Театрал ретінде көптеген спектаклдерге пікір қалдырып, аз-мұз сия шығындап жүргеніміз рас. Бірақ, бұл қойылымда ойымды қанша көркемдесем де, дөп басып айта алатындай емес. Өйткені бұл - Рақымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» әңгімесіне қойылған спектакль. Режиссері – Мұқанғали Томанов, қоюшы суретші – Темірбек Мұхтаров. Осы туындыны тамашалай отырып, өмірде кіндігі бөлек болғанмен, өнермен егіз боп туған өнер иелерінің, әсіресе, жазушы Рахымжан Отарбаевтың тағдырын ойладым, жан дүниесі неткен терең еді деген ойға қалдым.
Спектакльде сөз аз. Бас кейіпкер оны қайталап, қайталап айтады. Көрерменнің жүрегіне жетсін, санасына сәуле түсірсін дегендей... Мысалы, «Өзен - асау, өткізер емес. Бірақ менің орнымда сен болсаң, қалай да кешіп келер едің ғой, апа!» Қайық – өмірдегі, бәлкім өнердегі қолжетпес арман. Мен Рахымжан Отарбаев бар ғұмырын арнаған сөз өнерін айтып отырмын бұл жерде. Бас кейіпкер - жазушының өзі. Қаланың даңғаза тірлігінен шаршап, жан дүниесі тыныштықты қалап, өтірік дос болып жүретіндерден қашып, сонау бір жылы соңынан үнсіз қарап қалған ауылына, балалық шағының естелігіне оралады. Сол ауылда қалған анасының басына зиярат етпек... «Қайық, қайық» деп ышқынып, жаны қиналған жолаушыны ешкім күтіп тұрмаған еді. Сол қиын. Жүрекке жүк түсіргендей... «Сені күтетін кімің бар еді» деген бір ауыз сөз..., әлде жазушының жан дауысы... Осы бір ауыз сөзге бір ғұмыр сыйып тұрғандай... Шынында, осынау алмағайып ғұмырда кімді кім күткендей? Бәрі де күйкі тірлік қамымен күндікше жанталасып жүрген пенделер...
Бір күтсе, баласын сағынып, перзентінедеген шексіз махаббатын жалау етіп ана ғана күтер... Спектакльдің өн бойындағы желі – баласын сағына күткен ақ жаулықты ана сағынышы... Бірақ ол ертерек қыр басында дамылдап қалған... Елеске, әруаққа, естелікке айналған... Бес жасар баланың есінде тек анасының жып-жылы алақаны, басынан сипағанда сезінген аналық махаббат қалып қойыпты... Соны талғажау қылып, өмір бойы жаны жүдеген шақта өзі айтқандай, өзі жасап алған «жалғыздық аралына» аттанады. Міне, тағы да, қағажу көріп, қапаланған шағында сол жерге, анасы жатқан, өзінің табан ізі қалған, балалығының мекені болған ауылға қайта оралды. Бірақ қол созым жерде тұрған ауылына жете алмады. Өйткені, ортада ағыны қатты өзен арқырап ағып жатыр. Қайық әкелетін ешкім жоқ. Ал, соңында кім берген қайыққа мінді?
