Курманаева Алтыншаш Жанарбековна – республикалық басылымдарда Алтыншаш Құрманаева деген атпен белгілі жас фэнтези жазушы, ғалым, журналист. Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында дүниеге келген. Республикалық «Ер Төстік» әдеби байқауының және Облыстық Сәкен Жүнісов атындағы прозашылар байқауының екінші орын жүлдегері.
«Қазақ фэнтезиінің поэтикасы мен кейіпкерлер типологиясы» монографиясының және «Қиял әлеміндегі кездесу. Қазақ фэнтезиінің антологиясы» жинағының авторы. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының 2023 жылғы; Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі, филология бөлімінің 2020 жылғы; Көкшетау қаласы, Балалар көркем сурет мектебінің 2017 жылғы үздік түлегі. Шығармалары «Шыны бала һәм оның басынан кешкендері» деген атпен республикалық «Ұлан» газетінде; «Дарын және Тұран баһадүрлері мектебі» республикалық «Ақжелкен» журналында; «Таңғажайып автобус» республикалық «Жалын» журналында һәм «Дракуланың махаббаты» атты шығармасы республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында жарияланған. Бұдан бөлек автордың «Қазақ фэнтезиі. Дөңгелек үстел» («Үш қоңыр» газеті), «Балалар шығармасын тап басқан жазушы. Зәуре Төреханмен сұхбат» («Мөлдір бұлақ» журналы), «Өміріміз жазуға емес, жазуымыз өмірге айналсын. Нұрбек Нұржанұлымен сұхбат» («Мөлдір бұлақ») сынды танымдық сұхбаттары республикалық басылымдарда жарық көрген. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында тұрады.
Алдарыңызға жас автордың «Наушаһар шежіре. Жарқыраған күн» атты фэнтези-повесінен үзінді ұсынамыз.
Кіріспе
Естеріңде болсын, балалар, біз қоршаған ортамыздың қандай болғанына қарамастан, жақсы болып қала аламыз. Егер осыны шынайы, бар жүрегімізбен қаласақ...
Атымтай ЖОМАРТ
Ботаның Наушаһар елінен хабар алмағанынына тура екі жыл болыпты. Ғажайып қалашыққа аттанғанда ол небәрі он екі жастағы бала еді. Бүгінде он төртті еңсерген сегізінші сынып оқушысы. Сабағын баяғыдай үздік оқиды. Ата-анасына көмектесіп тұрады. Қыздың ата-анасы Наушаһар оқиғасынан хабардар. Бірақ Ботаның қайта сол жаққа аттануына түбігейлі қарсы...Бәлкім, қыздары үшін қатты алаңдайтын шығар...
Түнгі сағат он екі. Үй іші құлыптаулы. Ботаның ата-анасы сыртқа тығыз шаруаларымен шығып кеткен. Өздерінің кілттері бар. Сондықтан Ботаға алаңсыз ұйықтай беруге болады. Үй құлыпталып тұрғанда кім кірер дейсің...Әрине, қабырғадан оңай өтіп кететін қандай да бір елес болмаса...
– Қадір түні адамдардың ізгі тілегі қабыл болады дейді. О жаратқам ием! Мен Наушаһарға тағы бір рет барып қайтайыншы! Наушаһар елін қатты сағындым! – деп Бота ұйқыға жатар алдында Алла Тағалаға сыйынды.
Бұл кезде Ботаның ата-анасы Райса ханым мен Сайлау мырза қыздарын Наушаһар еліне жібермеудің қатал жоспарын құрастырып жатқан еді. Қыздары үшін от пен суға түсуге даяр ата-ана подъезд алдында темір бөшкеге от жағып, оған ғажайып әлемнен келген хаттарды бір-бірлеп тастап жатты. Мыңдаған хатты бір мезгілде жағу қаншалықты қиын жұмыс еді?! Жұмыс емес, бір азап дерсің, бәлкім.
– Қашанға шейін қызымыздан бәрін жасырмақсыз? Күндердің күнінде ол шыңдықтың бәрін біледі, – деді әкесі лапылдап жанып жатқан отқа кезекті хатты лақтырып жатып.
– Қанша керек болса сонша! Маған қызымның тағдырынан артық маңызды дүние жоқ! – деді Райса ханым бір дорба толы хатты бөшкедегі отқа аударып төгіп.
