Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Заря ЖҰМАНОВА: «ӘБУ АТАМЫЗДЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ ӘЛІ ИГЕРІЛГЕН ЖОҚ...»

Мейірімге толы кең жүрегімен аты аңызға айналған абыз ақсақал Әбу Сәрсенбаевтың туғанына - 110, өмірден өткеніне -  20 жыл толған 2015 жылдың қара күзі.... Осы айтулы оқиғалар қарсаңында  ақынның кіндік қаны тамған киелі жер – Атыраудағы Қиғаш өңіріне  жалғыз қызы Райхан апаймен бірге, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі,  жазушы Заря Жұманова  арнайы сапармен келген болатын. Біз қат-қабат кездесулер арасында уақыт тауып,  әріптесімізді әңгімеге тартқанбыз. Аталған сұхбатты «Сарайшық» журналы оқырмандарының назарына беруді жөн көріп отырмыз.

Әбу ақынның  аты аталса, ең алдымен, ол кісінің  «Ақша бұлт» деген өлеңі ойға түседі, «Ақша бұлт» десе, Әбу ақын еске түседі... 
-    «Ақша бұлт» абыз ақынның символына айналып кеткен өлеңі ғой.  Кезінде  Ғабит Мүсірепов осы өлең туралы: «Бұл – елін сүйер адамның жан сөзі. Елін, жерін сағынған ақынның әрі ойлы, кестелі толғауы» деп өте жақсы пікір айтқаны белгілі.  Әбу атамыздың көзі тірісінде, туған күніне орай, бір әдеби басылым «Ақша бұлтты» жазған ақын» деп мақтаған екен, соны оқып отырып: «Мен тек осыдан басқа ештеңе жазбағандай, о несі ?!»-деп кәдімгідей ренжігені есімде... 
     Шынында, Әбу Сәрсенбаев  - теңіз тақырыбында тұңғыш рет роман жазған қазақ жазушысы.  «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романымен ол әдебиетімізге  жаңа леп әкелді. Теңіз романтикасы, балықшылардың қатал да азапты тағдыры бұрын-соңды жазылмаған тың тақырып. Әйгілі балалар жазушысы Лев Кассиль Әбу атамыздың теңіз тақырыбында жазған  романы туралы «Толқында туғандар» - ірі жандар, күшті жандар жөніндегі хикая. Бұл кітапты қалтықысыз сүйесің, аяғына дейін оқып шыққанша қолдан түсірмейсің» деп өте жоғары баға бергенін,  әттең,  қазіргі ұрпақ біле бермейді!?.. 
-    Иә, әйгілі академик Зейнолла Қабдоловтың Әбу Сәрсенбаевты  «Қазақтың Айвазовскийі» деп атауы бекер емес қой... 
-    Жалпы, әлем әдебиетінде де  теңіз тақырыбында қалам тартқан жазушылар санаулы.  Әбу атамыз  кезінде Халықаралық  баталист-марианистер одағының мүшесі болған екен. Ол ұйымға кезінде Хэмингуй сияқты әлемге әйгілі жазушылар мүше болған деседі. (Теңіз тақырыбын жазатын қаламгерлерді «марианист» деп атайды екен.) Ақынның жалғыз қызы - Райхан апамыз, әкесі өмірден өткен соң, сол халықаралық ұйымға  мүшелік билетін көп құжаттар арасынан тауып алып, қайран қалды.  Әбу атамыздың кітаптарының біразы орыс, болгар, эстон, тәжік, түрікмен, өзбек, қырғыз бірнеше шетел тілдеріне аударылған ғой.  Әйтпесе,  ол кісінің теңіз тақырыбына жазған  кітаптары барын халықаралық ұйымдар қайдан білер еді. 

-    Жаңа бір сөзіңізде, ол кісінің теңіз тақырыбындағы шығармаларын әйгілі Лев Кассиль жоғары бағалаған дедіңіз... Олар сонда бір-бірімен кездескен бе?
