Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Даража БАЛАПАН: "...Атадан қалған бір түйсік..."

Балапан Даража Нәбиқызы,1955 жылы Қызылорда облысында туған. Ақын. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің заң факультетін 1978 жылы бітірген.
       Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының ардагері, құрметті заңгер.
       Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
       Халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінің, Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың иегері.
       «Айсыз түнгі құс жолы» өлеңдер жинағы, «Тоба қазық (Құпия көштің он бір күні)» повесті жарық көрген. Поэма, баллада, мақала, өлеңдер топтамалары баспасөз бетінде жарияланып жүр.   


О, пәлі: «Дәрінің «қара тоқтысының» аяғына шалынып, Ордаңнан үзіліпқалған Торымая екенсің ғой, жарықтық ... »

                                                                                                                                                                                          Ақжан абыз айтқан деректерден

"Мейірімді болыңыз, өйткені Cіз кездестіргендердің бәрі үлкен шайқасқа түседі." 
                                                                                                                                             Платон

Торымая туралы баллада
(Торымая - текті жылан, ғайып дүние)
Архетип

Кездейсоқ ғайып, кезіккен өмір жолымнан,
Еншім бәлкім, аянды көрген таңымнан?!
Түндік бауындай ғана, жарықтық, Торымаям,
Жетектеп кеткен, өткелсіз асау ағыннан.
Жүрегім үнсіз жылағанда, түн қатып,
Шырақтай жанып, босатқан мұңның торынан.
Адасқанымда алып шыққан бір сәуле,
Қаптаған қалың, қиырсыз ой-орманнан.
Назбедеу ерттеп, құтқарған ағла періштем,
Қашаған қашқын, бұйдалап алған сағымнан.
О, Жаратқан, кім біледі, үзіліп қалды ма екен,
Ұйысқан орда, текті жыландар – тобыңнан?!
Сен көрінсең жан-дүнием жадырап,
Сырымды айтам, жарылып саған ағымнан.
Ұтырлы күнде ғайыпты қарпып ғарыштан,
Жорға аяғың жөргем өрген жоныңнан.
Көрігің ғажап, қорегін алған кілт сомдап,
Қораба* қоңды, қатталған «баба-тоңымнан».
Кейде ойлаймын, жолыққаныңды: «мүмкін деп»,
Жарыған уыз, тоғайрақ** тұтқан тоғымнан ... ... ... 

Түсініктеме:
*-   «Қораба» - қор, ашытқының негізі.
**-    «Тоғайрақ» - малдың қарны мен жұмыршағы арасындағы қарынша.

Торымая тұқымдастарынан ерекше: 
Сұлу. Тұмарлы. Жүрісі түндік бауындай толқиды. 
Көзі шығыңқы, қабығы тоқ. Бауыр бүрі тебен көз. Сезім беретін сәруар ...

Періште жылаған түн
(баллада)

Жаралы жаз . Қою түн ... 
Босағаға таң таянды ...
Сезіп жатты,азалы үн .
Жаратқанға жан таянды,
Біліп жатты, көрмейді енді жарық күн.

Жүрегіне сенім салды ...
есіне алды ... 
жарықтық , соңғы аянды:
-«Алла-сақта, періште- қорға»,-деді,
Аякөзім - артымда –Қалдыаянды.

Құлақ тұнды, 
үдеп барад азалы үн ... 
қонақтанды,
керегеде тұмша-мұң.
Жарақтанды,
арсыз ажал - хабаршысы қазаның.
Керуен-мұндар:бұйда тартты –
көшін артты,
тарихатқа наланың.
Жанып кеткен ғұмыр еді,
жай отына жаланың. 

Сөне алмады ... 
ұшқындаған от-жанар,
ала алмады ,
асыл жардан бір хабар,
«жар бол,  оған - Жаратқан,
сүйеу бол,- деп - пірадар»,
ақыл-сана қайталады ...
сыздаса да, жүректегі жаралар.
Тәңіріне айта алады,
қайталады:«халық жауы» емес - ол,
Соңғы сөз бұл, иманымен пара-пар.