– Қымбаттым, мен де қызымыздың тағдыры үшін қатты алаңдаймын. Алайда, бұлар қызымызды жайына қалдырмайды. Ертең өздері-ақ қызымызды іздеп келеді. Сонда не істемекпіз? – деді Сайлау мырза әйеліне.
– Білмеймін, Сайлау! Білмеймін! Қорқамын! Сайлау, қызымыз үшін қатты қорқамын! – деді Райса ханым өкіріп жылап.
Ай аспанда күмістей жарқырап тұрды. Подьезд айналасында шұбала өскен ағаштардың басы жыбырлап, кенет қалың бұтаның арасынан бірнәрсенің қыбыры білінді. Райса ханымның жаны түршіге бастады. Түршігуге себеп бар болатын. Қалың қуыс арасы жыбырлап қоймайды...
– Бұнда кім бар? – деді Райса ханым алыстан. Ешкім тіл қатпады.
– Қымбаттым, үйге оралғанымыз жөн... Жай елестеген болар... Қызымыз қорқып қалмасын, – деді Сайлау мырза.
– Дұрыс айтасың! Үйге қайтайық! – деді Райса ханым бұтаға тағы бір көз тастап.
Олар үйге өз кілттерімен кірді де, есікті іштен мықтап бекітіп алды. Райса ханым күйеуі екеуіне төсек салып, ұйқыға жатып қалды. Бірақ есікті қанша бекіткендерімен, Наушаһар елінен келген беймәлім қонақ қабырға арқылы оңай өтіп кетті.
– Ханым, айтқаныңыздай, Баян Сұлу мен Қозы Көрпештің жар дегендегі жалғыз қызы Бота Көрпешті таптық. Міне, тәтті ұйықтап жатыр, – деді әлгі бейтаныс телефон арқылы біреуге хабар таратып.
– Тиме! Ұйықтай берсін! Мына суық қапастан менің балам Қодар босап шыққан сәтте тыныш ұйықтауға еш мүмкіндігі болмайды! – деді телефон ішіндегі ащы дауыс.
– Жақсы, әміріңізге құлдық! – деді бұйрық орындаушы.
Бұл – бұйрық беруші Барсакелмес еліндегі Сорқұдық түрмесінде жазасын тартып отырған Қодар сұмның анасы һәм атақты шаман Балтыр ханым болатын. Ол ұлының жан досы, қарақшы Жаппарды әдейі осы елге жіберген. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың жалғыз қызын тауып, ұлы үшін кек қайтармақ.
Аспанын түнек басқан қамалдың ішінде Қодардың анасы Балтыр бүткіл қамалды жаңғыртып:
– Барсакелмес сияқты қапырық, су тапшы жерде ұлым Қодар күндіз-түні жазасын өтеп отырғанда, атақты қос ғашықтың қызы тайраңдап жерде жүр! Көрсетейін бұларға! Қодар ұлымды ана жарық ұшқыны жетпейтін абақтыдан босатып шығарып аламын! Немерем Хан, Қодар мен оның анасы, Қодардың аяулы жары Балқаш әлі-ақ бақытты ғұмыр кешетін болады! – деді.
– Әже, әже! – деді немересі Хан бөлме есігін қағып.
– Қайдағы әже? Әже емес, мені мыстан де!- деп қанша рет мен саған айтамын! – деді әжесі күміс айнаның бетін шүберекпен асығыс жауып.
– Анам кешкі асқа шақырып жатыр, – деді әжесінің қытымыр мінезіне әбден еті үйреніп қалған Хан.
– Қазір барады де, – деді Балтыр әже кенет өңі жылып, айнаны көрсетпеу үшін барынша матамен қымтап жауып.
– Жақсы, – деді Хан есікті өзінен кейін ақырын жауып.
– Жаймен емес, тарсылдап, есікті қатты жап! – деді де: – Осыдан зұлым шықпайды! – деді Балтыр шаман.
