Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Арамза

Арыстанбек Кенже - "Хабар" агенттігінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі, Қазақстан Журналистар одағының мүшесі. Өткен, 2023 жылы "Шежірелі Сарыкөл" прозалық жинағы оқырмандарға жол тартты.

Тәрбие-тал бесіктен басталғанымен,
 мінез-құлық қанмен беріледі-ау...
Автор
      -«Ит не жесе, соны құсар» деген, шатадан туғанның оңғаны бар ма? Ана жылы шеше-сымағы етегінен қағынып, айрандай ұйып отырған ауыл-үйді араз қылып кетіп еді. Қылмыңдаған қарбаша төңіректегі еркек біткенді соңынан ертіп....  сонан қатындары қырылып қала жаздаған. Әйтеуір, қалаға кетіп қарасын батырды ғой! Мынасы босағама қыңсылап кіріп еді, енді қыз бола қапты. Қағынған қар осыдан кел, жоқтауыңды бір-ақ асырмасам, атым өшсін!
Ала таңнан озандата ашуға мінген Бәти кемпір күл сабап, онсыз да тар үйді борандатып жіберді. Тозаң тұнған кәрі жанары қапелімде аңғармай қалды ма, көсеуді қасына тастай берем дегенде, онысы қол жуғыш қасындағы шылапшынға шалп етті. «Шыж» еткен темірден ақшыл бу көтерілді. Қапырық ауаға қызған темірдің иісі тарады
    -Қараң қал, әдірәнің дүниесі. Қуықтай құжыраны тесіп желдеткіш жасайтын да жан жоқ. Отырмыз түтін салған қарсақтың інінде! Азамат атынан садаға кеткір, бұл үйдің еркегінде желдеткіш теспек-ғұрлым,  «жел шығарғаннан» басқаға қауқары жоқ. Әзір ас болса, ауырмайтын жамбас бар. Жатыр әне, жыл тигендей жайрап. Әй, саған айтам, мына атауыңды ішпеуші ме ең?
Есігі жабық тұрса да ортасын пешпен бөлген қазақы пәтерді жаңғырықтырған ашу да, «атау кереге» шақыру да төрде жатқан отағасына бит шаққандай білінген жоқ.  Қырына аударылып түсіп, тарс бүркеніп алды. 
     -Күйдіргінің тілін, ыссы көсеумен қарыр ма еді,- деп көрпе астынан кіжінгеннен басқаға Нәсидің қолынан келері болмай, дымы құрыды...
        Бір кездегі берекелі отбасының иті қырын жүгіргелі биыл 20 жылдан асты. Шаңырақтың шатқаяқтай бастауына алдымен кінәлі- Нәсидің өзі-тін. 

    «Қайта құрудан» кейінгі қарбаластың аяғы «жекешелендіру» деген желеумен колхоз-совхозды талапайлауға әкеп соқты. Бұл- өріс сағалап, шет жайлап, қиыр қонып жүрген  қыр қазағына аса қиын тиді. «Жер гүлденіп өзгерсе  елдің картасы, Коммунистік парияның арқасы» деп ала қырда әндетіп жүргендер сансырап қалды. Ол кездерде Нәси-Нәсифолла атты ферманың белді шопаны болатын. Орталықтан жүздеген шақырым құм арасында жатса да, «малды бөледі екен, енді совхоз болмайды. әркім өз бетінше күнелтуі тиіс екен» дегенді еміс-еміс естіген. Бірақ қауесетке бой алдырмай «қаңқу» шығар, басылар деп арқаны кеңге салып еліге қоймаған. Рас боп шықты. Қар еріп, енді аз күнде қызыл қырман-сақман басталады деп отырғанда сау етіп санақшылар жетіп келді. Малды санады. Сосын мұның қолына көлдей тізім ұстатты. Мал бөлінеді. Келгендерге осы тізіммен үлестіріп бересің деп кетті. 200 қаралы қойды бөлектеп, бұл сенің үлесің, ірі қарадан аларыңды кейін айтамыз деп ауызбен байытып тастады. Бүгінгінің қазағы айта-жағы кетсе де ала-жағын жібере ме? Шұбырып келіп ортақтың малын иемдене бастады. Тіпті, желіні жетіп туғалы тұрған саулықтарды трактордың тіркемесіне тиеп, олары жолшыбай қозылап, қырылып жатса да қараған жоқ. Сөйтіп, бұлар еншісіне тиген 200 қоймен қала барды.  Бағатын мал болмағасын, тиетін айлық жоқ.  Қаңтарылып отыра берсе, аштан өлмесе де, көштен қалатындары белгілі болды. Бір күні осы Бәти (бұл кездерде ол Бәтима деген бәденді пысық келіншек) сөз сабақтады:
    -Отағасы не ойлағаның бар? Құмда қимайтындай неміз қалды, кетейік. Елдің ортасына барайық. У ішсең-руыңмен» деген, балалардың қасына көшейік. Олар да өз төсектерінен өріп, ата-анам бар десін. 
