Қалампыр Кенжеғалиқызы 1953 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1979 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы республикалық кітап баспасы қызметімен, ресми аудармамен байланысты.
Мақалалары, сыр-сұхбаттары, әңгімелері мен өлеңдері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас алаш» газеттерінде және «Жұлдыз», «АруЖан», «Балбұлақ» журналдарында жарияланып тұрады. Замандастары жайлы жазылған сыр-сұхбаттары және әңгімелерімен оқырман қауымға танымал автор қандай тақырыпқа қалам тартса да қазақы тәрбиенің үлгісі мен адамгершілік жайында ой толғайды, қоғам дамуындағы ұлт перзентінің бейнесін, болашағын сөз етеді.
Автордың тұңғыш кітабы «Тал шын» деген атпен жарық көрген.
Айдар алты сабақтан шығып, ішек-қарны шұрқырап, үйге өлдім-талдым деп бұратылып жеткенінде, бұрынғыдай сыртқы ауладан көз ілеспейтін жылдамдықпен зып беріп кіре сала, «мам-ма-ааау!» деп, сөмкесін атып ұрып, ауладағы қол жуғышқа алақанын асығыс шәйіп, дастарханға қонжия кетер дәурен жоқ бүгінде. Ондай жылдамдық жайына қалды...
Аула есігінен сақтана сығалап, апыр-топыр жұлқынбай, аяғын әдеппен басып, ауызғы үйге кіріп кеткенше бейне бір соғуын тоқтатқандай, жүрегінің дүрсілін де естімейді. Осы сәт демін ішіне алмайды да, шығармайды да ол.
...Мұның бәрі осы үйге атақаздың келуінен басталды. Нағашы апасы Әдия әпке түбі мен бауын сары сым қосып қоғадан тоқыған үлкен екі себетті кіші баласы Жәкентайдың көк трәктірінің кабинасына салып бұларға беріп жіберіпті. Себеттердің беті ескі терезе жабынды – өрнектелген шілтер матамен бүркелген. Себеттің ішінде... кейбіреуі аяқтарын тең басып тұра алмайтын жұмыртқадан жаңа жарып шыққан өңкей бір сары үрпек алты балапан және сұрқай қоңыр түсті атақаз бен мамақаз!
Айдар мен інісі екеуінің ол күнгі қуаныштары қойнына сыймап еді! «Шалғынға мен апарам, жоқ, мен өзім!» деп, екі жақтан өзеурескен. Сүп-сүйкімді балапандарды көршінің мысығынан қорғау керектігін жарыса айтып, бірінен-бірі білгірсініп, даурығып еді. Екеуі де сол күні кешке дейін үйге кірмей қойған...
Бұрын бұлар қаз асырап көрген емес. Қаз бағу керемет қызық көрінді. Атақаз салмағын екі аяғына кезек-кезек салып, бұларға бір жақ шекесінен «зер сала» шікірейе қарайды. Оқтын-оқтын мойнын созып-созып қояды. Үлкендердің үйге кіруін аңдып тұрғандай, атақаз бұларды баласынып, қоқилана басын шайқап, мойнын созып, ысылдай бастады. Мойны болса, созған сайын ұзара түсетіндей. Қаздың сарғыш пластмасса тәріздес тұмсықтарына айбат шеге ысылдаған кезде көзі түсіп кетіп еді, сұсты әрі сүйкімсіз көрінді.
Інісін ертіп барып, арғы беттен майда шалғын жұлып әкеліп, сап-сары балапандардың аузына тосты. Жайпақ ыдысқа аз ғана су құйып, алдарына қойды. Бәрі содан басталды емес пе! Балапандардың бірі көтерген аяғы ыдыстың ернеуіне тіреліп, тыраң етіп құлап түсті. Айдар балапанды тұрғызып жібермек болып, қолын созғаны сол еді. Жарғақты жалпақ аяқтарының бірін жерден сәл көтерген күйі мойнын қисайта, бұлардан көзін айырмай тұрған атақаз ендігі сәтте аяқтарын нығарлай басып, ысылдаған күйі мойнын жерге мейлінше төсей созып, екі-үш аттап мұның қасына жетіп келді. Тарбиған аяқтарымен жерді тесіп жіберердей өңмендейді...
Жаз өтті... Қаздың балапандары қарақұлақтанып, ата-енесіне ілесіп, көк шалғынға тіз қатар шұбап өздері барып келеді. Айдар сабақтан келген бойында аула-қорадағы шаруаға қолқабысын тигізуге жарағаннан бері әкесі оған күнделікті арнайы тапсырма тағайындап кетеді. Кешкісін әкесі қызметінен оралғанда мұқым бір үлкен кісіше не тындырғанын өздігінен баяндап, әке-шешесімен әңгімелесуге дағдыланып қалғанын әкесі мақтан тұтады.
