1974 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы Максим Горький атындағы қазақ мектебін бітірген. Мектепте оқып жүріп, он үш жасынан бастап өлең жазған. 1984 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың филология факультетін тәмамдаған. 1984 жылдан бастап бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейде мұғалімдік қызмет атқарған, ардагер ұстаз.
Айлы түнде айналамын өлеңге
Ой мазалап, көңілді аздап мұң басып,
Отырамын кейде түнмен сырласып.
Ұзақ таңға ұйқы бермей қоятын,
Осы маған емес пе екен Түн ғашық?
Неге екенін мен де Түнді ұнатам,
Түн келгенде көктем сынды гүл атам.
Оңашада ойларыммен бөлісіп,
Қоштасамын атқан шақта құба таң.
Көңіл көлін самал болып тербейтін,
Түн – тыныштық, жанымды үнсіз емдейтін.
Түн – құдірет. Көкірегіме үміттің,
Шырағданын жағатұғын сөнбейтін.
Түн келгенде қиялимын, еркемін,
Түннен табам жан сыздатқан дерт емін.
Жүректегі шемен болған сырымды,
Қара түнге... және өлеңге шертемін.
Айтарымды ақ қағазға төгем де,
Сөйтіп Түнде айналамын Өлеңге.
Қиялыммен қалықтаймын қияға,
Пенделіктің бәрі қалып төменде.
...Ұйқы түгіл, хабары оның сезілмей,
Тағы отырмын бүгін, міне, көз ілмей.
Тереземнен Ай қарайды сығалап,
Алыс қалған сонау бала кезімдей.
Ой мазалап, көңілді аздап мұң басып,
Әлі отырмын айлы Түнмен сырласып.
Ұзақ таңға ұйқы бермей қоятын,
Осы маған емес пе екен Түн ғашық?!
Бақыт
Тәтті ойлардың тереңіне шым батып,
Ұйқымызды айлы түнге ұрлатып;
Арайланып атқан таңмен таласа,
Аман-есен ояну да – бір бақыт.
Бірде шаттық, ал біресе төккен мұң,
Сағынышқа айналғанда өткен күн.
Шуағына малыну да бір бақыт,
Сұлулығын көзбен көріп көктемнің.
Не жазса да талайыңа тағдырың,
Жоғалтпастан сезім гүлін, жан нұрын;
Жас баладай қуану да бір бақыт,
Жалаңаяқ кешіп жаздың жаңбырын.
Көзбен көріп Ай сәулесін, Күн нұрын,
Үнсіз тыңдап балбұлақтың сылдырын;
Ақ қайыңмен сырласу да бір бақыт,
Жаның сезіп жапырақтың сыбдырын.
Серік болып кейде ой мен тәтті мұң,
Арман күліп ұсынғанда ақ гүлін;
Жақыныңа еркелеу де бір бақыт,
Жасыра алмай жүрегіңнің шаттығын.
Көз жасыңды жібек самал құрғатып,
Беймәлім күй көкірегіңді сыздатып;
Алып ұшқан асау сезім бағынбай,
Әлдекімді сағыну да бір бақыт!
Қолғап
Анам мені қатты жақсы көретін,
«Жалғызым!» - деп бар мейірін төгетін.
Тоңбасын деп қыс келгенде жыл сайын,
Ақ түбіттен қолғап тоқып беретін.
Сол қолғапқа бар өнерін салатын,
Өрнектейтін; түрлі моншақ тағатын.
Қолғап киген қолдарымды аялап,
Қуаныштан көзіне жас алатын.
Қарап қалсаң, жанарыңды жаулайтын,
Ақ қолбағым ақша қардан аумайтын.
Ақ қолғапты қара қыздың жүзінен,
Әппақ қыста ақ самала саулайтын.
Түбіт қолғап сондай жылы болатын,
Кисем болды, жаныма нұр толатын.
Жан анамның саусағының іздері,
Көздеріме шуақ болып қонатын.
...Содан бері алды қанша күз демін,
Содан бері қонды қанша жүзге мұң.
Қыс келгенде қаншама рет қалтырап,
Анашымның алақанын іздедім.
Алыс қалып алаңсыз күн, бал шағым,
Салқын көңіл, мұз пейілден шаршадым.
Қара суық қарығанда жанымды,
Анашымның ақ қолғабын аңсадым.
Шаттық кейде көкірекке төкпей нұр,
Түбіт қолғап көкейімнен кетпей жүр.
Көңіл сызын жылытуға анамның,
Қолғабы мен мейірімі жетпей жүр!
***
Өзге әлемде өзгеше күй кешемін,
Өзіңмен сол әлемде тілдесемін.
Сен болмасаң тәп-тәтті сағыныштың,
Жанымды сыздатарын білмес едім.
