Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

АМАНҚОС ЕРШУОВ : «ҚАСИЕТТІ ҚАЗЫНА»

АМАНҚОС  НАЗАРҰЛЫ  ЕРШУОВ (1943-2019) 1943 жылы 18 тамызда Атырау облысы, Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Гурьев педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби қызметкер, Амангелді орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, мектеп- интернатының директоры болып қызмет етті. Баспадан әр жылдары мынандай кітаптары жарық көрді. «Көкжиегім – келешегім», «Шопан баласы»,  «Жылқышының ұлы», «Шұғылалы шақтар», «Шырқау», «Алтын босаға», «Ойсылқара», «Пір Бекет пен Жыр Зекет. «Оғыланды», «Бабам мен атамның жолы бақытқа бастаған жол», «Аманқос», «Дүлдүл» , «Таулар аласармайды», «Бейбарыс»,«Кие», «Ақмешіт», «Қасиетті қазына», «Бармақбайдың басынан кешкендері». Өлеңдері «Жас керуен», «Алтын тау», «Көңілді тоқсан», «Жолдас комсомол»,   «Өмір өрнегі», «Бір нәзік сәуле», «Сенің өмірің – сиқырлы әлем» жинақтарына енген. Жылыой ауданының Құрметті азаматы.  ҚР «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» белгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын алған. Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті жабық конкурсының 2 мәрте лауреаты болған. 

Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың жақында жарық көрген «Қасиетті қазына» (балаларға арналған ұлттық таным-түсінік әліппесі) кітабынан үзінді жариялап отырмыз.

 

ТАҢДАЙЫҢДЫ ТАҚЫЛДАТПА
Тасқа соғып маңдайды, 
Тақылдатпа таңдайды. 
Өксік ата бергеннен, 
Тіпті бағың жанбайды.
Шөп өспейді – тақырға, 
Тілсіз адам – пақыр да. 
Тақылдатып таңдайды 
Сақаулықты шақырма.

БҮЙІРІҢДІ ТАЯНБА
Шаршадың ба, аялда, 
Көргеніңді баянда.
Бүйі шағып алғандай 
Бүйіріңді таянба.
Бар тиесі – бұйырым, 
Тастама нан түйірін: 
Бүйіріңді таянсаң 
Шықпай қалар бүйірің.
 

КЕРЕГЕГЕ КЕРІЛМЕ
Етікті шеш, ерінбе,
Ел береді төрін де!
Босағаны құшақтап
Керегеге керілме!
Елемесең, ей, жігіт, 
Құлағыңды жейді құрт.
«Керегеге керілу —
Кесір қылық», — дейді жұрт.

 
АШЫҚ АЯҚТАН АС АЛМА
Сүт пісіріп, ет асып,
Кейде асығыс шатасып.
Іше көрме тамақты 
Түннен қалған беті ашық.
Ауыртады ол шекені,
Ішің қызып, өтеді.
Өйткені ашық аяқты 
Шайтан жалап кетеді.

ЖҰЛДЫЗ САНАМА
Жай түскен жас талға, 
Қарайды адам сасқанда.
Бір қыршын жерден қиылар
Бір жұлдыз ақса аспанда.
Саусақпен жұлдыз санама, 
Сабырмен түсіп сабаңа.
Жұлдызым тұр де жоғары 
Уайым алмай санаңа.

ОБАЛ – САУАП
Ауру, арық нашарға,
Адам аузын ашар ма? 
Балыққа да тимеген 
Уылдырық шашарда.
Салма басты саудаға,
Сауап жаса «жауға» да. 
Жұмыртқалар шағында 
Құстарды да аулама.

БЕЙІТТІ ЖАҢАРТПА
Өлгенге айтпа балағат,
Тіріге керек қанағат.
Есі бар адам тұрғызбас
Ескі бейітті жаңалап.
Мәңгілік болсын мекені, 
Жолаушы оқып өтеді. 
Қайтадан кұнттап, жаздырып 
Құлпытас қойсаң жетеді.

ЖУҒАН ҚОЛЫҢДЫ СІЛКІМЕ
Бірің сыйла біріңді, 
Болар асың сіңімді. 
Жуған қолды сілкілеп 
Жұртқа шашпа кіріңді.
Босқа безеп тіліңді,
Бола алмайсың білімді. 
Көпке шашпа топырақ 
Көп түзейді мініңді. 

БАС-АЯҒЫҢДЫ КҮТ
Басыңа шұлғау орама,
Асыңды ішпе қорада. 
Сыпайы жүрсең қашанда 
Сыйлысың жолдас-жораңа.
Қосылма кезбе, саяққа, 
Қолдайды «хадис», «аятта». 
Маңдайдың бағы таймасын,
Бөрікті баспа аяққа.

