Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман НАҒИМОВ: «Бөкей ордасы қазақтарының XIX ғасырдағы зтнографиясы»

 Тарих және тағылым
Сіздердің назарларыңызға орыс этнографы Н. Ивановтың «Астраханский вестник» журналына 1889 жылы басылып шыққан «Этнографические очерки» атты материалынан үзіндіні  аударып, қажетті түсініктемелерімен бірге ұсынып отырмын. Себебі, бұдан 130-140 жыл бұрын өмір сүрген біздің тікелей ата-бабаларымыздың өмір сүру әдістері, икем дағдылары мен салт дәстүрлерінен қазіргі және болашақ ұрпақтың алатын тәрбиесі аз емес деп есептеймін.


                                                              Той
 

«Той» деген сөз орыс тіліне аударғанда қонақасы деген мағынаны білдіреді, және ол аса маңызды жағдайларда құдаларды күтіп алуға, үйлену тойын өткізуге, немесе аса мәртебелі қонақтарды құрметтеуге байланысты өткізіледі. Тойды аса ауқатты, яғни, қонақтарын біршама бай дастарханымен күтіп алуға шамасы жететін қазақтар ғана өткізе алады. Тойды өткізгісі келетін адам оған бірнеше күн бұрын дайындығын бастайды. Егер жаз болса қонақтарын күтетін  бірнеше киіз үйді керек-жарағымен   алдын-ала  дайындайды. Қыс болса, қыстауларға жақын жерге бірнеше киіз үйлерді құрғызады. Содан кейін маңызды мәселе тойға қандай және қанша мал сойылу қажеттілігі анықталады. Тойды өткізуші кім болмасын, егер ол бай адам болса, той қонақтарына молынан жететіндей жылқы етін дайындау жоспарланады. Той өткізушінің өзінде жеткілікті жылқылары болмаса, оларды көрші ауылдардан іздестіру басталады. Ең бастысы, тойға әрі жас, әрі семіз биені таңдайды. Оны іздеу мал союдың мәнісін білетін адамға тапсырылады. Қазақтардың бәрі де малды жақсы білсе де, мал союды жақсы білетін білгірлердің ішінен ең білгір адамға тапсырады. Өйткені, сойған малдарының еті қонақтардың көңілінен шықпаса, тойдың иесі әбден ұятқа қалады. Сойған малының еті арық болса немесе басқа бір кемшілік табылса, той бітпей-ақ оны жұрт масқаралап кетеді. Той өткізетін ауқатты адаммен көршілес ауылдарда тұратын қазақтар той қалай өтеді, онда бәйге болады ма, жоқ па деп анықтап бәрін сұрап алады. Семіз биені іздеушілер ақыры өздерінің мақсатына жетіп, малды ауылға алып келген кезде оны көруге жұрттың бәрі жиналады. Той болардың алдында ауылдың және көрші ауылдардың әйелдері жиналып, той жабдықтарын, киіз үйлер мен басқа қажетті құралдарды тапқаннан кейін, тойға арналған үйлерді қаз қатар қылып, бір ретке келтіріп  тіге бастайды. Содан кейін үйдің ішін той салтанатына лайықтап безендіру басталады. Той болатын басты ақ шаңқай үйдің туырлықтары мен басқұрлары, бауларын көру үшін көз керек болатындай етіп салтанатқа ұластырғаннан кейін үйдің ішінің сұлулығын теңдесі жоқ етіп дайындауға кіріседі. Атап айтқанда, он қанаттан он төрт қанатқа дейін жететін ақ орданың ішіне  көркемдігі көздің жауын алатындай терме алашалар мен текеметтер, сырмақтар төселгеннен кейін, өте әдемі дайындалған көрпелер мен көпшіктер орналастырылады. Той болардың алдындағы кеште қонақтар үшін ұсақ малдарды бұзаулар мен қойларды сою басталады. Мал сою - қазақтар үшін қасиетті шаралардың бірі. Мал союды тойға арналған биеден басталады. Соятын малды бірнеше жігіт арқанды пайдаланып жыққаннан кейін «биссмилла рахман рахим» деген дұғаны айтып союға кіріседі. Сойылып жатқан жылқының жаны шыққаннан кейін іске әйелдер жабылып, етті және ішек-қарынды жуып, тазалауға кіріседі. Малдарды сою мен еттерін мүшелеп бөлу, егер той иесі бай адам болса көп уақытты алуы мүкін, себебі сойылатын басты жылқыдан басқа бірнеше ұсақ малдарды да сойып үлгеру қажет болады. Мал союшы ер адамдардан басқа бұл іске ауылдың жастары мен ойын балалары да қатысады. Бұлардың жұмысы ұсақ малдардың терісін сыпыру, еттерін мүше-мүше етіп бөлу, және ет пен ішек-қарынды жуып тазалайтын әйелдерге  құман суларын жеткізіп тұру болып табылады. Олар ойын-күлкімен бұл іске жан тәндерімен араласып, ауылда болатын тойдың жақсы өтуіне өздерінің үлкен үлестерін қосады. Ауыл жастары мен балаларының тойға деген бұл дайындығы олардың бірге отырып, шай ішуімен және ас жеуімен аяқталады.
