Белгілі жазушы, көсемсөзші, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы-ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Қойшыбайдың «Тәуелсіздік тамырлары» тарихи танымдық миниатюралардан құралған, жинағына енген ең үздік делінген зерттеулері, мақалалары, сұқбаттары шартты түрде 5 бөлімге жіктелген: «Ақбас тауарихтан», «Кеңестік кезеңнен», «Тәуелсіз дәуірден», «Тағдыр-тамшылар» және «Тағзым». Әрқайсысының көтерген жүгі ‒ зіл батпан.

Алғашқы бөлім тәуелсіз кезеңдегі Қазақ Ордасы дәуірінен бастап, отар замандағы күрестерден, монархия іргесін шайқалтуға зор үлесін қосқан Он алтыншы жылғы оқиғасынан, азаттық қозғалысының шарықтау шегі ‒ Алаш Ордасы құрылғанға дейінгі кезеңдерден кең-молынан хабар береді. Екінші бөлімде совет заманында ел тағдырында шешуші рөл атқарған билеуші партияның құрылымы түсіндіріліп, соның бастауымен орын алған қасіретті-қанқұйлы жайттар, тоталитарлық жүйенің көбесін сөгуге із салған Сексен алтыншы жылғы жастардың саяси көтерілісі жайында түсіндіріледі. Салмақты, сом жинақтың өзегі саналатын Тәуелсіздік дәуірінің кей сәттері жайында үшінші бөлімде жан-жақты жазылған, тарқата айтылған. Төртінші бөлімде өз жұртына бағытталған советтік террордың жүз шақты құрбаны таныстырылады. Ал, кітаптың қорытындысы, түйіні ретіндегі бесінші бөлімде ұлт тауарихындағы маңызды межелер мен кейбір тұғыры биік тұлғалардың қызметтері ойлы оқырман назарына ұсынылған-ды. Аталған кітап 2022 жылы «Дәуір» баспасынан жарық көрген.

612 беттен тұратын жинақтың айтары көп. Атын атап, түсін түстейтін дүниелер болады. Сол себепті, «Тәуелсіздік тамырларындағы» материалдарды оқырманға бір таныстырып өтудің еш әбестігі жоқ деп ойлаймыз. Есесіне, бұл ‒ «ішінде не қамтылған екен?» деген көкейдегі көп сауалға жауап болмақ. «Ақбас тауарихтан» [1] тарауында «Есім хан жөнінде», «Қарақұм құрылтайы», «Тұңғыш «Әліппеге» назар аударайық», «Жәдит мектептері», «1916 жылғы көтерілістің мемлекеттік думада қаралуы», «Түркістан автономиясы», т.б., «Кеңестік кезеңнен» [2] тарауында «Қазақ мемлекеттігінің жаңғыруы», «Қараноғай-Шала оқиғасы», «Совет Одағы Коммунистік партиясы (СОКП ‒ КОКП)», «Коммунистік Интернационал», «Аграрлық бағдарлама», «Саяси бюро», «Колхоз правосы», «Қазақстан туралы құжаттар», «Алапат ашаршылық», т.б., «Тәуелсіз дәуірден» [3] тарауында «Декларация», «Ұлыстың ұлы күні», «Халық жады мәңгілік», «Құқық пен құқ», «Алашордашылар және саяси қуғын-сүргін», «Жаппай репрессия», «Ескерткіш», т.б., «Тағдыр-тамшылар» [4] тарауында «Жүсіпбек Аймауытов», «Ахметсафа Юсупов», «Бақтыгерей Құлманов», «Темірғали Нұрекенов», «Қоңырқожа Қожықов», «Айдархан Тұрлыбаев», «Хамит Тоқтамышев», «Кәрім Жәленов», «Мырзағазы Есполов», «Сегізбай Айзұнов», «Жалау Мыңбаев», «Ұзақбай Құлымбетов», «Жанайдар Сәдуақасов», «Сұлтан Сегізбаев», «Хансұлтан Сүйінішәлин», «Шайхы Жантілеуов», «Сәлемхат Күленов», «Дәулетше Күсепқалиев», т.б., «Тағзым» [5] тарауында «Конституциялық реформа және тарихии әділетсіздік», «Тарихи 26 тамыз жайында», «Қызыл Қазақстан», «Ұлттық межелеу және Сұлтанбек», «Ұлы түркістандықтар», «Тұрар Рысқұловтың түркі тұтастығы үшін күресі», «Ахмет Байтұрсынов ‒ тіл туының тұғыры» секілді құнды дүниелер бар. Бәрін тізбектеп-тізбелеп шығу мақсат емес. Десек те, негізгілерін айтып өттік.

