Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: «Иштван Мандоки Тоқсоба» деп те жазған екен жазбаларында...»


-Маржан, жақында сайтымыздың парақшасында тегі қыпшақ мажар ғалымы, аты мәшһүр түрколог Қоңыр Иштван Мандоки мен оның жұбайы қазақ қызы, атыраулық Оңайша- Айша Мақсымқызының өмірлік жолы туралы  жаңа туындыңнан үзінді жариялаған едік. Оқырмандарымыздан көптеген сұрақтар түсіп жатыр. Сұрақтар тақырыпқа қызығушылықтан туындайды ғой. Бір кезде қазақ жерінен Батысқа қарай үдере көшкен қыпшақтар тарихына аз-кем тоқталып өтсең.


- ХІІІ ғасырларда  Каспий, Арал, Балқаш, Қара теңіз жағалауын мекендеген түркі тайпаларының мекені  Дешті Қыпшақ немесе Қыпшақ  Даласы деп аталғаны мәлім.Тарихшылар Сарайшық қаласының пайда болуын ХІІІ ғасырларда Шыңғыс хан мен Бату хан шапқыншылығымен байланыстырады. Ал кейбір зерттеушілер Сарайшықты ХІІ ғасырдағы қыпшақтардың қаласы деп жазады. «Алтын Орданың қол астында әр түрлі көптеген ру-тайпалар болды. Бірақ олардың ең көбі қыпшақтар еді. Екінші, өлкені жаулап алушы , үстемдік жүргізуші монғолдар және сол моңғолдарға еріп келген басқа ру-тайпалар да жергілікті халықтарға сіңісіп, араласып , қыпшақ болып кетті. Үшінші, Алтын Ордада мемлекеттік басқару істеріне  қыпшақтар көп араласты. Осы айтылған жағдайлардың салдарынан Жошы ордасы Алтын Орда кейде Қыпшақ ордасы болып аталып кетті. Алтын Орданың  негізгі ресми тілі,  әдеби тілі –қыпшақ тілі болды» деп жазады  түркітанушы ғалым  Бейсенбай Кенжебаев «Түрік қағанатынан бүгінге дейін» кітабында. Орта ғасырларда  Орталық Азия, Кавказ бен Азов , Каспий  теңізі маңынан келген тұтқын қыпшақтардың тұқымы болып табылатын Мысырдың мәмлүктері  де қыпшақ тілінде  сөйлеген. Мысырда Сұлтан Бейбарыс бабамыз бастаған мәмлүктер патшалық құрған кезеңде 1517-1811 жылдар аралығында қыпшақ тілі араб тілімен тең қолданылған. ХІІІ ғасырдан бастап ХІІІ ғ. екінші жартысында түркі жəне моңғол жұрттарының шығу тегі туралы аңыз, шежіресі туралы жазған парсының əйгілі жылнамашысы  Рашид ад-Дин өз шежіресінде былай деп жазды: «Моңғолдар алан өлкесіне келген кезде, ол жердің халқы қисапсыз көп еді, аландар қыпшақтармен қоян-қолтық бірігіп, моңғол әскерлерімен шайқасты. Екі жақ та жеңіске жете алмады. Сонда моңғолдар қыпшақтарға:«Біз мен сіздер бір тайпадан тараймыз. Бір халықпыз. Алаңдар болса бізге жат, біз сіздермен келісімге келіп, өзара тиіспеу туралы шарт жасайық, қалауларыңызша алтын мен киім-кешек береміз»,- деп көп дүние жіберді. Қыпшақтар майдан даласын тастап, өз мекендеріне қайтқан соң, монғолдар аландарды тізе бүктірді. Қырды, жойды. Моңғолдар енді күтпеген жерден бейбіт шартқа сеніп тып-тыныш өз өлкелеріне қайта оралған қыпшақтарға жойқын шабуыл жасады. Қолға түскендердің бәрін өлтірді. Өздері бергеннен екі есе дүние, мал-мүлікті жинап алды. Тірі қалған кейбір қыпшақ ауылдары орыс еліне ел ауа көшті». Аландар деген Кавказ бойын мекен еткен түркі тілдес халықтар. Рашид ад-Диннің шежіре кітабында жазылғандай, «ел ауа көшкендердің» ішінде ХІІІ  ғасырда монғол шапқыншылығынан күйрей жеңіліп, Еділ, Жайық, Ертіс бойынан қырық мыңдай қолымен  қашып келіп, Карпат тауының қойнауында орналасқан Дунай жағалауындағы  Мадиар  корольдігінің  сол кездегі IV королі Бэладан қоныстатын жер сұраған