Домбыра ұстап көрмеп едім қолыма,
Қосты әкеліп айтыскердің тобына.
Бірде құлап, бірде тұрып, ілестім,
Топты жарған ақындардың соңына.
Қазағымның өлеңіне - жан ғашық,
Бірде төмен, бірде биік самғап шық!
Айтыстардың көкжалымен арбасып,
Жолбарыстың жағасына жармасып...
Жаңа өзенмін, бірақ та үлкен арнам жоқ,
Қарқыныммен қара жерді жарғам жоқ.
Айтыстарда бөгеттерді құлатып,
Кеңістікке шауып шықсам, арман жоқ,- деп, өлең өлкесіне өз үнімен, өрлікті, намыс пен қайсарлықты ту ғып келген Мүтиғолла Ғани - бүгінде республикаға танымал айтыскер ақын. Сөз өнерінің киесі мен құдіретіне бір кісідей бас иетін ақын осы кезге дейін қаншама дүлдүлдермен үзеңгі қағыстырды, қаншама шашасына шаң жұқтырмас жүйріктермен айтыс алаңында додаға түсті десеңізші! Ең алғаш өлең атты қасиетті табалдырықтан жүрексіне аттаған кезде, қолтығынан демеп, жанашырлық, ағалық қамқорлық танытқан алты алашқа танымал айтыскер Қатимолла Бердіғалиев болатын. Мамандығы құрылыс инженері, сол кезде Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданына қарасты кеңшарда прораб болып қызмет жасап жүрген жігіттің көкірегіндегі «бір сәулені» байқап, өнер өлкесінің есігін ашқан «алдыңғы толқын ағалардың» шарапаты еді ол! Өзі айтқандай, қолына домбыра ұстап көрмеген Мүтиғоллаға рух беріп, намысын қайрап сахна төрінен шығарған сол бір өнерді сүйетін, жан-тәнімен өлеңге ғашық, өз жүректеріне адал тілеулестердің сенімін ақтап шыққаны даусыз. Бірде құлап, бірде тұрып, азуын айға білеген айтыс арыстандарының соңына еру, өзін дәлелдету –оңай емес. Алайда жан – жүрегімен поэзияға ғашық, өмірді өлердей сүйетін ақын бірде төмен самғаса, енді бірде биік шыңдарды да бағындырғаны рас. Айтыс өнері-синкреттік жанр. Ол екі ақынның ұшқыр ойының, тар жерде тез шешім қабылдайтын тапқырлығы мен қазақы қалжыңға шеберлігінің де дәлелі. Импровизацияға негізделген айтыс өнерінде ақынның домбыра қағысы, мақамы мен тыңдаушыларды баурап алар жағымды даусы, елді имандай ұйытып, сендіретін сөзі көп рөл атқаратыны сөзсіз. Біз әңгіме етіп отырған кейіпкеріміздің бойында осы қасиеттердің бәрі де бар. Сондықтан да, қандай қысылтаяң жерде де сөз тауып, өлеңсүйер қауымды разы қылып жүргені – айтыс ақынына тән қиял ұшқырлығының айғағы. Мәселен, Орал қаласында өткен бір ақындар айтысында жанында бір мөлдіреген сұлу қыз отырады. Аты – Шолпан екен. Оған Мүтиғолланы : «Мынау Мүтиғолла деген ақын жігіт»,-деп таныстырады. Сонда әлгі қыз: «Ақын болса, осы жерде маған арнап өлең шығарсын»,-дейді. Сонда Мүтиғолла іркілместен:
Мерекелі ауыл. Ортасы топтың алқалы,
Сазды әуен жайлап, тербетіп жатты ортаны.
Қараңғы түнді қақ жарып түсті көзіме,
Аспанның көркі, ерке жұлдызы - Шолпаны.
Соншама бақыт бір ғана жанға аз ба едің,
Соны ұғынып, дария көңілім мәз менің...
Аспаннан бұлтсыз сәулеңмен ғана жымыңдап,
Шын ғашық болсаң, мен жайлы өлең жаз дедің.
Көңілді шабыт кеткендей болды демеп бір,
Ағынды жырға ынтызарлық қана себеп бұл.
Қолымды созып, еріксіз алға ұмтылдым,
Арамызды тек қанаттың жоғы бөгеп тұр...
Ойламап едім басар деп жанды ешбір мұң,
Қолымның бірақ жетпесін саған кеш білдім.