КҮЛ ШАШПА
Үйрет үлгі жасқа,
Таң атпай түндік ашпа. 
Түнеріп түн ішінде 
Түңіліп күлді шашпа.
Көкорай көше жақтан,
От тастап, кесек атпа.
Кезінде ескермесек,
Кез өтер кесапатқа 
         
КҮНМЕН ТАЛАС ҰЙЫҚТАМА
Шаршасаң, шалық басқан, 
Ұйқыңды алып қашқан.
Қашанғы қағида бұл,
Халықта қалыптасқан.
Қарағым, қапы қалма,
Алыс жоқ, аты барға.
Таласып күнмен бірге
Бүркеніп жатып алма.

КІСІ АҚЫСЫН ЖЕМЕ
Кісі күні — кісімен, 
Көрінеді ісімен.
Кісі ақысын жегенді, 
Кіріптар деп түсінем.
Әділ болсын әр ізің, 
Қайтарып бер қарызын. 
Сұратпай-ақ сыйласу –
Мұсылмандық парызың. 

ҰРЫ БОЛҒАНША, ҚҰРЫ
Баукеспелік — мұра ма?
Ұрлықпен түспе ұраға. 
Қорлықпен тапқан қазынаң
Қалпын сақтап тұра ма?
Мезі ғып көрші-жұртыңды, 
Тыймасаң кұлқын-құртыңды. 
Аяғың келіп аспаннан
Өз балтаң кесер мұртыңды.

ТҮСІҢДІ ЖАҚСЫҒА ЖОРЫ
Кей түні таң боп атасың, 
Кей түні суға батасың. 
Көзіңді ашсаң бірі жоқ 
Ұйқылы-ояу жатасың.
Түс деген сағым — үйінді,
Ұстатпас қолға түйінді.
Жаманды жоры жақсыға 
Түсірме көңіл күйіңді.

ТҰЗДЫ ОТҚА ТАСТАМА
Тұзды отқа тастама,
Оның орны – асхана.
Түсіп кетсе ошаққа
Атылады, масқара!
Шатыр-шұтыр етеді,
Зәре құтың кетеді.
Оттағы тұз дауысы
Сүйегіңнен өтеді. 

ИНЕ-ПЫШАҚ АЛМА
Тағылымның талайын,
Талдап, айтып бағайын. 
Ине-пышақ алмаған 
Ағайыннан ағайын.
Жазылып жан жарасы, 
Кеміп көңіл қарасы. 
Ашылмауын ойлаған
Ағайынның арасы.

«ЖОҚ» ДЕП АЙТПА
Жарық ғұмыр — жарнама, 
Не көрмеген cap дала. 
Кедей жаяу жүргенде
Байлар мінер арбаға.
Тасымасаң арнада, 
Шүкірлік еткін барға да. 
Жоқтың түбі – жоғалу 
Сарқылдым деп сарнама.

ДАСТАРҚАННАН АТТАМА
Тым асығыс шақта да, 
Дастарқаннан аттама .
Ac қайтарып, жиналмай
Аттағанды мақтама.
Айтты деме несіне,
Сақта мұны есіңе. 
Дастарқаннан аттасаң —
Орта түсер несібе.

 ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ ЖҰҚТЫРМА
Кеміп күнде қуатың, 
Әрең жатып тұратын. 
Ауру болсаң — қайтесің 
Адамзатқа жұғатын.
Онда мезгіл асырма,
Шауып кетер насырға. 
Басқалар да сақтансын
Сырқатыңды жасырма.

ҚҰМЫРСҚАНЫҢ ИЛЕУІН БҰЗБА
Құжынаған құмырсқа, 
Құмар бәрі жұмысқа. 
Тарыдай боп тауменен
Тайталасар ұрыста.
Жұмыс десе билеуін, 
Көрдің бе бас имеуін.
Ел еңбегін бағалап
«Бұзба деген илеуін».

ҚҰТЫРҒАН МАЛДАН ҚҰТЫЛ
Ұстап-бағып тұтынған, 
Ауру малды құтырған. 
Аяғанмен бола ма
Құдай жолы құтылған.
Бүлдіріп ол ауаны, 
Адамға да ауады.
Өрте, итке жегізбе
Сонда тиер сауабы.

 КӨКТІ ЖҰЛМА
Көкті жұлып тастама, 
Көк шығады тасқа да.
Жеткізе біл осыны
Өзің түгіл басқаға.
Қалмасын деп көк өліп, 
Халық айтқан төрелік. 
Балаусаны баптасаң 
Сен де өсесің көгеріп.

БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ
Бітелмесін тас төзім,
Бұлақ көрсең аш көзін. 
Бұрқырасын сенің де
Бұлақ болып жас кезің.
Бұлақ – судың қоймасы,
Ай мен күннің айнасы.
Сәуле түссін жүзіңе,
Сәулесімен ойнашы!

БҮЛІНГЕННЕН БҮЛДІРГІ АЛМА

Олжа екен деп жүгірме, 
Ойран жатыр түбінде. 
Бүлінгеннің жұртынан
Бүлдіргі алып бүлінбе.
Бар ғой үйің, отының,
Атқа салар тоқымың.
Оңай олжа қашанда 
Жегізеді опығын.