-    Соғыс кезінде, Мәскеу, Ленинград қалаларындағы мәдениет ошақтарын, әйгілі «Мосфильм», «Ленфильм» киностудияларын, әдебиетші, жазушы, суретші, композиторларды Алматыға көшіргені тарихтан белгілі. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатында сол жылдары кеңестік мәдениеттің сүт бетіндегі қаймақтары Алматыға жиналғанына куәлік ететін тарихи құжаттар мұқият сақтаулы.  Кеңестер одағының ең ірі киностудиялары Бірлескен Киностудиялар Орталығына – ЦОКС дегенге шоғырланыпты. Алматы «СССР-дың  Голливуды» атанған. Соғыс кезінде қазақтардың астанасы қайнаған мәдени өмірдің қақ  ортасында өмір сүрсе керек. Эвакуациямен Алматыға  келгендердің ішінен  – Михаил Зощенко, Константин Паустовский, Самуил Маршак  сынды әйгілі қаламгерлер  Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшелері құрамында болыпты. Солармен  Әбу ата да қоян-қолтық араласқан. Қазақстан Жазушылар Одағы «бейсенбілік әдеби кештер» ұйымдастырып, онда сырттан келген жазушылар да, жергілікті жазушылар да өз туындыларын ортаға салады екен. Бейсенбіліктердің бірінде Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығы таныстырылса,  бірінде  Әуезов өз туындыларын ортаға салыпты.  Сондай әдеби кештердің бірі Әбу Сәрсенбаевқа, ал одан кейінгілері  Ольга Форшқа, әйгілі сатирик Михаил Зощенко шығармашылығына арналыпты.  Сондай шығармашылық кештерден соң, Әбу Сәрсенбаев шығармашылығына әйгіліЛев Кассильдің көзі түссе керек...Оны енді терең зерттеп, анықтау - болашақ  әбутанушы ғалымдар мен зерттеушілердің  ісі деп ойлаймын.

-    Әйгілі башқұрт жазушысы Мұстай Кәрім Әбу атамыздың шығармашылығына, оның екі стихияны  - теңіз бен соғыс тақырыын қатар алып жүргеніне  тәнті болған екен. Сірә, соғыс тақырыбында  Әбу Сәрсенбаевтан артық жазған қаламгер қазақта кемде-кем шығар...
-    Негізі соғыс тақырыбына қалам тартқан ақын-жазушыларымыз аз емес.  Алайда, Әбу атамыздың өзгелерден басты ерекшелігі  - ол кісі документалист, яғни  майдан даласында өз көзімен көріп, ерліктерін паш етіп, елге таныстырған солдаттар мен офицерлердің фотосуреттері мен өмір-деректерін жинап жүрген. Кейін сол мәліметтерді негізге ала отырып, талайлар өз әкелері мен аталарының бейіттерін іздеп тапты. Кезінде Әбу атамыз «20 жасар комбат» деп  ол туралы көлемді очерк жазған, Жеңіс күніне санаулы күн қалғанда ерлікпен қаза болған Рәтай Сұлтанбековтің туыстары тап осы таяуда ғана оның Германиядағы бейітін іздеп тауып, басына ескерткіш белгі орнатып, туған жеріне бір уыс топырағын әкеліп, ата-бабалар қорымына әкеп қойып, үлкен ас беріп, 22 тонналық ескерткіш орнатты.
 Әбу Сәрсенбаевтың тағы бір өзгелерден ерекшелігі  - ол  Ұлы Отан соғысы кезінде өзі ат басын тіреген Еуропа елдері туралы  күнделіктеріне  жазып отырыпты.  Сол елдердің мәдени, әдеби, тарихи ескерткіштері, онда өмір сүрген  танымал тұлғалар туралы өз толғанысымен кең орап жазған. Кейде оқып отырып, аласапыран соғыс уақытында майдангер тілшінің жазғаны емес,  бейбіт өмірдегі кәнігі саяхатшылардың жазбасындай, тіпті одан да айшықты, одан да ішкі иірімі кең екендігіне қайран қаласың! 
-  Тоқсанға келгенше қаламы қолынан түспей, іргелі дүниелер жазып кеткен Әбу ақсақал тегін адам емес деп ойлаймын...
