«Жиіркенішті, жиіркенішті, жиіркенішті... Ішіме симай жарылардай боп отырмын сенесің бе?» деді бірден құрбым Жансұлу көңіл айтуға келген маған.
-Не жиіркенішті? Тарқатып айтсаңшы,- дедім мен де сөзінің төркінін түсініңкіремей.
-Кеше садақада не болғанын білсең ғой,-деген Жансұлу бетін ауырсына тыржитты.
-Ойбай, не бопты енді? Созбақтап біттің ғой түге!-естігенше менің де шыдамым таусылып барады.
-Көрініс болды, көрініс...,-деді Жансұлу басқа сөз таба алмағандай.
-Сақтай гөр не дейді?!. Жылап-сықтап жатқан жерде қандай көрініс болушы еді?!.,- деймін құрбымды өзімше түсінуге тырысып.
-Әкем, әкемді жоғалттым, түсінесің бе? Ажал аяқ астынан келді, асқар тауым құлады. Енді қайтіп келмейтін жаққа кетті. (Еңірей жөнелді)
- Иә бұны тек басына түскен ғана сезіне алады.
- Сабырлы бол, бауырым,-деп, өлердегі сөзімді айтып, әзер дегенде жұбаттым-ау.
Бір уақытта қайта бастады:
-Ау, осындайда жыламағанда, іштегі ауыр шерді шығармағанда қайтем? Айтшы, достым-ау, сен болсаң да сөйтер едің ғой,- Жансұлудың көздері қып-қызыл, мені тесіп бара жатқандай, ыңғайсыз күйде қалғанымды қарашы.
-Әрине, жаным, ондай кезде еңіремек түгілі еркіңнен тыс не істеп не қойғаныңды білмей есеңгіреп, тіпті талып та қалып жатады ғой адам,- дедім шыдай алмай қосыла кетіп.
Қалай ғана түсінбейін,өз басымнан өткен жәйт. Өткен жылы әкемнен айрылып, көңілім құлазып отырғанда ғой, жеңешем шауып келіп «әй-шәй» жоқ, салып кеп қалғаны:
-Әкеңнен айрылған жалғыз сен бе, не болды сонша езіліп? Кішкене өз-өзіңді қолға алуға болады ғой. Сен отырасың көз жасыңды көлдетіп, мен отырайын... сонда ана ағылып келіп жатқан адамға кім қызмет қылады? А-а-а, соны айтшы,- демесі бар ма? Ал осыдан кейін жылар ма едің, күлер ме едің?.. Ондайда жауап қайтаратын хәл қайда?..
Іле - шала тағы бір әйел:
–Әу Жәкө,қырғын кісі келе жатыр. Бол тез, тұрма енді, қиын екенін білемін әрине, сонда да жүрміз ғой міне, қол аз, келімді- кетімді кісі көп. Палаткідегі қыздарға көмектес ,-дегені.
Тура бар ғой бәрін тастап Жайыққа тартып отырғым келді. Оңашада емін-еркін қыстықпай, даусыңды шығарып жылап, Жайықпен тілдескенге не жетсін шіркін!.. Кетіп қалсам, «әкесі өліп жатқанда жалғыз қызы қайда жүрдің» астында қалатынымды сездім. Сөйтіп тұрғанда алыстан көптен көрмеген туыстардың келе жатқанын хабарлап үлгерді біреу.
Енді қызықты қара,шауып жүрген білгіштердің ішінен тағы біреуі шүйлікті кеп:
-Әй қызым, бері қара, ана иттің өлген жерінен бәленшекең, түгеншекеңдер келе жатыр! Тым болмаса ара-арасында жылап-сықтап қойсаңшы елден ұят қой, «қатты екен» деп кетпей ме?- деп.
О тоба, бұл енді –әрі итеріп, бері жығу деген сөз. Аузымды ашып тұрғанымда әлгі данышпандардың тағы біреуіне еріксіз көзім түсіп кетті. Бір-бірін құшақтап алып өкіріп жылап, зарлағанда бар ғой, дауыстары Қытайды әнімен тамсандырып жүрген Димаштың да даусынан асып түседі-ей! -Апырмай шаршап қалады-ау енді!- дегенімше болған жоқ, бетін тырнап, зарлап, талып жатқан апамыздың төрдегі бөлмеге кіре сала жаңағы келген-кеткендердің әкелген ақшасын шытырлатып санап, өз-өзінен әлек боп жатқанын көрдім. Осының бәрі жүректі айнытқаны сондай, екі қолымды төбеме қойып, тура көз көрмес, құлақ естімеске безіп кеткім келгені рас. -Дұрыс айтасың, Жансұлу, көрініс емей не бұл?,-дей бергенімде ұялы
телефоным безілдеп қоя берді. Көршім екен.
