Жерлесіміз, белгілі қаламгер Маржан Ершу жаңа кітабын жазып бітірді. Жақында жарық көргелі жатқан бұл кітапта саналы ғұмырын мажар халқы мен күллі түркі халықтарының бірлігі мен бауырластығы жолында бағыштаған біртуар тұлға, белгілі түрколог, тегі қыпшақ мажар ғалымы Қоңыр Иштван Мандоки мен қазақ қызы, Атырау облысы Жылыой ауданының тумасы Оңайша - Айша Мақсымқызының сан тарау өмір жолында тоғысқан тағдыры, махаббаты, еңбек жолдары, арман-мұраттары және түркі дүниесінің алыптары мен тарих шежіресі туралы баяндалады. Көпшілік қауымға арналған бұл туынды Қоңыр Иштван Мандокидің 80 жылдығына арналып отыр. Маржанды жаңа туындысымен құттықтай отырып, осы кітаптан үзінді жариялап отырмыз.
***
Жыңғылтоғай. 1952 жылғы көктем айының ортасы болатын. Көктемнің өңменіңнен өтетін қара суық ызғырық желі бар. Жем өзені әлі таси қоймаған шақ. Босанар шағы жақын қалғасын көшкен елге ілеспей қысқы жұртта жалғыз үй қалған. Мақсым таңның атысы кештің батысы колхоздың жұмысында. Дариғаның екі қарадомалағы Машырық пен Аянды Қарақұмдағы ағайындары алып кеткен. Келіннің аяғы жеңілденіп алғанша біздікінде болсын деп. Ай-күні толып отырған Дариғаның жанында Күміс әжесі мен алыстағы жамағайын боп келетін Әфуза әже қалған. Киіз үйдің ішін жарықтандырып тұрған - ортадағы ошақтағы от. Кешкісін жауын жауған. Күміс әженің киіз үй жанына шауып әкеліп қойған жыңғылдарына су тиіп қалыпты. Су тиген жыңғыл тысыр-тысыр етіп, шоқтана қоймады. Қараңғыда қарманып жыңғылдың су тимеген тұсын тізеге салып сындырып отқа салады. Жарыс – қазанда қыстан қалған азын-аулақ сүр ет қайнап жатыр. Жарыс-қазан - толғатқан әйелмен бірге қайнайтын қазақы дәстүр. Қазан қайнату «Қазан көтеріңдер! Дүниеге періште қонақ келеді, сәби келеді» деген ырымнан шыққан. Ақ самауырды да суға толтырып қойған. Қараша киіз үйдің тыныштығын Дариғаның арасында қиналған үні бұзады. Екі кемпір «Біссіміла, пір бәтималап», қызындай боп кеткен Дариғаның жаны қалса екен деп іштей тілеу тілесіп, жамбасына қойдың құйрық майын жағып, әлсін-әлсін сипалап қояды. Бүгін түн ортасында Дариғаны толғақ қысқан. Екі кемпір сабырлы қалыптарын бұзбаған қалпы іштеріндегі тебіреністен төмен қарай түсе берген бастарындағы қарқарадай ақ жаулықтарын шандып бір байлап қойысты.Толғақты ананың әлсін-әлсін маңдайындағы терін сүртіседі. Дариға болса, түндей қара түндікті , қоңыр туырлықты , жамау үзікті аласа қараша үйдің бақанына сүйеніп тұр. Қараңғы түнде Дариғаның басындағы ақ желегі шаңырақтан түскен ай сәулесінің нұрына малынғанғандай ағараңдайды. Маңдайы тершіп ауыр дем алады. «Шешеке! -деді жаны алқымына тығылғандай, қысылып кетіп. Күміс әлсіреп қиналып тұрған Дариғаға қуат бергісі келіп, «Ой, міне! Келді!» қатты дауыстап жіберген. Сол сөздің қуаты ма , кім білсін, нәрестенің шыр еткен дауысы естілді. Күміс қызылшақа нәрестенің кіндігін кесті. Басындағы қарақарадай ақ жаулығын шешіп алып орады. Әфуза кемпір қуанған есі шығып ерсілі-қарсылы жүгіргені. Біресе ақ самауынға, біресе қазан жаққа. Күмістің жанына кеп:
- Қыз-ау! Ат ұстар ма, бие сауар ма?