   Қазіргі заманның адамдары, біздер бұл көріністерден бұдан 130-140 жыл бұрынғы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігіндегі  еңбек бөлінісі мен еңбек тәрбиесінің жарқын мысалдарын көріп отырмыз. Осы тамаша сәттерді егжей текжейіне дейін суреттеген орыс этнографы Н. Ивановқа біздің рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Өкінішке орай, біз осы қасиеттердің бәрінен айырылып, асфальттың балаларына айналдық.
Той болатын күні таңертеңнен бастап, әйелдерге көп міндет жүктеледі. Шақырылған қонақтар бірден тамаққа отыру үшін ас мәзірінің бәрі дайын болуы тиіс. Сондықтан ауылда күн шыққанға дейін  қонақ күтуге байланысты қызу жұмыс басталып кетеді. Әйелдердің біреуі бауырсақ дайындауға қажетті қамырмен, екіншісі қазан жуумен, үшіншісі ет жуумен айналысып жатады. Әдетте, қонақасы барлық қонақтардың бәрі келгеннен кейін басталуы тиіс. Бірақ ауылдары әртүрлі қашықтықтарда орналасуына байланысты, олар ертелі-кеш той өтетін ауылға келіп жатады. Сондықтан, той өткізетін адамның тарапынан осындай жағдайлар ескеріліп, кімнің, қашан келгеніне қарамастан мәртебелі меймандарды үйдің иесі мен оның үлкен ұлы құрақ ұшып күтіп алып, киіз үйлерге орналастырады. Егер қонақтар таңертең келсе, онда оларға шәй дастарханы жайылады. Қазақтардың көпшілігінде, самаурын көмірмен қайнатылмайды. Олар үлкен қазанға суды құйып, астына тезек жағып, оны бұрқылдағанша қайнатады да, қайнаған суды самаурынға құяды да, басқа ыдысты, шәйнекті отқа қойып шәйін солай шығарып алып, қонақтардың шәй ішетін ыдыстарына құйып таратады. Киіз үйдің есігі сықырлауыққа қарсы төрге ең құрметті қонақтар жайғасып, қалғандары олардың екі жағына ыңғайына қарай отырады. Ортаға матадан істелген дастархан жайылып, оның үстіне түрлі түрлі-табиғи мал өнімдерінен дайындалған тағамдар қойылады. 
Орыс журналисі Иванов қазақтардың шәй ішуін одан әрі былай суреттейді: Шәйнектегі шәйдің сапасы мен түсі бұзылмау үшін арнаулы ыдысқа шоқ салып алып келіп, сол жерден қайта-қайта ысытып отырады. Бұдан жүз қырық жыл бұрын тағы да сол Ивановтың суреттеуінше, қазақтардың ішкен шәйі сол жердің шөптерінен жасалған шәй болып шықты. Одан әрі үй иесінің қайта-қайта сұрауымен қонақтар шәй ішуін жалғастырып, әбден қаратер болғанша ішеді. Тер қонақтардың үстінен шелектеп ақса да, олар шәй ішуін тоқтатпай, әрі қарай жалғастыра береді. Бұл олардың пікірінше үй иесіне деген қошеметін білдірсе керек. Яғни, шәйдің тәттілігі сондай, оны тоқтамай іше бергім келеді дегенге меңзейді. Қызығы, олар өз ыдыстарын ұсынуын тоқтатпай, яғни, біреуін босатқаннан кейін іле-шала екіншісін, одан кейін үшіншісін беріп, қашан әдден мелдегіне келіп, шаруалары біткенше іше береді!  Әбден шаруалары бітіп,  қара тер болып, әрі қарай ешқандай мүмкіндіктері болмаған жағдайда ғана ( оның ар жағы не болатыны түсінікті) олар бір-бірлеп тостағандарын төңкеріп, оның үстіне секердің қалдығын қойып үлгереді де, «болдым», «Алла разы болсын» деп, міндетті түрде кемінде үш рет кекіреді. Сол арқылы қонақ үй иесіне деген өзінің ризашылығын жеткізеді. Шәй ішіп жатқан кезде қазанда ет қайнап, бабына келген кезде үш сағатқа созылған шәйдан кейін етті де қонақтарға алып келеді. Шәй дастарханының орнына әбден май-май болып майланған еттің дастарханы жайылып, оның үстіне қонақтарға арналған сүйектер мен тұтас ет бөлшектері тартылады. Ортаға орасан зор ағаш табаққа салынған етті жас жігіттер турауға кірісіп, әп-сәтте туралған етпен малдың мүшелерін қонақтардың жасына, беделі және лауазым ерекшеліктеріне қарай бөліп, оларды шағын шағын ағаш ыдыстарға салып, екі-үш адамға бір-бірден  үлестіріп береді. Етті жеу кезінде әртүрлі тақырыптарға  құрылған  әңгімелерді  естуге болады. 