Автор аңдатпада былай деп жазады: «Басын ашып айтып алатын мәселе бар. Ол ‒ мынау. Біздің азаматтарымыздың көпшілігі ұлт мәселесіне байланысты кеңес заманында санаға сіңірілген тар ұғымнан әлі күнге дейін толық арылған жоқ. Ұлтшылдықты кертартпалыққа балайды. ...Ұлттық мүдделеріміздің ұтылған тұстары атойлап шығып жатты. Бірақ оларды егемендік көшіне кіруіміз бірден реттеп бере қоймады. Ұлт мәселесінің толыққанды шешілуіне қол жеткізу жолындағы күрес тәуелсіздік туымен жаңаша өрістеуге тиіс екенін өмірдің өзі көрсеіп отыр». Расында, деколонизация, десоветизация үрдісі жүріп жатқан тұста, мұндай ойды кейінгі ұрпақ ары қарата дамытып, өрістетіп әкетуі қажет. Сананы отарсыздандыру үшін ұлт өзінің тарихи тұлғаларын, тарихи оқиғаларын жақсы білгені жөн. «Тарихи жады» ұғымының ұңғыл-шұңғылы көп. Талапты жас оны түсіну үшін, бойға сіңіру үшін Бейбіт Қойшыбайдың «Тәуелсіздік тамырлары» сықылды кітаптарды көп оқығаны дұрыс деп санаймыз. Аталмыш еңбекке енген материалдар әр жылдары «Жас Алаш», «Алматы ақшамы», «Егемен Қазақсан», «Қазақ әдебиеті», «Ақиқат» секілді мерзімді басылымдарда, «Ақсақалдар.кz», «Абай.кz», «Серке.орг» порталдарында, сондай-ақ энциклопедиялық анықтамалықтарда, алуан-алуан ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалған, жарық көрген.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ғалым Бейбіт Қойшыбайдың тарихи танымның қалыптануына зор ықпал еткен тағы бір кітабы бар. Бұл ‒ «Замана перзенттері һәм заманауи пайымдар». Ол 2025 жылы Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан жарық көрген және мақалалар, сұқбаттардан бас құраған-ды. «Замана перзенттері һәм заманауи пайымдар» 3 бөлімнен тұрады. Алғашқы екі бөлімге танымал талант иелері: мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, әншілер, суретшілер, өзге де өршіл рухты азаматтар турасында автордың мөлдіреген мөлтек-мөлтек жазбалары кірген. Ал, үшінші бөлімде жарты ғасыр бедерінде күн тәртібіндегі өзекті, өткір мәселелерге мән берілген, көсемсөз сарынындағы сараптамалық мақалалары көрініс тапқан. Мұнымен қоса, осы тараудан қабырғалы қаламгердің «сөз өнерінің» табалдырығынан аттар кезінде қағазға түсірген өмірлік ұстанымдарына берік болғанын анық көре аламыз.
Қоғам дамуындағы түрлі өзгерістер кісі санасына, оның өмір сүру салтына, таным-түсінігіне қаншалықты әсер етсе де, ұлттың мәдени мұрасы, рухани құндылықтары сықылды Темірқазықтай дүниелер, бітімі ерек жандар болады. Б. Қойшыбайдың портреттік мақалалары академик Өмірзақ Сұлтанғазин, ақын Жұбан Молдағалиев, жазушы Әнуар Әлімжанов, профессор Әбдеш Қалмырзаев, қайраткер Санжар Жандосов, министр Төлеубек Әбдіқадыров, әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев, ұстаз, мәдениет қайраткері Алдаберген Сәрсенбаев, авиатор Әбу Смағұлұлы, әйгілі әнші Амангелді Сембин, мұражайшы Нәзира Жақауова, журналист Жұмабек Кенжалин, демограф Мақаш Тәтімов, диссидент Махмет Құлмағамбетов, фототілші Рахымбай Ханалы, Саяси Бюро мүшесі Дінмұхамед Қонаев, мүсінші Хамидула Бралиев, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев, жауынгер Талайбек Ылаев, алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбай, күрескер ақын Мұхтар Шаханов, халық емшісі Болат Жүнісов, т.с.с. тұлғаларға арналған. Осы дүниелерді оқып отырып автор адам жанының білгірі екенін аңғарасыз. Өйткені, әр азаматтың болмысы, еңбегі, халық алдындағы қызметі, жүріп өткен жолы терең сараланған. Сонымен қатар, қаламгердің «Үлкен Үштік бас қосса», «Қазіргі таңда бізге қандай әдебиет керек?», «Мағжан туралы», «Шындыққа жығылар жан бар ма?», «Ұлттық идея туралы», «Ашаршылық трагедиясы халықты біріктіреді», «Желтоқсанға саяси баға берілер ме екен», «Тіл мен тәуелсіздік ‒ айырылмас ұғым», «Ерсі наразылық», «Интеллигенцияның жастар тәрбиесіндегі рөлі», «Ұлы Абайдың 25-ші сөзі және біз», «Менің шығармашылықтағы құбылам», «28 қайраткердің хаты туралы», т.б. толғамдарында тоқсан түрлі түйін рет-ретімен, жөн-жөнімен тарқатылған. Кітап тілі жатық боп, ұғынықты, сауатты жазылғандықтан да тез, кідіріссіз әрі әсерлі оқылады.
Кенен Әзірбаев бүй дейді:
Атақты сексен, келдің бе,
Алайын деп сырымды.
Сезікті сексен, келдің бе,
Табайын деп мінімді.
Әсілі, қазақы дүниетанымға сәйкес, сексен дегеніңіз ‒ сеңгір, алып асу. Аллаға шүкір, биыл Бейбіт ағамыз аман-есен сексенге шықты, жүз жасасын! Өмір – құдырет-күші шексіз Құдай-тағаланың сыр-құпиясы мол, шеберлікпен, мінсіз жазылған ұлы сценарийі. Өмір – бұралаң-бұлтарысы көп, терезе бетіне қатқан қыраудағы сексен кристалл торынша үйлесіммен жаратылған ғажап жол, нәсіпті жол. Сол себептен бе екен, о жолда өрдің де, ылдидың да, ақтың да, қараның да, жақсының да, жаманның да болуы заңдылық. Бұл ретте, ағамызға адал көңілден, шын ниетпен деніне саулық, жан жары Балжан жеңешемізге, отбасына, тұтас әулетіне амандық, ісіне береке тілейміз!




