Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА: «Жабыса кетті жағымпаз...» сықақ

Сүйекенова Гүлмира Құрақбайқызы, 1978жылы Атырау облысы Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында дүниеге келген. Атырау педагогикалық университетінің түлегі. 2003-2011 жылдар аралығында республикалық «Алтын Орда» газетінде, кейін «Шамшырақ Орал» республикалық қоғамдық-танымдық журналында қызмет етті. Республикалық «Үркер - Үміт» бәйгесінің 2-ші орын иегері. Өлеңдері «Үркер» жаққан он шырақ топтамасына, Республикалық «Жыр маржандары» анталогиясына енген. «Шамшырақ» жыр жинағының авторы.

Жеген мен Жемеген

-Алло Жәке, ассаламуалейкум!
-Уаскум. Кімсің-әй?
-Жемеген.
-Не деген?
-Қысқасы: екеуміздікін қосқанда антоним!
-Бос сөзді қой, бала!
Бұйымтай?
-Жұмыс қой Жәке, біздің жәй...
-Ә-ә пожалуйста!
-Әр жағы бірақ өзіңе байланысты...
-Сонда қалай?
-Солай...
Бүгіннен бастап жұмыстасың.
Мен не десем, дейсің.
Жесем, сен де бірге жейсің.
-Не дейсің?
-Саспа, әлі-ақ қойны-қонышыңа тығасың.
Сөйтіп, бұл ойынның да сырын ұғасың.
-Ал жемесем ше?
-Жемесең...
Ә-ә уайымдама, Жеген болып шығасың.
Құжаттар чики-чики,
Заңсыз деп ойламаңыз,
Тым кісімсіп есепке бойламаңыз.
Дәмін татып көрсеңіз жеткілікті,
Жегісі келе берер жеген ауыз!..
Қол қойылды, мөр соғылды.
Басталды жұмыс,
Енді не тұрыс.
Компания –«Жеген»,
Барын салған жұмысшы – Жемеген.
Басында бәрі күшті болды.
Құлқыны құрғыр кеңейіп,
Әп-сәтте істі болды.
Тыныштық жоқ, демалыс,
Бүгін тағы жиналыс.
Біреудің соткасы шырылдады,
Біреудің қарны шұрылдады.
Оянып кетіп іштегі қызыл иті
Тістерін қайрап тұрып ырылдады.
Шатақбай мен Шатақгүл жұмыстан қағылды.
Жемегенге жала жабылды.
-Әй, оңбаған жебір,
Әлі-ақ басыңа әңгіртаяқ ойнатармын небір!
-Иә-ә-ә сонымен?..
-Сонымен сотқа барамын!
-А-а сот уже сатылған.
-Күні кешегі куәгерді қайтесің?
-А-а ол сол түннен қалмай атылған.
-Ендеше отқа барамын, отқа!
-Басқа айтарың жоқ па?
-Өй мынау тіпті мазақ қыла ма?..
Өз-өзін өртей берсе қазақ қала ма?!.
Қой, арызымды «Араға» ақтарайын
Ет-терісін сыпырып шағып алсын!
Сөйтіп ел-жұрттың алдында масқара боп,
Күлкіге қалсын!..
М-м-м бәлем, ашылды ма бетперде!..
Алло, қайдасың?
-Байланыс аясынан тыс жерде!..     

НЛ-ға кел!..

(желілік бизнес  )
 Ақша...
Жою оңай,
Табу оны оңай ма?
-Ойбуууууу, жаным,
Сол сөз боп па?..
НЛ-ға кел, мұндайда!..
Бас ауырып, балтырларың сыздай ма?
Кейде тіпті саусақтарың мұздай ма?
Алдыменен аптекаға жүгірмей,
НЛ-ға кел, мұндайда!
Бір айлықты жеткізе алмай бір айға
Шаршап жүрсең, 
НЛ-ға кел, мұңайма!
 НЛ-деген бір ғажайып сарайда:
Денсаулық бар,
Энергия бар,
Миллиондар бар талайға!!!
Алайда...
Сол миллионға  асықпасаң,
Маған кел,
Шолпанға бар,
Жетем десең қалайда!..
Мастер емес, элит  емес, жұлдыздан
Зымыратып шығарады ол бір айда!..
Жұлдыз жабу түк емес қой,
Түк емес,
Проста сат, и всё, жаным,
Давай, дә!..