қыпшақ ханы Қотан бар еді. Сол кездегі мажар тарихшыларының жазуы бойынша , Түркі Арпад әулетінен шыққан IV король Бэла Қотан хан бастап келген қырық мың қыпшақты жылы шыраймен  қабылдап, «ой , бауырымдап»  қарсы алып жер береді. Осы  тарихи оқиғаға байланысты Мажарстанның  Карцаг (Қарсақ)  қаласында ескерткіш орнатылған. Қыпшақтар жауынгер халық еді, сондықтан Венгрия корольдігінің төрт-бес ғасыр бойы әскери қорғаны болды. Мажар қыпшақтары арасынан мықты қолбасшылар, батыр жауынгерлер шыққан. Осылайша ХІІІ ғасырда монғол шапқыншылығынан күйрей жеңіліп, «ел ауа көшкен» қалың қыпшақ  жұрты  Еуропадағы Карпат тауларының қойнауындағы мажар даласына қоныстанып, сол жақта мәңгі бақи  тұрақтап қалады. Бір таңғаларлығы, бұл тайпа сол заманнан бастап  өзінің  қыпшақ деген атауын сақтап қалған. Мажарстан жерінде Үлкен қыпшақ, Кіші қыпшақ  деген жер атаулары әлі күнге дейін бар. Жеті ғасыр бұрын тарихтың тәлкегімен  Мажарстанға (Венгрия) орын тепкен қыпшақтар сол кездегі тілін, əдет- ғұрпын, салт-санасын біраз уақыт сақтап келген. XIX ғасырдан бастап қыпшақ тілі ұмытыла бастаған. Мажарлардың  ауыз əдебиетінде ғана қыпшақ тілі ескірмейтін ескерткіш болып қалды. 
- Қыпшақтардың «мадиярлар» деп немесе мадиярлардың «қыпшақтар» деп аталатыны жөнінде тарихи деректер бар. Еуропада мажарларды «венгрлер» дейді. Мадиярлар өзінің шығу тегі туралы зерттеуді қашан  бастаған ?
- Шығыс пен Батысты байланыстыратын Орталық Азия өлкесі ерте кезден мадияр ғалымдардың ,тарихшы, лингвист және мәдениеттанушылардың  ерекше қызығушылығын тудырды. XIX ғасыр мадиярлар үшін өзінің шығу тегін іздестіру ғасыры деп есептеледі. ХІХ ғасырдың басынан бастап  Мажарстанның баспасөз  беттерінде мадиярлар мен қазақтардың туыстығы туралы алғашқы жазбалар жариялана бастаған. Ең алғаш 1835 жылы Шамуель Брашшаидың «Қырғыз-қазақтар» атты еңбегі жарық көреді. Мағұлматтарға толы бұл еңбек жарық көргеннен кейін мадияр ғалымдарының қазақ табиғатына, қазақ топырағына  қызығушылықтары артып , зерттеу жұмыстарына құлшына кіріседі. Зерттеуші ғалымдардың арасында алғаш  рет ортаазиялық түркі тілдерін жүйелеген ғалым Дьердь Алмашидің есімі құрметпен аталады. Дьердь Алмаши 1900 жылы Орта Азияға жасаған саяхаты нəтижесінде «Азия жүрегіне саяхатым» атты кітабында Орта Азия халықтарының, соның ішінде қазақтардың өмірі, тұрмыс-салты, əдет-ғұрпы, наным-сенімдері, қолөнері мен фольклоры туралы деректер келтіріп, қазақ деген халықтың өзгелерге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері барын жазған. Жеті атаға дейін қыз алыспау, рулық шежіренің қатал сақталуы туралы. Иштван Вашари Алтын Орда тарихын зерттеп, көптеген түркі мəдени - тарихи лексикасының этимологиясын ашты. Армин Вамберидің 1863-1864 жылдарда  Орта Азияға жасаған сапары туралы кітабы ағылшын тілінде жарық көргеннен кейін, оның аты европалықтарға мәшһүр болды. А. Вамберидің алдында Орта Азияны біліп қайтуға аттанған ағылшын саяхатшылары– Конноли мен Стоддар мақсаттарына жете алмай , қайғылы қазаға ұшыраған еді. Вамбери кітабында  қазақтың көшпелі тұрмыс-тіршілігін, қонақжайлылығын , этнографиялық  байлығын  суреттеп: «Қазақтардың  музыка мен поэзияға құмарлығы ғажап, олардың бойында ақсүйектік тәкаппарлық та бар», – деген деректерді де келтірген екен.