  Бірақ отағасы әлі де әлденеден үмітін үзгісі келмей соза берді. Онымен Бәтидің ызыңы күшеймесе, басылар болмады. Кейде айдалада тек екеуі отырып кәдімгідей қабақ шытысып, қыржиысып қалатын кездер көбейді. Бас қосқалы ерлі-зайыпты боп бір-бірінің бетіне жел боп тимеген екен. Күйіп-жанбаса да, түсіністікпен ғұмыр кешіп келе жатқан. Обалы не керек, Бәтиі өзіне сай қаражон, қажырлы адам болып жолықты. Отасқалы 40 жыл болса, соның ширек ғасырын екеуден-екеу құм арасында, қой соңында өткізді. Жалғызілікті мұның жанына жалау болам деп зайыбы шопан тұрмысының тауқіметін тең бөлісті. Қазақы тәрбие көргендігі болар, кісі бетіне тіке қарамайтын сындырған нандай ибалы еді. (Қазір ғой көкдолы Бәти атанғаны.) Қайтсін, тұрмыс жеп қойды бейшараны Оның үстіне қос «қарғаның»  күйігі тұралатып кетпеді ме? Бірінен өлі, екіншісінен тірілей көз жазып қалған сорлыға не сын бар?!
  Осылай әсіреңкі күй кешіп жүргенде орталықтан тағы бір топ жетті. Ауылдастары. Сөйтсе, бұлардың қыстағы да бөліске түсіпті. Мыналар «пайшылар» боп шықты.  Қыстақты бұзып алмақ. Арасында қой қораның құрылысына бір бұрау қоспақ түгілі, бұлардың қайда қыстайтынын білмейтіндер де жүр. 
Енді Нәсифоллаға шындап бас қатыруға тура келді. «Қойды алды» деп қорсылдап жүргенде, қыстақ талапайға түсті. Сонда  үйелменімен қайда барып бас сауғаламақ?  Ондаған жылдар бойы еортаққа ңбегі сіңген көп малшылар секілді Нәси де совхоз орталығына осылайша амалсыз ауып келген еді.
   Келісімен қолда бар малының бір бөлегін сатып, біреудің көнелеу тамына кірді. Ескі болғанымен ауласы кең екен. Талап болса жаңадан үй соғып алуға жер жетеді. Ол кезде ұлы Жарылғапберген 10-класста, қызы Гүлзейнеп 7-ні тәмамдап қалған.  Бастапқыда бәрі қызық. Көрші көп, күнде шақырыс. Ерулік. Әсіресе, жарты өмірлерін мектеп-интернатта өткізіп келе жатқан қос қарғаның қуанышын айт-тағы! 
Ел ортасына келгелі өмір өзгеріп жүре берді.  Отбасына жайлы. Балалар сабаққа үйден өреді. Бәтиі де абысын-ажынның ортасына келгелі түлеп, өзгеріп шыға келді. Шілдехана, садақа, қала берді базарға шығып ауыл-үйдің әңгімесін жиып әкеп, кешке ортаға тастайды. Тек өзі ғана жаңа ортаны өгейсіп, оңаза күй кешті.  Ұзақ жылдар жалғыз жатақ боп, қойдан басқаға мойын бұрмай жартылай жабайыланып кеткен сананы даңғазасы мол, базарлы тірлік жалықтыра бастады. Таң атады, күн батады. Екі қолы алдына сыймай алағызығандағы ермегі аз ғана ұсақ малды айналдыру. Оны да  падаға қосып жіберген-тін. Ай аралата келетін кезегі болмаса, ортақ бағылады Ірі қара әлі қырда. Тек атын әкеліп мініп жүр. Онымен баратын жер де жоқ. Қыр қаңырап бос қалды. Бұрынғы шопандардың бірі шөпір, екіншісі қарауыл дегендей жаңа тірліктің ауанында. Араларында ертелі-кеш «ащы су» аңдып, «әләулейдің» жетегінде жүргендері де жеткілікті.  
