Балапан РАБАТОВ
1961 жылы сәуірде ҚХР, ШҰАР, Іле қазақ облысындағы Нылқы ауданының Шонжы ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Іле облыстық көркемөнер мектебін тәмәмдаған. Қытай мемлекеттік жазушылар одағының, Шинжияң жазушылар қоғамының, Шинжияң музыканттар қоғамының мүшесі.
1983 жылдан бастап жасампаздықпен шұғылданып, өлең, толғау, баллада, поэма, ән және 30-ға жуық әдеби сын мақалалар мен көркем аудармаларды оқырманға ұсынған. «Ақша қарда із жатыр», «Сырғалым», «Дәурен-ай», «Афина алауы» жыр кітаптары мен «108-пәтер», «Сортаң тағдыр, тарпаң талант» т.б прозалық кітаптардың авторы. Шығармалары қытай тіліне аударылып жарық көрген. Тұңғыш кезекті «Қазақ-қырғыз дүлділ әдебиет сыйлығының» иегері.
Қазіргі таңда Пекиндегі Орталық халық радио станциясы қазақ тілі бөлімнің меңгеруші дикторы.
Дәурен-ай
* * *
Ұлы Қорған етегінде кешкілік,
Күз желімен жапырақтар ескіріп.
Құлап тұскен Ғұн жылқысы секілді,
Сұлап жатыр ескі үміт.
Есесіне өре тұрып жаңа арман,
Бірте-бірте біраз нәрсе жаңарған.
Саудагердің сайқалдығын мойындап,
Аңқаяды аларман.
Тау басына тасылған тас, кесектен,
Еңбекшілер елестейді кеше өткен.
Бұгін міне өзіңді алып шығуға,
Шыдамайды қос өкпең.
Ұлы десе ұлы болар қорған-ақ,
Тәніндегі тарих қаны сорғалап.
Тас айдаһар бара жатқан тәрізді,
Бауырымен жорғалап.
«Ер емеспіз шыға алмасақ саған біз!»
Қарыса да тас қабырға, таған - мұз.
Сені қалай көтеріп тұр, көрдің бе,
Сабырлы тау, сабаз құз.
Секілденіп көкейдегі көп өлең,
Қарлығаштар ұшып өтті төбеден.
Тәңіртауға талпындырмай құсымды,
Неге тұрмын, неге мен?
* * *
Қызыл-күрең қорықтар,
Хан сарайын қоршаған.
Жосындар мен жорықтар,
Жолы болмай шаршаған.
Мыңға жетпей бір саны,
Үйлер анау ұйысқан.
Ыржаңы мен жыртаңы,
Бір аулаға сиысқан.
Уақытта бар ма айып,
Уайым көп аңғары.
Киіміндей сарғайып,
Сартап болған хандары.
Ұлға зәру, (жорамал),
Сықырласа төсектер.
Өліп тынған қорада,
Өріп жұрген өсектер.
Сарай іші сұрланса,
Күңіреніп кәтектер.
Ханшайым кеп бұлданса,
Жорғалаған әтектер.
Тауық та кеш шақырып,
Ит те, білем, кеш үрді.
Тағдыр жайлы тақырып,
Емеурінмен шешілді.
Сайысқанда сайланбай,
Сараптамай оң-солды.
Тіге салған ойланбай,
Апиынға хоңкоңді.
Түсіп еді тұсына,
Түмен көздің сәулесі.
Қоя берді бұтына,
Падишаның әулеті.
Сәби еді ол бірақ,
Шошындырған түсі үйдің.
Қарай-қарай қалжырап,
Қабағына сышидың.
Сары тулар салбырап,
Қалжырады хандық та.
Қызыл қорық, ал, бірақ,
Қымсынады қан жұққан.
* * *
Жалғандағы жанашырым,
Қасымдағы серігім.
Мөлдірейді қарашығың,
Жылатты екен сені кім?
Тұнып тұрған тұнығыңа,
Тас атты ма дұспаның.
Ұсақтардың ұғымынан,
Ұтылмасын ұстамың.
Баққандары пара-пайда,
Қағынбасын қай азғын.
Төзіміңді төре сайла,
Талғамына таяздың.
Көңіліңді көл тәрізді,
Шөлге бола сарқыма.
