Бүгін маған хабар жетті,
Самай шаштың бір талы.
Ағарыпты нұр тамып.
Маңдайыма тағы да бір хат жазған,
Жалған дейтін сұр тамұқ.
Иір-иір,
Сол жазудан сездім мен,
Уақыт жайлы айта алмайды Сөз мүлдем.
Өмірді өлшеп біз сағатқа қараймыз,
Ал Өмір ше,
Мезі біздің мезгілден.
Ол өзінше санайды бұл тірлікті,
Әзір шашың қара ормандай мүлгіп тұр.
Әр талына ертең уақыт сариды,
Соның зәрлі иісіндей шындық бұл!
Маңдайдағы ордалы әжім баттиып,
Көшкен құмдай құж-құж болып қапты ұйып.
Біз жыландай ылаң болдық өмірге,
Өмір сосын шығарады,
Басымызға ақ құйып…
Бүгін маған хабар жетті...
*
Қара түнекке жарық түскендей, ой жетер жерің ап-анық,
Қайыршыдай бір қылқанға қалмасақ екен қақалып.
Белгісіздіктен қорқамын деймін, ал өзім,
Жүремін ылғи, белгісіз мұңға маталып.
От басқан мынау отандастарымдай белгісіздіктен қорқамын,
Жаныма жайлы қара суым мен сүр дәмі шіркін сорпаның.
Мен белгісіздіктен қорқамын деймін, елімді,
Белгісіз бағытқа бастап барады,
Өлеусіреткендер қол шамын.
Мен кейде әуес құлындай белгісіздікті кеп түртемін,
Ол жақта дірілдеп тұрған секілді болады білте мұң.
Бала күнімде үйдің қараңғы бұрышынан қорыққаным секілді,
Қап-қара орамалға бүркенген Қазақстанымнан үркемін.
Айдың қараңғы жағы секілді белгісіздік айналам,
Менің кескініммен белгісіз біреу қарап тұрады айнадан.
Белгісіздіктен қорқамын деймін, ал маған,
Ниеті белгісіз періштенің,
Ұлтын сатқан сайқалдың сақалында ойнаған.
Жапырақтардың тағдыры мәлім жапқан соң тоң боп жерді сыз,
Адамның ойы тұңғиық әлем ғаламға тағы бергісіз.
Жаңа Ай туғандай Жаңа Қазақстанға жар айтып тұрмыз бәріміз,
Белгісіздіктен қорқамын деймін, Ескі Қазақстанымның –
Обалы кімде,
Белгісіз!
*
Тау қақ айрылды, ішінен қарға шықты,
Ерте, ерте, ертеде жар басыпты,
Қабылға Әбілді жерлеуді үйрету үшін –
Өлтірілген,
Адамзат алжасқан соң тірілген –
Қарға шықты,
Алғашқы құрбан,
Қанаты қырқылып,
Тұмсығы мұқалып зорға шықты.
Иттің сүйек,
Мысықтың тезек көмгеніндей әйтеуір бір қылмыс ашылды,
О, алғашқы құрбан, сен қалай тауып келдің күнәға толы ғасырды.
Сені көміп, күнәні жасыруды үйрендік,
Менің қарғадай қап-қара ойларым қашан жарып шығар екен басымды.
Тау қақ айрылды, күнәміз шықты ішінен,
Түннің түнегі байқалады түсінен.
Осы кезде әр кеудені қақ жарып бір-бір қарға ұшып шыға ма деп едім,
Біз кеуделерімізді қапсыра құшып,
Күнәмізді жасырдық дұға оқыған боп ішінен.
Біздің кеудемізге жасырған қылмыс ешқашан ашылмайды…
*
Ұлумен шайқас
Шұрық тесік легенді төңкергендей түн жапты,
Қаламыма қол создым, қалың ойға құндақты.
Шертпе күйдей шекемнің тамырыммен хат жазам,
Сен жүрекпен оқышы тек,
ҚЫМБАТТЫМ!
Қарсы алдымда том-том ой, қоздап қана қопсыған,
Көсеп қалсаң көңілден алаулаған от шығар.
Өзегімде мың жылдық сағыныш бар, соны айтам,
Содан кейін басқаны айтуда мән жоқ шығар...