- Бие сауар. Қырық жеті.
-Саулығын айт!
- Мақсым қуанатын болды ау
-Жаны аман қалды.Соны айтсаңшы.
-Бұл өзі құтты қыз болар. Жауын-шашынды алып келді ғой.
Екі кемпір өзара қуанысып дуылдасып жатқанда, Дариға жартылай ашық тұрған түндіктен аспанға қарады. Түннің қара көрпесі серпіліп, ағараңдап таң атып келеді екен. Нақ төбесінде тұрған туған айды көрді. Ішінен бір жақсылыққа балап:
-Шешеке-ау! Ай туыпты. Қызымның атын өзім қояйыншы! Оңайша болсын! Айы оңынан тусын! Айдай сұлу көркем қыз болсын. Жолы да оңынан шешіліп оңай болсын. Өмірде қиындық көрмесе екен -, деді алқына сөйлеп. Бұл сөзді қазір айтпаса, екі шешесі баланың атын өзіміз қоямыз деп айтатындай қысылып кетті. «Сенің атың Оңайша! Сенің атың Оңайша! Сенің атың Оңайша» деп Күміс әже сәбидің құлағына айқайлап, қазан құлағын қақты. Иә, ай жарығында жарық дүние көрді –ау, Оңайша. Күллі тіршіліктің оянар сәті қандай көркем. Алтын шапақты күннің алдынан шығатын аппақ таңның келбетінде жан жадыратар сәуле бардай. Жылылық бардай. Дүниеге есігін ашқан қызылшақа нәрестенің тынысы мен іңгәлаған даусы қараша үйді нұрландырып, «мен бармын» дегендей айналасын көл-көсір қуанышқа толтырып тіршіліктің көшіне ілесіп кете берді.
***
Қызық дегеніңіз күтпеген жерден басталады емес пе?! Сіз түс көріп пе едіңіз? Түс сыры. Түс құпиясы бұл да бір ашылмаған әлемдей . Жұмбағы мол тылсым сыр. Түс кереметі , оның адамға әсері – сан мыңдаған жаңалық ашқан ғұламаларға да, дүниеден астар іздеген ақындарға да, өз тыныс - тіршілігін ғана күйттеп өмір сүріп жатқан жай пенделерге де бірдей дәрежеде құпия боп қала береді.
***
Балақыз сол күні жүрегінің қалай соққанын сезіне алмады. Он екі жаста еді. Қорқыныш па әлде алаңдаушылық па бір сезім өн бойын жаулап алды. Жылай берді, жылай берді. Әкесін, апасын, бауырларын ойлап, неге олай болады екен деп өзінше ойға кетті. Бәрі сол түстен басталған еді. Оңайша түс көріпті. Өзі құралпы дос қыздарымен бірге Аққиізтоғайдың қырқасына қызғалдақ теруге шығыпты. Жемнің бойы қып- қызыл кілемдей құлпырып тұр екен. Күн сәулесі көктен нұрын шашады. Қызыл-сары қызғалдақтар самал желмен тербеледі. Кең даланы әнге бөлеп қызғалдақ терген қыздар да ерекше көңілді көрінді. Кенет аспан түнерді, күркіреген үн шықты да нөсер құйып кетті. Қыздар жан-жаққа қаша жөнелген. Оңайша да қашып келеді. Бой тасалар бұта не ықтасын іздеп. Үсті-басы малмандай су болыпты. Бір ағаштың тасасына отырып ықтаған болады. Нөсер басылды. Ен далада өзі жалғыз қалыпты. Жанындағы қыздар да жоқ. Күн кешкіріпті. Айналаны қараңғылық басыпты. Қайда барып жол табарын білмеген байғұс балақыз даланың әр дыбысына елең етіп қарайды. Қайдан шыққаны белгісіз жанына тұяқтарынан от шашқан жайран жақындайды. Артқы тұяғымен жерді тарпығанда , тұяқтарынан от ұшқындары шашырап, айналаны жарқ қылып жібереді. Оңайша қорыққанынан ағаш бұтақтарын кішкентай саусақтарымен қыса түседі. Жайран оған басын иіп, ал мін маған , кеттік дегендей белгі берді. Оңайша жайранның үстіне атқа отырғандай отырып алды. Жайран тура