-Ай, Айгүл-ау, ана біздің үй жақтағы Батиманы білесің ғой?-деді ол телефонның ар жағынан.
-Батима ма? Иә, оған не бопты?
– «Тінеугүні әкесі инсульт соғып ауырып жатыр» деп еді, шамасы үшінші рет қатты соққан болуы керек жүріп кетіпті. Кеше соны шығардық, осы жатысқа үші мен жетісін бір береді екен.Екеуміз бірге кіріп шығармыз, төбе көрсетіп. –Әй, осы инсульт деген бәле тым өршіп кетті-ау, ә, екінің бірі инсульт, екінің бірі қан қысымы ауруымен ауыратын болды ғой. Жә- жәрар, кірсек, кіріп шығармыз.
Сөйтіп жексенбі де келіп жетті. Көршім екеуміз қайғысына ортақтасып, өзімізше бар білгенімізді айтып жұбатпақшы боп барғанбыз.Барсақ Батимаң әрлі-берлі шауып жүр.Қайғыруға да уақыты жоқ. Айнала шұбырған халық. -Қой, не де болса келдік қой! Көрші ретінде көмектесіп, пайдамызды тигізейік,- деп кірісіп кеттік.
Мә, саған, керек болса! Нағыз көріністің көкесі палатканың іші мен сыртында екен. Палатканың сыртында қазан-ошақ құрылған, жан-жағында бес-алты әйел. Біреуі астың етін, біреуі күрішін дайындап,біреулері бауырсақ пісіріп, енді біреулері шәй тасумен жүр.Кеше ғана қонақасыға бір сиыр,бір- екі қой сойылып, қазан-ошақтың іргесіндегі сарайға мұздатқышқа салып қатырып қойған екен.
Охо! Әне бір алдына сары алжапқыш байлап алған әйел сол еттің қызығын көруде. Айласын қара! Қоқыс салатын пакетке «сіп-сбежи» етті сүңгітіп кеп жатыр. Үйіне қайтарда алып кетуге оңайластырып үлгерді. «Қоқыс төгуге бара жатыр» деп ойлап қалсын деген ғой шамасы. Ал, керек болса! Үстінен түсті. Батиманың долы абысыны. Етті қолынан жұлып алып, әлігі әйелді қуып жіберіп, Батимаға айқайды салды кеп. Байғұс Батиманың не жазығы бар десеңші?!
– Мен саған айтпап па едім: «бір көзіңнен жас сорғалап ағып жүрсе, бір көзіңмен айналаны бағып жүр» деп. Сарайдың кілтін қолыңа алып, шетінен бөліп-бөліп беріп отырсаң, мұндай шикілік болмас еді, кім аяйды дейсің сені қазіргі уақытта?!
О тоба, сонда әкесінен айрылған Батима сорлы қайғыра ма, жоқ әлде сарайды күзете ме?..
-Айгүл, палаткіге таза ыдыс әкеп берші ,-деген Батиманың даусын ести сала жүгіріп кеттім.
Ал енді палаткінің ішіне кірейін. Дастарханда құстың сүті мен жылқының өтінен басқасының бәрі бар. Қолында дыбыс күшейткіші бар асаба жолдас жұртты орын-орнына жайғастырып сөз кезегін беруде. Сөз алған үлкендеу мұртты кісі алдымен үрім-бұтағын түгел тізіп шықты, сонан соң марқұммен бірге жүрген кездерін еске алып, мақтаудың түбін түсірді.
Елең-алаңнан: «Дайындалыңдар, қазір кеп қалады» деп күткен дөкейлер де келіп жетті.Ойдөйт де! Бұларға деген құрметтері бөлек енді. «Бәке, қош келдіңіз! Сәке, қош келдіңіз!» десіп, бас изеп шыбындап жүрген біреу.
Әлгі Бәке-Сәкелері «Ә» деп аузын ашса болды орнынан тұрып қол шапалақтап жіберердей. «Ішінен біреуін ұлығылайын деп жатыр-ау, шамасы» деп қалуың да ғажап емес.Тура тойға келгендей болдым. Отырғандардың гүбір-гүбір әңгімесін айтсайшы, шіркін.
-Әй, не ағайындары бар екен-ай, ә?-деп бастады сары кемпір.