 
ҚҰЛАҒАН ЖАНҒА ҚУАНБА

Сұраусыз көлден су алма, 
Киіз үй тікпе қуаңға. 
Танысың ордан құласа
Тамаша көріп қуанба.
Адасса досың тұманда,
Ақылың керек бұған да. 
Ұлтыңды сақтап қалатын 
У жая көрме ұланға.

ОТҚА СИМЕ

Зәр жиналса қуыққа, 
Үй маңына жуытпа. 
Шаптырам деп ошаққа 
Қоламтаны суытпа.
Қауесет пе, анық па, 
Құдай айтқан халыққа:
 «Отқа сиген адамды 
Күйдірем деп тамұқта».

СЫНЫҚТЫҢ КӨҢІЛІН СҰРАМА
Күтінсе ғана жетілді, 
Сүйекке сүйек бекінді. 
Кілт ете түсер – кінәмшіл 
Сынық та сынап секілді.
Барсаң да күнде, күнара,
Сынықтың халін сұрама.
Серттеген шағы толмаса 
Орнынан атып тұра ма?
 

ТҰЗДЫ БАСПА
Ac тұзы да киелі,
Киеге кім тиеді?
Ащы шөпке жайылса
Түйелер де иеді.
Қазанға тұз тастайды, 
Онсыз тамақ аспайды. 
Елмен ащы болмасқа
Тұзды аяққа баспайды.

ҚАБІР КӨМГЕНДЕ

Көмген кезде қабірді, 
Тынысың да тарылды. 
Жерге тастап күректі 
Болғаның жөн сабырлы.
Бұл Пайғамбар талабы: 
Жұрт топырақ салады. 
Келесі адам күректі,
Өз қолымен алады.

 СУFA СИМЕ

Батыр да бас имеген,
Би де халық билеген. 
Қандай асқақ шақта да 
Хан да суға симеген.
Бар осындай жәдігер, 
Кімге керек әбігер.
Суға сиген «сусақ» боп
Жылайды іздеп дәрігер.


КӨНЕ КӨРІКТІ КЕМІТПЕ

Айтылған ескі нұсқада, 
Нұсқаның сөзі қысқа да. 
«Бабаңнан қалған көрікті,
Баптамасаң, ұстама».
Болғанмен саған тиесі,
Қас шебер оның иесі. 
Көненің көзі көрікті 
Кемітпе,
Соғар киесі.
     
КӨГЕНДІ ҮЗБЕ, ЖЕЛІНІ ҚИМА
Құлын тартар тегіне,
Текті малдың кемі не?
Құрығыңды сілтеме 
Құлын жатқан желіге.
Бөрік болған төбеңде,
Ішік болған денеңде. 
Қозыларды аяла
Пышақ ұрма көгенге.

ШЕК КЕЛТІРМЕ ҚҰДАЙҒА
Жатып жейтін нар ғана, 
Жантақ шығар жарға да. 
Жардан нарың құласа 
Жаратқанды қарғама.
Бұйрық болса, былай да,
Мал өседі, мұңайма.
Бәрі тәңір қолында 
Шек келтірме құдайға.

КИІМНІҢ БАСПА ЖАҒАСЫН

Түсірме киім бағасын, 
Шаң болса сілкіп, қағасың.
Иыққа іліп шығатын 
Тоныңның баспа жағасын.
Ерегес туса еліңде, 
Етектен алу тегін бе?
Тіріде жағаң тозбасын 
Болмайды жаға кебінде.

ТІСІҢДІ ШҰҚЫМА
Халықпысың қаймана,
Адам отыр айнала.
Аузыңдағы асыңды 
Сылпылдатып шайнама.
Дастарқанның басына, 
Дарақы сөз тасыма. 
Тістеріңді шұқылап,
Тұла бойды қасыма.

ҚҰРАНҒА ШЫҚҚАНМЕН, 
НАНҒА ШЫҚПАЙДЫ
Бой жетпесе бір амал,
Тасқа шығып құран ал. 
Нанға шығып алғанша
Аштан қатып тұра қал.
Бұзылмайтын қалыбы —
Бұл адамзат нанымы.    
Алып шыққан аштықтан 
Құраннан да нан ұлы!
 

БАРАР УАҚЫТЫҢДЫ КЕСПЕ
Соқпақтың таңдап төтесін, 
Өткелдерден өтесің.
Баратын жерге, бауырым,
Қай уақытта жетесің?
Кедергі көп қой жолыңда, 
Кездесер шөлдеу, тоңу да. 
Мезгілді кесіп айтпайды, 
О да Тәңір қолында.

ШАҚЫРҒАНДА БАР, ШАҚҚАННАН ҚАШ
Сараңға жақын дүние,
Шақырмай кірме үйіне. 
Шамданып шала бүлінер
Қабағы қатты түйіле.
Шақырмас жанға өшікпе, 
Шақырған екен – кешікпе. 
Үй есі түгел күтеді, 
Терезелер мен есік те.