Әр сөзден соң көп нүкте қойып жатыр зілдей мұң,
Сұрақ белгі жоқ мұнда, жауабын да білмеймін.
Қаншама хат жазылды, қаншама хат тағы да –
Етегіне от тиіп, пеш ішінде гүлдейді...
Көлеңкемді сүйретіп, желкелеп жүр аспа шам,
Ардай әппақ ақ қағаз, кешір мені ластасам.
Сегіз көзді өрмекші кейпіне еніп әлдекім,
Қоса оқитын секілді, қайта жаза бастасам.
Түн жапқанда әлемді, хат жазамын күнде мен,
Шыққан сопы секілді, жаным балқып шілдеден.
Ұлуменен шайқаста, ұлы ойлардан жеңілдім,
Өлген сарбаз кейпінде, менен қалған күллі өлең.
*
Күз келгенде адамдар түс көргіш-ақ,
Жаз енеді, жайнаған үстел құсап.
Шағала жүр шарқ ұрып,
Қос қанаты —
Қарс айрылып шағылған пісте құсап.
Алыс қалған көктем не, иектегі,
Жаз да кетті қу күзге сүйеп мені.
Түнгі аспан да бір ауыр күрсінеді,
Жұлдыздардың сықырлап сүйектері.
Қарлығашқа “қош” деген қанатымен,
Қарағаштар “қош” дейді қара түмен.
Күз дегенің ғашықтың сағынышы,
Шешіндірген аруды ар атымен.
Күзгі бұлттай бұлыңғыр көңіл бізде,
Күз өмірге ұқсай ма, өмір күзге.
“Көргенсіз” деп қарт қайың шырт етеді,
Етегін жел көтерген келін күзге.
Жаз өтті ме, апырай, күз келді ме?
Уақыт деген ақ құйрық үзген жүген.
Көшедегі қайыршы қарағаш-тал,
Дәметіп қарайтындай бізден шүлен.
Күз келгенде кеткен құс түске енеді,
Туған жерден бір тал шөп тістегені.
Құс соңынан қол бұлғап бір ақын тұр,
Ішкені де белгісіз, ішпегені.
*
Шам дірілдеп тұр,
Етегінде көлеңкелер көлбеңдеп,
Жындар әлемі секілденіп жер мен көк,
Сенің мені тастап кететініңді айтты,
Сенгем жоқ!
Түнгі аспанға жұлдыз шашып бал аштым,
Тағдыр жолы тамырындай ағаштың.
Барлық тарам саған апарады деп еді,
Адастым.
Сүрініп кетсем,
Сендік ойдың көлеңкесінен ұстандым,
Ізіңді сипап, сағынышымен құстардың.
Сені танитын әулиеге қол берем деп,
Қолын сүйдім мыстанның.
Шам дірілдеп тұр…
Көлеңкесі қабырғаға батпырауық ұшырып,
Ақыл айтып отыр маған арамза бір мүшірік.
Сенің мені ұмытқаныңды түсінбеймін,
Түсініп…
*
Жыл жабар өлең
Менің Мемлекетім —
Түбіне жарығы түспейтін шырақ секілді,
Өзінің ішіне аққан бұлақ секілді.
Іші бітеу, керең болған құлақ секілді,
Жауабын Құдай ғана білетін сұрақ секілді.
Менің Мемлекетім —
Мұхиттағы мұнарлы арал секілді,
Ішін құр сабанмен кеулеп қойған қанар секілді,
Түк көрмейтін, шел басқан жанар секілді,
Қайыршысы мен кезбесі көп қамал секілді.
Мен сонда да —
Теңіз суының тұзға айналып үгілгені секілді,
Пайғамбарлардың сәждеде бүгілгені секілді,
Әулиелердің өз ішіне үңілгені секілді,
Баланың анаға жүгіргені секілді,
Осы Мемлекетімді сүйем!
31.12.2025 ж
Күнді ешкім ынтығып қарсы алмайды десе,
Сене бер,
Бұлбұл құстар бұлқынып ән салмайды десе,
Сене бер,
Көктен енді бұлт келіп, нәр тамбайды десе,
Сене бер,
Тек қана сенбе сүйіктім, сүймейді десе,
Сені егер.