-Осы арада сұрақ туады. Қоңыр Иштван Мандокиды қазақ топырағына, түркология саласына  тартқан қандай күш? 
-    «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Қоңырдың жүзден астам ғылыми мақалалары, екі докторлық диссертациясы, қырық мың сөзден тұратын диалектологиялық сөздігі түркітануға қосылған сүбелі үлес болды. Добружа татарлары, қазақ, ноғай, татар, қарашай, балқар, құмық, қырғыз, башқұрт, қарақалпақ, Қазан татарлары, алтай, якут, өзбек сияқты  түркі халықтарының тарихы мен фольклорына қатысты еңбектері де түркітанушылардың ғана емес, әлем халықтарының назарын аударды. Қоңырдың ғылыми зерттеу нысанының бағыттары тыңнан салған түрендей мәнді де маңызды болды. ХІІІ  ғасырда тарихи себептермен Мажарстанға, Тиса мен Дунай арасындағы өлкеге қоныстану арқылы аман қалған Қоңырдың ата-бабаларының тегі қыпшақ болатын. «Балам, сенің тегің – қыпшақ, тамырың – Ұлы далада. Қолың жетсе, шығыстағы арман болған байтақ өлкеге бар. Жеті ғасыр бұрын өмірден өткен арғы аталарымыздың өсиетін ұмытпа»,-деп әкесі Шандор Мандоки  Қоңырдың кішкентай кезінен құлағына құйып отырған. Қоңыр Иштван Мандоки  түркі халықтарының тілі мен тарихын зерттей келе, ата жұртым қазақ жері деген тұжырым жасаған. «Мажар тілі – бұл түркі тілдерінің диактісі. Түркі тілдерімен ұқсас 2000 сөз бар. Ал қазақ тілімен ұқсас 1000-ден аса көне түбір бар», – деп жазды Қоңыр Мандоки еңбектерінде. Қазақстанды картадан көріп, ата- бабаларының отаны болған байтақ өлкенің топырағын басу асыл арманы болды. Қоңыр Қазақстанға келуді жиырма  жыл армандады. Мәскеу оған Қазақстанға баруға  виза бермеді. Талай жыл тауы шағылды бірақ үмітін үзбеді. Ақырында жиырма екі жылдан кейін Қазақстанға келіп, тарихи отанымен байланыс орнатты. Тарихтың қатал сынағы әсерінен , Еділ, Жайық бойынан  ел ауып, Еуропада қоныс тепкен қыпшақ бабаларының тасқа жазған арманын жеті  ғасырдан соң  қайта жалғап, атажұртқа табан тіреп келуі , екі елдің арасына алтын көпір орнатуы  Қоңыр Иштван Мандокидың тарихи ерлігі еді. Өткен ғасырдың 70- жылдары Қоңыр қазақтың  рухани  әлемінде құбылыс болды. Әдебиет пен өнер ел мен елді жақындастырады. Қазақ әдебиеті мен мажар әдебиеті арасындағы байланыстың орнауына да Қоңыр Иштван Мандоки көп еңбек сіңірді. Будапешттен жетпісінші жылдары  мажар тілінде қазақ ақындарының «Дала қырандары» атты антологиясының жарыққа шығуына себепші болған Қоңыр еді. Бұл антологияға Абайдан бастап Олжас Сүлейменовке дейінгі ақындардың жырлары енді. Қазақ ертегілері мен қазақ əңгімелерінің мазмұнды жинақтарының мажар тілінде жарық көруі де Қоңырдың маңдай тері, еңбегі. Мажар халқын  қазақ ауыз әдебиеті үлгілерімен, Абай, Махамбет, Жамбыл, І.Жансүгіров, Н.Байғанин, Ы.Алтынсарин  шығармаларымен  шығармаларымен таныстырып,  ғылыми-танымдық мақалалар жазып мажар баспасөзінде жариялады. Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы мен «Бəйгелі сəйгүлік» атпен қазақтың танымал  жазушыларының əңгімелер жинағын мажар тіліне аударып, аударма саласында да сан салалы қызмет етті. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста, Қоңыр қазақ қоғамындағы  мәдени істерге  белсене араласып, Қазақстанға жиі келіп тұрды. Қазіргі «Қазақ тілі» қоғамы дəл осындай атауға ие болуына тікелей Қоңырдың ұсынысы себепкер болғанын бүгінде екінің бірі біле бермес. «Қазақ тілі»  қоғамын құру мəжілісінде қоғамның атын  қалай атаймыз деген сұрақ көтерілгенде, елдің біразы «Ана тілі» қоғамы болсын дейді. Сонда Қоңыр былай деп батыл пікірін айтқан екен: «Ана тілі деген – жалпы түсінік, ал қазақ тілі деген – жалқы түсінік, ана тілі көп, əр халықтың өз тілі – ана тілі. Ал қазақ тілі əлемде жалғыз. Сондықтан қоғамды «Қазақ тілі» – деп атаған дұрыс». Осылайша «Қазақ тілі» қоғамы болып аталып кеткен екен.
- Ол кісі Қазақстанмен байланыс орнатқан соң , атын Қоңыр деп өзгертіп алған екен. Өзі де қазақ жеріне жерлеуді тірісінде өсиет еткен екен.
-Иә, азан шақырып қойған аты - Иштван. «Иштван Мандоки Тоқсоба» деп те жазған өзінің  ертеректегі жазбаларына. Қыпшақтардың Тоқсоба руының  Құлан әулетінен шыққан Қоңыр деген кісі батырлығымен аты шыққан адам болыпты. Тоқсаба – он екі ата Байұлы, Байбақты ру бірлестігінде бар ру. Тоқсобалардың  атақонысы қазіргі  Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданының аймағы деп айтылады. Қоңыр Иштван Мандокидің өзі  сол Тоқсобадан шыққан Қоңыр батырдың ұрпағы боламын деп жазған.Ол өзінің  азан шақырып қойған  Иштван деген атына  Қоңыр бабасының  атын  екінші есімі қылып паспортына жаздыртып алып, қазақ табиғатына жақындығын бір танытты. Қоңыр  осылайша ата-бабасының  табиғатымен табысқандай  болды. Ата-бабасының Мандоки атанып кетуі, Мандық деген сөзден шыққанын да жазған. Ол жанұясымен  Қазақстанға көшіп келуді жоспарлап жүрген екен. Ол арманына жете алмай кетті. Қоңыр Иштван Мандоки  Алматы іргесіндегі Кеңсай зиратында жерленді. 
-Сен Астанада тұрасың, кітабыңның кейіпкерлері мажарстандықтар.. Екі арада қандай байланыс бар? Бұл кітапты жазуды жоспарладың ба? Әлде мажарлар тарапынан тапсырыс болды ма? Биыл Қоңыр Иштван Мандокидің 80 жылдығын түркі әлемі кеңінен тойлағалы отыр екен...

- Бұл кітапты жазуды жоспарлаған емеспін. Тапсырыс та болған емес. 
2015- 2018 жылдар аралығында Мажарстан жеріне үш рет бардым. Ең алғаш ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының  сол кездегі директоры Үмітхан Мұңалбаева мені Будапешт академиялық  кітапханасымен өзара ынтымақтастық байланыс орнату  мақсатында іссапарға  жіберген еді. Осы атақты кітапханамен өзара ынтымақтастық байланыс та орнатылды. Өзіміздің Айша Мандоки апамыз  Барыс «мажар-қазақ» қорының төрағасының орынбасары. Екі ел арасындағы мәдени елшідей. Ол кісі маған ақыл-кеңесін айтып, көп көмек берді. Айша апай екеуміз  Атырау облысы  Жылыой ауданынан, Адайдың Жары - Жетімек деген бөлімінен тарайтын рулас ағайын болып келеміз. Ертеректе Айшаның әкесі Мақсым Өтеулі әкем Аманқос Ершуовтың жыр кітабын Қоңырға беріп: 
-«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,
Байқасақ аспанда да алалық бар.