    Жалқауға ғана жәйлі беймарал тірліктің ұзаққа апармасын Нәси түйсіне бастады. «Жаман сиыр жатағын жер» деген үстінен жонуға жететіндей байлық жоқ. Оның үстіне он екі мүшесі сау, 45-тегі зіңгіттей жігітке кәсіпсіз тағы қиын. 
 Толғана келіп тоқтағаны кентті жерді сағалап, жаңа жұмыс қарастыру болды. Кезінде айналайын, Кеңес Армиясы 18-дегі бұла бозбалаларды жиып ойнатқанда тек «айт дваны» қақтыра бермей, түрлі мамандықтарға баулыған.  Бұл да әскерден 3-санатты ағаш жонушы болып оралып еді. Кейін әке қолынан шопан таяғын алып, қой соңынан кетпеді ме? Сандықты ақтарып сарғайған қағаздардың арасынан «ағаш шеберінің» куәлігін шығарып алды. Жоғалмапты. Бәтидің мұқияттығының арқасы да. 
Сейсенбінің кешінде Нәси отбасына өзінің шешімін жеткізді. 
 -Қайдам, ерінбегенге осы ауылдан да ермек табылады ғой. Әрі қалалы жерде күйің табыла ма? Өзің асқа шепіктеусің, асхананың тамағы жақпай ұшынып қалсаң, -деді Бәтиі ыңғай бермейтін үнмен. 
    -Жә, бала емеспін, екі жыл армиядан да өлмей аман келдік қой, басқа салғанын көрерміз,-деп бұл әңгімені шорт кесті.
Ертесіне қалаға қатынайтын көкбелдеу автобусқа ауылдастарымен жағаласа мінгесіп жолға шықты..
«Тасты» шағын болғанымен өндірісті қала. Алып кәсіпорындары болмағанымен, шағын әйнек зауыты, тігін фабрикасы, теміржол депосы бар Оның үстіне соңғы кезде қалада құрылыс қарқын алғанға ұқсайды. Аялдамаларда жұмыс ұсынған хабарландырудан көз сүрінгендей. Адам қолы жетпей ме, әлде, ауыр жұмысты жергілікті тұрғындар менсінбей ме, әйтеуір қол болса, күрек жеткілікті көрінді. Осындағы алыс туысының үйіне бір түнеп, келесі күні бағын сынамаққа шыққан. Абырой болғанда, ойға алғаны оңай орындала кетті. Кент тілін білген неге жаман болсын,  туысының әлдебір танысы жұмыс істейтін жиһаз фабрикасына ағаш ұстасы керек екен. Құжатын қарап шыққан қасқабас кадр бастық, мұның сұқпытына сүзіліп отырды да, жымиып:
 -Тұратын жерің бар ма,- деп сауалды тікесінен қойды. Бұл жауап бергенше туысы:
  -Біздің үйде тұрады ғой,- деп лып ете қалды. 
   -Дұрыс екен, қабылдаймыз. Әзір бір айдай амалдарсыз, кейін жатаханамыз да бітіп қалар,-.деп қолын алды. Сөйтіп, бұл жүздеген жұмысшысы бар алып фабриканың ағаш шебері атанып шыға келді. 
