ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
(ертегі)
Ерте, ерте, ертеде, елдің шетінде, желдің өтінде, жапан далада жалғыз үй болыпты. Ол – елге әйгілі Жалмауыз кемпірдің үйі екен. Ол онда жалғыз өзі тұратын. Ешкім оны елеп, шілдехана тойына шақырмайды. Сол титімдей сәбилер жар жағалап, тәй-тәй басса, ешкім оған: «Көпті көрген үлкен кісісіз ғой, тұсауын өзіңіз кесіңіз»,-деп өтінбейді. Кішкентай ұлдардың сүндет тойлары да Жалмауыз кемпірсіз-ақ өтіп жататын. Балалар ат жалын тартып мініп, ер жетіп, келіншек алғанда да, ешкім арнайы адам жіберіп, бұған хабарламайды...
Бұрын бұның бірін елемейтін. Жылдан-жылға жалғыздығы жанына бата бастады. Соңғы кездері әр нәрсені бір ойлап, көрер таңды көзімен атыратын болып жүр. Алайда, бұл кімге өкпелесін?! Өзінің ит мінезі болмаса, талай үйдің төрінде шалқайып отырар еді ғой. Қазы-қарта жеп... Ойбо-о-й, оны қайдан жесін, тіс дейтін тісі де жоқ қой бұл сорлының!. Айтпақшы, бүп-бүтін маржандай тізілген отыз екі тісін тісін баяғыда-а-а жас кезінде өзі жұлып алған. Жындылықпен. Жынды болмаса, бүп-бүтін күректей тістерін күшпен жұлып алып, не көрінді десейші! Әлі есінде Ерназар деген байдың Ертөстік деген баласы алтын сақасын іздеп келді. Бұл солардың көшкен жұртының орнында қоқыс қопарып жүрген. Балада жазық жоқ. Апалап сәлем беріп, «Алтын сақам көзіңізге түспеді ме?»-деп сұрады. Сонда қитықпай, жөн жауап берсе, не болар еді десейші?!. Долданып, байғұс баланың жүрегін ұшырды. Атымен қашып бара жатыр еді, артынан тісін үсті-үстіне лақтырып, ақыры тұлпарының төрт аяғын жұлып тынды. Бейшара бала жан ұшыра, биік бәйтеректің ұшар басына өрмелеп шықты. Бұл ең соңғы бір тісін қанын сорғалата жұлып ап, дәу бәйтеректі құлатқанша қазғаны да дәл қазіргідей көз алдында... Бұнысы енді барып тұрған ақымақтық екен-ау!..
Бала кезде бетімен өскендіктің кесірі ғой бәрі. Әйтпесе, анасынан туғанда осындай жексұрын кемпір боп өмірге келген жоқ. Әкесі де, шешесі де қой ауызынан шөп алмайтын момын кісілер еді, жарықтықтар. Атасы үнемі: «Алтын алма, алғыс ал» деген мақалды ауызынан тастамайтын. Бұл оның сөзін құлағына ілген жоқ. Марқұм әжесі де: «Қарғыстың жаманы: өзің білме, білгеннің тілін алма»,- деп отыратын. Мәніне ой жүгірткен емес.
Бәрі неден басталып еді, Құдай-ау?! Онда бұл тұлымы желпілдеген бала. Ұйқыдан тұра сала, беті-қолын жумастан, көзі былшық-былшық боп дастарханға отыра салатын. Шешесі байғұс талай рет қолынан жетектеп алып, күшпен жуындыратын. Құмған, леген көрсе, бұл шошқадай шыңғыратын. Су мен сабын тиер-тиместен, «Көзім ашыды, ойбай!»-деп үйдің ішін азан-қазан қылады. Күнде таңертең бұлардың үй-іші у-шу болады да жатады. «Қойшы, баланы жылатпай. Ертең-ақ өскесін, өзі жуынатын болады»,-дейді атасы. Онысызда «Қашқалы тұрған қоянға тәйт дегесін не жорық» , демекші, бұл оның сөзін арқа тұтып, суды көрсе, алты шақырым айнала қашатын болды.