Біреуде қарт та болса шалалық бар
Біреуде жас таболса даналық бар» деп жырлаған Аманқос Ершуов деген мықты ақынымыз , өзімнің сыйлас туысқан інім еді. Аманқостың өлеңдерін мажар тіліне аударып жіберші» деп тілегін айтқан екен. Қоңыр бұл сөздерді құп алып, асықпай қолға алам деп жүргенде өмірден өтіп кетті. Бірақ көзі тірісінде Қоңыр ағамыз сексенінші жылдардың ортасында Мюнхеннің «Азаттық» радиосынан Аманқос Ершуовтың шығармашылығы жайлы хабар дайындатқан еді. Будапештке шақырту жіберіп, мені бір айдай қонақ қып күтіп құрметтеген Айша апайдың бауырмалдық қасиетіне риза болам. «Әкем Мақсым Өтеулінің Аманқос інімді ұмытпаңдар, кітабын аударып таратыңдар» деген сөзі Қоңыр екеумізге аманаттай болған еді. Аманқос ағамыздың қызы болғасын саған құрметім ерекше» деп Айша апай , Будапештегі Обуда аудандық әкімдігінің мәдени орталығында «Ерік Құрманғалиев» , «Аламан» атты кітаптарымның таныстырылымын ұйымдастырды. Бұл кешке шығыстанушы ғалымдар, мажарлық қаламгерлер қатысты. Кешті түркітанушы-этнограф Давид Шомваи Кара жүргізді. Сегед университетінің Алтаистика кафедрасының түркология факультетінің студенттеріне қазақ тілі курсынан сабақ беріп, қызмет етіп жатқан ғалым әрі ақын Раушангүл Зақанқызы қонаққа шақырды. Поезбен Сегед қаласына бардым. Барысымен Раушангүл Сегед университетінің кітапханаларын аралатты. Содан соң қазір сабағым бар, бүгінгі сабақты сен өткізші деді. «Елтану курсы» бағдарламасы бойынша, «Батыс Қазақстан аймағы.Тарихи ескерткіштері мен тарихи тұлғалары» тақырыбында сабақ өткіздім. Арасында Раушангүл аударма жасап тұрды. Ақмешіт- Бекет Ата, Сарайшық , Қарой , Қарашүңгіл ,Теңіз кен орны т.б тарихи орындар мен Сұлтан Бейбарыс, Исатай- Махамбет, Құрманғазы, Дина, Хиуаз Доспанова, Асалы –Көкетай , Сүйінғара, Төремұрат батырлар, Ерік Құрманғалиев т.б  тарихи тұлғалар туралы және олардың өз шығармашылығымда көрініс тапқаны туралы айттым. Бекет Ата туралы деректер айтқанымда, студенттер шуылдасып кетті. Не болды деп түсінбей қалсам, Бекет ата шынымен өмірде болған ба  әлде аңыз ба ба деп жамырасып сұрап жатыр екен. Бекет ата өмірде болған адам , өмір сүрген ортасы мына жерлер деп Қазақстан картасынан Атырау, Маңғыстау жерлерін көрсеткенімде, олар таңғалып, тағы да Бекет ата туралы әңгімелер айтыңызшы деп сұрап жатты. Айша апай Будапеште Музейге, Көрмелерге апарып, таныстарына мені: «Қазақстаннан келген  ақын сіңлім. Бірнеше кітаптары бар» деп таныстырып жүретін. Сондай бір кездесуде этнограф Эмоке деген бір ханым маған: «Қазақ халқының аруақты әулиелері мен бақсылары туралы кітап жазу жоспарыңызда жоқ па? Бұл бізге қызық тақырып» дегенде ойланып қалдым. Мажарстанда «Лакителек халық институты» әлем халықтарының тілдері мен мәдениетін оқып үйретуді қолға алған. Жаз айларында Лакителекте (Лакителек шағын курортты қалашық)  оқу-тынығу лагері өтеді екен. Осы лагерьге шақырумен қазақтың салт-дәстүрі мен этнографиясынан сабақ жүргіздім. Бір сабақты қазақтың күй өнеріне, киелі аспабы домбыраға, күй тұлғаларына арнадым. «Фолиант» бас¬пасынан шыққан «Дина – Dina» атты қазақша-түрікше альбом-диск кітабым жақсы көрнекі құрал болды. Мажар студенттеріне Қадыр Мырза Әлидің домбыра туралы бір шумақ өлеңін айттым:
 «Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ қазақ емес
Нағыз қазақ домбыра»
 Бұл өлеңді ұнатқандары соншалықты, жаттап алды. Будапештің өзінен және басқа қалалардан жиналған бұл қауым біраз жылдан бері қазақ тілі мен мәдениетіне құмар жандар екен. Көбісінің атасы не анасы жағынан қыпшақ қанды боп келеді, содан болар, балаларына «Қазақстанда кыпшақтар тұрады екен, қазақ тілін үйренсеңдер» дейді екен. 