    Жалпы, тәртібі қатал демесе, жаңа жұмысы жан қинайтындай шаруа көрінбеді. Рас, ерте тұрады. Бұл оған үйренген. Торғайдың  шырылымен атқа қонып, іңірлете бір-ақ түсетін шопанға ұйқы деген сөз емес. Дегенмен, алғашында тосырқап жүрді. Шопандық кәсіптің бір ерекшелігі адамға ерекше еркіндік беретін. Айдалада екі ит пен бір отар қой.  «Өзің қожа, өзің би» беймарал тірліктің ауылы алыс кеткені жанға батады. Бұлардың қатарынада кімдер болмады? Қаланың ызың-шуынан қашқан журналист, жұмысында істі болған есепші. Тіпті, бір жылдары театрдың артисімен де табақтас болған. Қайран құм, солардың бәрін жатырқамай бауырына басып еді-ау!
  Жиһаз фабрикасында жұмыс жасайтындардың басым көпшілігі әйелдер екен. Басында сиырдың бүйрегіндей бөлектенген бұны шулы орта лезде өзіне тартып алды. Жатаханалары бұрынғы тұрмыстық қызмет көрсету орталығының ғимараты болатын. Мұнда 200-дің үстінде адам тұрады. Әр қабаттың жатар бөлмесі бөлек те, ас-мәзір дайындайтын орны ортақ. Еркек-ұрғашысы аралас  қазына үйінде көппен бірге тірілік кешіп жатты. «Адам сөйлескенше» демекші бұл да, жаңа ортадан таныс тауып, кейбірімен іш ашысып, әмпей бола бастады. Тек әйел баласына қыры кем. Саяқсып, жат тартып тұрады. Төрт адамға арналған бөлмеде әзірге Төлеген екеуі ғана тұрып жатыр. Онымен танысуының өзі бір тарих.
  2 ай жүріп зорға жеткен жатаханасына түс әлетінде кірген. Терезе тұсынан орын сайлап, жұмысына кетіп қалды. Кештетіп келсе, орны ойпан-тойпан. Сылыңғыр қара жігіт ысылдап жалғыз өзі қара шайды тартып отыр.  Бұл айра-жайра төсенішіне бір, мына «киіктің асығына» бір қарап аң-таң тұрып қалды.
   -Немене, аспаннан түстің бе? Босағаға салатын мен сенің құлың емеспін, терезе тұс менікі. Сосын мен бұған дейін осында жұмыс істеп кеткем. Бұл менің орным,-деп өре түрелді.
 Нәси шеттеп шыға берген, бірақ қайдағы жоқ ашуы қозып, көтеріліп кетті.
     -Әкеңнің ғана, қазынаның үйінде қатарлап сайлап қойған төсегің бар ма?. Сығыр ит кімді басынасың,- деп құлақшекеден құлаштап тұрып қонжитты. Ол да дайын тұр екен бұлтарып үлгеріп, алыса кетті. Итің шымыр екен дендеп барады. Қара күшке келгенде құнан қойды аттың үстіне еркін көтіріп кететін бұған керегі де осы еді. Айналдырып апарып еденге дүрс еткізді. Сырт айнала берген. Ананың қайта жабыспасы бар ма? Ту сыртынан қапсыра құшақтап, қайыстырып барады. Ұрыста тұрыс бола ма, шалқалай беріп, басымен сақ еткізген.  Мұрны даладай болып, отыра кетті.  Осылай алғашқы танысу аяқталды.. 
  Төлеген талай қырды кезіп, небір ортаны шаңдатып үлгерген отызды орталаған пысық жігіт. Ілкіде «иттің боғындай» жылпылдаған немені суқаны сүймей, бойына дарытқысы келмеген. Кейін біле келе, араласып кетті. Айтып отырса қазағыңды қойып, Ресейдің талай қаласынан дәм татқан «қутақымның» өзі. Екі тілде де сайрап тұр. Тек жұмысқа қыры кемдеу, сырғақсып міндетін өзгеге арта салуға бейім. Мұның жер қозғалса да, табаны таймайтын көнтерілігі мен түйе секілді қақ-соқпен ісі жоқ бұйығылығына қызықты ма, қасынан шықпай қойды. Нәсиді тәнті еткені оның қалай иірсең де, алшысынан түсетін, ненің болса да ығын таба қоятын пысықтығы  еді. Сөйтіп, «екі жарты» бірінде жоқты екіншісі толтырып, тар бөлмеде тату-тәтті тұрып жатты. 