Немересі кетісімен, Балтыр ұлының суретін алып ұзақ тамашалаумен болды. Қатал әже суретті сипалап отырып, өткенді есіне еміс-еміс түсірді. Сол бақытты сәттер қандай еді? Ұлы Қодар Қозы Көрпештен жеңілгеннен кейін үйіне еңсесі түсіп қайтты. Балтыр әже ұлына «махаббат» тұнбасын жасап беріп, Баян Сұлуға ішкізуін өтінді. Қырсық шалып, бұл тұнба Баян Сұлуға ешқалай әсер етпеді. Баян Сұлудың Қозы Көрпешке деген махаббаты тұнба күшінен мың есе мықты болып шықты.
Бірақ мыстан Балтыр еш жеңілмеді. Жалғыз ұлы Қодарға су перісі Балқаш сұлуды алып бермек болды. Балқашты Қодар бірден ұнатты. Өйткені, Балқаш ертегі ханшайымдары іспетті сұлу да мейірімді, ақылды еді. Анасы жасап берген «махаббат» тұнбасын Қодар Балқашқа ішкіздірді. Ақыры, Балқаш тұнбаның әсерінен Қодарға ғашық болып, екеуі отбасы құрды. Үлкен той болып, дүниеге немересі Хан келді. Балтыр сол кезде барлық зұлым туыстарын һәм жолдастарын шақырып, немересі үшін қара бата сұраған еді...
– Қодар сияқты атақты зұлым болсын! – деді мыстан.
– Жеті қарақшыдай айлакер болсын! – деді қарақшылар.
– Кеще хандай тәкаппар болсын! – деді жауыздар қара бесікте жатқан сүйкімді бүлдіршінге жымия қарап.
Шілдеханасына атақты зұлымдар, шамандар, мыстандар, дәулер мен диюлар асыға келіп, сәби Ханға өз қара баталарын берген еді. Дәу өзінің қара күшін, мыстан айлакерлігін, нағашы әжесі су перісі секілді арбап алатын әнге қабілеттілігін, шаман көріпкелдігін, дию жануарлармен тілдесе білуді сыйлаған болатын... Бәрі де Хан ес білген шаққа дейін өте жақсы-тұғын. Ес білген шақта зұлымдар білмеуге тиіс, сұмдық уақиға болды! Тыныш, бұны ешкімге тіс жарып, айтпаңыздар!
– Мынау саған әже! – деді кішкентай Хан даладағы гүлді жұлып әкеліп, шаман әжесіне бар мейіріммен берді.
– Масқара! Жұпар гүл берме маған! Бұл – зұлым істейтін іс емес! – деді шаман әже немересі берген гүлді жұлып алып, терезеге лақтырды.
– Жақсы, – деп кішкентай Хан далаға кетті де қураған гүлді жұлып әкеліп әжесіне сыйлады.
– Қураған гүлді де берме маған! – деді Балтыр әже одан сайын ашуланып, табанымен гүлді таптай.
Үш жастан асқан Ханның анасы сияқты шексіз мейірімді, ақылды, кеңпейіл, жомарт әрі қамқор екені біліне бастады. Бұл – ертегі елінің атақты зұлымы Қодар мен оның анасы Балтырға мүлдем ұнамады. Олар Ханнан үлкен зұлым істерді күткен-тұғын. Бүткіл Наушаһар елін аяғынан тік тұрғызатын, зұлым болады деп ойлаған... Ал, Хан болса, нағыз ертегі зұлымы емес, нағыз ертегі ханзадасы болып өсті...
– Әже, әже! – деді үш жасар Хан Балтыр шаманға.
– Әже емес! Мыстан де мені! – деді Балтыр шаман үсті-басын барынша киімдермен қымтап алып. Оның киімінен тек екі көзі ғана көрінеді...
Осы сәтте бөлмеге Балтырдың анасы Балқаш кіріп келді.
– Мыстан апа, неге үсті-басыңызды мумияға ұқсап жауып алғансыз? – деді Балқаш бөлмедегі гүлдерге су құйып жүріп.
– Немеремнің «мейірімділік» атты вирусы маған жұғып кетпесін деп! – деді Балтыр шаман қолына антисептикті бір сеуіп алып.
– Ондай да вирус болады ма? – деді Балқаш сылқ-сылқ күліп.
Бұдан әрі бұлай жалғаса беруге болмайтынын іші сезген соң Балтыр шаман өзінен асқан мықты балгерге немересін ертіп барды. Немересін балгерге қаратты.
– Жағдай өте қиын...Немереңіз Наушаһар елінің ханзадасы атанады, – деді Балгер әйел кішкентай Ханның алақанына қарап.