ертегідегідей көкке атылып шаба берді, шаба берді. Таудан да өтті, баудан да өтті, шөлден де өтті. Бір замандар болғанда судың жағасындағы құрақ ішіне тастады да, өз бетімен жөнеле беріп, көз ұшынан жоғалды. Оңайша айналасына қарады. Бөтен жер, бөтен аймақ. Қорыққанынан жылағысы келді. Жылай алмады. Көзінен жас шықпады. Тоңғаннан тісі -тісіне тимей қалшылдап кетті. Бір кезде су жақтан дауыс естілді. Адамдардың дауысы. Қайықпен орта жастағы , ақ шашты ер адам мен қара шашты жас жігіт келе жатты. Жағалауға жақындап : «Оңайша! Біз сені алып кетуге келдік. Қайыққа отыр!» дегенде, бұл таңғалды. Мені қайдан таниды деп. Қайыққа отырды. Түрлері бейтаныс , киімдері өзгешелеу екі ер адамның ортасында су бетінде қайықпен қалқып беймәлім жаққа кетіп бара жатты. Бұл - түнде көрген түсі еді. Осы түсінен соң өңі қашып мазасыз күйге түсті балақыз. Көңіліндегі мазасыздықты қуып кетіре алмағасын, анасы Дариғаға жақын кеп түсін айтқан еді. Түсін анасы жорып беріп, оны бір қуантты, бір ойлантты. Болашақ өмірді, әлемді ойлайтын жаста ма еді ол кезде ?!
Кейде алды-артыңды, айналаңды көруге жаралған көз дүниені тегіс біліп көре алмайды. Көңіл көзінің кемдігі болар бұл. Қиялдағыны тіпті қияндағыны тап басып, алақаныңа ұстатқандай қылып айтып беретін көкірек-көзінің, көңіл-көзінің қасиеті Дариға анасына дарыған ба дерсің?! Жақсы түс екен деді анасы. Таудан да өтіп, баудан да өтіп, шөлден де аман-есен өтіп, су жағасындағы алыстағы бір елге тұрмысқа шығады екенсің. Өмірің мәнді де сәнді болады екен. Тастай ауыр қиыншылық көрмейді екенсің, өмірің судай таза, мөлдір болады екен. Өскенде ойлаған арман - мұратыңа жетерсің , құлыным. Ақ шашты егде адам үлкен білімдар адам, ол кісі өмірде сенің адал жолдасың, қолдаушың болар. Ал қара шашты жас жігіт , сенің үмітіңді аялар жақсы бір ұлың болар деп жорыдым деген екен. Содан кейін қанша қыс, қанша көктем өтті. Арада қаншама жылдар өтті. Бала кезде көрген таңғажайып түсін ұмытып та кеткен еді...
Ертегі –аңыздай болған сол түсі жылдар өткен соң ақиқатқа айналарын өзі білген жоқ. Қос бұрымы төгіліп, қыпша белі қиылып біздің Оңайша қыз бойжетті. Мажарстандағы Қоңыр Иштван Мандоки жігіт те есейіп- ержетіп , алыстағы ел-жұртын іздеп атқа қонған шағы еді бір...
***
... Вальс әуені әуелей жөнелгенде, асаба :
-Белый танец! Қыздар жігіттерді биге шақырады дегенде қыздар жағы сәл тосылыңқырап қалды да, біртіндеп жігіттерді биге шақыра бастады. Оңайша орнында қозғалмай отыр. Көзімен өзіне қадала қараған бейтаныс жігітті іздеді. Орнында отыр екен. Бұл кісі неге маған қарай береді? Әлде мені біреумен шатастырып отыр ма, әлде бірдеңе айтқысы келе ме екен деген ойға берілді. Алыстан арбалғанша , жақын барып танысайын деген оймен орнынан тұрды да, Қоңырдың қасына жақындады. Сол сәтте өзінің батылдығына таң қалды. Қалай келді бұл араға? Өзі де түсінбей қалды. Бір ішкі толқын жетектеп әкелгендей болды ма? Енді кері қайтар жол жоқ. Қоңырға жақындады да:
-Ағай, алыстан келген қонақ екенсіз! Сізді биге шақырамын!- деді.
