Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маркиза БАЗАРБАЙҚЫЗЫ: "Ерте, ерте, ертеде..." Ертегілер

 Бір түп жусан

     Баяғыда бір ханның үш ұлы болыпты. Хан күндердің бір күнінде үш ұлын шақырып алып, үшеуін кезек-кезек өзінің тағына отырғызыпты. Тұңғыш ұлынан таққа отырғанда не сездің десе, ол «мен таққа отырғанымда өзім арыстан сияқты, өзге жұрт қой сияқты сезілді» деп жауап беріпті. Ортаншы ұлы «мен қыран екенмін, өзгелер қарға, құзғын сияқты сезілді» депті. Ал, кенжесі бір күн таққа отырып көрген соң: «мен ағаларым сияқты ештеңе сезбедім. Тек алдыма келген елге әділ болуға тырыстым. Ешкімді ренжітпеуге тырыстым» деп жауап беріпті. Хан әке кенжесінің жауабына риза болып, тағына соны отырғызыпты. Оған екі үлкені өкпелеп, өш алуға ойлапты. Сөйтіп, тақта отырған Жамақаның ұлын өздерімен аң аулауға алып кетеді. Жас баланы алдап, «Ана жатқан біз өлтірген барыс, барып терісін ал. Сонда сенің ерлігіңе әкең риза болар» дейді. Бала ұйықтап жатқан барысқа таянғанда жыртқыш өзін  мазалаған балаға тұра ұмтылады. Бала қолындағы қанжарын дәл жүрекке бойлата сұғады. 
     Мұны көрген екі ағасы «бұл жеті жасында барысты өлтірді. Өскен соң бізге күн бермес» деп, өз ойларынан өздері шошып, баланы алысқа кетіп бара жатқан керуенге сатып жібереді. Әуелгі ойлаған айласы бойынша хан тағында отырған інісіне келіп: «сенің балаң барыспен алысып жатыр» дейді. Інісі баласын құтқаруға жүгіргенде, екінші ағасы тасада тұрып садақпен атпақшы болады. Бірақ ханның уәзірлері баланы құтқармаққа бәрі бірдей жүгіреді де, олардың жоспары іске аспай қалады. 
     Әлқисса, бала сол кеткеннен мол кетіп, тілін түсінбейтін бөтен елде, бір саудагердің үйінде жадап-жүдеп жүріп жатады. Оны Аюби деген бекзада көріп: «сен осы қолбалаңды маған сат. Мен саған көп ақша беремін. Ол сен берген жуындыны ішпейді екен.   
    Бәрібір біраздан соң арықтап, өліп қалады» дейді. 
Сатып алған соң бала Барысты жуындырып, киіндіріп, өзіне өкіл ұл етеді. Саудагердің әйелі берген тамақты намыстанып жемей қойған Барыстың тегін бала еместігін түсінген Аюби бекзат оны солай бауырына басып, әскерлер дайындайтын оқуға береді. Сол заманда падишаны қорғауға үйретілген жалдамалы әскердің (мамлюк) құны жоғары екен. 
     Бала Барыс алғыр болып шықты. Әскер өнерін шапшаң меңгерді. Бірнеше жорықтарға қатысып әскери шені тез өсті. Сөйтіп, алғыр да өжет жігіт аз уақытта Египет падишасының бас қолбасшысы болып шыға келді. Досына адал, ісіне мығым, айналасына әділ бас қолбасшыны бәрі құрметтеді. Сол кезде елдің патшасы өліп, Барысқа патша бол деді. Бей аты қосылып, Бейбарыс атанып таққа отырды. Жан жақтан жау анталаған сол шақта дәл осындай ержүрек те ақылды патша керек еді ол елге. Бейбарыс тақта отырған он сегіз жылда анталап келген крест жорығының шабуылынан құтқарып, оларды шекарадан асырып қуып тастады. Екінші бүйірден қадалған манғолдың шабуылын шебер тойтарды. Осындай алып жаудың тырнағынан сау қалғаны үшін елі оны өте жақсы көрді. Ол ұсақ халифаттарды бір заңға бағынатын етіп бір тудың астына біріктірді. Сөйтіп, елін қуатты елге айналдырды. Әр қаласына мешіт салдырды. Әр өзеніне көпір орнаттырды. Кедейлерге тұратын үйлер салғызды, кітапханалар, медіресселер ашқызды. Жауынгерлеріне қымыз ішуді бұйырды.
     Өзі таққа отырсымен Бейбарыс хат жазып, туған жеріне елші аттандырды. Арада талай уақыт өткенде киімі бөлек бөгде елдің адамдары Бейбарыстың сарайына келді. Бейбарыс түсініксіз тілде олармен сөйлесе кетті. Олар ұсынған бір түп жусанды қолына алды. Жусанның аңқыған хош иісі кеңсірігін жарып жібере жаздады. Сұлтанның жылап жібергенін көрген уәзірлері «Сізді жылататын жаман хабар әкелген елшілерді шауып тастайық!» деп қылыштарын суырыпты. 
     Сонда Бейбарыс сұлтан бұл келгендер өзінің туған жерінен жеткенін, әкесі Жамақа шахтың қаза болғанын естірткенін, сол өз ана тілінде сөйлесіп отырғанын, анасы Әйектің бір түп жусан беріп жібергенін айтады. 
    Сұлтан Бейбарыс сол өзі билеген елде сондай сыйлы, аса қадірлі адамы болды, оны уәзірлері қатты құрметтейтін. Елі істеген ерліктерін жырға қосып айтып жүріпті. 
    Ал Бейбарыс сұлтан болса, «өзге елде сұлтан болғанша, өз жеріңде ұлтан бол» деген екен. Өзін жібергісі келмеген елден жай киім киіп, елеусіз қашып шығып, жусан иісі аңқыған туған жеріне бет алыпты.