«Қара бас киім» киген кейіпкерлер ше? «Жалғыз жолаушы келді» деп, бәрі бір жақындарын күткендей аңтарыла, ынтыға қарайды. Жолаушының киім киісіне, жүріс-тұрысына асқан қызығушылықпен анталайды. Әлде қыр басындағы молада жатқан әруақ-елестер ме? Көкек ше? «Көкек! Аз ғана күн құтырып қал! Сен қол созым жерде тұрған шешеңнің моласына жете алмай, жаның қиналып тұрған жоқсың ғой» деп, көкекпен сырласқан жалғыз жолаушының жүрегіндегі мұң... Режиссердің шебер фантазиясы қара бас киім киген елестерден байқалады. Олар біресе жел жапырағын қозғаған бұта бола қалғандай, біресе қыр басынан қарауыта көрінген молаға айналғандай... Біресе тұла бойыңды түршіктіріп, «әуп-әуп» деген әупілдекке, немесе байғызға айналғандай... Беймәлім бір күй. Шығармашылық адамының өзге жұртқа түсініксіз халі... «Кім бар-ау, кім бар?» деген бас кейіпкердің жан дауысы, жан сарайындағы буырқаныс... Жазушыны періштедей қорғап жүрген ана елесі... Бар пәле-жаладан, қиындықтан, ауру-сырқаудан, өлімнен ақ қанатымен қағып қалып жүрген ана әруағы... Көрерменнің де жанарына жас тұнып, жүрегі, аны тоңғандай бір сәттік көңіл-күй... Перзентін құтқару үшін жанталасқан ана махаббатының тіпті қара жердің қойнында жатса да күші мен қуатына ештеңе тең келе алмайтынына сендірген ана бейнесін сомдаған актрисаның қалтқысыз ойыны, образға шынайы енуі көрерменнің де жүрегін елжіреткені ақиқат. «Оған әлі ерте» деп жанталаса перзентін қорғаштаған ана әруағы... Режиссер Мұханғали Томанов қана осындай шешімге батыл бара алады. Жазушының «Апа, апа» деп, айналасынан қарманып анасын іздеуі... Адам неше жасқа келсе де ананы сағынбай, іздемей тұра алмайды екен. Жүрегінде шер, шемен, беріш болып қатып қалған анаға деген сағыныш, ертрек тастап кеткеніне деген перзенттік өкпе сезіледі. Анасы бақи дүниеге кеткенімен, ғұмыр бойы періште кейпіне еніп, қыр соңынан қалмай қорғаштап жүргенін түйсіндірген сезіндірген спектакльдегі актерлердің шынайы өнері көрерменді тәнті етті. Соңғы актідегі: «Ұйықтап қалыппын. Бір қара домалақ бала: «мен келдім, апа, деп оятып жіберді» деген ана диалог ше? Режиссер оны шығарманын бел ортасынан, соңғы сахнаға алып келген. «Жалғыздық» әңгімесінің желісімен жазылған сценарийде оқиға сәл өзгертіліпті. Ол, әрине, режиссердің шеберлігі! «Шешем мені жар басында туып кеткендей, осы мен шіли жар басында неге жүрем?» деген бас кейіпкердің толғанысы көрерменді де толқытқаны сөзсіз.
...Қып-қызыл шарды актер жіберіп қалғанда, қолымды қалай созғанымды байқамай қалдым. Тап бір, үрленіп тұрып, желі тез шыққан шардай, тез өткен балалық шақ секілді. Жазушының өзі бақытсыз балалық шағы туралы шығармашылығында айтып кеткен екен ғой. Мынау маңғаз жатқан дала адамның жан дүниесіндегі жалғыздықтың орнын толтыра алмағандықтан, талантты туған перзенттерін қойнына басып, құшақтап, әлдилеп жатқандай бір сезім көкейімнен кетпей қойды...
Бәрі билесе, сен де билей сал! Бірақ ұнамаса қайтесің? Уақытын дүниелік іспен толтырып жүргендердікін қайталай алмай, өмір мен өлім шекарасын байқатып тұрған қайыққа қарай бас сауғалап, демін санап өлшеген бас кейіпкердің жан қиналысы, күйзелісі көзінде тұнып-ақ тұр... Ал, режиссердің ескекке бой мен ғұмырды сыйғызып, оны пенде шіркіннің өзіне сызғызып қойғанын қарасаңызшы. Дәл осылай тек Томанов қана шешім қабылдап, пьеса қоя алады.
