1964 жылы қаңтарда ҚХР, ШҰАР, Алтай аймағы Буыршын ауданының Қалытон деген жерінде дүниеге келген. Шыйнжияң Жазушылар одағының мүшесі.
1992 жылдан бастап, шығармашылықпен шұғылданған. Ел іші-сыртындағы басылымдарда мыңнан артық өлеңі, елуден астам әңгіме-шалқымалары жарияланған. «Жалғыз қайың», «Қыздың жанын аяла», «Қасиет ізде ғаламнан», «Қызыл жапырақ ـ қыз ғұмыр» жыр жинақтарының, «Саятерек» атты прозалық кітаптың авторы. Көптеген өлеңдері қытай тіліне аударылған. Өлеңдеріне қырықтан артық ән жазылған.
«Қазақ-қырғыз дүлдүл әдебиет сыйлығының», тұңғыш кезекті «Алтай әдебиет-көркемөнер сыйлығының» иегері. 1998 жылы Қазақстанда өткен дүние жүзі қазақтарының жыр мүшәйрасында бас жүлдені жеңіп алған.
Қазір Буыршын аудандық мәдениет сарайында жоғары дәрежелі ғылыми қызметкер.
ТҰЛА БОЙЫҢ - ТҰНҒАН НҰР
Сен болған соң көрікті мынау қала,
Сайран салып жүреді нұр аулада.
Кейде қатал анамдай шарт қоймайды,
Қызға ашық күлуге, жылауға да.
Сәуле болар жақсының санасында,
Тұла бойың - тұнған нұр, нанасың ба?
Шалқимын пенделіктен нұрға шомып,
Қалқимын қара түннің қанатында.
Қала бірге ғажайып түске енеді,
Бақ-байлықтың жоқ енді түк керегі.
Түксиген түннің түріп қабағын нұр,
Тереземнен ентелеп ішке енеді.
Кемімді келдің нұрмен толтыруға,
Не деген шет-шегі жоқ мол шұғыла! ..
Бара жатам бағзы бір дүниеге,
Қуыршақтай құлпырып қолтығыңда.
Нұр жауласа екен деп бар сананы,
Шамадан тыс болды ұмыт шаршағаным.
Ернімдегі ерніңнен жұққан нұрға,
Талай жігіт таңданып, тамсанады.
Нұр тамғанда көзіңнен, тіліңнен де,
Жұғып жатыр тамған нұр жұмыр жерге.
Реңіме алқызыл нұр көшеді,
Жүрегімнің дірілі тірілгенде.
Жат жүздерде жүрген соң мысқыл өріп,
Сананы мұң, жаулайды ішті желік.
Нұрды құшып тазарып, түніменен
Есті жырға оянам жүкті болып.
Мынау- бина, базар, бақ... Анау- көше, .
Алтынменен апталсын, маған десе!
Сенсіз маған құны жоқ қызыл тиын,
Қала, естігің келсе- осы, ал, ендеше!
КЕЗДЕСПЕСЕК
Жер бетінде ғұмыр кешіп желіксіз,
Кездеспесек бөлінбейтін де едік біз.
Өмір дейтін меңіреуге мұң шағып,
Еңіреуге тура келді еріксіз.
Кездестік те, табыстық та, бөліндік! ..
Бөлінгенге кім сыйлайды көрімдік.
Өмір кейде босқан ауыл құсаған,
Есіркеудің елі әкелер ерулік.
Кездеспесек табыспаймыз ол - анық,
Опалылық - отыру ма омалып?
Сырымыздың түн көтеріп түңлігін,
Бірімізді біреуіміз тонадық.
Кездеспесек бөліне де білмес ек,
Алтын едің жарқыраған бір кесек,
Жалын жалмап, быт-шыт болдың,
Мен де сол...
Түбіме енді түн жетед.
Кездескенді қиянат деу - кемістік,
Сағынышты шақтар қалды ең ыстық.
Өлең ойлап, қалам алсам сен жайлы,
«Келе ғой»-лап шақырады Кеңістік.
