Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА: «Ф. Оңғарсынова поэзиясындағы күрескерлік рух»

 Қазақстанның Халық жазушысы,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы жайлы сөз еткенде, ақынның жырларындағы  күрескерлік рухты айтпай кетуге болмайды. Өзі жазғандай: «Дара күндерінің,
Нала түндерінің серігі мен сенімі болған» өлең атты пәкизатқа ақын  бар болмысымен еніп кеткен. Қазақ поэзиясын Фаризасыз, Фариза есімін өлеңсіз көзге елестету мүмкін емес. Біз  жоғарыда айтып кеткеніміздей, отаншылдыққа, атамекенді сүюге және қорғауға үндейтін дастан-толғауларына тоқталуды жөн көрдік. 

Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан 1978-ші жылы шыққан «Шілде» таңдамалылар жинағына ақынның «Қарғыс» аталатын еркіндік пен күреске ұмтылған «қара континент» әйелдері туралы толғауы енгізілген. Аталған толғаудың тақырыбы:  Африка құрлығындағы нәсілдік кемсітушілікке, отарлық басқыншылыққа  қарсы күрес. Идеясы: қара нәсілді қыз-келіншектердің мұңы мен зарын, нәсілдік теңсіздікке, саясаттағы, қоғамдағы қитұрқылыққа қарсы бас көтерген нәзік жандардың жан сырын өлең арқылы бүкіл адамзат баласына паш ету. Отарлау саясатына қарсы үн қату, қоғамдық пікір қалыптастыру.
Толғаудың композициялық құрылысы күрделі. Дастан ақынның ішкі монологымен басталған: 
Дауылды менің ғасырым!
Ұлылығыңа, қайсарлығыңа бас ұрам.
Сендегі құйын екпінге 
Ере алмай жүргендер үшін ашынам.
Табына алмайтын бейшара жандар
Сұсты кейпіңнен шошынып,
Ұрмай-соқпай жасыған, -деп басталғаннан-ақ «еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алған» Махамбет жырларының тегеурінді екпіні көзге ұрып-ақ тұр. Ақын жиырмасыншы ғасырды «дауылды ғасыр» деп, көріктеу құралы эпитет арқылы-ақ өзінің айтатын ойын бірінші тармақтан байқатады. Жыраулар поэзиясының  үлгісімен жазылған толғауды төкпелеткен ақын жыр нөсерінің астында қалдырғандай оқырманды. «Дауылды ғасырдың құйын екпіні» деген күрделі эпитет арқылы-ақ өзінің таңдап алған тақырыбымен  бірден оқырманның санасын жаулап алады. Біздің бұл талдап отырғанымыз - сюжеттің кіріспесі, яғни, экспозициясы. Сюжет әрі қарай дамып, түрлене түседі. Мәселен, оқиғаның байланысуына келетін болсақ:
Перзенттігім саған шын болса менің,
Бықсымай қара түндерде,
Отты ұшқын болып шашылам
Немесе құм боп басылам!