Көршінің өзімен қатар қыздарының шаштары әп-әдемі қып таралған. Үсті-бастары мұнтаздай тап-таза. Олар өз үйлерінің маңына алаша төсеп, көлеңкеде үй боп, бір-бірін қонаққа шақырып, тату-тәтті ойнап отырады. Бұл да солармен ойнауға барады. Күндіз ойнап жүрген кезде ретін тауып, жыл-жылт еткен әдемі моншақтарын ұрлап алады. Сосын түнде біреу көрмесін деп, көрпе астында жасырын тағып жататын. Шешесі көріп қалса, «Ұрлық түбі қорлық»,-дейтін қабағын шытып. «Бала ғой, қызығып алған шығар. Өскесін қояды ғой»,-дейтін әжесі жуып-шайып. Біреудің нәрсесін рұқсатсыз алуға болмайтынын анасы талай рет айтса да бұл оның сөзін құлағына ілген жоқ. Ойыншықтары мен моншақтары ұрлана бергесін, қыздар сезіктеніп, ақыры бұны ойынға қоспайтын болды. Сосын бұл олардың қуыршақтарының қол-аяғын жұлып, ыдыс-ақтарын шашып, бәрін зар жылатып қоятын болды.
Көптен су көрмей, тарақ тимей, ұйыса өскен шашы дода-дода боп, ұрынарға қара таппай, күнұзақ ауылдың ішінде сенделіп жүретін. Кешқұрым кездейсоқ алдына шыға келген адамдар кішкентай қыз емес, шайтан көргендей шошитын одан. Балалар: «Қара шайтан, қара шайтан!» деп мазақ қылады. Бұл оларды ыза боп қуады. Қолына не түссе, соны жіберіп ұрады. Аямайды. Талай баланың басын жарып, көзін шығарды. Кім баласын ұрғызып қойып қарап отыратын еді?! Келіп, ұрсады, ренжиді. Кейбір тілі ащы адамдар қарғап, сілейді...Сөйтіп, бұның кесірінен атасы мен әжесі де көршілерімен жиі-жиі жүз шайысып қала беретін болды. Бұл да жұртқа ерегесіп, әйтеуір жүрген жерінде шеттеу жатқан бір нәрселері болса, қағып кететін. Артынан зат иесі зар илеп қарғап сілеп, «Алғаның ас болмасын! Көктемей көктей солғыр!»-деп жер-көктегі жаман сөздің бәрін осының үстіне үйіп-төгіп жататын.
Өзімен қатар қыздар шаштарын сәндеп, мойындарына моншақ, құлақтарына сырға салып, қос өрім бұрымдарына шашбау тағып, қылтиып, бой түзей бастады. Ал бұл үсті-басы өрім-өрім боп, ерсілене күліп, бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін тартып алатын. Адамдарды зар жылатып, қан қақсатқаннан жаны рахат табатын еді.
Бұның әке-шешесінің жұртқа көрінерге беті жоқ. Ұяттан жерге кірердей боп, ақыры ауылдан алыс көшіп кетті. Көп ұзамай, атасы мен әжесі көз жұмды. Ақыры бұның ит мінезінен жер болған шешесі қайғы-қасірет шегіп, жасына жетпей жер жастанды. Ал бұл қыз болып, тамақ та пісіре алмайтын, кір де жуа алмайтын. Әкесі сосын жастау әйел алды. Енді бұған тіпті рахат болды. Алыстан жау іздеп, сандалмайды. Бұл өгей шешесімен өштесіп алды. Байғұсты отырса, опақ, тұрса сопақ қылатын әдет тапты. Нан илесе, қамырына топырақ шашады. Сиыр сауып жатса, шелегіне қойдың құмалағын салып жібереді. Ет асып жатса, қазанға құрбақа тастай салады. Азаптанып, алыстан иінағашпен екі шелек су әкеле жатса, дереу жүгіріп барып, суын төгіп тастайды. Әйтеуір байғұстың істеген ісінің бәрін рәсуә етіп, еңіретіп қояды. Ақыры, аяғы ауыр әйеліне бір қастық қылар деп қауіптенген әкесі, бұны тастап, бір түнде басқа ауылға көшіп кете барды. Сөйтіп қыз қаңыраған иесіз үйде жалғыз қалады.
