Қашан болды, қай күндері? Әйтеуір, белгісіз...
Білтелі шамнің жалыны теңселіп барып, бір өшіп жанғандай болды. Пеш түбінде отырған екеуіміз кітапқа үңіліп жатқан баланы түртіп есікті көрсеттік. Кітабын іргеге қойып, жүргіре басып жапсырма есікті мықтап ілді. Келін жүгіріп жүріп дастархан жайып, самаурын шайы мен ыстық тамағы бірге келді. Реңіміз кіре бастады. Шәйі жастықты шынтақтап алып әжеміз пеш түбіндегі бізге қарай қисайып жайғасты. Көзі сығырайып ұйқы қысып тұрғанымен, жастықтарын құшақтай әңгіме тыңдауға ниет білдірген еді басқалары. Адамның шынайы ықыласы мен махаббаты суықты жеңеді ғой. «Тыңдайтын құлақ келді ғой» дегендей, әжеміз тамағын қырнап әңгіме бастап кетті.
Әжемнің айтуынша, сол жылдары құттақандай ауылдың кіл қыздары ат құлағында ойын салған, ержүрек екен. Ұл ма, қыз ба, кейде ажыратып та ала алмай қаласың. Бір малды бір өзі жайратып тастап, үйін де, түзін де дөңгелетіп алған- ақ екен. Тауық жылы. Иә, тауық жылы әр үйде бір- бір моншақты қыз дүниеге келіп:
- Қыз емес, қызыл алтын ғой, - деп, сүйсініп, қуанып жатты.
Уақыт су сияқты өз арнасымен ағып барады.
Ат құлағында ойын салған ержүрек, ерекше, қырмызыдай қыздар болды. Ірі қараны бір өзі жайратып тастап, құдыққа түскен тайлақты ала арқаннан ұстап тартып шығарып, жұрт таңдайын қағып таңырқай қарайтын. Ердің киімін киіп боранда ығып кеткен бір отар малды іздеп те, кіл қыз атқа мінген. Аңызтаудың атын шығарып, істері тасқа жазылып жатты.
- Әттең, ұлым боп неге тумадың? -дей береді екен қариялар. Әйтеуір, қалың қол көрінгендей 30~40 шақты кіл қыздар атқа қонғалы даңқы түзге жетіп, қай ұры болса да тісі батып, малға түспепті де ауылдың қозысы үшеу~төртеуден көбейгені болмаса, қорасы ортаймапты. Тыныштықты сүйген әулеттің қарасы аз болса да, аузы майланып, көңілі жайлы күндер өте бастайды. Қазақтың дауы не қатын- қалашқа, не жерге барып тіреледі ғой! Үлкен тыныштық орнағалы малы егізден туған ауыл адамдарының ажары ақсары жүздерінен- ақ қырмызы түске боялған күнге таласып көрінер еді. Ақты сіміріп жұтып, көк көйлекке масайып, мақтаныш ішке сыймай, шаттығын жар салып жария етуге асығып, үлкені-кішісі ат үстінде андағайлағысы келетін.
Қыздарға да құмар жандар қырғидай тиіп, маржандылардың сұрауы шығып, иесі табылып қалар. «Дандайсыған көкелердің қорасы қотиын қыздардың қолымен тоналар» деп тісі қарайған ұры-қары да қыздардың көлеңкесіне тимеген көрінеді.
Аз ба, көп пе, білмепті, бұл ауылдың түйілген қыздары атқа қонғанда, алыстан қарағанда қара қою бұлттай көрінер екен.
Қысы ұйтқыған борансыз өтпейтін қатал қыстың бірінде бір отар малдың артынан ерген екі жалшы із-түссіз жоғалып кетіп, ержүрек қыздар түгел атқа қоныпты. Қыздардың ішіндегі көріктісі Айжамал кеше кешкісін көппен бірге атқа қонған еді. Бүгін, міне, бір тәулік зымырап өтті. Қарасы көрінбеді. Ауылға уайым болды. Ауыл уайымдап, тыныш ұйқы бір жаққа көшті. Бір отар мал, екі жалшы мен өз алдына ойқастап басып кеткен әлгі Айжамалдың хабары шықпады. Аңызтаудың әрбір тасында ешкідей секіріп жүргендер ызадан жарылардай булығып қайтып, ауылға сыймай кетті. Бір ісініп, бір қайтып ашуын жерге түкіріп алғанымен, не Айжамалдан қырт еткен хабар ала алмай, не екеудің жағдайын біле алмаған көп тұншығып кетті. Толассыз нөпір төккен нөсер мен быртылдаған бұршаққа ұласып, жол кесіліп, ұзап шыға алмай үйіріліп отыр ожар топ.
Таңсәріде қос құлағы шонтиып, мұрны пүштиіп шалажанды көрінген екі жалшы тентіреп ауылға кіріп келді. Көрмеген қорлығы қалмаған екі байғұстың тілі де кесілген екен.