Қарадан хан
    Баяғыда қазақтың бір айтулы биі бөтен елден өз еліне оралып келе жатса, елсізде алдынан бір бала кездеседі. Басына қойдың жүнінен сең-сең бөркі бар. киімі тозыңқы, алба-дұлба. Би баланы қасына шақырып жөнін сұрайды. Бала әке-шешесі жоқ жетім екендігін айтады. Бірақ астан дәм алғанда қолын жуып, дастарханға тіп-тік отырып, ашыққанына қарамай тамақты бипаз  байыппен, асықпай жейді. Атын да білмеймін дегеніне қарамастан бұл бір текті жерден шыққан бала болар деген оймен би түйесін ауылына айдасып баруға сол баланы ертіп кетеді. 
    Бір күні би байқаса бала қолына бір таяқты көлденең ұстап алып түйеге өлең айтып отыр дейді. «Шөк десем – жатасың. Тұр десем – ересің. Сен де мендейсің. Тағдырға көнесің.»
   Би баланы шақырып алып: 
–    Бұлшық етің жетілді. Өстің. Енді жылқы бақ, – дейді. 
   Бала жылқыны бағып жүреді. Би бір жолы сапардан келе жатқанда  далада ұйықтап жатқан баланы көреді. Баланың жатысына қарап сүйсінеді. Былай шыға қасындағы жолдастарынан сұрайды. Не байқадыңдар десе, олар өзіңіз айтыңыз дейді. Сонда би «мына бала шалқасынан түсіп, екі аяғы алшайып, екі қолын қанат сияқты жайып батырдың ұйқысындай ұйықтап жатыр. Дүниенің төрт бұрышына мен билігімді жүргіземін» деп жатыр дейді. 
    Сосын сынамаққа бір басты пісіріп төрт жігіттен беріп жібереді. Оның не істегенінің бәрін бұлжытпай айтып келіңдер деп бұйырады. 
    Сабалақ атанған бала жігіт басты бергенде жерге шапанын жайып жіберіп:
    – Келіңіздер, ағалар. «Өле жегенше, бөле же» деген халық мақалы бар, – дейді. Бастың екі құлағын түбінен кесіп алып екі жігітке, екі көзін ойып алып келесі екі жігітке береді. Өзі тілін жейді.
    Мұны естіген атасы сол жігітті қасына шақырып алып, өз жанында ұстап, білгенін үйрете бастайды.  
   Жаугершілік заман екен. Жас жігіт жауға аттанған жігітерге еремін дейді. Әлі жассың, тұра тұр дегенге көнбейді. Сонда асырап алған атасы амалсыз қолына қару-жарақ беріп, елін қорғаған жаужүрек ерлерге ілестірген екен дейді. 
   Ол заманда бір бірімен жауласқан екі жақ әуелі жекпе-жекке батырларын сынасып алады екен. Кейде тіпті жекпе-жекте біреуінің батыры артық түссе, қалғандары соғыспай-ақ мәмілеге келеді екен. 
   Сонда ақырып майдан алаңына шыққан алапат күш иесі күжірейген жоңғар батырына ешкім беттей алмапты. Қабағынан қар тоңған, кірпігіне мұз қатқан, арыстандай айбат шақыра күжілдеген жау батырына  жүрегі дауалап ешбірі шыға алмаған екен. Ешкім беттей алмаған соң ханның өзі жекпе-жекке шықпақшы болыпты.  Жаңағы жігіт ханға жетіп келіп:
     – Ата, маған бата беріңіз! Бұл алыппен мен сайысамын! – депті.
    Хан атынан түсіп, өзінің арғымағын жігітке беріпті. Жігіт атойлап шауып барып жауын найзамен түйрепті. Найзалары майыысып қалыпты. Семсермен сайысса,  семсерлері қайысып қалыпты. Сонда біздің батыр ат үстінде қанжарын сайлап үлгеріп, жанаса бере жаудың басына сілтеп, қылша мойнынан талша қиып түсіріпті. Жаудың басын допша домалата салып, сап түзеп екеуінің айқасын тамашалап тұрған самсаған жау әскерін  «Абылайлап»  тықсыра қуа жөнеліпті. 
   Кейін сол жаужүрек жігіт қазақтың үш жүзінің басын қосқан Абылай хан аталған екен дейді. Оны бала кезінде байқап, жаужүрек те ақылды бала етіп тәрбиелеген Төле би бабамыз екен.