Қарны аш, өзі ызалы жанның ойлап таппайтыны жоқ. Елге қайтсем, жамандық істеймін деп күндіз-түні басы қататын... Несін айтасың, ой, жастау кезінде, бойында күш-қуаты мол кезінде елді талай шулатты ғой!.. Тіпті әкесі тұратын ауылды іздеп жүріп тауып алып, шөп қорасын өртеді. Жас төлдерінің аяғын сындырып, балаларын құдыққа лақтырды. Ақыры, жұрттың бәрі тас лақтырып, қарғап-сілеп, оны ауылға аяқ баспайтын қып, ит қосып, қуып тастады. «Жалмауызға да жан керек», содан бері бұл жапан далада жалғыз өзі тұрып жатыр. «Бәледен Машайық қашыпты» деп, ел одан іргесін аулақ салғалы қашан. Қазір ол өткен іске өкініп жүр. Өз қателігін қайталамасын деп басқа балаларға ақыл айтайын десе, оның сөзін кім керек қылушы еді енді?! Кейінгілерге сабақ болсын, ең болмаса, кітап қып жазып қалдырайын десе, сауаты да жоқ. Мектеп есігін ашпаған, бір әріп те танымайды... Қандай өкінішті?! Ал балалар болса, оның жамандығы жазылған талай-талай ертегі кітаптарды тауысты. Оларға өз әке-шешелері мен ата-әжелері де әр түн сайын Жалмауыз кемпір жайлы таусылмайтын ертегілерді айтудан жалықпайды.
МАҚТАҚЫЗ БЕН ЕРНҰР
( Ертегі)
“Ерте-ерте-ертеде, ешкі құйрығы келтеде...” деп ізіне еліктіре, ерте жөнелетін ертегіні жақсы көрмейтін бала болмайтын. Баяғыда. Бала түгілі, бабаларымыздың бабалары да тамаша ертегілерді тамсана тыңдаса керек. Қаншама ғасыр бұрын!..
О замандағы балалардың аңғал, аңқаулығы соншама, ертегіде не айтылса да, көздерін жұмып, ауыздарын ашып, бастарын шұлғып, іштей келісе беретін. “Көптен ауыздарына сорпа-су тимей, аштықтан түртіп қалсаң құлай кететін кемпір мен шал шаңырақта баяғыдан ілулі қалған сүр төстікті асып жеп, балалы болды” десе де, “Төрінен көрі жуық шал-кемпірдің мойындарына бұршақ салып, әулие-әмбиелердің моласына түнеп, көз жастарын көл қыла жүріп, тоқсанға келгенде Құдайдан тілеп алған баласы бір күнде бір айлық, бір айда бір жасар баладай алып жігіт болып өсті,”- десе де, қалтқысыз сене кететін. Ештеңеге күмәнданбайтын. “Тап осы сөзің өтірік енді!”-деп ертегішімен егеспейтін. Қайта, сол тау көтерген Толағай, керқұла атты Кендебай, жалмауыз кемпірден айласын асырып, алтын сақасын ала қашқан Ертөстіктерге ұқсауды армандайтын.
Ал осы заманда да ертегі десе ішкен асын жерге қоятын балалар аз емес. Солардың бірі Ернұр. Ол – кекілі желбіреген сүйкімді бала. Жәудіреген бота көздері қарақаттай қап-қара. Кішкене кезінде әке-шешесі де, бауырлары да “Ақбота” деп елжірей еркелететін. Сосын, ол өзін шынымен, аппақпын деп ойлайды екен. Кәдімгі қара бала екенін мектепке барғанда тұңғыш рет білді. Тақта алдында сабақ білмей, қиналып тұрған досына жаны ашып, “көмектескен”. “Әй, қара бала, сыбырламай, тыныш отыр,”-деді түсі суық мұғалім апай қатқыл үнмен.