Әйтеуір бей-жай жүрмеймін мына ғасырда
Дүлей теңіздей тасыған,- ақындық потенциал, алмас қылыштай өткір мінез ақынның жүрегіндегі Отанға, туған жерге, өзінің атамекеніне, ұлтына деген сүйіспеншілікті паш етіп тұрғандай. «Отты ұшқын» деген эпитет ақынның да жүрегіндегі оттай маздаған алаудан хабар беріп тұрғаны рас. «Дүлей теңіздей тасыған ғасыр» – бұл сөз тіркесі күрделі эпитет әрі теңеу. Өзі өмір сүрген жиырмасыншы ғасырды ақжал толқындарын аспанға атқан, буырқанған көк жойқын дүлей теңізге теңеуі де өте сәтті. Фаризаға дейін ғасыр мен теңізді салыстырмалы түрде алған ақын жоқ. Осылайша, буырқанып, бұрқанып, мұздай темір құрсанған лирикалық кейіпкер ширыға түседі. Өлең жолдарынан шиыршық атқан ішкі қым-қиғаш күресті, адуынды мінезді танимыз:
Өйткені бұл кез – ғасыры
Күңкілге толы қала мен
Тағы келбеті өзгерген даланың,
Башпайға түскен ұзындықтар мен 
Сандардан асқан қысқаның,
Жас ұзарту мен емі таптырмас жараның, 
адалдық пенен айнала беріп сатудың
Және де ащы шындық пен желім жаланың,- ақын философиясы өте терең. «Қүңкілге толы қала», «тағы келбеті өзгерген дала» деген эпитеттер мен психологиялық параллелизм үлгісі арқылы қала мен далаланың аражігін ашып, анық көрсеткен. Қала – күңкілсіз, өсек-өтіріксіз, бір сөзбен айтқанда, пендешіліксіз өмір сүре алмайтындар жиналған жер болса, дала – ақын үшін бағзы замандағы сақи, жомарт қазақтардың мекені. Міне, өлең астарындағы философиялық тұжырым осы. «Даланың тағы келбеті» даланың баяғы көрінісі, бағзы суреті деп түсінген жөн. Сондай-ақ ақын бүгінгі таңда бүкіл қоғамды ойлануға мәжбүр етіп отырған көкейкесті мәселелерді сол кездің өзінде-ақ көтерген екен. Мәселен, «башпайға түскен ұзындықтар» дегенде, қазіргі діни сауатсыздықтың кесірінен етегі жер сызған көйлек киіп, бет-аузын тұмшалап, басына қара жамылғандар елестейді емес пе? Ал, «сандардан асқан қысқаларды» да көріп жүрміз. Міне, қоғамның тас беріштей болып қатқан жарасы ақын жырын оқығанда сыздап, әне-міне жарылып кетердей болып тұрғандай әсер етеді. 
Бұл кезі – құздан құлдырау мен шырқаудың,
Аңқау боп қалған ақ бастылар мен
Ақылгөй туған баланың,- шындығында да, қоғам алдында, халық алдында айтатын сөзін жалтақтап айта алмай, өтірік аңқаусыған зиялылар мен үлкендер айтатын шындықты шыңғыртып айтып жүрген жастарды ақын осылай баламалау арқылы нақыштаған. «Құздан құлдырау мен шырқаудың» аражігі қандай алшақ болса, ақиқатты астарламай ашып айтқан ақылгөй бала мен өтірік аңқаусыған ақсақалдылардң айырмашылығы да жер мен көктей екенін айтады ақын. 
Амалы біткен әлсіздер мен өктемнің
Алдамшы Ақ пен қасиетті күндей Қараның.
Лапылдап өрттей сүйгізетін 
Не өлердей жек көргізетін де
Құдіретің сенің, заманым!
Біздің даланың жігіттеріндей айбатты
Тәуекелің мен мәрттігің үшін қаладым,- ақын «алдамшы Ақ түс пен қасиетті қара түсті» айырып айту арқылы, адамның адамгершілігі оның ақтығында, бетінің әдемілігінде емес, жүрегінің тазалығында, рухани байлығында, сананың сәулеленуінде екенін ұғындырғысы келеді. 
«Лапылдап өрттей сүйгізетін 
Не өлердей жек көргізетін де
Құдіретің сенің, заманым!», - деген лирикалық кейіпкердің арманы асқақ, мұраты биік екеніне сенеді оқырман. «Біздің даланың жігіттеріндей» деген  теңеу арқылы өз ұлтына, туған даласына шексіз құштарлықты өлең жолдарына жүрек қанымен құя салған.
 Сюжеттің шиеленісі «Там-там ырғақтары» деп аталады. 
О, гитара, сайра-дағы,
Балқыт балғын денені сен!
Балқыт мылқау айналаны,
Мен жылаймын, сен егілсең
Ішкі шерлер тарқасын да, 
Ұмыттыршы қараң күнді.
Қайғы тұнған әр тасында,
Еркелесін далам мұңды,- өздеріңіз де байқап отырғандай, ақын музыка аспабы гитараға мұң шаққан негр қызының жан дүниесін берген. «Әр тасында қайғы тұнған дала» шындығында, Африка құрлығы ма екен? Біздің қазақтың керімсал самал кезген сайын сахарасы келмей ме көз алдыңызға? Иә, ақынның шеберлігі сонда, ол қара континенттегі нәсілдік теңсіздікке қарсы күрескен негр қызы арқылы өзіміздің, қазақ аруының да жан дүниесіндегі басқыншыларға, отарлау саясатына деген ыза-кекті суреттеп отырған жоқ па?!
Кетсе де бақ тасаға,
Сен жалғыз бақсың маған!
Тақыр ғып таптаса да,
Ешкімді жатсынбаған,
Ешкімге таңданбаған,
О, менің аңғал далам!- дәл бірінші ырғақтағыдай, екінші ырғақтың бастапқы шумағында ақын жоғарыда айтқан ойын, идеясын тағы да кұшейте қайталаған. Осы екінші ырғақта: 
Даланың ұқпай мұңын,
Жүргенге өшігер ем-
Әлсізбін, шықпайды үнім.
Қайткенде төсіңе мен
Бақ құсын қондыра алам,
О, менің сорлы далам,- міне ақын төкпе қайталау арқылы алдыңғы айтылған ойды күшейте түскен. Ақын жоғарыда мысалға келтірілген қайталауларды сәтті қолдана отырып, Африка құрлығындағы қара нәсілділердің зар-запыранын ғана төкпеген, өзінің атамекенінің басындағы мұң мен зарды да бүкіл ғаламға жар салып, ашынып жеткізген. Осының өзі оның қаламының киелі, ал мінезінің тек ақиқат пен шындықты ғана жырлайтын шыншыл, кесіп айтатын бірбеткей екенін, жүрегінің қазағым деп соққан, далам деп дүрсілдеген перзенттік махаббатқа толы екенін танытады. 
Мынау қарғыс атқан заманда,
Арды сатқан заманда,
Қасқая қарап сескенбей,
Жын қағып кеткен ғаламға,
Халқыма теңдік іздеген,
Шындықтан күдер үзбеген
Менің де сорым бес елі,- осы жолдардан Махамбеттің «Қызғыш құсының» күрескерлік рухының лебі бетті шарпығандай емес пе?! Ақын өзі өмір сүрген замандағы екіжүзділікке, опасыздыққа қарсы бітіспес майдан ашқандай. 
Халқымды қорлап кеміткен,
Жерімді таптап желіккен
Мықтылармен алыстым
Қиындықтарға көніп мен.
Еш пендеден кем еместігімді паш қылып,
Қойса да заман көмейіме менің тас тығып,-  иә, қырғыз-қайсақ деп кемсітіп, бұратана деп, тағы деп қазақты да қорлаған отарлық саясатты, қызыл империяны жек көреді ақын жүрегі. Оған - осынау өлең жолдары куә! Ақын  сол бір қоғамда өмір сүре отырып, тікелей айтпағанымен, негр қызының монологы арқылы, қазақ қызының ішкі жан дүниесін суреттеуден қаймықпаған. 
Негрдің байтақ даласы,
Мекенім менің бақыттылыққа тапшылау,
Қасіретімен, тақсіретімен жаныма жақын, жақсылау.
Қайырын бермеген көк түтін зауыт, космостық алып алаңдар,
Көкірегіңді сорып, қозғалтпай қойды тас бұғау.
Солардың бәрін сыйғызған саумал кеудеңнен,
Өз перзентіңе сая бере алмай,
Қасірет шегіп жатсың-ау,- өздеріңіз ойлап қараңыз, осы өлең жолдарындағы суреттер қазақ даласында да бар, қазақтың байтақ даласы да өз перзенттеріне қайыр бере алмай, жат жұрттықтардың салған зауыт, фабрика түтіндері ауаны ластап, космос алаңдары, полигондар бүкіл қазақ халқына қаншама қасірет шеккізгенін сіз бен біз жақсы білеміз. Арал тартылды, оның табанынан ұшқан тұз атмосфераға таралып, сол жерде тұрған халықтың дені жазылмайтын аурудың зардабын шеккені ақиқат, әлі де жағдай мәз емес. Семей мен Азғыр полигонының халқымызға әкелген зар-запыранын айтып та тауыса алмаспыз. Байқоңыр космодромының айналасындағы дау – ол да бір өзекті мәселе, қазақтың бітеужарасы. Ақын Африка құрлығының астарында қазақ жерінің тартқан тақсіретін жазып отыр. Ал, шиеленістен әрі шығарманың шарықтау шегіне келетін болсақ, ақын негр қызына қазақ қызы болып үн қатады:
Өрлігіңе сенің,
Ерлігіңе сенің,
Құлақ түргендей күллі әлем.
Бір жасап қалдым мұнда мен!
Жалындап тұрып жырлар оқысам алдыңда,
Езу тартар ең, тыңдар ең.
Заман орнатқан монументтей боп
Тұрасың жердің төсінде,
Ғасырдай асқақ тұлғамен,- ақын өз халқының тәуелсіздігі үшін отарлық басқыншылармен күрескен негр қызының ерлігі мен өрлігіне сүйсінеді. Оған «ғасырдай асқақ тұлға» деген күрделі эпитет әрі теңеуден құралған көріктеу құралы дәлел. «Заман орнатқан монументтей» деген теңеудің өзі де лирикалық кейіпкерді айрықша тұлғаландырады.
Ал, шығарманың шешімін – ғасырмен сырласу немесе қазақ қызының монологы деп алғанымыз дұрыс. 
Ғасыр, сенің екі есті,
Мінезіңнен мен жүрмін тынши алмай,
Маған бақыт сыйладың тұншығардай.
Еркіндікте көлбеңдеп күн өткіздім,
Әлем бір сәт дір етер үн шығармай:
Ыза болам жүрмін деп бір іс қылмай,
Жабырқаулы көңілдер құлшынардай,
Бейшаралығынан біреулер қымсынардай.
Қиындықтарына шыдар ем, бір іс қылсам,
Тарих өзі жақсылап бір сынардай,- деп, өзінің еркіндікте халық үшін ешқандай іс тындырмай жүргеніне жүрегі өртенеді, өкінеді. Сөйтіп, ғасырмен тілдесе отырып, тарих өзі ұмытпайтындай бір іс тындыруды арман етеді. Халқы үшін қандай қиынға да шыдаған негр қызын өзінен биік қоя отырып, бес күндік күйбең тірліктің жігерін құм қылатын мұңсыздығына, қамсыздығына ызаланады. Бір жерлерде жазықсыз қан төгіліп, халқы үшін күрескен негр қызы бұғауға түскен заманда өзінің тоқшылықпен күн кешкен тоғышар күйіне намыстанады ақын. Сөйтіп:
Сондықтан да хақым жоқ,
Сөз етуге бас қамын, тамақ мұңын,
Жер күрсінсе – мен дағы азаптымын.
Шындық қуған замандас отырғанда,
Төбесіне телміріп абақтының.
Жердегі ұлы не сұмдық істер үшін,
Мен уақыттың алдында жауаптымын,- деп қасқая үн қатады! Жұмыр жердің қайғысы мен күлкісі үшін сергек санамен әрекет етуге тиіс екенін тайсалмай айтады. Міне, біз білетін ақын Фариза Оңғарсынованың жырдағы мінезі! Ол өз халқының болашағы мен ана тілінің келешегі үшін бір адамдай-ақ күресті, ғұмырын арнады. «Қарғыс» толғауын оқығанда түйсінгеніміз – ақынның өз халқын, атакүлдігін ерекше бір сезіммен сүйгені. Оны ол ешкімнен жасырған жоқ. Ендеше, Фаризаның күрескерлік рухта жазылған өлеңдерін келер ұрпақ әлі-ақ ұранына айналдырары сөзсіз!