- Тек  жазумен ғана шұғылданып қоймай,  Атырау облысымен шектесетін Ресейдің Астрахань облысын аралап шықты. Онда қазақтар көп екенін, олардың қарыны тоқ, көйлегі көк болғанымен,  ұлттық мектептері жоқ екенін айтып, баспасөзде циклді мақалалар жазып, проблема көтеріп, дер кезінде дабыл қағып, сол жақтан қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болды. Қазақстаннан кітап, оқулықтар жіберткізіп, Астрахань телеарнасынан қазақша хабарлар беруге итермелеген де  Әбу атамыз еді! Міне, нағыз қайраткер, елжанды адамның ісі! 
- Абыз ақсақал  Әбу Сәрсенбаевтың соңында қалған, оқырмандармен әлі де табыспай жатқан рухани мұрасы туралы не айтар едіңіз? 
-  Атамыздың игерілмей жатқан әдеби  мұрасы қаншама! Атамыз да, Ләзиза әжеміз де өмір бойы күнделік жазған жандар ғой. Ал онда әдебиетімізге қатысты тың деректер өте көп сияқты. Көп қолжазбалары төте жазумен (араб графикасымен) жазылған. Оны кириллицаға алмастырып, компьютерге теру оңай жұмыс емес. Ата мұрасын оқырмандарға жеткізуде Әбу атаның жалғыз қызы - Райхан апамыз көп еңбек етіп келеді. Алайда, ол кісі қазір үлкейді. Жасы 86-да. Анау мол мұраны халық игілігіне жарату үшін  білек түрініп, көмек көрсететін адам қажет! Сосын сол еңбектерді жарыққа шығаруға қаржылай демеушілік көрсететін жанашыр адам болса ғой, шіркін! 
Өзінің туған жері – Атырау аймағы мұнайдың астанасы, аты әлемге әйгілі. Сол мұнайдың бір тамшысындай ғана қаржы бөліп, Әбу ата мұрасының келер ұрпаққа жетуіне көмек қолын созар азаматтар табылып жатса, кәнеки! Ескірген, күрделі жөндеу керексініп  тұрған аядай пәтерде қазір немере, шөберелерімен тығылыса тұрып жатқан Райхан апамыз егер Атырау басшылары кең пәтер берсе, туған жеріне, ағайын-туыстарының ортасына келуден қашпас еді. Атырауға келгелі қаланың қатты өзгеріп, салтанаты келіскен әдемі қала болғанына сүйсінуде. Шынымен де Атырау адам танымастай өзгерген екен. Атамыздың ұстап-тұтынған бұйымдары, жиҺаздары, кітаптары қаз-қалпында тұрған Алматыдағы  қара шаңырағын  жеке мұражайына айналдырса, ол да бір игі іс болар еді. Райхан Әбуғалиқызы 86 жасқа келгенше ешкімнің алдына барып алақан жайып, ешкімге шағымданып көрмеген, сабырлы жан ғой. Қалың елге қамқор болған әз-Әбудің жалғыз перзентін ел басқарып отырған азамат інілері  алақанға салып аялар деген үміттемін. 
-  Сізді де жақсы  білетін жұрт сыртыңыздан:  «Заря -  бала кезінде Әбу атасының  батасын алған қыз ғой» деп жатады...  Әбу ата көптеген талантты жастардың жолын ашып, қиындық көріп, тарыққан жандардан көмегін аямаған өте мейірбан адам болды деп естиміз...
- Иә, қаламы қарымды қаламгерлердің көбі  Әбу атаны ұстаз тұтады... Әдебиет атты киелі әлемнің табалдырығын Әбу атаның ақ батасымен аттаған қаламгерлер өте көп:  Абдолла Жұмағалиев, Баубек Бұлқышев, Мендекеш Сатыбалдиев, Тахауи Ахтанов, Марат Отаралиев, Қадыр Мырза Әлі, Фариза Оңғарсынова, Софы Сматаев, Сайын Мұратбеков,  Темірхан Медетбеков, Қанипа Бұғыбаева... Тіпті талай жас журналисті тәрбиелеп, қанаттандырған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза ағамыз да алғашқы әдеби дүниелерінің республикалық беделді басылымдарда жарық көруіне Әбу ақсақалдың шарапаты тигенін жазған екен... Ал Жұмекен Нәжімеденов пен Зейнолла Серікқалиев ағаларымыз ол кісінің өз  балаларындай боп кеткен жандар емес пе?!  Қателеспесем,  ауызы дуалы абыз атаның ақ батасын алған  ең соңғы шәкірті – мен сияқтымын... Бұл мен үшін үлкен бақыт!