Ақбота.., жо-жоқ, Ернұр – есепке жүйрік, кез-келген есепті шемішкідей шағып тастайтын үздік оқушы. Футбол десе ішкен асын жерге қояды. Бірақ, кеше кешкісін доп қуып жүріп, тізесін жарақаттап алған. Бағана таңертең жұмысқа кетер алдында анасы аяғына йод жағып, “Ертегі оқып, үйде жат!”-деп, қолына Мақтақыз бен мысық жайлы жазылған пышақ қырындай жұп-жұқа кітапшаны ұстатып кеткен. Бағана-ақ оқып тастады. Ойланып жатыр.
Қаршадай мысықтың құйрығын қолы қалтырамастан кесіп тастаған қатыгез қыз туралы кітапты анасы бұған неге бергені?!. Шіркін, сол жауыз қызды жақсылап бір жөнге салса қайтер еді деп ойлады Ернұр. Кенет, төсегінің аяқ жағындағы, бір шетіне сәл-пәл йод тиген бір шөкім мақтаға көзі түсті. Сол-ақ екен, үлбіреген ақ мақта лезде ақ көйлекті титімдей қызға айналып сала бергені.
... Жіп-жіңішке, ұп-ұзын бұрымын тастай қып өріп, ұшына салпыншақ бірдеңе тағып қойыпты. Күміс қоңыраудай нәзік үн қозғалған сайын сыңғыр-сыңғыр етеді. Ернұр құмырысқа бел бейтаныс қызға таңдана қарады. Оның ұзақ, үнсіз, тесіле қарағанына ыңғайсызданған кішкене қыздың алма жүзі алаудай албырап кетті. Ұялғаны сезіліп тұр. Біздің сыныптағы қыздар анау-мынауға қызара бермейтін деп ойлады Ернұр.
– Сәлем! Сен кімсің?-деді ақырын.
– Мен бе, мен – Мақтақызбын. Сен ше?
– Менің атым – Ернұр.
– Қызық екен!. Ернұр деген атты өмірі естімеппін. Біздің ұлдардың есімі, көбінесе, Жерден шыққан Желім батыр, Қара қасқа атты Қамбар батыр, Тау көтерген Толағай болушы еді...
– Шашыңа не тағып алғансың, қозғалсаң сыңғырлап тұр ғой?-деп Ернұр әңгімені оның өзіне бұрды.
– Шашбау ғой. Күмістен соғылған. Ұзын бұрым тарқатылмау үшін тағады.
– Әдемі екен! Әсіресе, үні...
– Әжем де: “Шашбаудың үні біркелкі әдемі естілуі үшін, қыз балаға қалай болса, солай, адыраңдап қатты жүгіруге болмайды. Аяғын сәнмен басуы керек”,-деп, үнемі шашбау сыңғырына құлақ түріп, байыппен жүріп-тұруымды қадағалайды, деді де Мақтақыз сөзді басқа жаққа бұрып жіберді:
– Күн арқан бойы көтеріліп кетті. Төсекте неге жатырсың тал түске дейін? “Ерте тұрған еркектің ырысы артық” деген ғой ата-бабаларымыз...
– Кеше футбол ойнап жүріп, аяғымды ауыртып алғам, сосын бүгін мамам далаға шығармай қойды.
– “Мә-мәң” кім? “Бұт-бол” деген қандай ойын?- деп сұрады Мақтақыз балалық әуесқойлықпен.
– Бұтбол емес, футбол де. Сен өзің қай ғасырдың адамысың, аяқпен доп теуіп ойнайтын футболды білмейтін?
– Қойшы, зіңгіттей болып, доп ойнайсың ба? Әке-шешең кейімей ме? Біздің аталарымыз: “Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озады,”-деп, доп қуған ұлдарды онша ұната бермейді...
– Қазір маған – каникул, доп ойнамағанда не істеймін?-деді Ернұр оның сөзі шымбайына батса да, сыр бермей.