ІРГЕҚҰМ БАЛЛАДАСЫ
Іргеқұмға ілікті де күз желі,
Өткен күннің өшірді бар іздерін.
«Құдай атқыр, қойған ба,- деп, -құм жұтып?»
Жарлы жігіт тайлағын көп іздеді.
Сондай зарлы, сондай сұрқай құм әні!..
Құмның да өстіп құритын ба ед шыдамы?
Уыс-уыс у тигендей көзіне,
Аласұрды астындағы құнаны.
Сумаң қағып не бір сұмдық елестеп,
Ойран болған ойын ары-бері екшеп.
«О, Тәңірі-ай, өрт алған ба, - дейді өксіп,
Мына белес тораңғылы емес пе ед?»
Жігітті ой,
Құмды боран тербетіп,
Көз алдында теңселеді жер бесік.
Түймедей қыз түйе бағып жүретін,
Ұзатылып кеткен шығар бойжетіп.
Қыз бойжетіп, тораңғылар тоналып,
Жоқ болыпты-ау жортқанға да жол азық.
Риясыз түйеші қыз тұрмап па ед,
«Үйге түс!» деп шылбырына оралып?!
Тіршіліктің түгескен бе күйбеңі,
Бұрылмады. Алыста екен үйлері.
Айналайын аман жүр деп есінде,
Маңдайынан махаббатпен сүйгені.
Бар айтары: «Аман жүр»-ге тоқтапты,
Жол соңынан жол жолықты соқпақты.
Бұл далаға шұбат исі аңқыған,
Содан бері бір айналып соқпапты.
Түйеші шал?
Анау оның күмбезі,
Сол кезіккен, қыз ба, әлде, жын ба өзі?
Іргеқұмды «Құтты қоныс» деуші еді ел,
Аждаһар ма адамдардың тіл-көзі?!
Тұл дүние сыр бермейді тұңғиқ,
Шімірікпей шіренгенмен шың биік.
Сұм ажалдай сумаңдаған жел құртар,
Бұлағының көздеріне құм құйып.
Ашылған құм жеңі менен етегі,
Сырлымын деп сыздағаны не теңі?!
Қара да тұр, ханға иілмес қараңды,
Жел желіксе жетектеп ап кетеді.
Құм ішінде келді ойына жын неге?!
Маңдайына тұр қадалып күн жебе...
Маңайына жанұшыра қарап ед,
Анадайда қараңдады бірдеңе.
Құм - кейуана...
Іші - дертті, сырты - мұң,
Тайлағы тұр құм сындырып кірпігін.
Тораңғының саясына сан барған,
Түбіріне тіреп қойып тұмсығын .
СОҢЫНА ЕРІП ӨЗІМ КЕТТІМ ЕЛЕСТІҢ
Соңыма ерген көлеңке ме, өлім бе?
Бұл екеуден құтылатын жоқ ешкім.
Көрінгеннен қалған күпті көңілге,
Жүрек үні естіледі елестің.
Соңыма ерген қызғаныш па, өсек пе?
Бұл екеуден құтылуға болады.
Арып келіп қисайғанда төсекке,
Есік қағар шақырмаған қонағым.
Шылқадай мас, шырт ұйқыда шырақтар,
Есік - есті, сыр бермейді сыртына.
Төсегімді төпештесе сұрақтар,
Ұяттымын ұйқыма.
Пенде емеспін соңына ылғи шөп ерген,
Туған жерде өстім, тәубә, сұлтан боп!
«Жаннат қой» деп Асан атан шөгерген
Мына маңда
Шөп ерген не, қылтаң жоқ.
Көлеңке, өсек, өрт қызғаныш һәм өлім,
Өмірдегі серіктерім секілді.
Қиялымның ұлан-ғайыр әлемін,
Хикметтер қыдырады не түрлі.
Шөп ермеді деп мақтанам несін мен,
Жақсысың деп жарылқаған жоқ ешкім.