Өмірде мынау он жеті бірдей аруға,
Ғашық боп өткен Біржанның күйін кештірдің...,- деп төкпелетіп жібереді. Бұл өлеңді сол күйінде, қысқартпай берген себебіміз, «өлеңге әркімнің – ақ бар таласы»,- деп жүрген жандар да оқып, өздеріне сабақ алсын деген ойымыз. Себебі, Мүтиғолланың әрбір жыры – ғарыштан тылсым күшпен құйылатын, шалқар шабыттан туған импровизациялық туынды. Ақын деген - табиғат берген тума дарынын ел қажетіне жаратып, ел қуанса қуанатын, жырымен жұбанатын, елдің мүддесін көздеп, қолға ту алатын арқалы жан. Міне, осы қасиеттен біз әңгіме етіп отырған кейіпкеріміз де құралақан емес.Оған ақынның мына өлеңі куә бола алады:
Қате іске қайран жүрек шамшыл-ақ,
Зар жылайды жүректен жыр тамшылап.
Құбылысқа жұрт көңілін бұрмаған,
Ақын сезім жатар кейде қансырап...
Иә, ақын жүрегі сезімтал, ойы терең, сезімі тұнық. Басқалардан өзгешелеу ойлайтын «ақ қарғаның» пікірлерінің ел ішінде кейде түсінбестік туғызып жататыны да болады. Бірақ елдің бәрінің көңілін табу, жұрттың ойын оқып, түсініп, соған сай болу міндетті ме өзі? Өтірік жалпылдап, көзге көлгірсіп, мүләйім қылықпен жағымпаздану – ақын табиғатына жат қылық. Мүмкін, осындай мінезіне қарай Жаратушы оған талант сыйлаған шығар?! Өзі айтқандай, кейде қателік жасаған кезде шамшыл жүрек шамырқанып, бебеу қағып қоя беретіні де сондықтан-ау, сірә?! Жұртқа дұрыс көрінген нәрсе ақынға басқаша көрінуі әбден заңды! Елдің көзі үйреніп, көңілі қабылдаған құбылыстарды көргенде ақын сезімі қансырап, күйзелетіні сондықтан!
Бар құбылыс сезімдерін суарған,
Кейде алдайды ақ көңілді қу арман.
Мен сияқты жетістікке елдегі,
Адам бар ма ұшан-теңіз қуанған?!
Ақынның жаны – сәби сияқты аңғал, ақкөңіл! Ол қуанса жан-тәнімен қуанады! Тіпті танымайтын адамға көмек қолын созам деп, алданып, сан соғып, қапыда қалатын сәттері де аз емес. Одан көмек сұрағанның қолын қайтарып, көңіліне қаяу салып көрмегені де ақиқат. Біреудің жеткен жетістігіне шын жүректен қуанып, төбесі көкке бір елі жетпей шалқып отырады. Оны, әрине, ақынды түсінбейтін адамдар «Қожанасырға» балауы да мүмкін. Алайда, түркі әдебиетінде Қожанасырдың алатын орнының да ерекше екенін ұмытпайықшы!
Жүрек шіркін естігенге сенгіш-ақ,
Желігеді кейде есіп, желге ұқсап,
Бұл өмірде сезімге еріп бар ма адам,
Сенгіштіктен қателескен мен құсап...
Біреуге сенім артып, сол сенім ақталмаған сәттегі күйзеліс ақын жанын неше түрлі сарынға түсірді. Іштегі, жүректегі қақтығыс пен сілкініс өлең болып сыртқа шығатынын да былайғы жұрт біле бермейді. Екіұдай сезіммен, бірде бар, бірде жоқ болып күн кешіп жүріп, еңсесін түсірмей, «бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтардың» керімен жанарынан ұшқын атып, сөзінен от-жалын бұрқырап жатса, ол ақынның ширығып, шамырқанған белгісі. Бірақ адамдарға сенбей, көңілі қарайып, қарау пиғылмен жан-жағынан дұшпан күткеннен гөрі сеніп, алданып та жүрген жақсы-ау!
Жырмен жазу жүректегі жараны,
Шығар мүмкін тіршіліктің талабы.
Болашаққа мұра қылып қалдыру,
Жыр қағазға ақындардың қаламы...
Ақынға Алланың аманаттаған миссиясы сол – өзі өмір сүрген заманының, дәуірінің үнін қағазға хаттап, жылнама етіп қалдыру. Есте жоқ ескі заманнан бергі шежіре атаулы ақындардың, жыраулардың өлең-жырлары, дастандары арқылы бүгінге жеткені рас емес пе? Ендеше, ақын өзінің қоғамдағы рөлін дұрыс түсініп, оны жыр жолымен өрнектеп отыр.