     Одан бөлек  әбден разы болған үй иесінің қонақтарына кезекпен ет асату деп аталатын рәсімі жүзеге асырылып, жұрттың зәре-құтын қалдырмайды. Бұл жерде Иванов өзі туралы жазып отырса керек. Қазақтарға ет асатудың майдай жағатынын қайдан білсін, ол пәтшағар!
Үй иесі қонақтарын риза қылу үшін өзінің қолынан келген барлық жақсылығын жасауға тырысып, солардың ішінде Бөкей Ордасы қазақтарының арасында кең тараған «ет асатуға» құлшына кірісіп, оны жүзеге асырған. Ол өзінің оң қол алақанына толтырып тұрып етті майымен бірге қонақтарының арасындағы ең құрметтілеріне кезекпен аузына асатып жіберетін болған. Етті асаушы бейшара қонақ екі көзі алайып, үй иесінің алып алақанындағы етті майымен бірге қақалып-шашалып асап жіберетін болған. Бұл ол адамдар үшін біршама сын болған,  себебі, алақандағы етті бірден асай алмай дастарханның үстіне түсіріп алса, ол кісі сол жердегі көпшіліктің мазағына айналған.
 Астан кейін қонақтарға ағаш аяқтарға құйып сорпа ұсынылған. Сорпадан кейін қазақтың өте дәмді тағамы қуырдақ ұсынылған. Қуырдақты көбіне ұсақ малдардың ішкі құрылысындағы өкпе бауыр, жүрек, шек қарын майды ұсақтап турап дайындағаннан кейін оны қазандағы малдың майына салып қуырған. Содан кейін майлы дастарханның орнына таза дастархан төсеп ортаға өте үлкен самар атты ыдысқа құйылған қымыз әкелініп, тостағандарға қайта-қайта  құйылып таратылады. Қазақтар үшін қымыз ішудің  тек өзіне ғана тән сән салтанаты бар. Қонақтардың  қымыз ішуі үш сағатқа дейін созылған. Алдында ет пен шәйға, қуырдаққа сылқия тойған қонақтардың ішкен-жегендері енді буындарына түсіп, төселген мамық төсек пен жастықтың үстіне әрі-бері домалап, үстеріндегі киімдерінің босататын жерлерін босатып, шешетін жерлерін шешіп, кекіріп, бақырып, неше түрлі күйді бастарынан кешеді.  Қонағасыға шақырылған әйелдер ер адамдардан бөлек киіз үйге орналасып, оларға да еркек қонақтарға көрсетілген құрметпен бірдей құрмет көрсетіледі. Әйелдердің ортасына өздеріне деген сенімдері бар сайқымазақ жігіттер кіріп алып, жас құрбыларына неше түрлі әзіл-оспақтың түрлерін көрсетіп, ол аздай ойын көтеретіндеріне ойларына келгендерін айтады, тіпті қыза қыза келе алысып-жұлысуға дейін барады. Бұл жерде айтылуға тиісті бір жайт: қазақ әйелдері өздерін өмірдің барлық кезеңдерінде өте еркін ұстайды, яғни, ортаға келген жігіттер не айтса, олардың ешбір сөзі мен әзілін  «сыйға сый, сыраға бал» дегендей  жауапсыз қалдырмайды.
