Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Нұрлыгүл Ғалымжанқызы: «Аймен сырласу» Эссе

Сол жұлдыздарды сағындым...
    Папам біз жататын бөлменің төбесіне, түнде жарқырайтын жұлдыздар жабыстырып берген.  Әрдайым ұйқыға кетер кезде көз салып жататынбыз. Үйге құрбым келгенде терезенің бәрін жауып: «Қара, түнде бұдан да  қатты жарқырайды» деп мақтанатын едім. 
  Тағы да бір жұлдыздар бар. Ауылдың түнінде аспанға  маржандай шашылған гауһар тастар.  Бір жұлдыз ақса, арманымды ілестіріп жіберуге тырысам. Ойша сол жұлдызға мінгізіп, «тілегім Құдайға жетсе екен» деп ойлайтынмын. Кейін бұл сенімім бұзылды.  Жұлдыз ақса, арман орындалмай, керісінше адам қайтыс болады екен.  Содан соң «Қап,  кім өлді екен?» деп өзімше қайғырып қоятынмын. Артынша: «қайырлы болсын» деп көңіл айтуды үйрендім... 
  Есейген соң, сырғып түскен жұлдыз періштенің шайтанға лақтырған тасы екенін білдім. Бір-бірінің үстіне мінген қара пәлелер тың тыңдамасын деп, Жаратқанның көмекшілері сыр жасырады екен.
   Шолпан жұлдыздың өзі неткен ерекше еді? Мектепке азанмен шыққанда, күншығыстан алаулап шығып келе жатқан күннің шапағымен алқызылға боялған  аспанның танамоншағы секілді тұрушы еді. Мен оны аяп: «Жалғыз ғой. Досы жоқ болар» деп ойлайтынмын.
    Ал, жеті қарақшы - мен үшін  нағыз зұлымдар.  Олар Үлпілдекті жер бетінен алып қашып кеткен ұрылар екен. Оңбағандар-ай!   
   Айға қарау -  ең алғаш рет тылсымды сезіну. Түнде шынымен су бітіп, бұранға шелек тасып шешем екеуіміз шықтық. Ішімнен «Айдың қатігез екенін біле тұра, суға неге шықтық екен? Тез қайтайықшы» деп тілеп тұрмын. «Егер ай маған толық жарығын түсірсе, мен үйге қарай қашамын да, есікті жауып аламын» деп жоспар құрғамын. Кейде біреуге ренжісем, терезеге қарап: «мені алып кетші» деп жылайтынмын. Ай бетінен көрінетін қыздың есімін «Айгүл» деп ойлайтыным да рас. Айтқандай, бір күні қолыма ұрғашы сүйел қаптады. Мұрнымның жанына бір сүйел сүйкеніп тұрып алды. «Айға көрсетсең, таңертең жоқ болады» дегенді естіген мен, далаға шығып алып, «Ей, ай, қарашы! Менде әдемі сүйел бар. Ал, сенде жоқ! Ім-нәәә» деп тілімді шығарып, мақтанып алдым. «Барлық адамның дағын, сүйелін көре  алмай ұрлап кеткесін, ешқашан толық аппақ болмайтын шығар» деп пайымдап та қойдым. Дегенмен, ай менің сүйелімді керек етпеді.  Қара жерге барып, ырым жасадым. Қара жер керек етіп, маған бір сүйелді естелікке қалдырды да, қалғанын қабылдады. 
    Төсекке тап-таза болып, шаршап ұйықтасын деп шешеміз ақшамнан соң, құптан таяғанда моншаға апаратын. Моншадан шыққан кейін үйге қарай жүгіремін. Ай менімен жарысады. Бірақ ол  ешқашан сөйлемейтін. «Маған сенбей ме? Неге сөйлемейсің. Ешкімге тіс жармаймын. Сөйлеші» деп ренжимін. Бір күні Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты. Біз онымен кездестік. Аға онша көп сөйлемейді, сабырлы. Ал Тоқтар Әубәкіров өзге ғаламшарлықтарды көргенін айтты ғой. «Мына ғаламшардан шығып, екінші ғаламшарға барған адам неге сондай суық? Мен болғанда ғой. Айды тас етіп құшақтап, бәріңді айтып беруші едім. Тентек немересі үшін бізге ұрысқан әжені, өз анасын ұрған көршіні, арақ іше беретін ағаларды, бәрін-бәрін айтып беруші едім. Мен мына әлемді сондай таза деп ойладым. Үлкендер қызық. Оларда ақша, қалау, ерік бар.  Сонда да көңілсіз» деп шағымданар едім. 
    Сен кінәлі емессің, айым. Аспанның үлкен  жарқырауығы. Әрине, өскен соң бәрін түсіндім. Бірақ…. Бірақ мен сені әлі де жақсы көрем.  Сен мені түсінесің ғой, иә? Сен Айгүлді де бекер алып кетпедің.  Түн ішінде суға шыққан жалғыз қыз.  Ол сондай мұңды болған ғой. Сен дұрыс істедің. Одан да сенімен сырлассын. Ай, жаным,  маған алғаш және соңғы рет тіл қатшы! Роза Мұқанова сенің әткеншегіңде отырған қызды «Ләйлөк» дейді. Ол Айгүл ме? Әлде Ләйлөк пе?
  Аспан әлемі менің сүйіктім еді, сүйіктім…