Қарсы ойналық картамызды,
Сайқалдардың салтына.
Бәске тігем бәлем бірін,
Бұлаңдасын бұл тобыр.
Көңілсіз күн календірін,
Жыламай-ақ жырта біл.
Босамасын төзімің де,
Боталасын арманың.
Сол баяғы сезіміңнен,
Айныма сен, ардағым.
* * *
Маңдайым жиі терлесе,
Таңдайым жиі шөлдейді.
Адам боп тудым, ендеше,
Пенде боп өлгім келмейді.
Аузымда хадис, қәзірет,
Періштемін деп айта алман.
Санымды соқтым сан рет,
Амалым аспай сайтаннан.
Жеңіп те, кейде жеңіліп,
Жер басып мынау қоғамда.
Тұймем де талай төгіліп,
Жыртылды жиі жағам да.
Есті мен есер арбасып,
Мәреге жетпей ит-жығыс.
Ұятқа қалды алжасып,
Ұлағат деген ұйтқы күш.
Ақылға шақыр, ойға сал,
Жырыңды білем... сүртеді.
Қарадай қанды қайнатар,
Қалай да қалай жұрт еді.
Жүгініп едім Абайға,
«Адамға бала бол» дейді.
Періште емеспін, алайда
Пенде боп өлгім келмеиді.
* * *
Өлмеген соң терлейсің, тырбанасың,
Байыз таппай, байланып жырға басың.
Әке боп та көресің әредікте,
Байлығына балаған бір баласын.
Қалам алсаң қалайда түртінесің,
Ақтарылып көресің, іркілесің.
Кылығына баланың күлесің де,
Шылығына даланың күрсінесің.
Көрдім бәрін, демеймін көрсетпеді,
Көлегейлеп көзімді шен-шекпені.
Жылай-жылай қажетін қайыратын,
Бала ғұрлы болмадым емшектегі.
Есім кірді, десе де есем кетті,
Байлық, бақыт бәрі де кешең жетті.
Көре алмаған жарығын сыйға беріп,
Әкем де өтті, өмірден шешем де өтті.
Бауырым да, ағам да өтті бәрі,
Ойран болған ошағы, от-тұрағы.
Еш қажеті соларға болмаса да,
Бір молшылық жасағым кеп тұрады.
Өтті бәрі таусылдым, тұраладым,
Тұраладым таба алмай бір амалын.
Бүгінімді білесің, білсең енді,
Ертең жайлы ештеңе сұрамағын.
* * *
Өмір деген көп сұрақ,
Жауап та көп, әрине.
Үміт деген шоқ-шырақ,
Жылтыраған әр үйде.
Бақытың да баянсыз,
Қуаныш та өтпелі.
Шен шіркін де аялсыз,
Ауыспалы шекпені.
Абырой да аумалы,
Алжасады атақ та.
Ымыраның ауданы,
Ұласады шатаққа.
Шырғалайды шындықты,
Өріп жұрген отірік.
Білімдәрсіп бір мықты,
Отырады көпіріп.
Тиының да таптырмай,
Титықтаиды тұрмыс та.
Тек жүруді жақтырмай,
Ілігесің қылмысқа.
Ақиқат та құбыжық,
Ақ пен қара тел есім.
Аппақ болып туылып,
Қап-қара боп өлесің.
* * *
Өлең менің емес еді ермегім,
Өлерменім, сөзге қонақ бермедің.
Болған істен бояу таппай жырыма,
Толғаныстан тоқырасам - өлгенім.
Толғанамын, тобықтайдан түйем сыр,
Қолда барым - поэзия, ием- пір.
Көңіл қошын бөлісерге пенде жоқ,
Менің қосым өзгелерден иен тұр.
Сыр айтады сынықсыған дос маған,
Бір айтағы: үргенімді қостаған.
Елжірейді өп-өтірік жүрегі,
Мөлдірейді шарап толы тостаған.
Жауым да жоқ, танымаймын оны мен,
Қауым да көп қауқылдасар жөнімен.
Сабаз дарын сарқылуға айналды,
Таяздардың талғамына көніп ем.
Көне алмадым, жиіледі толғаныс,
Көп алдадым, болмағандай болған іс.
Бұғамын көп, әбзелімді әзірлеп,
Шығамын деп ширығамын жолға алыс.