Кредит
Осыдан он жыл бұрын
Досым келді еңіреп,
-Оу не болды?
-Қарыз дағы баяғы...
Қайтармасам кемірет.
Анаған барсам - кредит,
Мынаған келсемм - кредит,
Құтқаршы мені досым-ау,
Бірігіп төлеп жіберейік.
Дос екен дедім, дос екен,
"Ендеше көмек көрсетем",-
деп алып берсем қарызды
Дос дегенім бос екен.
Бес жылдан соң есік қағылды,
Басыма бәле табылды.
Есікті ашсам үреді ит,
Сол - баяғы кредит.
Досқа бардым ақталды,
Банктың сырын ақтарды.
Кім кінәлі білмедім,
Сандалып кеп жүргенім.
Ұйқы қашты, маза жоқ,
Өсіп кеткен өсімнен
Естің өзі  қаза боп...
Осындайды пайдаланып
Тағы бір ит ұтады екен.
Ол - қандай ит?
...Суицид...
Шайнамай-ақ жұтады екен.
Өз жаныңа өзіңді айдап салып,
Сол бойда құртады екен.
"Тойың да өтеді қарызбен,
Өлім де кетеді қарызбен,
Қарызсыз күнің бола ма?"
деп біреу, әне, көкіп жүр.
Кіргісі келіп қораға.
Не десем екен, не десем,
Жолама, ойбай, барма сен!
Әперемін деп алтын бақ,
Жарнама болып жалтылдап,
Жалаңдап жүрген көп итке
Таланып өлем демесең...       
 

 Көпен көке нашелся 
Әзіл, әзіл, әзіл деп,
Мазамды алған, миды жеп,
Біздің үйде де, міне,
Нашелся Көпен Әмірбек!..
Сөзімнің мынау - сірәсі,
Демейді көпке ұнашы.
Кемшілік болса менде де,
Өлтіріп тұрып сынашы.
Шын айтқанға - сын айтқан,
Ұят болды-ау мынасы,
Көпеннің не кінәсі?
Иә, Көпен әзілде дара болатын,
Ашқан журналы «Ара» болатын,
Шаққан жері жара болатын.
Тентекті тезге салып тұрды,
Шалқайғанды аяқтан шалып тұрды.
Кейбіреуді жылатып, еңіретіп,
Кейбіреуді күлкіге қарық қылды.
Заңды айналып өткенді де,
Шектен шығып кеткенді де,
Көпеннің құрығы ілген-ді.
Мұқтарша айтсақ:
Жемографияңды талай тілген-ді.
 Ал, алпыстан бесеу асқанда,
Тәтімовше айтқанда
Демографияға да үлес қосып үлгерді.
Бір қызығы, 
Көпенге ұқсаймын деп,
Біреулер тауықша қыт-қыттап күлдірді,
Біреулер қытықтап күлдірді.
Ал, Көпеннің күлкісі
Күлкінің салмағын білдірді.
Ал, айтшы енді, тентегім,
Көпен менің не теңім?
Сонымен, ең дұрысы,
Сол араның туысы -
Маса болсам да жетеді,
Андай-мындай жиналған,
Арам қаның кетеді.

Үйттік, бүйттік...
-О, падишам,
Мен болайын уәзірің,
Қолдан келсе айта бер,
Орындауға әзірмін.
Сіз біреусіз,біз көппіз,
Көңілді табу оңай ма,
Өзіңіздей басеке,
«Қара нар» керек мұндайда.
Қорған болдың, ықтадық,
Айтқаныңыздан шықпадық.
Креслоға да сізді лайық деп,
Бірауыздан  құптадық.
Сіз үшін сөйттік, бүйттік,- деп,
-Қойдың басын үйіттік,- деп,
Бірер күнде сыйлы болды,
Бірер айда үйлі болды,
Бірер жылда тіпті күйлі болды.
Басекең сөйтіп сайланды,
Аузы-басы майланды.
Ақыры Бәке, Жәке боп,
Сыбайлас жемқорға айналды.
Жыл сайын солар тендер ұтты,
Биені жүгімен жұтты,
Түйені түгімен жұтты.
Уәдені де ұмытты,
Тәубені де ұмытты,
Күн артынан күн өтті.
Сөйтіп жүріп шоқ басты,
Соттасты,  оттасты...
Әйтеуір әлі жеткендер қамаққа алды,
Бұл оған бір сабақ болды.
Ал, енді мұндай ертегіге
Ел мүлде сенбейді екен,
Алып-қашпа әңгіме де
Интернет барда өлмейді екен.
Сол әңгіме шын боп шығып,
Сеніміңіз құмға сіңіп,
Салың суға кеткен кезде,
Мұхит асар әлгі кезбе.
Асыпты, тасыпты, қашыпты...
Сөйтіп босаған орынды
Жаңа біреу басыпты.
Бұрынғының жегенін,
Толтыра алмай сасыпты.
Қашаңғы кешсін күйбеңді,
Қулықты ол да үйренді.
Жағдай...
Бәз-баяғы күйге енді.
Өмір - көктем,
Көңіл - мәз,
Боп жүргенде оған да
Жабыса кетті жағымпаз:
-О, падишам,
Мен болайын уәзірің,
Қолдан келсе айта бер,
Орындауға әзірмін...