Көбіне жігіттермен бірге ойындарды, әзіл қалжыңдарды әккі әйелдердің  өздері бастайды. Егер жігіттердің арасынан тым батылдары өздерінің ойындарында тым қаттырақ кетіп қалса, әйелдердің бес-алтауы жабылып, жаңағы жігітке тұтқиылдан шабуыл жасап, оны жерге алып ұрып, бейшараны аяғына дейін шешіндіріп, қонақтықта отырған барлық әйелдерге мазақ қылып, есін тандырады. Немесе, жалаңаш жігіттің басын әйелдердің жаулығымен орап тастайды. Осы іс-әрекеттердің бәрі қыран-топан күлкімен аяқталады.
 Орыс этнографы Н. Ивановтың бұл суреттемесіне біздің қосарымыз: қазақ халқы - ежелден өте ақжарқын, әрі әзілқой халық. Қазақтардың арасында бір бірімен жақсы ойнап күліп, әзілдесетін және бір бірімен қалай әзілдессе де мүлде ренжімейтін ағайындықтың түрлері бар. Олар балдыздар мен жезделер, қайнылар мен жеңгелер, жиендер мен нағашылар және құрдастар. Тіпті, ағайын туыстар мен көрші көлемдер де бір бірімен жарасымды әзілдерді пайдаланған. Әйтпесе, «әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз қайдан шыққан?  Ал, Ивановтың қонақтық кезіндегі жігіттердің жас әйелдермен алысып-жұлысуы жеңгелері мен қайныларының арасында болған деп топшылауға болады. Осы жерге тағы да жеңге мен қайнының  үйлесімді әзілдері  туралы бірнеше  мәтелдер  сұранып-ақ тұр! Бірақ оларды ауыз екі қолданыста болғандықтан, көпшілік назарынан тыс қалдырдық.  Өкінішке орай, қазақ халқының арасындағы осындай үйлесімді ойындары мен жарасымды әзіл оспақтары ұмытылып барады. 
                       Тойда болатын жарыстар мен ойындар 
Бай тойдың ең басты қызығы -  атжарыс. Әдетте бай қонақасыға  көп халық, жүздеген қазақтар жиналады. Жиналған халықтың басым көпшілігін  жарыс десе ішкен асын жерге қоятын жастар, жігіттер құрайды. Атшабыс жұрт әбден асқа тойып, демалғаннан кейін, қызыққа көңілдері ауған кезде ұйымдастырылады. Той иесі әдетте атшабыс жеңімпаздарына өзінің сыйлығын дайындайды.  Сыйлықтар негізінен жылқылардан, сиырлардан, қойлардан, киіз бен ертоқымнан тұрады. Сыйлыққа еш уақытта ақша тігілмейді, көп ақша байда болмайды, оның бар байлығы малымен өлшенеді. Атшабыстың ұзындығы кемінде сегіз шақырымды құрайды, себебі қазақтар бәйгі аттарының бара-бара шапқан сайын шабысын үдете түсетінін біледі. Үй иесінің киіз үйіне жақын жерге басына жалау ілінген үлкен сырық орнатылады да, ол атжарыстың басты пунктінің ролін атқарады. Атжарысты ұйымдастырушылар келесі межеге дейінгі қажетті сегіз шақырымды есептеп шығаруға кіріседі. Шақырымдар былай есептеліп шығарылады: атқа мінген қазақтардың біреуі сырық тұрған жерден келесі межеге қарай қатты жүріспен немесе желіспен қозғалады. Сол кезде жалаудың қасында қалған адам айқайлап жібереді. Егер оның айқайы атпен желіп бара жатқан адамға естілсе, ол сырықтан бір шақырым жерде  тұр деп есептеледі. Содан кейін, сырықтың қасында тұрған адам бір шақырым жерде тұрған адамның орнына барып тұрып, одан әрі тап осы әдіспен сегіз шақырым қашықтық анықталғанша өзінің әрекетін жалғастыра береді. 
