Баян Құмарғалиқызы Ғабдешева, 1966 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Қ.И. Сәтбаев атындағы 19-орта мектепті бітірген. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Медицина Академиясын тәмәмдаған. Атырау облысы Сот-медицина сараптамасында сот-медициналық сарапшы дәрігер, химия-токсикология бөлімінің меңгерушісі, сот-медициналық құжаттамалар аудармашысы қызметтерін атқарған.
Жөңкіле көшіп желменен
Ақ бұлттар, қайда ауасың?!
Көктемнің дәмін сезінем,
Ақпанның жұтсам ауасын...
Қаңтарда мұңға кезігіп,
Жек көріп қысты кеткен ем.
Көктемнің лебін сезініп,
Ақпанның желін өпкен ем...
Мен емес мұңға езілер,
Жанымның таңып жарасын,
Көктемнің иісін сезінем,
Ақпанның құшсам ауасын!...
***
Менің де бір басымда жетер уайым,
Бақытты боп көрінсем де жұртқа дәйім.
Аймен ғана бөлісер жаным мұңын,
Айға қарап ұлыған Құртқадайын...
Менің де бір жаныма жетер мұңым,
Сонда да ең бақытты жан көріндім!
Сөгілген қабырғамды қолмен демеп,
Кейпінде жүрем ылғи Көкбөрінің...
Менің де жүрегімді қысар қайғы,
Көкбөрі қайғы келсе құламайды!
Жанымның жан жарасын жалап жазып,
Құртқадай түнде сырлас қылам айды!
Білмедім, нендей тағдыр тұрар алдан,
Тәңірден бақыт бер деп сұрамағам!
Мейірімнен, махаббаттан, адалдықтан
Бақытты өз қолыммен құрап алғам!!!
***
Қыркүйекте жаз қылық бар, наз қылық,
Жаздан қалған сұлулық бар, жылылық,
Жаз дәурен мен Күз ғұмырдың арасы-
Қыркүйекте дегдарлық бар, ұлылық!!
Оралмайтын әсем жаздан жаралып,
Күздің күрең шақтарынан нәр алып,
Жаз өмір мен кәрі күздің арасын-
Орал таудай бөліп тұрған аралық...
Қыркүйекте бір тылсым сыр бары анық,
Басы жаздан,соңы күзден құралып.
Қос құрлықты бөліп аққан Жайықтай,
Жаз бен күзді бөліп тұрған аралық...
***
Күз өтті, қыс та өтер, көктем, жаз да...
Қуанған шақтарым көп... әлде аз ба?!
Мұңайған кездерімді тізсем егер..
Сияр ма,
жазар болсам бір қағазға?!
Сарғайған гүлдеріндей сары қырдың,
Өткен шақ, өткен жаздай сағындырдың,
Жас кезім Баян қыз боп қол бұлғайды,
Жап-жасыл қырқасынан
сағым жылдың...
Толқыны асау теңіз-тағдырымның
Дауылда жағалауға лақтырды мың,
Әр жылым-бір-бір тарау,
шым-шытырық
Өзім жайлы романның авторымын.
Кел, Жаңа жыл, төрлетші,
құт боп қонып,
Көбейсін бақ-береке, тасып-толып!
Келген жылды құрметпен қарсы алайын,
Өткен жылдың тарауын жазып болып!
Хадишама
Құшағымда еркін өскен Хадишам,
Ақ мамасын еміп өскен Хадишам,
Дәл өзімдей болсыншы деп ырымдап,
Тұсауыңды өзім кескем Хадишам.
Еліктейін ерке күнім Хадишам,
Еңліктейін көркем гүлім Хадишам,
Елжірейді жүрегім алып-ұшып,
Естілгенде тәтті үнің, Хадишам!
Бір жігіттің орманы бол, Хадишам,
Мың жігіттің арманы бол, Хадишам,
Әйелдердің сұлтаны дейді әжеңді,
Сен қыздардың шолпаны бол, Хадишам!
Мініп алып арманыңның кемесін,
Әлі талай асулардан өтерсің.
Ақ Баян деп сыйлаған ел сені де
Лайық санап, сол құрметке бөлесін!
Ақылдым-ау, ертең-ақ бойжетерсің,
Басқа елдің отын жағып кетерсің,
Қандай жігіт тап келсе де бағыңа,
Сынайды әжең алдыменен өресін!
Байқамасақ, қандай жанға ересің?!
Өз қолымнан ұзатамын, ақ ботам,
Таңдап саған жігіттердің төресін…
Айдаргүлге.