– “Кә-ни-кө-өл” дейсің бе? Ол не сөз?
– Жылына екі рет оқудан мойын босап, демаламыз. Соны каникул дейміз. Жаз бойы боспын...
– Е, сөйдеп, кәдімгі адамға түсінікті тілмен айтпайсың ба, Ернұр-ау?
– Жарайды, өкпелемеші, Мақтақыз. Кел, қызық мультик көресің бе, видик қосып берейін? Жо-жоқ, мультик көретін кішкентай сәби емессің ғой, мақалдап, мәтелдеп соққанда, сөзден жаңылдырасың адамды. Кел, одан да екеуміз компьютер ойнайық.
– Сен өзің ойнайық дейсің де, “би-дік”, “мөл-тік”, “кә-кәм-пит”...деп мен түсінбейтін, тіпті бірдеңелерді айтып кетесің? Түсімде де көрмеген не пәле кілең?. Мен сияқты кішкентай қыздар – шүберектен тігіп алған қуыршағымен, сен сияқты ұлдар қынамаен боялған асықтарымен ғана ойнаушы еді ғой. Үлкен қыз-жігіттер ай астында алтыбақан теуіп, “ақсүйек”, “соқыр теке”ойнайтын...
– Анау жерден компьютердің шнурын тоққа қоса салшы. Саған қызық ойындар көрсетейін.
– “Тоқ”, ”шнөр” дегенің не бәле?
– Жарайды, Мақтақыз, аузыңды бұртитпашы. Тоңазытқышта балмұздақ бар. Соны әкел, екеуміз жейік! Өзім баруға, мынау аяғым...
– Тоң-азыт-қыш? Бал-мұз-дақ? Ол не бәле?
– Сен өзің қандай қызсың, бәрін бәле көретін? Басқа балалар “холодильник”, “мороженое” дей салады, ал мен саған түсінікті болу үшін, оларды қазақша атауымен айтып тұрмын ғой,- деді оның таңғалған түріне сенер-сенбесін білмеген Ернұр.
– Ел қорғайтын ер жігіт тудым деп, шешең қалжа жеген шығар сен дүниеге келгенде?!.Сәл-пәл жер сызып кеткен сирағыңды сылтауратып, жайраған төсектің ортасында жата бересің бе?– Мақтақыз сықылықтай күлді. Ернұр “Қалжа деген не?” деп сұрай жаздап, тілін тістей қойды. / Бәрін білгіш “энциклопедия”- әкесінен өзі-ақ соңыра сұрап алмай ма?!./
– Жарайды, жата бер, әзіл ғой. Сыпырғыш қайда еді? Әке-шешең келгенше, үйді жинастырып қояйын,-деді Мақтақыз. /Әп-бәлем, түпкі ойың белгілі болды!– деп мырс етті ішінен Ернұр, – Үй сыпырамын,-деп, мысығымды құйрықсыз қалдырмақсың ғой, ә?!./
– Сыпырғыш деген нәрсе бар ма екен бізде? Ванна, туалет, балкондардан қарашы...Таппасаң, телефон соғып, мамамнан сұрайын… Біз негізі пәтерді шаңсорғышпен тазартамыз.
– “Пә-тер”, “шаң-сор-ғыш”дегенің не бәле тағы? “Бәл-көн,”бән-ні”, “тө-лет”, “тіли-пөн”... Бір сөзіңді де түсінгем жоқ сенің!– Мақтақыз ызадан жылап жіберді. Ернұр аяғын ауырсынса да, орнынан тұрып, бұрышта тұрған шаңсорғышты қосқан, гүр ете қалды. Үйде Мақтақыз пайда болғалы, титімдей жүрегі дүрс-дүрс етіп, ешкімнің көзіне түспей, креслоның астында тығылып жатқан бала мысық “Мияу!”деп атып шықты. Шаңсорғыш дауысынан зәресі ұшатын қашанғы әдеті. Ернұр шаңсорғышпен бөлмені жақсылап тазартып болып, жан-жағына қарап еді, Мақтақыз көзіне түспеді. Бір шетіне сәл-пәл йод тиген бір шөкім мақта шаңсорғыш көмейінде кетті ме кім білсін...