- Айдарым озат оқушы. Мұғалімдері мені көрген бетте-ақ баламды мақтай бастайды. Ал үйде қолғанатым. Шаруаға да икемі ерекше. Жұмсасаң жұмыс таңдамайды. Осындай ұлым барда неден қиналамын, - деп, арқасынан мейірлене қағып қояды.
Күз түскелі Айдар сабағынан келіп апыл-ғұпыл тамақтанған соң мектеп формасын ауыстыра салысымен қораға кіретін. Күз болса ауылдың желдеген ешкісіне ілесіп кететін әдет тапқан азын-аулақ қой-ешкіні қорада қамап ұстауға тура келеді. Сабақтан келген өзі қатарлы балалар да аз ғана ұсақ малын ауыл шетіне бір уақыт өрістетіп қайтады. Ұзақты күн қорадан шықпай, сабан-топанды талғажау етіп тұрған мал өрісті бір айналып қайтқанның өзінде оты қанбағанмен, бой жазып қалады.
Мұндайда, әсіресе, ешкі атаулы сұм келеді. Егіз лағын ілестіріп, шұнаң-шұнаң етеді. Сенің айдап келе жатқан бағытыңа пысқырмай, көзіңді ала беріп, желдің бағытына тұмсығын бұра қояды. Айдар үйдің үлкені болғасын ба, малсақ. Қай малдың қандай ерекшелігі барын түйсініп өсіп келеді. Үлкендердің шаруа жайында айтқан әңгімесіне кәдімгідей қосылып, өзі де ойын ортаға салады. Ата-анасы да Айдардың бұл қасиетіне сүйсініп, реті келгенде мақтау сөздерін аяған емес. Түбінде осы шаруаның да, мал-жайдың да иесі өзі екендігін сөз арасында айтып отырады. Көршілері де балаларына Айдарды үлгі етіп сөйлегенін естіп жүр.
...Алдыңғы жылғы қыркүйектің аяғында ауылдың бір топ ешкісі өрістен оралмады. Мал түгендегендер қасқыр тартты, не желдеп кеттіге жорыды. Ауылдағы ешкісі бар тұрғындар шарқ ұрып іздемеген жер қалдырмады. Бір топ ешкінің арасында бұлардың қызыл тұсағы да кетіп еді.
Жоғалған малдың ажал айдағаны ауылдың арқа тұсындағы екі төбені асып, атамзаманғы иесіз көне қыстаққа дейін жететін. Ол жаққа барған мал әлі күнге сау оралып көрген емес. Екі сайдың ар жағындағы ескі жұртты иеленіп, емін-еркін жайлап алған ит-құс аман жібермейді. Әсіресе, бошалап кеткен буаз малға обал-ақ. Төлі де, өзі де аш қорқаудың арсыз аранының құрбанына айналады. Мал жоғалтқан жоқ іздеушілер көлікпен бірнеше адам қаруланып барып, ит-құсқа жем болған малдарының өлімтігін тауып, мал доғдырға акт жасатып жүргені.
Бірен-саран бөлініп кеткен ірі қара мен қой-ешкінің ажалдысына күз болса, шағыр мен жантағы қураған осы қара төбенің баурайы ақырғы өріс болды. Желдеген бір топ ешкі мен қызыл тұсақ не тірідей табылмады, не өлімтігі қара төбе жақта да жоқ болып шықты. Зым-қайым жоқ.
...Сөйтіп, желдеп кеткен отыз ешкіге отыз бірінші болып ілесіп кеткен қызыл тұсақтың хабары он төрт күн дегенде шекаралас жатқан Ресей жерінен келді. Астрахань облысының бір малшысы желдеген ұсақ малды қайырып әкеп, қораға өз малымен қосып байырқатып, шаруашылық басшылары арқылы шекаралас жатқан біздің ауылға хабарлапты. Ауыл басшылары о жаққа арнайы көлік жіберіп, малдарын таныған иелері мәшинаға отыз ешкі мен бір тұсақты тиеп, көңілді оралған.