Сабыры көтерсе де қарасынды,
Жан кеудені қия алмай аласұрды.
Көбесін қайғы сөккен ала таңның,
Алқымында егіліп дала тұрды.
Жаутаңдаған сәбиге дәрмен таппай,
Тебіреніп періште, ауа тұнды.
Аялап шара-көзі  балапанын,
Арудың демі үзіліп, жүрек тынды.
Уахи* етіп, көзіне көрсеткендей,
Қылыш бүтін,беймезгіл қыны сынды».
Мойнына бұршақ салған қазақ қызы,
Арқалап кете барды, сыр мен сынды.

*-Уахи-аян берілу.

                                                                                   ***

«Рухани жаңғыру құндылықтары – басты бағдарымыз».
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев

ТҰРАН ДАЛАСЫ

       Таным-Тағылым
Түріліп түн, алаулап таңы атады, 
Күн нұрына бөленіп жер жатады,
Сәулесімен оятқан тіршілікті,
Жалқынына сыйдырып, ол батады.
Алқымына кептеліп туған айы,
Қияқтанып, көкке өрлеп, толысады.
Жарығында кейбір аң сезім шешіп,
Құдіреттің күшімен жұптасады.
Енді бірі жыртқыштың жем іздеген, 
Жортуылдап жонында түн қатады.
Қызыл іңір-перизат, жерге түсіп, 
Аспанды арбап , аялап  қабысады.
Күн мен түні некелі ғашықтардай,
Көкжиекте қездесіп, табысады.
Көбесі сөгілгенде тұнық түннің,
Шолпан туып, жұлдызды таратады.
Көгендеулі қарақшы - «Жеті жұлдыз»,
Көзді тартып өзіне қаратады. 
«Темірқазық» – бағдаршам төбедегі,
Төрт жағыңды түгендеп санатады.
 «Құс жолы» - бір патшалық, сиқыры көп,
Ағараңдап, ақ тұман  шұбатады.
Күлтелі, қыдырымпаз «Үркер» сұлу, 
Бағытымен  өзгеріс аңдатады.
Құрсағын күй тербеген ғасыр-мекен,
Мамырлатып аққу-қаз қондыртады.
Тінінде өніп, толысқан – «Әму», «Сырды»,
Төркіндері  Тұранға ұзатады,
Сылаңдап, кемелденген қыз-ғұмырын,
Айдынында Аралдың тоқтатады.
Қыпшақтың даласынан «Торғайды» әкеп,
Тылсым дүние  «Құрдымға»  құлатады.
Ал, адамзат Тұранның төсегінен,
Сапар шегіп ғарышқа аттанады.
Адамдар –қобыз кеуде, шешен-мерген,
Көздесе құралайды көзге атады.
Көрікші көрігінде қылыш жонып,
Шеберлері нақыштап, қындатады.
Дүрдана - аналары батырлардың,
Намысын түзде шыңдап, қайратады.
Қыздары ат үстінде садақ тартып,
Мәрттігі жаудың сағын сындыртады.
Тұраны - тұлға болған Томирисін,
Әлемге айтып,ұрпақты мақтантады.
Құсбегілер қыранын қиясында,
Томағасын сыпырып, шалдыртады.
Қу құмалақ қалдырмай сейістері,
Бәйге атына таңғы шық жалатады.
Жылдап аңдып ұядан Италаны*,
Хас жүйрік – Құмайпора**  – ит алады.
Ежелден темір-мысты қорытады,
Ат-әбзелі, тұрмысқа жаратады,
Кәдімгі құрбақаның дәретіне,
Осып-осып суытып, жанытады.
Әрі ұстаз, әрі ана – Тұран әлі,
Қасиетін жаhанға танытады .

            ***
Атадан қалған бір түйсік ... ... ...
Тұранда ата-бабам көшіп-қонған,
Құт-берекет, ғажаптың бәрі болған,
Шегіренді, қыл жүйрік,құлан болған,
Кіндікте мүшкілан*** бар, бұлан болған,
Орамымен оралып көшіп жүрген,
Сойы бөлек, ордалы жылан болған.
Жүрісі желдей ескен сайларында,
Жорға жүйрік дуадақ, жек те болған.
Қаблан, барыс,мәліндер қамысында,
Жемсауы тоқ, алаңсыз жатып-тұрған.
Атты адамды сауытпен жұтатұғын,
Алпауыт, құлаш ауыз жайын болған.
Тұранның шөбі шүйгін, мың сан бұта,
Несібе, тіршіліктің көзі болған.
Жыңғыл, дүзген, сексеуіл белдерінде,
Бет қаратпас, қызулы шоғы болған.
Күшала****, мия, құмаршақ құмдарында
Дертке дауа, қуатты дәрі болған.
Айта берсем таусылмас кереметі,
Бір ауыз сөз -Тұранда бәрі болған.

