Нұржан Кәпқызы 1964 жылы Монғолияның Баян-Өлгий аймағы, Бай-Нұр ауылында туған. Қазір Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы №17 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. «Қазақстанның Құрметті азаматы» төсбелгісінің иегері. Балаларға арналған «Тапқыр болсаң тауып көр..», «Ата ақылын тыңдап өс...», «Туған жерім - бақ бесігім» кітаптарының авторы.
Айтпаймын өлтірсең де өтірікті,
Аюды тышқан теуіп өлтіріпті.
***
Қайыққа міндім де,
Ғарышқа самғадым.
Айды ұстап алдым да,
Жұлдызды барладым.
***
Гүлдерден торт жасадым,
Тойғанымша асадым.
Айдан қуырдақ қуырып,
Жұлдыздан шай қайнаттым.
***
Күшігім менің ақылды,
Кітапты көп оқиды,
Ән салып, би билеп,
Өнерін көрсетіп,
Күлімдеп отырды.
***
Ай күлімдеп арайлап,
Сүмбіл шашын тарайды.
Жұлдыз ойнап сыбызғы,
Әсем әуен туғызды.
***
Қасқыр тоқып өрмекті,
Салып түсті өрнекті.
Таңғалыпты өрмекші.
Мұндай ғажап көрмепті.
***
Ашуланып тышқаным,
Қарашы аюды қысқанын.
Тышқан қатты қысқаннан,
Қорықты аю тышқаннан.
***
Ақылды өрмекші,
Кітап жазып өрлепті.
***
Қарғаның сүтінен,
Айран ұйтып, құрт жасап,
Сары қымыз сапырдым.
***
Жолбарыс мініп торғайға ,
Жер шарын шарлайды.
Жарысып тышқанмен,
Жарыстан қалмайды.
***
Қоян аулап қасқырды,
Шегірткені ат қылды.
***
Айға ұшып арыстан,
Қалмай жүр жарыстан
***
Піл мен тышқан алысты,
Жүгірісті жарысты.
Жеңілгенге абдырап,
Піл қалыпты қалжырап.
Кетті ұйқыға маужырап.
***
Балыққа мініп ап,
Айға ұшып барамын.
Ауада қалықтап,
Жұлдыздарды санадым.
***
Ақылды мысығым,
Үй жинап жүр пысығым.
Арыстан да аулайды,
Жарыстан да қалмайды.
***
Қоян мен піл алысты,
Жағаласты, жарысты.
Құшақтап пілді,
Қоян талға ілді.
***
Тышқан қуып бөлтірікті,
Мақтанып көпіріпті.
Бақа сүзіп,
Арыстанды өлтіріпті.
***
Ғарышқа ұшып барамын,
Айды барлап,
жұлдызға қонамын.
Айда мен құстарға ,
Сыйлық жасап қойғанмын.
***
Қандай жеңіл балықтар,
Билеп жүр жалықпай.
Шыбынмен жарысып,
Доп ойнап жүр қалыспай.
***
Торғайға міндім де,
Жолбарысты айдадым.
***
Торғай пілді байлады,
Жолбарысты айдады.
Еріккен құмырсқа,
Қасқырды аулады.
***
Тышқан ұстап мысықты,
Тақымына қысыпты.
Әзілдесіп қасқырлар,
Көздерін қысыпты.
***
Тышқан қуып қасқырды,
Байғұсты әбден састырды.
Он екі ай тамақ ішпестен,
Қасқыр байғұс аш жүрді.
***
Тауық суда жүзіпті,
Көріпті судан,
Алтын жүзікті.
Сол жүзікті ала сап,
Судан балық сүзіпті
***
Қағаздан ұшақ жасадым,
Жан-жағын тегістедім,
қашадым.
Ұшағым биік самғады,
Қанаты әсте талмады.
Жер шарын шиырлап,
Ұшты алысқа,құйындап.
Ұшағым кетті алысқа,
Жете ме, айға, марсқа.