Қонақ жігіт те келуін күтіп тұрғандай , қуана күлімсіреп биге шықты. Би арасында жігіт:
-Сіз, Кіші жүз емессіз бе ?-, деді
-Иә. Кіші жүздің қызымын.
-Адай емессіз бе?
-Иә. Адаймын.
-Адайдың қайсысы боласыз?
-Жары -Жетімек.
- Сіз шамасы Гурьев, Маңғышлақ жақтан болдыңыз ғой.
-Иә.
Оңайшаның көзі шарасынан шығып кетті. Алматыға келгелі мұның руын сұрап ешкім таныспаған еді. Шетелден келген бұл қонақ мені қайдан біледі. Руымды, елімді деп қатты таң қалды.
- Сіз оны қайдан білдіңіз? -деді Оңайша таңғалғанын жасыра алмай. Қоңыр жымиып күлді де қойды. Әңгіме осы жерге келгенде, музыка аяқталып, би бітті. Келесі биде жігіттер қыздарды биге шақырды. Қоңыр Оңайшаны биге шақырды. Екеуі музыка әуенімен тербетіліп билеп жүріп танысты.
-Қарындас, есіміңіз кім болады? - деді Қоңыр.
-Оңайша.
-Атыңыз әдемі екен. Екі сөздің қосындысы. Шамасы ай туғанда туған шығарсыз?
Оңайша одан әрмен таңғалды. Расында , киіз үйдің түндігінен туған айды көріп, анасы осы қызымды Оңайша деп атайыншы. Айы оңынан тусын. Бақытты болсыншы деген сөздері есіне түсті де, үнсіз жымиды.
Би бітерде Қоңыр:
- Сізге айтарым бар. Кеш соңында кетіп қалмай мені күтсеңіз-, деп өтініш айтты.
-Жақсы-, деді қыз. Шығарып салам деп әуре болудың қажеті жоқ дегісі келді де, үндемеді. Той үстіндегі тағы бір үзілісте Қоңыр жанына келді де, бір жапырақтай қағаз берді.
-Оңайша. Бұл - менің телефон номерім. Қонақ үйдегі бөлмемнің нөмірі. Маған ертең телефон соғыңызшы.Танысып-әңгімелесейік,-деді Қоңыр.
- Жақсы ,-деді Оңайша қағазды қолына алып жатып. Танысып-әңгімелескенде не тұр? Кіші жүз, адай руынан екенімді қайдан білді? Сол сұрақтың жауабын естуді өзі де құмартты. Мына бейтаныс жігітте бір сиқырлы күш бардай. Салмақты сөзімен де, шуақ төгілген мейірімді көзімен де өзіне баурап барады. Оңайша сол тойдан үйіне қайтар жолда өзі бұрын бастан кешпеген сезімдерді кешіп жатқандай сезінді. Көңілін бір қуаныш биледі. Жанындағы құрбылары өзара күлісіп, әлденені сөз қылып келеді. Қыздар жанында келе жатса да, олардың айтқан сөздерін естімеді. Көңілі ғана емес, көзі мен құлағы да қиял әлеміне еніп кеткендей бір белгісіз күйде келе жатты. Сол түні Оңайша айна алдында шашын тарап тұрып, жүзіне көз салды. Екі беті алаулап тұр екен. Маған не болды? Бұл қандай сезім? Ғашықтық, махаббат деген осы ма әлде деп сан түрлі ойға берілді. Жоқ, есіңді жи, Оңайша! Ұят емес пе бұл қылығың? Ел естісе не болады? Шетелдік екен. Қазақ тілін біледі екен деп жүрегіңді қолыңа ұстап, тұра жүгіруің керек пе деп қатал мінезге салынып өзіне өзі ұрсып та алды. Жастыққа басын қойғанмен бірден ұйықтап кете алмады. Тойдағы көріністер. Вальс әуенімен тербелген би. Жігіттің айтқан айтқан сөздері. Құлаққа жағымды дауысы. Ып-ыстық алақаны көз алдынан кетпей қойды. Әрнәрсені ойлап жатып, бала күнінде, он екі жасында көрген түсі есіне түсті. Түсінің өңіне айналар сәті келді ме екен деп те ойлады. Түс қалай жорыса, солай болады деуші еді үлкендер. Расымен де түске сенуге бола ма? Бұл өмірдің қай