Ергендерді шығарам да есімнен
Соңына еріп өзім кетем елестің.
ТҮН-СҰРАҚ
Енді ауылға бұрады кім ат басын?
Жер бауырлап көтермес бұлақ басын,
Желбауына құлынның құм жаққалы,
Қосылып ап келіпті сұраққа түн.
Түн мен сұрақ сұмдық, ә, табысқаны?
Жаны үйлеспей жарыққа жатыр әлі
Келген құлын көк қасқа
Көшке ілесіп,
Елеңдейді дыбысқа алыстағы.
Құлын да ояу, мен де ояу, белес те ояу,
Ескірмейді екен-ау елес бояу.
Түн құлағы түрулі, сұрақ сұлық,
Жылжығаны жылдардың емес баяу.
Түннің түрін қарашы елес ерткен!
Сұрақ жауып тастады сені есептен.
Маған түн де, сұрақ та қолқа салды,
«Келісіп ала ғой,-деп.- келешекпен!»
ҚАЛАҢА СЕНІҢ...
Қалаңа сенің қоналқы бардым,
Серуенде сен де боларсың әр күн.
Көрікті қала...
Көрінбейді ешкім,
Жолын торыған
жолаушылардың.
Кешкі бақтарға қыдыра бардым,
Қасыңда қыз жүр... Бұғына қалдым.
Сәулесі маңды сәулетті көрсетті,
Шырақтан тамған шұғылалардың.
Бұғынып тұрып булыға бердім,
Сертінен танған – мұңлығы, ә, ердің?
Ұлдары неге опасыз болады,
Тұлғасы биік ту мына жердің.
Орнымнан тұрдым ақылға келіп,
Соңыңнан келем жақындап еріп,
Бақытты жансың, басасың асқақ,
Елеңдеп келед қасыңдағы елік.
Соңынан еріп, баққа да кірдім,
Көріп қалар деп сақтана жүрдім.
Фонтанға барып фотоға түсіп,
Ән салып, билеп, шаттана күлдің.
Сауықханаға жұбыңмен кірдің,
Шығасың бұдан түбінде бір күн.
Есіктен қайттым, ерсі көрініп
Соңыңнан сонша жүгіргендігім.
Шырақтар күлді көшелердегі,
Серуенім құрсын бөтен елдегі! ..
Қоналқы жеріңе қорғап жеткізбей
Кетіп қалдым, кеше гөр мені!
ҚАЙРАТЫМНЫҢ АЛДЫНДА
Жыбырласа жылаңқы, жылтыр үміт,
Тілек айтып тұрады түн тіріліп.
Қай биікте, қай қыран отыр екен?
Ұйқылы-ояу түсіне түлкі кіріп.
Қыран менен қиялдың бір ме тегі?
Екеуі де қалықтап күн кешеді.
Болжау- күнә тағдырын қыран құстың,
Түбіме, әйтеу, түбінде түн жетеді!
Миығында жұлдыздың мысқыл тұнып,
Тереземнен кіреді ішке ұмтылып.
Ойрандайды ой дейтін орманымды,
Өтпейтін құс тұмсығы.
Түн маған тәуелді боп түп еселі,
Түтіп-түтіп жүйкемді түгеседі.
Айбатымның ақау сап ажарына,
Қайратымның алдында жіп еседі.
Тәуелді боп кеткенмін мен де Түнге,
Түн маған бұйрық беріп бөгде тілде:
Айдағы ақбоз атты ханзадамен
Жұмсайды кездесуге.
«Ал енді, аспан жаққа айда, Қазақ! ..»
Ойымды кесек-кесек майдалап ап-
Аттансам,
құлағыма мына үн келер,
«Жарасар құлға- құрық, байға- манат!»
Қиялға бай құлымын сезімімнің,
Осылай өмір сүру- өзі бір мұң.
Оғылан бабалардан қалған көзбін,
Оғындай әрбір айтқан сөзі мірдің.
Келеді түннің түнек көзіне ұрғым!