            
Ене мен келін (диалог)                  
Не деген мектеп не деген,
Жиырма жыл өтіп кетсе де 
Бас изеп әлі келем мен.
Өңімде де - сен, түсімде де - сен,
Үркітіп кеп жүреді,
Өзің түгіл көлеңкең.
-Дегенің болсын дегенің,
Не десең дағы көнемін.
Тәттілер шәйға дайын тұр,
Киіміңді жуып беремін.
Томпаңдап шауып жүре бер,
Немерең болсын ермегің.
-Үлде мен бүлде кигенің,
Үй шаруасын да солай үйренгін.
Көнбей қайда барасың,
Менің ұлым болса тигенің?!
-Білместік болар әр үйде,
Үйренерім көп, әрине!
-Қайқаңдап қайда барасың,
Дәлиме шырақ, дәлиме!
-«Жаман күйеу қайыншыл»,
Төркін қалды жайына.
«Қатын - бастан, бала - жастан»,
Тиісті тағы байыма.
-Сұрамаңыз дерегін,
Мақалы бұл әр ененің.
Менде де мақал баршылық
Тап осы болса керегің.
-«Жуас түйе жақсы жүндеуге»,
Стоп! Ойбай...
Үндеуге болмайды үндеуге.
-Мен ұрыссам, ұрысты демегін,
Ол - пысысын дегенім.
Айтқаным әлі-ақ келеді шын,
Осының бәрі - сен үшін.
-Баласының бар баласы,
Скоро маған да келіннің
Көрініп қалар қарасы.
Оу, қашаңғы пысытады,
Бүйте берсе тілімді қышытады...
-Қыр-сырына әбден қанықтым,
Ене деген алыптың.
Басында таң қалыппын,
Кейін үйреніп алыппын.
Өй, қойшы-ей, осы соны деп,
 Бірде тіпті жалықтым.
Үйреншікті «жау» ғой деп,
Қырсықтыққа да барыппын.
Өзі үйреткен тәсілмен
Өзін аяқтан шалыппын.
«Ұстазымды» айнытпай,
Пародияға  да салыппын.
Ішек-сілесі қатты әбден
Бұны естіген халықтың.
Сөйтіп жүріп өзім де 
Енемнен аумай қалыппын.

Баға
Баға зытып барады,
Мен қуып келем, қуып келем.
Алдыма қарай-қарай қуып келем.
Зытып бара жатқаны - тұрағы жоқ,
Қуып келе жатқаным - өзімше қырағылық.
Сонымен қуған жете ме,
Бұйырған жете ме,
Жоқ, әлде бар байлығымыз
Көлденең көк аттыға кете ме?!...
О жағын енді қалдырайық 
Уақыт деген көкеге.
Кім біледі берекет
Азда ма әлде көпте ме?..
Жаңа ғана...
Доллар мен теңге тіресіп,
Бір көтеріліп, бір түсіп,
Түлкі бұлаңға салған-ды.
Біреулер біраз алданды,
Енді біреулер банкрот боп қалған-ды.
Баға білдіртпей өскен сайын,
Қалтаны тескен сайын
Араздық ушықпасын деп,
Арада шу шықпасын деп,
Айлық та аз-мұз жалғанды.
Біреуге кризис,
Біреуге кредит кеп
Банктер қалықтады,
Налоговый комитет те
Үйіп-төгіп салық салды.
Жүрегі әлсіздер талып қалды,
Жүрегі түктілер крупный мекемені
Көтеріп алып қалды.
Қазір жағдай - осындай!
Өз күніңді өзің көр,
Үкіметке қарама,
Айлығың жетпей шайлыққа,
Ал, кеп базар жағала.
Базарға келген бірінші
Үңіледі  бағаға.
Баға ма...
Аспандап кетті бағана.
Қойшы әйтеуір бұған да,
Үйреніп алып жүрміз ғой.
Қазақтыкі - сол баяғы,
Көппен көрген ұлы той.
Баға зытып барады,
Мен қуып келем, қуып келем.
Алдыма қарай-қарай қуып келем.
Зытып бара жатқаны - тұрағы жоқ,
Қуып келе жатқаным - 
        өзімше қырағылық.
                                                     