– Сұмдық! – деді Балтыр шаман орнынан атып тұрып.
«Туф, әттеген-ай! Одан да мыстанның, шаманның, яки, бақсының қызын Қодарға айттырмадым ба?! Сонда дүниеге атақты зұлым келер ме еді?!» деді Балтыр шаман балгер бөлмесін шыр айналып жүріп. Не болса да, немересі Ханды Балтыр жақсы көреді...
– Соқпа! Менің немерем ұлы жауыз болады! Наушаһар еліндегі атақты зұлым! – деді Балтыр есікке жақындап.
– Мен тек құмалақтарым айтқан дүниені айтамын, – деді Балгер ақталған болып.
– Онда сол құмалақтарыңның есі дұрыс емес! – деді Балтыр есікті өзінен кейін тарс жауып.
– Әрине, олардың есі жоқ қой! Ес түгілі, милары жоқ! – деді Балгер.
Сол сәтте құмалақтар Балгерге ашулана қарады. Балгер жымия құмалақтарының басынан сипап, кешірім сұрады...
– Есесіне мисыз бастары бар, – деді Балгер.
«Осы немересі түптің бір түбінде зұлым болып қалар» деп үміттенеді Балтыр әже... Баласының отбасымен түскен суретін біразға шейін сипалап тұрды да, Балтыр әже оны қайта орнына әдемілеп орнатып қойды...
– Хаттар! Дәп солай. Бұл хаттарды орындарымен алмастырып қойсам... – деді Балтыр әже найзағай ойнап жатқан көк шарына қарап.
– Келесі күні моншаға барасың, – деді қарға қарқ етіп.
– Ақымақ! Қайдағы монша?! Наушаһардың күлін көкке ұшырамын! – деді Балтыр әже қарғасына ұрсып.
Балтыр әженің көксегені – Сорқұдықта жатқан жалғыз ұлын, Қодарды шығарып алу. Сосын Наушаһарды бір өзі басқарып, зұлымдарды Наушаһарға көшіріп әкелу. Алайда бұл зұлым ниеті іске аса қояр ма екен? Оны уақыт көрсете жатар...
Дастархан басы. Барлығы үнсіз тамақ ішіп отыр. Балтыр шаманның қабағы қатулы. Немересі Хан он төрт жасқа келді. Әлі бір зұлым іске үйренбеді. Тым құрығанда, әдепсіз зұлымдар сияқты бір жақсылап бар дауысын шығара кекіре де алмайды-ау!
– Ас болсын! – деді Хан орнынан тұрып, бөлмесіне кетуге ыңғайлана.
– Қанша рет айтуға болады?! Біз, зұлымдар, ешқашан «Ас болсын!» деп бір-бірімізге айтпаймыз! – деді Балтыр шаман.
– Бірақ... – деп Хан айтып үлгірмегені сол еді Балтыр әже іліп әкетті.
– Сосын сен тамақтан кейін кекіруді қашан үйренесің, а? «Мұрагер» мектебіндегі дәу сенің кекіре алмайтынынды білсе, қандай сұмдық болатынын білесің бе?! Сен түгілі, менің сорлы қарғам да кекіре алады! – деді Балтыр шаман жанында тамақ ішіп отырған қарғасына қарап.
Осы сәтте барлығы қара қарғаға жалт қарады. Қарға бұны күтпесе керек. Екі көзі кішірейіп, аузындағы асы жерге түсіп кетті.
– Енді мақтап қоймасаңдар, кекіріп көрейін, – деді қарға кекіруге ыңғайланып.
– Кекір! – деді Балтыр дүрсе қоя.
– Қазір, – деді қарға тамағын қырнап.
Ол керемет болмаса да кішкене даусын шығара кекірді. Ханның анасы ғана қарға үшін ду қол шапалақ соқты. Балтыр шаман «бұл жарамайды» дегендей басын шайқады. Жалпы, қарғалардың кекіргенін көрдіңіздер ме? Бұл – бір қызық оқиға болды...
✯¸.•´*¨`*•✿ 1 ✿•*`¨*`•.¸✯
ҚАРА ХАТ
Осынша жыл бойы ғажайып қалашықтан бір де бір хат келмеуі мүмкін емес қой? Бәлкім, біреу оны Наушаһарға қайта жібергісі келмейтін шығар. Алайда кім? Бота ғажайып әлемге бара алмайтындай не жазды? Ешкімді ренжітпеген сияқты...
