Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 4-курс студенті, «Саф» студенттер театрының студенттік режиссері Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ: «Сахна сыры» Эссе

Ешқашан өзіңе көңілің толмайтын, тәуекелді талап ететін мекен. Тіпті, уақыт белдеуі де бұл жерде өзгеретін болар. Меңзеп тұрғаным, өнер адамы үшін Меккедей қасиетті жер - сахна. 

    Жақында, қысқы демалыста ауылым Шалқарға барып келдім. Адамның жаны нені сүйсе, соны кезіктіре бермейді емес пе? Мектепке ұстаздарыма сәлем беріп кетейін деп бардым.  Әрине, апайым ең әуелі шығармашылықтағы тұсауым кесілген сахнаға жетелеп апарды. Жұлдызымды жаққан акт зал түсіме кіріп жүрген де еді. Ыстық. Әрбір есігі, грим бөлмесі, жарық , орындықтар да. Сахнаны сипап іштей сәлем етіп, рақметімді айттым. Одан соң үстінен бір жүріп өттім. Ең қызығы мұғалима бір ақпаратты айтқанда, көңілім елең  ете қалды. Бұрын мектептің бұлақ үстінде салынғаны жөнінде алып-қашпа әңгіме еститінбіз. Пысық оқушылар отыз тістен түрлендіріп, отыз оқиға шығаратын. Бұлақ емес мола ,  елес бар деп есімізді тандыратын. Қысқасы, бұл сахна орналасқан жерден Есет батырдың аты су ішкен екен. Бала көтере алмағандар, аяғы ауыр боп , үйлене алмай жүргендер жарын тауып кетеді-мыс. Өз түйсігім бойынша, мен сахналардың ешқайсысын да киелі, киелі емес деп бөлмеуші едім. Кішкентай кезімнен, мейлі ол концерттік сахна, театрға арналған сахна, қандай болса да іштей жақсы көріп тұратынмын. Осы бір аңызды естіп, «бәсе, біліп едім» деп тылсым сырды түсінгендей тыныс алдым. Оның үстіне, М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» пьесасын сахналап, алғаш рет спектакль қойған едім. Содан кейін менің режиссерлік жолым басталды. Сценарий жазу, сахна құрастыру қиын емес еді. Бірақ, бұл режиссер кім екенін түсіне қоймайтын.
     Желтоқсанда Атыраудан арнайылап,  Ақтау қаласына үлкен фестивальге бишілер тобы барған едік. Әрине, өнер адамдары бала сияқты ғой. Бір қызбен жол бойы келісе алмадық. Мінезіміз сыймады. Бірақ бір қатарда, өте тығыз  байланыста билейміз. Сөйтіп фестиваль басталды. Біз әлі достаспадық. Халық алдына шығуға екі минуттай уақыт қалғанда, сахнаның жанында тұрып, жерін сипадым. Әдетімше, жеңілдік тіледім. Содан артыма бұрылсам, банағы өштесіп жүрген әріптесім кешірім сұрап тұр. Бірден сахнаның не айтқысы келгенін түсіндім. Ол - айна. Екеуіміздің тату шыққанымызды қаласа керек. Мен де құшақтай салып, өкпеден арылып, жанымызды тазаладық. Сахнада шынайы күліп, еркелеп биледік. Екі минуттық би болғанымен  ұзағырақ, әр секунды нық өтті. Шыққан соң топ жетекшісіне «бүгін бір елік секілді биледім» деп рухымның хәлін сипаттаған едім. Келесі күні, бізге ҚР халық әртісі Гүлжан Талпақова келді. Ол бәрімізге қонақ ретінде құшақ-құшақ гүл мен сыйлықтар әкеліпті. Сонда мен, сахнаның тағы бір жолдамасын алдым. Сый-сияпат салынған қораптардың барлығында елік бейнелеген. Бұл сәйкестік емес, бұл - құпия энергия. 
    Мұндай байланысты жиі байқаймын. Спектакльде Гүлнұр атты жеңілтек қыздың рөлін ойнап тұрмын. Ауыр сөздер, шамына тиетін шындық. Бір сәтте көрерменнің арасынан сол жақ қаптал тарта береді. Сол жаққа монологымды айтқым кеп тұрады. Көзіме түскен жарықтан адамдар көрінбейді ғой. Бірақ, сол жақ қапталдағы қатарда бір шеңбер ашылғандай болады. Портал деуші ме еді? Екі-үш күннен кейін, театрға студент қыздар қосылғысы келетінін айтып, сұхбат өтті. Не болды деп ойлайсыз? Бұл студенттер өте рухани, ойшыл, спектакльді басқа қырынан түсінген көрермен екен. Қойылым туралы өз пікірлерін, сыни көзқарастарын жарыса айтып, «мына жерде отырдық» деп сол жақ қаптал,  сол қатарды көрсеткенде барып, сахнаның сырын тағы түсіндім. Демек сахна, әртіс пен өнер адамын ғана емес, биік рухтың иесін сүйеді екен деп ойладым. Сценограф құрған сахнаны өз қиялымен толықтырып көретін көрермен де  бар-ау. 
    Кейде, күнде шығып жүрген жерде еңкілдеп жылайтынымыз да  бар. Труппа болғаннан кейін, арамыздан қара мысық өтіп, мақсатымыз бөлшектеніп, Ахмет Байтұрсынұлының «Аққу шортан һәм шаян» мысалына айналамыз. Сол кездерде прьемераның уақыты созылып кетеді. Сахна қаламай, мәреге жете алмайды екенсің. Бірде бір жайтқа куә болдым. Сахнада мәдениет бұзып, жұлқынып билеп жүрген студент баспалдақты баса бергенде, баспалдық сынып кеткен. Бұны кие ұрды дейді ғой. Мұндай оқиғалар көп. Сахнаға алдап шығу, алдап ойнау, бірдеңені жасыру мүмкін емес. Онда бәрі айқындалып тұрады. Бұны менен бұрын, ұлы тұлғалар да  айтып кеткен. Мен - растаушылардың бірімін.