  Мәдениетті  шайтан
Ау, ағайын, нанбайсың,
Мен сіздерге шын айтам.
Қалтамдағы ақшамды 
Қағып кетті бір шайтан.
Осылай болды  шәкірттің
Әңгімесі әу бастан.
-Ақымақ болдым неге?-деп,
Кетті ісіне күйіне.
Жетті міне кештетіп, 
Мұғалімнің  үйіне.
Қуанғаннан қалтырап үні,
Зачетті естіп қатыратынын,
Сұрағанын бере сапты,
Кім білген суға батыратынын!
Жеңгей  шықты алдымен,
Жұбайы ғой қасындағы,
Бара сала жай ма екен,
деп мұңын айтты басындағы.
Сонан кейін сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
-Сегізге дейін ертелеп
Біздің үйге кел,- деді.
Бақса әлігі Асекең,
Сол кезде үйде мас екен.
Ұстай алмай безгелдек
ауруына кез келді.
Көріп қап бірде көшеде,
Қылғынды кеткен есеге:
-Біз таныспыз солай ма, 
Ақшамды қайтар қалайда!
-Ұмытпа, қалқам, алайда,
Мен де - осы жердің түлегімін,
Оның үстіне ректордың жиенімін.
Түрін көргем сендейдің,
«Көмегім» тиген талайға,
Басы бар маған жолай ма?..
-Не дейді мынау, о тоба...
Бұндай да ұстаз бола ма?..
Қайтсін байғұс студент,
Крыша іздеп кетті жағалап. 
Хабарлап та  үлгерді
Бастан өткенді бағана.
Естігендер  шуласты:
-Ойбай, оған жолама!
О заман да бұ заман
Алқашпен ісің оңа ма?..
Тағы бірде естіді
Қылығын әлгі естінің.
Қалғып-мүлгіп  шешіпті
Математика кескінін.
Сол мүлгу, мастық түбіне
Жетті де кетті сүріне.
Ұстазға мұндай болайын
Кімге - үлгі, кімге - өнеге?!.

Ене екен...
Ене екен десем ене екен,
Келінді шаққан кене екен.
Жарылып мейлі кетсең де 
Оныкінің бәрі жөн екен.
Келін емес, келсапсың
Жаман үйге түскендер.
Бала - өзіндік, сен - жатсың,
Бармағыңды тістей бер!
Жақсы үйге түстің - келінсің,
Көз қызығар керімсің.
Қызындай көріп аялап ,
Қадір тұтар сені шын.
Келіндер небір келбетті,               
 Ішіп жүр әлі кермекті.
Болғанмен елім егемен                      
Келінге кейбір келмепті.

Мұздатқыш 
Өнер деп жүріп сыйлы боп,
Сыйлы боп жүріп су тегін үйлі боп,
Алғаш көшіп келген кез
Өзімізше күйлі боп.
Шыжғырған жаздың ортасы,
Еріді майдың тортасы.
Мұздатқыш алар Сәкеңнің
Көтерсін қайдан қалтасы.
Бірдеңе қылып жан сақтар, 
Әйелдің бар ғой айласы. 
Батырып суға қойсақ та
Шамалы екен пайдасы.
Көгеріп бітті тағамдар,
Қуырып біз де қоймадық.
Мырзалығы ұстаған 
Спонсордан айналдық.
Құлағына жетіпті,
Алдыменен жезденің:
-Менен алсаң нетіпті,
Давай іздеп кезбегін.
Аямай етті тұздатып,
Шөлім де әзер басылды.
Мұздатқыш келіп мұздатып,
Көңілім шайдай ашылды.
Ағайынның қадірін,
Мәз қылғанда білерсің.
Мұздатқыштың қадірін,
Жаз болғанда білерсің.

Редакциядан: сурет интернеттен алынды.