Ақын-көңіл жырдан іздеп мұратын,
Сәл нәрсеге шарт етіп кеп сынатын.
Қайран мына ақындардың өмірі,
Қателік пен дұрыстықтан тұратын.
Өлеңнің шешімі де ойландырады. Өмірдің өзі қателік пен дұрыстықтан тұрмай ма? Олай болса, өмірдің өзі – өлең, өлеңнің өзі –өмір деуге толық хұқылы екенбіз. Бірде көл, бірде шөл болып, сәл нәрсеге дауылдатып, бұрқанып, сәл нәрседен жұбанатын қайран ақын көңілі! Тазалықтың өзі осы!
«Осы бір өлең бірер жыл бұрын қазақ қызының өзге ұлтқа тұрмысқа шығып жатырғанын көргенде жазылған еді. Тойларда айтылып, жастарға ой салса деген үмітпен жазылған. Әуен керек болып тұр» деген екен Мүтиғолла ақын фейзбуктегі жазбасында.
От тастаған сезімнің тұнығына,
Сен сүйген жан - қазақтың ұлы мына.
Сен әкелген ұрпағың халқым үшін,
Басқа ұлттың татитын мың ұлына,- ақын бұл жерде қазақ қызының ұлттың рухани болмысына қосатын үлесін биіктен көрсеткен. Қазақ қызын әспеттеп, оның ұлт тәрбиешісі екенін бірінші орынға қойған.
Қазақ қызы, қазақтың келінісің,
Басқаға үлгі бүгінгі сенің ісің.
Бақытты қып қазақтың шаңырағын,
Көбейтесің ұрпақты елің үшін.
Шаңырақтың түтетіп отын әрі,
Ата енең қуанып жатыр әні.
Бауырларың құда деп құшақтасып,
Әкең, анаң төрінде отырады,- ат атандырмай, сүйек сындырмай, қда –құдағи деп қауқылдасып, бір-біріне құйрық-бауыр жегізген ата салтымыздың қаймағы бұзылмауын қалайды ақын жүрегі. Ұлттың рухани құндылығын, салт-санасын сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа бүлішкесін қолдан шығарып алмай жеткізу – қазақ қызына жүктелген қасиетті аманат. Ақын осылай толғанады.
Сендей қызды өсірсін мәпелесін,
Өз ұлтыңның мерейін көтересің,
Өзге ұлтқа кеткеннен артықтығың,
Ұлт ұрпағын өмірге әкелесің,- қазақ қызы өзінің орнын біліп, түсініп, жүрегімен қабылдаса, кәне?! Ол үшін ата-ана, бүкіл ұлт болып ұйысып, халықтық педагогиканы қалыпқа келтіруіміз керек-ау! Әр ана өз қызына осындай тәрбие, өнеге берсе, шіркін! Бұл жерде аналарға, қазақ әйеліне үлкен міндет жүктелетіні анық. «Анасын көріп, қызын ал, ыдысын көріп, асын іш» деп халқымыз бекер айтпаған ғой.Ақынның дерті де, серті де - осы.
Құрбан қылып халқымның ғұрпын міне,
Басқа ұлтқа кеткеннің құлқын түбі.
Сендей қыздар бар кезде түтін түзу,
Сендей қыздар бар кезде ұлтым тірі, - өлеңнің шешімін оқығанда жүрегің шымыр етіп, арқаңнан мың сан құмырсқа жүріп өткндей сезінесің, көзіңе мөлт етіп жас келеді. Міне, өлеңнің құдіреті!
P. S. Құрманғазы ауданында 2024 жылдың 24-25 қаңтар күндері айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының» мүшесі Мутиғолла Ғанидың шығармашылығына арналған дүбірлі шара, поэзия мерекесі өтті. Екі күн бойына туған жері Сүйіндік ауылынан бастап, Құрманғазы ауданы төрінде ақынның өлеңдері оқылды. Атырау облыстық Мәдениет басқармасы, Айтыскерлер Одағы Атырау Филиалы, Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жангалиев, өңірдің белгілі тұлғалары, жергілікті Мәслихат, Ардагерлер кеңесі атынан марапат, төсбелгілер ақынның өмірінің текке өтпегенін дәлелдегендей болды. Облыстың бір топ ақын-қаламгерлері арнайы құттықтай барып, ардагер ақынға домбыра ұсынып, иығына шапан жауып, қолдан келгенше сый-құрмет көрсетті. Елсана Қауымдастығы атынан да арнайы сыйлық, Алғыс хат табыс етілді.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА