Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: «МЕМСЫЙЛЫҚТЫҢ БӘСІ ҚАНДАЙ?»

Алда, үлкен жарыс. Мемлекеттік сыйлық жарысы. Осы сыйлыққа ұсынылып жатқан Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» романы туралы  сөз қозғасам деп едім. Әлхисса, сөзімнің басын  екі жыл бұрын «Әдебиет порталына» шыққан сұхбатымнан бастайын. Мынадай сұрақ қойылды маған: «Маржан,  «Бопай ханым» поэмасын  жазу барысында қандай деректерге сүйендің? Көркем шығарма болғасын көркемдік шындыққа көбірек бағытталады ғой. Ал сенің поэмаңда тарихи шындық қаншалықты? Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастанында және Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» романында «Бопай ханымның Барақ сұлтанға шығарған үкімін Шотан батыр бастаған елге айтуы» деп, «Барақ сұлтанды осылай масқаралап жазалаңдар» деген сөздері айтылады.

«Сенің поэмаңда бұл көріністер басқаша сипат алған. Сонда қай шығармада тарихи шындық көбірек?» деген. Жауабым мынадай болды: «Архив құжаттарында Бопай ханымның күйеуінің кегін алуға «аттандатпай», Барақ сұлтанды жазалауда билер кеңесіне арқа сүйегені және оны орыс әкімшілігі арқылы заңдастырып алуға тырысқаны жазылады. Өйткені Бопайдың иығында жеке басының тағдыры емес, елдің тағдыры тұрды. Егер Бопай ханым Светқали Нұржан мен Мәди Айымбетов жазғандай, әйелдік қызбалыққа салынып, екі білегін сыбанып, «шашыңды жұлдырам қу Барақ, кегімді алам» деп долданып отырар болса, хандық шашылып кетер еді.Саясат лирика емес қой. Билікті ұстап қалу үшін, арбаның дөңгелегін алға қарай жүргізу керек екенін Бопай ханым дер кезінде жақсы түсінген. Бопай ел ішінде неге сыйлы, құрметті болды десек, оның осындай ақылды батыл шешімдерінен іздеу керек. Ал «Шотан батыр бастаған адай батырларына Бопай осылай депті» деген әңгіме ел ішінде аңыз түрінде таралған. Мүмкін бұл әу бастағы ақын Светқали Нұржанның ақындық қиялынан туған да болар. Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастанында осы оқиға бар. Мәди Айымбетов романында осы сюжетті жерден жеті қоян тапқандай баяндап беріпті. Бұл сюжеттен Бопай ханымның көсемдігін көре алмаймыз ғой. Шыны керек кейбір ер жынысты қаламгерлер әйел тақырыбын жазғанда , ақыл-парасат, батырлығынан гөрі әйелді эмоциялық жағынан көргісі келеді. Мұндай қасиет Роза Мұқанованың шығармаларында да бар. Архив құжаттарында: Орта жүз бен Кіші жүздің беделді би-сұлтандары мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана, Бопай ханымның орыс патшайымы Елизавета Петровнаға, бригадалық генерал А.И.Тевкелев пен Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевке өтініш хаттар жолдағаны айтылады. Нұралыны «Қырғыз-Қайсақ ханы» етіп бекіту туралы Елизавета Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.П.Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдағаны жазылады. Бопай ханымның саясаттағы жеңісі осылай басталған ғой.
    Жазушы –драматург Роза Мұқанова да «Бопай ханым» тақырыбында драма жазды. Розаның драмасында Бопай ханым «Жүрегімнің түгі сен екенсің ғой, Әбілқайыр»дейді. Сөздің құрылысы қалай ? Қазақ «жүрегінің түгі бар адам» деп айтады. Біреудің жүрегінің түгі біреуде болмайды. Жүрегінің түгі - батылдық деген қасиет адамға туғанда қанмен дариды. Және де ол заманда Бопай ханым «Әй, Әбілқайыр!» демеген шығар, «Хан ием» деп сөйлеген шығар логикалық тұрғыдан ойласақ. Роза Мұқанова еркекше жазады-ау?! Бопайдың аузына салған осы сөзде ,«бейшара-ау, мен болмасам сен кім едің?!» деген бір мысқыл – еркектік  пиғыл жатқан сияқты. Сосын драмада Ресейдің әйел патшасы жіберген маталарға да кетәрі емес пенделіктің нышанын да көрсетеді екен Бопай. Осы эпизод мені ойлантты. Бопай мен Әбілқайырға қатысты жинақталған барлық тарихи деректерді оқып шықтым. Ресей архивтеріндегі табылған деректің ешқайыссында да Бопай туралы жаман сөз айтылмаған тарихшылардың жазуынша. Бопай Бопай ғой, Р. Мұқанова жазғандай « мата-сатаға қызықса , елдің мүддесін мата-сатаға сатып жіберген» деп жазылар еді архивте.«Қатынның өзі қартайса да кегі қартаймайды» - бұл сөз де Бопайдың портретіне сай емес. Сосын драмадағы тақ үшін талас: Шешелері бөлек Әбілқайыр ұлдары Нұралы мен Шыңғыс! Тақ үшін Бопай мен Әбілқайырдың қалмақ әйелі арасындағы тартыс деп көрсетеді. Бопай мен Шыңғыстың шешесінен Хюррем мен Махидевран (Сүлейман сұлтанның әйелдері) сахнасын ойдан құрастырудың қаншалықты қажеті бар? Ресейдің архивтеріндегі құжаттарда Әбілқайырдың төрт әйелі болса да, әйелдерінен тек Бопайдың ғана аты жазылған. «Әбілқайыр сен бар қателіктеріңді өліміңмен жуып кеттің де, ауыртпалықты маған арқалатып қойдың» тістену мен күңірену де Бопай табиғатынан алшақ жатыр. Бопай ханымның қойнына айбалта тыққан да сәтті шешім емес. Өйткені , Бопай Еланасы ғой, көкайыл , көкбет емес. «Бопай ханым» драмасымен  Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған жазушы-драматург Роза Мұқанова :« Бопай ханым – қазақ әйелінің жиынтық образы деуге болады» депті  бір сұхбатында. Жиынтық образ дегеннен шығады. Итбайды жиынтық образ дейміз. Итбайлар толып жатыр, ана жақта да, мына жақта да. Ал Бопай қалай жиынтық образ болады? Бопайлар көп пе? Ол даралығымын ерекше тарихи тұлға. Біз тарихымызды түгендеп жатқан елміз. Өз жолымызды, ата-бабамыздан қалған дәстүрлі жолымызды танып- біліп қастерлеген абзал емес пе?! Роза Мұқанова бұдан бұрын «Фариза» драмасында орда бұзар отызында «Юбка киген Махамбет» атанған от мінезді ақын Фаризаны да жер бауырлатып жыланшақ , ызақор бір шөпжелке қыз ғып көрсетіп еді. Сахнадағы бұл бейне Фаризаның бейнесі емес. Шындығын айту керек, Розаның жақсы шығармалары да бар ғой , мысалы «Мәңгілік бала бейнесі» 20 жылдан бері сахнадан түспей келе жатыр. Соған қарағанда Роза Мұқановаға географиялық жағынан алғанда туған өлкесінің дүниесі, адамдары жақын сияқты жанына. Ал Бопай ханым да, Фариза ханым да бір асаулар ғой, сырын білмесең сыртынан жүрме дейтіндей. 
     Биылғы Мемлекеттік сыйлыққа  ұсынылып отырған  жазушы Мәди Айымбетов те белгілі қаламгер. Бірнеше кітаптың авторы. 2021 жылы «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы аясында «Балалар әдебиеті» жанрында «Бар болғаны он төрт жас» кітабы Жыл кітабына таңдалды.
Ал енді Мәди Айымбетовтың « Бопай ханымы» туралы айтайық.
Романның прологы Бәтиманың дүниеге келуімен басталады. 7-12 бетке дейін Бәтима боп жүреді де, 13-беттен әрі қарай «Бопай» деп жазылады. Неге Бопай? «Жас жеңгесі Бопай депті, содан Бопай атанып кеткен» дейді автор. Бұл сөз оқырманды иландырмайды. Осы арасын анықтап жазуы керек еді. Әрине ел арасында Бопайдың Бәтима деген де аты болған деген сөз бар. «Сүйіндіктің Қанай , Бопай деген қыздары болған , қазақтың баланың аттарын бір-біріне ұйқастырып қоятын әдеті бар ,соған қарағанда туғаннан Бопай болуы да әбден мүмкін» деген деректер де бар емес пе ?! Романда 1-тарауда сол Бәтима-Бопай батыр қорамсаққа қол салып, қалмақтармен шайқаста жүреді. Бопай туралы ел ішіндегі деректерде емшілік, оташы қасиеті болғаны туралы айтылады. Емшінің қолына қару алып , соғысып кетуі біртүрлі сенімсіздеу. Бопайдың сол батырлығы , өршіл мінезі неге романның кейінгі тарауларында Әбілқайырдың көлеңкесінде қалып қойған. Ел бірлігі, жер тұтастығы үшін күрескен мәмлегер, саясаткер Бопай ханым 2-тарауда , 43-беттен бастап соңына дейін қонақтарды күтіп алу , күтім-бабын жасаудың бастығы ретінде, қазаншы кейпінде көрінеді. Әбілқайырдың Бопайдан басқа екі әйелі болған ғой, оларға жұмыс қалмаған ба? Деректер бойынша Әбілқайыр Бопаймен ел істерінде ақылдасып отырған. Халық Кеңесі, Құрылтайға ертіп барған. Хаттама бойынша әуелі хан, ханнан соң Бопай ханым сөз алып отырған деп жазылмай ма архив материалдарында? Тіпті мынандай дерек те архивте бар ғой: «1748 жылы Кіші , Орта жүзден 500-ге жуық белгілі сұлтан, би,батыр, старшындар қатысқан Кеңесте Әбілқайыр хан қазақ-орыс қарым-қатынасындағы басты мақсатым «өзім үшін емес, қазақ халқының пайдасы мен тыныш өмірін қамтамасыз ету» дегенде ханды мойындамай , айқай-шуға басқан көпшіліктің көңілін Бопай ханым орынды сөз, салмақты ойларымен орнына түсіреді. Сол жазбада : «Бопай ханым сөзіне жиналғандардың ешқайыссы жауап қайтара алмады, керісінше оның айтқанын толық растады» деп жазылған ғой. Романның 49-бетінде : «1731 жылдың 19 ақпанында Әбілқайыр ханның ордасын өз империясының құрамына қабылдау туралы патшайым Анна Иоанновна грамотаға қол қойды. Қазақтарды осы грамотамен таныстырып , қол қойдырып алу рәсімі генерал А.И.Тевкелевке тапсырылды» деп жазылады да, елдің алып-қашпа сөздерінің диалогы беріледі. Автор М. Айымбетов осы жерде тағы да тарихи шындықтан айналып кетеді. Осы сапар туралы орыс тарихшысы А.И.Левшин : «Бопай ханым өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті. Әдетте әйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай ханымның жеке мөрі болған. 1731 жылы А.И. Тевкелев бастаған патшайым Анна Иоанновнаның елшілігі келген кезде, Бопай бірінші болып өз мөрін басқан еді »-, деп жазды емес пе?! Сол дерек, Бопайдың сол мәмлегер қайраткерлігі романда жоқ. 
     Романда А.И. Тевкелев бастап келген бұл оқиға былай суреттеледі: « -Хан ием, мыналардың алып-қашты дабырынан өрт шығып кетіп жүрмегей! Мәнтөбенің баурайында қаптаған мына жұрт өре түрегелгендей болса... Бопайдың ескертуіне Әбілқайыр оншалықты мән бергісі келмеді» 50-бет. 
«Әбілқайыр да, Есет те жеріне жеткізе айтты. Бопай осыған іштей тәубе деді» 54-бет. Әлгі тарихшы-саяхатшы А.И.Левшин жазған  Бопайдың мөрі қайда қалды деп ойлайсың. Осы тұста автор Бопайды тым төмендетіп жіберген. «Оның ескертуіне Әбілқайыр мән бермейді, Есет жеріне жеткізе айтты. Бопай соған мәз»деп ?! 
   3 – тарау, 59-бетте мынадай сюжет бар. « -Хан иесі, бүгін әлдебір күйде алаңдаулысыз ғой. Нендей жайсыздықта отырсыз?.. Жұқалау әдемі езуінің ұшына үйірілген ойлы да, сұраулы жымиысты Бопай өзгелерге аңғартқысы келмегендей ,Әбілқайырға жүзін сәл ғана бұрды. Хан жауап орнына қабағын сәл жазып, Бопайды көз қиығымен бір жанап өтті де, ұлына қарап: -Кәні, әне бір кішілеу сақаңды хан сайла, «Ханталапай» ойналық ,балам»,-деді ұлын еркелете , күлімсірей сөйлеп.Бопай аппақ, ашық жүзі сәл ғана тұнжырай түсіп ,ойланып қалды». Бұл сюжетте хан ордасында Джон Кэстль, Бөкенбай би, Мырзатай батыр, Нұралы т.б адамдар отыр. Автор шолақ ойлайды. Оның ойынша Бопай сұрағына Әбілқайыр жауап бермейді екен. Логика қайда? Егер Әбілқайыр жиналған жұрт , шетелдіктің көзінше Бопайдың сөзін сөз санамаса, Бопайдың ел алдындағы абыройы қайдан болады? Және Хан ордасындағы кеңесте не отырыста баланы кіргізбеген. Ханталапай ойыны да автордың ойлап тапқан арзан ойы. 74-80 беттерде Д.Кэстль салған Бопайдың суретіне таңғалып жатқан экспедиция комиссары И.К.Кирилов, одан кейін орыс патшайымы. «Аса мәртебелі Кирилов мырза! Хан ставкасына кереметтей ақыл-парасатымен билігі жүріп тұрған адам дер едім. Әрине Әбілқайырдан кейінгі ғой» дейді Кэстль. Осы сөздер тіпті келіспей тұр. Бопайдың «Хан ставкасына кереметтей ақыл-парасатымен билігі жүріп тұрған тұлғасы» романда Кэстльдің көзіне көрінген жоқ, көргені орда ішіндегі «Ханталатайдағы» көрініс. Бопай сұрақ қояды, Әбілқайыр оны адам екен деп жауап қатпай баласымен ханталапай ойнап кетпей ме?! Одан кейінгі тарауларда да Бопай ханым бір көнбіс, үндемес, жұрттың көңілін сол бір кымыз баптап табушыдай көрініп жатады. 
   Романда сюжетіне келіссін-келіспесін, әйтеуір Ботагөз, Ноғай қыз, Ақбілек,Тойғара деген қыздардың тағдырымен таныс боламыз. Автор бұл қыздарды тәптіштеп жазыпты. Романның соңғы тарауында «Ендігі жерде тірлігіңе түптің түбінде қам жасайтын болсаң, осы төбе ордаңның іргесі болуға әбден лайық, Нұралы!» «Анасының іске аса қоюы екіталай тілегіне өз пайымын айтқысы келген Нұралы іштен тынып, үндемеді, иә деп те мақұлдамады» 214-бет. Бопай ханым - жай үй шаруасындағы әйел емес, тарихи-әлеуметтік, саяси жағдайды бағамдап, Әбілқайыр кезінде де, одан кейін де ел басқару ісіне араласқан, тарихта мәмлегер, саясаткер, қайраткер деген аты шыққан адам. Сол кезеңде сыртқы-ішкі жағдайды біліп тұрып, баласы Нұралы ханға осындай сөз айтуы мүмкін емес. Бірақ Мәди Айымбетов мырза мүмкін қылады, бірақ онысы өте күлкілі шыққан түсінгенге. Бірақ кітабының соңғы жағында Мәди ағамыз қысылған сияқты. Авторлық баяндаумен мынаны баяндайды: «Бопай ханым деген аты барша қазақтың аузында жүрді. Ел мен елді бітістірудің мәмлегерлік амалын Әбілқайырдан соң мұрагерлік жолмен хан болып сайланған ұлы Нұралыға үйретті, халқынан алшақ кетпей ,ел басқарудың бағытынан айнымауға зер салды» 217-бет. Бопайдың кесек образы романда ситуацияларда ашылмаған соң, бұл авторлық баяндаулар оқырманды тебірентпейді де сендірмейді. М.Айымбетов « Орыс тарихшысы Ирина Ерофееваның зерттеулеріне сүйендім» депті сұхбатында. И.В. Ерофеева жазбаларында: «Әбілқайыр мен Бопай ақыл-ойы мен сезімі жарасқан жарасымды жұп» деп жазған. Өкінішке орай кітаптан ондай ақыл-ойы мен сезімі жарасқан жарасымды жұпты көре алмаймыз. Романның бәріне тоқталу менің мақсатым емес. Бірақ мына бір 192-195 беттерге тоқталғым кеп тұр. Тарих бұрмаланғаны туралы айтқым келеді. Бұл жерде Шотан батыр мен түркімен батыры Оғылша арасындағы жекпе-жек туралы жазғанында автор тарихи шындықтан тағы да алыс кеткен, жекпе-жек бұл екі батыр арасында болмаған. Жекпе-жек Оғылша мен Рысалы батырдың баласы Жанұзақ батыр арасында болған. Адайлар мен түркімендер көршілес отырған ел болғандықтан, олардың арасында жер, барымта мен қарымта үшін соғыстар болып отырған. Бұл оқиғаларға Нұралы хан мен Иранның Нәдір шахын араластырып қоюдың қандай қажеттілігі бар? 