КӨШ КЕЛЕДІ
Қара таудан баяу жылжып көш келед(і),
Жел қуады көш соңынан өкшелеп.
Отағасы тастап кетті жайлауын,
Тағдырына өкпелеп.
Танылмайтын тал да, мал да жоқ қазір,
Дейтін жан жоқ: «Сусын ішіп, қосқа кір!»
Өлшеп қана Тәңірі берген еркелер,
Сөлкек қағып босқа жүр.
Сөлкектердің салдары мен себебі,
Дерт шығар ол жер бетінде жоқ емі.
Зар желетін тарланкөгі тасырқап
Аяңынан бір айнымай келеді.
Тартынады тайлағы да жетекте,
Кең даласын қимайды деп есепте.
Желпінеді қос сәбидің көңілі,
Ентігеді қос өкпе.
Бірте-бірте тарылғандай тынысы,
Көшкен жұрттай құлазиды қу іші.
Жары қапты көкжиекке қадалып,
Маңайымен жоқ адамдай жұмысы.
Тыныс бітіп, демі алқымға тығылды,
Тайлағының жез бұйдасы үзілді.
Тарланкөгі жер тарпыды кісінеп,
Отағасы оңбай барып жығылды.
Бала шулап, жар жылады егіле,
Көшті қайтып бұру қиын керіге.
Жылу кіріп өңіне,
«Ер жығылмай, жер танымас» деді де,
Қайыс байлап, қаздаң қақты беліне.
БІЛМЕЙ-АҚ ӨТЕЙІН
Өкшеңді басып өскенмін,
Өкпемді алып қолыма.
Бұлтына көшкен көктемнің,
Ілесіп кеттің соңынан.
Құс пенен бұлт- серігің,
Майданың- аспан, дөкейім.
Аспандатқан сені кім?
Білмей-ақ соны өтейін!
Тоздырған санап жейдеңді,
Бейнеңді бұлтпен жасырдың.
Биіктеп кеткен Сендейді
Кімі деуші еді ғасырдың?..
Бұлтқа еріп, желмен көшесің,
Тесесің таудың төбесін.
«Шетінен көктің, көп есім,
Таңбалап берем!» дегесің....
Алмадым,
Бармадым!
Бұлттан ауыр салмағым,
Айту қиын арғы жағын...
СЕН ЕКЕУМІЗ...
Сен екеуміз сорлымыз ба?
Жоқ!
Бірақ,
Солай дейді ел сыртымыздан топшылап.
Қолымызды созғамыз жоқ әрнеге,
Сорымызды қайнатпадық бос жылап.
Біз екеуміз бақытты ма, дегенмен,
Қаншама азап шеккеніңді сезем мен.
Екеуміз де соңына еріп елестің,
Өтпекшіміз өмір дейтін өзеннен.
Сүріндің бе? елес сүйей алмайды.
«Айналайын, түрегел!» деп алдайды.
Опасыздық ـ «Сорлымын» деп ойлану,
«Бақыттымын» дегенге ауыз бармайды.
Екеуіміз екенбіз-ау бір тұлға,
Өмір кешкен пенделіктің сыртында.
Қатар бізді тұтқындауға шарасыз
Қатал тұрмыс у мен балы ұртында.
Бал мен уды дара таттық, қорек қып,
Өр көріндік өп-өтірік өрекпіп.
Бойымызды боза түнге батырдық,
Оймызды қоя ма деп жел естіп.
Басып жүрміз қиыспайтын жолдарды,
Ғашық жыры дейтін айтып соңғы әнді.
Онда, есіркеу - ессіздік-ай Естайды,
Бақытсыз деу - қорлағандық Қорланды.
Бақытпенен жүреді егіз сор мәңгі!
СЫРҒЫДЫМ
Құлағыма күбірлесе құрбы-мұң,
Бағам кетер бар адамдай ұрлығым.
Жанарымнан жас боп тамып жас дәурен,
Құс жолымен сырғыдым.