Достық жеңеді

    Баяғы өткен заманда бір Еңселі деген хан ұлы Жаһанша он үшке келгенде алыс елге қыз айттыруға барыпты. Сол ханның Аласа деген інісі бар екен. Сол інісі хан ағасына қастық ойлап, бара жатқанда етігінің өкшесіне у тығып алып жүреді. Хан қымыз ішкенде байқатпай жаңағы уды зеренге салып жібереді. Еңселі еліне жетпей өледі. Орнына інісі Аласа хан сайланады. Ел жайлауға көшкенде Еңселінің қатын-баласын бес жылқымен жұртқа тастап кетеді. «Жеңешем маған өкпелеп көшпей қалды» деп өсек таратады. Анасы мен бес бауырын енді үлкен ұл Жаһанша бағуына тура келеді. Былай шыққан соң Аласа «бөрінің бөлтірігі өсіп алса қастық қылар. Аштан өлсін» деп, өзінің бес жандайшабын жіберіп, өтірік көз қылып тастап кеткен бес жылқыны айдап кел деп бұйырады. Олар Жаһаншаның інісін тобығынан ұрып құлатып, алдындағы малын қуып әкетеді. Інісін арқалап үйге апарып тастаған Жиһанша малының артынан қуады. Олар бесеу, бұл жалғыз. Не де болса түнді күтіп, қараңғыда өз жылқыларын әкетпекші болып жарқабақтың астында бұғып отырса қасына бір бала келеді. Екеуі құрдас екен. Ол қақпан құрып, қоян алыпты. Екеуі бір қоянды қақтап жеп, түнді күтеді. Аты Айбарлы екен. Айбарлы айтады: «Сен білдірмей жылқыларыңды айдап кет. Мен сол кезде қиқулап басқа малды әрі қарай қуайын. Олар соны ұстай алмай жүргенде құтылып кетерміз» дейді. 
   Жарық түскен соң Аласаның жандайшаптары қараса, тек кешегі тартып алған жылқылары жоқ!   
     Әлқисса, олар солай жас баладан ақымақ болып бара тұрсын, енді Жаһанша мен Айбарлыға келейік. Екеуі шынашақтарын қанжармен кесіп қан шығарады да, оны сүтке тамызып, хан тамызған сүтті бөліп ішіп алады. Бұл екеуінің мәңгілік дос болдық деп серттескендері еді. Айбарлы Жаһаншаға қоян аулауды, балық ұстауды үйретеді. Сөйтіп Жаһаншаның отбасы онша қатты аштық көрмей, әлдене бастайды. Жаңағы Аласа жұмсаған бес жігіт «Жаһанша бұрынға ханымыз Еңселінің ұлы еді. Отының басын қорғауға жарап қалыпты. Аласа ханнан босқа дүре жей бергенше соның қасында болайық» деп көшіп келеді. Мұны көрген Жаһанша досымен ақылдасады. 
     Айбарлы әкесіне барып айтады: «Әке, мен жігіт болдым. Жау шауып ерлік істейін. Қасыма он батыр қосып бер» дейді. Айбарлының әкесі қуанып, «Міне, осының дұрыс. Аң қуалағанша ертең менің орныма отырғанда еліңді қорғап, билік жүргізетін жолға ертерек түскенің жақсы» деп, баласының сұрағанын беріпті.   Айбарлы оңаша шыққан соң батырларына: «Бұл –жаттығу. Сендерге олжаны өзім беремін. Ешкімді жараламайсыңдар. Өтірік жеңілген боласыңдар» деп тапсырады. 
    Қоянды жонға келіп Жаһаншаның батырларымен сайысады. Сосын он батыры он елге барып: «Япырай, Жаһанша керемет жаужүрек екен. Сайланып барған бізді тауға қуып тықты» деп хабар таратады. Енді өзгелердің тізесі батып, қорлық көріп жүрген елі Жаһаншаға қарай шұбырады. Келіп панасынан орын тебеді. Он үйі жүз қаралы елге айналады.
    Айбарлы тағы әкесіне келеді. Енді бұл жолы жүз жігітпен жорыққа аттанады. Арқарлы төбеде тағы «жеңіліске» ұшырайды. 
    Жаһаншаның қасына бұл кезде ел жүздеп жиналады. 
    Келесі жылы мың әскермен аттанған Айбарлы аюлы сайда тағы «жеңіледі». Жаһаншаның даңқы алысқа кетеді. Айбарлы әкесіне келіп: «мен енді онымен жауласқанды қояйын. Дос болайын» дейді. Солайша, сырт көзге жау, жан жүрегімен досының даңқын асырған Айбарлы деген батыр өткен екен дүниеден. Жер жаһанның падишасы атанатын Жаһаншахтың досы сол батыр екен.