 «Жаман шынын айтамын деп сырын айтады» демекші, мен әңгімені сәл әріден бастайын.  Әлі есімде 9 - сыныпта оқып жүрген кезім.  Бір күні мектеп мұғалімдері, тіпті бүкіл ауыл: «Ауылға  атақты ақын Әбу Сәрсенбаев ұшып келіпті, кешке мәдениет үйінде халықпен кездесуі болады екен»,- десіп, дүрлігіп, у-шу болды да қалды. «Елдің шетінде, желдің өтінде» жатқан  шалғайдағы  біздің Сүйіндік ауылына жазушы, ақындар өмірі  ат ізін салмайтын.  Сосын ба, ауылдың  адамдары жазушы, ақындарды әулиедей көріп, қадірлейтін.  Мен де  бала кезден  кітапқұмар қыз едім. Қазір ойлап қарасам, мектептің, ауылдың кітапханаларындағы әдеби  кітаптарды  түгелге жуық оқыппын... Сол кітаптардың әсері ме, Әбу атамыз сияқты ақын, жазушы болсам деп деп армандайтынмын.  Жазған мақала,  шағын әңгімелерім аудандық, облыстық газеттерге, тіпті «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газетіне де шығып, елдің көзіне іліге бастаған кезім еді.  Кездесу болатын жерге елден бұрын жетіп барып, ең алдыңғы орындардың біріне жайғасып алғам. Алайда, үлкен кісілерге орын беріп, ығыса-ығыса, ең соңында, арт жақта түрегеп тұрдым. Бүкіл ауылдың үлкен-кішісі  ақынды өз көздерімен көруге  келген, залдың ішінде ине шаншар жер жоқ. 
 Айта кететін бір жәйт, біздің ауылға сол жылдары жаңбыр өте сирек жауатын. Іргедегі Капустин Яр әскери полигонының әсері ме,  ала жаздай  аптап, ыстық боп,  күн күйіп тұратын. Сосын ба, жаңбырдың жаууы да біздің ауыл үшін  айтулы мереке еді. Дәл сол күні ағыл-тегіл жаңбыр жаусын!.. Халықтың бұрынғы ілтипаты тіптен күшейіп: «Ойпырмай, жазушы, ақын дегендерің басқан іздері киелі жандар екен ғой. Әне, алты ай жаз нәр тамбай, кенезесі кеуіп жатқан біздің жерге жаңбыр ала келгенін көрдің бе?!»,- десті. 
Бір кезде халық күткен ақын атамыз да сахнаға көтерілді. Жанында шашбауын көтеріп, облыстан, ауданнан ілесіп шыққан лауазымды  адамдар бар. Сахна төріндегі ұзын үстелге келген сыйлы қонақтар отырды. Әбу атаның жанына жасы өзімен қарайлас, біздің ауылдың  озат жылқышысы, Социалистік Еңбек Ері Таңатаров Айтқали деген  атаны отырғызыпты. Жанымдағы үлкен кісілер: «Е, мына Алматыдан келген ақсақал өмірі ешқашан қиындық көрмеген жан ғой. Қаламнан басқа ауыр нәрсе қолына ұстамаған адам екені көрініп тұр! Біздің шалды қара, қалай кәрі көрінеді. Ауылдың тұрмысы, жастай көрген бейнеті, қара жұмыс жеп тастаған ғой», - десіп гу-гу әңгіме қылып отырды. Баяндамашы ағай болса, Әбу атаның мысы басты ма, кібіртіктеп, өз сөзіне өзі сүрініп, жазып алған дүниесін көсіліп оқи алмады. Сол кезде Әбу атаға көзім түсіп кетті. Ол кісі жанарын  бір нүктеге қадап,  сүлесоқ, тым көңілсіз отыр екен. Біртүрлі ішінен: «Елде менің жазған кітаптарымды еш адам оқымаған ба?» - деп жаны жүдеп отырғандай сезіндім. Сол кезде өзіме де беймәлім бір тылсым күш мені жетектеп алып сахнадан бір шығарды. 