    Менің «Рысалы батыр» поэмамда осы жағдайлар , түрікмен батыры Оғылша жайы суреттеледі. Рысалы батыр кім десеңіз , XVIII ғасырда Маңғыстау, Үстірт, Жайық-Жем бойында қазақ елінің азаттығы үшін күрескен атақты батырлардың бірі – Адай – Жары - Рысалы Жетімекұлы менің бабам. Шотан батыр бастап барған түркімендермен болған ұрыста 16 жасар Жанұзақ та болған екен. Бұл өзі Рысалы батыр қартайыңқырап, көз жанары кеми бастаған тұс болса керек. Ұрыста жекпе-жекке түркіменнің Оғылша, қазақтан Шотан батыр шықпақ болғанда, Жанұзақ жол сұрап, Оғылшамен жекпе-жекке шыққан екен. Бұл кез Бекет атаның алғашқы зайыры елде біліне бастаған уақыт дейді. Жанұзақ батыр әулие құрдасы Бекетке сыйынған. Сонда Шотан батыр батасын беріп тұрып, былай деген екен: «Оғылшаның сауытының көзі тамағының астында, найзаңды сол араға саларсың». Екі жақ найзаларын кезеніп, бір-біріне қарсы шапқанда, Жанұзақтың найзасы көздеген жерге дәл тиеді. Оғылшаның найзасы Жанұзақтың алақанына кіріп, ұшы қолында кетеді де, аты соғысқанда құлап, бір аяғы атының астында қалған екен. Сонда Жанұзақ «Иә, Бекет» деп тебініп, аяғын суырып алған екен дейді. Бағанағы алақанға кірген найзаның ұшы оңайлықпен алынбайды, қыл арқанмен атқа сүйреп тартқанда, Жанұзақтың дауысы шығып кетеді. «Бір тікенге бола дауыс шығарып елдің алдында абыройыңды төкпе» деп Шотан ағасы Жанұзақтың арқасынан қамшымен тартып-тартып жіберіпті», – деп шалдар күлісіп айтып отыратын делінеді бізге жеткен деректі әңгімелерде. М.Айымбетов романында  бар тарихты бұрмалап ,Оғылша мен Шотан батырды жекпе жекке шығарып қояды. Бұл жері ұтымды шықпаған романда. 
     Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» - деген еді. Құптаймын. Жаңа Қазақстанда Жаңа Әдебиетті бірге құрайық дегім келеді. «Анау пәленбай сыйлықтың иегері, мынаның қолдаушысы төбеде отыр ғой. Не жазса да, қалай жазса да , бәрібір емес пе? Жарысып –жағынып мақтай берейік» деген ескі көзқарастан арылатын шақ келді. Автор шығармасын емес, шығарма авторды төрге сүйресе, автордың өзі емес, шығармалары сынға түссе, жаңа әдебиет деген сол деп білем. Әдебиетте байсың ба, кедейсің бе, жассың ба, кәрісің бе, бастықсың ба, жай мамансың ба деген ұғым жоқ. Шығарманы бай не кедей , жас не кәрі, бастық не жай маман тудырмайды, талант тудырады. Талантқа бәйге емес, шын өнердің бәсекесі керек. Сонда әдебиет дамиды. Жаңа Әдебиетті қолдайтындар да, қолдамайтындар да болуы заңды құбылыс. Осы «Бәке , Сәке» деген ескі әдісімізге үйреніп қалдық қой, осы ескі әдісіміз өзімізге жақсы, осы жолымыздан танбаймыз деушілер де табылар. Қазір адамға сипаттама былай берілетін болған сияқты елдің сөзіне қарасаң: Анау өзімшіл, мынау жағымпаз, анау парақор, мынау қорқақ, анау суайт, мынау пиаршыл т.б. Осылай деп бір-бірімізді сөз етіп жүре берсек, тарихта өзінің орнын алған ардақты тұлғаларымыздың әдебиеттегі көркем бейнесін де кісі күлерлік жағдайға жеткізетін түріміз бар-ау. Тарихи тұлғаларымыздың Әдебиеттегі бағасы дұрыс берілуі керек. Әйтпесе тарихын толық танып білмеген оқырманды адастырамыз.  Сол үшін де мен «Бопай ханым» деген поэма жазып , кітап шығардым. Әдебиетте әділетсіз жазылып жатқан «Бопай ханым» бейнесін поэмаммен қорғағым келді. Сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын.  Және де айтпағым, шығармалары ойқы-шойқы болса да, Роза Мұқанова Мемлекеттік сыйлықты алды. Мәди Айымбетовтың  қолдаушысы мықты болса, бұл кісі де алар Мемсыйлықты...