Сынақ шығар сырғуым,
Құлап түссем құшақ жаяр құрлығым.
Ессіз бұлтқа ернін төсеп, емінген,
Еркелеткім келіп тұрар қыр гүлін.
Арлы-берлі аялдамай сырғысам,
Түңлігімдей көтереді түнді таң.
Құлағымның қандырады құрышын,
«Дала» дейтін мәңгілік ән, тұңғыш ән.
Сырғып кетіп барамын,
Жынша оты жылтырайды даланың.
Бұлдыраған дүниемен дүрдараз,
Жарқырайды жанарың.
Сырғи-сырғи көкжиекке соғылдым,
Аспанға әуес болдым неге сол ғұрлы?..
Жеңіс туын желбіретер жер ғана,
Кеңістіктен таба алады жоғын кім?!
Аспан жаққа алып ұшса арманым,
Жерде сенің желбірейді байрағың.
Саған қарай ұмтылғамын, қарасам
Жерде жоқпын...
білесің бе, қайдамын?..
АҚҚУ ҚҰСЫМ КЕЛГЕН ЖОҚ
Аққу-бұлттар сүйіскенде көлмен кеп,
Бір-біріне тұра ұмтылды жер мен көк.
Қол-аяғы ербеңдеп,
Мен оны көргем жоқ.
Көзім жұмдым, көкірегімді шөл кернеп,
Таңдайымда татып тұрды көл кермек.
Баяғыда қоңырау тағып «Хош!» деген,
Аққу құсым келген жоқ.
Жаздай емдеп қанаттарын ұшынған,
«Аспаныңа барып кел!..» деп ұшырғам.
Содан бері сансыз көктем оралды,
Қалғандаймын адасып бақ құсымнан.
Көктемеге көл де асық, мен де асық,
Аспанға асық - жүрген пенде жер басып.
Күту деген күреспен тең күрделі,
Құсты күту- ең бақыт.
Қоңыраулатып құс жеткенде түстіктен,
Иығымнан секілденем жүк түскен.
Тосу деген торқалы той десең,
Тоздырады құс күткен.
Ояу жүріп аққу жайлы түс көрем,
Құсни қиял қосақтасты құспенен.
Арманым ба биігінен түспеген,
Бармағым ба абайсызда тістеген?!
Нулы өлкенің нәсілі едім нұр емген,
Көкке қарап қалай өмір сүрем мен!
Аққу сызам ақ параққа жыр жазар,
Қанаттарын бояп қызыл реңмен.
Аққу да аппақ, арман да аппақ... қызыл не?
Бәлкім, шаршап, шалыс басқан ізім бе?!
Ол болмаса көз жасы ма аққудың,
Бәрі сіңіп кетті қызыл іңірге.
ҚЫЗЫҚ БОЛЫП ЕСТІЛІП ҚИЫРДАҒЫ ӘН
Қызық болып естіліп қиырдағы ән,
Еліту пайда болды биыл маған.
Құрбылас, ақбоз үйге ертіп баршы,
Ұзақты күн дастарқан жиылмаған.
Жұрдай адам емеспін жол-жосыннан,
Жоралғы сұрамаймын жолдасымнан.
Ит қорыған балаға ілтипат қып,
Қартқа сәлем берейін төрде отырған.
Тағзым етіп тұрайын тасқа барып,
Тастай қатқан тағдырды масқара қып.
Көңілімді шошынған жібітейін,
Емірене ернімді аққа малып.
Дала басқа білгенге, қала басқа,
Қайтем, көңіл далаға ала қашса?!
Маңғаз тауды тұрайын марапаттап,
Мас сезіммен сүйеніп мама ағашқа.
Қиял қырдан шүйілген қызарғанға,
Қиялға еріп қызынған қыз аңғал ма?
Үйренуім керек боп тұрғанын-ай,
Еміп тұрған жанасып бұзаудан да.
Жарысына түспегем жабылардың,
Арнасында тулайды қаным ардың.
Құрық, ноқта тимеген құр асаудан,
Аз да болса келеді тәлім алғым.