Елдің алдына шығып алып, Әбу атаның жастайынан әкесіз, жетім өскенін, «баласының жөргегін Қиғаш толқынына жуған балықшы анасына» қолқанат болып онға толар- толмаста теңізге қазаншы бала боп шыққанын, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер екенін айтып жатырмын. От пен оқтың ортасында жүріп, майдандағы жауынгерлер ерлігі туралы мақалалар мен өлеңдер жазғанын, журналист ретінде от пен оқты кеше жүріп, бір қолында қаруы, бір қолында қаламымен  Жеңісті жақындатқан Ұлы Отан соғысының ардагері екеніне тоқталып, шығармашылығы туралы да мәлімет бере кеттім. Бір кезде Әбу атама көзім түсіп кетті:  бар денесімен бұрылып, маған зер сала қарап отыр екен. Жүзінде - мейірім шуағы. Сөзімді аяқтағанда, орнынан ұшып тұрып,  көзіне жас алып, маңдайымнан сүйді. Толқып кеттім.  Жиналған халықтың алдында маған  ақ батасын  берді. 
Студент кезімде КазГУградтың атақты №5 жатақханасына орналасқаныммен, көбінесе Әбу атамыздың үйінде жүрдім. Әсіресе сессия кезінде, сабаққа дайындалу үшін тыныштау ғой деп сонда баратынмын.  Алайда, атамның үйі де бейне бір қонақ үй секілді еді. Қазақстанның ана шеті мен мына шетінен ол кісіні іздеп келмейтін, көмек сұрамайтын адам жоқтың қасы болатын. Абыз атаның жан жары - Ләзиза Серғазина  әжеміз -  Керекудің алғашқы кәсіби журналист қызы, бірнеше жылдар бойы «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы болған, өте бір мықты, ерге – ер, серіге –серік болатын  адам еді. Ол кісіні балалары мен немерелері «Бабажан» дейтін. Атамыз соғыс ардагері ретінде госпитальге, шипажайларға емделуге кеткен кезде Ләзиза әжеміз маған: «Қызым, өскесін атаң сияқты жазушы боларсың бәлкім!» деп,  оның кабинетінде отырып сабақ оқуға рұқсат ететін, диванында ұйықтайтынмын. Атаның кітапханасы керемет бай ғой! 
Қазақтың көрнекті ақын қызы Қанипа Бұғыбаева апамызбен де алғаш Әбу атамыздың  үйінде таныстым. Анасынан жастай жетім қап, кемтар аяғынан азап шегіп жүргенде  Әбу атамыз қалаға алдыртып, емдетіп, қатарға қосқан  ақын қыз балалы-шағалы болған шағында КазГУ-де сырттай оқып жүр екен,  сессияға келген кезінде  екеуіміз  бір бөлмеде жатушы едік. «...Көзімді ашсам, төсегімнің жанында Әбу ағай мен Ләзиза апай отыр екен. Мен өмірге екінші рет қайта келгендей болдым. Қозғалайын десем, үстім сіресіп тұр, Кеудем мен бар денемді гипстеп тастапты. Оң тіземнің гипсінің сыртына өтіп барып жайылған қызыл күрең «бояу». Қорыққан да, жылаған да жоқпын, әйтеуір өмірімде бір өзгеріс болатынына іштей сеніп, қуанатын секілдімін. Палатаның әйнегі қап-қараңғы. Іште шам жанып тұр. Түн болғанын шамға қарап сездім. Бұрынғының бәрін ұмытып қалыппын. Біртін-біртін қайда жатқанымды есіме түсірдім. Бұл 1962 жылдың суық күзі болатын», - дейтін  Қанипа апам. Онымен талай сырласқан сол бөлме қазір көзіме оттай ыстық көрінеді...Кейде сол күндерді сағынамын...  Осындай жаны шуақты жандардың тәлім-тәрбиесін көргенімді мақтан етемін.  Өмір жолына басқан әр қадамыма Әбу атам мен  Ләзиза әжем алаңдап отыратын, менен ақыл-кеңестерін аямайтын. Кейін жолдамамен Жезқазған облысына барып, сол жақта қызметте жүрген кезімде де Әбу атаммен үнемі хат алысып тұрдым. 1982  -  жылы аяулы жары Ләзиза әжеміз өмірден өтті. Бұл жағдай  абыз атаға ауыр тиді. Одан іле-шала Жұмекен ағамыз  бақилық болды. Сол кезде: «Кезек менікі еді, қайтейін!» -деп қатты қиналғаны, қартайған шағында баласындай көретін Жұмекен ағаның  бейітін  көтеруге бел шеше кіріскені есіме түссе, жүрегім әлі де ауырып кетеді.
