Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Жаннат ІЗТЕЛЕУОВА: «Бұтақтары – биікте, тамырлары – тереңде...»

Ізтелеуова Жаннат Тасмағанбетқызы Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай селосында дүниеге келген. А.С.Пушкин атындағы «Құрмет белгісі» орденді Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Атырау облысы Атырау қаласындағы №34 көп салалы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып ұзақ жылдар қызмет етті. Қазір облыс орталығындағы Д. А. Қонаев атындағы BINOM school мектеп-лицейінде шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс береді.                  
         Қанішкеннің бір шағылды төбесін Ашақ-Мәшінің «ата күлдігі» дейді екен. Ескелді деген бай ерте өліп, одан қалған Ашақ, Мәші деген ұлдары өз байлығын бір-бірінен асырғысы келіп таласады. Соқыр дүние оларды араз қылады.Байлығымыз бен атағымызды шығарамыз деп бар байлығын жұртқа таратады. Онымен ағайынды екі жігіттің жомарт деген аты шықпайды, қайта халық оларды «есуас» дейді.Енді бастарынан бағы тайып, қора-қора малынан, бір баспақты сиырынан  да айрылып  Ашақ дүние салады. Ашақты әкесі жатқан қауымға жеткізетін көлік таппай, шағылға көме салады. Тіріде байлығымен аты шықпаған ол, атағын өлгенде табады. Сонда Мәші үш күн бойы жылап жатып алады: «Мен Ашақтың өлгеніне емес, атақты бұрын алғанына жылаймын»  депті. Міне жұмыр басты пенденің тасқындығы, міне ұлы қауымның ғұмыр тарихы» деп айтып отырушы еді Батырғали қария  деп есіне алады ақын өз туған жері жайлы сыр шерткенде.
        Ақын Жұмекен Нәжімеденов осы Құрманғазы ауданы, Қошалақтың Ашақ қария деген жерінде 1935 жылы 28 қарашада дүниеге келген. 1960 жылдардан бастап ақындық ерекшелігімен көзге түскен тұлғалы тума талант иесі.
«Белдеулерде қыстырылған құрығы
антенна боп-жел үп етсе ұлыды.
Балалары жылауықтау ауыл ол, 
құлауықтау болатұғын құдығы.
Табриз, Шираз көп жырланған қалалар,
Қошалақта жыр жоқ,
жел мен дала бар.
Құдығының суы бірақ сұйық бал
қарақаты-жүзімдікке бара-бар.
Таба алмаған тағдырына табынудан басқа амал,
О құлан құм, құдірет құйған астанам;
Жетім лағы желіде қап қақсаған,
Қатар өскен: қайсарлық пен момындық,
Қас батыр мен қас надан» деп ақын өзі жырлаған туған өлкесінің туған топырағын шалқар көлдей мөлдірей тұнған кәусар әлемге қайсар жырларымен риясыз танытқан ақын болатын. Ж.Нәжімеденов шығармаларын таң қалмай оқу мүмкін емес. Ақынның тұсау кесері «Балаусадан» - «Менің топырағыма» дейінгі өлеңдер жинағында сезіміңді сергелдеңге түсіріп, намысыңды қозғайтын, ойыңды сан-саққа жүгіртетін, сенің қалғып кеткен санаңды селт еткізіп оятып, бұған дейін мән бермей келген құбылысыңа мән бергізіп, айналаңа бұдан былай сергек қарауға, серпіле қарауға мәжбүр ететін үлкен азаматтық поэзия жатыр.
    Еліміздің көкейінен, әрбір үйдің төрінен, әр азаматтың жүрегінен құрметті орын иеленіп, қастерлеп, тәңірі тұтып, тәжім етіп бас иер, елдің тек өзіне тән, өзгеге ұқсамайтын, өзін бүкіл дүниеге паш етіп тұратын белгіміз- қазақ елінің рәміздері.
    Халықтың мұңы мен мұратын, қайғысы мен қуанышын, құштарлығы мен құлшынысын, қаһарман қажыр-қайратын, аңсаған арманын, ұлылық жаратылысын құдіретті сөздерімен өлең шумақтарына екшеп енгізген, естіген жерден елең еткізер, отаншыл рухыңды аспандатып, тік тұрып қарсы  алып, қасқайып тыңдайтын, шабыттана жан дүниеңмен беріле шырқайтын сұлу саз, бүгінгі әнұранымыз- «Менің Қазақстаным» әнінің авторы да- Ж.Нәжімеженов.
    Әдебиеттің міндеті-адам жанын шындап қинайтын мәселелер жайында шындап қиналған ар мен сезімнің айтарына құлақ түру, сол қиынды оңайлатпай, сол күрделіні тұрпайыландырмай нәзік жеткізу. Сонда ғана өлең адамзат тіршілігінің қырық жықпыл әлеуметтік болмысына терең бойлап, тіршілік қағидасын қалтқысыз ұстай алады. Сонда ғана ақын сөзі арқаңды шымырлатып, төбе шашыңды тік тұрғызады. Өлең тағдырын, өнер тағдырын, ел тағдырын, жер тағдырын, ең алдымен, шындықпен өзектестіре қарайды. Өйткені, Отан-ананың, заман-ананың, ел-ананың, жер-ананың, тіл-ананың көсегесін баққұмарлық та емес,қалтқысыз шындық пен еңбек қана көгерте алады. Әділетсіздікпен күресудің кепілі- өз бойыңдағы адамгершілікті сақтай білу. өз адамгершілігін сақтай алған адам ғана өзгенің қайғысына қараса алады, әлсіз кәріге, айласыз балаға, тілсіз табиғатқа- жалпақ әлем мен жарық дүниеге қорған бола алады. Өзінің арын құрметтей алмаған адам өзгенің жанын арашалай алмайды. Адамның бақытты болуына неғұрлым жақсы жағдай жасалып, оған көп бостандық берілген сайын, оның қылығы мен құлығы үшін жауапкершілігі әлдеқайда арта түспегі шарт. Гуманистік творчествоның парызы- адамды әділетсіздік тұсында күреске, қауіп-қатер тұсында ерлікке, әділдік тұсында жауапкершілікке шақыру болса керек. Ж.Нәжімеденов осыны жіті түсінген.
                  «Бұтақтарым биікте,
                  Тамырларым тереңде» деп жырлаған ақын оқырмандардың сезімін адамгершіліктің биік мұраттарына сілтеп, санасын өмірдің терең сырларымен сусындатады.
    Тегінде қазақ халқы- әдемілікке, сұлулыққа жаны құмар халық. Дүниенің ағысы мен жаратылыстың бітім-болмысындағы болар-болмас, жай көзге аңғарыла бермейтін, өте нәзік нәрселерді байқағыш та аңғарғыш. Оларға адам мен табиғаттың арасындағы тепе-теңдік құбылыс ерекше әсер еткен: таң шолпанның нұрлы сәулесі, маралдың мұңлы үні, жалаң қия жартастан көтерілген күннің алғашқы шұғыласы, алыстан ағараңдап көрінген мұз таулары, аспандағы аққумен үн қосқан ақындар даусы...
    Өзіне ғана ақындық даусымен тереңнен нәр, биіктен нұр алған жыр бәйтерегі ешқашан солмақшы емес. Осыншама ғұмырлы өлеңдер жазған ақынның өз ғұмыры келте болғаны ғана өкінішті....
           Адамзат басынан кешкен төбе құйқаңды шымырлататын соғыс тақсіретін ақын өз ауыл, өз аулаңнан, өз төр, өз әулетіңнен тауып береді.
«Соқыр теке» өлеңінде:
Көзді таңып сүрініп,
Әкетті де «жеті ұры»
Іздеуші едік жүгіріп,
Соқыр болып өтірік.
Ұстата ма шын ұры
Соқыр түгіл айыққа?
Кететін-ді бұрылып
Таппадың деп айыптап.
Ұстағанша мазақ қып
Досың күліп, әрине,
көретінің- азап-ты,
Көзі бардың бәрінен.
Кінәлайтын жұрт өңге,
айдаладан сөйлеп құр.
Ұрсатұғын үлкендер
«Жаман ырым ғой»  деп бұл
Жаман ырым?
Жәй-жайдан,
Сөз де айтылмас боп алды.
Бір ағамыз майданнан
Шын соқыр боп оралды.
Көздің жоғы жаман-ақ.
Ербең қағып қолдары.
әлдекімді шамалап
ұстамақ-ты ол-дағы.
Іздейтін ол тарығып, 
Кеудесін бір кек кернеп.
Бар қаскүнем, бар ұры,
Соны тонап кеткендей.
Біз қойдық қой, әрине,
Ойын қалды, жетілдік.
Бірақ ағай әлі де,
Ойнап жүрген секілді,- деген өлеңінде, егер соқыр болып ойнасаң, өзіңе бір пәленің жолығатыны туралы айта келіп, адамның құдіретті санасы алда не болатынын ойлауға мәжбүр етеді, адам қарулы, қайратты да құдіретті, сонымен қатар әлсіз, уайымшыл, сол себептен «бір жауынгердің майданнан шын соқыр» болып оралғандығы- халықтың сенім-иланымынан шыққан нәтижесі деп толықтырады. Сенім, соған байланысты иман ұғымы діни дүниетанымнан туған. Адамдар ертеде тауға, тасқа, ай, жұлдызға, аң-құсқа, табиғат құбылыстарына, әулие-әмбиеге, жын-шайтанға, бақсы-балгерге, көп құдайларға, бүгінде бір Аллаға сенуде. Қалай болғанда да діни иланым адамдардың ғұмырын жеңілдететіні, мінез-құлқын жұмсартып, мейірбандығын арттыратыны, бірлігін бекемдеп, әдептілікті орнықтыратыны даусыз. Ақын «Ат шананың үстінде тұр топ адам» деген өлеңінде:
Ат шананың үстінде тұр топ адам
Орын берді ығысып жұрт  арадан
Отырды әкем,жүгіріп әжем үйден
Алып келді,есімде бір таба нан.
Әлде бата,әлде ырым іспетті ме,
Көндірмек пе құдайды күштеп,тілдеп?
Кетік нанды ап кірді әжем үйге-
Әкеме шетінен бір тістетті де.
Ырым ғой бұл, Алла бар қалмайтұғын,
Нан жарықтық бақсы емес алдайтұғын.
Ерте болсын,кеш болсын қайтып келіп,
Тауыспақ ол осы бір нанды әйтеуір.
Келіп жатты майданнан...кетіп жатты...
Қара шашы таусылып қайғы қалды.
Сандықта ораулы нан семіп жатты.
Жылдар өтті,әжем де әлі бітіп,
Сартап болды сондықтан нан баяғы.
Ол да жатыр,қарашы,әлі күтіп.
Үміт шіркін жақсы ғой-жанға жайлы
Мен де күтем-оны әжем аңдамайды.
Сенердеймін мен де оған кетік нанға
Ал,шынында,нан бар ғой,алдамайды!
Халқымыздың ұғым-түсінігінде барлық маңызды нәрсе наннан бастау алады. 
    Жаугершілік кезде соғысқа аттанған боздақтарға олардың елде қалып бара жатқан жары немесе ғашығы таба нанның шетінен тістетіп, сақтап қоятын ырым да бар. «Туған жердің дәмі тартып, аман-есен елге оралсын»,- деген тілекпен әрі сеніммен солай етеді. Үйге келген кісіге нан ауыз тигізу, нанның қиқымын тастамау, нанның қасиеті, киесі ұрады деп білу, татуласудың ең сенімді кепілі ретінде нан сындырып жеу, нанның атымен ант ішу-нанды қасиетті санағандықтан, әсіресе дастарқанынан ас жеп, дәм татқан адамдардың қастығы, опасыздығы кешірімсіз қылмыс саналған. Осы ретте айтылатын қарғыстың өзі «Нан ұрсын» деп келеді. Ақынның өлең жолдарында «сартап» болған таба нан арқылы соғыстан оралмаған әкесіне деген сағынышы мен үзілмеген үмітін көруге болады. Халық арасында: «Нанға қолы жетпеген кісінің оны Құран үстіне шығып алуына болады, ал Құранды нанның үстінде тұрып алуға болмайды» деген ұғым да бар. «Тағы да нан туралы» деген өлеңінде:
Нан көп дейсің, осы сөздің обалы
Екеуміздің мойнымызда болады.
Үзім нанда тағдырлар бар, табан бар,
Жан терің бар, айналайын, адамдар.
Тоқпыз содан басқаша айту маған да ар
Нан көп дейді нанын ақтамағандар...
Немесе, «Ақша» өлеңіндегі:
Еңбек еткен кісілер
Ақша тапса, сол еңбекпен ақ-адал.
Асып-тасу жат оған:
Нан тәтті ғой былай да,
Еңбегіңмен тапқан наның тәттірек,
Жұғымдырақ атаң берген батадан,- деген өлең ұйқастарынан еңбекпен тапқан нанның қадірі мен «жаңбырменен жер көгереді, батаменен ер көгереді» дегендей, тәлім-тәрбиенің өткір құралы бата-тілекті байланыстыра суреттейді.
    Адал перзенттері үшін туған жерінен ыстық, сүйікті, қасиетті, киелі ештеңе жоқ. Бұл-халқымыздың қанына біткен имандай сенімі. Елдің сал-дәстүрінен, ырымынан соның жан тебірентер мысалдары көптеп табылады. Ақ жаулықты аналар алыс жолға, ұзақ сапарға аттанған балаларының мойнына туған жердің топырағынан бойтұмар тігіп, тағып береді. Ондағысы туған топырағы жат жерде бәле-жаладан сақтайды, ел-жұртын сағынғанда, мауқын басады қиындыққа душар болып тарыққанда, әл-қуат береді, уайым меңдеп тарыққанда, көңілге медет болады деп біледі. Шынында да, туған жердің топырағынан бойтұмар таққан адам жат елде де өзін жалғыз сезінбейді. Отанынан алыста жүрген, әсіресе, қартайып ауру-сырқатты болған кісі туған жерден топырақ бұйырса екен деп армандайды. Жаны соны қалайды. Басқа елде қайтыс болып, сонда жерленген адамның қабіріне атамекеннен бір уыс топырақ салу дәстүрі де бар, сөйткенде марқұмның жатқан орны жайлы, рухы риза болады деп ойлайды. Ақынның «Топырақ» атты өлеңінің қысқаша мазмұны мынаны мегзейді:
Ескі иланым бойынша «Сәби шыр етіп жерге түскенде- түбі сол адамның қабірі қазылар тұстың топырағы әйтеуір бір белгі беруге тиіс».
Топырақ  деп текке айтпаған ырыс алды,
Топырақ жайлы астам ойлау-қиын, ұқ:
Қабір қазған кезде ағайын жиылып
көму үшін кесір кедей бір шалды-
төрт құлақты  қара қазан шыққанда
шу етісті ел: «О, мықты Алла, мықты Алла!»
бір қария жүзі шұбар-тас-кәрі
хикаяны тым алыстан бастады. Бір әулеттің текті байының жас тоқалы ұл тапқанда, ат қазықтың басындағы топырақ бұрқ ете қалады. Бай шошынып, құдайға жалбарынып, құран оқытып,құрбан шалдырады. Бір күні бай: «Тағдырға қасарғанда дәл осы ұлымды топыраққа көмдірмеймін»-деп жүз атанды бақыртып, сандық-сандық қазынасын ырғап салып, дана қарттардың ақылын тыңдамай, қоңсы-қорыммен бірге көшеді. Қанша жұтқа ұрынса да, баласының өлігін туған жердің топырағынан қызғанып көше береді. Елде аңызда болмаған апат келіп, малдары қырылады. Байға Тәңірі-Құдай бұлттың жыртығынан сығалап: «Қоныс іздеп болмай-ақ қой енді алаң» деп ескертеді.Ол лезде «қаңғыбас » атанып, өзінің өлерінің шағында баласына былай депті:
«Бөтен жерге жайғаспа,
қайырымсыздық етпес еді тап мұнша:
біздің топырақ ата-жауша, сатқынша
қандай кедей болсаң- дағы ақ табан
хақ бұйыртқан топырағыңды тап, балам. Қоныс емес, бас қамын іздеген бай баласы көшіп-қонып жүргенде, бір түнде ықылық атып көз жұмады.
Қарт айтты әлгі қарап тұрып қазанға:
-Қырсық құдай, жеңдің ғой сен, жең енді!
Осы жерге жерленбесін дегенді
қазан көміп, тапсырып ед қасқа бай.
айла-амалы болмаған соң басқалай
жалғыз ұлын әкетіп ед қашырып,
«Жазмыштан озмыш жоқ»-осыны ұқ!
Кері кеткендер, кел жылайық қосылып!
Бастан өтті не бір жағдай, не күндер,
жаулық әкел, ей, келіндер, кебін бер.
Қанша-мұнша, асау көкірек, аш сана
Қорқыт құсап өз көрінен қашса да,
Бұйырмысы-жазуы осы, көміңдер!... -дей келіп, ақын өз әкесінің майданға қызыл вагонмен аттанғанын, соғыс біткенмен, оралмаған әкесі туралы:
«Бұйырмыс» та «жазмыш» та- кәрі ұғым
Қалай ата- бәрібір ғой, бәрібір.
Қай жерде адам, ырыс таптың, құт құрап,
Қай жерде адам, маңдайыңа бітті бақ,
Қай жердің де өз тағдыры бар шығар,
Топырағыңа біткен тағдыр мықтырақ,
Туыпты әкем бауырында бір үрпектің,
 Ол туғанда кім білген
Қай қабақтың топырағы бұрқ етті?!
Кім біледі, майданда емес, әкем сонау шалғайдан
Бір бұрқ еткен топырағын кетті іздеп?!
    Жастарға  тәлім-тәрбие беру ісіне үлес қосатын асыл мұраларымыздың бірі-Қорқыт жырлары. Қорқыт өз өмірінде Алтай, Ертіс, Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра, Сарысу, Талас, Сайрам,Сыр, Қаратау, Жетісу өлкелерін билеген-Инал, Күл Еркін, Қаңлы Қожа деген үш ханға ақылгөй уәзір болған. Дана, ақылгөй ата болумен бірге, дарынды жырау, майталман күйші, қазақтың саз аспаптары қобыз бен домбыраны алғаш жасаушы, өз заманының кемеңгер ойшылы болған. Қорқыт өз жұртының аянышты ауыр халін көріп, одан елді құтқаруды, мәңгі бақи өлмейтін бақытты өмірді аңсайды. Ақын «Қайда барсаң да- Қорқыттың көрі» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, «Қорқыт-баба» өлеңінде:
Аңыз-зор ғой
Ал қаңқу сөз?
Зор бұ да-
Қорқыт қартқа тақ мінгізу орнына,
Тақ па саған!
Тағдыр мықты салды ауыз,
Топырақ жауыз:
Көрдің аузы жалмауыз
Неге тойған, 
Қашан тойған жамағат
Топырақта болушы ма ед қанағат!
Жас топырақ, көрдің ерні күп-күрең
Ерні түрік топыраққа да бітті рең.
Содан соң, шешіп тастап шапанын, халқы қазған қабіріне жатады.
Кіндік қаны тамған жердің топырағы,
Тұңғыш ізі қалған жердің топырағы
Құшағына алды дейді жарықтық .
«Көрдің аты-көр» дейді ғой кәрі ұғым-
Туған жерде қазылса да бәрібір.
    Ақынның бұдан шығаратын қорытындысы: «Өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе- адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі».
Неткен ғажап, тұрмыс сенің мұқтажың
Неткен рахат сенің қамың тіршілік!- деп ақынның өзі жырлағандай, өнер перзенті өмірден туады. Өзі тартқан күйдей, өзі жазған жырдай тұп-тұнық сабыр мен тұңғиық сырдан тұратын жайсаң жанның қай-қай шығармасы да өмір шындығымен бірге өріліп, біте қайнасып жатады.
    Ата-бабаны қастерлеп, оның аруағына табыну да-халқымыздың тұрмыс қазанынан қайнап шыққан ежелгі дәстүрі. Ата-ана сыйлап пір тұту-исі түркі халықтарының, оның ішінде өз халқымыздың да айнымас асыл қасиеттерінің бірі. Өмір беріп, өнеге көрсеткен әке, ақ сүт беріп, әлпештеп өсірген шеше алдындағы қарыз сезімі-әр адамның адамгершілік деңгейінің өлшемі болып саналады.
    Тәңірге табынған қазақтың аруаққа да сыйынуының ұлттық ұйытқы тақырыбына, ой толғауға әкеліп тірейтін өзіндік тарихи-философиялық және әлеуметтік сыр-сипаты бар.
    Ата-баба аруағына сыйыну салты-сол бөрі байрақты Көк түріктерден, олардан мың жылдай бұрын ғұмыр кешкен ғұндардан келе жатқан ұлы дәстүрді сақтау, жалғастыру, алға апару мұратынан туған.
    Аруаққа сыйыну-тіршілікте тындырған істеріне байланысты айрықша қасиет иесі саналған ардақты аталардың рухымен қанаттану, тілімізде қазірге дейін қолданылып келген «аруақ шақырады», «аруақтанып кетті», «аруақ қонды» секілді көптеген тұрақты сөз тіркестері бұған куә. Аруаққа сыйыну салтының ұлтты ұйыстырудағы, патриоттық сезімді ұштаудағы орасан зор тәрбиелік мәні болғандықтан, қазақтар ата-баба аруағын құдіретті деп  түсінген. Ата-бабаны қастерлеу ғұрпы- қоғам мен адам болмысын тануға көмектеседі. Еліне ерекше еңбек қылған, ақыл-ой, адамшылығымен астам болған біртуар жандардың өмірін кейінгі ұрпаққа өнеге ету-ұлттық қасиетті сақтау мұратын көрсетеді. Бұл дәстүр сабақтастығын қамтамасыз етіп, елдің ауызбірлігі мен ынтымағын арттырады.
    Халықтық қағида бойынша адамның туып-өскен үйі-әке шаңырағы «қарашаңырақ » деп аталып, киелі шаңырақ ұрпақ үшін қасиетті орда есебінде қастерленеді. «Қара шаңырақты қастерлеу»-ата-баба аруағын құрметтеу болып табылады. «Қара шаңырақты» құт көру, кие тұту-бабалардан келе жатқан бұлжымас салт-дәстүр.
    «Бәйтеректер» өлеңіне тоқталар болсақ, ырым мен сенімнің бір түрі-әке қабірінің басына бару.Ұлымды өсірем, жеткізем деп тірнектеп мал жинаған қара шаңырақтың иесі-көкесінің қайтыс болуы, баласының жел жақтағы бәйтерегі құлаған шыбыққа ұқсап, мола жаққа көп қарайлауы, маңдайына жел ұрмаған жанның басына іс түскенде, әке моласына барып тағзым етуін ақын былай жалғастырады:
Сөздеріне жауап іздеп түрлі елдің,
Қарияның бейітінің басына
күн қауысар уақытта бір келдім.
Тіл қатпады шеген мола тұнжырап-
Үйге қайттым бір жылап.
Көңіл-күпті, көкірегім жаншылып,
Көңіл жүзін Айға ұқсап қоңыр бұлтпен жасыра
Екі келдім ескі бейіт басына.
Үн қатпады шеген мола тұнжырап-
тағы қайттым бір жылап.
Екі аттап та ала алмадым бір адым:
екі мәрте емтиханнан құладым.
Таңға жуық кәрі әкенің  басына
Тарыға ойлап, тағы келдім, үш келдім,
Қамқор ата қабірінің басында
 «Жебеп-желер» әлдене бар расында,
Мені баурап әкетті «еңбек қарқыны».
    Осындай Тәңірге, аруақтарға деген сенім- мыңдаған жылдар бойы жүздеген ұрпақ ой елегінен өткізген, ақиқатына анық көз жеткізген, сөйтіп атадан-балаға мирас болған, қанға сіңген қасиетті сенім.
    Сандаған ғасырлар бойына қалыптасқан мәдениет, халықтың дәстүрлі өмір салты, діні мен діни сенімі айнала табиғатты тану мен аялаудың күллі жүйесін жасаған. Халқымыздың бойындағы қанға сіңген қасиеттердің бірі-табиғатты аялау. Халық табиғаттан өзіне ала отырып, одан аялы алақанын, қамқорлығын аяған емес. Халық ұғымындағы ертеден келе жатқан «киелі»,  «қасиетті» , «обал», «киесі ұрады»,  «сауабы тиеді» деген сөздердің табиғатқа  қиянат жасама деген ұғымынан туғаны белгілі. Мәселен, қазақтың аққуды, қарлығашты, ұларды, дегелекті, бүркітті, үкіні, кептерді қастерлеуі- осының дәлелі. Ескілік нанымда жазғытұрым жаңа шыққан көк шөп  пен  ағаш бұталарының жалтырақ бүрлері- өмірдің үздіксіз жалғасы және өркені. Көк  шөпті беталды жұлуға, көкөрім шыбықты сындыруға, орманды беталды бүлдіруге болмайды, оның киесі атады, жапан түзде жалғыз өскен ағаш киелі болады, оған тиісуге болмайды. Мұның бәрі табиғатқа табыну дәрежесіне дейін көтерілген. Халық табиғаттан –өзіне ала отырып,  одан аялы алақаны мен қамқорлығын аяған емес. Осы мақсаттағы ырым сөздер Ж.Нәжімеденовтың шығармасынан да тыс қалмаған. 
 Халық ауыз әдебиетіндегі «Ер Төстік» ертегісі бойынша Төстіктің жер астынан жер бетіне шығарда бәйтеректің басына ұя салған самұрық құстың балапандарын жыланнан құтқаруы сөз етілген.  
 Қорқыт ата аңызындағы Қорқытқа ажалдың жылан болып келуі де-тектен-тек жайлар емес. Қазақта:
-Үйде ысқырма! Үйде ысқырса, үйге жылан келеді, кейінгі кездерде  жел тұрады деген ұғым бар. Қазақ үйлері далалы, ашық жерлерде тігілетін болғандықтан, күтпеген жерден жылан келсе, бала-шаға, малға қауіп деп қараған. Жалпы қазақ ұғымында жылан-дұшпан. Сондықтан даладағы жыланды көрген жерде өлтіру керек, ал үйге кірген жыланды басына ақ құйып шығарып жіберу керек деп үйретеді.  «Түсінде жылан көрсе, өңінде дұшпаны бар» дейді.
    Ақынның «Ақ көгершін» атты бейбітшілік дастанында:
Үйге кірсе, айран іздеп, қасық ап
«Жыланның да ел тамызады басына ақ».
 Тек мен ерен іс еткендей боп қалам
Жылан емес, отырмын ғой ақ кептерлер асырап.
Кептер болса-бейбітшіліктің символы.  Бейбітшілік-ұлы сөз, өйткені ол- күллі адамзаттың тілегі.
Көрдім талай арыстанның терісін,
тарлан тастың арасында шөптердің.
қыранның да қауырсынын көп көрдім.
Жауыздықтар болса қанша ашынған,
Ешбір жерден көрген емен кептердің
Ақ мамығын шашылған!
    Аспанда қалықтаған ақ көгершіннің қауырсыны сынбай, қанатының қайырылмай өсуіне жауапты-Адамзат. Бұл жолдарда адам өмірі перзентімен мәңгі жасайды деген тұжырым жатыр.
    «Жаңғырық» дастанында ұзақ сапарға аттанып бара жатқан Махамбетке жаны ашыған жігіт оның қасында болуға ант-су ішеді, бірақ Махамбетті ешбір жалбарыну жібіте алмайды.
-Бір тілегім бере гөр,
әрі шәкірт, әрі інің
аяғыңа жығылды;
жаман ырым-жаңа ырым
жалғыз жорту жігітке:
қаңғырып кеп ерейін,
аһоу десең-жаныңа жаңғырық боп ерейін.
Бар тілегім бере гөр, жалғыз атты Тәңірім!
... Ақ қар жауды алғашқы, 
Ақ жел ұрды аптығып.
Ақын жалғыз келеді-көкірегі жатты ұлып...
Түсті қыран топастың
Қыран аулар торына.
Үйде-ақ қылыш шабылды- үріп кетті ит-пиғыл
Қасіреттің қасқыры әлдеқайда жатты ұлып
Ақ текемет бетіне қызыл қаннан қақ тұрып,
Батырға жалғыз жүрудің жаман ырым екенін Махамбеттің жанкешті өлімі дәлелдеп тұрғандай!
    Қазақтарда қайбір түстердің символдық мәні бар. Көк түс-аспанның, қызыл түс-оттың, күн көзінің, ақ түс- ақиқаттың, қуаныштың, бақыттың, сары түс-ақыл-парасаттың, мұңның, жасыл түс- жастықтың, көктемнің, қара түс-жердің символы.
Ақын табиғаттағы түстердің де өзіндік құпиясын ашады. Табиғаттағы құбылмалы түр-түсті өз поэзиясының арқауы етіп алып:
Қара ат міндім бір түні- меңсіз қара, қап-қара,
Тек көңіл-ақ, жолым-ақ ,үмітім-ақ, арман-ақ
Емес рас, жақсы ырым, қара ат міну қап-қара
Қаралығы түннің де жұғар болса мақтаға
Ақ боз мініп, ақ кидім Қызыр қартша қалбақтап,
Көрмей өттің!
Көзіңді алды-ау аппақ шел қаптап. ( «Өзің оқы» өлеңі 172-б) немесе,
Шашақтарын самал желге жүздірген
Қызыл туды қызыл дедік біз бірден.
Қараны рас, қара дедік бір қарап,
Адалдықты ақ атадық бір қарап.
Жапырақты жасыл деген секілді,
Гауһар тасты асыл деген секілді.
«Ақ түс» өлеңінде:
Ақ деген не? Қияпаттан, тепкіден
Аман шыққан ардың түсі деп білем.
Ерді асырап Ар,  адалдық атағы,
Ақ дүние мәз-мәйрам боп жатады.
Ақ тіледім ақ дастархан боп шығып,
Ақ нан ұстап келді маған тоқшылық. Ақын осындай бояулар арқылы арамдық пен адалдықтың, аңқаулық пен қулықтың, ерлік пен ездіктің кереғар құбылыстарын ашады.
    Қазақ ырымында нәрестені тіл-көзден сақтау үшін оның бесігіне, киіміне тұмар ретінде жыланның басын, үкінің талын, тоғыз моншақ, күміс тиындарды іліп қояды. Ақын 
«Тфа-тфа» өлеңінде:
Кеше ғана бала-ды, балапан-ды,
Бүгін міне сол шыбық тал атанды.
Ет жүректің лүпілін жылу еткем, 
жел жағына тосқам-ды алақанды.
Пышақ, балта, жаудан да жарамсақтан-
Тағдыр менің талымды аман сақта!- деп кешегі кішкентай баланың ер жетіп есейгені туралы айта келіп, тіл көзден сақтау мақсатында сұқтана қараған адамдардың «тфа-тфа тіл-аузым- тасқа» деп жататындығынан хабардар етеді.Өйткені, қазақтар көзі өткір адамның көзі тиеді, адамның көзінде сиқырлы күш бар деп сенеді. Жас нәресте, тұлпарға жас келінге қызыға қараған адамға «көзің тиеді, түкір» деп еріксіз түкіртіп алады. Зерделеп, пайымдасақ, адамның басқа мүшелерінен гөрі көздері ғана- оның ішкі сезімі мен санасынан хабар бере алатын күшке ие. Өткір көздің қасиеттері турал «Інжілде» айтылған. Әлемде көздің өткір нұры болатынына, оның адамға тиетініне Еуразия, АҚШ, Канада, Африка, Түркия, Иран, Үндістан елдерінің көп халқы иланады.
Ақын «Пәлсапа тасы» өлеңінде:
Пәлсапаңды бер деп едім мен көк тасқа
Қанағатты да ойла,-деді ол оқтаста.
Барлық байлық бар қасиет, бар асыл
Табиғатта ғана тапқан жарасым.
Табиғатқа ғана бәрі жарасар
Кім едің сен табиғаттан әрі асар.
Осыны айтып жатып қалды тас үнсіз
Құрысын ,- дедім, армансыз күн асылсыз,
Тас содан соң тасқа айналды мәңгі өлі
Бір қаталдық көргенде адам, сенен тағы да
емен түгіл, мұң айтып қара тасқа шағынам. Ең алдымен,  «көк тас» тіркесіне тоқталсақ, қазақтың үлкендері баласынан «басыма көк тас қояр ма екенсің?» деп өкпе-назын білдіріп жатады. «Көк тас» дегеніміз -жай тас емес, асыл тас. Ертеде қайтыс болған атақты адамдардың басына Самарқаннан көк тас алдырып қою дәстүр болған.
«Махаббат пен қара тас» өлеңінде:
Сенбеуші едім, кәдімгі ағашқа –сол еменге.
Ғұмыр бойы Толстой ғашық бопты дегенге,
Келген екен сол жерге сақалынан жас парлап,
Анна жайлы ғажайып романын бастарда.
Келеді екен сол жерге мейірім тілеп тастан да,- десе
«Дидактика» өлеңінде:
Мықтысың ба сен де, емен,
Жықпады деп жел мен құз.
Қаттылықты мақтан етпе, қара тас,
Тастың- дағы жарылғанын көргенбіз,
Жасылмын деп жасанба, жапырақ,
Әй, жапырақ,
Жігіт жаспын деп,
 қағынба сен де көп.
Күн-өтпелі
Дүние деген дөңгелек.
   Тәуелсіз мемлекетіміздегі Елтаңба идеясының ең басты жүгін арқалап тұрған шаңырақ-өз халқымыздың бірлесіп, кереге-уықтай кірігіп, күш-жігер жұмсап, аяғынан тік тұруға кіріскен қасиетті отауымыз- қазақтың қасиетті қара шаңырағының бейнесі- қазақ елінің рәмізі іспеттес. Қара шаңырақ- дегеніміз- біздің ұлттық алтын қазығымыз болса, сондай рәміздердің бірі-Әнұранымызды абыроймен асқақтатуға өзіндік үлес қосқан Ж.Нәжімеденов өлеңдері-мәңгілік.
   Ж.Нәжімеденов мұрасы жастарды адамгершілік, имандылық рухында тәрбиелеуге қызмет етіп, ұрпақ игілігіне айналарына еш күмән жоқ. Өйткені, ақын шығармаларының «тамырлары –тереңде, бұтақтары-биікте!» Қорыта айтқанда, бұл тақырыпты зерттеудегі негізгі мақсатым- ұрпағын тәрбиелеп өсіру үшін, ұлы Абайша айтқанда  «ата-анадай елжірей қараған» ақын Ж.Нәжімеденов шығармашылығы  арқылы, өз өмірінен өзгеге үлгі-өнеге болатын өлеңдеріндегі ырым-тыйымдарға талдау жасай отырып, жастарды жат дағдыдан сақтандыру, әдеп, инабат талаптарын бойларына сіңіру, осы арқылы жеке басын таныту, наным-сенім түсініктеріне ықпал ету болып табылады.