   -Осы сапардан кейін  Қоңыр Иштван Мандоки туралы кітап жазу туралы ой келді ме? 

 - Менің көше атын жаттай алмайтын  әдетім бар. Былай жүрем сосын оңға қарай бұрылам, одан кейін ана жерден солға кетем деп жолды есіме солай сақтап алам. Бірде Будапешті аралап жүріп, Айша апайдың үйіне келе жатып , адастым. Жолда әсем ғимаратты көрдім. Дүкен! Ештеңе сатып алмасам да, ішін аралап көрейін  жылдам шығам деп ойлағам. Ол өзі төрт этажды екен. Бәрін көрмей қалай кетесің ?! Дүкендегі қызыл-жасыл дүниенің қызығын тамашалап жүргенде, сыртқа шықсам, кеш қарайыпты. Енді қайттім?! Жолдан адастым. «Қайдан келдім, неге келдім» деп егіліп жылап келем көшеде. Көзден жас, арқадан тер төгілді. Не үйдің адресін білмеймін, не телефон жоқ, не тіл білмеймін. Енді қайттім деп, көше кезіп жүре бердім. Будапеште түрік дүкені , кафе-ресторандарының баршылық екенін көргенмін. Не болса да, алдымнан бір түрік кездессе екен деп тіледім іштей. Түрікке кездессем , тілдесіп, полицияға барам. Одан Елшілікке хабарлассам, олар мені Айша апайға табыстайды ғой деп ойлап келем жанұшырып. Жарқыраған шамдар арасынан «Искендир» деген жазу көрінгендей болды, солай қарай жүрдім. Бір үлкен үйдің ортасынан аса бергенде, о, тоба аяғым алға баспай , қалшиып аяғым жерге жабысып қалғандай  тұрып қалдым. Жүрейін десем аяғым қозғалмайды. Ертегілерден оқитын едік қой. Пәлен деген жерге келгенде, ат аяғын баспай тұрып қалады. Сол жерде мыстан кемпір не дию отырған екен деп. Қай-қайдағы есіме түсіп, жүрегім қысылып , тынысым тарылып кетті. Біттім! Қазір көк тасқа баспен құлаймын деп ойладым. Содан ғажап көрініс болды! Құдайдың құдыреті-ай! Басым еркімнен тыс жоғары көтеріліп, артқа қарай сәл шалқайды да , оңға қарай бұрылды! Қас-қағым сәт! Шашын сол жағына қарай қайырған , көзілдірікті ақ шашты бір ер адам маған мейірлене күлімсіреп қарап тұр жан жағына ақ күмістей сәулелі жалын шашқан шарайнаның ішінен! Мен бұл кісіні танимын ғой, қайдан көрдім деп таңғалып мен де көз алмай қарап тұрдым. Бір кезде жаңағы айна сурет алыстап-алыстап көз алдымнан жоғалып кетті. Мен әлі қарап тұрмын. Қайдан көрдім деп есіме түсіре алмай қарап тұрған адам?! Музей-үйге ілінген Қоңыр Иштван Мандокидің ескерткіш тақтасына қарап қатып қалыппын. Ескерткіш тақтаның үстінде жарық шам, одан жоғары Мажарстанның туы тұр. Қатты қорыққаннан есім кіресілі-шығасылы жандай боп тұла бойым қалшылдап кетті. Бар білгенім «біссімілла, біссімілла» дедім. Бұл жерге келгенбіз. Айша апам мені бұл үйге  әкеліп көрсеткен, содан қазіргі тұрып жатқан үйіне барғанбыз. Сол жолды есіме түсіріп ап, эмоцияға берілмей , тез үйді тауып алуға тырыстым. Келсем, Айша апам есіктің алдында тұр. Мазасызданғаннан  екі көзі шарасынан шығардай боп кетіпті.