Өлең - өнер, азық емес таусайтын,
Жан дүнием шөлдегенде-тамсаймын.
Ата қазақ сөз сүйектен өткенде,
Аса ғажап салауатпен қаузайтын.
Табылғанмен тілімізге көп тиек,
Табынғанмен жарытпайды тақ сүйеп.
Бөз қадірін бағалауға бар- дағы,
Сөз қадірін бағалауға жоқ сүйек.
Өлең сені құшар екен қашан бақ,
(Тілім аман, болғанымен бас алмақ)
Қорқыт куә болмасына мәңгі өмір,
Жер ұйығы жоқтығына Асан - хақ.
Айналайын ақ туыңнан, ар-намыс,
Шығам деумен шалқыдың-ау жолға алыс.
Қарынға да қам қылатын заманда,
Дарынға да керек болды қолғабыс.
Дамылда сен, шалқыма тек, шаршадың,
Түйгенім сол: қалжыратты қанша мұң?!
Әкімі боп өте шығу оңай да,
Ақыны боп қалу қиын баршаның.
СЫМБАТ
Көреген көзге көйлек құр,
Көлбіреп тұрған бейнет бір.
Қыналып, толқып, толықсып,
Сымбатың сенің сөйлеп тұр.
Керілген иық қаз мойын,
(Өрілген өлең, сөз дайын) .
Жанарың қандай сәулелі,
Жамалың қандай жаздайын?!
Сілкініп төсің бір түрлі,
Дірілдеп барып іркілді.
Қытықтап тұрған шүберек,
Үлбіреп тұрған үрпіңді.
Балбырап бойың бал-шырын,
(Мықының, бөксең, балтырың...)
Суынып қалған сұлбаны,
Шапағат болып шарпыдың.
Оянып ерте киінсең,
Бұралып әнтек иілсең.
Бұлқынар сезім, өйткені,
Он беске келдің биыл сен.
* * *
Қала бейне қара қазан тәрізді,
Қарашаның қабынған-ау өкпесі.
Қаз да қайтты, жапырақ та жан үзді,
Жер-ананың суалған-ау тоқ төсі.
Жалаңаш тал бұтақтары қалтырап,
Суық сорып, кетіп-ақ тұр күтімі.
Көкті жаулап (көрінбейді атырап)
Мұржалардың қара қошқыл түтіні.
Кабат үйлер - жартас сынды жалама,
Терезелер - ұя дерсің ұйлыққан.
Кіші де жоқ сәлем алар қалада,
Кісі де жоқ көңілдегі күйді ұққан.
Айлығы бар, байлығы жоқ қолында,
Текті сөзі тереңіне көмілген.
Жаны пида жақсылықтың жолында,
Тұрғынымын тұрақтаған соның мен.
* * *
Өмірде бейне өңешін созған шу-алаң,
Қорғанып тұрмай, қолыма мен де ту алам.
Сезімнен бұрын төзімім төрге орнығып,
Өзімнен бұрын көйлегім тозса қуанам.
Өмірде бейне өзгеше шебер өркештер,
Өнерің болса қосыл да, қәне, көрсет бір.
Ғазалым болып гармония қабаттарында,
Ұшып жүр білем, дың еткен дыбыс- мөлтек сыр.
Өмірді кейде өзен бе дерсің арналы,
Айдыны толған Алланың қатал қармағы.
Кит те, кір де, шамасы келсе шабақ та,
Ауланып қалмай, аман-сау жүру - арманы.
* * *
Жауап іздеп жалғанның сұрағына,
Өтер болды аз өмір, сірә, мына.
Жартастарға соғылған жан дауысым,
Қайтып жатыр қайтадан құлағыма.
Түсе алмадым сыбанып сын-егеске,
Түнім - түске, айналды күн - елеске.
Сенің халің оңалмай қайран ауыл,
Менің жырғап жүргенім күнә емес пе! ?
Жұрт емес ек шаруаның білмес ебін,
Қуанушы ек төл өріп, билесе егін.
Сенің, шіркін, мерейің тасып тұрса,
Мен осылай отыңа күймес едім.
Қабырғама қауымның салты батып,
Мерез болып барады мәрт уақыт.
Жалпы, сенің жыртығың бүтінделмей,
Жалқы менің бақытым - жарты бақыт.