Бір кездескен сары күз салқын еді,
Көңіл бірақ, жаз-сынды жарқын еді.
Жанарыңнан төгілген бір жылылық,
Еріксіз мені өзіне тартып еді.
Бір сезім жүрегімде көктеп еді,
Сен болып күздің желі өпкен еді.
Жасыл бақ сары алтынға малынса да,
Менің жаным жап-жасыл көктем еді.
Сезімім ұқсап сонда гүлге менің,
Қауызын жарса-дағы, үндемедім.
Содан бері қаншама жылдар өтті,
Соңынан ілесіп ап Күн кеменің.
Қайтқан құстай қақты да қанаттарын,
Жылдар өтті. Бақ сыйлап әр ақ таңым.
Тілектес боп сыртыңнан келем ылғи,
Жар болсын деп өзіңе Жаратқаным.
Түн пердесін қанша рет таңға аштырып,
Жазды – қыс, күзді – көктем алмастырып;
Жылдар өтіп жатса да, екеумізді
Бір сезім келе жатыр жалғастырып.
Қыс кетті де құятын көңілге мұң,
Көктем келіп, күлді ғой көгімде Күн.
Ең болмаса есімін оқимын деп,
Көз салып ем желіге, көрінбедің.
Ойларым шырмалатып санамда мың,
Есіме алдым, еріксіз алаңдадым.
Саған бақ пен жақсылық тілейтұғын,
Білсең болды бір жақын адам барын.
Қорқамын
Өлімнен емес, өмірден қорқам;
Құны жоғалған сенімнен қорқам.
Мейірім отын өшіріп алып,
Айналған тасқа көңілден қорқам.
Лапылдап жанған сезімнен қорқам,
Кей-кейде тіпті өзімнен қорқам.
Бес күн дүниеге жаутаңдап ылғи,
Қарай беретін көзмнен қорқам.
Жанымды ауыртқан жалғаннан қорқам,
Екі сөйлейтін жандардан қорқам.
Бергенін саған он есе бұлдар,
Жақындарымнан алғаннан қорқам.
Баянсыз бақты тосқанға қорқам,
Бәйгеге атымды қосқанға қорқам.
Көзіме мақтап, сыртымнан ылғи,
Сатып жіберетін достан да қорқам.
Жақсылығы жоқ жүректен қорқам,
Күшіне сенген білектен қорқам.
Көңілімді мұңға батырады-ау деп,
Жарық өшкенде, түнектен қорқам.
Қатыгездеу мына қоғамнан қорқам,
Адамшылығы жоқ адамнан қорқам.
Бәрінен қорқам, тіпті кей кезде,
Жылылығы аздау баламнан қорқам.
Сүйем сені, жарық күн!
Амансың ба, шұғылалы жарық Күн!?
Сен жоқ болсаң – мен де жоқпын. Ғаріппін.
Сен жоқ болсаң, ауыртады жанымды,
Қос қанатын қара түнге малып мұң.
Амансың ба, шырақшысы ғаламның!?
Сен тұрғанда мен де бармын! Аманмын!
Аспанымды бұлт шалмаса екен деп,
Бір сен үшін күндіз-түні алаңмын.
Амансың ба, алтын Күнім, шуақтым!?
Сенен нәр ап, көктем болып гүл аттым.
Маған күнім, мәңгілікке жетеді,
Бір тамшысы сендегі алып қуаттың.
Амансың ба, жарық Күнім, жайдарлым!?
Сенен – шаттық, сезіледі Айдан – мұң.
Өмірімді алтын нұрға бөлеген,
Жарық сәулем, мен өзіңнен айналдым!
Тереземнен ай қарайды...
Апта бойы жатып алған тұралап,
Бұлттар көшті ең соңғы рет жылап ап.
Түнгі аспанның ашылды да қабағы,
Тереземнен Ай қарады сығалап.
Қара түннің ысырды да пердесін,
Тәтті мұңға толтырып ап кеудесін.
Тереземнен Ай қарады ақырын,
Менің ояу екенімді көргесін.
Тереземнен Ай қарады үңіліп,
Айдың сырын жатыр дейсің кім ұғып?
Салқын түнде көкте жалғыз тұрған соң,
Мүмкін Айға керек шығар жылылық?
Жалғыздықтан кетті ме әлде жалығып,
Мақпал түннен жібек шәлі жамылып,
Ай қарады, мен де оған қарадым,
Алыс қалған күндерімді сағынып.
...Мұң мен ойлы үмітіме жеңдіріп,
Көңіл құсын жерге түс деп көндіріп,
Көз шырымын алсам деп ем, апыр-ай,
Ай қарап тұр тереземнен телміріп.