сыры да жұмбақ қой деп ойланып жатып ұйықтап кетті. Ертесіне ұйқысынан оянған бойда өзінің кешегі күннің таңғажайып әсерінен арыла алмай тұрғанын сезді. Гүл суарып жүріп те, үйді жинап жүріп те кешегі жігітті ойлады. Телефон нөмірі жазылған қағазды алып, сыртқа беттеді. Көше қиылысындағы телефон будкасына келіп, ұсақ тиындарын шығарды. Қоңырға телефон соқпақшы еді. Бірнеше рет телефон нөмірін термекші болғанмен, ұяңдық па, әлде қорқыныш па соға алмады. Сыртта телефон кезегін күтіп тұрғандар:
-Қарындас! Күтіп тұрмыз. Тезірек болыңыз!- деп айқайға басты. Оңайша телефон тұтқасын қоя салды да, үйіне қарай жүгіре жөнелді. Осылайша іштей арпалыспен екі күн : сенбі, жексенбі де өтті. Дүйсенбі күні таңертең Қазақстан Ғылым академиясының Мəскеу филиалындағы жұмысына келгенде, есік алдында кезекші апай :
-Оңайша, қарағым! Бері кел! Сені телефонға шақырады. Таңғы сағат сегізден бері сені бір ер адам іздеп жатыр,- дегенде шошып кетті. Ауылдағылар ма екен деп. Телефон тұтқасын көтергенде, арғы жағынан:
-Қарындасым! Амансың ба?- деген Қоңырдың қоңыр даусы естілді.
Оңайша сасып қалды да: - - Сіз екенсіз ғой! Амансыз ба? Неге ерте телефон соғып тұрсыз? Әлі жұмыс уақыты басталған жоқ қой ,-деді.
- Телефон соғар деп екі күн күттім. Дүйсенбінің таңына әзер жеттім. Сондықтан елдің алдымен телефон соғып тұрмын. Бүгін сізді кездесуге менен бұрын ешкім шақырып қоймасын деген оймен. –деді күліп -Кешіккен жоқпын ба?
-Кешіккен жоқсыз! –деді Оңайша да әзілдеп.
-Жұмыстан кешке нешеде шығасың?
-Алтыда.
-Сол уақытта Ғылым академиясының алдындағы аллеяда күтемін. Келістік пе?
- Жақсы,-деп Оңайша телефон тұтқасын қойды. Телефон соқпағаным қандай жақсы болған деп ойлады ішінен. Кешке аллеяда оны қолында үш тал қалампыр қызыл гүлі бар Қоңыр күтіп тұрды. Кішкентай қызыл гүлдері бар ақжібек көйлекпен алдынан шыға келген Оңайшаға күлімсірей қарады да, жақындап келіп амандасып гүлін берді .
-Оңайша, тыңдашы мен саған керемет өлең шығарып қойдым. Бұрын саған қазақтың жігіттері өлең арнап па еді? -деп күлімсіреді де, Оңайшаның жауабын күтпестен өлеңін оқи жөнелді.
-«Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,
Жылыойдың таң қаларсың қызын көрсең.
Атыңнан түссең қайта міне алмайсың
Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең.
Торыайғыр тоқпақ жалды Адайда бар,
Қыпша бел, жазық маңдай Ноғайда бар.
Көрінген қыздың бәрі сұлу емес
Сұлу қыз, қара көзді Жылыойда бар».
Оңайша оған таңғалып қарады да: - - бұл сіздің емес, біздің жақтың халық әні ғой деп күлді.
-Қап, өзім шығардым ба десем, халық әні екен ғой ?!-деп қулана жымиды Қоңыр. Ал мына өлеңімді тыңдашы:
«Көрінген сонадайдан Гурьевім,
Көрмедім Гурьевтен жер биігін.
Сыртыңнан өзімсініп жүрсем-дағы
Әркімдер салады екен көз қиығын.
Көрінген Гурьевтің мұнарасы,
Он сегіз - толықсыған қыздың жасы.
Зер салып атластан бешпент киген
Апырау, мынау кімнің қарындасы?!»
Оңайша күліп жіберді.
-Бұл да біздің жақтың халық әні емес пе?! Қалайша сіздің өлеңіңіз болады? –деді.