«Жақсыда жаттық жоқ», «Ай - ортақ, Күн - ортақ, жақсы - ортақ » деген сөздерді бабаларымыз бекер айтпаған ғой.  Шынымен де Әбу атам жалпы қазаққа ортақ жан еді. Ол кісінің  қамқорлығын көрген ақын, жазушылар  аз емес. Осы күні әдебиеттің басында тұрған көрнекті ақын-жазушылардың көбі «Әбу атамның шинелінен шыққан» дер едім. Айта берсем, көп қой...атаның қамқорлығын көріп, жан жылуын сезінген жандар....Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жалынды журналист, дарынды публицист Баубек Бұлқышевті   майдан шебінде жүрген жерінен  әскери газеттің редакциясына ауыстырып алуға көп талаптанған, алайда соғыстың аты соғыс... Кейін де соны еске алып, өкініп отыратын. 
- Сұрағым сәл ыңғайсыздау шықса, көңіліңізге алмаңызшы... Сіз қолдайтын адам -  Әбекеңдей қамқор атаңыз бола тұрып, неге әдебиетке өз қатарластарыңыздан кештеу келдіңіз? 
- Оның несіне ренжимін. Дұрыс аңғарған екенсіз. Мен шынында да, ертерек елдің көзіне түскеніммен, әдеби ортаға сәл  кештеу келдім. Өйткені Құдай қосқан қосағым Қалас екеуміз университет бітіре сала үйлендік те қол ұстасып, жолдамамен Жезқазған қаласына кеттік. Бейтаныс жер, қасымызда арқа сүйейтін ағайын-туыс жоқ.  Қалас философия ғылымынан кандидаттық қорғау ішін диссертация жазумен айналысып жүрген. Сол алаңсыз жазсын, қорғасын,  аяғына тұсау болмайын деп, балаларды бағып-қағып, үйдің бар тауқыметін арқалай жүріп, ұзақ жыл тележурналистика саласында еңбек еттім. Алаңсыз шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік те, жағдай да болмады. Әбу атам үнемі хат жазып, мені сырттай қадағалап, әдебиет ауылынан адасып кете ме дегендей алаңдап жүретін. Өмірден өтерінде: «Арай қызым, мен сені Қанипа Бұғыбаева апаңа аманаттадым»,-деп жазды. Өкінішке орай, араға 20 жыл салып, Алматыға көшіп келген соң, көп ұзамай Қанипа апамнан да айырылып қалдым. Өте өкінішті болды. 
Қандай қиындық көрсем де Әбу атамның менен үлкен үміт күтіп, жігерлендірген сөздері есімнен кетпейтін. Түнде,  жұрт аяғы басылғасын, аядай ас үйде отырып, әңгімелерімді қағазға түсіріп жүрдім. Алайда, жұрттың назарына ұсына қоймадым. Кейін Ғ.Мұстафиннің 100 жылдығына орай Жазушылар Одағы жариялаған жабық бәйгеде  бір әңгімем 1-орын алды.  Содан бастап, өзіме деген сенім пайда болып, батыл кірістім. «Екіге бөлінбейтін келіншек» деп аталатын алғашқы кітабымды  курстасым Қонысбек Ботбаев өз баспасынан тегін шығарып берді. Оған  Алла разы болсын.  Одан соң мемлекеттік тапсырыспен «Түнгі оттар» деген кітабым жарык көрді. «Сіз іздеген әлем» атты жаңа кітабым да көптің көңілінен шыққан сияқты. Бірнеше әдеби байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Дегенмен, осы кезге дейін азды-көпті жетістіктерім болса, сол атамның берген батасының әсері ме деп ойлаймын.  
-    «Жауынмен жер көгереді, батамен ер көгереді» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Әңгімеңізге рахмет!
  Сұхбаттасқан Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
  Атырау қаласы