В.Высоцский әндерінен жазушы жан дүниесінің үйлесім тапқанын байқаймыз. Владимирдің қырылдаған дауысымен айтылатын әндер сол дәуір келбетін сомдауға, адамның ішкі сарайының жалғыздығын кейіптеуге сұмдық үйлескен. Ән орыс тілінде айтылғанымен, оны айтып тұрған әнші дауысы, әннің сөзі мен әуені жазушының ішкі әлемімен сәтті сәйкестік тапқан. Етіктің өзі - бәрін үнсіз ғана сездіретін реквизит... Бар өмірді топырақ пен уыстап етікке құйып алып, оған өзі сәбидей мәз болады. Етік жәй етік емес, анасының етігі ғой! Біз бәріміз де пендешілік ойынына мәз болған кейіпкерлер іспеттіміз-ау... Етік ішіне құйылған құмның құмсағаттың құмынан да тез төгілгені ше? Сағат. Қолсағатқа сыйған тағдыр. «Тоқтама! Жалғастыр» деп ана әруағымен жебеп жатқандай. Қарқ-қарқ еткен қарғалар! Жанымызды бір сәт қорқынышқа желкелетіп, рухымызды қайда көтеріп жібердің?
Өлі ауыл болады ма? Тірілер болмаса, ол жер ауыл болады ма? Жазушы «ауылдың ортасынан ақ жаулықты біреу бас көтерген сынды. Әлде қанатын қызықтаған шағала ма?» деп ақ түске сағыныш сәулесін қондырады. Ал, режиссер ол сәулені жөргекке түсіреді. Бұл жалғаннан баласын қорғаштап, аялап, әлдилеп, көкке өзі алып кеткендей болды. Әйткенмен, ерте келіп қойды. Жалғыздықтан. «Қорықпайсың ба?» деді апасы. Жоқ, әруағың шат болғыр апа, сол жылы ақпанға дейін жеткен сағынышты құсалық қорқынышты еді бәрінен. «Қарақшысы жоқ ауыл ғой...» Иә, өлілер мекені... Жақсылар мен жайсаңдар, талай талант иелері, әулие-әмбиелер мәңгілік мекендеген мекен... Қарақшысы, тонаушысы жоқ біздегідей, жер бетіндегідей... Арғы бетке өтті... Қайық келді... Жүрек егіледі, жанардан жас тоқтамай ағып жатыр...
Алмалар ше? Мына өмірдегі ырыздық-несібесі мек екен иығына салып көтеріп, арқалап жүргені? Нені алып, нені тастай алмай кеттіңіз, шашы қара айғырдың жалындай тұтаса біткен қасиетті аға?
Асыра сілтеу демеңіз. Дегенмен, соңғы нүктесіндегі қар эффектісі қиялға жетеледі. Осы жылда қыстың соңғы күніндегі қалың қар, спектакль үшін жауғандай. Сол кеште біз ғана емес, жазушы анасымен бірге келіп тамашалағандай болды маған... Қысқасы, Атырауи ол, қаланы аралап кетті. Әне, өзі жанындай сүйген қалың қазағының қақ ортасында! Атыраудың төрінде! Кө-кек! Сен қалдың мына дүниеде өз атыңды өзің дамылсыз қайталап... Қарқылдаған қара қарғалар! Бәрібір сендердің қанаттарың болғанымен, оның көзге көрінбес қанаты оны қорғап, ұшырып алып кетті ылайға толы пендешілік ортасынан!
P. S. Спектакль соңында, Рахымжан Отарбаев шығармашылығына арнайы шығарылған «Сарайшық» республикалық журналын реквизиттермен фотоға түсірдік. Өйткені басылым сыртындағы Рақымжан Отарбаевтың картинасының жанында, шағала бейнеленген еді. Ал, артқы фонда, ақ жаулықты ана бар. Бұл журнал спектаклмен, өте ғажап ұштасты. Театрға дейінгі конференцияда журналдың бас редакторы Гүлзада Ниетқалиева «Ақ қанатын қызықтаған шағала ма» фразасының мәнін өте қатты толғаныспен айтқан еді...