Атшабысқа қазақтардың  ынтасы өте жоғары болғандықтан, той иесі байдың өзінің ауылынан басқа көрші ауылдардан да халық бәйгені тамашалау үшін тайлы-тұяғы қалмай, оны көруге жиналады. Бәйге сол сегізінші шақырымның аяқталған жеріндегі қойылған белгіден басталып, той иесінің ақ ордасының жанында тігілген жалауға дейін жүргізіледі. Бәйгені ұйымдастырушылар атшабысқа қатысатын барлық үміткерлерді жинап алып, оның тәртібін түсіндіріп болғаннан кейін атшабыс басталады. Атшабысқа 10-14 жастағы балалар қатысады. Үстеріне жеңіл киім киіп алып, тас түйін дайындалған балалар өздерінің алдын ала жаратқан аттарына қарғып мініп алып, бәйгенің басшысының жалаушаны сілтеп қалуы мұң екен, бәйгенің төріне қарай құйғытып шаба жөнеледі. Қазақтың атшабысы - барып тұрған өнер, ал атқа шабатын балалар сол өнерді ананың ақ сүтімен бес алты жастан үйренгендер. Сондықтан олар атшабыс кезінде өздерінің мінген аттарының басын қай уақытта еркін жіберу керенктігін, қай уақытта оны тез шаршап қалмау үшін тежеп отыру керек екендігін жақсы білгендіктен бұл ат шабыста, ең жақсы жаратылған, ең шебер шабандоз баланың аты бәйгеге бірінші болып келіп өзіне тиесілі сыйлыққа ие болады. Ал, той иесі болса, қалайда бәйгені тамашалауға келген көпшіліктің көңілінен шығуға тырысып, өзінің байлығын аямай сыйлыққа ең жақсы жылқыны, ең семіз сиыр малын, ең әдемі текеметті, ең жақсы ат әбзелдерін тарту етеді. 
  Қазақ арасында көп болған, мың болғыр Н. Ивановтың қырағы назарынан Қазақстанның өзге өңірлерінде кездеспейтін ат ойындары тыс қалмапты. Солардың бірі жігіттер мен қыздардың атпен  жарысы. Бұл былай қарағанда бүкіл қазақ арасына кең тараған «қыз қуу»  ат ойынына ұқсайды. Бірақ көптеген ерекшеліктері бар. Қазақстанның өзге өңірлерінде «Қыз қуу» ойынынына тек екі жас қатысады (Қазақфильмнің «Шабандоз қыз» фильмін қараңыз). А,л Иванов көрген Бөкейліктерде бес-алты қыз аттарымен шауып келіп, бес-алты жігітті өздерінің қамшыларымен ұрып-ұрып жіберіп, ашық далаға қарай қашады да, жігіттер олардың арттарынан қуып жетіп, қыздардың денесіне немесе аттарының шаужайына қолдарын тигізсе, кезектері ауысатын болған. Орыс этнографы қазақ қыздарының атқа отыруына, жігіттерден еш қалыспай ат ойындарын шебер меңгергендеріне, ең бастысы, олардың алабөтен сұлулықтарына тәнті болғанын жазыпты. Өзімнің қосарым: табиғат анамен біте қайнасып, кең далада сәби кезінен аттың құлағында ойнап өсіп,  өздерінің ата-аналарының оң жағында емін-еркін тәрбиеленген біздің аруларымыз кім-кімнің де көздерінің жауын алған ғой.  
 Бұл ат ойыны белгілі бір уақыт өткесін жастардың келісімімен тағы бір ат ойынына жалғасып кететін болған.
 Ол - ойын-тартыс.   Бұл ат ойынының мәнін ат үстіндегі күрес деуге болады. Атпен шауып келе жатқан жігіттер мен қыздар бір біріне жармасып, аттан жерге түсіруге тырысады. Бұл ойында үлкен ептілік пен қайрат керек. Себебі, қарсылас жақтың ойыншысы аттың үстінен бар күшімен, бүкіл амал-айласымен ердің үстіндегі ойыншы жерге түсіруге тырысады. Тартыс ойынында қыздар жігіттерден қалыспай сайысқа түседі, кейбір жағдайларда олар жігіттерді аттарынан түсіріп кетіп жатады. Соған қарағанда Бөкейлік жастардың арасында осы аталған екі ойын да көптен ойналып келеді-ау деген ойға қаласың.  Бұл екі ойынға қатынасқан жастардың бәрі де үй иесінің тарапынан сый-сияпатпен мадақталады. Бұл айтылған ойындардан бөлек, жастардың күресі, таяқшалармен тартысу т.с.с. ойын түрлері жалғаса береді.
   Қазақтың тойы ол кезде бірнеше күнге созылған. Сондықтан ауыл жастары кешке қарай, сосын қараңғы түскесін киіз үйдің ішінде көптеген ойын түрлерін ойнаған. Ол туралы өзіміздің этнографиялық зерттеулерімізден үзінділер келтіреміз.