Биік таулар күл болып, шөкті десе,
Сене бер,
Теңіз біткен тартылып, кепті десе,
Сене бер.
Шөл біткенді гүл басып кетті десе,
Сене бер,
Тек қана сенбе сүйіктім, сағынбайды десе
Сені егер.
Құстар енді қыраулап, ұшпайды десе,
Сене бер,
Арқаға енді қыс түсіп, қыспайды десе,
Сене бер.
Адам біткенді құл қылып, ұстайды десе,
Сене бер,
Тек қана сенбе сүйіктім, ойламайды десе
Сені егер.
29.04.2025 ж
О, ғалым құмырсқалар,
Сендердің мұрттарың көктен ой аулайды,
Біздің басымызда Жер айналып, Ай аунайды.
Сендер билер құсап кеңесесіңдер,
Біз білгішсінгеніміз дауыстағы бояу жайлы.
Сендердің ғылымдарың,
Ата-бабаларыңның жан сөлі,
Біздің ғылымның соңы қанша өлім!
Сендер илеулеріңді ұлы шаһар еттіңдер,
Біздің шаһар — қамау, тонау, қан сору.
Сендердің ата заңдарың – Құдайдың пәрмені,
Біздің заң — зертхана дәптері, түзеткен әрнені.
Сендерде құмырсқа жоқ зәндемі,
Біздерде қылмыскерлерге дейін сәлделі…
О, ғалым құмырсқалар,
Сендер салқам бастарыңды ешкімге имедің,
Біздің бас тегершігі патша міңген күйменің.
Сендерде ханша бар — қарапайым ғана илеуі,
Біздерде патшалар — құндыз ішік кигені.
О, ғалым құмырсқалар,
Сілекейіне дейін сілтілі,
Біздің ғалымдардың ұйысып қалған кірпігі.
Біздің елде елім десең сорлысың,
Біздің елде елді жесең —
Мемлекеттік қызметтің бір түрі.
Киіз үйіміз бар еді, илеуіңнен аумайтын,
Мұртты билер бар еді, аспаннан ой аулайтын.
Саған қалған секілді, соның бәрі мұра боп,
Ештеңем де қалған жоқ, дүниеден даулайтын.
*
Жел көтерген жапырақ, тереземе кеп қонды,
Қолыма ұстап күрсініп, есіме алдым өткенді.
Сен жасыл ең жапырақ, мен де онда жас едім,
Бүкіл өмір біз үшін гүл аңқыған көктем-ді.
Аздап жаңбыр себездеп, аздап жел бар шайқаған,
Сол көктемге ынтызар болып жүрміз қайтадан.
Өмір тұнған ғажайып секілденіп көрінген,
Өмір тұнған сағыныш, оны кім бар байқаған?
Жігіттік те бір дәурен, махаббатқа мастанған,
Тәтті жері сол деймін, өмір дейтін дастаннан.
Көктемімді сағынам, сен секілді жапырақ,
Көктем сұлу көз сынды, кірпігінен жас тамған.
Таусылмайды бұл сезім, табанда жер тұрғанша,
Көктем сүю секілді, өз лайы бар былғанса.
Күз дегенің сағыныш, тұманы бар, мұңы бар,
Сағынуды қойған соң, сұрланады сұрланса.
Шайыр көңіл шалқыса, қайдағыны айтады-ау,
Күз дегенің еске алу, көктемгі ойды қайталау.
Жұбайыңның исінен, қыз күнімен кездесу,
Алғаш қолын қысқаның, алғаш сүю, пай-пай-ау.
Құшақтасып Ай асты, алғаш бетін өпкенің,
Өкпелеуі алғашқы, ыршып түсіп көкте мұң.
Табысуың қайтадан, өз дертіңе өртену,
Күз келгенде махаббат еске алады көктемін…
Жел көтерген жапырақ, өткен күннің хатындай,
Хат соңына жазылған аяулыңның атындай.
Сен жасыл ең ол кезде, мен де өрімдей жас едім,
Сағыныш бар көңілде, күз келді ме, апырмай.




