Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Ардақтым НИЕТҚАЛИЕВА: «Қар қызының оралуы» Ертегі

Қалаға кеш түсіп келе жатты. Күн батысқа таяп, жалқын қызыл сәулесімен дүниені шарпыған шақта шаһардың шамдары жарқ етті. Бір мезгілде жанған әртүрлі шамдардың жарығы қаланы жарқыратып жіберді. Алуан түрлі шыныдан киім киген шаһар ғимараттары өздерінің көркіне көздері сүйсінгендей, кеуделерін тәкаппарлана көтерісті. Ал, бұл кезде, он сегіз мың ғаламның бір шетінде, жеті қат аспаннның бір бұрышында Қар қызы ұйықтап жатқан еді. Кенеттен әлгі шаһардың жарқырауық шамдарымен шағылысқан шыны терезелердің сәулесі оның кірпіктерін қозғап өткендей болды. Қар қызы оянып кетті.
        Оянып кеткен Қар қызы ешнәрсені түсінбестен жан-жағына қарады. Бұл кезде күн көкжиектен әрі асып, көзге көрінбей кетіп еді. Әлгі тәкаппар үйлері бар қаланың жарығы Қар қызын қызықтырды. 
-    Көп ұйықтаған екенмін, - деген ол кереуетінен түсіп, жерде бейберекет шашылған ақ ұлпа қар жұлдызшаларынан құралған киімдеріне қол созды. Қардың жұлдызшалары төменде мың-миллион бояумен сан құбылған қаланың жарығына шағылысып, жалт-жұлт етті. Қар қызы кереуетінің бас жағында тұрған сыбызғысын қолына алды. Сол-ақ екен, жаңағы жым-жырт әлем ғажайып саздың ырғағына билей жөнелді. Сыбызғының мұңды әуенімен билеген қар түйіршіктері әп-сәтте жарқыраған шаһарды әппақ қарға орады. 
Қар қызы болса, сыбызғысын одан әрі сыңсыта түсті. Өзі де ақ бұлттардың бір шетіне отырып, ақ мұнар басқан қаланың о шеті мен бұ шетін көзімен шолды. Қандай ғажап, ақ қар жауған тылсым түнде адамдардың бәрі күндізгі жұмыстан шаршап, үйлеріне оралған. Бірі ата-анасына асықса, бірі балаларына асыққан адамдар көшелерде асығыс кетіп барады. Олар қаншама асықса да, Қар қызының сыбызғымен сыңсыта салған әуеніне құлақ түрді, біреулері балаша қуанды, енді біреулері бақытты шағын еске алып, сәл мұңайып қалды, енді біреулері ақ қар жұлдызшаларын алақанда ерітіп тұрып, көздеріне жас алды. Осыны көрген Қар қызы өзінің осыншама адамдарға әсер еткеніне таң қалды. Ол бар болғаны сыбызғысын сыңсытып, өзінің жаны сүйетін әуенді ойнады ғой. 
         Ақ бұлттың бір қанатына ілескен Қар қызы бір дүңгіршектің терезесіне телмірген кішкене балаларды байқап қалды. Олардың қол ұстасқан күйі әлгі терезеден көз алмай көп қарағаны Қар қызды да қызықтырды. 
-    Неге бұл балалар басқалар сияқты қарды алақандарына салып ойнамайды? Жүгіріп, секіріп, мәз-мейрам болып қуанышқа батпайды?- деді Қар қызы өзіне-өзі күбірлеп. Сол-ақ екен, бұны қанатына іліп әкеле жатқан бұлт төмендей берді, төмендей берді. Қар қызы енді анық байқады, балалар дүкен ішіндегі ойыншықтарды тамашалап, қызыға қарап тұр екен. Жақын барып, бұлттан жерге қарай сырғыған Қар қызы енді бір сәтте, желдің қолтығынан демеуімен әлгі дүңгіршектің алдынан бір-ақ шықты. 
-    Сәуле, сен қай ойыншыққа қызықтың, ал, мен болсам анау тұрған үлкен «жедел жәрдемді» алар едім. Өйткені, «жедел жәрдем» ауырған адамдарға дәрігерлерді тез жеткізеді ғой. «Жедел жәрдемім» болғанда, мен барлық балалардың әкесі мен анасын ауыртпас едім,- деді ұл бала армандай сөйлеп.
-    Мен бе, мен «Жедел жәрдемнің» жанында тұрған дәрігер қызды алар едім. Дәрігерлер тез жеткенде әкеміз бізден кетіп қалмайтын еді,- деді Сәуле атанған қыз бала.