Түсініктеме:
*-«Итала» – қаз, оның ілеуде бір жұмыртқасынан жүйрік құмай тазы шығады.
**-    Италаның жұмыртқасынан шығатын жүйрікті «Құмайпора» деп атаған.
***-    «Мүшкілан» – киік құқымдасының кіндігінде болатын хош иісті без.
****-    «Күшала» - емдік қасиеті бар, құмда өсетін сағағы ұзын өсімдік.Өкпе, қолқа ауруларын емдеуге қолданған (биологиялық атауы – Леманн, арабша - Зирних).                                                        

«Ұлы даланың  жеті қыры» атты ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастаған мақаланың жанарыма жас іріккені, санамдағы сәулені жарқыратқаны шындық еді ... 
Ата-бабаларымыздың қолы қорамсада, аяғы үзеңгіде, ат жалымен ғұмыр кеше жүріп қанымен қорғаған Ұлы даланың тарихын жоқтайтын мезгілдің жеткеніне қуандым. Екі «халық жауының» немересімін. Әріден сақталған отбасылық мұрағаттар мені ұлт құндылығының кәусарынан сусындатты. Кеңес дәуірін дәріптеген кезеңде, «кемелденген социализм» тұсында білім алып, қызмет атқарсам да бала кезімнен аталарымның, әкемнің  санама сіңіріп кеткен шынайы қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін, ғұрып-салтын, бастарынан өткізген құғын-сүргіннің (репрессияның) азабын  ешқашан жадымнан шығарған емеспін.
1710 жылы Ту тігіліп,Үш жүздің басы қосылған алғашқы Ұлы құрылтай осы Құлжұмыр-Қасқатөбеде өткен. Ол, Қостанай – Ақтөбе – Ұлытау - Қызылорда облыстарының түйіскен жері. Ордабасында жалғасып Тәуелсіздіктің Ұлы жеңісіне әкелген бұл оқиға қазақ әскерінің тарихы екені даусыз. Демек, қазақ әскері тарихын 300 (үш жүз) жылдан асты деген ұғым қалыптастыру, зерттеу тарихшы ғалымдарымыздың еншісінде ... 

ҰЛЫ ДАЛА ЖҮРЕГІ
(Құлжұмыр-Қасқатөбе)

Құба жон, қоңыр белдің қос төбесі,
Ұлы дала жүрегі – мәртебесі.
Үш жүзден ту тігіліп, кеңес өткен,
Хан, қараша, билердің  ол - елесі.
 «Құлжұмыр–Қасқа төбе» ұрпақтардың,
Тарихтан тағлым алар бір белесі.
Білек тіліп, қан қосқан асылдардың,
Жанын қиып қалдырған несібесі,
Қайғы жұтқан халқынан бата тілеп,
Құрбандыққа шалынған боз биесі.
Жоңғардың  езгісінен кек алынып,
Мезгіл жеткен күйрейтін керегесі.
Бөкенбай қол бастаған – батырлардың,
Кеудесінен атылған кек жебесі,
Қолдарында айбалта, қылыш-найза,
«Аруақ»,-деп буылды бел кісесі*.
Үш ғасыр қасқаланған «Қасқа төбе»,
Қазақтардың көз жасы hәм киесі.
Екі айрылған: - бір жағы шөп-бұталар, 
Тік биік, аппақ шағыл  бір шүйдесі.
Кім біледі, бәлкім ол, адал жерде, 
Қиылған  Күн мен Түннің ақ некесі.
Арқа тұсы астасқан жорықтарда,
Ұлытаудың Бұланты-Білеутісі,
Әскер жинап үш жүзге тіреу болған,
Кіндік-кие қазақтың қос төбесі. 
Атыңнан айналайын , «Жұмыр-Қасқа»,
Ұлы дала жүрегі – мәртебесі!

Түсініктеме:

*-    кісе – керек-жарақ салу үшін белге байланатын белбеу.