-Бәрі келіп болған секілді. Әнебір Астанада тұратын құдасы мен құдағиы болмаса,- деп жанындағы кемпір жалғай кетті әңгімені.
Ойбай, әнебір келіні не киіп алған үстіне тыртитып, - бұл алдыңғы сары кемпір.
-Сен одан да мына келінін қара шұбатылған,-бұл екеуі қазалы үйдің адамдарының киім киісін тергеп жатқанда, мына жақта әртүрлі сыпсың сөз тыңдаушыны еріксіз тартады екен.
- Банадан қаншама адам келді ендігі тамаққа кеткен шығынды жапқан шығар-ә?-деді қара орамалды сәнмен тартқан толық апа.
-Айтпақшы, әлгі молда не қылды екен? Оқытатынын оқытып алып, ақысын бермей қоя беріпті ғой бейшараны,- деп жолдан қыстырыла кетті ерні сүйреңдеген бір қара қатын.
-Е қайтсын байғұс, мұндай қиын кезде ұмытып та кеткен шығар,-деді сары кемпір мән бермей, жаны ашыған сыңай танытып.
-Ашуға мінген молда бар «жақсы» сөздерін уатсаппен лақтырыпты,- бұл сөздің иесі әлгі сүйреңдеген қара қатын. Шәйді сіміріп қойып әлі отыр. Ас болсын дедім ішімнен. Көңіл айтуға емес, көрініс көруге келген көрермендер секілді кәдімгі.
Үйіме келдім, әлігі көріністер көз алдымнан кетер емес. Әсіресе жаңа түскен орысқол кіші келіннің әңгімесі :
-Прикин, аташканы шығарарда маған жеңгешка «мына заварканы ал да басынан айналдырып, сосын үй іші болып қайнатып ішерсіңдер» дит, дура! «Фуу зачем? Не надо мне! Мен білмим ондай ырым» дедім. Мә, сонан соң үш шеге қағып қойыпты залдың полын бүлдіріп. «Это зачем?» десем, «енді өлік шықпасын деп» дит. Как будто енді біреудің өліп-өлмеуі сол үш шегеге қарап тұр деген. А патом, жыртыс дей ма 200-300 орамал таратты енешка. Знаешь сколько стоит? Оның өзі где то 70-80 мың. Одан да мен оған сықиған диван сатып алмаймын ба?
Құрбым Жансұлудың «жиіркенішті, көрініс» дегендерін тереңірек түсіндім. Тағы да телефоны түскір шыр ете қалды. Баяғы көршім:
-Батиманың әкесінің қырқы...
-Сонан соң жүзі, ол бітсе жылы, бітпейтін не деген көрініс десеңші, - дедім шыдамай.
-Не дейсің?- көршім телефоннан түсінбей тұр.
–Түу...Ииә,иә садақа дегенім...,-деппін «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керімен.
Екінші бөлім
Мына орысқол кіші келіннің пысығын қарай гөр! Өзі білмесе де мазалаған көп жайттың құпиясын ашқысы келгендей, айдап салып Нәдірбайдың үйінен бір-ақ шықты.
Ал кеп шұбыртсын сұрақтарын бірінен соң бірін.
Нәдірбай –байсалды, көпті көрген, ислам дінінен хабары бар, бес уақыт намазын қаза қылмайтын қарапайым иманды қазақтың бірі.Үлкен демей, кіші демей кез келген уақытта қайырымдылық көрсетуден қажымайтын әдеті тағы бар.Міне ол тағы да сол әдетімен келген қонағының көңілін қалдырмай бар білгенін бөлісуде.
-Иә, айналайын, расында жан бар жерде қаза бар. Оның үстіне өлім үрейлі болып келеді. Ертеде жан алғыш періште Жебірейіл а.с. Аллаһтың бұйрығымен уақыты жеткен адамның жанын алуға келген кезде жұрт оны қарғап-сілеп болады екен. Сөйтіп періште адамдарға жеккөрінішті болғысы келмейтінін айтып Аллаһқа жалбарынады.Аллаһ тағала оның бұл тілегін орындап, сол күннен бастап періште көзге көрінбей келетін болған. Содан бастап адамдар өлім адамға ауру себепті немесе көлік апатынан, суға кетуден т.б. себептерден келеді деп ойлайтын болған. Ал күні жеткен пенденің жан алу сәтіндегі қиналысы адам жүрегіне қорқыныш тудырмай қоймайды. Сол үрейді жеңу үшін де осындай ырымдарды ойлап тапқан болу керек. Енді бұл жерде өлім болмайды деп сендіргісі келгені ғой. Шын мәнісінде шариғат бұлай бұйырмайды. Ал енді қаделеріне келетін болсақ негізі өлік шыққан үйдің ағайын-тума, дос-жаран, көрші-көлемдері өздері ыстық тағам әзірлеп, дастарқан жайып онсыз да қамкөңіл жылап-сықтаған ағайынды жұбатып, қолтығынан демеп жәрдем беруі тиіс. Енді «садақа» деп аты айтып тұрғандай қара жамылған отбасы «қайтқан адамның артынан сауабы барсын» деп жоқ-жітікке, жетім-жесірге мал сойып ас беріп отырған.