- Сырымды жыр жеткізбесе, кім жеткізер?! Мен өзі қыз алдында келістіріп сөйлей алмайтын жанмын ғой. Жаныңа жақын халық әнін екі күн бойы іздеп жаттап алдым. Айыбым осы болды, кешіріңіз , қадірлі қарындас! - деді Қоңыр сөзінің қызға майдай жаққанын іші сезсе де, кінәлі жандай кішірейген көңілмен қиыла қарап.
- Ол не дегеніңіз? Көптен бері фольклор естімеп едім. Есіме жақсы түсірдіңіз. Көңілімді бір көтеріп тастадыңыз, -деп күлімсірей үн қатты қыз.
Екеуі ертеден таныс адамдай шүйіркелесіп сөйлесіп кетті. Қоңырдың еркін ойы мен батылдығы Оңайшаны қайран қалдырды. Өзгеше болмысы қызықтырды. Білімдар адам бола тұра қарапайымдылығы ойландырды , жасаған әрекеттері күлдіргенмен таңғалдырды.
- Ертеде толқындары жағаны соққан асау теңіз үстінде кемемен бір сымбатты жас патша келе жатыпты. Жағалауға жақындағанда ол дүрбісімен айналаны шолып қараса, қалың талдың арасында жасырынып кеме жаққа қарап тұрған сұлу қызды көріп қалады. Сол жерге дереу кемесін тоқтатып, әлгі айдай сұлу қызды тауып алып, той жасап үйленген екен. Содан кейін алыстан кеме көрінсе, жағалаудағы қыз біткен әдемі көйлектерін киіп алып, сұлулықтарына өздері мәз болысып, сылқ-сылқ күліп, аңыздағыдай алыстан келер сымбатты жігіттің көзіне түскісі келіп, теңізге қарай жүгіреді екен деген аңыз бар екен. Сен маған сол қалың талдар арасынан жасырынып қарап тұрған аңыздағы сол сұлу қыз сияқты көріндің,- деді Қоңыр Оңайшаның саусақтарын аялай сипай отырып.
Оңайша қабағын шытып, қолын тартып алды.
-Ертең кешке ұшақпен еліме кетемін. Маған уәдеңді берші, Оңайша. Хат жазып тұрайық. Осы таныстығымызды жоғалтып алмайықшы -, деп қиылды Қоңыр қоштасарда.
-Жарайды, мен ойланайын, - деді Оңайша.
-Ойланайын. Бұл - жанға жағымды сөз ,- деді Қоңыр.
Қоңырдың бойын сол сәтте махаббат оты билеп кетті. Қыздың ашық жарқындығы, мінезі ұнады. Оңды адам екен деді. Қайсар сөзіне, өр мінезіне таң қалды. Оңайшаны не үшін көргісі келгенін, осы араға неге іздеп келгенін жақсы білді. Қыздың ойлануы үшін уақыт керек екенін Қоңыр іштей түсінді. Уақыт -төреші. Уақыт асығыстықты көтермейді. Адамға тән нәрсе құштарлық қой. Арманыңды аялайтын, мақсатыңа жетелейтін, үмітіңді өшірмейтін бір тәтті құштарлық. Құштарлық сезімі кәрі адамға қарағанда жас адамда күштірек болатыны заңды құбылыс. Жас адам сезінсем дейді, көрсем дейді, білсем дейді. Ол Будапештке оралғанда, Оңайшаны көбірек ойлады. Онайшамен танысу Қоңырды көңілдендіріп, өмірдің пендеуи табиғатын ашып берді. Қоңырдың бойдақтық табиғатында өзіне тән менмендік мінезі басым еді. Менмендігі Оңайшаның алдында жоғалып бара жатқанын шын ұқты. Алматыда жолықтырған аймаңдай аруын табиғаттың ерекше сыйы деп қабылдады. Ол бұрын кездескен аруларына сен маған ұнағанмен, саған жұбай бола алмаймын, жұмысым көп, ғылыммен айналысуым керек, жанұя болып жаныңда отыруды жаным қаламайды деп айтатын. Өртене жаздап, өзіне қызығып караған бойжеткендер де Қоңырдың жанына жаға бермейтін. Ол өзін сүйген, өзіне ынтық болған күлімкөздерден бойын аулақ ұстап, өз сезімін үнемі бақылауда