XX ғасырдың отызыншы жылдарында Қазақстан халқы өте ауыр қиыншылықтарды басынан кешіргені белгілі. Елімізде басқарудың әміршіл-әкімшіл жүйе қалыптасып, орныққан кезде асыра сілтеушіліктер көп болды. Саяси қуғын-сүргін басталған кезде ұлтының болашағы үшін еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жетілдіру жолында аянбай еңбек еткен, ұлтжанды, беделді азаматтар қудалауға ұшырады. Оларға «антисоветтік ұйымдардың мүшесі», «ұлтшыл», «террористермен байланысы бар», «шетел тыңшысы» және басқа деген жалған айыптар тағылып, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті тарапынан айыпталып, жазаға тартылды. Мұндай жазықсыз қудалаудан қарапайым халық та кенде қалған жоқ.

Қаншама ұрпақ ата анасынан айырылды, не болмаса, шет елдерде өмір сүруге мәжбүр болды. Кейбір сотталушылар мен жер аударылғандар тегінен айырылуға мәжбүр болды. Оған дәлел жазықсыз қудаланған жандардың ұрпақтарының естелік әңгімелері. «1930 жылдары атам Құлбаев Ерғали Құлбайұлы мен әжем Назира балалары Бектеубаев Қайыржан Ерғалиұлы сегіз жас шамасында, Бектеубаева Балжан Ерғалиқызы алты жас шамасында болған кезде атам Құлбаев Ерғали орта шаруа санатына ілініп, сол кездегі заң бойынша, үш жылға сотталып түрмеге жабылады. Ал, әжеміз Назира жеті жыл бас бостандығынан айырылып жер аударылған. Ерғали атаны түрмеге қамауға алып бара жатқанда түнде бір жерге келгенде қарауылдар тынығып алу мақсатында бір қыстауға түнеу үшін тоқтайды. Таңғы төрт - бес шамасында түзге шығуға рұқсат сұрайын деп сыртқы есікке шықса, екі күзетші ұйықтап жатыр екен. Бір - екі жөтеліп дыбыс берсе оянбаған. Содан есіктен шығып әрі қарай қашып, кетіп қалған. Ешбір құжаты жоқ, кез-келген жерде ұстап алатыны белгілі, сондықтан түнделетіп жаяулап жүріп, ол кезде Үйшік аталған қазіргі Атырау қаласында тұратын аталас ағайынының үйіне келеді. Аман - саулық сұрағаннан кейін бар жағдайды айтады, жағдай түсінікті болғаннан кейін сол ағайынымыз ойланып: "сені қазір шықсаң ұстап әкетеді, сен менің құжатымды ал" деп өзінің құжатын береді. Сол кезде ол атаның фамилиясы Бектеубаев болған. Содан кейін әлгі адам Құлбаев Ерғали емес, Бектеубаев Ерғали болып өмір сүрген. Әкеміз марқұм Қайыржанның айтуы бойынша: "атамызды орта шаруаға есептеп, мал - мүлкін тәркілеп, соттағанымен қоймай, мал бағатын екі төбет итке дейін атып кетті" деп отыратын. Жер аударылып орыс жеріне кетіп бара жатырған кездегі көрген азаптарын айтып әжеміз көзіне әлсін-әлсін жас алып отыратын дейтін. Ішерге су, жеуге тамақ таба алмаған кездері болған. Сонда да балаларын ауыртпай, аман-есен алып шыққан. Немересінің айтуы бойынша Башқұртстан жерінде болған. Ол жердің халқы жаз болса, дала кезіп жеміс теріп жейді екен. Бұлар да сол кәсіптің арқасында аман қалған. Жабайы жеміс-жидектер жеген, кейін ес түзегеннен кейін елін ойлап, елге қайту жағдайларын қарастырады. Сегіз-тоғыз жылдай орыс жерінде өмір сүреді. Жер аудару мерзімі өткеннен кейін Орынбор облысының Сары апан ауданына келіп, сол жерде өмір сүрген. 1950-1951 жылдары Қазақстанға келген» дейді немересі Қосай ағамыз. Тіпті аты да басқа болуы мүмкін. Сол кездегі адамдардың адамгершілігі мен қамқорлығының аса жоғары болғандығы арқасында, сол құжат арқылы бір адамды түрме қиыншылығынан құтқарып қалған. Үкіметтің озбырлыққа негізделген жарлықтарының зардабының айғағы фамилиялары Бектеубаев болып, өз аталарының есімдері аталмай қалды. Негізінен алғанда, Құлбаев немесе Ерғалиев болуы керек еді. Міне, саяси қуғын - сүргін зардабының ұрпақ жадына салған жарасы. Зобалаң жылдары қаншама отбасы ойрандалып, үйлерінен қуылғанын, түрмеге қамалып, жер аударылғандығын, көптеген адамдардың далада қаңғып қалғанын көрген, естіген адамдардың әңгімесін естудің өзі жаныңды түршіктірері анық, дегенмен, XX-ғасырдағы еліміз үшін қасіреті мол кезеңнің ақиқатын жарыққа шығару - ұрпақ алдындағы парызымыз деп есептейміз. Кеңес Одағының солақай саясаты мен сталиндік репрессия салдарынан отарланған ұлттың бас көтере алмай, басыбайлы құлындай болып, көзі ашық, саналы азаматтарымен қатар, қарапайым халықтың басым көпшілігі жазықсыз қуғынға ұшырап, түрмелерге қамалды, айдауға түсіп, елімізден тыс жерлерге жер аударылды. Тоталитарлық жүйенің қаншалықты қатал да қатігез саясатына қарамай, қазақ халқы тағдырдың тауқыметін жеңіп шықты. Ажал аузынан аман қалған халқымыз тәуелсіз еліміздің ертеңіне үмітпен қарап еңбек етуде.