Сақина тастау.  Жігіттер мен қыздар киіз үйдің дөңгелене отырады, отырған ойыншылардың арасынан қырынан бір кісі өтетіндей бос орын болуы керек. Ойын жүргізуші ортаға шығып, алақанын қапсыра, колын созып отырған ойыншыларға сақинаны тастай бастайды.
Сақинаны кімге тастайтыны оның еркінде, әйтеуір, кімнін алақанына салып жібергенін білдірмеуі керек. Сақинаны алған ойыншы білдірмеуге тырысады. Сөйтіп, ортадағы отырғандардың  бәріне тастап шығады. Сақинаны тастап болған соң қайтадан ортаға келіп, «сақинамды бер» деп дауыстайды. Осы сәтте сақинаны алған ойыншы «менде» деп орнынан тұруы керек. Ал, әрбір ойыншының міндеті өзінің оң жағындағы көршісі үшін жауап береді. Сондықтан, сақина кімде екенін ешкім білмесе, ойыншылар бірін-бірі ұстап тұрғызбауға тырысады. Егер сақинаны алған ойыншы орнынан тұрып кетсе, жазаны сол жағындағы ойыншы тартады, ол тұра алмай қалса, сөз жоқ, жазаны өзі тартады. Оның жазасы - көпшіліктің ұйғаруымен өлең айту, би билеу, домбыра тарту, әйтеуір, өнер көрсету. Жазаланушылар көпшіліктің ұйғаруына қарсыласып, ән сала білмеймін, тақпақ айта алмаймын деп айтуына болмайды.
Алтыбақан.  Бұл - жастардың кешкілік бас қосып, ән айтып, домбыра партып, қыздар, жігіттер болып айтысып, бір-бірімен әзілдесіп, көңіл көтеретін ойын-сауығы. Қазір де үлкен тойларда алтыбақан құрылады. Алтыбақанды кұру мынандай тәсілмен жүзеге асырылады: алтыбақанды сырықтың екі басын үш-үштен қосактайды да мосы тәрізді етіп байлап тастайды. Бақанның аша тармағы сырыққа кигізіліп тұруға тиісті. Алтыбақанды құрастырып болғаннан соң оның екі басына үш қатар арқан байланады. 
  Орамал тастау. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын соншалықты қызық болады. Ойнаушылар екі топқа тең бөлінеді де, арасы он адымдай белгіленген екі сызықтың бойына қарама-қарсы қатарға тұрады. Жүргізуші қолындағы орамалын бірінші топтың өз жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол өзінің қарсыласының біреуіне тастайды да «Қа» деп дауыстайды, ол қағып алып «ғаз» дейді, болмаса «ла» , сонда «қағаз», «қала», т.б. сөздер шығады. Айтылған сөз екі буыннан ғана тұруы керек.
        Орамалды қағып алған ойыншы сол бірінші буынның сөзі шығатындай екінші буынын уақытында тауып айта алмай қалса, ортаға шығып өнер көрсетеді. Енді орамалды қарсыластар тобына лақтырады. Лақтырған кезде жаңағыдай сөздердің бірінші буынын айтуы керек. Осылайша, екі топтың ойыншылары орамалды - біріне лақтырып, ойынды жалғастыра береді.
Көрші ойыны. «Көршіңмен қассың ба, доссың ба?» ойыны - өткен ғасырдан жеткен жастадың ойыны. Бұл ойын бойынша қыздар мен жігіттер аралас отырады. Әрбір жұп бір көрші болып есептелінеді. Ойынды бастаушы: Көршіңмен қассың ба, доссың ба? - деп сұрайды. Егер сұраған адамнан «доспыз» деген жауап естісе: «Ендеше, достығыңды көрсет» дейді. Сонда әлгі адам көршісінің шашынан сипап немесе сүюі керек.
Егер «қаспын» деген жауап алса, ойынды жүргізуші: «Ендеше, кіммен дос боласың?» деп сұрайды. Сонда ол біреудің есімін айтады. Сонан соң ойын бастаушы сұралған адамның сыңарынан: «Көршіңді бересің бе, бермейсің бе?» деп сұрайды. Егер: «бермеймін» десе, ол сұраған адамның шартын орындауға тиіс.
Шарт өлең айту, билеу, жұмбақ шешу, әйтпесе бір «жаза» болуы тиіс.
Той өткен бірнеше күндерде ойын жасындағы кішкентай балалар да өздерінің сүйікті ойындарын ойнайды.