– Беу-беу гауһар тас,
Құсни құрдас!
Раушан жүзіңді көргенде,
Сәулем-ау, мейірім қанбас...
Қалың ойға шомылып кеткен Бота сүйікті кітабы Дулат Исабековтың «Гауһартасын» оқып отырған сәтте терезесіне қонған қара көгершінді байқап қалды. Ол жай ғана қара көгершін емес, аяғына қызыл белбеу таққан хат тасығыш құс екен. Әрине, әлемдегі барлық балалар іспетті Ботаның хаттың ішінде не жазылғанын білгісі келді. Сондықтан Бота құстың аяғындағы қызыл белбеуді абайлап алысымен, хатты жылдам оқуға кірісті. Хат ішіне шақырту жазылыпты. Жұмбақ хатта былай делінген:
"Сәлеметсіз бе! Құрметті Бота Көрпеш, он үш жасқа толғаныңызбен шын жүректен құттықтай отырып, «Мұрагер ертегі қаһармандары мен зұлымдары мектебіне» қабылданғаныңызды қуана хабарлаймыз! Он үш жасқа толған әрбір бала біздің мектептің оқушысы атана алады!
Құрметпен,
мектеп директоры Атымтай Жомарт".
Мәссаған! Мектеп деп осыны айт! Атақты ертегі кейіпкері Атымтай Жомарт ағаның өзі оны «Мұрагер ертегі қаһармандары мен зұлымдары» мектебіне оқуға шақырып жатыр! Бұл бақыттан қалай бас тартады?! Бас тартқан дұрыс па?! Әрине, жоқ! Қияли қыз ата-анасына қуанышын тезірек жеткізуге асықты! Оқулық-дәптерлерін сөмкесіне жылдам саласымен, астынғы қабатқа жүгіре жөнелді. Дереу ата-анасына маңызды ақпарды хабарлады. Ағаш баспалдақпен жылдам түсісімен бірден ата-анасына:
– Анашым-әкешім, мен «Мұрагер қаһармандар мен зұлымдары мектебіне» қабылдандым! – деді Бота қуанышын ішіне сыйдыра алмай.
Меңіреу тыныштық. Ызыңдаған масаның да үні естілмейді. Үйдің іші тып-типыл болғаны үрей шақырады. Ата-анасы қызынан бұндай хабарды еш күтпесе керек. Олар бір-біріне жалт қарасты. Қыздары тыныштықтың мәнісін ұғына алмай, әке-шешесінінің қасына жетіп келді. Үстелге қап-қара хатты ептеп қойып, анасына жақындады.
– Сіздерге не болды? Неге бозарып кеттіңіздер? – деді Бота ата-анасынан күдіктене.
– А-а-а...Иә... Иә, өте қуаныштымыз, – деді Райса ханым күйеуіне дайындаған ыстық кофесін байқаусызда жерге төгіп алып.
Ыстық кофе жерге төгілді. Топан судай бүткіл еденді алып, жалмамаған жері қалмады. Абырой болғандай, суыған жері ғана табан астына тиді. Жүрегі аузына тығылып, анасы еденді сүртетін құрғақ шүберек іздеді.
– Бәрі жақсы ма? – деді Бота жерге төгілген кофені сүртуге көмектесіп.
– Қызым-ау, деміңді бас. Таң жаңа атты ғой. Келе сала дүрсе қоя бергенің жарамас, – деді газетті теріс оқып отырған әкесі Сайлау салмақты үнмен.
– Әке, бірақ сіз газетті теріс ұстап алыпсыз? Сіздерде барлығы шынымен де жақсы ма? – деді Бота ата-анасына кезекпен қарап.
– А..Рахмет, иә, – деді әкесі газетті дұрыс қалыпқа келтіре.
– Әкең дұрыс айтады. Бұл хабар төбемізден жай түсіргендей болды. Қызым, мектепке қабылданғанына қуаныштымыз. Бірақ баруыңа түбегейлі қарсымыз, – деді Райса ханым көзіндегі мөлдір жасты ысырып.
– Неге? – деді Бота анасының сөзіне қатты таңғала.