  Төлеген көтерме кранда жұмыс істейді. Фабрикаға келген алып бөренелер мен ауыр заттарды дайындау бөліміне, яғни, бұларға жеткізіп беруші. Кезектесі Әйкен атты  келіншек. Ақтау қаласының тумасы. Жалғызбасты, артынан іздеушісі де байқалмайды. Бұйығы, адаммен аралысуы аз, ерекше жан. Серілеу серігі көбіне түнгі кезекте басы ауған жаққа «бошалап» кетіп, Әйкенге күш түсіп жүреді Кейде Төлегенді іздеп келіп, орнын сыйпап қалғанда,  бұл ұялғаннан бөлмелесінің жұмысына барып қолғабыс жасайтын. Сөйте келе, сыр ашысып, осы әйелді жан тартып кетті.  
  Әйкен! Отызға енді толатын қаршығадай қағілез келіншектің бастан кешкені бір тарих. Түнгі кезектерде талай жан сырын ақтарысқан аяулы жан Нәсиді лезде баурап алды. Несімен десе, әлі күнге тап басып айта алмас. Әйтеуір, бір жақындық бары анық. 
   -Аға әңгіме айтыңызшы. сіз сөйлеген сайын, жансарайым тазарып, басқа әлемнің тұңғиығына енгендей болам...
  -Не айтайын?
 Шыныныда да бұл не айтсын. Көрген-баққаны сайын дала мен отарлы қой. Рас, әскерде біраз ашылып, жолдастар тапты. Бірақ, ол қай заман.
  -Бойыңызда біздер баяғыда жоғалтып алған қазақы болмыс бар. Адалдық па, тазалық па, әйтеуір сіз сөйлеген сайын бір жасап қалам. 
    -Далада көп жүріп жабайыланып кеткендіктен болар,- деп бұл күледі
   -Сіздегі жабайылық пен табиғилық  қазіргі қоғамның жарық күнде шаммен таппай жүрген мұқтажы ғой, аға! 40 жастан асып, осылай өзгермей қалуға болатынын мен Сізден көрдім.
  Бұл тар төсек қана емес, талайлы тағдыр табыстырған қос мұңлықтың арасындағы талай сырдың бір парасы еді. Анығында  да оларды төсек емес, тағдыр тоқайластырған-тын. 
   Арада айлар өтті. Алғашында ауысым аяқталысымен ауылға салып ұрып барып тұрды. Енді Әйкенмен табысқалы қатынасты кәдімгідей сиретті. Барғысы келмегеннен емес, бір сылтау шығады да тұрады. Сірә, қалаға сіңісіп, шулы шаһардың өзіне тарта бастауынан болар. Оның үстіне, көзін жәудіретіп Әйкенді қайда тастап кетерсің. Жұмыста көрінбесе жоқтап, асханадан таппаса аласұратын мінез тапқан. Қысқасы, араларында балталаса да бұзылмайтын берік те, нәзік байланыс орнап еді. 
  Бала-шағаны көрмегелі төртінші айдың жүзі ауғанда баласы іздеп келді. Аз көрмегенде ұлы кәдімгідей таралып өсіп, ержетіпті. Күзгі күйектің аяғын ала туған Жарылғапберген әскерге биылғы шақырудан қалатынын өткен тамызда ауылға барғанда білген. Әкелі-балалы  араларында тұшымды әңгіме өрбімеді. Ақсақ қой айдағандай сұрақ-жауап екі жақтың да көңілін көншіте қоймады. Кетерінде баласы:
  -Қоңыр құнажын буаз екен, қазірдің өзінде құйымшағы көтеріліп қалды.  Сосын апам соғымға торы атты соямыз деп отыр. Саяқ жылқыны ұстап-тұту қиындап барады Мінетін де кісі жоқ. 
Нәсидің жүрегі шым етті. Торы ат! Талай жыл тақымына басқан күлігі. Жазда барғанда жаратып мініп көкпар тартқан, мүше тойда баласын шаптырып, абыройын асырған арғымағы еді. Бірақ сыр берген жоқ.
