Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Мақсат НҰРҒАЗИН: "Жылқы баққан қазақтың баласымын"

1969 жылы ақпан айында ҚХР, ШҰАР,  Іле қазақ облысы, Күнес ауданы, Түрген ауылында дүниеге келген. 1991жылы Іле педагогика институтының қазақ әдебиеті  факультетін тәмәмдаған. Шинжияң жазушылар қоғамының мүшесі, Іле қазақ облыстық әдебиет- көркемөнершілер бірлестігінің тұрақты жорасы, жазушылар қоғамының төрағасының орынбасары. 1988 жылдан бастап өлеңдері баспа бетінде жарияланған, қазірге дейін 200-ден астам өлең, поэмалары, 30-ға жуық әңгіме, ғылыми мақалалары әртүрлі басылымдарда жарық көрді. Қазақ-қырғыз әдебиетінің «дүлдүл» сыйлығының иегері. Қазір «Шұғыла» журналының бас редакторының орынбасары.

ҚАРА ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА

Қара жолдың бойында, 
Жатыр қанша тонаушы.
Дәнеңе жоқ ойында, 
Қайшыласқан жолаушы.

Қара жолдың бетінде, 
Қаншама іздер басылып.
Қалқиған таулар шетінде, 
Қалған сырды жасырып.

Қара жолдың жағасын, 
Қандай бір із тілді екен?
Құлдап сайдың сағасын, 
Қандай адам жүрді екен.

Жалаңаяқ ақ табан, 
Шұбырынды көш еді.
Сайын дала, Сақ бабам, 
Тарихы қалған деседі.

Әуені бар бұлбұлдың, 
Біздің ата мекен ғой.
Тұяғымен дүлдүлдің, 
Жазып кеткен екен ғой.

«Жолаушы пірі, пана бол!» 
Деген анам бақ тілеп.
Қамықтырды қара жол, 
Шаң қапқанда ақ тілек.

Көз ұшында көрінген, 
Жолаушы ма, сайтан ба?
Осы жолмен келіп ем, 
Осы жолмен қайтам ба ?!

АҚ КЕЛІНШЕК

Ақ келіншек –ау, Ай ма едің, 
Күлімдеген Күн бе едің?
Жүрегіме түнедің, 
Сырттай ынтық боп жүрген, 
Жігіттердің бірі едім.

Ақ тәніңе тана асып, 
Адалдықпен санасып.
Дөңгеленіп етегі, 
Ақ көйлегің жарасып.

Ән айтасың жыр тұнып, 
Адалдыққа ынтығып.
Бар сұлулық тұрғандай, 
Омырауыңда бұлқынып.

Әсемдікке кез асық, 
Аяғыңды тез басып.
Талай жігіт шерменде, 
Ақ балтырға көз жасып.

Ақ дидарың аса бақ, 
Жанарыңда - шапағат.
Мықыныңда - «Мың бір түн», 
Ұялаған махаббат.

Ынтық сезім сыр қалды, 
Сыңғырлаған сырғаңды.
Аймаласам жел болып, 
Сенің әсем тұлғаңды.

Көшеде қыз өрімдей, 
Өзіңдей боп көрілмей.
Сені ғана іздеймін, 
Қайда кеттің көрінбей.

Бастан өтті сағым күн, 
Көбігіндей сабынның.
Желбіреген көйлегі, 
Ақ келіншек, сағындым.

АК МАРЖАН

Қылауы мол қылдай –ақ тіршілігім, 
Заман –терек, мен соның бүршгімін.
Сыйластықтың сыңары сыршылымын, 
Қимастықтың қиқымы қыршынымын.

Қуаныштан сол мезет ерек едің, 
Жалынды едің, зерделі, зерек едің.
Мен кеткенде қарадың, ойға құлап, 
Іргесінен сығалап керегенің.

Ат қып мініп сабағын у қорғасын, 
Талдап талғап мінуші ең «су жорғасын» .
Қыз деп сонда білсемші, қыз деп сонда, 
Жанымдағы бір жүрген шу жолдасым.

Ұмар-жұмар жығылып «жорғалардан», 
Кезімізде көп еді жолда қалған.
Бәлкім әлі жатыр ма сол бір сайда, 
Ақ маржаның үзіліп сонда қалған?

ЖЫЛҚЫ БАҚҚАН ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАСЫМЫН

Жаным бөлек емес-ті дүйім жұрттан, 
Жасқанған да емеспін қиындықтан.
Жылқы баққан қазақтың пейілімін, 
Адамдардың алдында сыйымды ұққан.