Әрі қарай тыңдауға сабыры жетпеді ме, әйтеуір, сөзі аяқталмастан:
- Сізге көп рахмет! Мен кетейін, үйдегілер ендігі іздеп қалған шығар,- деп келін асығыс шығып кетті. Жол бойы әлгі айтылған әңгімені өзінше ой елегінен өткізгендей болды.
«Ну вот, ырым қайдан шыққан,садақаны кімдерге беру керек? Бізде әйтеуір кругом бардак» деп қояды бұл енді іштей кіжінгендегісі.
Үйге келсе әлігі сапырылысып жатқан қарағұрым халықтың бірі де жоқ. Абысыны ғана жүр екен ыдыс-аяқ жуып, жинастырып.
-Қайда жүрсің-ей осы уақытқа дейін? Жоқ әлде мені жұмсап пайдаланып қалайын дегенің бе?
Өзі де абысынының бұл айқайын күткендей боп келе жатқан келін тұрсын ба?..
-Ужас, не болды сонша көшені басыңа көтеріп? Келдік, тіріміз. Шаршасаң обалың жоқ, «ойбай анадан ұят болады, мынадан ұят болады» деп салаттың түрін жасаттың,ал енді «ашып кетті» деп ақтарып төгіп жатқаның мынау.Сен сонда «осының бәрінің сұрауы жоқ» деп ойлайсың что ли?
-Ей, сен не шүлдірлеп оттап тұрсың-ей, а, ақылгөйсіп? Сен не білесің? Келін боп түскенің де кеше ғана. Немене сенің қалтаңнан шықты ма бәрі? Алдық қарызға! Банк аман болсын –құтқарушымыз, деп мырс етті.
-Да ты че? Кредиииит?! Тағы да ма? Не осы садақа үшін бе?.. Бастарың қатты жасайды екен. Маған ұрсып қояды еще! Как будто сама все знает...
Бағанадан бұларды сыртынан аңдып, қызықтап тұрған екі жігіт сол күйі таспаға түсіріп, 1000-даған адамға таратып та үлгерді. Күнұзағына біреуі су тасып, біреуі отын жарып көмектесіп жүгіріп жүрген екеудің демалғандағы түрі бұл. «Қанша лайк жинадық екен, ә, құрдас?» деп саңқ-саңқ етіп күліп қояды бір-біріне қарап.
Бұның бәрі алдымен онсыз да есін жинай алмай жүрген анаға қатты батты. Былтыр ғана кенже ұлы келін әкеліп соның тойына барын шашамын деп жүріп жинағы жетпей қарызданып қалған. Содан құтыла алмай жүргенде тағы батты қарызға. Ол аз болғандай осындайда келіндерінің ел-жұрт алдында бет жыртысқаны, әлігі екі боқмұрынның елге жайып келеке қылған тірлігі. Уайым ба уайым. Көтере алмады ма кім білсін әйтеуір табалдырықтан аттай бере көздері қарауытып, басы айналғандай боп теңселіп барып құлады.
-Тез жедел-жәрдем шақырыңдар, мама, мама не болды?- деп естерін енді ғана жиғандай болған абысынды- келін, бірі жастық әкеліп, бірі сүйеп, әлек болып жатыр.
-Қой, бұларға ем жоқ, әкелерінің өлімі жетпей жатқан ғой, шамасы,- деп табалап үлгеріп жатқан көршілер, өлім мен өмір арпалысы... Иә, бұның бәрі көріністің ішінде ғана, ал сыртында қаншама сұрақ жатыр –біз шынында кімнен ұялуымыз керек, кімнен қорқып, неден үміт етуіміз керек? Бізге қандай өлім жетеді екен? Әрі осындай көріністеріміз үшін бізге қанша және қандай «лайктер» басылып жатыр?!
Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА: "Көрініс" (трагикомедия)
- Толығырық
- : Езутартар
- Көру саны: 211