    -Мейлі, апаң шаруам дегенін жасай берсін. Мен де жұмыстан мойын бұра алмай жүрмін ғой»,- деп міңгірледі. Кешкісін екеуі бөлмеде оңаша шай ішпек еді. Әйкен келді. Салдырлап Төлеген жетті. Төртеулеп отырып ауылдың дәмін татты. Бірақ баласының көзі кете-кеткенше Әйкенге қадалумен болды Әлдебір сырдың ұшығын ұстағаны анық Мүмкін, бұған солай көрінген болар...
   Торы аттың соғымға жығылуы отбасымен арадағы байланысты біржола үзгендей болды. Онсыз да, «қос құдай қолтығынан алып, алты періште артынан итергендей» кежегесі кері тартып зорға баратын ауылы алыстап бара жатты. Жаңа жылдан соң қатынасты мүлде тыйды. Сөйтіп, бұл қалада қала барды. Уыздай ұйыған отбасы, ағайын-туыс дегенді мүлде жадынан өшірді. Көктемде баласының әскерге алынғанын естіді. Бірақ барған жоқ. 
Алматымен екі ортаға қатынайтын пойыз осы станса арқылы өтетін. Бір күні жұмыстан келсе, баласы Жарылғапберген келіп отыр. Қасында жолдасы бар. Әскерден келе жатқан бойлары екен. Ауылға бармағалы қанша уақыт өткенін сонда ғана пайымдады. Ол кезде баяғы жанжалмен алған бөлмені Төлегенге басы бүтін қалдырып, Әйкен екеуі кеңдеу баспана алған. Баласы болса да, оң-солын танып қалған соқталдай жігіт  істің байыбын тап басқандай, кідірмей ауылға жөнеп берді. Ренжіген болар, бірақ сыр берген жоқ.
   Түн болатын. Шырт ұйқыда жатқан. Әлденеден алағызып оянды. Жүрек шіркін, жамандықтың хабаршысын тосқандай аласұра берді. Шығыстан соққан жел терзені сабалап тыныштықтың тас-талқанын шығарғасын, тұрып жалғыз өзі шай қойды. Әйкені жұмыста еді. 
    -Кран құлады, кран құлады! Дәліздегі айқай-шу иманын қасым қылды. Жүре киініп, сыртқа атылды. Өндіріс басындағы қарбаласты көріп жүрегі су етті. Барса, әлдебір мүрдені жауып қойыпты. «Жедел жәрдемі» бар, басқасы бар адамдардан аяқ алып жүргісіз. Топты жарып жеткен бойы, жамылғыны сыпырған. Әйкен! Талығып келіп, қалғып кеткендей қабағын сәл шытып жатыр екен. Бұл өкіре үстіне құлады.
     Әйкеннен айырылу Нәсидің тірлігін тығырыққа тіреп тастады. Алғашында түс көргендей әсерде жүрген Ауылдан аңырап Әйкеннің анасы жетті. Бауырлары бар, баршасы жиылып марқұмның денесін  жер қойнына берді. Бұл өзін қайда қоярға білмей қор болды. Іш-бауырын жандырып бара жатқан күйігіңді көрсетіп жоқтай алмау да азаптың ауыры екен. Тіпті, Төлеген секілді бір-ер көзкөрген болмаса, мұны елеп, көңіл айтушылар жоқ. Сосын да бұл бар күйігін арақтан алды. Ішті. Ішкенде әкесін танытып апталап айықпай «ащы судан» есе қайтарғандай қылды.  Сонан қай күн екені жадында жоқ, әйтеуір, ауырып, айығып тұрды. Ертесіне есеп бөліміне барып жұмыстан шығуға арыз тастады. Себебі, шулы ортада бұл алаңдайтын ештеңе қалмаған еді.
  -Қайыршы, ұйыққан төбеттей, мауқың басылғасын басыңды бері бұрыпсың.            -Ордалы ортаң мен уыздай ұйыған «сімияңды» тастағанда, тапқаның құтаймай қайтып келдің бе?,- кәрі жеңгесі саналатын Қалиса кемпірдің амандасқан түрі осы болды. Басқалары да бас салуға дайын тұрғандай, атырылып қарайды. Тек рулас ағасы Боранбайдың:
    -Жә, жабыла талайтындай жауың емес, өзіміздің Нәси емес пе? Жақыныңды жүндейтіндей, бастарыңа не күн туды. Азамат аман келді, үйіріне қосылды, Басылыңдар былай,- деген сөзі ғана баршасына тиым болды.  Тек кіре берісте, босағада тұрған Бәтидің жүзіне үңілген. Қарашығынан қас жауына қадалар қосауыз мылтықтай қап-қара ноқатты көріп, қаймығып қалды. Әшейінгі өкпе-наз емес, жебедей қадалатын жантүршігерлік жауыз көзқарас. Жалғанда «тастанды» атанған төмен етектінің кегінен қатты не бар! Кешірімі жоқ, қанқұйлы соғыстың алды осы болмағай!