Анасы дастарханға қуырылған жұмыртқаны қойды да ағаш орындыққа аса салмақпен отырды. Терезеге бір қарап, сөзін байыппен бастады. Қызы әлденеден күдіктенгендей, анасына мұқият қарады. Әкесі сыр білдіртпеді. Райса ханым ішін тартып, қызының қолынан жаймен сипалап ұстады.
– Қызым, сенің Наушаһарда болғаныңды қаламаймын. Наушаһар елі – ертегілер жері. Кезінде Наушаһар мен Барсакелмес елінің арасында үлкен қанды қасап соғыс болды. Соғыс қарсаңында сенің туған әке-шешең Баян Сұлу мен Қозы Көрпеш және нағашы тәтең мен ағаң Таңсық пен Көктемсері Наушаһардан із-түзсіз жоғалып кетті. Сосын ата-әжең Қарагөз бен Қарабай сені де жоғалтып алудан қорқып, сәби өзіңді табыстай салысымен, мені басқа әлемге аттандырып жіберді, – деді Райса ханым.
Бұл хабар Ботаны есеңгіретіп тастады. Ол ата-анасынан дәл осындай жаңалықты еш күтпеген еді. Сәлден соң Бота: «Тоқтаңыз! Егер, сіздер менің туған ата-анам болмасаңыздар, онда кімсіздер?» – деді орнынан ұшып түрегеліп.
– Қызым, Бота, өтінемін, анаңның сөзін соңына дейін тыңда, – деді қатал үнмен әкесі.
– Жақсы, – деді Бота орындыққа қайта отырып.
– Ай мен Айбас, – деді анасы күрсініп.
Ай мен Айбас?! Бұл – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу жырының қосымша кейіпкерлері ғой. Дәлірек айтқанда, Ай – Баян Сұлудың өгей әпкесі. Ал, Айбасқа келер болсақ, ол – Айдың күйеуі әрі Қозы Көрпештің туысқан ағасы. Неткен сәйкестік десеңші! Мүмкін емес...Осыны ойлап, Бота орнынан қайта оқша атып түрегелді де ата-анасына таңырқай қарады.
– Ай мен Айбас?! Сонда сіз - Баян Сұлудың өгей әпкесі Айдың өзісіз бе? Ал, сіз - оның күйеуі Айбассыз ба? Бұл қалайша?! Мүмкін емес қой?! – деді Бота хан жарлығын оқығандай болып.
– Анаң жай ғана өгей әпкесі емес! Сенің кіндік шешең! Баян Сұлу сені дүниеге әкелгенде, қазіргі анаң кіндігіңді өзі кескен! Сөйтіп, кіндік шешең атанған! Ал, мен сенің әкеңнің туысқан ағасы Айбас боламын. Осы әлемге сіңісіп кету үшін есімімізді әдейі бүркеншік атпен бердік, – деді әкесі.
– Бірақ қалай басқа әлемде жүрсіздер? – деді Бота әке-шешесінің сөзіне әлі де сенбей.
– Алдымен деміңді бас. Одан соң анаңның сөзін бөлмей, аяғына дейін мұқият тыңда, – деді әкесі.
– Жарайды, – деді Бота орындыққа қайта отырып.
Шындық - әрқашан да ащы. Не де болса, ата-анасын соңына дейін тыңдау керек. Келіспейтін жері болса, үндемей қабылдағаны жөн. Бота қалың ойға шомды да, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу жырын еске түсірген болды.
– Айтқандай, ата-әжең сені жоғалтып алудан қатты қорықты. Сондықтан сәби шағыңда маған сеніп тапсырып, осы әлемге күйеуім Айбаспен бірге аттандырып жіберді. Қазіргі әлемге түсуімізге елдегі бақсылар көмектесті. Мен ол кезде қайтіп күн көрерімізді білмедім. Бірақ бойымдағы өнердің арқасында өз күнімді көріп кеттім. Оның үстіне қазіргі әкең барынша қолдау танытты. Әкең маған сенген жалғыз адам болды, – деді анасы көзіндегі жасты білегімен сүртіп.
– Анашым, – деді Бота өгей анасының арқасынан қапсыра құшақтап.
Осы сәтте Райса ханым өзін ұстай алмай, еңіреп жылап жіберді. Көзінен ыстық жас парлай ағып, солқылдап жылады. Қызы анасының арқасынан мейіріммен сипалап, тыныштандыруға барынша тырысты.