Жылқы баққан қазақтың баласымын, 
Кеңдігін місе тұтпас даласының.
Береке деп білетін қонақтарын, 
Денсаулыққа балаған бар асылын.

Нар көтерген тарихым талмас бүгін, 
Шежіреден шертетін жалғастығын.
Алты таспа қамшымен нар атамыз, 
Жынын қағып алатын албастының.

Салт-санаға үйлескен шариғатың, 
Атар заңын бұзбаған жамиғатың.
Бұрымындай қызының аялаған, 
Кең даласын, келісті табиғатын.

Тау аласа тұрады алып көктен, 
Азбаса екен ағайын, халық тектен.
Тілім-тілім жондағы жолдарыңды, 
Тұяғымен тұлпарлар салып кеткен.

Сұңқарлардың мекені сұлу далам, 
Бұлағы анам, тауларды тарлан бабам.
Жетем деген жеріңе жете алмайсың, 
Жылқысыз қазекеңның күні қараң.

Салиқалы сан ауыл санатынан, 
Ат үстінде күй шертіп, салатын ән.
Ат мінбеген қазағың қазақ емес, 
Айырылған құс бейне қанатынан.

Жалын шарпып жатса да жанып ірге, 
Жел боп ескен жылқының жалы бірде.
Ксінесіп табысқан кіл ғұмырда, 
Қазақ пенен жылқының жаны біреге.

ЖЫЛҚЫ

Бабамның түлігі 
жануар жылқы, 
Қазаққа ұқсаған мінезі, құлқы.
Басқан жері ошақтай боп қалатын, 
Кешегі тұлпардың рухы.

Жануар жылқы 
бабамның малы, 
Қайда барса да, қанаты, ары.
Жалын сыйлаған жанарлы ұлға, 
Жел боп ескен жылқының жалы.

Жануар жылқы 
бабамның бағы, 
Ат көтерген алтыннан тағы.
Тұлпарға байлаған бұла ғұмырын, 
Кешегі өткен үйсін мен сағы.

Жануар жылқы 
бабамның қолы, 
Ұландар мінген рухы толы.
Жайпап өтетін жая қылышпен, 
Жаяулап келген жауының соры.

Жануар жылқы 
бабамның аяғы, 
Тұлпар мен батыр тарих қой баяғы.
Ғашықтар да жылқыға мұң шаққан- 
Кешегі өткен Жібек пен Баяны.

Жануар жылқы 
бабамның көзі, 
Тұяқ дүбірі тұлпардың сөзі.
Кісінеп келген киелі ғұмыр, 
Ақ сүтін берген анамның өзі.

АҚҚУЫМ
Айдындағы аққу едің, 
Ақша бұлтқа айналдың.
Көзден ғайып боласың-ау, 
Өтуімен айлардың.

Өтуіне мен ілеспен, 
Алдамшы бұл айлардың.
Мұнар түнде мұңлы саз боп, 
Жүрегіме байландың.

«Мың бір түннен» табылады, 
Опера да, дастан да.
Аққу айым, сұлу сазым, 
Көтерілдің аспанға.

Ақ жүзіңе қарай алмай, 
Бұлтқа орады күн көзін.
Ай сәулелі перштеге, 
Айналғаның бұл кезің.

Темір етік теңгедей боп, 
Сапар шеккен жаңылыс.
Бұлтқа мініп желдей ескен, 
О, Махаббат, сағыныш.

 СЕН ҰЙЫҚТАСАҢ

Тау суымең, таудан аққан бұлақпең, 
Гүлім менің, нұрланасың шуақпен.
Сен қуансаң күн күледі төбемнен, 
Мұңаймашы, қалам бір-ақ құлап мен.

Жамалыңда айдың аппақ нұры бар, 
Сенің зәмзәм ләззатыңды түн ұғар.
Ақ боранда аласұрған періште, 
Махабаттың от деміне жылынар.

Пәк сезімің аппақ әлем, ақша қар, 
Ақша қарды аппақ ару жастанар.
Оттай ыстық құшағыңа оранып, 
Сүйген жігіт ерніңнен бақ табар.

Көзің мәр-мәр махаббатқа айналып, 
Ғашық жүрек кете алмай жүр байланып.
Өзің жоқта дала дүлей, тымық түн, 
Өзің барда аспан ашық, ай жарық.