  Ауылға келіп әр нәрсенің басын шалғанымен белсене кірісетін кәсіп көрінбей-ақ қойды. Жазда жеке шаруалардың құдығын аршу, күзде қыстақ жөндеу секілді қуаланды жұмыс жүйкесін жеп бітті. Сөйтіп жүріп белінің шойырылмасы ұстаған. Кейін кеселге ұласты. Айналып келгенде, пеш түбіне тығылып, Бәтидің басы бүтін қарауына көшіп тынды. Бұл кезде «қос қарғасы» желкілдеп жетіліп қалған. Қаладан қомақты қаржымен келген қарыста ұлына мотоцикл алып берген еді. Қызының да қолын қақпады. 
-    Қалаға барам, әке жолпұл, көйлек алам әке, көмектес. 
Әйтеуір, бір кездегі бет шыдатпас ұятын өзінше ақшамен жабуға жанталасқан. 
 Осылайша «шайтанкөліктің» жалына жармасқан жалғыз ұл бейбастақ,  күнде бір көйлек ауыстыратын қыз етегінен қағынған қарбаша боп шыға келді. Баласы арақ ішпесе тұра алмайтын ауру тапты. Биге барған сайын бір еліден қырқып етекті құртқан Гүлзейнеп ауылға танымал «жәләп» атанды. 
    Жарылғапбергеннің мотоциклін машина қағып кететін күні бұл үйде жатқан.  «Ащысуға» сылқия тойған жігіт қарсы келе жатқан «Камазды» байқамай қалса керек, тура астына кіріпті. Жалғыз ұлдың сүйегін емес, сүлдесін жер қойнына тапсырған отбасы күл сабап, қайғыдан күңіреніп қала берді. Баласының жүзін бергелі жатқанда Гүлзейнебі босанып қалды. Сол жылдары ауыл іргесіне жол түсетін боп, қызы сонда аспаздыққа тұрған. Өңкей жүген үзген бойдақтардың қайсысынан көрері жоқ, әйтеуір, аяғы ауырлаған қызы олжадан бала тауып тынды. Ақыры, ауылдастарының сөзінен қашты ма, болмаса, «ғашығы» қалаға шақырды ма, Гүлзейнеп те қарасын батырды Қолдарында қырқынан жаңа шыққан қызылшақа қыз бала қала барды. Бұл кезде Бәти мұнымен сөйлеспек тұрмақ, іргесін бөліп шыққан еді. Бір шаңырақтың астында тұрғанымен тілектері қабыспаған жанұяда береке-бірлік осымен тәмамдалған. 
     -Бошалап кетіп, бала-шағасын ұмытқан адамнан жөндем ұрпақ қайдан өрбісін. Барлығы байғұс Бәтиге ғана батады. Еркектің несі кетті, жасарын жасап келіп жатыр, шіреніп. Ұлдың қайғысы да, қыздың «қылығы» да айналып келгенде шешеге сын. Қайтсін, құдай аясын дейік. Кезінде қандай үй болатын. Қырда отырып-ақ, орталықтағы біздермен тәрбие таластырған, бұршақтай ұл, моншақтай қыз өсірген отбасы еді, амал не! - дейтін мүсіркеген абысын-ажын
   Ауылдастырының аузына қақпақ қоя алмай Бәти де қартайды. Ауру алмаған тірі күйік Нәси кірерге етсік таппай, сыбағалы өмірін өткізуде.
 ...Бұл кезде арамзадан туған қарбаша-жиен кезекті жігітпен көңіл қосып, жолшылардың жатаханасында «гулетіп» жатқан...