«Сен қайда жүрсің? Сағат төртте келем дедің ғой?!» деп ұрсып берді. «Ойбай, мен адасып кеттім ғой. Содан Қоңыр ағам жол тауып берді» деп мен жолда көрген бейнетім мен ғажайып көріністі айтып жатырмын. Менің сөзіме Айша апай да таңғалды. «Жеті нан пісірейікші» дедім. Аллаға шүкір, өзім  үйді тауып келгеніме сондай қуанышты едім. Көрген сол құбылысты түсінбедім. Елес десем елес емес. Өңім десем түс сияқты. Бір тылсым жұмбақ. Сол күні  дастархан басында отырып, «Мен тақырып таптым. Қоңыр Иштван Мандоки туралы  кітап жазам» деп сөз бердім. Менің өмірлік қағидам -«Жақсылыққа-жақсылық». Мен қиналғанда, ол кісінің рухы маған жол көрсетті ғой, мен де қарыздар болып қалмауым керек, сол үшін жазуым керек деп ойладым. Сол күннен бастап Қоңырдың өміріне деген қызығушылығым арта түсті. Деректермен таныса бастадым. Бірақ бұл процесс біраз жылға созылды. Қоңырдың жазған еңбектерін, хаттарын, ол туралы жазылған деректерді оқып зерттей бастадым. Естеліктерге де қатты мән бердім. Қандай характерлі адам?  Не ғажап қасиеті бар? Өмір тарихы қандай?  Әлгі көрген көрініс сурет көз алдымда тұрды. Бұл не жұмбақ? Осындай сұрақтар қанша жыл миымда қайнап жүрді. Осы жылдар ішінде тек Қоңыр Иштван Мандоки туралы жазуды ойлап жүрдім десем , ол жалғандық болар еді. Орхан Памуктың «Сезім музейі» романы аударма, «Қожанасыр жырлайды» аударма,  «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» әдістемелік құрал, ноғай ақыны Кадрия Темирболатова, өлеңдер аударма, «Бопай ханым» поэма, «Дина» драма, «Шығармашылық лаборатория» , «Атырау Маржандары», «Білезік» деген  кітаптарымды жазып шығардым, белгілі композитор Арман Жайымның «Қайран Нарын» операсының либреттосын жаздым. Әкем, ақын Аманқос Ершуовтың балаларға арналған үш кітабын баспаға дайындадым, одан басқа толып жатқан жұмыстарым да болды. Бірақ Қоңыр тақырыбы ап-ауыр бір мұң болып маза бермейтін. Егер мен Будапешт көшесінде адасып кетпесем, Қоңыр Иштван Мандокидің ғайыптан пайда болған суретін көрмесем , мен Қоңыр туралы жазбас едім ғой. Кітабымда Қоңырдың дүниеге келген сәтінен бастап, дүниеден өткеніне дейінгі өмірі мен  осы шақтың оқиғалары қамтылады. Жеті жыл жазсам деп армандаған кітабымды жазып шықтым. Өзім де таңғалам, бұл кітабым  Қоңыр Иштван Мандокидің 80 жылдығына жақсы тарту болғалы тұрған сияқты. Сіздерге, «Сарайшық» сайтына осы кітабымнан үзінді жариялағандарыңыз үшін рахмет айтамын. Жұмыстарыңызға табыстар тілеймін. Кітабым әлі жарық көрмесе де, даңқы алысқа кетіп қалған-ау. Қазірдің өзінде мажар, түрік, ағылшын, орыс, түркі тілдеріне аударайық деп жан жақтан аудармашылар хабарласып жатыр.
-Кітап қай баспадан шығады? Атырауда тұсаукесерді қай уақытқа жоспарлап отырсыздар? Кітап сатылымға түседі ме?
-Алдағы күндерде белгілі болады. Әрине, хабарлама болады ғой. 
 -Әңгімеңе рахмет, Маржан! Еңбегіңнің жемісін көр. Шығармашылық табыстар тілейміз. 
Сұхбаттасқан: Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА