Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА: «Алқоңыр дүние» - мөлдір мұң...»

Қазақтың талантты ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімовтың «Алқоңыр дүние» жыр жинағы оқырмандардың көз алдына қазақтың кең жазира даласын, ондағы жаны-дала, арманы – аспан,  үміті үркек мәрт  жандарды елестететіні ақиқат.  Ұлттық құндылықтарды сақтау, оған аса мән беріп, жас ұрпаққа насихаттау – ақын өлеңдерінің асыл мұраты. «Көбелектің қанатына хат жазып», «ақшам түсе» түнмен күбірлесетін ақын қаламынан ешнәрсе де тыс қалмайды.

 
     Не деп саған жазайын..., қой қоздаған,
Тау мөңіреп, аспанда ай боздаған.
Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,
Түсініксіз діріл бар бойда аздаған,- ауыл кеші, қойлы ауылдың тірлігі осы жолдарда көрініс табады. Лирикалық кейіпкердің ақшамда жазған хаты осылай басталады. «Тау мөңіреп», «ай боздаған» табиғат көрінісі ауыл қазағына таңсық емес. Алайда, ауылдан шығып, арман қанатына еріп, осынау жүрекке жақын көріністерден алысқа шығандаған қазақ баласына өте ыстық. Сонымен қатар, көркемдік айшықтар, эпитеттер мен тосын теңеулер таң қалдыратыны анық.   Қаламгердің сөз саптауынан-ақ тегін адам еместігін сезген оқырман бір деммен оқып шығады. 
      Не деп саған жазайын,... төбет үрген...,
Сандырақтап түз жатыр көне тілде.
Аш байғыздар пәлекет шақырады,
Осы түнде қырылып өлетіндей,- шындығында, осынау тірлік жанға жылылық ұялатып, жанарға жас іркеді. «Көне тілде сандырақтаған түз», яғни, қазақ даласының өткені мен кеткені, кешегісі мен бүгіні де ақынға ой салады, шабытына шабыт қосады. Даланың басынын өткен оқиғалар, сақтар мен ғұн тайпаларының сайрап жатқан іздері, сайын сахараның тауы мен тасы ақынға сыр айтатындай. Көңіл елегізіп, халқымыздың басынан өткен сонау жұлдызды шақтарды аңсайтыныңыз, сағынарыңыз да шындық.  Жомарт та мәрт, батырлығы мен ақындығы, шешендігі мен данышпандығы тең түскен бабалар-ай! Жылдар жылжыған сайын неге қазақ баласы ұсақталып барады? Құлқын құлына айналып, қара басының пайдасынан басқаны ойламайтын бүгінгінің адамына қарныңыз да ашады. 
          Осының бәрін ойлағанда «Пәлекет шақырған аш байғыздардың үнінен» денеңіз тітіркеніп, одан сайын жыр жолдарына құныға бас қоярыңыз да жасырын емес. Ақын қаламы тиген жерін қылыштай кесіп өтетін өткір. Сонау көкжалмінез бабалар рухына тағзым ете отырып, қазақтың айдарынан жел ескен замандар да болғанын оқырманға меңзеп қояды.
        Не деп саған жазайын,... көк өспеген,
Өмір сүріп жатырмыз елеспенен.
Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық,
Даңғырлатып ойнайды тегешпенен.
Сұқ саусағы әр қойын санап бағар,
Қойшы қойды қораға қаматпаған.
Түн қылауын қидалап құлағымен,
Осқырынып қояды торы ат маған,- әлі көктем туа қоймаған өліра шақта өзі айтқандай елеспен ғана сырласып өмір сүретін ақын түнгі күзетте отыр,  қойын дәптеріне жаңа жыр шумақтары түсуде. «Түн қылауын құлағымен қидалаған торы ат» иесіне осқырынып қояды. Ұлтымыздың асыл қазынасы - сөз өнері. Осынау өзі жан дүниесімен қалап алған ақындық жолға адал лирикалық кейіпкер айналадағы көріністің бәрін қаламынан туған жыр жолдарына арқау етеді. «Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық» та оқырманды ойға жетелейді. Даланың өзегі уға малшынған, тышқан екеш, тышқан да құрып барады. Ақын табиғаттың жан дауысын естігендей...
          Сабыр сақтар адаммын, есір емен,
Күйіп-пісе беремін несіне мен?!
Мың ашылып ауызы, мың қисайып,
Жапан түзде жалғыз үй есінеген,- сөзбен салынған сурет. Лирикалық кейіпкер ұлтымыздың болашағы үшін күйіп-піседі, уайымға батады. «Мың ашылып, ауызы, мың қисайып есінеген жапан түздегі жалғыз үй» - қойшының үйі. Сонымен қата, оны таңға дейін күзетте отырған қойшымен егіздеп алады. Ұйқыға маужырап батқан, қайта –қайта есінеген, бірақ, таңға дейін қой күзетіп отырған қойшы  мен жалғыз үй бейнесі – бүгінгі ұрпаққа таңсық сурет. Әсіресе, «тауда туып, таста өскен» дегендей, табиғат аясында өскен ұрпақ пен асфальтта туып, жетілген қала балаларының таным-түсінігі өзгеше. Ақын осыны да ескере отырып, ұмыт болып бара жатқан санадағы түйсікті оятуға әрекет етеді.
        Өз басынан өткермей сенген бе өзге,
Ертек сынды бәрі көрген көзге.
Дем алармын желіні сыздап таңның,
Қозы-бұлттар жамырып емген кезде,- иә, төрт түлікті қастерлеп, Ұлы Даланы көздің қарашығындай сақтаған ата қазақтың өмірі бүгінгі жаңа қазаққа аңыз, ертегі тәрізді. Рухани жан дүниесі таза, «жаным - арымның садағасы» деп өмір кешкен ата-бабалардың көзіндей салтымыз бен дәстүрімізді келешекке жоғалтпай апаруды көздеген ақын осылай өлеңімен ой салады.
        «Ауыл кеші» өлеңінде де лирикалық кейіпкер ғашығына ауылдың тыныс-тіршілігін хатқа түсіріп, жолдайды.
          Қастерлеген хатыңды бағалаған,
Аман-есен мұндағы жаман ағаң.
Қақпақылдап тынымсыз жел-уақыт,
Қаңбақ-күндер келмеске домалаған,- дей отырып, қолдағы малдың төлдеп болғанын, жүректі тыныштық-ән тербеткенін де өлеңге қосады. Аспан боталап, тау тамсанғанын, бүйен-сайға уыз тұманның құйылғанын да жеткізеді. Қойшының қонақ келсе аянбайтынын, не бір серке, не бір бағланды сойып қонақ қылатынын да жырмен жұптаған ол жаз жазмышын жадыраңқы іңірдің қабағынан оқитынын да айтуды ұмытпаған.
        «Дудар-айды» ыңылдаған інішек, туған айға ырымдап қарап қойған қойшы, «Қылышбұлақтағы» жеке там, ақынның жеке мүйісі, терезеден қараған текемүйіз Ай мен маңырауын қоймаған марқа-көңіл қазақы таным-түсінікті паш ететіні даусыз. 
          Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Алқоңыр дүние» жыр жинағы – ұлтымыздың ұстанымын, халқымыздың басынан өткен заманалар желін, тыныс-тіршілігі мен келешекке бағдарын паш ететін жинақ. 
         «Түс жорыған» өлеңінде де лирикалық кейіпкердің анасына түс жорытуын нақыштағанымен, айтар ойы тереңде. «Бөкенді» көрсе, елдің ақбөкендей қызына үйленетінін, «керікті» көрсе, мерейі үстем болатынын айтқан ана «мәлін» мен «ашқарақ қойды»  баласының маңына жолатқысы келмейді. «Мәлін» деген – машақатты күндердің суықтығы болса, «ашқарақ қой» –  алаң көңіл, «сынған кесе» – кешегі ай жаңасы екенін айтып, түсті жақсыға жориды қайран Ана!
        Көкірегі-көңілі – Дала-мекен,
Дала-мекен шешем-ай, балаңа кең.
Қызыл-жасыл ойлардың хикметі,
Құбылмалы маусымнан ғана ма екен?!
Қайдағыны жоқ менде қайғы санау,
Қайратыма, ісіме алғыс алам.
...Көрген түсті көктемге жорысаң да,
Көп күрсіне бердің-ау, байғұс Анам,- деп аяқтайды лирикалық кейіпкер. Шындығында, өмірдің ызғары мен суығынан перзентін қорғауға Ананың қалай шамасы жетер екен?! Ол тек - жазмыштың жазуы, жаратқан берген тағдыр. Оны кім өзгерте алар? 
        «Алқоңыр дүние» жыр жинағы философиялық тереңдікпен жазылған дүние, психологиялық иірімдерге бай...