біліп отыр кімнің кім екенін. Ешкімнің жолын кеспедім. Біреуге қиянат жасаған жерім жоқ. Еңбегім адал, олай болса, мен неге олардың алдында басымды июім керек?» деген болатын. Тағы бір орайы келгенде оның асыл мұрат-мақсатының орта жолда қаңтарылып қалғанына көне алмай Сарқыт былай деген: «Мен барып сөйлесейін. Ректорға кірейін». «Иә, сонда не демексің?» дейді. «Шынымды айтамын. Ғылыми жұмысы дайын, жәрдем беріп, қорғауға шығарыңыздар деймін» деген бұл. «Өздері білмей отыр дейсің бе? Оларға басқа нәрсе керек. Не ақша, не...» әр жағын ашып айтпады. Бұл тосылып қалды...
Күні кеше ғана сияқты еді. Сәлім екеуі Алматыға арман арқалап келгенінде дөңгеленген дүние еш мінсіз болып көрініп еді. Жүректе – қалау, арман. Алда – қол создырған ұлы мақсаттары. Мойымай еңбек етсе, білім қуса – алмайтын қамалдары, аспайтын асулары жоқтай көрініп еді-ау...
Асау ағысты өзеннің арнасында еркін жүзе беретіндей көрінген. Өмір заңы аяусыз да қатал екен. Сарқыт жуырда бір телехабардан мөп-мөлдір өзен суында ағысқа ілесіп еркін сайрандаған шүпірлеген үйірлі балықтың ағысқа қарсы жүзген жыртқыш су мақұлығының арсыз аранына кездейсоқ тоғытылып кете барғанын көріп, өмірдің еш жерде жазылмаған қатыгез заңына тағы да көзі жетті. ...Бала кезінде шешесінің балық қабыршақтағанын қызықтап, қасында отырғанда көрген мынадай оқиға есіне түсті. Үлкен шортанның қарнын жарғанда ішінен шырыш-шырыш болып шыға келген қылдыбай шортанды көріп бұл шошып кетті. Шешесі әлгі үлкен балықтың қарнынан шыққан шортанның өзін қызық үшін жарып көрсе, оның ішінен шабақ шықты. Сарқыт түсінбей «баласы ма?» деген. Шешесі күліп жіберді. «Балық шабақтарын уылдырық шашып көбейтеді. Мынау тірілей жұтқан жемдері ғой» деген...
Қайда барса да, тіпті бірауық көңілін сергітпек болып теледидарға көз салса да күйбең тірліктің күйелеш қазандығын жағалаған пендешіліктің, озбырлықтың мысалымен бетпе-бет келе берген. Сонсоң теледидарды да ермекке айналдырғысы жоқ...
Қасарысудан қары талып, жігері құмға айналуға шақ қалды. Тістенген күйі айлап-апталап ешкімге ләм деп жақ ашпаған күндері болды. Кейде балаларының бұған еркелеп: «Неге үндемейсің?..Тілі шықпаған баладай жәудірегенше, бірдеңе деп күлдірсеңші бізді, әкем бардағыдай!!.» дегеніне ыңғайсыздана, өзі де күліп жіберетін. Балаларын үйді-үйіне шығарып салғаннан кейін ой-бесік құндағына қайта бөленеді...
«Емші ауруды емдеп жазу үшін науқастың емделуге ниеттенуі және ем қонатынына қалтқысыз сенуі – шарт». Сарқыт бұған сене алмай-ақ келеді...
Купедегі тыныштықты бұзған екеудің дабыр-дұбырынан ой желісі үзілген Сарқыт үш күнгі ұзақ жол да межелі жерге жақындағанын түсінді. Сарқыт оны-мұныларын жинастырып, жылдамдығын бәсеңдеткен пойыз вагонының ашық терезесінен туған жердің тұнық ауасын еркін сіміре жұтты. Кеудесін кере кең тыныстады. Көңілі алып-ұшып, жан-жағына қарап, жас балаша қуанды. Жүрегін кернеген қуаныш сезімін, мәз-майрам масайраған көңіл күйін тұңғыш рет біреумен бөліскісі келді. Туған ауылының саф ауасынан, күн көзінің шуағынан бойына тараған пәрменді де нәзік бір күш оның еңсесін езген ауыр ойдан серпілдіп, құрсаудан босатқандай болды. Тұла-бойы батпан зілден арылып, арылып емес-ау, аршылып шыққандай болды. Көңіл-күйі қауызын жаңа жарған дала гүліндей жайнап сала берді. Төңірегіне өзге әлемнен оралған адамша көзі тоймай, ынтық та ынтызар іңкәр сезіммен жымия қарағанын өзі байқамады.
Сарқыт тәубе дегенді іштей күбірлеп, жаймашуақ қалпында жеңіл адымдап, перронда қарсы алушылардың арасында тұрған әпкесіне қарай құшақ жая ұмтылды.
Аспан аясы ортақ болғанымен, топырақ таңдайтын табанның сезімталдығына шүбә келтіре алармысыз...