Сенің лебің самал болып өбеді, 
Жаныма жар нұр-шуағын себеді.
Жанарыңды жұма көрме жарқыным, 
Сен ұйықтасаң жұлдыздар да сөнеді!

АҚ ЖОЛ
Мұнарланған көк алқаптан, 
Қиқу дүбір естіліп, 
Соны естіп ер жетіп –ем, 
Бала кезден ес біліп.

Әжелердің ертегімен 
Батыр рухы сомдалған, 
Қайда мені жетеледі 
Тұлпар шабыт сонда арман.

Тау ішінен тасты жарған, 
Тұнық дауыс естіліп, 
Бойға сіңген ұлт рухы, 
Ұрпақ үшін естелік.

Зеңгірдегі ақша қардай, 
Сенің көңіл ақтығың, 
Қарағайдың қабығындай, 
Қатпар-қатпар тағдырың.

Аспаны ашық, тауы биік, 
Даласы кең халықтың, 
Арғы атасы кеңдік екен, 
Дәл бүгінгі нарықтың.

Жас қырандар көтерілді, 
Биіктерге шарықтап.
Кеңдігіміз кетті міне 
Көк жүзіне қалықтап.

Жаңбырлы алқап табиғаттан, 
Асырады айласын, 
Тау асасың, мұз басасың, 
Тұлпарларың таймасын.

Адастырып кетер кейде, 
Біздерді де қара түн, 
Көңіл-айдын, көз ұшында 
Жолдар ұзақ баратын.

САҒЫНЫШ

Арай көрдім аспаныңнан, 
Себелейді нұр үміт, 
Бұлтқа шөккен биіктігім, 
Қарай бердім бұрылып.

О, туған жер, анам менің, 
Мен алысқа кетерде, 
«Қош балам!» деп ақ жол тіле, 
Иығыңа көтер де.

Құлағыма келеді еміс 
Тас бұлақтың сыңғыры, 
Сонаудағы арман, үміт, 
Сағымданып бұлдыры.

Мен барамын шалғай жаққа 
Иректелген жол жатыр, 
Армандаған шуақты айым 
Қолын бұлғап сонда тұр.

Жаннат жайлау, мыңғырған мал 
Ырысты ел, кең дала, 
Жанарыма шық тұнады-
Сағынышым сен ғана.

ҚАРИЯЛАР 

Қариялар қырдағы, қыраттағы, 
Бір күнгідей өткізген бір аптаны.
Шіркін, жастық, десейші бұлдыр елес, 
Қызға қалжың айтатын бұлақтағы.

Пейілі кең даламдай тарылмаған, 
Бәрін саған арнайтын, бәрін маған.
Бабалардың пейілі бойға дарып, 
Батырлығы – байлығы арылмаған.

Тұлпарлардың от ұшқан тұяғынан, 
Бүркіт салып, түлкі алған құба құмнан.
Қиындықты көруің мүмкін емес, 
Желмаямен желдірген қиялынан.

Көкпар тартып көгалда көл жайлаған, 
Төрт түлікпен түмендеп мал айдаған.
Алтынымен аптаған айналасын, 
Алты қанат ақ ордам сарай – далам.

Жоқты қарап, жорытып дала кезген, 
Қаһарыңнан жын түгіл сайтан безген.
Талай сұлу – сылқыммен тойда айтысып, 
Домбыра алып, ән салған бала кезден.

Қариялар қырдағы, жайлаудағы, 
Зымыраған аптамыз айға аунады.
Қайта айналып келе ме сол бір дәурен, 
Құлын шағың желіде байлаудағы?!

ШЫНДЫҚ 

Шындық деген шимай-шимай беттерде, 
Қара тауда қатпар-қатпар бөктерде.
Табиғаттың ақ бораны аңқылдап, 
Дауыл болып, нөсер болып төккенде.

Шындық деген қанатында қыранның, 
Азуында уыты бар жыланның .
Шырқыраған тарих жатыр бойында, 
«Елім-ай» деп еңіреген бір әннің.

Шындық деген төбесінде бұлттардың, 
От ұшырған тұяғында тұлпардың .
Қара бастың қамын ойлап қанша рет, 
Пенделер-ай, шындықтан да бұлтардың.

Шындық деген- шырылдаған сәбиде, 
Қызыл отта - маздап жанған әр үйде.
Қаны таза, ары  әппақ азамат, 
Шындық үшін ширығады, әрине.