Үш қиянды шолдым кең,
Кеңіп бара жатты менің сонда іргем.
Ақсораңнан шығып едім, қайтарда,
Ақтөбенің үстіртіне қондым мен.
Маң-маң басқан түйесі,
Сахараның Құдай қосқан иесі.
Төбеде – Күн,
Табанында – көк теңіз,
Осы жердің елден ерек киесі!
Төбеде – Күн,
Төменінде су ағып,
Сахараның сайын төсін суарып;
Құрманғазы күй боп туып бұ жерден,
Симфония болып кетті Жұбанов!
Осындағы әр бұтаның,
Әр тамырын мен де кие тұтамын.
Ол болмаса, Өтежандар туа ма,
Өзегінен өрге шашып жұпарын?
Маң-маң басқан түйесі,
Сахараның Құдай қосқан иесі.
Төбеде – Күн,
Табанында – көк теңіз,
Осы жердің елден ерек киесі!
Жүзін Алтай-Алатауға беріп бір,
Аласұрған өңшең ерен, ерікті ұл!
... Ақсораң-ай, жүрегіме от ұрынып,
Осы үстіртте қыстап қалғым келіп тұр...
***
Жанын жасынға жаныған жұрт едік.
Көшін ұзатып тұрған шал —
Ақтамберді дейтін асыл-ды.
Түбім — Күлтегін,
Төңірегім — Біржан сал,
Қаным — Қасым-ды.
Вискиді сіміріп, жүзімнің өзін жүре жеп,
Кімге керек деп мына сор?
Шәміл екеуіміз базар басқарып жүрер ек,
Ол — тауға кетті...
Мен — дауға кеттім.
Кінә-сол!
Қап тауында үйірлі қасқырмен қоса өріп,
Етектен — кәуір, құзынан — дауыл соққылап,
Тауда жүр Шәміл қар кешіп, көк мұз төсеніп,
Мен елде жүрмін.
Жетісіп жүргем жоқ, бірақ.
Төменде — ел.
Тәңірі — төбемде.
Өртеңге кіріп, өртенді менің өзегім.
Базарға бармай, бағымды сынадым өлеңде.
Өзбекстан емес, өйткені, мынау – өз елім.
Өртеніп барады өзегім...
***
Мен пәктікпен тел өстім,
Бірге өлеміз өлсек те.
Бақа-шаян емеспін,
Батпағыңды көрсетпе!
Көлеңкеде салқындап,
Пұл сатқам жоқ базарда.
Керек емес алтын тақ,
Керек емес казарма.
Керек емес маған түн,
Баскесерлер басынған.
Қолы керек анамның
Сипайтұғын шашымнан...
Көргенім жоқ аз ылаң.
Сау жер бар ма өңірде?
Оңбағаннан қажығам:
Олжас керек өмірге!
Түскен емес көзіме ақ,
Жерік қылып жер-ғалам.
Парижіңді өзің ап,
Сарыарқамды бер маған!
Құрсақта да жатып ек,
Соны ұғатын ер керек.
Екі метр ақырет,
Екі метр жер керек.
Керек маған гүл елі,
Жоқ жоқтауы, азасы.
Ғашығымның жүрегі.
Ғасырымның мазасы...