Арман болып барады алыстағы үн,
Жайлауға ертіп барам деп нан ұстадың.
Өмір - мектеп, бітпейтін күнде сынау,
Сабақ өтіп береді дала-ұстазым.
Мен керім қыз, секілді сен сал жігіт,
Серуендейік! ..
кесір мұң кемтар қылып
Кетер ме екен?!
Жүрекке дерт ілінді,
Тау-тәуіпке қайтайын дем салдырып.
Ашады ел, ашады дала құшақ,
Мінімізді жатпайды ел санап ұсақ.
Атыңа мін, ал кеттік, кең далаға,
Далбаң қағып шабайық бала құсап.
Ғалым Жайлыбайға!
Гүл сыйлап, шаттық сыйлап көктем биыл,
Қиялымды өзгертті өткенге үйір.
Қара қыз Алатауды аңсай берді,
Арамыз - айғай жетпес, неткен қиыр!
Жан кіріп жартастардың кеудесіне,
Мәңгілік зер төгілген зердесінен -
Абайдың айғайлаған жан дауысын,
Жария ететіндей жер бетіне.
Ғажайып бұрынғыдан су да тұнық,
Тұныққа көлеңкемді мың батырып,
Күнәмнан күмәнім жоқ айықтым да,
Бір әнді айтып жүрмін қырға шығып.
Көктемнің күліп атып күміс таңы,
Мұқалған қаламымды түн ұштады.
Тұмсығына көк тістеп, көгершін боп,
Бұл көктем кеңістікке тұр ұшқалы.
Биылғы мақамы өзге құстың да әні,
Ерлердің ойлайтыны ел-жұрттың қамы!
Мұрныма жусан менен жуа исі кеп,
Тұр ұйып таңдайымда сүттің дәмі.
Орманның бойы өзгеше толып-тасып,
Ертеңге естілікпен болып ғашық.
Қаракөк тектілігі тегін емес,
Қара жолмен қауышты қол ұстасып.
Қиялым қанаттарын талмай қағып,
Барады «жер» дейтұғын шарды айналып.
Ғал-еке, бұрын неге білмей жүргем,
Қарашы күннің көзі қандай жарық!
Қорқамын оттай жанған сезімімнен,
Тірілді сансыз елес көзін ілген.
Сеніміме табыстап беріп кетті,
Түн мені тартып алып боз іңірден.
Жұлдыздардың жанары күндей жанды,
Түстерім түгелімен шынға айналды.
Уақыт ғафу сұрап, өзі өшірді,
Жүзіме өзі сызған шимайларды.
Жарқырап маңайымда жасыл рең,
Жасыннан жаралғам-ау, асылы мен?! ـ
Дегенді, ұлан-асыр шатпағымды,
Сізбенен бөлісуге асығып ем.
Намысты туған ұлсыз нар Алаштан,
Жаттатқан жастайынан дала дастан.
«Қара орамал» ұсынып жыла дейсіз,
Адамды аямастан....
ШАРШАДЫМ ҚУА-ҚУА ТҮЛКІ МҰҢДЫ
Оңай ма ойдан мәрмәр мүсін оймақ?
Қиял - теңіз көрмеген кісі бойлап.
Ойран боп өзім ғашық кісіні ойлап
Жүйкемді сергіткелі жіп иірсем,
Шүйкемді шұбатады мысық ойнап.
Түтіліп түтеп барам шүйкедей боп,
Екенін енді ұғындым: сүйсе- бейнет.
Біреуді шақырып ап жүйкені емдеп,
Желпінсем жеңге судың желігімен,
Түңілу түрткілейді «сүйте ғой» деп.
Туғаннан тұтқын дейсің қышқылға кім,
Бүлдіріп бүтін тұрған істің бәрін.
Өзімше деп өмірді мысқылдадым.
Бір ішіп көрейін бе естен танып,
Ірітіп таңдайдағы сүттің дәмін.