ЖАЛҒЫЗ ТАМШЫ
(Мысал әңгіме)
Бір қария қаулай өскен қалың шалғынды қол орақпен шауып, ал немересі шапқан шөпті ұқыппен жинап жүрген. Кенет күн күркіреп, жаңбыр жауа бастады. Екеуі діңіне құшақ жетпес алып еменнің түбін паналады. Таң атқалы бел жазбай шөп орған қария қатты шаршаған екен. Құрғақ шөптің үстіне жатқан бойда қор ете қалды. Немересі жаңбыр тырсылына құлақ түріп, жан-жағына жіті көз салды.
Көп ұзамай жаңбыр басылды. Көк аспанға күлімдеп күн шықты. Жер демде дегди бастады. Бала үзілер-үзілмес боп, жапыраққа әзер ілініп тұрған жалғыз тамшыны көрді. Моншақтай мөлдір, күн сәулесімен сан алуан түске ене құбылған тамшыға қызыға қарады. Сірә, еменнің қалың қабығының қатпарына жасырынып қалса керек. Жалғыз тамшы ыршып жапырақтан жапыраққа секірді.
- Ой, мен қандай әдемімін! Жұп-жұмыр, мөп-мөлдір! Менен асқан сұлу ешкім жоқ! – деді шаттанып. Жерде дән сүйреп бара жатқан титімдей қыпша бел құмырсқаны көрген ол:
- Ей, сен мен секілді секіре аласың ба? Кел, ойнайық!-деді мақтана. Оның жіп-жіңішке нәзік үнін естіген қара құмырсқа:
- Ренжіме, ойнауға уақытым жоқ. Қыста жейтін азығымызды тезірек жинап алуымыз керек! – деді. Сөйтті де мықшия дән арқалап, тынымсыз жөңкілген тума-туыстарына қосылды. Тамшы томсырая өкпелеп қалды. Сосын:
- Қандай бақытсыз! Өмірдің рахатын білмейді! Ал маған дәннің де, іннің де керегі жоқ! Мен қыстан қорықпаймын! -деп лепірген ол одан әрі әр жапыраққа бір секіре берді.
- Тамшы! Құр босқа секіре бермей, маған қарай секір. Сонда аман-сау қаласың!-деді суы мөп-мөлдір, өзі мұздай тау бұлағы жанашыр көңілмен. Ол кәрі еменнің дәл жанынан сылдырай ағып жатқан. Оған биіктен менсінбей қараған тамшы:
- Мен биіктемін. Төңіректің бәрі маған ап-анық көрінеді. Қандай керемет! Ал сен болсаң, төмендесің. Байғұс бұлақ, бұл өмірде не қызық көресің? Ағып жатсың, ағып жатсың.... Алды-артыңа қарауға бір мұршаң жоқ. Сонша қайда асығып барасың?- деді.
- Өзенге тезірек жетуім керек,- деді бұлақ сыңғырлай күліп.
- Өзендер қайда барады?
- Олар көлдер мен теңіздерге құйылады. Тіпті алып мұхиттарға да қосылатындары бар,- деді ерке бұлақ тастан тасқа секіре, жалғыз тамшыдан алыстап бара жатып. Күн қыза түсті. Жалғыз тамшы жанын қоярға жер таппады. Сәт сайын оның көлемі кішірейе берді. Ақыры көзге көрінбей мүлде жоғалып кетті... Орнында тек болар-болмас дақ қалды. Бала жоғалып кеткен тамшыны қатты аяды.
Сәл мызғып алған атасы осының бәрін сырттай көріп, байқап жатыр екен:
- Қарағым, өз ұлтын менсінбей, өзінің бастау-бұлағы - салт-дәстүрінен бас тартқан кез-келген адам жаңағы тамшы құсап із-тұзсыз жоғалып кетеді, - деді байыпты үнмен.