- Шомылдырып алып, тамақ- суын беріңдер, -деп үлкен ақсалал белгі берді де, көпті таратуға ым- ишара етті. Неше күнен бергі аттан түспеген, неше бір күнен бері хабар күткен ауыл тегіс жиналған екен.
Ыссы суын алып шомылдыруға кірген екі-үш еркек "ойбайды" салып, атып шыққаны. Ұзап кетпеген көп жүрегі жарылардай болып жуындыратын жаққа қарай бұрылып жатты.
- Құдай- ай, Құдай- ай, сұмдық қой мынау!
Жуындырып сауабын алайын дегендер тілін жұтып, жағы жабысып, тілден байланған еді. Басын шайқағанымен, денесі сіресіп қалған үшеуі сұмдықты көргенде көздері тостағанынан атылып шыға жаздаған. Іштен дауыс шыққанымен, іштен шыққан күйі ішке жұтылып, өкпеге салмақ түссе, тарылып шықпай, содан соң дыбысы өшіп, міне үшеуі осылай тілсіз қалған еді.
Неткен жауыздық! Бір астау тамақты жегізіп, ақты ішкізіп, Төмендеу тұсқа үшбұрышты қызған темірді басып, әбден қорлап тастағаны-ай! Күйіп, үлбіреп, жаны көзіне көрінгенде, манағы іштегі тамақ асқазанды қопарып түсіп кеткенде, екі байғұс екінші рет талып түседі. Күйген екеудің шықпаған тастай жанын, нөсерлеп тасырлатып төгілген жаңбыр балшықты сонарымен ауылға қарай сүйретіп масқара болған екеуді жетектеп алып келіпті. Суыққа тоңған құлақтары түсіп қалардай алқызылғылттанып ашып ауыртып, қаушиған денелері күйіп-жанып, икемсіз қатып жатқан сүйір саусақтары тұтқаны әрең итерді. Есінеген есік сықырлай ашылды. Суыққа тоңған еке өздеріме бірге бір қора аязды үйіріп әкелгендей, үй іші тым, тым салқындап кетті-ақ! Үйдің бар жылуын қуысқа қуып тыққандай. Көргендер түнімен алағызып, ұйықтай алмай дөңбекшіп шығыпты. Екеудің аталас туған жақындары Аңызтаудың ұшар басына шығып, айқайлай-айқайлай көк аспаннан құн талап етіп, есінен айырлғанда кейбіреуі шыңнан құлап кетіп, жан тапсырды. Алапат қан жылатқан оқиғадан соң, таудың өзі теңселіп, күңіреніп аспан көз жасын төкті. Сел ақты. Атай иығындағы сеңсен ішігін шешіп, жастықтың үстіне бүктей тастап, өзі жарға сүйеніп еңсесін тіктей отырды. Екі жалшыны шомылдыратын, қорлық көрген денесіне қол тигізіп, жуып алардай жан табылмаған соң, тоқсанның төбесін қасқайып тұрып қарсы алған Жөнеуіт шал суға қолын салды.
Бүгін Жөнеуіт шал көп жасағаны үшін өкінді.
- Көзім шықсын,- деп өлімші болған екеуді жуып болып, өлі адамды жуғандай үзбей суды құйды. Неге бұлай етті екен?...
Адам өмір сүру үшін жейді ғой. Жегенді шығару да керек. Ішкенін ірің етіп шығарған мына жара қорлықтың жарасы емес, азапты өлімнің де жарасы еді. Қорлықты әбден көріп өлейін деп тұр ғой. Ауыл төңкеріліп барып Аңызтауға сүйенді. Аңызтауға қарай кетіп «жардан құлағандарды алып келеміз!» дегендер іркіліп жатыр.
Жұрт көп өтпей қорлық көрген екеуді, жардан құлаған үшеуді арулап, соңғы сапарға шығарып салады. Түс ауып барады екен-ау!... Кеткендер кешігіп жатыр. Оралар адамдарды емес, бір сұмдықты күткендей сіресіп тұрған көп.
Мұнан соң жалшыларды басқа жақтан іздеп хабарсыз кеткен Айжамал бастатқан төртеудің өлі денесін кейінгі іздеушілер алып келгенде Жөнеуіт шал құлап кетті. Айжамал - немереден тұңғышы еді.
Кәпірлер Айжамалдың қос анарын ойып алып, тас үстіне тастапты. Айжамал аман қалғанымен, екі анарсыз әйел болып қалай өмір сүреді? Шамасы құздан құлап өлді - ау, байғұс!
Аңызтаудың екі шыңы Айжамалдың қорлығын таспен суреттеп тұрғандай.
...Қанша су ақты.. Көз жасын сығып алған әжем байғұстың бір әңгімесі еді.