Құрдымның құлы етем бе құлқынымды,
Шаршадым қуа-қуа түлкі мұңды.
Батырып кырысталға кірпігімді,
Ойымнан мүсінді оям-
Жігіт қызға
Қос қолдап тұрған сыйлап бір шыны уды.
КІМ АҢҒАРҒАН?
Ауылдағы өзеннің жағасында,
Бітік өскен тоғайдың арасында.
Жалғыз қайың бар еді дара тұлға,
Жаралғандай биікпен таласуға.
Саясына жиятын құстарды да,
Секілденіп өмірге құштар мына.
Сан ғашықтың сырының куәгері-
Сұлуды бағаламау- іштарлық, ә?
Көлеңкесі жатқан соң таралып кең,
Саясында ойнайтын бала біткен.
Ақ қабықты айшықтап тұрушы еді,
Балалардың есімі сан әріппен.
Көктем, жаз, күз... Достарды бастап барып,
Қайтушы едім арқалап асқақ шабыт.
Өкініш-ақ, бір ару ауылдағы
Сол қайыңға өліпті аспақталып.
Содан бастап маңына жан бармады,
Тұрса да асқақ аялы талғар жаны.
Содан бастап ешкімді елітпеді,
Онда айтылған құс әні таңдардағы.
Ақ қайыңға құшағын айқара ашып
Аспан тұрды,
күн өтті тайталасып.
Оған бастар жолды да жалғыз аяқ,
Қалған екен құм басып, майса басып.
Арылып бар қиялдан, күмәндардан,
Табынып сұлулыққа тұрам, қарғам.
Өлшенеді екен ғой мейірменен,
Сұлулық пен биіктік
Кім аңғарған?
АРА ҰШЫП КЕТІПТІ
Болып қалған кез еді бір күн бесін,
Кеткен екем қуып ойдың жүлгесін.
Сүзді ара ағып келіп есіктен,
Қабырғада тұрған гүлдің суретін.
Аяп кеттім ессіз жатқан араны,
Місе тұтпай келді ме екен даланы.
Тәлкегі де жетеді деп тағдырдың,
Ұстай алдым тұра ұмтылған баланы.
«Сабыр, балам, дәрменсізге дәнікпе! ـ
Деп жатырмын, адамдықты дәріпте!
Анаң сенің ара құсап адасқан,
Ол- сен үшін ашылмаған әліппе!
Амал қанша, бәрін анаң кеш ұқты,
Кеш ұғудан талай бақыт кешікті...»
Біз осылай ежіктесіп тұрғанда,
Есін жиып ара ұшып кетіпті.
НАЖАҒАЙДЫҢ ЖАРҚЫЛДАРЫН ЖАЛҒАДЫМ
Бір-біріне асқақ қарап тау біткен,
Ағаларша араздасып, дау күткен.
Табалардай төзімімнің төркінін
Бұлт үстінде кеткен екем қалғып мен.
Құлап жатты құрақ біткен құм ұрып,
Өз тамырын қуырып жеп шұғынық.
Бөтелкеге малып отыр бөксесін,
Ауа дейтін алпауытты сіміріп.
Гүл тағдырын ойлайтындай кім едім,
Ұялмастан көрем күннің шүленін.
Өліп-өшіп аспанменен қауышып,
Жұтып алдым өлік тектес реңін.
Өлең етіп жүргендердің өлімді,
Көбесінен көкшіл жалын көрінді.
Қарағайдың қабырғасын қан қылып,
Тоқылдауық қазып отыр көрімді.
Шартарапты шаң басты,
Шаң үстінде сайрандады албасты.
Әл үстінде жатып қимай қараған,
Махаббатым елестеді алғашқы.
Махаббаттан сызам деп ем гүл нұсқа,
Тұтқыш болып тұтқындалдым тұрмысқа.
Қайың-қыздың жүрек қанын сорады,
Жылан тектес жылбыраған жылбысқа.
Тауға тиді жауға сілтер қанжарым,
Балдыр қапты балық ұстар қармағым.