Қызыл тұсақ... үйдегі жеті қойдың ішіндегі «жамансары» атанған кәрі саулықтан туған қозы. Алдыңғы аяғының тұяқтарының бірі өсіңкіреп, ақсап басатын бозшулан кәрі саулықты әлдеқандай бір қаделі жиынға көрші ауылда тұратын ағайынның бірі әкелген. Әжем «бұл шіркіннің сойғанда несі ас болады, сірі шандыр ғой, әбден қартайған» деп, сойдырмады. «Біреуге беруге апарған үйден ұят, жүре берсін» деп мамам ешкімге бергізбеді. Сонымен, жетінші қой санатында жүріп, «жамансары» бір күні түр-түсі қоңыр деуге келмейтін, ауылда бұрын-соңды бұл көрмеген күрең қызыл түсті сүп-сүйкімді қошақан туды. Қозысы өте ширақ. Енесінің емшегінен сүт шықпады. Қызыл қозы телу-мелуді күтпестен, егіз лақ туған ақ ешкінің бауырына жармасып, қабаттасып жүріп күнін көріп кетті. Ешкі жарықтық қарсылық етпеді. Үлкендер жағы бұған таңырқасты да қойды. Шалақұрсақ қозыны аяп, арасында емізікпен сиырдың сүтін берді.
Қызыл қозы... қорадағы қойдан гөрі сақалды тұқымдастарын көбірек сағалап өсті. Енесінің бауырына бүйірін тақап ұйықтағаны болмаса, қалған уақытта секірсе лақша секіріп, сүзіссе - сүзісіп, сүйкімді ширақ қозы солардың арасында өсті. Қызыл тұсақ – ешкімен бірге желдеп, одақтас көрші елге «сапар шегіп» қайтқан сол қызыл қошақан. Биыл ол тұрқы кесек, арқа-басы көз тойдыратын қызыл саулық болды. «Қызыл тұсақ» аты сонда да қалмады. Енесіне тартпаған бозшулан қозы туды.
Ауыл ешкісі желдеп кетіп, жұртты әбігерге түсірген күзден бері әркім өз қорасындағы азғантай жандығын көзден таса етпей бағатын болды. Күз түскелі балаларға мектептен оралысымен бір уақыт ойынды азайтып, бақташы бола тұруға тура келген...
Айдардың үйі қаз асырағалы бала бұл міндетін құлықсыз атқаратын болды. Әдемі ойыншығы үйде қалғандай, ылғи алаңдап тұрғаны. Есі-дерті үй жақта, сүп-сүйкімді қаздың балапандарын жақсы көреді. Ылғи да көруге асығып тұрады. Төрт жасар інісі болса, ата қаздың мінезін байқағаннан бері бастапқыдай емес, ағасымен дауласуды да қойды. Тіпті, біраздан соң қызығушылығы басылды. Мұны көргенде балапандарын қорғаштап, өршелене ысылдап, мойнын аямай созған атақазды ызаландырып, өзіне қарсы тап-тап беретінді шығарды. Мұның жақсылыққа апармайтынына ақылы жетпейді. Ойына кіріп те шыққан емес. Байқағанмен, бұл да балалықпен мән бермеді.
... Бүгін Айдар сабақтан соң үйге жақындағанда бұлардың үйінен алыстап бара жатқан Жәкентай ағаның көк трәктірін көрді. «Е, Әдия әпкем келіп-кеткен екен» деді іштей өзіне өзі. Аулаға күндегі әдетінше атақаздан сескене сақтана кіріп келген бетінде Айдар кең ауланы еркін иемденген атақаздың үйірі тұратын алаңға көзі түскені сол еді, сілейді де қалды. Балапандар да, қаздар да көрінбейді. Төңірек тып-тыныш. Бір көңілсіздіктің жайлап алғанын сезді.
Асүй жақта жүрген анасы мұны көргенде әдеттегідей «Айдарлым, Айдаршөгім» деп айналып-толғанбады. Әлдекіммен самарқау сөйлесіп жүр. Әдия әпкесінің «Қаз құтаймайтын босаға болады деуші еді. Баланың ұрыншақтығынан көрмей, жазықсыз мақұлықтың басын шабуға несіне асықтың? Қаз талағаннан өлген баланы естігем жоқ. Құс та болса о баста азыққа жаратылғаны белгілі. Әй, дегенмен, ас-су үшін басы шабылған қаздың жөні бөлек емес пе? Ол да баласын қорғамақ болған-дағы...» дегенін анық естіді. Інісі де ерекше моп-момақан бола қалыпты.
Ауланың түкпіріне таман самауыр салатын жерде отын шабатын кеспелтек томарша жататын. Самауырға тамызық жаратын кішкене балтаның қасында басы шабылған атақаз жатыр жайрап...
Айдар ауладан атып шығып, ұзап кеткен көк трәктірдің артынан көңілсіз ұзақ қарап тұрды да, көзінен ытқып шыққан жасты қолының сыртымен сүртіп тастап, басы салбырап аулаға қайта кірді.