– Қалай дегенде де, сен біздің қызымыз болып қаласың. Сен - бізге Жаратқан Иемізден берілген бақсың. Анаң денсаулығына байланысты бауырларыңды дүниеге әкеле алмады. Бірақ, сенің барыңа біз өте қуаныштымыз, – деді өгей әкесі Сайлау салмақты үнмен.
– Дұрыс айтасыздар. Сіздер менің мәңгілік ата-анам болып қаласыздар, – деді Бота көзіне үйірілген жасты білдіртпеуге тырысып.
– Бота, біз шаман айтқан жорамалдан қатты қорықтық. Алайда, жорамал өзінің дегенін істеді. Ақыры, мектепке шақырту алыпсың, сені жіберуден басқа амалымыз жоқ, – деді Райса ханым өз-өзіне келісімен, қызыл белбеумен оранған қара хатты қолына алып.
– Қандай жорамал, ана? – деді Бота анасы ұстаған хатқа бір қарап.
«Кілең жауыздардың балалары білім алатын «Зұлматтар» факультетіне қабылдануыңды айтамыз. Байырғы жорамал бойынша, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың жалғыз қызы Бота Көрпеш «Мұрагерлер ертегі қаһармандары мен зұлымдары» мектебінің «зұлмат» факультетіне түседі және тарихты жаңа бағытқа өзгертеді, – деді әкесі Сайлау аңыздан сыр шертіп.
– Кешіріңіздер, бірақ менің жасым қазір он төртте ғой? Мен неге хатты кеш алып тұрмын? – деді Бота жасы он үштен асып кеткенін есіне кенет түсіріп.
- Бағана айтқанымыздай, біз жорамалдан қатты қорықтық. Сондықтан да сенің мекен-жайына келген барлық хаттарды сандыққа тығып тастадық. Артығымен келгендерді өртеп те жібердік. Бірақ қырсық шалып, сен тағы бір шақырту алдың, – деді әкесі Сайлау.
Бота керек-жарақтарын жинап, жолға сақадай сай тұрды. Бұл шынымен де түс емес пе? Расымен де Бота ертегі қаһармандары мен зұлымдарына арналған «Мұрагер» мектебінде енді оқиды ма?
– Анаң осы мектептің түлегі болған, – деді кіндік шешесі Ботаға шын анасы Баян Сұлудың жастық шағы бейнеленген фотоны көрсетіп.
– Ол қай факультетте оқыған? – деді Бота фотоға мұқият қарап.
– Ол кезде қазіргідей факультетке бөліну жоқ еді. Барлық қаһармандар мен зұлымдар бір факультетте оқыған. Кейін Наушаһар еліндегі зұлымдардың көбеюіне байланысты, қаһармандар мен зұлымдар бөлек оқитын болды, – деді кіндік анасы Райса ханым.
– Ал, әкем ше? – деді Бота.
– Бұрын «Мұрагер» мектебі ертегі кейіпкерлерін «бай» және «кедей» ертегі кейіпкерлері қылып оқытқан. Ертегі байлары мен кедейлерін дайындаған. Туған әкең Қозы Көрпеш пен анаң Баян Сұлу бірге «бай» факультетінде оқыды. Қозы Көрпеш әкесін жоғалтқанда, «кедей» факуьтетіне ауысты. Сол сәтте Баян Сұлудың әкесі Қозыны қызының қасына мүлдем жолатпай қойған кездері болды, – деді Райса ханым.
– Бірақ махаббат бәрін жеңді, – деді Бота туған әке-шешесінің бірге түскен жастық шағындағы фотоларын қарап.
– Араларына Қодар зұлым араласпағанға дейін, – деді Райса ханым.
Мектепке шақырту алған жалғыз Бота емес. Сондықтан, Бота Көрпешқызы өзі сияқты «Мұрагер» ертегі қаһармандары мен зұлымдары мектебіне қабылданған Бекежанның қызы Сара Айбек, Керқұла атты Кендебайдың ұлы Арлан Қазанғап һәм Айша Бибі мен Қараханның қызы Назым Бибі сынды адал достарымен Наушаһар еліне қайта аттанатын болды.
ЖАЛҒАСЫ БАР...