Туған жердің ту сыртынан қорғауға,
Нажағайдың жарқылдарын жалғадым.
ОЛ - МЕНІҢ БАЛА КЕЗІМ
Жылдар жылжып, барады ай жаңарып,
Өмір жолы тоқтайды қайда барып?
Есімде:
Үйдің жанынан өткен көштің
Алдынан шыққан апам айран алып.
Жасым сонда тоғыз ба, ондамын ба?
Толқу болды балалық толғамымда.
Сен атаңның артына мінгесіпсің,
Мен апамның тығылдым оң жағына.
Апам саған қол созды «сүйемін» деп,
Аналарға басымды иемін көп.
Атаң сені мақтана таныстырды,
Қаладан келіп жүрген жиенім деп.
Апам берген айранның талмап дәмін
Бір жұтып,
Бір беймаза жаутаңдадың.
Сырлы аяқты қайтадан ұсынғанда,
Дірілдеді жұп-жұмыр саусақтарың.
Ажарлы екен ажарың, киімің де...
Ал, ауылдың басқаша күйі мүлде!
Мен де саған қадалып қарай бергем,
Қызығу ма, кім білсін, сүйіну ме?
Іздеп келіп қайтатын нағашысын,
Білмеймін қай қаланың баласысың.
Апамнан да сен жайлы сұрамаппын,
Өкінем бала ісінің «шаласы» үшін.
Даңқты қылып көрсетіп далаға өзін,
Көш жылжыды, тайпалтқан дарабозын.
Қара шалға мінгескен қара бала,
Қара қызға қадаған қара көзін.
Ол менің ұзап кеткен бала кезім.
ТОЛҚЫН АЙДАП ӘКЕТКЕН АРАЛ
Көшіп келе жатыр ме екен құм елі,
Су-сұлудың сезетіндей жүрегі.
Есіл-есіл, батыр, батыл ойларым,
Етікпен су кешіп ылғи жүреді.
Құлағыма жетті үздігіп құм әні,
Булығады бұла таудың бұлағы.
Жүйрік, жүрдек шалқұйрықты қиялым,
Ауыздықпен су ішумен тұрады.
Буыршын да соны естіген сыңайлы,
Жаппар Алла-ай, жағаны ұрып жылайды.
Тарлығына таң қалам да дүниенің,
Тағдырына алаңдаймын былайғы.
Суға, нуға бауыр басқан пенде едім,
Кемеңгерім, кенен өлке кербезім!
Қиялымның ертесің де соңынан,
Ғұмырымды күзетесің сен менің.
Шөгіп барам, білем, шөлім қанбасын,
Толқындар да сүйе алмайды тал басын.
Арқалап ап арып-ашып жүремін,
Буыршынның орталаған арнасын.
Судай сұлу жас дәуренім есімде,
Кете берді жыл керуеннің көшінде.
Су шетінде аралшада топ қайың,
Кимелеп кеп тұратұғын көпірге.
Ұзақ тұрып, таяныш ғып көпірді,
Сұлу ойға шоматынмын не түрлі,
Толқын үні ойларымды оятып,
Жапырақтар аймалайтын бетімді.
Енді ержеттім, толыстым,
Келеді ылғи кемелді ойға ойысқым.
Тұрғам бірде, сары жапырақ уыстап,
Жалт қарадым суретке ала қойыпсың.
Екеуміз де сонда ауылдың көркі едік,
Бірімізге біреуіміз дерт едік.
Сары жапырақ құшағында... Сары күз...
Сары қыздың тұрды өңі өртеніп.
Куәсі- сіз мендегі аңқау кейіптің,,
Өзен қалсын өнегесі өрліктің,
Толқын қуып кеткен арал қайыңды
Және сізді
көпір, сосын мен күттім.
Құм ысқырып жел айтады қызға әзіл,
Сағым ба, әлде, сағыныш па, күз бе бұл?
Арал анау көз ұшында бұлдырар,
Ал, қайдасыз, сіз қазір?...