-    Әкеміз кетіп қалғанмен, ол бізді жоғарыдан көріп тұр. Анашым солай деген,- деп ұл бала аспанға қарады. Аспанда қалықтаған қар түйірлері баланың бетіне, мойнына, киімінің жағасына қонып жатты. Олар бейне-бір мұңайған ұлдың басынан сипағылары келгендей, жылдамдықпен оны айнала ұшып, оны әкесіндей аялай құшып жүрді.
-    Санат, тез үйге барайық. Анам «мен жұмыста болғанда сабақтан үйге тіке барыңдар» деді ғой,- деген Сәуле соңғы рет дүкен терезесінен өзі қызыққан дәрігер қуыршаққа қарап еді, ол көзін қысып, жымиғандай болды.
         Қар қызы екі баланың соңынан ілесіп отырып, мұңды әуендерді құйқылжыта тартты. Балалар болса, сыңсыған сыбызғы әуеніне елтіп, әппақ қардың астында үйге қалайша тез жеткендерін аңдамай қалды.          Балалардың сөзінен әкесінен жақында айырылғандарын, екі баланы жесір ананың зорға асырап жүргенін түсінген қар қызы үйдің есігінің алдында мұңайып тұрды. 
-    Не болды, қызым? Сыбызғының сырлы әуенін естімей қалдық қой,- деген дауыс Қар қызын селт еткізді. Әппақ желмаясымен желіп жүрген Қыдыр ата екен.
-    Мына балалардың мұңы жүрегімді қозғап кетті,-деді Қар қызы сыбырлай сөйлеп. Адамдары кешкі астарын ішіп, тынығып, бірі газет-журналын оқып, бірі теледидар алдына отырып, енді біреулері смартфон, айфондарын қолдарына алған осынау тым-тырыс ымыртта қала көшелері де тылсым бір тыныштық құшағына еніпті. Осы түні бір кереметтің боларын сездірген әппақ қар жұлдызшалары ғана тынбай қалықтайды. Қар басқан қала көшелерін желмаясына мініп аралаған Қыдыр ата Қар қызына мейірлене қарады:
-    Оларға көмек бергің келсе, сыбызғыңды тынбастан ойна. Жеті күн, жеті түн дегенде бір кереметтің болары анық,- деген Қыдыр ата желмаясымен аспан әлеміне дыбыссыз сырғи жөнелді. 
-    Егер менің әуенім оларға көмектесетін болса, кәнеки!- деген Қар қызы сыбызғысын қолына алды. Алғашқыда еш қиналмастан, толассыз әуендер сыбызғыдан ауаға тарап жатты. Қар қызы жәй әуенді ойнаса, қар түйіршіктері қалықтай жауады. Ал, иірімді, буырқанған, толғанған күйлерді ойнағанда қар төпеп жауа бастады. Жеті күн, жеті түн тынбастан жауған қар әлгі әдемі шаһардың тәкаппар үйлерін басып қалды. 
         Көшелерде жүйткіген көлік ағыны да баяулады. Адамдар болса, ақ қардан ақ қала соғып, балаларын шанамен сүйреп, қуантып мәз болды. Балалар сырғанақ жасады, коньки тепті, сөйтіп, ақ қардың жауғанына мәз болысты. Сәуле мен Санат та сол балалар сияқты көшеге шықты, бір-біріне қар лақтырып ойнады. Аңдаусызда Сәуленің Санатқа лақтырған қары машинаның терезесіне тиді. Машинада бір аға отыр еді. Ол қармен ойнаған балаларға қызыға қарап:
-    Шіркін, менің осындай балаларым болар ма еді?- дегенше болмай, машинасының терезесіне тиген қар оның көңілін аударды. Ол көліктен шықты. 
-    - Кешіріңіз, мен байқамай қалдым,- деген кішкене қыздың басынан сипады. 
-    Саған осы үшін қандай сыйлық жасайын?- деді жақсы аға күлімдеп.
-    Бізге Анашым «танымайтын адамдардан сыйлық алмаңдар» деген,- деді ұл бала. – Менің әкемнің дәл сіздей машинасы болатын. Ол бізді көтеріп жүретін. Не керектің бәрін әперетін,- деген ұлдың көзі жасаурап кетті.
-    Олай болса, айтыңдар, не қалайсыңдар? Мен сендерге сыйлық жасаймын,- деді мәселені түсінген жақсы аға.
-    Мен ана дүкеннен «Жедел жәрдем» алғым келген,- деген ұлдың сөзін бөлген қыз бала:
-    Мен дәрігер қызды алғым келеді,- деді. 
-    «Жедел жәрдемім» болғанда Әкешімді ауруханаға кешікпей жеткізетін едім,- деген кекілді ұл мұрнын тартып қойды. 
       Жақсы аға екі балаға «Жедел жәрдем» көлігі мен дәрігер қызды сыйға тартты. Ал, қар қызы болса, сыбызғысын ойнай берді, ойнай берді...