ұстайтын. Жылдар өте келе бұл қасиеті оның өзіндік өмір қағидасына айналып кетті. Оңайшамен танысқаннан кейін арадағы қарым-қатынас кезінде Қоңырдың өзіндік өмір қағидаларының, менмендік мінезінің мәні болмай қалды. Дунай жағасынан жазған жылы ишарат пен байыпты ойға толы алғашқы екі хатына да қыздан жауап ала алмады. Араға көп уақыт салмай ,«ер кезегі-үштен» деп, өрнектеп жазған үшінші хатын да көкшіл конвертке салып, алыстағы Қазақстанға жолдады. Ол кезде хаттар жолда ұзақ жүретін. Арада екі ай өткенде , үмітін үзбей сағынып күткен жауап хаты да келді. Қыздың хатында албырттық емес ақылдылық, қызығушылық емес сыйластық сезімдері аңғарылады. Қыз хатында «Өзіңізді сақтаңыз! Сіздің еңбегіңізді білем ғой» деп жазыпты. Бұл сөздер Қоңырға ұнағаны соншалықты жанын жадыратты. Еңбегімді біледі, яғни өзімді де түсінеді екен деп түйді. Одан әрі қыз хатында Алматыда бәрі де жақсы екенін, студент бауырларына көмектесетін , анасының ауыр сырқаты бар екенін, емдетіп жүргендерін және қызметі туралы да жазыпты. Хатты оқыған соң, жүрегінде Оңайшаға деген қамқорлық сезімі оянып, ол сезім сол қыздың тағдырына деген жанашырлық тілекке айналып бара жатқанын өзі де сезбей қалды. Оңайшаға жазған хаттарында Қоңыр өзін біресе дана көңілді қамқор қариядай салмақты, біресе бұрын-соңды көрмеген әдемі ойыншыққа қызыққан баладай жайдары ұстады.Тоқсан толғаулы ойымен «Мен сендікпін, сен мендік болуыңды өтінемін» деп жазды да, бұған дейін еркіндікте болған көңілін байыпты мінезім тоқтатар деп екіұштылау күй кешіп, хатын пошта жәшігіне сала алмай екі күн жүрді. Ақыры сан саққа жүгірген ойын алаулаған сезімі жеңді. Ол поштадан басқа адам болып шықты.Төбеде күн күледі. Гүл жайнаған төңірек. Көңілінде - қуаныш, көзінде - жас , көңілінде аздаған мұң бар еді. Жүрегін жаулаған сағынышы жанарынан тамшы болып ағып бара жатты. Арада бір ай өткенде Алматыдан, Оңайшадан хат алды. Қыз «Сіз солай деп шешсеңіз, мен көндім. Ердім соңыңнан» деп жауап жазып көңіліне моншақтай боп ұялаған мұңды екі-ақ ауыз сөзбен тарқатты. Тысқа шығып еді. Аспан мөлдіреп тұр екен. Ауа да кереметтей таза, көктемнің лебі еседі. Көкірегін кере даланың жұпар ауасын жұтып, көздері күлімдеп. аспанға қарады. Қоңыр әйел табиғатындағы көшпенділердің жұрнағындай болып қалған ерге тән өжеттілікті ұнататын. Мұндай өжет мінез барша қыз біткеннің бойында кездесе бермейтіні де бар ғой. Алматыдағы аңсары болған ерке қыз екі ел арасындағы қашықтықтан да, танымайтын бөтен елдік - тірліктен де қорыққан жоқ. Екеуін екі жаққа айыра жаздаған асау толқынды теңізді ақылмен, жүректілікпенен кешіп өтті осылайша. Жастық деген не? Жастық деген - от пен судан қорықпау. Адам өзі ең асыл арманына қолы жеткен кезінде ары қарай не боларын ойлап бас қатырып жатпайды ғой. Арынды шабыт пен асқан романтика екі ғашықтың басын осылайша қосқан еді. Қоңыр Алматыға бұл жолы сағынышпен оралды. Осы жолы Оңайшаға құда түсіп, Мажарстанға алып кетем деген ойменен келген еді. Алайда алда көптеген қиындықтар күтіп тұрды. Оңайшаның жүзі қаяулы көрінді...