Жадырап, ашып тастап жан сарайды,
Мен күлсем-айналама нұр тарайды!
Қуанған жандар неткен бақытты деп,
Көзімнен жасын сүртіп мұң қарайды...
Кім білсін, қандай сый бар тосар алдан,
Уайымсыз ғұмыр кешкен бар ма адам?!
Сөзімнен шаттық лебі ескенімен,
Көзімнен үнсіз қарап мұң жылаған...
Жүректің-жырым ғана тылсым емі,
Жаным да жалау таппай күрсінеді
Қыркүйектей мұңы бар әлемімді
Қыркүйекте туған жан түсінеді!
Күтпейтін жақсылықтың қайтарымын,
Өзіңе ғана жаным айтар мұңын
Көзімнің қарасынан ұғынатын,
Жанымның досы өзің, Айдаргүлім!
Он жеті жас
Он сегіз жас деп жырлайды бәрі де,
Мен теңер-ем он сегізді кәріге,
Әйел жасы- мәңгі он жеті, ал жаны-
Он жетінің көктеміндей әлі де!
Он жетісі түссе еске күрсінер,
Он жетіге қарайтұғын қызғана,
Он жетінің қадірін тек түсінер-
Он сегізде келін болған қыз ғана!
Он жетісі- аяқталмай қалған жыр,
Он сегізі-көп нүктедей із ғана...
Он сегізді кәрі дейді сондықтан,
Он сегізде келін болған қыз ғана!
Күлкісімен ерітіп-ап мұз-қарын,
Тағдырының жеңген солай ызғарын
Күлімдеген көздерінде мұң тұрар,
Он сегізде келін болған қыздардың!
Күз кеп отыр...
Іздей ме қыркүйекті жаз-шырайлы,
Тереземнен тұнжырап күн қарайды
Күз кеп отыр үйіме мұңын айтып,
Бал қосқан демдеп ішіп күрең шайды.
Жүзіме қарап Күзім күрсінеді,
Мұңының жырым екен тылсым емі,
Құстардың қанатында қыркүйегім
Кеткен соң, сезілгендей қыстың лебі...
Жүрегім алып-ұшып жыр құрайды,
Жырымнан айналама нұр тарайды
Бал қосқан күрең шайға елітті ме,
Жүзіме махаббатпен күз қарайды...
Күздегі махаббатқа жалын керек,
Тартылыс керек және Күн мен Айдай!
Күзіңде махаббаттың дәмі де ерек,
Бал қосып мен демдеген күрең шайдай!
Күрең күз жырымды үнсіз тыңдап отыр,
Асықпай, баппен ішіп күрең шайды!
Ас үйде мұңын айтып Күзім отыр,
Тереземнен тұнжырап Ай қарайды...
***
Жарасқан ақ жүзіңе мең болайын,
Жаныңа қысылғанда дем болайын.
Жамандар іші күйіп, тұз жалардай -
Өзіңе лайық туған тең болайын!
Сен жұлдыз болсаң көкте, Ай болайын,
Шөлдесең- шөлің басар шай болайын.
Күншілдер қызғаныштан жарылардай -
Өзіңмен тең түсердей сай болайын!
Сен қалам болсаң, жаным,жыр болайын,
Жырыңа жасырынған сыр болайын.
Жер болсаң, сен айналар Күн болайын,
Әйтеуір мен өзіңмен бір болайын!
Сен киім болсаң, соңғы сән болайын,
Жаныңмен сүйіп айтар ән болайын.
Сен ғұмыр болсаң, күнім, сол ғұмырға
Жарасқан мағынасы мән болайын!
Қаласам хан көтеріп құрметтеймін,
Ханымдай сылаң қағып, көлбеңдейін,
Жарты әлемді жаулаған Шыңғысханның
Жүрегін жаулап алған Бөртедейін!
Қыс болсаң, қыстың сәні-қар болайын,
Кіршіксіз қардай аппақ ар болайын!
Хан Жәңгір Махамбеттей шайырынан
Қызғанған Фатимадай жар болайын!
Өміріңді өлеңмен өрнектейін,
Күнің боп, шуақ шашып, күлімдейін!
Ешкімге бас имеген Сүлейменді
Жырымен ғашық қылған Хюрремдейін!
Шашыңды аялайтын жел болайын,
Гүл терсең, қызғалдақты бел болайын!
Көңіліңнің көкжиегін мұң қаптаса-
Жаныңның ақ жалауы мен болайын!
Өзіңе лайық туған тең болайын!!!…